Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақ...
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ. АБАЙША СҮЙІП, АБАЙША КҮЙІП ЖҮРМІЗ БЕ?
Атады таң, батады күн, толады ай.
Ауысады күнде саба, толағай.
Бірі барда бірі болмай, жоқты аңсап,
Неге пенде болды сонша қомағай !
Нәпсі сол ғой, ныспы адам болғасын,
Тәркі өмір талқы, тартыс додадай.
Ақын ақын болмас еді алдында
Жатса жайнап шәмсі, күлпар, қоғажай.
– Өмір өшпек,
Өлең қалмақ, – дейді дос,
Көңілімді аулап айтқан сөз ғой о да жай.
Білем жатқа даңқты талай дананы,
Олар тау да, мен кішімін обадай.
– Алтынсың, – деп алдағандар тірімде
Көзім жұмсам, көрмес мені қоладай.
Дүниеге қаланған бір кірпішке
Сол дүниенің осындай бір обалы-ай!
Қуандыққа соның бәрін ұқтырған
Аруағыңнан айналайын,
О Абай !
Қуандық Шаңғытбаев осылай толғаған.
Абай шығармашылығы — әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Кейде ойлап отырсаңыз, Абай біз үшін ақын да, философ та, аудармашы да, композитор да емес, бәрінен бұрын өзіміздің жанымызға соншама жақын адамымыз, ағайынымыз ба, туысқанымыз ба , ағамыз ба, атамыз ба, әйтеуір бір жақсы танитын адамымыз сияқты. Сол адаммен талай рет кездесіп, сөйлескен, сырласқан, талай рет ақылын алғандаймыз, ал кейде не балалықпен, не шалалықпен алмай кеткендейміз. Қуансаң да, қиналсаң да Абайдың алдына барасың. Жар сүйіп, бала сүйіп қуансаң да, жақыныңның азасына күйіп, қайғырсаң да жаныңнан табылады Абай.
Халқымыздың ұлы ақынға құрметі біздің “Абай атамыз айтқандай” деп сөйлейтінімізден де көрініп тұр. Ұлы классиктерін халықтың атасы деп сөйлеу ең дамыған деген ұлттарда да табыла қоймайды. Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі. Егер әрбір қазақ баласы ауық-ауық болса да Абай томын қолға бір алып қойып, бір өлеңін болса да қайталап оқып отырса, өзіне өзі Абай алдында іштей есеп берсе, “Қалай өмір сүріп жатырмын осы? Абайдың айтқан ақылын алдым ба, жасаған сынынан қорытынды шығардым ба, шық деген биігіне ұмтылдым ба, адам атын ақтайтындай не істедім мен өзім?”, дегендей ойға түсіп тұрса қазақтың бағы баяғыда жанып, ортақ үйіміздің түтіні де түзуірек ұшар еді-ау деп те қиялдайсың.
Ұлт руханияты ұстындарының бірі саналатын Мырзатай Жолдасбековтің Абай шығармашылығы жайында ой толғап көруін сұрағанымыздағы ойымыз да халықтың бүгінгі өмірінде Абай алар орынды көрсету, халық алдындағы парызын ақ-адал атқарған Абайдың алдындағы халықтық парызымыздың ақталуын айтқызу еді. Бұл ойымыздың қалай орындалғанын бүгінгі мақаладан оқи аласыздар. Сөз ретін пайдаланып, “Тұлғалар толғанысы” ел газетінің бетіндегі айшықты айдарлардың бірі ғана екендігін, бас басылымды келесі жылы да жанына жалау ететін ағайын “Егемен Қазақстанның” бетінен талай-талай татымды мақалаларды табатынын да айта кетпекпіз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Абай атасынан кемеңгер боп жаратылып, анасынан дана боп, еліне пана боп, өз заманынан ойы озық туған ғұлама; халқының мұңшысы, ұлы ақыны; қазақ үшін дертті болған, сол дертінен айыға алмай кеткен, жан жарасы жазылмай кеткен, кеудесі қайғы мен қасіретке толы қазақ тарихындағы ең ірі трагедиялық тұлға; өз ұлтын өркендеген өнегелі елдің қатарында көруді көксеген ойшыл.
Қазақ қоғамы, оның болмысы, келешегі туралы соншама толғанған; ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған; елі үшін күйіп-піскен, азапқа түсіп, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан кісі болған жоқ. “Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман”, дегенді Абай жасы жетіп қартайғандығынан айтқан жоқ, Абайды жасына жетпей қартайтқан – қазақ, оның қылығы. Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір қазақ түбінде Абайға жүгінеді, оның өсиетіне, аталы сөзіне тоқтайды.
Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес. Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсесің, ой түбіне тереңдей түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі туралы ойлана, толғана түсесің. Абай мұралары жыл мезгіліне қарай, кісінің көңіл-күйіне, жасына қарай әр кезде әр түрлі әсер етеді, өзгеше ой салады. Сол кезде Абайдың “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла” деген сөзі еріксіз есіңе түседі.
Шынында да, Абай – жұмбақ адам. Оның ойлары гауһардай түрленіп, әр қырынан әрқалай сәуле шашады. Көп ойларын тылсымдап кеткенге ұқсайды. Заман асқан сайын, уақыт өткен сайын тылсымның кілті табылып, Абай халқына бүгінгіден де ашыла, бүгінгіден де жақындай түсетін болады. Қазақ дертінен айығу үшін, көкейіндегісін табу үшін Абайға жүгінуі керек. Абайға үңілген сайын бірде табынасың, бірде қамығасың, әрқалай ахуал кешесің. Заманына, дәуіріне қарай, қоғамның ауанына қарай үнемі Абаймен сырласып отыруымыз керек. Адаспаудың бір жолы осы деп ойлаймын.
Абай өмір сүрген кезеңде, шырғалаңға түскен, шырмауда қалған көшпенділер елінің мәдениеті де, санасы да күйреуде еді. Ұлы дала жандаралдың табанының астында жаншылып талып жатты, даламен бірге қазақтың рухы, поэзиясы, аңызы, ертегісі өлді, ұлттық намысы тапталды. Абай соның бәрімен жалғыз алысты, жалғыз арпалысты, осыншама сұмдықты өз жүрегінен өткізді, туған халқын оянуға, жан тірлігіне, қалғымайтын намысқа, ардың күресіне шақырды. Ұлы далаға жаңа ой, жаңа поэзия әкелді. Тұнық бұлақтың көзін ашты. Сонда да меңіреу Дала Абайға үн қатпады. Келеңсізге сөзі өтпеген Абай басын жарға да, тауға да соғып, сергелдеңге түсті.
“Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік, қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз. Соны таба алмай өзім де қайранмын”, – деп дал болды. Абайдың басынан кешкен азабын, көрген мехнатын, қорлығын мен бертінде, есейе келе ғана түсіндім, өз жүрегімнен өткізіп сезіндім.
...Ұлы даланы еркін мекендеген, алаңсыз, бейқам өмір кешкен қазақ халқының тағдыры туралы Абайдай аяусыз, жанға батырып қатты айтқан жан болған жоқ. Абайдың максимализмі туған халқының мешеу мінезін ғайбаттау емес, керісінше елін талмайтын зерделікке, ойлылыққа шақыру.
Абай адам алдындағы парызына дақ түсірмей, ақиқатқа жан-тәнімен қызмет етіп өтті. Саналы ғұмырын, күш-қуатын санаткерлікке жұмсады, бірақ заманы ақынның жан егілткен әндерін сүйсіне тыңдағанымен, тамылжыта салғанымен, мұңлы өлеңдерінің, аталы сөздерінің ой қатпарларына тереңдей алмады, жанына дарыта алмады, сөйтіп, ақынның өз халқына айтқан ақыл-өсиеті жаһан далада адасып қалды. Абай дүниеге ақын болып туған адам, өлеңді ерте жазған
Кім екен деп келіп ем түйе қуған,
Қатын ғой күлдәрімен белін буған.
Төркініңнің бергені жауыр айғыр,
Бауырыңды ұрайын бірге туған ,
– дейтін әдепкі өлеңінің өзі түйеден түскендей.
Абай табиғатынан ақын болып туғанымен, жас кезінде өлең шығарумен еркін айналыса алмайды. Заман ағымына, халықтың ұғымына қарай Құнанбайдай кемеңгер әкенің Абайдан күткені басқа еді. Билік үшін арпалысып өткен дала көкжалы Абайды ел тізгінін ұстауға баулыды. Құнанбайдай әкенің ырқынан шығып, ақындық әлемге қанат қағу жас Абайға оңай болған жоқ. Абайдың алдында күрделі де қым-қуыт өмір жолы тұр еді.
Абай өлеңді он екі жасынан бастап шығарған. Ақынның бала кезіндегі өлеңдерінің көпшілігі бізге жеткен жоқ. Олардың бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен, шығармаларының аттары ғана сақталған. Абайдың жас кезіндегі өлеңдерін сақтаған, оның өмір тарихын баяндайтын замандастары жазған мемуарлар да, хаттар да, жазбалар да, өкінішке орай, бізге жеткен жоқ.
Абайдың жас кезіндегі өлеңдері досы Көкбайдың атынан жарияланады. Тек 1886 жылы, қырық жастан асқан соң, “Жаз” деген атақты өлеңі шыққаннан кейін ғана, шығармаларына өз атын қосады.
Абай тек ақын ғана емес, сонымен бірге жүрек тербеген оқиғалы, ғажайып әндер де шығарған композитор.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй! –
дейді Абай. Өнерге Абайша ғашық болу, әнді Абайша қастерлеу бір басқа. Абай халықтық өнердің қайнарынан мол сусындаған. Сусындай отырып, қазақ поэзиясы мен қазақ музыкасын шырқау биікке көтерген, әнге де жаңа ырғақ, жаңа мән-мағына әкелген.
Құр айғай бақырған
Құлаққа ән бе екен? –
дейді Абай. Осы сөзі дәл бүгінгі біздің жастарға арнап айтылғандай. Қазір жастардың дәстүрлі әннен қол үзіп, батыстың мағынасыз, даңғырлақ, әулекі музыкасына бой ұрып бара жатқандығын ойлағанда елдің келешегі, қазақ өнерінің болашағы не болады деп мұңаясың
Абай бар болғаны 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз, 1 мақала жазған кісі екен. (Мақала деп шартты түрде айтып тұрғанымыз – “Қазақтың шығу тегі туралы”). Абай өлеңдерін оқу, оның қадір-қасиетін сезіну, асыл ойларын зердеге сақтау ынтасы да, ықыласы да бүгінде бұрынғыдай емес. Тек Абай ғана емес, жалпы кітапқа құштарлық, кітапқа құмарлық бәсеңдеді. Мұны күнделікті тіршілікте әр отбасынан көріп жүрміз. Теледидар, басқа ақпараттар толқыны, батыстық экспансия өз балаларымызды бауырымыздан, ұлттық әдебиеттен, ұлттық өнерден, ұлттық музыкадан бөліп алып барады. Бұл, шынында да, қорқынышты жағдай. “Қорқамын кейінгі жас балалардан” дегенде Абай осы сұмдықты сезген бе деп ойлайсың. Сондықтан да мынау қиын да күрделі заманда етек-жеңімізді, есімізді жисақ керек. Осы үшін де бізге Абай керек. Абай өлеңдеріне жас ұрпақты үңілдірудің, Абай ойларын жеткіншектеріміздің бойына сіңірудің тура жолын іздестіруіміз керек. Абай өлеңді ермек үшін жазған жоқ, кейінгіге өнеге-білім бермек үшін жазды.
Абай өлеңдерін кезінде тобықтылар қолжазба күйінде ұзатылған қыздардың жасауына қосып қастерлеп, қасиеттеп отырады екен. Өз ауылының қыздары ұзатылғанда жасауының ішінде Абайдың өлеңдері мен поэмаларының, нақыл сөздерінің қолжазба жинақтарын ала кететін болған. Мысалы, Әсия, Уәсила, Рахила сияқты және басқа да қыздардың сондай қолжазба жинақтары осы күнге дейін сақталған. Сол арқылы Абай сөздері күллі қазаққа тараған. Заманында Абайдың Көкбай сияқты ақын құрдастары да, Шәкәрім, Әріп, Әсет, Кәкітай сияқты шәкірттері де Абай өлеңдерін насихаттауға күш салған. Абай өлеңдерін Мүрсейітке ат, түйе беріп көшіртіп әкетушілер өте көп болыпты.
Абайды алғаш танып, терең түсінгендер, ақын сөздерінің кейінгі ұрпаққа аман-есен жетуіне арпалысып еңбек еткендер – Алаш арыстары. 1909 жылы Абай өлеңдерінің Кәкітай жинаған қолжазбасының Петерборда шығуына Әлихан Бөкейханов атсалысты. Ахмет Байтұрсынов “Қазақтың бас ақыны” деп мақала жазды.
Қазақтың еркін ойының басында қашанда Абай тұрды. Мәдениет министрлігі секілді ұйым да алғаш Семейде құрылды. Оны ұйымдастырушылардың бірі де Абай болды. Семейдегі ғылыми-көпшілік кітапхананы ұйымдастырушылардың бірі де Абай еді. Абайдың баласы Тұрағұл да, інісі Шәкәрім де Алашқа қызмет етті. Тұрағұл Алашты қолдап бірнеше мақала жазды, Шәкәрім Семейде құрылған шығыс Алашорданың бас қазысы болды. Қазақ тарихындағы осы елеулі оқиғаларды да ұмытып бара жатқандаймыз.
Байқап қараған адамға Абайдың бүкіл өмірі қазақты ел болуға, өзге жұрттан кем қалмауға үндеумен өтті. Жалғыздықтан қамығып, білімсізбен алысып, елге сөзі өтпей, “Қадірлі басым, қайратты жасым, Айғаймен кетті, амал жоқ”; “Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір”, “Толды қайғы кеудеге, сырласа алмай, сөз аша алмай пендеге” деп қорланады, құлазиды Абай. “Таппадым көмек өзіме, көп наданмен алысып, көнбеді ешкім сөзіме, әдетіне қарысып”, немесе “Мен – қажыған арықпын, сендерге де қанықпын”, “Жарлы емеспін, зарлымын, жұртым деуге арлымын өзге жұртан ұялып”, “Мұндай елден бойың тарт, мен қажыдым, сен қажы”, “Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ер жүрек”, “Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен, қайғы мен ыза шыққан соң зар шығады тілімнен”, “Ақылсыз би болмас, сәулесіз үй болмас, жүректе оты жоқ адамда ми болмас”, “Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз”, “Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ” дегенді де Абай жаны қиналған соң айтқан.
Елге сөзі өтпеген соң: “Туған жерді қия алмай, тентекті тия алмай, әлі отырмыз ұялмай. Таба алмадық өңге елді. Әзелде Тәңірім сорлы етті, арсыз елмен әуре етті, жалғыз үйде күңірентті, тағдырға білдік көнгенді”, – деп ел-жұртын қанша қақпайлағанмен, ештеңе шығара алмайтынына, қанша айтса да қазаққа сөзінің өтпейтініне көзі жеткен хакім өз тағдырына көнгендей болады. Елі-жұртын қиып ешқайда кете алмай, дегеніне жете алмай, ұлы ақынның өмірі құсалықпен, жалғыздықпен өтеді. Бәрібір, сонда да халқынан күдерін үзбейді. Оны мына өлеңінен айқын аңғарамыз:
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уәйім жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып, түзеле ме деп айтқанмын.
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сырын.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын.
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Абайдың осы сөзі дәл бүгінгіге арналмаған деп кім айта алады. Бұл сөз, бүгінгіні қойып, келешекке айтылған сөз.
Халқын надандық шырмауынан, бодандық бұғауынан азат етуге ниет қылған Абай адаммен де, заманмен да арпалысып бақты. Қараңғы түнді қақ жарып сәуле төкті. Шалғай ауылда, Қарауылда – Шыңғыстауда отырып-ақ бүкіл қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Қазақтың жоғын жоқтай отырып, өз қазағын қатты сынады. Сынағанда жек көргендіктен емес, жаны ашығандықтан, күйінгендіктен сынады. Өз халқын сынай отырып, сүйе білді. Абай “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі – май, бірі – қан боп енді екі ұртың” деп күйзелді. “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық” деп үйретті 38-ші қара сөзінде. Осының үшеуі де қазақтың басында әлі бар. Сөйтіп, ақын:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын? –
деп аңдысқан елдің етекбасты әдетінен әбден шаршайды.
Абай өз халқын өркендеген елдің, пәтуалы елдің қатарынан көргісі келді. Алдағыны айнытпай болжады.
Көк тұман – алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп алдаған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Осы өлеңінде өзінен кейінгі сергелдеңге толы, намысы тапталған, ары жаншылған, қор болған қазақ тірлігінің екі ғасыры дәл болжалып тұр.
Абай – анық ұлттық, халықтық ақын, ғұлама ойшыл. Сол кездегі қазақ ауылының қоғамдық қалпын айна-қатесіз таныды. Оның диагнозын дәл қойып, айығудың да амалын дәл тапты. Абайдың көптеген өлеңдерінде (“Қартайдық, қайғы ойладық”, “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, “Күлембайға”, “Көжекбайға”, т.б.) надандық, даукестік, парақорлық, арамтамақтық, қазақ халқын билеп-төстеушілердің рухани жүдеулігі өлтіре сыналады. Отбасына, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе, әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет осы Абай шығармаларынан көрінеді. Қазақ әйелін, ананы – отбасының тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, адал жанының тұтастығын мадақтайды.
Абай енжарлық пен жалқаулықты қатты түйреумен бірге өзіне дейінгі дидактикалық уағыз поэзиясының канондарын бұзды. “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін”, “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Біреудің кісісі өлсе қаралы ол” атты өлеңдері – осы айтып отырғанымыздың айқын дәлелі.
Поэзияда, музыкада, даналықта, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай – қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеймін деген ұрпаққа таңғажайып тұлға. Ол – өз халқының тарихындағы тауға шыққан биік шынар, тамырын тереңге жайған алып Бәйтерек. Біз сол биік Бәйтеректі саялай да білуіміз керек, бағымызға туған Абайдай ғұламаның байтақ мұрасын аялай да білуіміз керек. Құранның сөзіндей болған ойларын бағалай да білуіміз керек.
Абай әлемі шексіз. Абай заман ағымын қатты сезінді. Ілгергіні болжады. Соған ыңғайлап қазақ халқын тәрбиеледі. Сөйтіп, ұлтының ұстазына айналды. Абайдың кез келген сөзі өнеге, әр сөзі өсиет. “Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады”, “Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың”, “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың”; “Сократқа у ішкізген, Жанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал”; “Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол”; “Бағың өскенше тілеуіңді ел тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің”, – дейтін Абайдың дана сөздері мәңгі-бақи қазаққа қызмет ететін сөздер. Тек біз осыдан ғибрат ала білсек болғаны.
Абай Семейден ұзап шықпай-ақ жер-дүниені алақанындағыдай көріп-біліп отырды. Оның ойлары әлемдік ұғыммен, арғы-бергі замандардағы адамзат данышпандарының пікірімен ұштасып жатады. Сондықтан да Абай туралы түгесіп, тауысып айту мүмкін емес.
Абай әлем әдебиетінің ең озық үлгілерін өз ұлтының асыл қазынасына айналдырды. Гетені де, Пушкинді де, Лермонтовты да өз тіліне аударды. Пушкиннің Татьянасына қазақ қызының жанын салды.
Амал жоқ, қайттым білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын, –
деп, Татьянаны Пушкиннің өзінен де аяулы етіп шығарды.
Абай Шығыс жұлдыздарын жоғары бағалады. Сөйтіп, өзі де Шығыс жұлдыздарының ішіндегі ең жарығына айналып, әлемге нұрын төкті.
Абайдың толғаныстары, ой-пікірлері әлем ойшылдарымен үндесіп жатады. Сонау жер түбіндегі Ясная Полянадағы Лев Толстойды Қарауылға шақыртып, Шәкәрімге хат жаздырды. Толстой қартайғанын айтып, келе алмайтынына өкініш білдіріп, жауап хат жазады. Біз бағалай түсетін Абайдың және бір құдыреті осында.
Бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз – ұлы Абаймен сырласа отырып, өз жүрегімізге, өз айналамызға үңіле отырып, ел тағдырына, ұлт тағдырына қатысты пайымдарымызды тағы да көңіл таразысына тартып, көпшілікпен ой бөліссек, ұлы ұстазымызға мұңымызды шақсақ дегендік еді.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Сөз қадірін Абайша түсініп, Абайша сезіну үшін үлкен жүрек, терең ой, кемел ақыл, ыстық сезім керек еді. Өлеңді – сөз патшасына теңеген Абай өзі де сөз патшасына, өлең құдіретіне айналарын сезген болуы керек.
Иә, Абай заманын біз қанша “надан” көргенімізбен, сөзге тоқтайтын, сөз қадіріне құлақ асатын, “айтылған сөз – атылған оқ” деп сөзді сертке балайтын заман болатын. Соның өзінде: “Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!” –деді Абай. Бірақ тыңдаушыға көңілі толмады. “Тыңдаушымды ұғымсыз қылып тәңірім берген-ді”, – деп қиналады. Заманына асыл сөзін тыңдата алмай кеткен Абай мұрасына бүгінгі оқушы да терең бойлап бара алған жоқ. Бізді осы қинайды. Қиналғаннан болар, осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде “Сөзді ұғатын кез келді” (25.01.2005) деген мақала жарияладым. Бірақ қазақ соған да құлақ асқан жоқ. Жалпы тыңдасын, ұғынсын деп айтқан сөзді тыңдамауға келгенде қазақ алдына жан салмайды. “Ылғи жарты қайран менің оқушым, оқымауға келген шақта – бүп-бүтін, түсінбеуге келген шақта түп-түгел!” – деп Жұмекен ақын да күңіреніп кеткен еді ғой.
Ендігі жерде Абай өсиет қылып, аманат етіп қайта-қайта айтып кеткен ұлттығыңды ұлықтау, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, жаманнан жирену, жақсыдан үйрену, әдептен озбау, өткенді игеру, ата салтын бойға сіңіру, сөзге тоқтау, қызға қырық үйден тыю – қазақ арасында бұлжымас заңға айналуы керек.
Ел ішінде бетімен лағып, жөнсіз сөйлеу, ғайбаттау етек алып барады. Күні кеше жұрттың абыройы, ар-ожданы, тәрбиеші-тәлімгері, мақтанышы, айбары болған жазушылар өзара айтысып, бірін-бірі даттауға көшті. Мұның өзі қанға сіңіп барады. Ақылманы, қариясы жоқ елдей болдық. Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады, қолдамаса ер азады, бір-бірімізді қолтықтап демеп, қолдап, жарасып жүрсек жарар еді. Қаны таза халық едік, жан тазарса, ар тазарса деп тілеймін. Жасамыстарымыз алжымай, дұрыс қартая білсе деймін.
Абай сөздерін қасиетті Құран сөзіндей қадірлеп, көңіл төріне орнықтырып, болашаққа нысана етіп, елдігіміздің еңсесін көтеруге пайдаланып отырмасақ болмайды. Абайды осы уақытқа дейін тыңдамай келген қазақ онысынан еш пайда тапқан жоқ. Абайдан қалған қазынаның қадіріне жете білуді көбірек ойлауымыз керек. Мен Абай өлеңдерін, Абай сөздерін өз тілінде оқи алмайтын жандарға жаным ашиды, олардың қаншама қазынадан құр қалғанын ойлағанда жүрегім ауырады.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде одан басқа.
Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдар, алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
Данышпан Абай осылай дейді. Мынау жалған дүниеде бес күндік тіршілік үшін, ертең артта қалатұғын сай үшін, соятұғын тай үшін айтысып-тартыспа, боқтан өзгеге таласып қырқыспа, бір-біріңнің қадіріңді біл, “адамды сүй” деп анық айтып отыр ғой Абай. Амал не, Абай өсиетін орындап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырған елді әлі көре алмай отырмыз. Кейде өз қандасын сыртқа теуіп, жатты көрсе жорғалап жүргендерді көргенде көңілің су сепкендей басылып, құлазиды.
Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті, – деп мұңаяды Абай.
Сөйткен Абай тағы да:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын,оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма,
– деп, кейінгіге басу айтады. Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырына әлі бойлай алмай келеміз. Абайдың “алысып өткен мыңы” кім еді? Абайдың алысып өткені – өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес еді, сонымен қоса адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік еді.
Абай жөнінде көп жазылды, көп айтылды. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтен бастап Тәкен Әлімқұловқа дейін талай ойшылдар Абай турасында қалам тербеді, тербей береді де. Абайдың ұлы тағдыры әсіресе кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясында ғажайып суреттелген.
Абайды қазақтың тануы бар да, әлемнің тануы бар. Абай өлеңдері өзге тілдерге ойдағыдай аударылған жоқ. Аударылуы да мүмкін емес сияқты көрінеді маған. Абайды әлем Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Әлемге таныту арқылы қазақты дүниеге танытып кеткен Мұхтар Әуезовтің аруағы алдында басымызды иеміз. Қазақ даласына ХІХ ғасырда аспаннан түскендей әсер еткен Абайдай алып тұлғаны Тәңірі халқымыздың бағына тудырған. Абайы бар елде арман жоқ. Біз енді сол қолда бар алтынды бағалай білсек болғаны.
Абай – қазақ поэзиясындағы ғашықтық жырлардың да ең озық үлгісін жасап кеткен ақын.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да
Міне, Абай өзінің қолы жете алмай қалған ғашығына осылай ынтығады. Дүниеде өзіне Тоғжаннан артық жар табылмайтынына мойын ұсынады. Абайдай ұлы жүректің қасіреті де, ғашықтық дерті де ұлы. Аспанда ай мен күн шағылса да жарқ етпестей қара көңілі Абайды ой тұңғиығына тарта түседі. Өмірінің өріне шыққанда “көңілім қалды достан да, дұшпаннан да” деп күңіренетін ақынның жан күйзелісінің басы осы Тоғжаннан айырылған махаббат мұңында жатыр. Абай түңілуі мезеттік түңілу емес, жақсы мен жаман, арамдық пен адалдық, көлеңке мен күншуақ алмасып, арбасып, айқасып жататын, опасынан гөрі опасыздығы басым мынау фәни дүниенің жалғандығын терең сезінуі еді.
Сүйген жүрек үшін махаббат азабынан ауыр азап жоқ. Абай алғашқы махаббаты Тоғжанды қимайды. Бірақ айырылмасқа амалы болмайды. Сонда да:
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас,
– деп Абайдың ғашық жүрегі жай таппайды, сыздайды. Абай сияқты жігіттің төресіне, азаматтың асылына Тоғжанның да өлердей ғашық болғаны аян. Еріксіз ұзатылар алдында шарасы таусылған Тоғжан ел ағаларынан көмек сұрай отырып, Абаймен қоштасу зарын шығарады. Ел ішінде Тоғжанның зары елуінші жылдарға дейін айтылып келген. Алайда, келе-келе ұмытыла бастайды. Бұл зар “Тоғжанның сыңсуы” деп те айтылыпты. Кезінде Тоғжанның осы әнінің жұрнағын өмірден ерте кеткен әншіміз Жәнібек Кәрменов халық арасынан тауып алады. Алайда, ұмытылған сөзінің алғашқы “Кертаудың ат байладым аршасына, сәлем де Тобықтының баршасына” деген екі жолынан басқасы табылмаған. Сөйтіп, Жәнібек Тоғжанның сөзінің жалғасын қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлына қайта жаздырады. Міне, осы Несіпбек жазған сөздің негізінде Тоғжанның сыңсуын композитор Ермұрат Үсенов оркестрге түсіреді.
Кертаудың ат байладым аршасына,
Сәлем де Тобықтының баршасына.
Екеуміз екі таудың киігі едік,
Қалмасын біз бейбақтың көз жасына, – деп басталады әннің сөзі.
Абайдың махаббат лирикасы өзінің терең жан тебіренісінен шыққан шынайылығымен, тұнықтығымен, пәктігімен баурайды. Бүгін табысып, ертең ажырасып жататын жастар Абай өлеңдеріне тереңірек зер салса, Абай жырлаған махаббаттан үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Табиғатынан ерекше туған Абай ерте есейеді. Ел ішіндегі қым-қуыт қайшылыққа толы уақиғалар жас Абайды алаңдатады. Елдің ертеңі үшін ойға түсіп, ақындық азабын шегеді. Отаршылар еркін бойлап, азып-тоза бастаған дала тіршілігі Абайдың жан-дүниесінің астаң-кестеңін шығарады. Асқақ рух, алаңсыз еркіндігінен айырылып, мойнына құрық түскен қазақ тағдыры өзегін өртейді. Ел басқарып жүрген атқамінерлердің тірлігіне ашынады. Ашынғандықтан ашулы өлеңдер мен әндер шығарады.
Абай әндері асқақтығымен, намысыңды жанитын өткірлігімен, тереңдігімен, сөздерінің салмақтылығымен ерекше. “Бойы бұлғаң” әнінде:
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем мен сонан,
Тұра қаштым,
Қатты састым,
Бетті бастым жалма-жан –
десе, “Сегіз аяқ” өлеңінде:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде, – деп торығады.
Абай ел болудан қалып бара жатқан, етек басты, ошақ қасы тірліктің, хас надандықтың шырмауына түскен айналасынан түңіледі. Түңіледі де:
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым тап шыным! –
дейді. “Мен ішпеген у бар ма?” – дейді Абай тағы да. Абайдың ішкен уы, тартқан азабы, шеккен қасіреті – бәрі де, өкініші, қазақ арасынан табылды. Оның бәрі де қазақтың денін жайлаған дерт, жегі құрт еді. Алды-артын тіреп тұрған, байлығы асып-тасқан аға сұлтан Құнанбай шонжардың баласы Абайды осыншама қайғыға салған, ойын ойран қылған, дүниеден түңілдірген қандай қасірет деушілер де болған өз заманында. Абайдың қайғысы – азаматтық қайғы, ел қайғысы еді.
Абайдың бойындағы ел дертіне – жанындай жақсы көрген, текті боп туған балаларының бірінен соң бірі өлген қайғысы қосылды. Ақын жүрек мұның бәрін көтере алмады. Жан азабын кешті. Сөйтіп, қайран арыс өмірден ерте кетті.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,
– деп толғанады Абай. Абай айтқан қазақтың қолынан кеткен “ырық” ол береке-бірлік еді. Береке-бірлігі жоқ елдің бостандығы да жоқ. Бірін-бірі сатқан атқамінерлер ел іргесін қашанда қиратып тынатыны белгілі. Тәуелсіздікті тайраңдау деп түсінетін таяздар да жоқ емес. Бүгінде де ел қамын ойлаудан гөрі, оңай келген байлықтың буына мас болып, тәуелсіздіктің қадірін білмей, бас-басына би болғысы кеп, ел байлығын сыртқа тасып жүргендерді көргенде көңілің су сепкендей басылады. Мұңаясың да: “Қайран бабам-ай, осының бәрін қалай болжағансың?” – деп аруағына тағы да бас иесің.
Осы күні материалдық байлықты мұрат көріп, рухани қазынадан мақұрым қалғандар саны көбейіп бара жатқан секілді көрінеді маған. Әрине, байлық керек, бірақ сол байлық рухани дүниеге, парасатқа, кісілікке қызмет етсе, халыққа пайдасын тигізсе, отбасыңнан бастап Отаныңа сүйеу болса қайтер еді! Шетел казиноларында, қызойнақтарда шашылған ақшаларды естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Бұған тыйым ең әуелі – өзіңнің ар-ұятың.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тиылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Секілді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар.
Абай осы сөзін дәл бүгінгілерге айтып отырғандай. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктен соңғы өтпелі аласапыран тұста ел ырзығын еншілеген, байлықтың буына масайып, білгенін, ойына келгенін істеп жүргендер де аз болған жоқ. Мұны да көргенбіз. Олар әлі де бар.
Абай қашанда тазаруға, адамдық атын жоймауға, бауырмалдыққа, әділеттілікке шақырады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй, хақ жолы деп әділетті.
Хақ жолындағы Абай осылай адамзат биігіне көтеріледі.
Абай молда-ишандарды да сынайды: “Молдалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім, шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін, өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам алдаушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тәсбиғы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ”. Осы сөздерді біз Абайдың 38-ші қарасөзінен оқимыз.
Қасиетті ислам дінін жамылып, өз пайдасын күйттеген дінбасылары қай заманда да болған. Дінді қор қылма, халықты таза жолдан тайдырма дейді ұлы ұстазымыз. Абайдың осы бір терең сөздері бүгін де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір де кейбір дін айналасындағылардың қажылықты парыздан гөрі атақ-дәреже көріп жүргендері аз емес. Тіпті қажылықты қаржы табудың көзіне айналдырып алғандары да бар. Бүгінде неше түрлі ағымдағы діндерді насихаттап, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүргендер де жетеді. Дін мен дәстүрді шатастыра бастадық. Мұсылмандықтың атамыз қазақ қабылдаған ақ жолын бұрмалап, дәстүрді жоққа шығарып, ата-бабаңды, аруақты ауызға алма деушілер көбейді. Қазақ бір Аллаға сыйына отырып, аруағын да қасиет тұтқан халық. “Иман екеу емес, біреу” дейді 38-қарасөзінде Абай. Менің ойымша, Абай айтып отырған “Иман” – ол бүкіл адамзатқа ортақ ар-ұждан. Сондықтан да ол – біреу. Абайды хакім, адамзаттың ойшылы дейтініміз де, міне, осыдан.
Кейінгі кездері Алланы Аллах деп айту әдетке айналды. Абайдың асыл мұрасын қанша ақтарып оқысаңыз да Аллаһ деген сөзді кездестіре алмайсыз, үнемі Алла деп жазады: “Алланың өзі де рас, өзі де рас, Құран рас, Алланың сөзі дүр”, “Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ”, “Алланың, пайғамбардың жолындамыз”, “Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер”. Міне, Абай осылай жазады. Осы күндері Ұлы Жаратушының атын Аллаһ деушілер көбейді. Қазақ ешқашан “Иншаллаһ”, “Жасаған Аллаһ”, “Жаратушы Аллаһ”, “Аллаһтан тіле” деп айтқан емес. Мұны былай қойғанда қазақ бағзы заманнан бері Иисусты – Иса, Моисеейді – Мұса, Саломонды – Сүлеймен, Давидты – Дәуіт атап келді емес пе? Сондықтан да ғасырлар бойы елдің санасында қалыптасқан халықтық ұғымды бұзудың жөні жоқ. Жасаған Иемнің тоқсан тоғыз атының бірі Алланың сан ғасырлар бойы қазақ санасындағы осы атын сақтағанды жөн деп білемін. Мұның жақсы үлгісін Қазақстан мұсылмандарының басшысы, көрнекті ғалым Әбсаттар Дербісәлінің соңғы жылдары жазған мақалалары мен сұхбаттарынан анық көріп жүрміз. Қоғамда Абайды жат дінге телушілер де табылып жүр. Бұл адамның ақылына сыймайтын нәрсе. Бұған үзілді-кесілді тойтарыс беруіміз керек. Кришнаит қайда, Абай қайда. Бұл Абайға ғана емес, тұтас бір ұлтқа жағылған күйе. Біз қашанда Абай-Ислам делінетін егіз ұғымды ажыратпай, бірлікте, тұтастықта қарастыруымыз керек.
Абай – өткен мен өз заманын салыстыра отырып, артына ұлы өсиет қалдырған хакім. “Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым” дейді Абай. Абайдың хакімдігі оның әр сөзінен, әр өлеңінен білінеді.
Осыдан жүз жыл бұрын Абай қазақ намыстан, ар-ұяттан, береке-бірліктен айырылды деп күңіреніп еді. Біз сол Абай айтқан намыс, ар-ождан, береке-бірлікпен қоса, тілімізден, дінімізден, қайырымдылықтан, мейірімділіктен айырылып қала жаздадық. Бүгінде халық қамын ойлайтындардан қарын қамын ойлайтындар көбейді. Елдің елдігін сақтап тұратын – намыс. Намыссыз жұрт елін де, жерін де қорғай алмайды. Көрінгеннің шылауында кетеді. Міне, Абай өле-өлгенше осыны айтып кетті.
Абай қазақтың өзара қырқысқа келгенде алдына жан салмайтындығына, сырттан жау келсе, басы қосылмай бара жатқанына ызаланады. “Сенісерге жан таба алмай, сенделеді ет жүрек” деп түңіледі өз ортасынан.
Қазақтың қасіретін бір кісідей тартқан Абай “Тоғызыншы қарасөзінде” бұл ойын тереңдете түседі
“Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді. Ондайым жоқ. Егер жек көрсем – сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, “не қылды, не болды?” демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ.
Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, яки бөтен себептен бе, – білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өлім қалыпты”. Абай қанша түңілсе де өз елін тастап, көшіп қайда барады дейсің, көшкен жоқ, жаман істерін жек көре тұрып жанындай жақсы көретін, жамандыққа қимайтын өз жұртының ішінде ғұмыр кешті. Абайдың ел үшін күйіне отырып, өз елін қаншалықты құлай сүйетіндігін, соншалықты жаны ашитындығын осы сөзінен де анық көреміз.
Ал, біз осы елді Абайша сүйіп, ел үшін Абайша күйіп жүрміз бе? Ел үшін шырылдаған боп жүргендердің де көкейіндегісін жұрт жақсы біледі. Біз елді сүюді, ел үшін күйінуді Абайдан үйренуіміз керек. Ұрпақты да Абай үлгісіне үйретуіміз керек. Сонда біздің ынтымақ-бірлігіміз де күшейеді, берекеміз де кіреді, дәулетіміз де молаяды.
Абай ең алдымен ел болуды, қазақтың қатардан қалмауын аңсады. Иә, Абай арманы орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ел қатарына қосылдық. Іргелі мемлекет құрудамыз. Әлем қауымдастығына мүше болдық. Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген мақсатымыз да Абай арманымен ұштасып жатыр. Бірақ, Абай айтқан келеңсіз қылықтардан қазақ арылып болған жоқ. Абай айтқан “баяғы жартас бір жартастың кебін” әлі де киіп отырған сияқтымыз. Жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар. “Заман ақыр жастары, қосылмайды бастары”, “Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып”, – деп Абай айтқан сүйекке біткен кесел әлі бойымызда жүр. Абай айтқандардың үстіне, бүгінде тіл азабы, ұлтсыздық азабы, миссионерлер мәселесі қосылды. Жақсының етегіне жармасу әлі де жалғасып келеді. Тіпті осы айдың-күннің аманында әлем мойындаған, қазақ халқының рухани алтын тірегі Абайдың өзіне жармасып, Абайды ақын емес, ойшыл емес деген арсыз сөздерді айтушылар басқа емес, өз арамыздан шығып отырғанына не айтасың. Жүкешов, Нұрғалиев дегендердің сандырақтарын оқып қайран қаласың. Байбота Қошым-Ноғай деген ініміз өткен жылы “Алтын орда” газетінде классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповке жармасып еді, таяуда “Қазақ әдебиеті” газетінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Қан мен тер” романы туралы көңілге қонымсыз сөздер айтыпты. Жарайды, Абайды өз заманы түсінбеді делік. Олар Абайға қол да тигізді. Жұдырық сілтеді. Намысын таптады. Сол қазақ кеше Алаш арыстарын көгенге тізіп, көзін жойғанда да шыдап отырды. Уақыт солай еді деп ақталатын шығармыз. Ал бүгін ше? Абайдың аруағымен алысатындай басымызға не күн туды? Абай қайсымыздың жолымызға кесе-көлденең тұрды? Әр нәрсенің жөні болады. “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады” дейтінді де, “Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” дейтінді де ұмытпауымыз керек. Аруақтан қорықсақ керек етті. Өз намысымызды өзіміз таптамасақ етті. Өз дәрежемді көтерем деп аруақ аттап, ауызға келгенді айту барып тұрған әдепсіздік.
Абай әлемі тұңғиық. Біз Абайдың мұхиттай терең ойларына қаныға түсуіміз керек. Заман, қоғам жайында, адам жайында толғанғанда да біз бұрынғы даналарымыздың пікірлерімен санасып отыруымыз керек.
Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. “Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, – деп кемеңгердің өзі айтқандай, Абай – артына өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгер.
Сырт қарағанда Абайды білмейтін қазақ жоқ секілді. Көзімізді ашқаннан Абай есімі жадымызда, бейнесі көз алдымызда. Мектепте Абайды оқып өстік. Қала сайын Абай атында көше бар. Абай атында қала, аудан, ғылыми институт, университет, көптеген театрлар, мектептер бар. М.Әуезовтен бастап Абай жөнінде қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ. Абай жөнінде кино және басқа өнер шығармалары да жеткілікті. Ақын әндері күн сайын шырқалып, кітаптары қайта басылып шығып жатыр.
Иә, Абайды білетін сияқтымыз. Ал шынына келсек, Абайды білдік, таныдық, тереңіне бойладық деп айта алмаймыз. Біз Абайды терең танып-білуге талпынбадық демейміз. Талпындық, талаптандық. Өкініші, бойымызға сіңіріп, зердемізге қондыра алмай келеміз. Абайдың мұңы, Абайдың зары – халықтың, ұлттың зар-мұңы. Ел болудың, ұлт болудың қағидасы, қам-қаракеті екенін терең ұғына алмай келеміз.
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос! – дегенді де айтқан Абай.
Абай заманындағы қазақтан қазіргі қазақ көп өзгере қойды деп айту да қиын. Алауыздық, пасықтық, көре алмаушылық, топшылдық, қиянатшылдық, дүниеқорлық, өзгеге жалпақтап, өзіңді менсінбеу, жайдақтық, жалтақтық, билікке, мансапқа құмарлық, сатқындық, надандық әлі де ұлтымыздың бойынан арылмай келеді, ұлтымыздың айықпайтын дертіне айналғандай.
Абайдан сөз қалмаған. Қазақтың табиғаты, болмысы, қайтсе адам болатыны жөнінде айтқан ұлағатты сөздерін бойға, санаға сіңіру, ұлы ақынның бай мұрасынан ғибрат алу бұрынғыдан да бүгін керегірек болып тұр. Сондықтан да күн сайын Абай рухымен сырласып, кейде тіпті, ол кісімен мұңдасып, елдігіміздің, ендігіміздің жайын кеңірек ойласып отырғанымыз дұрыс болады.
“Абай – қазақ халқының рухани көсемі” деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Абай расында халқымыздың рухани көсемі. Абай қашанда қазақ халқының рухани ұлы көшінің басында. Абай сөзі, Абай әндері мәңгі жаңғыра, жаңара бермек. Сүйегі Жидебайда жатқанымен, оның жырлары әсем Астана төрінде күн сайын айтылып, әндері күн сайын шырқала беретініне күмән жоқ. Абайды құрметтеу – өзіңді құрметтеу, Абайды қастерлеу – ұлтыңды қастерлеу деген сөз. Мұның бәрі де Абайға емес, бүгінгі өзімізге, жалпы қазаққа, келешекке керек әңгіме.
Тарихты тұлғалар жасайды. Біз Абай, Махамбет, Жамбыл секілді асылдарымызды бүкіл ұлт қазынасы, абыройы деп ұғынуымыз керек, Мәселен, қазір осындай асылдарымыздың мерейтойын өткізгенде бар салмақты сол ұлылардың туған облысына салып жүрміз. Бөлу, бөліну деген осыдан басталады. Біз мұндай ұлыларымыздың тойын мемлекетіміздің мерейінің тойы деп ойлауымыз керек. Мұндай іс-шаралар ұлтымызды бөлуге емес, біріктіруге, мемлекеттік, ұлттық мүдде төңірегіне топтастыруға қызмет етуі керек. Алда, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Абылай ханның 300 жылдығы келе жатыр. Ел іргесін бекітіп, өткені мен болашағын таразылайтын мұндай іс-шараларға жақындағанда емес, дайындық жұмыстарын күні бұрын жасаған жөн.
“Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...” деген екен Алаштың ардагері Міржақып Дулатов. Қандай дәл, әдемі айтқан арысым!
Бүгінде Абай туралы тың ой, жаңа сөз айту да қиын. Әңгіме Абай туралы жазуда, Абай жайында сөз айтуда да ғана емес, Абайды оқып, ұғына білуде, Абай сөзіне құлақ аса білуде, Абайды жан-тәніңмен бойға сіңіре білуде. Абайды ғана емес, бағзы замандардан бері үзілмей келе жатқан даналығымызды, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді бабалар сөзін, Асанқайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Махамбет, Мұрат, Дулат, Жамбыл, Мұқағали мұраларын жаттатып, жас ұрпақтың санасына ұғындыруды парызымыз деп есептеуіміз керек. Мұның өзі түптеп келгенде қазақты қазақ ұғыну, қазақты қазақ түсіну деген сөз! Қазақты сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Қазақты жарылқаса тек қазақ қана жарылқайды.
“Ей, Түріктің бектері, халқы! Сендер алауызсыңдар, таққа кіріптарсыңдар. Ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті-халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен, билігіңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, барған жерде не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрік халқы, өкін!”
Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді Күлтегін ескерткішінен оқимыз. Басынан кешкендерін мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен бабалар тасқа осылай, қашап жазып кеткен. Абайдың да айтып, Алладан тілегені – сол халықтың мызғымас бірлігі, жарасқан ынтымағы еді. Алла қазаққа ынтымақ, береке берсін.
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ