Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен...
Жадыра Шамұратова. Мен кінәлі емеспін
(Н
овелла)
Сол жақ бетінің ұшындағы қоңыр меңі қараторы өңіне жарасып тұратын, өзі ана тілінде олақтау сөйлейтін солтүстіктің қызы екеуміз жұмыс бабымен бірнеше күн бірге жүрдік.
– Сіздің жасыңыз нешеде? – деді ол алғашқы күні асханада отырғанда.
Менің бір әдетім – кеше ғана 42-ге толған болсам, бүгіннен бастап өзімді 43-темін деп айта бастаймын, неге екенін, 42-ге толған күннің ертесі бірден келесі жасқа өтіп кететін сияқты сезім болады.
– Неге өйтесіз, адам қартаюға асықпауы керек, қартайған адам – жарты адам. – деді ол.
– Неге жарты адам? Ғұмырының жартысынан көбі өтіп кеткеннен бе?
– Жоқ, жарты адам дейтінім... қыз тамағын кенеді, – мысалы, адам жас кезінде қандай мықты, қандай сұлу, қайратты болса да қартайғанда әңгімесі де, істеген ісі де бұрынғыдай болмайды, денсаулығынан да, ажарынан да, мінезінен де тек жартысы қалады. Сонда ол жарты адам болмай ма?
– Сіздің қарттыққа қатысты тұжырымыңыз қаталдау екен. Қарттықпен келетін өмір тәжірибесі, даналық ше?
– һмм, оның бәрі бос сөз! Жұбату үшін шығарған. Қартайған адамның бәрі дана болмайды, ол о бастан сүйекке бітетін қасиет. Жас кезінде ақылды болмаған адамның қартайғанда ақымақтығы көбейетінін де көрдім. Не десеңіз о деңіз, менің қартайғым келмейді. Қартаюдан қатты қорқамын. Бет-жүзің әжімнен салбырап-қисайып, белің бүгіліп, жер сені болмаса сен жерді жетектеп жүргендей болып, күннен-күнге кеміп, ескіріп қалған миыңның қуаты да дені дұрыс әңгіме айтуға жетпей, алжып, айдалаға лағып отырғаннан қартайып үлгермей кетіп қалған жақсырақ сияқты.
– Енді... оны сіз бен бізден сұрамайды ғой...
– Рас айтамын, қартайған адамның бәрі сыртынан аянышты көрінеді. Әсіресе, жас күнінде өте қайратты, белсенді болып, жайраң қағып жүретін адамның аяқ астынан жуасып, жүдеп, уақыттың еркіне беріліп, тізе бүккенін көру қандай ауыр екенін... білесіз бе? Мен білемін. Көргем.
Ол сезімтал жанарына сақиналанып келе қалған жасын көрсеткісі келмегендей терезеге қарады:
– Мысалы, менің әжемнің қимылдаған сайын күш-қайраты еселене беретіндей көрінетін, мен болсам әжемді ешуақытта қартаймайды деп ойлаушы едім...
Біз асханадан шығып, ескі ғимараттың ауласындағы орындыққа тізе бүктік, түскі үзіліс біткенше әлі уақыт бар еді.
* * *
Арай екі автобус ауыстырып қала шетіндегі әжесінің үйіне апта сайын келіп тұрады. Әжесінің жеті мысығы бар. Әжесі мысықтарының әрқайсысын атымен атап, әрқайсысы туралы әңгімелеуден жалықпайды.
– Бүгін Елизавета тырайып жатып көп ұйықтады.
Бұл жасы біразға келген сарғыш мысық. Соңғы кезде ұйықтай беретінін Арай да байқаған. Арайдың кішкене кезінде де үйде дәл осындай сары мысық болды, қыз мысықтың құйрығына жармасып тартқылауға құмар еді, сонда әжесінің жаны шыға жаздайтын.
– Неге өйтесің, Арайжан, қой, мысықтың құйрығына тиіспе. Мысықтың құйрығы омыртқасына байланған, ал омыртқада жүйке талшықтары болады, мысықтың жүйкесіне зақым келсе... жаным, тиіспеші.
– Арайжан, ботам, мұрты мысыққа қараңғыда сезу үшін керек, мұртын қиғаның не?
Есейе келе мысықтың құйрығын тартып, мұртын қиып тастайтын әдетін де қойды.
– Ал, мына Жарғақ таң атқалы тыным табар емес.
Жарғақ дегенінің тұқымы бөлек, тұрпаты басқа.
Әжесінің жеті мысықты немересіндей еркелететін жөні бар, осы уақытқа дейін балалар үйінде жұмыс істеп, жаутеңкөздерге мейірленіп қалған басы мысықтың баласына да елжіреп тұрады.
Соңғы кездері Арай әжесін уайымдап қайтатын болып жүр, әжесі бұрынғыдай емес, не жағдай болуы мүмкін, уайымы не, неге ашылып сөйлемейді? – дегенді ойлай береді. Биыл жетпіске келетін әжесінің ашық-жарқын мінезі қалып, томаға-тұйық қалып тапқан. Ештеңеге зауқы жоқ. Немересі келгенде баяғыдай үйін жайнатып, дәмді бірдеңе пісірмек түгілі бұл келгенде жанарына алтын шуақ үйіріліп, айналып-толғанып қуанбайтын секілді. Бей-жай. Ал, бұрын қандай еді! Енжар тартқан кезін көрмепті. Шаршамайтын. Ерте тұрып алып бүкіл шаруасына үлгеретін. Аулаға гүлдің оншақты түрін егуші еді. Жұмысты қойғасын да үйде отырмай, өзі секілді құрбыларымен фитнес клубқа барып, саяхатқа шығып... бұл өзі оның жас адам сияқты қимыл-қозғалысына, өмірге деген құштарлығына таңғалатын. Ал енді ше... Сәл нәрсеге өкпелегіш. Есте сақтау қабілеті де бұрынғыдай емес, әңгіме айтып отырып біреудің атын ұмытып қалса, не бірдеңе ойласа сол күйі есіне түсіре алмайды.
Арайдың телефонына қоңырау келді. Шешесі екен.
– Арай, сен әжеңнің үйіндесің бе?
– Ия, осындамын.
– Осы апта қала сыртына демалуға барамыз дегеніміз қайда?
– Жоқ, бармаймын, әжемнің қасында боламын.
– Оған жалғыз болған ұнайды, сен келді деп қуанар деймісің?
– Мам... енді бірдеңе айтсаң тыңдамаймын, телефонды өшіре саламын. Оның жағдайы қиын онсыз да...
– Не болыпты оған?
– Сен түсінбейсің...
Әжесі өткен түні немересін төрт рет оятты. Оятқан сайын «Бүгін қандай күн? Сен неғып жатсың?» деп сұраумен болды. Түннің бір уағында әжесінің күбірлеген даусынан оянып әуелі ештеңе түсінбей жатты, әжесі қараңғы жерде мұның жүрегін ұшырардай дауыстап, бір жаққа барып, қайтарда адасып қалғандай немесе баратын жағына жете алмай жүргендей «бұл қай жер?» деп сұрайды, енді бірде өзін біреулер ұстап алып, қапасқа қамап қойғандай жанұшырып: «Мені жіберсейші енді, жібер» деп жалынумен болады. Оның қасында жатып Арайды үрей биледі. Бірақ шешесіне бұл туралы айтып жатқысы келмеді.
* * *
Жалғыз ұл үйленіп, алғашқы немересі дүниеге келгенде атасы мен әжесінің жаны қалмайтын. Арайдың әрі тұңғыш, әрі жалғыз немере боларын сезгендей шақалақты бір-бірінен қызғанып... дәмдінің бәрі, жақсының бәрі Арайға арналатын. Бәрі Арай үшін. Сосын бір күні бәрі өзгерді... Жалғыз ұл көлік апатынан қайтыс болды, бір жылдан соң келін төркінге кетті, енді Арайды атасы мен әжесіне кей жексенбілерде не мерекелерде ғана алып келетін болды. Немерелерін әкелген күні шат-шадыман шаттыққа толатын мансард үй ол кеткен күні сүйек шыққан қараша үйдей құлазып қалатын. Сөйтіп жүргенде Арай мектепке барды, мектеп бітірді, студент атанды. Атасы қайтыс болғаннан бері жексенбі сайын келетін болған. Әжесі жалғызсырамасын дейді.
Сенбі күні екеуі әдеттегі уақытта ұйқыға жатты. Түн ішінде әжесі мұның көрпесін жұлқи тартып оятып жатқанын біледі.
– Әже, не болды? Жай ма?
Неге екенін, әжесінің даусы ашулы шығады.
– Тұр деймін саған! Тұр! Кімсің? Мұны білегінен қысып ұстағанда қолы қаттырақ батып кетті. – Кімсің деймін?
– Әже, не болды, жайшылық па? Арай көзін уқалап оянып отырды.
– Сен кімсің өзің, қайдан жүрсің? Әжесінің көкшіл жанары лайланып өңменінен өте қарайды. – Қазір полиция шақырамын – дейді ызбарланып.
– Әже! – деп айқайлап жіберді Арай осы кезде. Іші-басы қалтырап кеткендей болды. – Мен ғой, танымадың ба? Мен, Араймын!
Әжесі оны бар күшімен бөлмеден итеріп шығарып жібере алатын шамасы болса да, ішінен әлденеге сенімсіз болып көрінді, осыны байқаған Арай есі шыға атып тұрып, ақтарып жүріп, ескі альбомды алып келді. Ол альбомның ең бірінші бетіндегі әкесінің суретін көрсетіп:
– Бұл – Болат, ол менің әкем, – деді.
Әжесі оған таңырқай қарады.
– Ия, Болат қой. Даусы жуаси шықты. – Қайдан білесің оны?
Ал келесі бетінде әжесінің жастау уағында талдан ұстап тұрған суреті тұрды.
– Бұл сен ғой, әже.
– Мен екенімді қайдан білесің? – деп таңғалды әжесі. – Өзің бәрін танып тұрсың!
Комод үстіндегі рамкадағы Арайдың сәби кезіндегі суретіне жеткенде «айта қойшы, бұл кім?» деп сұрады әжесі. Сосын екеуі де бір-біріне қараған күйі күліп жіберді. Кәрі әйел немересінің күліп тұрып, көзінің жасын сүрткенін байқамады.
Кейде әжесінің меңірейіп бір нүктеге қарап ойланып кеткенін не қалшиып тұрып қалғанын көргенде немере қыздың бойы-басы суып кетеді. Әлде оны психологқа апарған дұрыс па деп бір ойлады. Әрине, әжесі оқыған, көзі ашық адам, қарсы болмасы анық. Бірақ, өз ішінде оның әсері болады дегенге күмәндана береді, психолог көп болса әңгімелесер, бірақ, емдемейді ғой, ал психиатр жүйке қызметі бұзылған адамдарды қарайды, әжесін қайсысына апарған дұрыс?
* * *
Орта бойлы, толықша, дөңгелек жүзді, шашын қысқа қидырып, жиренқызылға боятқан, қолына кішкене сөмке ұстаған зейнет жасындағы кексе әйел терезе алдындағы креслода отыр. Орта жастардағы психотерапевт алдындағы адамға қандай да бір көмек көрсету үшін оны мұқият тыңдайды.
– Дәрігер, соңғы кездері менің тұла бойым ауыр тартып, ештеңеге зауқым соқпайды. Тамағыма үнемі бірдеңе тығылып тұрғандай болады. Мінезім де... өкпелегіш, ашуланшақ болып кеткенімді байқаймын.
– Ұйқыңыз қалай?
– Ұйқым да дұрыс емес. Екі-үш күнде бір ұйықтап жүрмын.
– Қалқанша безінің жұмысын тексерттіңіз бе?
– Ия, эндокринологқа бардым, ол жағынан бәрі дұрыс.
– Бірдеңе уайымдап жүрсіз бе, бірдеңе мазалай ма?
– Мазалағанда... кейде аяқ астынан бір жақтан үрей келеді де, сол күйі тұла бойыма жайылып, өзімнен-өзім қатты қорқамын. Қатты үрейленетінім сондай, «тап қазір құлайтын шығармын, осымен бәрі біткен шығар» деген ойдан қалшылдап кетемін, дәрігер.
– Жақында туысыңыз не жақыныңыздан айрылған жоқ па едіңіз? Өмір болғасын... жақын адамдарымыздан айрылып қалып жатамыз ғой...
– Басыңыздан қайғы өткен жоқ па? деген сұрағыңызды түсіндім, дәрігер, екі жыл бұрын күйеуім қайтыс болды, ал он үш жыл бұрын жалғыз ұлым көлік апатынан кетті.
– Сіз сонда жалғыз тұрасыз ба?
– Ия, бірақ, мен жалғыздықтан қорықпаймын. Тіпті түнде де. Жалғыздық маған ұнайды. Үйреніп кеттім.
Психотерапевт кәрі әйелдің жасына сай макияж жасалған бет-әлпетіне, қара пиджактың ішінен киген аппақ кофтасы мен мұқият егеліп боялған тырнақтарына зер сала отырып, бұл адамның өзін қатаң бақылауда ұстайтынын топшылады. Бұл басынан қандай жағдай өтсе де үнемі өзін көңілді, ашық ұстауға тырысатын, өзіне әлсіз болуға бір минут та рұқсат етпейтін әйел көрінді. Мұндайлар өзіне жылауға, көңілін түсіруге рұқсат етпейді.
– Сіз кейде жылайсыз ба?
– Түсінбедім.
– Мысалы, деймін, кейде оңашада жылағыңыз келе ме?
– Жоқ, неге жылаймын? Қарадан-қарап... әйел езу тартты.
– Кейде болса да... бірдеңені еске алғанда, бір жағдайлар ойға оралып...
– Жоқ, жыламаймын. Ондай әлсіз адам емеспін. Ұлымнан айрылғанда да өзімді босаңсытқан емеспін.
– Шынымен де жыламайсыз ба?
– Жоқ. Жылағаннан бірдеңе өзгереді деп ойламаймын. Бекерге езіле түсесің.
* * *
Кексе әйел маманның қабылдауына апта сайын келіп тұрды. Рас, кейде «осы жүрісім бос жүріс бола ма, мені қорқынышымнан арылтуға бұл кісінің шамасы келмейтін шығар» деген күмәні де болған, бірақ, қадағалап, қиылып болмаған немересінің көңілін қимады, әрі психотерапевтің мұны мұқият тыңдап отыратыны да көңіліне ұнай бастаған. Бастапқыда психотерапевт оған ешқандай кеңес бермеді, тіпті оның қазіргі жағдайын бағалайтын бірауыз сөз де айтпады. Ол әйелді тыңдай отырып, оның үрей-қорқынышының себебін білу үшін арнайы кесте жасап, оған пациенттің ойларын жазып отырды. Үшінші апта болғанда ол өзіне қойылған сұрақтарға қысқа қайырмай, ашылып жауап бере бастады.
– Сонымен, аяқ астынан жүрегіңіз ұстап құлап қалудан қорқамын дедіңіз...
– Ия, дәрігер, мен есімнен танып құлап қалудан қорқамын. Ондай болса мысықтарыма не болады? Арайжан қаланың екінші шетінен келіп оларды баға алмайды ғой. Олар әрі біреу не екеу емес, бақандай жетеу.
– Жетеу деймісіз? Жеті мысығыңыз бар ма? Сонша мысық сізге не үшін керек болды?
– Не үшін керек? деп таңғалатыныңызды білгем, дәрігер. Басында үйімізде өзіміз сатып әкелген Марғау мен ұлым қайтқаннан кейін кездейсоқ пайда болған Тарғыл ғана болды. Олар бір-бірін жатырқамай үйренісіп кетті. Кейін иелері қаңғытып жіберген мысықтар жолымнан кездесе берді, олардың көздері пана тілей қарап, жүні терісіне жабысып, қарны қабысқан жүдеу түрлерін көрсем өтіп кете алмаймын. Біреуін қаңғып жүрген жерінен алып келдім, біреуін құрбыма қонаққа барғанда подьезде тоңып жүрген жерінен таптым. Осылай жинала беріп жетеуге жетті. Хайуан демесеңіз, олар да адам секілді, бәрін түсінеді.
– Бәрін бірдей жақсы көресіз бе?
– Әрине. Әрқайсысын өзіңше жақсы көресің. Олардың түрлері қандай бөлек болса, мінездері де бір-біріне ұқсамайды. Бір мысығымның мінезі қатқылдау, кейде бірдеңе бүлдіргенде ұрыссаң одан сайын қырсығып қалады. Ал мінезі жұмсақ мысығыма қабақ шытудың да керегі жоқ, өзі өте сезімтал, сырттан кірген бойда менің көңіл-күйімнің қандай екенін бірден байқай қояды.
– Жаңағы әңгімеге оралайық, сонда сіз неден құлауыңыз мүмкін? Ол ой сізге қайдан келді?
– Білмеймін, дәрігер, мысалы, кейде көшеде кетіп бара жатып та, кейде супермаркетте кассаға кезекте тұрғанда, тіпті автобус ішінде де сондай ой келеді. Міне, қазір, тап осы жерде құлап, есімнен танып қалатын сияқты боламын.
– Бұндай күйге сіз көңілсіз ой ойлағанда немесе бір жағдайлар орын алғанда түсесіз бе?
– Оны білмеймін, дәрігер. Әйтеуір, аяқ астынан ес-түссіз құлап қалсам ешкім көмекке келмей, тіпті ешкім қарамай үстімнен тапап өтіп кетуі мүмкін деп ойлаймын. Осы ойдан тұла-бойым қалтырап, жүрегім қатты соғып, аяғым еркіме бағынбай, шылқып терлеп, кеудем қысылып кетеді. Өткенде амалсыз «жедел жәрдем» шақырдым, дәрігер жүрек ауруы шығар деп тексеру жүргізгенімен, ЭКГ нәтижесі қалыпты болып шықты, оның үстіне Арайжан да «әже, саған психолог әлде психиатр маман керек шығар» деп қоймады.
– Арайжан деген кім?
– Арай – менің немерем ғой.
Үрейге берілгіш адамның миындағы ойлар да бірінің ішінен бірі балалап шыға беретін ойыншық тәрізді тез көбейіп, ұлғайғыш, әуелі бір ойды ойлап бастап, іле-шала одан да қорқыныштысына өте береді. Психотерапевт оған қорқыныш қатты ұстаған мезетте пакетке үрлеуді, сөйтіп миды алдандыру тәсілін үйретті. Үшінші сеанста осы ойларды тереңірек ашуға тырысты. «Жалғыздықты жақсы көремін, қорықпаймын» десе де әйелдің өзімен-өзі жалғыз қалудан, қорғансыз болудан қорқатыны белгілі болды. Төрт сеанстан кейін егде әйел «егер маған бір жағдай болатын болса онда мен басқаларды, болмаса немерем Арайды көмекке шақыра аламын» деген ойға келе бастады. «Менің аяқ астынан құлап қалу туралы ойым өзімнің жай қорқынышым ғана, маған ештеңе де болмайды» деген ойға жеткенше, миды үнемі осылай ойлауға жеткізу үшін тақпақ жаттағандай қайталаумен болды. Осылайша әйел үрей қысқанда өзін қалыпты ұстауға үйрене бастады. «Егер құлап қалсам ең жаманы не болуы мүмкін?» деген сұраққа жауап тапқанша ми өзінен-өзі сабырға келеді екен.
Кәрі әйелдің осы бес сеанста да ішіндегісін ақтарып, жан-жүйесін босата алмағанын байқаған психотерапевт келесі әдіске көшті. Ол алдындағы клиенті аяқ астынан орап алатын қорқынышынан толық арылуы үшін оның жүйке жүйесінің әрбір талшықтарына дейін қозғалуы керектігін түсінетін.
– Сіздің ең қиналған сәттеріңізді еске алайық – деді баяу дауыспен.
– Қиын сәт деймісіз? Маған ба?
– Күйеуіңіз қайтыс болғанда қалай қиналдыңыз, айтыңызшы. Ұлыңызды жоғалтқан кездегі жаныңыздағы қайғы мен өкініш қашанға дейін болды? Сізді өкпелеткен адамдармен әлі күнге араласасыз ба?
Әйел көзін жұмып ең аяулы адамдарын елестетті, судағы бейнедей бір батып, бір шығып қалықтаған суреттер оған бұрынғыдай анық көрінбейтіндей. Осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған күйеуі өмірде момын адам болатын, екі кештің арасында тып-тыныш қана ұйықтап кеткен. Әйел сәл діріл араласқан дауыспен күйеуімен бірге өткізген жақсы кездерді, теңізге, тауға бірге қыдырған кездерін баяндап шықты. Тапа-тал түсте рульде қалғып кеткен біреудің кесірінен Петропавлдан Омскіге апаратын жолда қаза болған ұлы туралы айтқан кезде тыныс алуы жиірек болды. Бала шағы, ерте қайтыс болған анасы туралы айтты, бірте-бірте бірқалыпты тыныстап, естеліктер бірінен соң бірі ағылып келе берді. Ерік берген сайын жанының әлдебір қалтарыстарындағы жасырынған мұңы бері жақындап, шері қозғалғандай, бәрі қосылып мұның ішінде өсіп ұлғайып келе жатқандай болды. Бірақ, бәрібір жылай алмады.
* * *
Психотерапевттің тапсырмасы бойынша күнделік жүргізуді бастап, өзінің басынан өткен қуаныштары, өмірде жіберген қателіктері, өкініштері туралы жаза бастаған. Кей жағдайлар күні кеше болғандай жынына тие беретінін байқады. Өгей шешесі бұның пайдасы тисе ғана, бірдеңеге қолғабыс етсе ғана жақсы қарайтын, оның қабағы дұрыс болғанда әкесі де жылы амандасатын, ал өгей шешесінің жанары суық тартса туған әкесі де бұған жақындай бермейтін. Сол өкпесінің әлі күнге дейін ішінде жүргенін білгенде таңғалды. Одан бері ше? Талай әділетсіздік болды. Өткенді қазбалаған дұрыс па, дұрыс емес пе деп жатпай, кейде еріксіз оны да ойлап кетеді. Балалар үйінде қаншама жыл еңбек етті, сонау тоқсаныншы жылдары әркім өз күнкөрісіне әрең шамасы жетіп жүрген кезде бұл қарайған жетім баланың қарны ашпасын деп шапқылаумен болды. Көңілі тоқ болмағаннан да бала өзін аш сезінетін болу керек, әйтеуір, балалардың үнемі қарындары ашып жүретін. Басқа амалы болмағасын бұл демеуші іздейтін. Өйткені, ол кезде балалар үйінің тамағы құнарсыз, ойыншық санаулы, линолеумі де жыртық болатын. Балаларды спортқа жақын болсын деп қолына түскенді құрап спортзал жасақтаған. Білім басқармасындағылар мұның алақан жая келетінін біліп болғандықтан алдап-сулап шығарып салуға үйренген. Кейін жағдай түзелді. Жетімдерге деп мемлекет қомақты ақша бөлетін болды, бірақ бұл өзі ешуақытта өзінің үлесіне ештеңе алған емес. Бұл жағынан ары таза. Осыдан бір сабақ жіп артық алса жетімдердің ақысын жейтіндей көрінді. Ал, зейнет жасына жақындағанда жаңа басшылар мұның баяғыдан бергі еңбегін бағаламақ түгілі, түртпектей бастады, өз адамдарын қоймақшы болып үстінен арыз түсірді, тексерістерден мігір болмады. Ақыры мұның еңбегін білетіндер қалмағанын түсініп, орнынан өзі кетті.
Ойлап қараса, ол өмір бойы біреуге жәрдемші болумен келеді екен, біреуге анадай көмек, біреуге мынадай көмек керек, оған өкінген жері де жоқ, өзінің өмір сүріп жүргенін осылай сезінетіні рас. Ал, бір күні мұның өзіне көмек керек болады, күндердің күнінде жанын ақтарып психотерапевттің алдында отырамын дегенді ойлап та көрмепті. Оның үстіне өткендегідей жағдай тағы қайталанды, күндегіше кешкі тамақтан соң мысықтарының орнын тазалап енді жайғасам дегенде қарадан-қарап көңіл-күйіне бірдеңе болып, тұла-бойы өзінен-өзі салқын тартып, жүрегі суылдап, бойын бір белгісіз үрей билеп алды. Бұл тіпті бой бермей күшейе түсті. Жан-жағынан тықсырып, қысып келе жатқан бірдеңені сезеді. Түн ішінде тарс-тұрс қағылған есіктің, бірқалыпты тықылдаған терезе тырсылының дыбысы мен өз жүрегінің дүрсілдегені араласып кеткен, төсегінде тас бүркеніп жата қалғанымен бәрі құлағына анық естіліп тұрды. Кірпігі ілінбестен, ауыр ойлардың салмағынан уақыт та баяу жылжып, қаракөлеңке азайып, таң шымылдығын түргенше жатты да қойды.
* * *
Ұйықтамағаннан көзінің асты қалталанып тұрғанын мұқият жасалған макияж да жасыра алмапты. Психотерапевт емделушінің жағдайын сұрады
– Кеше бір жағдай болды ма? Әлде жайсыз бірдеңе естідіңіз бе?
– Шамалап тұрсыз, дәрігер, кеше мен жанымды астаң-кестең қылған бір оқиғаны естідім. Содан мазам жоқ.
– Бұл сізге әсер еткеніне қарағанда өзіңізге қатысты болғаны ғой?
– Жоқ, ия... қалай десем екен... бұл аянышты жағдай.
– Содан ұйықтамадыңыз ба?
– Ия. Жоқ, аздап ұйықтадым, бірақ, санам шаршап тұрды.
– Ол адамның сізге не айтқанын білмеймін, бірақ басыңыз ауырып, ұйықтай алмай, жайсыз күйге түсетін болсаңыз, сізге ендігәрі ол адаммен сөйлеспеуге кеңес беремін.
– Раямен бе? О не дегеніңіз, дәрігер, Раямен қалай сөйлеспеймін? Бұл мүмкін емес! Ол өте жақсы адам. Ол тек болған жайды айтты. Бұрынғы әріптестердің ішінде баяғыдан бері маған деген көңілі өзгермеген тек сол ғана. Анда-санда хабарласып, халімді біліп, балалар үйіне қатысты естіген жаңалығын айтып тұрады. Екеуміз балалар үйіндегі өзіміз тәрбиелеген балалар жайлы айтамыз, бірге жұмыс істеген қызметтестерді еске аламыз. Ол сондай жақсы адам. Бірақ, инсульт алып қиналып жүр.
– Соны уайымдадыңыз ба?
– Қалай десем екен, дәрігер, бұл өте қиын жағдай... біздің бір баламыз... американдықтар асырап алған баламыз... уһ... – әйел ауа жетпегендей аузын ашып демін шығарды, – әбден ержеткенде өзіне қол салып қайтыс болыпты... ең сұмдығы... сол асырап алған ата-анасына өкпелеп кеткен екен. Жаным ай... әйел тамағын жөткіріне берді. – Үш жасында кетіп еді бізден...
– Сіздің жылағыңыз келе ме?
– Келеді... бірақ жылай алмаймын.
Психотерапевт өзі күткен нәтижеге жеткенше әлі бірнеше сатыдан тұратын жұмыс керегін ойлады. Алдымен емделушінің өзіне қойып тастаған блоктарын қозғай алуы тиіс, ар жағы тәжірибесі бар маманға қиын емес.
– Ол бала қандай еді?
– Баланың жаманы болмайды ғой, дәрігер. Ал Асхат сондай сүйкімді бала еді. Сұйықтау кекілі бар, қазақтың қара баласы деуге келе бермейтін аққұба, үлкен қоңыр көздері жәудірей қарап, қалың кірпіктерін қағып қойып отыра беретін. Ешкіммен тәжікелесіп, жағаласып жатпайтын. Денсаулық картасында мүгедек деп жазылған, таңдайы жоқ болатын. Шешесі туған бойда бас тартыпты.
– Американдықтар мүгедек болса да асырап алды дедіңіз бе?
– Ия, біздің елдің адамдары бала асырап алатын болса оның өздеріне ұқсағанын, дені сау болғанын қалайды, ата-анасы кім екенін білгісі келеді және асырап алғандарын елдің бәрінен жасырады. Ал шетелдіктер туғаннан сал болған балаларды да, сөйлемейтін балаларды да ала беретін, біз болсақ, «бұлар не деген кең, мейірімді жұрт!» деп таңғалатынбыз.
Әйел тағы да тамағын кенеп жөткіріне түсті де бір кезде өзінен-өзі ұзақ жөтелді.
– Дәрігер, шынымды айтсам... мен кейде ол балаларды сағынамын. Кейбіреуі өзіме жақын болды, соңымнан еріп жүретін, мені «мама» дейтін. Үнемі шешелерін күтумен болатын балалар мені ғана емес, іштегі тәрбиеші әйелдердің бәрін болмаса да, кейбіреуін мама деп атайтын. Тіпті біртоға, тұйық мінезді Асхаттың өзі мені көрсе қуанып қалушы еді. Есін жимай жатып үлкендердің сатқындығын көргеннен сенімі күйреп, ерте қатайып кеткен балалардың ішінде шын жетім жоқ еді, олар әке-шешесі маскүнемдікке салынған, қылмыс жасап түрмеде отырған, осы жерге келгенше соққы мен таяқтың нешетүрін көріп келген балалар ғой, туа сала көргендері қаталдық болғасын, бүкіл дүниеден тек соны күтетіні көздерінен көрініп тұратын.
– Сонда сіздің балалар үйінен шетелге кеткен тек сол Асхат қана ма?
– Жо-о-ооқ, тек ол емес. Кетті ғой талайы... әйел басын төмен салып, ойланып отырды. – Қаншама баланы жібердік. Өзіміздің қазақ балалары қайда бара жатқандарын да түсінбестен кете барды...
– Бірақ та, дәрігер, бұған мен кінәлі емеспін, – деді ол бір кезде жұлып алғандай. Осы кезде оның түрі әлденеге ренішті көрінді.
– Мен өзіме жоғарыдан берілген тапсырманы ғана орындадым, былайша айтқанда... жұмысымды атқардым, бірақ... бәрібір өзімді кінәлі сезінемін. Бұл бір уақыт өткен сайын өшіп кетпейтін, тіпті ұмытылды десең де бір кезде санаңда сопаң етіп қайта шыға келіп, көңіліңді алай-түлей қылып кете беретін сезім. Мен неге өзімді кінәлі сезінемін? Олардың өз елінде емес, мүлдем бөтен жақта өсуіне, тағдыры өзгеріп кетуіне менің де әсерім бар деген ой маған қайдан келді? Өйткені сол кеткен балалардың құжаттарын дайындап, балалар үйінің меңгерушісі ретінде қағаздарға қол қойған мен едім. Оларға жаңа ата-аналарын мақтап, «сені күшті жаққа алып кетеді, ол жақта сені жақсы көретін болады, саған деп көп ойыншық пен киім алып қойыпты» деп балаларды психологиялық жағынан дайындаған да мен едім. Әйел жанарын көтеріп, алдындағы маманға қарады. «Бұл өзі мені тыңдап отыр ма? Менің айтып жеткізе алмай отырған нәрсемді түсіне ала ма, түсінсе көмек бара ала ма? Құдай ау, мұның бәрін не үшін оған айтып отырмын?» Ол осылай ойласа да өзін тоқтата алмады. Айтқысы келді. Жанын ашып ақтарылғысы келді. Сөйтсе ғана қанша уақыттан бері тамағына тіреліп, жұтқыншағында тұрып қалған бірдеңе кететін сияқты.
Ал психотерапевт оны тыңдап отыр еді. Төмен қараған күйі, қас-қабағы өзгеріссіз. Жұмысты жаңа бастаған кезінде жанының бір жері ауырып тұратындай сезім болатын. Ол ауырсыну сезімі әртүрлі келетін, кейде жеңіл, кейде ауыр. Алдындағы клиенттің жан-дүниесіне еніп, жарақатын сезіну деген не, ол өзі неден басталады? дегенге де ойланып көрген. Келе-келе мұның - өз ішінде айна пайда болып, сол айна арқылы келесі біреудің жан-дүниесінің күйін сезіну екенін түсінді. Ғылымда мұны синестезия дейді. Басқаның мұңы бұған берілгенде, өзінің оны сезінуі басталар шекті тауып алмаса бұның бәрі жұмысқа кері әсер етеріне көзі жеткесін ол осылай өзінің сезіну күйіне тұншығып, басқаның мұңына батуды қойды. Ендігі жерде клиентті түсінумен ғана шектелді.
– Ханым, бұған қанша уақыт болып еді?
– Ол кез еліміз тәуелсіздік алған жылдар еді. Еліміздің үлкен ханымы солтүстіктегі біздің қаламызға келіп өзінің атақты сауықтыру әдісін таратып, балаларға соны қолдана бастадық. Жетім балалар біздің айтқанымызды орындап қар үстінде жалаңаяқ жүретін, суық су құйынып, денесін шынықтыратын. Біз соны суретке, видеоға түсіріп, еңбегіміздің нәтижесін көрсетіп үлкен ханымға есеп беретінбіз. Бұл әдістің бала денсаулығына пайдасы мол екенін дәлелдейтін қаншама семинар, конференциялар өткіздік. Шын мәнінде оның әсері қандай екенін зерттеген кім бар дейсіз? Осы кезде шетел азаматтарының біздің елден бала сатып алуы жиілей бастады, басқа қаланы білмедім, бір ғана біздің балалар үйінен қаншама баланы өз қолыммен жетектеп, әуежайдан шығарып салдым. Үш рет емес, жеті рет емес, құдай ау... бірнеше рет сөйттім ау... Сонда титтейінен көз алдымда өскен балақандар кішкентай қолдарымен менің саусағымнан қыса ұстап алып, маған сенген күйлері, бір жаққа қонаққа бара жатырмын деп ойлап қуанып келе жатар еді. Көліктің ішінде отырып та ештеңе сезбей, кәусар күлкісімен сықылықтап мәз болып... Әуежайға кірген кезде менің бетіме бір, өзін алып кеткелі жатқан адамдарға бір жапақ-жапақ қарап, бір кезде жолаушылар жолағына өткенде барып менің бірге бармайтыныма көзі жетіп, жанарына әлдебір үрей тұнар еді. Олар жолаушылар жолағына өтіп, мен бергі жақта қалған кезде шыңғырып кері жүгіргендері қаншама? Сол кезде мен тамағыма өксік тығылып, артыма қарамай, кері бұрылып шығып кеткенше асығамын. Енді болмаса өзімді кетіп бара жатқан балаға жармасып, тастай қатып айрылмай қоятындай көремін. Тіпті ол баланың жағдайы біздің балалар үйіндегіден әлдеқайда тәуір, болашақта жақсы елде тұрып, білім алып, жетіліп кетеріне сеніп тұрсам да, өзім өсірген сол балаларды ешқайда жібергім келмейтін. Балалардың денсаулығына қатысты деректердің кейбіреуі шындықтан алыс екенін не тым әсірелеп көрсетілгені ешқашан айтылған емес. Тіпті баланың тіркелген жері де қате беріліп жатты. Мұның бәрі билік басындағы үлкен адамдардың қолымен шешіліп отырған шаруа екенін біліп тұрсам да балалармен қоштасқан күні қатты күйзеліп, ұйықтай алмай шығатынмын. Күйеуім «сен неге өз балаңды танымайтын-білмейтін жатқа бергендей болып қайғырасың, бұл сенің жұмысың емес пе?» деп қанша айтса да, мен тынши алмайтынмын. Сәбилік пәктікпен маған сеніп қарайтын көздерде үркектік пен белгісіздік алдындағы қорқыныш пайда болғанын көру ауыр еді, дәрігер...
Осыны айтқанда әйелдің көз құйрығы суланды да ыстық жасы тарамдалып бетін күйдіре сорғалады. Бір кезде тығыны атылып кеткендей солқылдап жылап қоя берді. Тоқтай алар емес. Дәл қазір ең күшті жұбату сөзі де әсер ете алмайтындай. Көзінің жасы жиналып қалған ба... Кейде дыбысын шығарып, кейде үнсіз егіліп, әйел ұзақ жылады. Дәрігер ұсынған бокал толы судан жұтқаннан кейін барып солығы басылғандай болды.
– Ия, ондай кезде жүйкені босаңсытатын бірдеңе қабылдағанның да пайдасы бар – деді маман сабырлы дауыспен.
– Ия, дәрігер, ол кезде психолог дегенді білеміз бе, қазіргідей дәрі-дәрмектер де жоқ, өзім жұмыстан шаршап келсем де ұйықтай алмайтынмын, «шетелге кеткен балаларым не істеп жатыр екен, бізді сағынып жүрген шығар, Айдостың досы Әли еді, ол Әлиден басқа ешкіммен ойнамайтын, ал, Жансаяның өсіп кеткен әпкесі мына жақта қалды, ертең өскенде бір-бірімен табыса алар ма екен?» дегенді ойлаған сайын басым қазандай болып, ұйқым қаша түсетін. Ертең жұмысқа шаршамай баруым керек, ұйықтауым керек деп... амалсыз коньяк ішесің. Амалсыз... Сөйтіп жүріп... бұл тіпті әдетке айналып кете жаздады. Кейде өзім әуежайдан аттандырып салған балалар түсіме кіретін, біреуі «мама» деп жылап, бірі бұртиып өкпелеп жүретін...
Ол тағы да көз жасына ерік берді.
– Сізге мысықты жақсы көретінімді айтып едім ғой, оларға шетелге кеткен балаларымның атын қойдым. Светик – оның түрі Света деген қызыма ұқсайтын, әке-шешесі славяндық, жирен шашты қызым болып еді, оны Канадаға алып кетті. Ал, Мирослав – салмақты балақай, оған тамақты өзіне бөлек салып беремін, әйтпесе, ол шетте қалып қоя береді. Тура Мирослав сияқты. Мен тәрбиешілерге ол балаға қарап қоюды тапсыратын едім. Ал, Испанияға кеткен Рауанжан сезімтал, адамға қарағаннан-ақ оның көңіл-күйін байқай қоятын.
– Шетелге кеткен балалармен байланыса алған жоқсыздар ма?
– Ол кезде бүгінгідей байланыс жоқ, ортадағы бір адамдар арқылы «сіздің балалар үйінен кеткен балалардың жағдайы жақсы» деген хабар аламыз. Соған мәз боламыз. Кейде фотоларын жібереді, онда күліп тұрған, өзінің бөлмесінде үйілген ойыншықтарының қасында әдемі киінген балаларды көреміз, оны көрген осындағы балалар да басқа жақтан жаңа ата-анасы келіп алып кетсе екен деп армандайтын. Олардың бәрінің жанарында сол кезде «мен де өзімнің екі қабатты коттеджімде, өзімнің бассейнімде түскен суретімді дәл осылай жіберсем» деген арманы тұратын. Олар осы жердегі жұпыны өмірден, құнары аз асхана тамағынан, тәрбиешілердің қит етсе қатайып шығатын даусынан мезі болғандары сондай, әйтеуір, осы жерден кеткілері келетін.
Әйел тағы біраз үнсіз отырып, бір кезде өзімен-өзі сөйлескендей ақырын күбірледі.
–... бәрібір бұл жақтағы емес, шетелге кеткен балаларды көбірек уайымдаймын. Неше жылдан бері... Өйткені, мен олардың бәрінің бірдей болашағы керемет болып кетпегенін, кейбіреуі түсініксіз жағдайда қайтыс болғанын естідім. Өзімді осыған кінәлі санайтынымды қоя алмаймын. Мен олардың тағдырына араластым ба деймін...
– Сіз ол балалармен кездесер ме едіңіз?
– Білмеймін... Жауабы қиын сұрағыңыздың... Айтпақшы, былтыр бізден үш жасында кеткен бір баламыздың солтүстік облыстан туған анасын іздеп жатқанын оқыдым. Суретіне қарап біздің бала екенін бірден таныдым. Құдай-ау, сол кезде жүрегім атқақтап, әлгі баланы көргім келді. Сөйлескім келді. Бірақ оған не айтам? Кезінде сені шетелге жіберген біз едік, құжаттарыңды әзірлеп, әуежайдан шығарып салған мен едім деп қалай айтамын? Дәрігер, мен кінәлі емеспін, бірақ, сол кеткен балалардың бәрі болмаса да кейбіреуі мені кінәлауы мүмкін ғой.
– Мен сізді түсінемін, бұл оңай емес, бірақ сізге басқаша да ойлауға кеңес беремін. Әр істің қайыры бар демей ме? Мысалы, балалар үйінен шыққандардың көбі білім ала алмайды, жұмыс таппайды, олар бұл жақта қалса қалай болар еді?
Кабинетте үнсіздік орнады.
– Сонда сіз маған шетелге кеткен балалардың көбі өмірден өзін тапты деп ойлаңыз... демекшісіз ғой?
– Меніңше, осылай ойласаңыз, өзіңізге де жеңілірек болар еді. Біз кейде жауапкершілік пен кінәліліктің айырмашылығын ойламаймыз. Жауапкершілік мынадай болу керек – бір кездегі ісіміз үшін есеп бере отырып, оның салдарынан қашпаймыз, бірақ сол кезде оның арты қалай боларын сіз білмедіңіз ғой. Есіңізде болсын, өмірдің қуанышын ұрлайтын үш нәрсе бар: соның бірі өткенге өкініш. Өкіну – жаныңды жегеннен басқа ештеңе бермейтін іс.
Психотерапевт қалған екеуін айтпады. Шамасы, кәрі әйелге оның маңызы болмас деп ойласа керек.
* * *
Түнімен дамылсыз соққан солтүстіктің желі біз отырған жерге кепкен жапырақты қобыратып шашып тастапты. Мұрныма шіріген жапырақтың иісі келеді. Арайдың әңгімесін тыңдап отырып, бойым тоңази бастағанын байқадым. Бірақ орнымнан тұрғым келмейді, Оның әңгімесінің аяғы әжесінің қорқыныштан арылып, жақсы болып кетуімен аяқталса деймін, сол кезде көңілім жайланып, бір-ақ қозғалар едім.
– Психотерапевтке барғаны әжеме жақсы көмек болды. Қайтадан баяғы қалпын тапқандай еді. Осылай екі жыл жүрді. Осы екі жылда тыным көрмеді, анда-мында кіріп жүріп, бір жетім баланы жұмысқа орналастырды. Тағы біреуінің баласын мемлекеттік балабақшаға кіргізем деп қанша шапқылады. Сосын... бас-аяғы төрт ай ауырыңқырап жүрді де... бір күні маған мысықтарын тапсырды, «оларды жақсы көріп баға алсаң ғана ал, әйтпесе, мейірімді біреуге бер, өкпелетпе, олар хайуан болса да бәрін біледі» деді. Қайтарының алдында сандырақтап «мен кінәлі емеспін» дей берді. Сосын комаға кетті. Әжемнің жаназасына көп адам келді, тіпті нөпір халық жиналды десем болатын шығар. Олардың бәрі балалар үйінен шыққандар екен. Кейбіреуінің қатты қайғырғандарын көрдім. Дәп бір өзінің анасынан айрылғандай жылап жатты. Тіпті бұған енесімен алыстан сыйласатын шешем де таңғалғандай еді... – деп аяқтады әңгімесін Арай.
* * *
О баста бұл жайында жазамын деген ойым болмаған. Бірақ, осы әңгімеден кейін бірдеңе мазамды ала берді. Демі үзілгенше айналасына мейірім танытудан танбаған адам туралы естігенім кеудемді жылытқанымен, оның ішке түскен көңілсіз ойлары жанына еш маза бермей, ақыры дерт болып жамалып, жеңіп тынғаны шынымен мұңлы еді...