Айдана СЕГІЗБАЕВА. Махаббатты сіз екен деп ойлаппын...

ӘДЕБИЕТ
6189

Махаббатты сіз екен деп ойлаппын


Ойымнан еш кетер емес оймақ мұң,

Оймақ мұңды жүрегімде ойнаттым.

Мен өмірді махаббат деп көріппін,

Махаббатты сіз екен деп ойлаппын.


Қосылмаймыз!

Мейлі, ештеңе етпейді...

Одан жаным енді азап шекпейді!

Бар білерім махаббаттың тағдырды,

Өзгертуге құдіреті жетпейді!!!


Өткенімнің жұлып тастап парағын,

Жан ауыртпас жаңа өмірді қаладым..

Жалғыз-жалғыз жүрегіме жыр жазып

Ауыр-ауыр мұң арқалап барамын...


Сәлеметсіз бе?...

Сəлеметсіз бе, Сағыныш,
 Сап-салқын күндер сабырсыз.
 Жүректе жалғыз бір өкпе
 Тапжылмай отыр тағы үнсіз.
 Асқақтық тұрса аспанда
 Мен Аймын-аспан ханшасы
 Бəрібір менсіз мұқтажсыз,
 Бəрібір маған зəрусіз.

 Сəлеметсіз бе, Сағыныш?
 Сұп-суық қыстың кештері,
 Жырпылдақ қыздай тұрақсыз.
 Қуаныштарым көшпелі,
 Жабырқау кешті жылытпай.
 жалғыздан-жалғыз ішілді,
 Сырласу шайы бестегі.
 .
 Мүмкін бе жалғыз жүрекпен,
 Сырласпау мүлдем, сағынбау?
 Мүмкін бе жалғыз қалғанда.
 Жанымнан менің табылмау?
 Өмірдің заңын білмеймін,
 Жүректің заңы осындай.
 Қайғыдан, сансыз мұңдардан,
 Жүректің назы ауырлау...

Сағындым ба?..

Мен бүгін сағындым ба?
Сені ойладым...
Сол мұңсыз жоқ жылдарым, жоқ айларым...
Мен күнде ауыр ойдан мың шашылам, 
Жинайсың жабырқамай қалай бəрін?

 Жоқ əлде, немқұрайлы күйдесің бе,
 Қайғысыз сауық құрған би кешінде.
Қиял ма? 

Қия алмау ма? 

Жүрегіммен
 Мен əлі келе алмадым үйлесімге...

 Қабағын аңдығанмен кейде көптің,
 Ештеңе өзгермеді... күйгелекпін.
 Сынақтан сынбай келген жүрекпенен,
 Баяғы жалғыздықты сүйремекпін...


Күзбін өзім...

Сонаааау жақта Көк теңіз бар,
 Көк теңізде өткен із бар...
 Күздің өзі ыстыық маған,
 Кейде тіпті көктем – ызғар...

 Сен көктемсің, күзбін өзім,
 Күз біледі қыз мінезін...
 Көктеммін деп күлім қаққан
 Есіңде ме, ізгі кезім?

 Шықса дағы маңдайдан кім,
 Сол бір көктем жанды айналдым.
 Мен о бастан күз секілді,
 Сағыныш боп сарғайғанмын!

 Мен күзбін
 Сары
 Кең даламын,
 Жылататын жел қабағын.
 Жапырағын үзіп беріп,
 Жаны ауырған шер ғанамын...


Ауылда қалып қойыпты...

Жүректе жанған сүмбіле
 Суық күндерді ұмытқыз.
 Ауылда көктем гүлді ме?
 Астанада əйтеу, сұрықсыз...

 Ауылдан қашып келіппіз,
 Түсіп ап жастық даңғылға.
 Бұл жерде аспан көріксіз,
 Сұрықсыз тіпті жаңбыр да...

 Жүзінде сұрғылт бетперде
 Қала ма бұған айыпты???
 Балалығымдай көктем де
 Аулымда қалып қойыпты...


Мендегі сезім әлі де мөлдір...

Тағы да салды сапарға мені,
 Сиқыры сылқым ғашықтық əні.
 Қос тізбек құрған отарба жолы,
 Сен жаққа қарай асықтырады.

 Өкініп талай өрт көрсем де əлі,
 Ғашық боп саған ағылады өлең.
Сүймеймін деген серт берсем дағы,
 Қайтадан сені сағына берем.

 Алматы. Маусым. Алма-Арасан,
 Тау бөктеріне салынған соқпақ...
 Орала ма екен қайта қаласам,
 Ең сұлу сəттер жанымдағы аппақ.

 Сезіммен келем сағынған ең бір,
 Мұңым да өзің көрмеген көптен...
 Мендегі сезім əлі де мөлдір,
 Алматы жақта əлі де көктем...


Сағыныш

Жүрегім шаршады сағыныш билеген,
 Бəріне қол сілтеп
 Қайтсам ғой үйге мен...

 Ұзыннан созылған көшемді сағындым,
 Тек мені күтетін шешемді сағындым.

 Кеш батса қалғитын əкемді сағындым,
 Мен үшін жұмақтай мекенді сағындым...

 Жандарым Үш бірдей інімді сағындым,
 Сіңлім деп екі аппақ гүлімді сағындым.

 Ас үйде лаулаған пешімді сағындым,
 Терезе қағатын досымды сағындым.

 Таңғы шай ішуге көрші апа келетін,
 Оны да Сағындым келінін сөгетін.

 Жанымды жауратып күзгі күн бір-бірден,
 Қайтейін, аулыма жете алмай жүрмін мен...


Суықтықтан бастала ма деп қалам

Қадірімді білмейсің-ау, қадірлім,
Қадірімді білмесең де сағындым...
Бар білгенім бақыт күткен жанымды,
Адастырды ақ жауыны сəуірдің.

 Мамыр келсе мамырлайды айналам,
 Айналамды жайқалтатын қайда адам?
 Қара желдің қасіреті – жалғыздық,
 Ақша бұлттың көз жасымен ойнаған...

 Сəуір-мамыр сəукелесін күн киіп,
 Уақыт жылдам өткізіп ап жүрмейік.
 Саған ғана қадірі жоқ сезімім,
 Үнсіз ғана саған басын тұрды иіп.

 Сəуір суық жылу керек тек маған,
 Тапқанымша бəр сəтім жоқ тоқтаған.
 Махаббаттың ең бір ыстық маусымы,
 Суықтықтан бастала ма деп қалам...

Біз сүюден қорқамыз...

Біз сүюден қорқамыз,
 Бəлкім, содан үзіледі ортамыз.
 Өзімізге үміт артып үйренбей,
 Өзгелерге қалай үміт артамыз?

 Иə...
 Біз көп адастық, көп күйдік,
 Көп күйгеннен бетпердені көп кидік!
 Күйіп қалған жүрегіме обал жоқ,
 Сүйіп қалған жүрегіме жоқ билік!

 Қайтсем екен?!
 Қашсам ба екен, қашпасам...
 Саған сеніп, сені сүйіп бастасам.
 Құдай білед, төзе алам ба енді мен,
 Шарасыздау күйге тағы тастасаң...

 Сезім келсе сейіле ме күмəнім,
 Ерлігі жоқ жаннан ерлік сұрадым!
 Кейде сені айтарымды айтқызбай,
 Ішімдегін сезсе екен деп тұрамын.

 Иə мен сағынғанды сағындым,
 Қанша уақыт сағыныштан қағылдым.
 Сенің суық жанарыңнан жоғалып,
 Басқа жанның жүрегінен табылдым.

 Жараланса жаным неге талдырмаш,
 Жайсыз ойлар жайыма да қалдырмас.
 Бір мезетте бақытты əрі бақытсыз,
 Қыздардың бəрі тағдырлас!

Көрші үйдегі сары қыз қаз бағатын

Көрші үйдегі сары қыз қаз бағатын,
 Қаз бағумен аулада жаз қалатын.
 Қазымыр күн қабағын түйген кезде,
 Балапанын құшаққа ап назданатын.

 Арқа тұтып анамды еркелейтін,
 Мені сонда қызғаныш өртемейтін.
 Сиыр бөліп алам деп кеш батқанда,
 Көшеміздің басына желкелейтін.

 Көрші үйдегі сары қыз пысық еді,
 Құрт қайнатып, бауырсақ пісіреді.
 Бұл өмірдің қатігез екендігін,
 Сонаау сəби кезінен түсінеді.

 Сағынғанда анасын мені іздейтін,
 Мөлдір еді көк көзі теңіздей тым.
 Ағыл-тегіл жылап ап сол анасын,
 Ақтап алар бір сөзбен негіздейтін.

 Əн салғанда дауысы құбылатын,
 Ол əн салса көзге жас тығылатын.
 Бала арманын сол сəттен тұншықтырып,
 Үлкеен əнші болмасын ұғынатын.

 Қол ұстасып мектепке баратынбыз,
 Ал қайтқанда түрлі əнге салатынбыз.
 Үйден қашып шығам да ауласында,
 Балапанын қаздардың бағатынбыз.

 Қатар өскен қызғалдақ құрбым еді,
 Қаздан қашып жүруші ек бірге үнемі...
 Ерте есейген еріксіз ерке қыздың,
 Балалығы қайда екен кім біледі?...

Ол өзімнің айыбым...

Ол өзімнің айыбым...
 Толқындарды ұнатпаса қайығым.
 Жауқазын жүрек көктемге қуана алмайтын,
 Жауынды ауа райымын...

 Ақша бұлттың су көтермей сіркесі,
 Ақ раушанның ақ тамшыда күлтесі...
 Қарап тұрып адасамын тал түсте,
 Қалай өмір сүріп жатыр жұрт осы...?

 Секем алып себепсізден қамығам,
 Қамығам да мұң кешемін алуан...
 Менің мұңым... жə, жетеді осым да,
 Ол өзімнің шаруам!!!

Қош келдің, Сезім!

Қош келдің, Сезім
 көріспегелі көп болды...
 Тағы да сендім! Алдамшы болып өтпе енді,
 жүрегімді аштым, жалғыздығымды ұзатып,
 Тарқатып салып өзіңе деген өкпемді.

 Қош келдің, Сезім,
 Аяулы нәзік ақ құрбым.
 Көңліме бүгін көктемгі көркем бақ құрдым,
 Бағыма сеніп, бағынып келем жасырын,
 Жаныма серік Жабырқау мұңды жат қылдым .

 Қош келдің, Сезім,
 Жүректей жұмыр мекенге.
 бүлк етпейтұғын бөтенге,
 өзіңе мəлім жарасы қалың Жанымды,
 өкіндірмеші, өкпелетпеші бекерге.

 Қош келдің, Сезім,
 өзіңмен бүгін көрістім,
 Аяңдай басып сынаққа толы жол үстін.
 жібермей қалшы өкпелеп қалсам кенеттен.
 мəңгі қалуға келістім...


Қызғанып қалдым...

Мен неге бүгін қызғанып қалдым,
 Қызғанып қалдым себепсіз. ..
 Бұрын болмаған қызбалықтардың,
 Куəсі болып кенет сіз.

 Мен неге бүгін қызғандым сізді,
 Қызғандым неге орынсыз. ..
 Осы үшін бәлкім біз мәңгі күзді,
 Өткізер ме екенбіз көңілсіз.

 Сезімге мүлде жақындамайтын,
 Арамыз үнсіз жылы еді.
 Тайсалмай саған батыл қарайтын,
 Дір ете қалды жүрегім.

 Ертерек жетер жырымнан хатым,
 Ілмесең ілме көзге енді.
 Бұрыннан таныс, бұрыннан жақын,
 Бұрымды құрбың өзгерді.

 Қызғандым деймін неліктен бүгін,
 қабағым содан арайсыз.
 Сезімдей отты серіппемді кім,
 Басып кетті екен абайсыз.

 Күйімді күйген айта аламын ба?
 Өртеп барады от бөлек!
 Көлікке мініп байқамадың ба,
 Жымиып барам (өкпелеп)...

Осы ма?

Осы ма еді бастан бақтың қашқаны,
 Осы ма әлгі "махаббаттың дастаны"?
 Жаны ауырып мен отырсам сен қалай,
 Жаның қалмай жұбатасың басқаны.

 Немқұрайлы кейпіңді де көтердік,
 Шайпау сөзді ел алдында шекер ғып.
 Мені ғана мұңайтады сағыныш,
 Мені ғана мұңайтады бөтендік.

 Бақытқа ұқсап басталып ед бастапқы ай,
 Қабағыңнан ауырамын ас батпай,
 Сенсіз жалғыз қалдырғаның жөн еді,
 Екі адамдық жалғыздыққа тастатпай.

 Жалғыздыққа шыдамайтын қараңғы,
 Білемісің жүрек дейтін ғаламды?
 Сүйсем деймін жаным сыздап ауырса,
 Жаны қалмай жұбататын адамды.


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...