Аян Қажыбай. Мағжан тілі – Ақ маржан

ӘДЕБИЕТ
4792



Аян ҚАЖЫБАЙ,

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар

Академиясының корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты



Мағжан Жұмабаев ХХ–ХХІ ғасырлардағы ұлы ақындарымыздың бірі екені басы ашық жәйт. Өйткені, мұны ұлы мәртебелі уақыттың өзі дәлелдеді. Осылайша жазуымызға уақыттың өзі әмір беріп отыр.

Өйткені, мұны ұлы мәртебелі тарихи әділеттің өзі көрсетіп отыр. Осылайша жазуымызға тарихи әділеттіктің өзі бұйырды.

Өйткені, тарих еншісіне айналған ХХ ғасырдың соңғы ширегі, сөз жоқ, Мағжан поэзиясының мейлінше кеңінен танылған (Алаш арыстарын ақтау, қайта жаңғыру ісі – 1989 жылдан бастау алғаны мәлім – А.Қ.), мейлінше шырқау асқақтаған,мейлінше шырқау шарықтаған жылдары болды десек әсте артық емес.

Небәрі қырық бес жыл ғұмыр кешіп, соның бақандай отыз жылын ұлы мәртебелі Өлеңге арнаған, яғни қазақ поэзиясын тың көркемдік, поэтикалық тұрғыдан байытуға, көркейтуге мейлінше пәрменді үлес қосқан, ұлттық көркем санамызда Хантәңірдей өз биігіне өрмелеп шыққан Мағжан Жұмабаевты түсіну, түйсіну процесі оның көзі тірісінде ғана емес, дүниеден озған соң да толастаған емес...

«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға...

...Ақында адамзаттан дос болмайды,

Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына», – деп аһ ұрған ақынның трагедиялық өкінішінің орнын толтыру жылдары шын мәнінде ХХ ғасырдың соңғы ширегінде толассыз жүріп жатты десек, бұл да өмір шындығынан алшақ кете қоймайды.

Мағжантану процесінің де күрт өріс алуы да, үздіксіз жалғасып келуі де осының кепілі бола алады.

Кемеңгер Мұхтар Әуезов 1929 жылы «...Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды, заманнан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың «бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».

Отыз алты жасар Мағжанды сол тұстың өзінде-ақ «культурасы зор, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады» деген кесімді ой-пікір айту үшін Мұхтар нелерге сүйенеді дегеннен сөз өрбіте алсақ алдымен Мағжан поэзиясының терең сыршылдығын, жалпы қазақ сөз өнеріне әкелген ұлы жаңашылдығымен оқшау тұрғандығын айтар едік. Сыршылдықты сыңғыр-сыңғыр сөз, сөйлем тіркестерінен іздеу көбіне көп көңілдің діттеген тұсынан шыға бермес келте пікірге ұрындырары бар. Сондықтан да Мағжан сыршылдығын тұнық ой, мөлдір сезім, сергек көңіл көкжиегімен қоныстас, қойындас жатқан тұстарға бойлай түсіп барып іздестірген жөн.

Ақынның сырты сұлу, мінсіз ойып түсірген сан алуан кескін келбеттегі (форма) өлеңдерінің ішкі иірім, тіркестерінде сыршылдықтың жарқын да жасампаз, шырайлы қалпы көңіл көзіне ұрмай тұрмайды.

«Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады.

Толқынмен толқын жарысад,

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтін бір егеспен,

Жарысып жарға барысад».

Осы бір шумақтың өн бойында толқынның тебіреністі бейнесі біркелкі «Т» дыбысымен ішкі үндестік тапқан қалпы сол толқынның тірі, жанды қимыл, қозғалысын көз алдыңа келтіріп, бірін-бірі қуалай жүгіріскен толқынның мазасыз дыбысы ғажап музыка үніндей көңіл құлағыңа қотарылып жатады. Біркелкі дыбыстардан жанды сурет жасаудың озық үлгісі осылай-ақ болар дейсің.

Ақын бұл тұста табиғаттың өзімен таласқа түседі, түседі де оның жанды, қимылды құбылыстарын, дыбыстар үндестігі, тіркестер жітілігі арқасында сол табиғаттың өзімен терезесі тең суреткерлік биікке шығандап кетеді. Дыбыстар тоғысының үзеңгі қақтығыстыра ілгерілей түсуі арқылы толқынның қағаз бетіне түскен жанды әрекеттерін әсірелеп, әсемдеп жеткізер қуатты тетік табады ақын. Ол тетік қазақ тілінің ұшан теңіз қуатты мүмкіндігін дөп басып тани алған ақын шеберлігінің де шетсіз-шексіздігіне саяды.

«Болса гүлсіз,

Бұлбұл үнсіз

Үнсіз бұлбұл – 

бір сұр құс,

Үнсіз өмір – 

Сөнген көмір,

Отсыз жүрек – бос қуыс».

Алғашқы өлеңде дыбыстар үндестігі толқын бойындағы жанды қимылды бейнелеуге қызмет етсе, мына өлеңде ойға жетелейтіндігі және бір ойдан екінші, екінші ойдан үшінші, төртінші ойлар толқынға толқын ұрғандай үдемелі қалыппен сатылай ілгерілеп, озып барып тынатындай. Ақынның гүлсіз бұлбұлдың сайрамасы, ал тілі байланған бұлбұлдың бір сұр құстан айырмашылығының жоқтығы, ал үнсіз, жырсыз өмірдің сөнген көмір, отсыз жүрек екендігі, ал отсыз жүректің өлі, бос қуыс екендігін айту үшін экспрессивті тәсілді тектен-текке таңдап алмағандығы және оның аса бір шеберлікпен өз шешімін тапқандығы таң қалдырғандай.

Мағжан өлеңдеріндегі сыртқы сұлулық сипаты ішкі иірім иіндерінің бірімен бірі мағыналық жағынан да жымдасып, кірігіп жатуымен құнды болып келеді. Онда орыс поэзиясына футуристер әкелген дыбыс үндестігінің жалаң, мағыналық жағынан бір-бірінен алшақ түсіп жататын формаға ғана қызмет ететін тіркестер, оқшау сөздер болмайды. Ол В.В.Маяковскийдің:

«Били копыта

Пели будто:

– Гриб.

Грабь.

Гроб.

Груб», – дейтін мағнасы бұлдыр, ойы күңгірт тіркестерін де, Сәкен Сейфуллиннің:

«Сақ, бол, сақ!

Жақсы бақ,

Жол ұзақ,

Так-так-так,

Так-так-так,

Рудзутак!

Кондуктор,

Байқап тұр,

Уклон бар,

Терең жар,

Электр,

Көп қып жақ,

Айдап бақ,

Рудзутак!

Рудзутак!

Трат-тат-тат!

Трат-тат-тат!», – деп келетін ішкі мазмұнына қатысы жоқ, сыртқы тақ-тұқ қасаң, қатаң дыбыстар тоғысын да мойындамаған. Ырғақ, екпін желісін ширата түсер мұндай құрылымдағы жыр жазуға қуаты асып-төгіліп түсіп жатса да Мағжан алдымен мағына мәніне ерекше ден қояды, әр сөздің бір-біріне үстеме, толымды қызмет етуін қатты қадағалайды. Ой иірімдерін ішкі-сыртқы сұлулықпен қоса өріп отырады.

«Сап-сары бел,

Еседі жел, еседі.

Еседі жел,

Көшеді ел, көшеді.

Дала бұйық,

Бала – тұйық – 

екі үнсіз».

Немесе:

«Шынында, менің өзім де

  • от,

Қысылған қара көзім де

– от,

Мен – оттанмын,

от – менен,

Жалынмын мен, жанамын,

Оттан туған баламын».

Немесе:

«Әдемі әйел» – идеал,

«Әдемі әйел» – бір қиял.

Блоктың басын байлаған.

«Әдемі әйел» – бір гүл,

Блок – бір бұлбұл,

Блок – бұлбұл сайраған», – деп төгілетін Мағжан өлеңдері өзінің қайталанбас ажарлы, мағыналы сырлы, сиқырлы сипаттарымен кінаратсыз сұлулығын сақтай алған.

Мағжан сыршылдығына, дәлелдікке кез келген өлеңі жарап кететіндігін қадай айта отырып ақынның қазақ поэзиясына тың жаңалық әкелуімен де төңкерісшіл қызмет атқарғандығын еске сала кеткен орынды болмақ. Бұл арада өлеңнің ішкі ырғақ, үйлесімділігімен бірге, дыбыстар үндестігі, тіркестер тегеурінділігі сияқты асыл сипаттармен қатар сыртқы сымбатындағы жаңа өлшем өрнектерімен де Мағжан өлең өлкемізге Абайдан кейін ірі өзгерістер әкелген жаңашылдығымен де қымбат.

Мағжан поэзиясының өсіп-өнген топырағы Мұхтар айтқандай «қара қордалы қазақ ауылы» болғанымен оған жаңаша ажар кескін беріп, соны, күрескерлік идеяларымен суарылуы орыс әдебиетімен жақындастығынан десек қателеспеспіз.

Ақынның өмір сүрген тұсы жол айырығындай қостарап, айдың өліп-жаңаруындай өліара, бейуақ тұс болатын. Сондықтан да оны орыс әдебиетінің бүгінде «Күміс ғасыр» («Серебряный век» – А.Қ.) атанып жүрген кезеңінің төл перзенттері: В.Брюсов, А.Блок, Н.Гумилев, О.Мандельштам, Д.Мережковский, З.Гиппиус, К.Бальмонт, М.Волошин, В.Ходасевич, А.Белый, М.Цветаева сияқты қаламгерлер қатты еліктіріп, қызықтырғаны сөзсіз. Мағжан бұлардың символистік сипаттағы өлең өлшемдерін, пікір, идея шарпыластарын ғана алып қойған жоқ, ол сонымен бірге олардың ұстанған платформасына өз ой түйіндеулері мен көңіл байламдарын да жақындата түсті. Олардың халықшылдық мақсат-мұраттарын мансұқ етпеуге ұмтылды. Қазақ жұртын орыс империясының тырнағынан азат ету арманы басты идеясы, адастырмас темірқазық жұлдызына айналған еді.

Бір кезде Александр Блок:

«Я сам иду на твой костер!

Сжигай меня!» – деп жырласа,

Мағжан да осы бір ойдың жаңғырығындай:

«Өмір – құрақ,

Үміт жырақ,

У ішемін де өлемін!» – деп назаланды.

Бірақ Мағжан символистердің жаңғырығы болып қайталап, болмаса солардың ой сорабымен ғана алға ағындай берді десек қателесеміз. Кей тұстарда «Батыс» пен «Шығыс» шарпысуларынан өз жанының азалы, ашынған, күңірене күрсінген шақтарында өз өзін қайратты сабырлыққа шақырып, ізгілік сезімінен де сыр беріп отырады. Өзінің атақты «Күншығыс» өлеңінде:

«Қысық көзді күншығыс,

Болсын соңғы бұл жүріс.

Күнбатысқа жүрелік,

Желкілдеген туменен,

Жер күңіренткен шуменен

Қаласына кірелік,

Күл қылайық қаласын,

Құл қылайық баласын.

Жоқ! Жоқ! Ашу басалық!

Гүл қылайық қаласын,

Ұл қылайық баласын.

Мейірім есігін ашалық», – дейді. Ал Александр Блоктың атақты «Скифтер» өлеңінде ақын батыс пен шығыс арасын бітіспес қанды шайқасқа соңғы шайқасқа шақырмаушы ма еді?

«Идите все, идите на Урал!

Мы очищем место бою.

Стальных машин, где дышит интеграл

С монгольской дикою ордою», – дегенді Блок жазған. Дей тұрсақ та Мағжан «Батыс» пен «Шығыс» арасындағы қақтығыстан өз көңіліне болмашы бір үміт сәулесінің себездеп түсіп тұрғандығын сездірте келгенде «Күнбатыстың» қандықасап озбырлығын ашына әшкерелеп, барынша батыл үн көтереді.

«Әй, сен, кесел Күнбатыс!

Бұл жатуың қай жатыс,

Жоғал жылдам жолымнан!

Болмаса, қорықсаң өлімнен,

Үмітің болса өмірден,

Ұста менің қолымнан!» – деп сес көрсете сөйлейді.

«Өзім – күнмін, өзім – от,

Сөзім, қысық көзім де – от,

Қзіме өзім табынам.

Жерде жалғыз тәңірі – от,

Оттан басқа тәңірі жоқ», – деп өзінің Шығыстың ұлы екендігін елестетеді де:

«Түн баласы түнеріп тұр өлгелі,

Көзіңді сал-күнбатыста қанды шу.

Көзге түртсе көрінбейтін қара түн.

Күңірене ме, күле ме әлде, әлде кім?

Жылайды да, шулайды да ұлиды.

Бұл кім? Бұл ма – түн баласы түссіз жын», – деп Батыстың ғасырлар бойы билеп-төстеп келген өктемшіл пиғыл, мінезіне жиіркенішті тіл қатады. Осы бір ой сорабы оның табан аудармас ақындық позициясына да айналып кеткендей. Онысын «Пайғамбар», «От» , «Күншығыс», «Ақсақ Темір», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы» сияқты өлеңдері мен толғау-дастандарынан терең сезінеміз.

«Айрылдық балпаң басқан батырлардан,

Аузынан уыз төгілген маңғаз байдан.

Құдай-ау албастының ойнағындай,

Мынау сұм заманға кез қылдың қайдан?» – деген ой түйіні «Қойлыбайдың қобызында» айта алса, «Оқжетпестің қиясында» поэмасында одан да тереңге бойлай түседі, ашына ақтарылады.

«Алаштың алдын қара – тұман жапқан,

Мынау орыс обыр ол, еміп жатқан.

Заман азған шағында адам да азбақ,

Көп ерлер жаумен бірге елін шапқан.

Кешегі Абылайдан азып туған,

Уәли анау қар қатынмен басы қатқан.

Шормандай шолтаңдаған шолақ билер,

Орыстың шекпеніне елін сатқан.

Кене хан, елің қалды жау қолында,

Алып кет Алашыңды осы жақтан», – деп күңіренеді. Әрине, бұл замана қайғысы. Мағжан қасірет-наласы еді. Сол кезеңдегі ұлтжанды қалам қайраткерлеріне де бұл қайғы ортақ болатын.

«Күміс ғасыр» символистерінің ықпал әсері елеулі болды десек те Мағжан Жұмабаев туған елінің жоғын жоқтаған таза қазақ халқының ақыны еді. Оның арман-мұраты туған жер, өскен орта тағдырымен бірге болды, халқы кешкен тақсірет тауқыметін сырттай бақылаушы, сонысын жалаң баяндаушы дәрежесінде қала алмады. Оның әр өлең жолдарынан ақын жанының терең күрсініс, көлдеген көз жасы, айықпас жан азабы, тақсірет наласы айқын бой тастап отырады. Төңірегінде болып жатқан әділетсіздіктер мен қаймана кемсітушіліктер, кембағал жоқшылық пен жүдеушіліктер ақын жүрегінің жан сүзгісінен өтіп жатады, қанды жаспен қотарылып, ақ қағаз бетіне төгіліп түсіп отырады.

«Білмеймін не боларын, қайран көлім,

Жарайды тең болмаса күн мен түнің.

Итиіп қара шекпен келіп қонса,

Басыңнан бағың ұшып кетер сенің», – деген жан толғанысын, күпті күдігін алғашқы жазған «Сасықкөлге» өлеңінде-ақ бүкпесіз білдірген еді.

«Сұрасақ тілек қабыл болмас па екен?

Жолымыз жылап шеккен оңбас па екен?

Кеше ұшқан басымыздан бақыт құсы,

Тағы да қайта айналып қонбас па екен?» – деген сұрауын «Айға» деген өлеңінде алға тартады. Бірақ Аймен іштей тілдескен тұтқын мұңлық жауап таппайды. Торығады, қажиды, күрсіне күңіренеді.

Тұйыққа тірелген ел тағдырының осыншалықты азапты, дәрменсіз халын ақын қазақ жұртының әлі күнге маужырап, ұйықтап жатқан марғау тірлігінен, сілкінісі жоқ бойкүйездігінен, төңірегіндегі өзгерістерге өзеурей қараудан шет қалған надандығынан деп біледі.

«Күшің кеткен баяулап,

Жүрсің атсыз жаяулап.

Ит надандық желкеңде

Шабайын деп аңдып тұр,

Қылышын ұстап таяулап», – десе енді бірде:

«Ойламай отқа түскен неткен жанбыз,

Сөз ұқпас, мылқау, меңіреу жүрген жалғыз», – деп налиды.

«Бар жерді күннен-күнге алып жатыр,

Біреулар алып қала салып жатыр.

Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы

Жерінен аузын ашып қалып жатыр», – деген жан ашуын да жасыра алмайды екен.

Осындай ұлы күйзелістер Мағжан ақынды тәңіріне шағымдануға дейін апарады.

«Бақытсыз қаңғып жүрген қазақ сорлы,

Әркімге күні кетіп мазақ сорды.

Бір елші жібермедің, санға алмадың,

Жалаңаш түйе баққан араб құрлы», – деп Мұхамед пайғамбары бар араб елінен қазақ жұртының несі кем деген ойын Тәңіріне қарата сөйлейді.

Ақын поэзиясы оның өмірлік кредосынан, тұтынған, табан тіреген азаматтық позициясынан туындап жатарын ескерсек Мағжан да өз дәуірінің перзенті қалпынан жаңылмаған жағдайы бар. Осынау ұлы жан күйзелістерінің емін, санасын шабақтаған сан-сапалақ сауалдарына жауап таппай күңіренді, күрсінеді, «аһ» ұрып аласұрады.

Бірде оқы, білім ал деп үндесе, енді бірде:

«Заман түлкі, тазы бол,

Базаршы дүкен құр енді», – деп кеңес береді.

«Заман түлкі болғанда тазы болмай,

Биік қырдан алдағы аса алмаспыз!» – деген ойын тағы да шегелей түседі. Әрине, «тауына қарай түлкісі, заманына қарай күлкісі» дейтін қарапайым қағиданың астарында қара дүрсін приметивщинаның жатқандығын аңғармадың деп ақынды күстәналаудан аулақпыз.

Мағжан жырларындағы әдемі романтикалық сарын кей тұста Лермонтовқа, кей тұста Байронға бой ұратындай әсерге жетелейді.

«Играют волны – ветер свищет,

И мачта гнется и скрепит...

Увы, – он счастья не ищет,

И не от счастия бежит!» – дейтін Лермонтовтың долы теңізі Мағжан жырында:

«Толқындап ойнап құтырып,

Көбігін шашып өкіріп.

Шапшып көкке лепіріп», – болып суреттеледі.

«Келші көзім, күн бетіңді көрейін,

Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.

Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей.

Жұлдызды жүзік,

Айды алқа ғып берейін», – дейтін Мағжан сүйіспеншілігі Лермонтовтың махаббат тілінде:

«О, лишь на миг,

Прошу приди,

И оживи

В моей груди

Огонь любви.

Пусть я прижму

Уста к тебе.

И так умру

Назло судьбе», – болып өріліп түседі.

Мағжанның сүйіспеншілік сырына үңілсек бір оқшау дара бітімді махаббаты бар, ал ол оның «Сүйемін» деген өлеңінде ерекше айқын, әсіре боямасы жоқ ғажап сырымен тәнті етер сүйіспеншілік болып кетеді. Жан толқытып, көңіл босатар осынау өлеңнен Мағжанның ұлы жүректі, іңкәр сезімді азаматтық қасиетін сезінбей қалу мүмкін емес. Тыңдап көріңіз, өлең үзіндісін:

«Ұйқы басқан қабағың,

Бастыра киген тымағын.

Жалқаулықты жар көрген

Жүрген ескі заңымен.

Алдындағы малымен,

Бірге жусап бірге өрген.

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін – 

Сол елімді сүйемін!

Сағымы сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс – ақ кебін, жаз – сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ.

Мәңгі өлік сахрасы

Сарыарқа деген жерім бар,

Неге екенін білмеймін – 

Сол Арқамды сүйемін!»

Сенесіз, сендіре алған. Боямасы жоқ сұрықсыз сипатымен-ақ Алашты да, Арқаны да көзі көр, тоқсан бестегі ананы да, жабайы тірлікті жарды да сүйесіз. Мағжан махаббатының қуаты да, сарқылмас сыры да осынау ой төңірегінде сурет сұлулығында туған ортаға деген мәңгілік ұлы махаббатында болса керек.

Әлқисса, Мағжан поэзиясы – әрқашан мәңгілік махаббат музасы!

Ақын – әрқашан қазақ топырағындағы махаббат музасының теңдесі жоқ біртуар либертені!

Ақын – әрқашан мәңгілік махаббат музасының біртуар маршалы! Әрине, өлеңдегі музыкалық әуездің Моцарты!

Міне, осыдан болар, Мағжан ақын неге болсын бүкіл болмысымен ғашық болатын сирек тұлға. Оның табиғатындағы сиқыр өзінің осы ерекшелігімен, осы қабілетімен, осы даралығымен үнемі сәулеленіп тұрады. Оның ғашықтығы көзге көрінбейтін, ал байқалса мейлінше жпрқырап, мейлінше алаулап тұратын тылсым іңкәрлікке ұласып жатады. Ғашықтықты, іңкәрлікті сезімтал сиқырдың құдірет-сымбатымен ғана жеткізуге болады. Леонардо да Винчидің «Джоконданың жымиысы» атты картинасының құдіреті – миллиондаған жұмбақ мәнділігінде болар немесе әркімнің талғамына-түйсігіне дөп келетін сан алуан мағынада көрінетін қарапайым ғана генетикалық сиқырында шығар. Түптеп келгенде сұлулықтың өзін сұқтандыру сезіміне дейінгі дәрежеге жеткізетін мәңгі жұмбақ құдірет-жаратылыстан берілген талант құпиясында болар.

«Жан сүйгенім – ол да өлең,

Жете алмасам, жолда өлем!

Жанымның жаны,

Тәнімнің қаны.

Тіршілгім сенімен,

Ойландым – тоймадым,

Іздедім – қоймадым», – деген ақынның поэзияға деген іңкәрлігі мен оның:

«Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына.


Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,

Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.

Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,

Балқып денем, барам еріп деміңнен.


Кір қойныма, қыпша белің бұралып,

Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.

Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,

Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.


Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – Ай,

Тісің – меруерт, көзің, сәулем – құралай.

Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,

Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!


Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:

Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!» – дейтін осы екінші мысалдағы махаббаттың ғашықтық, іңкәрлік сияқты жұмбақ ұғымдарын мүлде тың сапаға, мүлде жаңа тұспалға астастырып, Шығыс пен Батыстың осы саладағы озық үлгілерін эростық, либертинаж философия биігіне – тән мен жан тайталасын, табысуын, ләззатын ұлттық топырағымызда тұңғыш әрі тосын сипатта, жұмбақ қалпында осылайша көтере білу Мағжан Жұмабаев поэзиясының қазақ әдебиетіне әкелген ұланғайыр, мәуелі жаңалықтарының жекелеген мысалы ғана. Бұған оның «Шолпы», «Төгілген шашы», «Батқан күн, атқан таңның жыры», «Сен сұлу», «Біраз Фетше», «М-ға», «Сүйгенім анық», «Жас сұлуға», «Г...ге», «Гүлсім ханымға», «Ф...ға», «Д...ға», «Р...альбомына», «Жан жарымды бір сүйейін түсімде», «Әйел», «З...ға», «Махаббат не?», «Айрылғанда», «...Альбомына», «Алдамшы өмір», «Жан сөзі», «Ой», «Тірілдім», «Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін», «Р...ға» және тағы басқа көптеген өлеңдері махаббат лирикасында, сөз жоқ, мәңгілік махаббат мұхитын құрайтын кесек туындылар. Мұнда Мағжан өзінің махаббат музасына деген адалдығын, шындығын мейлінше жарқыратып көрсеткен. Сүю не сүйікті болу, күю не күйікті болу тәрізді тән мен жан арасындағы өмірлік драманы, Эрос пен Танатосты, тіршілк трагедиясын, бір ғана деталь немесе бір ғана сезім сиқыры арқылы бақытты сезіну, бақыт сыйлау, бақытты ету, құштар ету, ынтазар ету және махаббат әлемінің тағы басқа мұңы мен сырын мейлінше мол жырлау, мойындатып жырлау, Муза-Мұра ретінде өшпес өмір дарыта жырлау, сөз жоқ, хас талант – ұлы ақын Мағжанның бір өзінің еншісіне-ырысына дарыған шығармашылық келбет. Сондықтан шығар қазақ топырағындағы махаббат музасының дирижерлік пультінде – тек Маэстро Мағжан Жұмабаев қана мәңгілік тұрады!

Жаңа дәуірмен ере келген төңкеріс талай ұлы тұлғаларды түңілдіріп, талай жарқын саналарды сандалтып, адастырғаны, алжастырып шатастырғаны тарихтан мәлім. Арты өрт, алды көк тайғақ кезеңде оңы мен солын, дұрысы мен бұрысын ажыратып, бұлыңғыр, бұлдыр, дүдәмәл дүрбелеңге қақтықпай, қансырамай дұрыс жол тауып шығып кету мүмкін емес еді. Өйткені бұл ұлы дүрбелең, жалпақ елді қалың жұртты қамтыды. Оның отты шарпуынан Еуразия қос құрлығының қағыс қалған ұлты мен ұлысы кемде кем болатын. Осындай бір тұста қала тірлігінен безіну қырды аңсау, содан жан тыныштығын іздеу сияқты құбылыстар терең із тастап жатты. Бұл әдебиетші ортаға да өз мұрындығын соқтырмай өтпеген. Мағжанның «Айда атыңды, Сәрсенбай» өлеңінде тап осы көрініс терең із қалдырғандай.

«Айда атыңды Сәрсенбай,

Ағарып алтын таң атпай,

Шығайық, қырға далаға», – деген ниетпен қырға, ауылға аттанған ақын артында қалып бара жатқан қала бейнесінен бір дәу пері, құбыжықты көреді.

«Қала бір жатқан дәу пері,

Айналасы – тұман, түн.

Демалысы от, түтін.

Жарқ-жұрқ еткен көздері.

Сөзі у-шу, ың да жың,

Сасық иіс ауырттым.

Тұншықтым ғой, құдай-ай!

Кейін қарап нетеміз?

Ауылға қашан жетеміз?

Айдашы атты, Сәрсембай!» – деп қала тірлігінен безінген ақын:

«Сарыарқаның топырағы, – 

Менің жаным шырағы,

Кеудемді төсеп жатамын.

Оның жібек желінің,

Тәтті, кәусар көлінің

Қазір дәмін татамын», – деп далаға деген сағынышты, оған деген іңкәрлі көңілімен білдіреді, сол даласына жетуге құмарланады. Мұнда да қазақ сахарасына ене бастаған, иектеп билей бастаған жаңа қалалық тұрмыс – ақын үшін жат, далалық-қалалық тірлікті шендестіру, бір біріне қарсы қоя суреттеу арқылы өз қарсылығын сездіру бар. Бұл орыс ақыны Сергей Есениннің:

«Я последний поэт деревни,

Скромен в песнях дощатый мост.

За прощальный стою обедной

Кадящих листвой берез», – дегенімен де:

«Город, город ты в схатке жестокой

Окерстил нас как падаль и мразь,

Стынет поле в тоске волоокой,

Телеграфными столбами давясь», – деген мұңына жақын келетін қазақ ақынының көңіл зары десе де болғандай.

Мағжан бұлдыр болашағынан да атойлап өткен арттағы күндеріне көбірек үңілген, содан терең сыр тартып, Тұран, Түрік тарихын тербетіп, Абылай хан, Кене, Батыр Баян, қобызшы Қорқыт, Қойлыбайлар төңірегінде толғанғанға ұқсайды. Мұнда да терең сыр, зерделей білгенге құпиялы мән-мағына жатқандығы ақиқат.

Халқымыздың қаһарман перзенттерін қайта толғап, жаңаша сөйлете алсам деп ниеттену, әрі сол жолда          ғаламат биікке көтеріле алу Мағжан шығармашылығының тың қырын, шырқау биікке шығандап кете алғандығын даусыз мойындатады. Мойындай отырып хан Кене («Оқжетпестің қиясында»), Батыр Баян тұлғаларына мінәжат еткендей бет бұрып, неге ерекше бір ұлы толғаныспен тебірене қалам тартты деген сауалдың көлденеңдері даусыз. Оған жауапты Мағжан өмір сүрген ортадан, сол дәуір тынысынан іздегеніміз жөн. Өйткені туған халқының тағдыры тығырыққа тірелген тұста оның пәс тартқан еңсесін, езілген иінін, аяқ асты қалу хаупі бар рухын кімдер арқылы көтеріп, қай арнада алға жетелеу керек еді. Сондағы Мағжан іздестірген тақырып қазақтың қазақтығы үшін қасықтай қанын қиған хан Кене, Баяндар ғұмырнамасынан табылары тағы да шындық еді ғой. Ақын жүрегі осы сырды тым сергек сезінген, сезінген де төгілте, егілте жырлап кетті емес пе.

«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп жанады да.

Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

Толғанып қарауым сол баяғыға».

Міне, бүгінгісінен түңілген, болашағына сенімі жоқ ақынның үңілері – өткені, қызықтары – кеткені, сомдары, тұлғаландырып толғары Баян, хан Кене, Абылай өмірімен өзектес ел тарихы, сол тарих тудырған ұлы шайқастар, халық тұтастығын ақтап қалсақ деп «етігімен қан кешкен» ерлер ерлігі.

«Батыр Баян» – Мағжанның мәңгілік махаббат музасының ең биік шыңы. Бұл арада ақын Мағжан өзінің творчестволық құдіретімен Шекспир, Данте, Гете, Сағди, Хафиз, Науаи, Рудаки сияқты ұлылардың қатарында тұр. Бұған туынды сюжетінің шиыршық атқан тартысқа толы сипаты, сахаралық қазақ рыцарының өмірлік философиясы ақындық шырқау қуатпен, теңдесі жоқ шеберлікпен кестеленген.

«Батыр Баян» дастанының желісі махаббат аталатын мәңгілік тақырып арнасымен жылжығанымен, мұндағы Баян тұлғасы өзінің аса күрделі, күрескерлік рухы биік қалпымен тыңнан желі тартып махаббаттан да биік, елге, халқына сүйіспеншілік сарынмен ұласа келіп, оқиға арнасын, тақырып тұғырын соны биікке өрлетіп әкетеді.

«Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,

Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.

Арқаның селі, желі, шөлі, белі

Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!»

Міне, дастан осылайша түйінделеді. Бұдан аңғарарымыз Баян тағдыры қалмақ қызының құрбандығына бодаулыққа жүрмейтін, тіпті қыз етегінен ұстай қашқан бауыры Ноян қазасынан да биікте тұрған бір оқшау дара тағдыр. Елі үшін мерт болған күрескер, халық қаһарманы дәрежесіндегі Баян қайғысы ел қайғысы, қаймана қазақ қайғысы қалпымен қымбат.

Мағжан жұмбағы неде деген сауалдың жауабын тапқыңыз келсе оның өлмес, өміршең мұраларын зерделей оқып тереңірек танысу керек болады. Сонда осыдан 128 жыл бұрын Сасықкөл басында өмірге келген ұлы перзенттің бізге белгілі-белгісіз бар ғұмырымен, туған жұртымен бірге жасап келгендігін сезінеріңіз хақ. Өйткені оның аса нәзік сыршыл жүрегі, сол жүректі қан жылата ақтарылған асыл жырлары туған халқының қайғысы мен наласын, қуанышы мен қызығын, махаббаты мен сүйінісін, толайым тарихын толғай алған дүниелер еді. Біраз жыл сол ұлы жырлар үнсіз, тілсіз егіліп, іштей тынып келді, зұлымдық пен қанқақсатар озбыр қысастықтың құрбаны болғанымен мүлдем құрып кетпеді. Мағжанның өлмес рухындай қайра көктеп бас көтерді. Біздің шүкіршілік етеріміз де, қуанышымыз да осы қауышу, осы жүздесу.

Күрделі заман күрделі тұлғалар тудырады. Мағжан да аса күрделі қалпымен өз жұртына адал, қызметін құндамай, бұлдамай өткен азамат.

Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір пікіріне үңіліп көрелікші. «Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты». Бұл аз болса: «ол сыршыл, толғағыш, суретші, сөз ұстасы, түршіл, романтик, мәдениетшіл, отаршылыққа, жауынгерлікке қарсы күншығысшыл ақын». Бұл да Жүсекеңнің пікірі.

Мағжан ақынның екінші – өлмес ғұмыры енді басталды. Оның мұралары талай-талай толғамды пікірлерге желі болып тартылып, талай ұрпақтың қыран-қиялының томаға тартары болары ақиқат. Оның жаңашылдығы, сыршылдығы, романтикалық сарынға бай сұлу жырлары жұрт назарын енді-енді аудара бастады.

«Жетсе егер қорқынышты қара түнім,

Басса дерт, әлім құрып шықпай үнім.

Көңіл ашар, кеудеме жан кіргізер

Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім».

Ақын өз тағдырының немен тынар тұсын сезінгендей ме қалай. Не десек те Өлең атты ұлы құдіретке мінәжат еткен ақын санасы салқын тартып суынғанымен оның артында қалған ұлы мұраларының әр жол, әр сөзінен нағыз ақынның ұлы рухы сезіліп тұр. Ол өлмесе рух, халқымен бірге жасар ұлы рух қой...

author

Мағжан Жұмабаев

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...