Айнаш Қасым. Ноғайдың қызы

ӘДЕБИЕТ
3977

(Әңгіме)


Кәусар бастауыш мектептің табалдырығын қаладағы мектеп-интернатта аттады. Институтта оқитын үлкен апайының таңдауы неге бұған түскенін білмейді. Бірде демалысқа ауылға келгенде ата-анасымен сөйлесіп, сіңілісін қалаға апарып оқытқысы келетінін айтқан. Ол кісілерге қандай дәлел келтіргені беймәлім, үшеуара кеңескен соң Кәусар мектеп-интернатта жатып оқитын болып шешім қабылданыпты. Күзде сабақ басталғанда апайы қолынан жетектеп, бірінші сыныпқа енгізді. 

Сабақты жақсы оқитын, тақылдап тұрған белсенді қызды сынып жетекшісі староста, ал тәрбиешісі жатақханада комнатком етіп сайлады. Қоғамдық ортада көңілді, өжет көрінгенімен, оңаша қалғанда, әсіресе түнде ата-анасын, ағасын, апайлары мен сіңілісін, колхоз салдырып берген, сырты қызыл кірпішпен қапталған үйді, есіктің алдындағы үйшікте жататын, сыртқа шыққанда аяғына оралатын иті Ақтөсті сағынғанда мөлтеңдеп, көзінен ащы жас ыршып кететін. Күзде қалаға оқуға аттанар алдында туған сұр құлынды әкесі жақсы ырымға балап, қызына бәсіре атаған. Кетіп бара жатқанда әкесіне құлыныма ешкімді мінгізбеңіз деп өтінгенде: «Құлын кезінде ол тіпті мініске жарамайды. Ол да сен сияқты кішкентай ғой. Есіңде болсын, қызым. Бәсіреге атаған малға иесінен басқа ешкім жоламайды. Бұл да аманаттың бір түрі. Сондықтан оған біреу мінеді деп еш алаңдама. Сабағыңды жақсы оқы. Бірінші сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа ауылға келгенде құлының өсіп, тай болады. Тай деген асау келеді. Ағаң оның арынын басып, жуасытар. Мен бар болайын, жоқ болайын, бірақ ол кезде де оған мінбегенің жақсы. Үйдегі көнбіс жылқылардың біріне мінесің», – деген еді.

Түнде интернаттың қараңғы бөлмесіне терезеден сырттағы шамдардың жарығы түсіп, жаяу жүргіншілердің дауыстары мен көліктердің дыбыстарынан ұйықтай алмай жатқанда осының бәрін ойлап, ауылға қайтқысы келетін. Интернаттағы ұстазы мен тәжірибеден өтуге келген студент қыздар мен тәрбиешісін, бауыр басып қалған сыныптастарын қанша қимағанымен, ақыры бірінші сыныпты аяқтаған соң үйіне оралып, қалаға қайтып бармаған. 

Екінші, үшінші сыныпта сабақ ауылдың шетінде орналасқан ескі мектепте өтті. Жоғары жағы әкпен сыланған, іргетасына дейінгі төменгі бөлігі езілген қара көмірмен боялған саман мектептің бірқабатты ғимараты тым көне еді. Ашық көк түспен сырланған, үстіне тот басқан темір қиғаштап қағылған ағаш есігі шиқылдап ашылып, жабылатын. Қошқыл қызыл түсті сықырлауық едені емен ағашының жалпақ тіліктерінен қиюластырылып, қаланған. Екі тіліктің арасына жазатайым қалам, қарындаш немесе буфеттен коржик алып жеуге берген жан қалтаға салып жүрген тиын аңдаусызда түсіп кетсе, қайтып алу мүмкін емес еді. Тиынды айтпағанда көп нәрсе қат заманда қаламсап жоғалта бергенді де ешкім жақсы көрмейтін. 

Бастауыш мектептің ғимараты бар-жоғы екі бөлмеден тұратын. Әр бөлмеге 25-30 оқушы еркін сыятын. Шипырмен жабылған шатырының астын кептерлер мекендеп, кешке күн батар шақта қатты уілдеп кететін. Қыста қалың қар мектептің іргесін кісі бойына дейін жауып қалатын. Ұйытқып соққан боранды күндері бастауыш сыныптың оқушылары мектепті тек алыстан менмұндалаған көк есігі арқылы ғана тауып баратын. 

Мектептің оң жағында орналасқан кочегарка мен қарсы алдындағы ескі жатақхананы қоспағанда көзге басқа еш ғимарат түспейтін. Арғы жағы жазық дала, одан сәл алысырақ жерде төбе болатын. Үлкендер жатаған төбе дегенімен балалардың көзіне таудай көрінетін. Төбенің сол жағында ескі қорым бар еді. Марқұмдардың артында қалған ұрпағы бір кездері мал тұяғы баспауы үшін қабірдің басын үйлеп, айналасын ағаш шарбақпен қоршаған болуы керек. Бірақ уақыт өте келе жел мен жаңбырдан мүжіліп, тіпті құлап қалғанымен, қиранды алыстан бәрібір көзге түсетін. Өзінің естияр ағасы атқа мініп, достарымен бірге жоңышқыға түскен сиырды қайырып әкелуге барғанда «қорым жақтан көрдік» деп әртүрлі алып-қашты аңыз-әпсана айтып келетін. Үйдегі үйелмелі-сүйелмелі үш қыз оны ауыздары ашылып тыңдайтын. 

Күндіз дене шынықтыру сабағында қорымның жанынан шаңғы теуіп өткенде қорқынышқа бой алдырмайтын. Себебі оқушылардың қарасы көп, қастарында спортсмен ағай бар. Ағайлары ауа райына қарамастан мейлі, қар жауып тұрсын, мейлі шыңылтыр аяз болсын, оқушыларға шаңғы тептіретін. Өзі алға түсіп, бәрін сол төбеге қарай бастап баратын. Қорқынышты жағдай бола қалса ағай құтқарады деп ойлайтындықтан қыздар еш алаңдамайтын. Ал түнде қараңғыда қорым жақтан жылт-жылт етіп жарық көрінетін. Сол кезде көңілге әртүрлі қорқынышты ой келетіндіктен ол жаққа қарамауға тырысатын. Кейін өсе келе жарықтың тас жолдағы көліктердің шамы екенін түсінген. 

Қыста ауылда қар қалың жауатын. Ертеңгілік сағат сегіздегі сабаққа үлгеру үшін үйден бозала таңда шығатын. Қараңғыда ешкімнің ізі әлі түспеген омбы қарды белуардан кешіп, малтығып, өзінен кейін өтетіндерге жалғызаяқ жол салып келе жататын. Аяғында қол басқан пима, үстінде апайларынан жеткен көнетоз қысқа қара тон, қолында жоғалып қалмауы үшін екі ұшынан резеңкеге тігіп, оны тонның ішінен енгізіп, екі жеңнен шығарып қойған биязы биялай, басында қоян терісінен тігілген бас киім. Оны не құлақшын, не тымақ, тіпті бөрік деуге де келмейтін қыздарға арнап тігілген әдемі қолөнер бұйымы десе болатын. Одан жел де, аяз да өтпейтін. Жылдам жүргенде, я қатты жүгіргенде екі бауының ұшындағы кеудесіне дейін жететін шошақтары екі жағында алма-кезек желпілдейтін. Кейін жоғары сыныпқа өткенде түлкі терісінен тігілгенін де кигені есінде. 

Аяз қарымасын деп әкесі бетін бөкебаймен орап беретін. Бетінен тек екі қоңыр көзі ғана жылтырап көрінетін. Сырттағы суық ауа мен ыстық демі араласқанда мектепке жеткенше бөкебайына жұқалтаң мұз қатып үлгеретін. Осылай асығып- аптығып мектепке енгенде алдарынан сынып жетекшісі шығатын. Апайдың жүзінен таңданыс, бір жағынан аяныш сезімі де байқалатын. Таңданатыны жай күндері, әншейінде оқушылар әр түрлі сылтаумен сабақтан қалып жатады. Дәл осындай күні неліктен бәрі білімқұмар бола қалған десе, аяныш сезімі балақандардың қараңғыда күн райына қарамастан келіп тұрғандарынан туындайтын. 

Апай: «Балалар, осындайда радиоға құлақ қою керек қой! «Ауа райының қолайсыздығына байланысты бастауыш мектептің оқушылары бүгін сабақтан босатылады» деп бірнеше рет хабарлады емес пе! Мынадай күні келмесеңдер де болатын еді...», – дейтін.

Оқушылар жан-жақтан радиодан ештеңе естілмегенін жамырап айтып жататын. 

Расымен радионың дауысы ауа райы қолайлы күндері ғана жақсы естілетін. Қар жауып, боран соққанда тек апайдың үйіндегі радио құрылғысы ғана істеп, оқушылардың үйлеріндегі құрғырлар быр-быр етіп, істен шығатын. Бір бұл ғана емес, суықта қысымға шыдай алмай мектептегі батарея да жарылып кететін. От жағылмаған бөлменің еденін су басып, біраздан кейін ол мұзға айналғанда бөлме азынап, сабақ оқымақ тұрмақ, бір орында байыз тауып отырудың өзі қиынға соғатын. Сөйтіп, оқушылар мән-жайға қаныққан соң көп аялдамастан келген іздерімен үйлеріне қайтатын. Апайлары ертең тағы қар жауып, алай-түлей боран соқса, радиодан берілетін хабарламаға құлақ қоюды, мектепке босқа келмеуді қайта-қайта тапсыратын. 

Айтпақшы, осы апаймен байланысты бір қызық оқиға болған. Қалада интернатта оқып жүргенде жаңа жылғы каникулдан кейін сыныпқа тәжірибеден өтуге екі студент қыз келді. Олар келе салып бірден сабақ беріп кеткен жоқ. Алдымен бірнеше күн сыныптағы соңғы парталарға жайғасып, тәлімгер мұғалімнің сабағын тыңдап, өздеріне керекті тұстарын дәптерлеріне түртіп отырды. Сабақтан соң оқушылардың дәптерлерін тексеруге көмектесті. Келесі аптадан бастап мұғалімнің орнына өздері сабақ беріп, тәрбие сағаты мен әртүрлі іс-шаралар өткізе бастады. Студент қыздардың келуімен сыныпта жаңа бір леп пайда болып, сабақ емес, күнде бір мейрам болып жатқан сияқты сезілді. Оқушылар ол қыздарды да жақсы көріп, үйреніп қалған еді. Тәжірибе мерзімі аяқталып, студенттер мектеп-интернаттан кеткенде бәрі қимай қоштасқан. 

Содан қаладан ауылға қайтып келгенде бірінші қыркүйекте қалада көрген сол екі студент қыздың бірі сыныпқа еніп, өзін сынып жетекшісі деп атады. Мұндай сәйкестік болады деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Студент қыздардың бірі дәл осы ауылға, дәл осы сыныпқа сабақ беруге келіпті. 

Апай өзін таныстырып, есімін айтты. 

«Енді сендермен танысайын. Журналдағы тізім бойынша есімдеріңді айтқанда «Мен» деп орындарыңнан тұрыңдар», – деді.

Әліпби ретімен таныстық басталды.

Кезек Кәусарға келгенде апай жымиып: «Біз Кәусар екеуіміз таныспыз», – деді. 

Кейін білді, екінші қыз да, ол қыздан басқа Алматының жоғары оқу орындары мен облыс орталығындағы институтты жаңадан бітірген тағы бес-алты қыз шалғайдағы ауылдағы қазақ мектебіне жолдамамен келіпті. Өздері шетінен білімді, өнерлі, сұлу. Ғұмыр жастары ұзақ болғыр сол қыздардың біреуінен басқасының барлығы ауылда тұрақтап, тұрмысқа шығып, түтін түтетіп, әлі күнге дейін мектепте шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді. 

Сабақ аяқталған соң үйіне тез жетуге, ата-анасы мен үй ішіне болған жағдайды айтып беруге асықты. Олар да таңырқап, қыздарымен бірге шын қуанған болатын. 

Төртінші сыныпқа келгенде әр пәннен әртүрлі мұғалім дәріс берді. Математика пәнінің мұғалімі бір көргеннен-ақ бұны тақтаға «ноғайдың қызы» деп шақырды. Бастапқыда түсінбей, таңданып, бұл қалай деп аңтарылғаны рас. Оған дейін кім екені туралы ой басына кіріп те шықпаған. Түрі мен тілінің, ныспысының сыныптастарынан еш айырмашылығы байқалмайтын. 

Алғаш естігенде сыныптастарының да бір-біріне жалт қарағаны, не айтар екен деп бұған ұрлана көз тастағандары да есінде. Ол кезде мұғалімнен мені не үшін олай атап тұрсыз деуге батылы жетпек тұрғай, көзіне тура қараудан жалтарып, жанарларын төмен салып тұратын, оқушы әдептен озбайтын заман еді. 

Есесіне үйге есіктен енбей жатып, әке-шешесіне ішіндегі өкпесін айтқаны есінде. Мұндайды күтпеген анасы: ««Әкесі құрдастың баласы құрдас» деген. Ол кісі әкеңмен бірге оқыған. Қалжыңдап айтқан болар», – деп жуып-шаймақ болды. 

«Бола берсін! Тамам баланың алдында «ноғай» дегені несі?! Ноғай деген кім өзі?» – деп еді. 

Анасы: «Әкең – ноғай. Оны мұқым ауыл біледі. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл туралы апайыңа көшеде көргенде айтармын», – деді.

Басқа да ұсақ көшелер болғанымен «көше» деп ауылдағы орталық көшені ғана айтатын. Сол көшенің ең басында мектеп, оң жағында автобус бекеті, соның қатарында кеңсе, шаруашылық заттары, азық-түлік, киім-кешек және галантереядан тұратын дүкендер кешені орналасты. Тұрғындар бір-бірін сол жерде кездестіріп, ауылдың бар жаңалығын көшеге шыққанда естіп, мән-жайдан хабардар болатын. 

Осымен бұл әңгіме аяқталған. 

Дегенмен математика сабағының мұғалімі: «Ноғайдың қызы, қане, сен шық», – дейтін әдетінен жаңылмады. Осылай шақырған апайға ұнайтындай көрінетін. Сол кезде орнынан селқос көтеріліп, тақтаға бет алатын. Шығу оқушының міндеті болғандықтан ғана шығатын. Дегенмен есепті апайдың өзі шығаратынын, ол кісінің айтқанын тек қара тақтаға ақ бормен жазып беретінін да білетін. Апай: «Неге өзің шығармайсың?» деп ұрыспайтын да, зекімейтін де. «Пәленді қарашы! Есепті қалай жақсы шығарады» деп әлдекімді үлгі де етпейтін. Атымен немесе тегімен шақырмай, «ноғайдың қызы» дегені үшін ғана емес, осы пәнді әсте жақтырмайтын. Өз пайымы бойынша күрделілендірудің қажеті шамалы. Алып, қосуды, бөлуді білсе, көбейту кестесін жаттап алса жеткілікті деп ойлайтын. Бірақ апайға мұны қалай түсіндіресің? Ол кісі де кәнігі әдетінен жаңылмай, өзіне ғана тән бипаздылықпен журналына үңіліп, кімді таңдағанын нақтылаған соң көзілдірігінің үстінен оқушыларды тегіс шолып, назарын бұған тоқтатқанда жүрегі кеудесінен шығардай атқақтап кететін. Егер мұғалім әліпби ретімен шақыратын болғанда бұның тегі тізімнің соңында тұратын. Өкініштісі, апай тізім бойынша шақырмайтын. 

Есептің шешімін өзі таба алмайтын, тақта алдында бор-бор болып тұратын оқушының сол кездергі хәлін математикадан нашарлар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Әлде шынымен тақтаға шығып, есепті шығара алмаса, сыныптастарынан ұялып, келесі жолы дәл осы сабаққа көбірек уақыт бөліп, тыңғылықты дайындалып келеді деп ойлады ма екен, кім білсін? Қалай болғанда да мектепте есеп сабағын суқаны сүймегені рас. Мұғалім жаңа тақырыпты түсіндіргенде ден қоймайтын, қызықпайтын. Математика кітабының бетін ашып, сандарды көргенде, көңілі құлазып, жаба салатын. «Мектепті бітіргенде бәрібір бұл сабақты таңдамаймын. Өскенде математик болмаймын. Математикаға қатысты мамандыққа жоламаймын» дегенді миына сыналап қағып алғандықтан ба, әйтеуір осы сабақпен тіпті кейін де дүрдараз қатынас ұстанды. Әйтпегенде жаңа сабақ бар балаға бірдей түсіндірілетін. 

Есесіне мұғалімнің көзін ала беріп, партаның астына тығып отырған сүйікті кітабын аяғының үстіне ыңғайлап қойып, оқуды жалғастыратын. Әдеттегі ісі осы болатын. Математика сабағында тығылып, кітап оқудың ләззаты бөлек еді. Күнде жолы бола бермейтін, кейде ұсталып қалатын. Сондайда ұстазы ештеңе деместен, бірақ көзілдірігінің үстінен мағынаға толы кескінмен бір қарап, кітапты үстелінің үстіне апарып қоятын. Сабақ аяқталғанда ендігәрі қайталамауға уәде алып, өзіне қайтаратын. 

...Уақыты келгенде орта мектепті де аяқтап, Алматыдағы өзі армандаған жоғары оқу орнына түсіп, студент атанды. Жатақханадағы алғашқы таныстықта курстастары өздерінің қай жақтан келгендерін, кім екендерін айтып, таласып жатты. Кәусар ауылдағы мектебі мен есеп сабағынан берген апайын есіне алып, күлімсіреп отырды...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...