Құлбек Ергөбек. Біз әдебиетке кітап әлемінен келдік

ӘДЕБИЕТ
1852

Биыл түркі әлеміне танымал тұлға, қарымды қаламгер, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек 70 жасқа толды. Осы орайда қазақ әдебиетіне «Арыстар мен ағыстар», «Түркістан жинағы», «Өлеңсөз», «Қарасөз», «Сарасөз», «Дарасөз», «Баянсөз» сынды сүбелі еңбектер сыйлаған автордан сұхбат алған болатынбыз.

– Құлбек аға, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «мені тұлғалар өсірді» деген екен. Ал сізді кім өсірді?

– Алты жасымда әкем қайтыс болып, бірыңғай ананың тәрбиесін көрген адаммын. Бірінші тәрбиешім анам болды. Анам молданың қызы, молданың қарындасы еді. Ол бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Өзім қойшының баласымын. Әкеміз де буынымыз қатпай жатып, бала кезден малға жұмсап үйреткен. Қозы айыру, сақпанға бару тағы тағылары толып жатыр. Аттың тірсегінен келетін кішкентай ғана бала бес жастан бастап осылай шопан әкеге қолғанат болып өсті. Бес жасар баланың бойы-бұты атқа мінуге жарамайды ғой. Сонда шылбырдың бір басын егердің басына іліп, екінші басын салбыратып үзеңгі жасап, сосын қыл шылбырды біртіндеп өзіме тартып, шылбыр арқылы атқа көтерілер едім... Бұл – тәтті балалық. Ал одан кейін жесір ананың, жетім баланың күні құрысын. Ол кезде қиыншылық. Осы тұрғыдан алғанда мені осы қиыншылықтың өзі тәрбиелеген болуы мүмкін...
Ал енді менің қолыма қалам беріп, «сенен жазушы шығады» деп шығармашылық жолға тікелей бағыттаған адам – Әл-Фараби университетінің сол кезгі сирек профессоры, зиялылардың ішіндегі бекзадасы Бейсембай Кенжебаев! Бірінші курста оқып жүрген кезімде мен сол кісінің басқаруындағы бір жиналысына қатыстым. Ол – «Студенттердің ғылыми қоғамы». Жоғары курстың студенттері түрлі тақырыпта баяндама жасап, сосын өзара талдайтын дәстүр болатын. Сол жиналысқа мен де қатыстым. Оны Бейсембай Кенжебаев басқарып отыр. Бірі баяндама жасады. Қалғаны сөйледі. Олардың аяғын ала бере, қымсыныңқыраған қалыпта, қолымды көтеріп мен де сөйледім. Көбі жоғарғы курстың студенттері. Бізден білімді. Баяндамашы Қожақова Жұпар апай «Абайдан кейінгі әдебиет сыншысы Ғаббас Тоғжанов» деді. Ғаббас Тоғжановты мен, әрине, білмеймін. Бірақ «Абайдан кейінгі дегеніміз қалай болады? Абай әдебиет сыншысы емес қой...» деймін ғой. Соны айтып орныма отырдым. Сол кезде «аты-жөнің кім?» деді бір кірпі шаш, ақсары, қолтоқпақтай ғана кісі. Бейсембай Кенжебаев! Мен айттым. Ол кісі аты-жөнімді алдындағы ақ қағазға жазып алды. Жиыннан кейін екінші курстың студенті Құныпия Алпысбаевты жұмсап, 305-ші аудиториядан сабақтың үстінде мені шақыртып алды. Мен бірдеңені бүлдірген екенмін деп қорқасоқтап бардым. («терлеп кеткем ғой енді» күліп алып) Барсам кафедрада отыр екен. «Рұқсат па?» деп есікті қағып, ашып едім «кел, кел балам» деді мені көре салып. Сөйтіп алдына отырғызып қойып, меніменен әңгімелесті. Әңгімесі мынадай ыңғайда: «өлең жазасың ба?» дейді, мен «жоқ» деймін. «Әңгіме жазасың ба?» дейді, мен «жоқ» деймін. «Мақала жазасың ба?» дейді, мен «жоқ» деймін. Ол кісі жатып ренжіді сосын. «Ойбай, қарағым-ау, «жазбаймын» деген мақтаныш емес, «жазамын» деген мақтаныш. Сенің бағанағы сөзіңе қарағанда, "бірдеңе жазатын баласың деппін». Мен шегіншектеп бақтым. «Жүр, мені шығарып сал» деді профессор. Аяңдап ол кісінің үйіне келдік. Үйіне келгесін сорпа-суын, шәйін іштік. Жұбайы Меңжамал деген татар кісі екен. Сөздің арасында «Меңжамал ұлды болдың» деп қойды. Мен қысылып, қымтырылып отырмын. Сол күн менің бағым жанған күн екен! Тағы бірде Алматыдағы қазіргі Ұлттық кітапханаға, соның «Сирек қолжазбалар мен сирек кітаптар» қорына алып барды. Ол «жабық қор». Оған арнайы рұқсат қағазбен кіреді. Сол жерге мені ертіп барып, бөлім басшысы Сәуле Мұсатайқызы Ақанжановаға таныстырды. «Мына бала арабша біледі. Сыр шашпайды. Ана қалың қордан ешкімге көрсетпейтін материалдарды осы балаға көрсет, қарағым. Алдымен «Айқапқа» сал. Одан кейін Қостанайдың тілі «Ауыл» газетіне жұмса. Мен солай тапсырма беріп отырмын бұл балаға. Бұл өзі менің шәкіртім. Содан кейін «ана кісілердің» архивінен де ашып көрсет» деді. «Ана кісілер» деп отырғаны Алашорда. Сөйтіп мен Алашорданың кейбір сақталған шығармаларының жұқана-жұрнақтарымен сонау 1971-1972 жылдары танысқанмын. Ол кезде оның қадіріне жеттім, оны игеріп кеттім деп айта алмаймын. Бірақ сол жазда Бейсембай Кенжебаевтың қадағалауымен, қайта-қайта талап етуімен «Мұхамеджан Сералин «Ауыл» газетінде» деп аталатын мақала жаздым. Күзде келгенде тағы да Бейсембай Кенжебаев Құнапия арқылы шақыртып алды мені (Құнапия Алпыспаев бізден бір курс жоғары оқыды. Қазір Еуразия университетінде профессор). Әлі есімде мен екінші курсқа өткенде үшінші курстарға маған лекция оқытты. Лекция оқытқаны қызық. Жаңағы мақаланы бастыруға Бейсекең сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» машинисткасына жіберген. Соны алып келгенмін ғой енді. Ол да қайбір мақала, бірінші курс студентінің жазғаны ғой. Кафедрада әңгімелесіп отырғанымызда қоңырау болып қалды да мені ол кісі 311-ші аудиторияға алып кірді. Кірген бойда әй-шәй жоқ, балаларды түгелдеген де жоқ «бүгін сендерге лекцияны екінші курстың студенті Құлбек Ергөбеков оқиды. Тақырыбы «Мұхамеджан Сералин – журналист» деді. Оны естіп мен шошып кеттім. Біздің курсқа қарағанда ылғи атақтылар оқитын курс еді. Алды өлеңдерінің топтамаларын жариялап үлгерген, алғашқы әңгімелерін «Лениншіл Жас» газетіне (қазіргі «Жас Алаш») шығарып үлгерген. Олардың бәсі бізден биік болатын. Сосын мен қысылып, аң-таң болып ол кісіге қарамаймын ба? Сөйтіп едім ол кісі «жазған мақалаңды оқы» деді. Мен зуылдатып оқып шықтым. Қатесіне де қарағаным жоқ, оны дұрыс та оқымай жатқан шығармын. Өз даусым өз құлағыма естілмейді. Жоғарғы топтың студенттері басында күліп отырды, тыңдаған жоқ. Енді кейінгі курстың баласы саған «XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен» лекция оқып отырса, оны кім тыңдайды? Мұрнын шүйіріп қарамай ма? Бара-бара әйтеуір тыңдаған болды.
Лекция аяқталған соң, профессордың өзі қорытты. «Сендер ғой жаз бойы ауылға барып, доп қуып жүріп былтырғы жинаған білімдеріңнен айырылып келіп отырсыңдар. Ал, мына өздеріңнен төмен курстың баласы жаз бойы кітапханада отырып, мынадай мақала жазып келіп отыр. Біз енді бұл мақаланы жариялатамыз деді.
Қоңырау соғылды.
Бейсекең мені жетектеп кафедраға қарай бағыт алып жүріп кетті. Кейін «неге бұлай етті?» деймін ғой. Сөйтсем, мені мысал ете отырып, менен жоғарғы курстың студенттеріне ой салу, ғылымға тарту болған екен ғой ұстазымыздың мақсаты. Тәрбиенің бұл да бір түрі екен. Жазда жазып келген мақаламды Бейсекең өзі редакцияға хат жазып беріп, жолын ашып, газетке жариялатты. Оған қаламақы алдым мен. Бұл деген, әрине, оңай болған жоқ. Жазу деген қайдан оңай болсын. Ал мен ол кезде қадіріне жеткем жоқ. Жалпы, осындай-осындай нәрселер менің әдебиет адамы болып қалыптасуыма ерекше ықпал етті.

– Бейсембай Кенжебаев сіздің «рухани әкеңіз» болды ғой...

– Иә, рухани әкем болды. Әкем жасамаған жақсылықты жасады. Ол кісінің рухани әкемдей болатын тағы бір себебі бар. Бітірер жылы біз диплом жұмысын жазамыз. Сол жыл Бейсекеңнің 70-ке толып жатқан жылы. Біздің ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев (Бейсекеңнің шәкірті екен) «Құлбек, сен дипломды Бейсағаңның творчествосынан жазсаң қайтеді?» деді. Мен «мақұл, жазайын» дедім. Тұрсекең дипломдық жұмыс жоспарының жөн-жөбасын жасап берді, білгенін айтты. Сосын «Бейсекеңе жолығып, сұхбаттасып қойсаң да жарасады» деді. Содан мен Бейсекеңе барып, «маған Тұрсынбек ағай сіздің творчествоңызды ұсынды» деймін ғой. Сөйтсем ол кісі «Ой, қарағым, менде не бар? Одан да сен арабша білесің. Мұхамеджан Сералин жайында әп-әдемі мақала жаздың. Тарихқа барсайшы. Біздің қазақ әдебиетінің тарихы зерттелмей жатыр ғой. Ана Мырзатай, Мұхтар, Алмалардың ізімен байырғы әдебиетке барғаның дұрыс болар еді. Сені соған бағдарлап жүр едім» - деді. Тұрсекеңе қайтып барып, Бейсекеңнің сөзін айтып едім «Ай, әулие ғой біздің ұстазымыз, әулие ғой. Басқа болса «менен жаз» дер еді. Ал, ол кісі болса «мені қайтесің? Әдебиеттің тарихына барсайшы» деп отыр. Бұлай болмайды. Бұл жолы ұстазымыздың айтқанын тыңдамаймыз» деді. Сонымен мен диплом жұмысын «Бейсембай Кенжебаев әдебиет тарихының зерттеушісі» деген тақырыпта жазып шықтым. Оны жазып шығу маған оңай болған жоқ. Министрлер советінің орталық архивінде бұл кісінің 1739 жекеменшік қоры бар. Ол жеке сақтау қоры. Мен сол архивтің шаңына тұншығып, жарты жылдай отырып, дипломдық жұмысымды жазып шықтым. Жазылып бітер шағында Бейсекеңе оқып берейін деген ой келді. (Тұрсекең, жетекшім маған солай айтты-ау деймін). Сөйтіп Бейсекеңе барып едім ол кісі тыңдаған жоқ. «Ей, ол мен жайлы нәрсені... Жарайды, жазсаң жаза бер» деді де қойды. Осылай мен Бейсембай Кенжебаевқа рухани жақындаған үстіне жақындай түстім. Мұнан бөлек ол кісінің қолында біраз уақыт баласы болып, бірге тұрдық. Жалпы айтқанда, осындай дүниелердің барлығы ол кісіні менің рухани әкем, мені ол кісінің рухани баласы етті десем де болады.

– Өмір дерегіңізге қарасам қазақтың қабырғалы қаламгері Сәбит Мұқановтың отбасымен де байланысыңыз берік болған сияқты. Осы жайында айтсаңыз...

– 1975 жылы филология факультетін бітіргеннен кейін Тұрсынбек Кәкішев мені бірден Ғылым академиясына алып қалды. Бірақ академиядан КПСС Орталық Комитетінің «қызметкерлерді қысқарту арқылы жалақысын көтеру» деген қаулысына байланысты қысқарып кеттім. Содан мен телевидениеге бардым. Бейсекеңнің жұмсауымен онда да. Онда штаттан тыс қызмет еттім. Ол да мені бір жылдай «асырады». Бірақ ол жерге де жұмысқа кіре алмаймын. Себебі қаулы бар. Бейсекеңнің арқасында «Әдеби драмалық хабарлар» бас редакциясында бір жыл жан бақтым сөйтіп.
Сондай күндердің бірінде Қазақстан Орталық Комитеті қаулы қабылдады «С.Мұқанов тұрған пәтер мемориалдық үй-музейіне айналсын» деп. Сәбит Мұқановтың музей үйін жасақтау, соны дайындау жүріп жатыр екен. Маған «сонда барасың ба?» деді «Республикалық халық шығармашылығы үйінің» директоры Тәжігүл Серікбаева. (Менің қысқарғаныма өзі қысқарып кеткендей қабырғасы қайысқан жанның бірі сол кісі еді). «Мен жазушы болуды ойлайтын адаммын. Сондықтан ол музейге қуана-қуана барам» деп қутыңдап кеттім ғой. Сол музейде сегіз жыл жұмыс істедім. Бір рет кетіп қалып, «Лениншіл Жас» газетінде екі жыл журналист болып, музейге қайтып бардым. Бұл сегіз жыл маған көп нәрсе берді деп ойлаймын. Қысқасы мен С.Мұқановтың музейін Өзбекәлі Жәнібековтың жетекшілігімен экспозициялап, құрдым. Мені С.Мұқановтың шәкірттерінің бәрі ұстазымыздың музей-үйінің негізін салушы деп жақсы көрді. Музейде жүріп С.Мұқанов жайында алғашқы мақалаларымды жаза бастадым. Әрине, ол кезде Сәбит Мұқановтай көп зерттелген, көп жазылған басқа жазушы жоқ. М.Әуезовтың өзі бәлкім, ілесе алар, бәлкім, ілесе алмас бұл тұрғыдан. Мен өзіме дейін жазылған Сәбиттану бағытындағы еңбектерді түгел оқыдым. Сонымен бірге «Сәбиттану» ғылымына Сафуан Шаймерденовтың жетекшілігімен С.Мұқанов жайлы естелік кітабын құрастырып қостым. Ол еңбекте С.Мұқановтың көзін көрген сол кездегі совет халықтарының жазушыларының естелік жазбалары болды. Ол жазбаларды мен арнайы жаздырып алғанмын. Бұл менің С.Мұқанов жайлы пікірімді, білімімді молайтты. Сонымен қоймай С.Мұқановтың ізімен Советтер одағын бір айналып шықтым десем де болады. Сол республикалардағы С.Мұқанов болған, тұрған жерлердегі архивтерді қарадым. Қысқасы, осының бәрі 1977 жылы «Сәбит Мұқановтың музей-үйі» аталатын қазақ, орыс тілінде кітапша-буклет, кейін 1981 жылы «Жан жылуы» деп аталатын лабароториялық алғашқы еңбегімді жариялауға негіз болды. Осы сегіз жылда жинаған материалым С.Мұқанов жайлы әр жылдағы (1977-2020) сегіз кітап жазуыма молынан жетті. Менің басқадан ерекшелігім С.Мұқановтың шығармашылық лабораториясына да ден қойып, үңілдім. Менің кандитаттық дессертациям «Адасқандар романының жазылу тарихы», ал докторлық дессертациямның тақырыбы «С.Мұқановтың творчестволық лабораториясы» деп аталады. Жалпы, осындай игіліктер атқардым. С.Мұқановтай күйеуін дамылсыз зерттеп жатсам, зерттеп кітап үстіне кітап жазсам, оның музейін қалыптастырсам мені неге Мәриям апай жек көруі керек?! Баласындай көрді. Мені баласындай көргені ғой «қарағым-ау, сен ғылыми жұмыстарыңды ертерек қорғап алсайшы» дейді ғой. Тіпті, менің жұмысымның жүруі үшін Мәриям апай бір рет Қапшағайда тұратын «Мөлдір махаббат» романының басты кейіпкерінің бірі Бәтестің протатипі - Бәтима Махашқызымен жүздесуге менімен бірге барды. Өзім барсам сырын ашпайды ғой деп (басынан өткергені қым-қиғаш оқиға ғой енді) Мәриям апайды алдыма ұстап бардым. Менің жұмысым жүрсін дегені ғой, Мәриям апай сонда Бәтимаға «Әй, Бәтима, біз екеумізге өлгеннен басқа не қалды?! Өткен өмір өтті. Өткен өмір жанған көмір. Одан күл ғана қалады. Ал мына баланың жазып жүрген кітабы дұрыс шықсын десең сен айт, жасырма. Осы баланың жазуымен ертеңге барамыз», деді ғой...
Қысқасы, Мәриям апай маған туған анамдай болды. Ол кезде менің анам тірі. Менің анаммен екеуі кейін жолдас «қыздар» болып алды. Менің анам үшінші перзентімнің атын қою жолын Мәриям апайға берді. Мәриям апай ол балаға Сәбит деп өзінің ерінің атын қойды.

– Жақсы екен аға, айтқандай Бауыржан Момышұлының жанында 12 күн болып, сұхбаттастыңыз. Батыр атамыздың жанында болған сол 12 күнде Бауыржан Момышұлының көпке беймәлім қырын байқап немесе ел естімеген әңгімесін, сырын ести алдыңыз ба?

– Баукеңе барып, телесұхбат жасау оңай болған жоқ. Мен Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы шығармаларды түгелге жуық оқыдым, оны бойыма сіңірдім. Сосын менің келіншегім сол кезде Министрлер советінің «Архив басқармасында» істейтін еді. Сол Орталық архивте «жеке қор» деген болады. Оған рұқсатсыз кіре алмайсың. Мен сонда Бауыржан
Момышұлының жеке архивіне келіншегімнің арқасында Баукеңнің рұқсатынсыз-ақ кіріп, күллі материалмен таныстым. Мұның бәрі, әрине, Баукеңмен болатын сұхбатқа деген дайындық. Содан Бауыржан Момышұлымен 1980 жылы қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында он екі күн сөйлестім. Он екі күнде мен едәуір дәптер толтырдым. Оған әлі күнге дейін қайта оралуға мұршам келмей жатыр. Баукеңмен сұхбаттасып жүргенімізде «Қаһарман қаламгер» деген сценарий жаздым. Хабардың режиссері Клара Қорғанова екеуміз арнайы хабар дайындадық. Баукең сұхбат берді. Сол сұхбатты жасап, оны бейнетаспалап хабарға дайындағанымыз үшін сол жылы Қазақстан телерадио корпарациясының сыйлығын алдым. Осы күнде интернетте Бауыржан Момышұлының бейнесі, әңгімесі жүр. «Ұлы Отан соғысы біткен кезде менің жасым отыз бесте еді...Ал бүгін болатын болса жасым жетпісте» деп басталады. Бірақ содан сұхбат алып отырған мені қырқып тастаған (авторлық құқықта олай жасауға болмайды). Сол сұхбатты жасаған, оны таспалаған біз болатынбыз. Баукеңнің біреумен сөйлесіп отырғаны видеода білінеді. Бірақ, қырқылып алынғандықтан ол видеода Баукең өзіне өзі сөйлеп отырған сияқты болып қалған. Бұл дұрыс емес. Осыған мен арнайы видео түсіріп, түсінік бергім келеді. Сонда біз Бауыржан Момышұлын тығырықтан алып шығамыз. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы дерексіз, дәйексіз сөйлей бермеу керек қой енді.
Бауыржан Момышұлы туралы айтылар дүниенің барлығы айтылып қойды ғой деп ойлаймын. Айтылмаған дүниелер де бар, әрине. Бірақ, Баукеңнің ешкімге айтпаған әңгімесі, Баукең жайлы ешкім айтпаған әңгіме деп біз ананы-мынаны айта берсек ол кісіні арзандатып аламыз. Жалпы, Бауыржан Момышұлының 50 томдық кітабын шығарды ғой. Сол кітаптың шыққанына да қарсымын. Себебі, әдебиет деген ең әуелі тазалық. Ең таза деген жазушының архивінде де «қоқыс» болады. 50 томдықтың ішіне сондай дүниелер де еніп кеткен. Бірақ, Баукеңнің өмір жолынан алар өнеге көркем әдебиетте, деректе ғұмырнамалық әдебиетте әбден жазылып болған. Ақыр аяғын Мамытбек Қалдыбаев жазып жүр. Бірақ Бауыржан Момышұлы жайында жазылған дүниелерге қарап менің бір нәрсеге қатты қарным ашады. Әзілхан Нұршайықов болсын, Мамытбек Қалдыбаев болсын олардың барлығы Александр Бек жазған, тұлғалаған Бауыржан Момышұлының бейнесінен озып, жаңа Бауыржанды, кейінгі Бауыржанды бере алған жоқ, көрнекті тұлғаға айналдырып көрсете алған жоқ. Ал Баукеңнің өз басына келетін болсақ ол кісі аузын ашса афоризм атып кететін, қанатты сөзбен қанаттанған адам еді ғой. Бірақ, қанша дегенмен де соғыс көрген, адам қанын жүктеген жауынгер. Сондықтан да, ол кісі біркелкі мінездің адамы емес еді... Бірақ мен ол жайлы айтпаймын. Себебі, халқымыздың ұлы перзенттерін арзандатпаған жөн.

– Бір сұхбатыңызда Расул Ғамзатовтың «біз оқуға түскенде 25 ақын едік. Ал бітіргенде мен ғана ақын болып қалдым. Қалғаны сыншы болып кетті» деген сөзін тілге тиек етіпсіз. Сіз үшін ақынның бәсі жоғары ма? Әлде, сыншының бәсі жоғары ма?

–Жалпы көркем шығарма өмірдің «көлеңкесі» ғой. Өмірдің сәулесі. Ал, сын көп жағдайда көлеңкенің көлеңкесі. Сәуленің сәулесі. Мен екінші пландағы нәрсе деп қараймын. Бірақ тәуір сын, үздік сын, озық сын көркем шығарманың өзінен жоғары тұрмаса төмен тұрмайды. Мысалы, Андре Моруа француз әдебиетіне Бальзак, Дюмалар жайында роман берген әдебиетші. Ол өзі сыншы. Француз әдебиетіндегі көп тұлғалар өшіп кетті. Ал Андре Моруаның шығармалары Бальзак, Дюмо, Гюголармен бірге жасап келе жатыр. Сондықтан, оның бірін жоғары қою, бірін төмен қою кей жағдайда кісіні ақиқатқа апара бермейді. Қай жанрда кім, (ақын ба, жазушы ма, сыншы ма) жақсы дүние жарата алды сол мықты, сол үздік.

– «Бүгінгі әдебиеттегі бағдарсыздық, әдебиеттегі жайсыздық, әдебиеттегі мұқтаждық, қысқасы, біздің талантты жастарымыздың қолын да, аяғын да байлап отыр». Өз сөзіңіз. Өзіңіз айтқан осы мәселелерді шешу үшін не істеу керек. Және сіз не істедіңіз?

– Біз әдебиетке кітап әлемінен келдік. Студент кезімізде біздер бір-бірімізден сұрап алатынбыз, сұрамай алатынбыз, әйтеуір, кітап оқи беретінбіз, оқи беретінбіз. Ал бүгінгі қаламгерлердің көбі көркем әдебиетті оқымаған, компьютерлік ортадан келген ақын-жазушылар ғой. Бағдарсыздық бәлкім содан туындап жатқан шығар. Оның үстіне қазір әлем әдбеиетінде жаппай дағдарыс жүріп жатыр-ау шамасы. Кейде айтып жатады «мынадай елде мынадай әдемі шығарма туыпты» деп. Оқып қарасаң қазақ жазушыларынан айтарлықтай өзгешелік те жоқ, артық емес. Бірақ, біздің қазақ кітапқа, оқуға енді беттеп келе жатыр-ау деп ойлаймын. Бәлкім, ендігі жазушылар, әлі қалыптасып болмаған жазушылар жазуға оқу арқылы, оқитын орта арқылы келер. Оқу, біріншіден, жан-дүниеңді байытады. Екіншіден, ол сені шеберлікке бастайды ғой. Жазуға деген ынта-ықыласың болса саған жаңа мәнер сыйлауы мүмкін. Ендігі жастарымызда бағыт-бағдар болатын шығар деп ойлаймын. Себебін жаңа айттым ғой. Қазақ кітапқа, оқуға енді жақындап келе жатқан секілді. Бізге осыны үзбей жалғастыру керек. Ол үшін біздің қазақ әдебиеті өсуі керек. Ал ол үшін жаңаша ойлай алатын жаңа ұрпақ керек. Немесе, жаңа ұрпақтың жаңаша ойлауы керек...

– Алдыңғы сұхбаттарыңыздың бірінде «бүгінгі қазақ әдебиетінің жайы қалай?» деген сұраққа «қазіргі әдебиетте көркем образ жоқ. Нақты идеология, тақырып жоқ» деп жауап беріпсіз. Сіздіңше бүгінгі қоғамдағы басты проблема, басты тақырып не? Қаламгерлер не туралы жазып, не туралы насихаттау керек?

– Біздің отыз жылда қоғамның дамымағаны, эканомиканың дамымағаны өз алдына біздің әдебиет те кері кетіп қалды. Неге? Тарихи тақырыпта шығарма жазбайтын адам қалмады. Әрқайсысы өзінің аулынан бір адамды алады да соның туғанынан бастап, өлгеніне дейін жаза береді, жаза береді. Адам адамға ұқсайды. Адам адамға ұқсамайды. Неге біздің батырларымыздың бәрі атқа мініп, қыр басында жау торып тұруы керек. Бірінен бірі айнығысыз болып. Жаңағыларға қарасаң, яки оқысаң бұл қазақ бейбіт өмір сүрмеген сияқты. Қазіргі қазақ әдебиетінде осындай қайталау көбейіп кетті. Әрине, бұл тақырыпта жазбасын демеймін. Жазсын. Бірақ бұл тақырыпта жазса Мұхтар Әуезовтен асырып жазсын. Мұхтар Мағауинше жазсын. Қайталамасын. Қайталау дегеннің өзі ұрлау ғой. Осындай жағдайда қазақ әдебиеті образдық дағдарысқа ұшырамағанда не болады? Сен айтқан сөзді мен осы тұрғыдан айтқан болуым керек. Бүгінде айналамызда сұмдық дүниелер болып жатыр. Бізде бейбітшілік, тыныштық болғанмен жан-жағымыздың бәрі соғыс, алапат өрт, апат. Жер-Ана да қартайды. Әдебиеттің басты міндеті қасіретті жазу емес. Қайғы-қасірет болсын деп отқан жоқпын. Бірақ мазаң дүниенің мазасыз кейіпкерлерінің жан-дүниесін жазу керек қой. Бүгінгі әдебиетке жетпей жатқан нәрсе сол деп ойлаймын. Заманауи ойлайтын жазушылар бізде кемде-кем.

– «Таяқ ұстап келген адам тай жетектеп кететін» Түркістанда отыз жылдай қызметте болдыңыз. Сол отыз жылда сіз Түркістанға не бердіңіз, Түркістан сізге не берді?

– Менің Түркістанның перзенті болуымның өзі Түркістанның маған бергені ғой деп ойлаймын... Ал мен перзенті ретінде Түркістанға Бейсембай Кенжебайұлының «Түріктану» музейін бердім. Дүние жүзіндегі тұңғыш түріктану музейі. Оны ашу, жасақтау оңай болған жоқ. Шынына келгенде менің Түркістанға берген бір руханиятым, Түркістан арқылы бүкіл Түрік дүиесіне тартқан рухани тартуым осы «Түріктану» музейі. Ол Түркістанды түрік халықтарының рухани астанасына айналдыратын бірден-бір мәдени ошақ. Екінші, дүние жүзінде баламасы жоқ «Түрік тілдес халықтардың кітапханасын» аштым. Бұл да жиһан жүзінде болмаған кітапхана. 24 түрік тілінде 61 мың кітап бар. Алтай, әзербайжан, башқұрт, қарашай, құмық, қырғыз, малқар, татар, түрікмен, түркия, тува, тағы-тағылар. Бұл түрік ұлт-ұлыстарының бірсыпырасында бүгінде кітап басылмайды. Ал мен ертеректе басылған сол кітаптарды сарбалақ болып сабылып жүріп, сол ұлт-ұлыстар тұратын жерге барып жүріп, кей жағдайда қымбат ақшасына саудаласып жүріп жинадым. «Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде» А.Н.Бекетов басқарған кезде «Түркістан институты» деген институт болған. Ол XX-шы ғасырдың басында жабылып қалды. Онда И.М.Бораганский типографиясы болған. Ол жабылғаннан кейін онда басылған кітаптар да тоз-тоз болып кетті. Бірақ, мен солардың да жұрнақтарын тауып алдым. Соны да Түркістаныма алып келдім. Ол кітапханада Н.А.Северцовтың 1873 жылы «Катков» баспасында басылған «Түркістан хайуанаттары туралы. Көлбей және тігінен жүйелеу» деген кітабы бар. Н.А.Северцовтың атында Москвада институт бар. Бірақ сол институтта осы кітап бар ма, жоқ па оны мен білмеймін. Және де «Түркі халықтарының өнер галереясы», мен түлеген Түркістанға қосқан үлесім деп осыны да мақтанышпен айта аламын. Жалпы, Түркістанды Түрік дүниесінің рухани астанасы етуді көздедім...
Ал енді Түркістан маған не берді? Өзім Көксарай деген жерде туғанмын. Көксарай кезінде Алтын Орданың бір қаласы болған. Мен сол Көксарайдай жерде туып, Отырар төбе маңында өстім. Қаншама рет Отырар төбеге (қиранды) жаяу немесе атпен барып тамашалаған, ойша сырласқан, тарихи жәдігерліктер іздеген баламын. Бұл, әрине, мектепте оқып жүрген кездің өзінде. Демек, тарихи санам дұрыс қалыптасқан. Сонда менің мұндай болуыма туған жерімнің өзі мол әсер еткен болып тұр ғой. Ал енді 1992 жылы Түркістанға қайта, біржолата келгеннен бастап, әрине, менің тарихи санам байыған үстіне байыды. Санамда қалыптасқан ортағасырлық образдар бұрынғысынан да үлкейе, кеңейе түсті. Осылардың барлығы қосылып келіп, менің Түрік дүниесіне қызмет етеуіме, әдебиетші болып қалыптасуыма мол әсерін тигізді. Жалпы, Түркістанға бергенімнен қашанда алғаным көп. Адам ретінде жарық дүниеге келіп, адам ретінде жер басып, азамат ретінде қалыптасып жүргеніңнің өзі сол туған жеріңнің саған берген сыйы. Ол аз ба адамға!?

– «Шымкент Шымкентке ғана жауапты қала емес, ол Қазақстанға жауапты қала» деп баға берген Шымқалаға бүгінде өзіңіз қызметпен ат басын бұрдыңыз. Алдағы уақытта қаламызда қандай да бір шараларды жүзеге асыру ойда бар ма?

–Иә, «Шымкент Шымкент үшін ғана емес, тұтас Қазақстан үшін жауапты қала. Қала берді Ташкент үшін, бір кездегі Өзбекстанда жасақталған қазақтың құндылықтары үшін де жауапты қала» дегенмін. Неге олай айттым? Өйткені, Қазақстанның тұңғыш жазушылар одағы Ташкентте жасақталған. 1918-ші жылдан 1924-ші жылға дейін «Түркістан республикасы» деген республика болған. Оның үні, құлағы «Ақ жол» шығып тұрған. Алашорданың көп зиялылары осы Ташкентте өмір сүрген. М.Әуезовтың өзі 1930 жылы сонда ұсталды. А.Байтұрсынұлының «Әдебиеттанытқыш», М.Жұмабайұлының «Педагогикасы» тағы-тағылар Ташкентте жазылған. Ташкентте алғаш «Қырғыз-қазақ ағарту институты» ашылған. Және де онда «Луначарский үйі» деген үй болған. Онда қазақ, өзбектің зиялылары жиналып, бас қосып ұлттардың келешегі қалай, қандай мемлекет болу керек деген секілді дүниелерді ақылдасатын болған. Алғашқы кітаптар, алғашқы журнал («Шолпан») осында басылған. Бірақ 1925 жылы Т.Рұсқұловтың Сталинге хат жазуымен мұның бәрі, тіпті, Түркістан республикасы да жойылып кетті (Мен мұны Сталиннің «РГАСПИ» деген архиві бойынша айтып отырмын). 1925 жылы Түркістан республикасы құлағаннан кейін олар қайда барады? Әрине, іргедегі Шымкентке барады. Сондықтан да Шымкент Түркістан республикасы үшін де жауапты қала деп айттым. Ал Түркістан республикасы бір кездегі түрік халықтарының соңғы одағы ғой. Шымкент Түркістан республикасының рухани құндылықтарын бойына сіңіріп алып кеткені үшін де күллі Түркістан республикасы үшін жауапты қала. Тіпті, кешегі Ташкенттің орнына жүретін орталық, ірі шаһар. Бұл пікірді айту себебім осы.
Ал алдағы жоспарларым жайлы айтар болсақ, мен қазір Шымкентте Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызының кеңесшісімін. Сол аяда мен әуелі мансаптық, мөлшерлік қызметімді атқарам, екінші, бүгінгі университетті руханият орталығына айналдырсам деймін (Мен енді басқалай қалай үлес қоса аламын). Оны бастап та кеттік қой деп ойлаймын. Қысқасын айтсам, Шымкенттен келешек ұрпақты тәрбилейтіндей мәдени ошақ ашсам деген ойым бар. Бірақ «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады» деген бар. Қанатымыз қай жерге дейін жеткізеді, біз де сол жерге барып қонамыз. Ал соған дейінгі тіршілікті халықпен бірге халықтың қажетіне қарай өткізсек арман не? Қазіргі жайым осы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан,
Тұрсынбай ЕШІМОВ

shymkala.kz

author

Құлбек Ергөбек

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...