Айдана Қайсарбекқызы: Жалғыз ғана әзәзіл ме кінәлі?

ӘДЕБИЕТ
9849


Айдана Қайсарбекқызы

Алақарақ


Соқыр күн көтерер сәулелі кірпігін,

Бұлттың да мазақтап жыртығын.

Бөтекем босаса -

Қалауым қуаныш,

Қуаныш бір тілім!


Омыртқа орақтай иілер ой орып,

Қиялдың қырында қой өріп.

Кенезем құрғаса -

Қуаныш ұрттауға,

Бермей жүр бой ерік.


Көгерген көбенің қаупіне бермей мән,

Үмітті кәлләлар жөнді ойдан.

Сағыныш сілкісе

Сарғайған сезімнен

Табылар көр қайдан?


Бетпақтау бітіммен беттейтін беткейге,

Жарыместігім де жетпей ме?!

Шешесі дударбас

Сол жетім сәбидің

Көздері көк дей ме?

Сұмдық-ай!


Метро 


Жасанды жарықтың саңырау сәулесі

Жалаған рельстің жылтыры көзде ойнап,

Сөзді ойлап кетсем бе

Жоқ әлде,

Оранар бөзді ойлап кетсем бе?!

Қанша азап шексең де

Ойыңда қу тірлік әуресі...


Сезімің ойыншық боп шығар соңында,

Қап-қара әйнектен қадалған көз айтты!

Тез айтты ғұмырдың жалғанын,

Және де

Алдыңда аз уақыт қалғанын...

Танымнан бәрібір танбадың

Өмірдің өтірік жолында...


Аз ғана сезімнен татқың кеп өзіңше

Жұтынып келіп ең еріксіз сапарға.

Жат ол да! Күтіпті кім сені?

Айт кәні?!

Бұл сапар бейбақтың бітпейтін бүрсеңі.

Шайтан да көреді құл сені

Сәжделі пәк кейіп періште көзінше...


Сенімдер, келіңдер, өлім бар, көріңдер,

Беріңдер бір жауап сұраққа мидағы.

Қинады деме сен, ішіме симады.

Ол ол ма?!

Жазықсыз тағдырды жаныма жинады

Солар ғой... өлімге қимады

Тұраққа жыр сіңген жүректің төрін бер?!


Уәделі күн келер, әуелі сын келер

Жыр да өлер жүректер түгелдей тоқтаса.

Тамбаса сол кезде көзімнен көп тамшы

Оқталшы 

Тағы да бақытты қылуға?

Бұрынғыдағыдай жалғызым боп қалшы!

Әйтпесе жасымды кім көрер?

Иә, Құдай?!


Пойыз


Құпияма құса құйып қояйын ба

Аяйын ба азған мына купені?

Биші жолдың белін басып

Кім бақытты күтеді?

Біздің рельс жотаға кеп бітеді...


Жотадағы жалғыз қайғы,

Жасаураған жалбыз қайғы

Жылтырайтын іңір шығын сүйсе күн.

Жолдаааар!

Жолдар, неткен ұлы биші едің!

Жотаңдағы жалбызыңның исі өлім.

Қуанатын тисе мұң...


Мен бәрінен қызғанамын өлердей,

Жалғыз сені.

Жалбыз сері жабатұғын жотаға

Жетелейтін уақытың да жетеді.

Мен қызғанам пәк жарымдай некелі

Сені,

Өзгелерден баста бағы бес елі.

Сен де мені күнәлардан 

Сәл қызғансаң нетеді?!


Бұрымымның ұшындағы сыңғырдың,

Мұңына да құлақ түріп үлгірдім

Сөйтсем ол да зарым екен өзімнің.

Құпиясын көре жаздап құрдымның,

Жағасына жармастым да

Әйнектегі өзімді өзім сындырдым...


Әйнек сынды...

Сұлба бірақ тұр әлі.

Жалғыз ғана әзәзіл ме кінәлі?

Көзіңдегі отыңменен өртемей

Қоя тұршы,

Сәл жанардан тая тұршы

Сайтан сүйген сұр сұлбамның сыңары.

Мен емеспін күнәлі...

Ол бәріне кінәлі...


Ал күнәһәр,

Ал кінәһар мен шығармын жазалы.

Әнектегі қадалып тұр көз әлі...

Жотадағы жалбыз басқан жанарын

Жымияды жалғыздықтың мазары.

Күт, жоталар,

Бір күндері

Бұрқ етеді топырақтың тозаңы...


Құдайдан қорықпайтын болды көп ел...


Саған ода


Сен өзімсің өктемдеу, күйбелеңім,

Сен сезімсің көктемдей, сүймек едім...

Сені маған сыйлаған ұлы ғазал

Сыпайы кеп сыраңды құй деп едім!


Сен ғажапсың көрсеткен көзіме өлең,

Сен тозақсың өртейтін сөзіменен.

Сен қаласаң жұмақтан қашайын да

Айналайын Ләйләнің өзіне мен.


Сен сұмдықсың сорыңа бола туған,

Сен мұңлықсың нұр тамған қанатынан.

Сен қаласаң қабырға емес енді,

Мен қайтадан балшықтан жаратылам...


Сен сонда да сүйе алсаң - өсірер ең,

Сен сонда да сүймесең - кешірер ем. 

Сен жанымда қалшы деп жалынар ем, 

Жынды болып кетпесем осыменен. 


Сен ғажапсың, басымды ием жылап, 

Сен лəззəтсың әкеткен қиялға ұнап. 

Сен сезімсіз шығарсың сүйілмейтін, 

Сен азапсың! Тозақсың!

Сүйем бірақ!


Балет 


Деміңде жаңбыр бар билейтін,

Тағдыр бар билейтін.

Түймедақ күлтесі секілді үміттер – 

Ол сені сүйетін, ол сені сүймейтін...


Дамылдап көрші әлі ғұмыр бар өлшеусіз,

Көркемсіз! Еркемсіз ертерек кеп тұрған.

Сүймесем не болмақ? Сенім ше селкеусіз?

Сенім жоқ тоналмақ, келіңіз ертең сіз!


Сіз ертең келіңіз, су шашып ойнаймыз

Демімде жаңбыр бар билейтін 

Тағдыр бар билейтін.

Сезімнен таймай біз, ойнаймыз ертеңмен

Көмкерген көктеммен көңілсіз күзді бұл.

Сізді іңір сүймейді дәл мендей, десе де

Дәрменсіз емес қой қыз ғұмыр!


Сізді бір ғаламат ғасырдай сый дейтін,

Жаным бар жалғанды сүймейтін,

Имейтін басқаға хан басын, нансын ел, нанбасын

Жаңбыр бар демімде билейтін...

Тағдыр бар билейтін...

Сіз үшін!


***


Кеше мен сені тауып алдым да,

Шауып ед жүрек Құлагер.

Соншама сені сағынармын ба,

Сен болмай шықты бірақ ол.


Алаулап едім өшіре салды,

Көрінді бəлкім тек елес.

Көздері сені есіме салды,

Сөздері бірақ сен емес.


Білмеймін кімге ғайып ұнапты,

Өңім мен түсім аралас.

Шашын да сендей қайырып апты,

Жасы да саған шамалас.


Көзіме ылғи көрінші деймін,

Үміттің шоғын үрледім.

Бойы да саған келіңкірейді,

Ойын мен бірақ білмедім. 


Сəлемдесуге жарағаныммен,

Емес-ау сендей кең құшақ.

Мен оған сендей қарағаныммен,

Қарамады ол сен құсап.


Кеше мен сені тауып алдым да,

Шауып ед жүрек Құлагер.

Соншама сені сағынармын ба,

Сен болмай шықты бірақ ол.


Біл-әәәә...


***


Әзірге менің

Мына өмірде аздау ғой әзірлегенім.

Әкетердей несіне түсімде жүрсің

Көргім келді деп пе едім? Әзілдегемін!


Мас та болмадым

Көше ме енді бұлт құсап бастан арманым.

Жардың бәрін қинадым, қиын болмады

Жанның бәрін жинадым, жасқана алмадым.


Мас та болмадың.

Булай ма күн үміттің жаста қалғанын?

Сәби сүйген бір жардың артта қалғанын

Фәни сүймес бір жанның жоқтап арманын...


Әзіл деп едім.

Көп болса да өмірде әзірлемегім

Маған қиын тиерін, ұғарсың кейін

Мас болуға хақым бар әзірге менің...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...