Әкімәлі Қаржауұлы ел мұңын айтқан ер еді

ӘДЕБИЕТ
1077
Әкімәлі ҚаржауұлыӘкімәлі Қаржауұлы

Еңіреп көшіп ел кетті,
Кіндік кесіп, күл төккен,
Берік қорған жер кетті.
Еркек қойдай бөлініп, 
Бас сауғалап ер кетті. 
Ілгері басқан аяғы, 
Шаруаның кер кетті.
Толықсып тұрған елімді,
Толқындай соғып меңдетті.
Әулие, ишан, пірлердің,
Сүйегін көрде тербетті.
Сап күмістей жүректі 
Қайғы басып шерлетті...

Бұл — ел ішінен шыққан белгілі ақын Әкімәлі Қаржауұлының сонау зұлмат заман жылдарында аузынан аһ ұра шыққан мұң-зары. 

Осылай басталатын ұзақ жырды жасы тоқсаннан асқан әкем Қанапия әне бір жылдары мүдірместен айтып отыратын.

— Әкімәлі ел-жұртының қамын ойлаған үлкен ақын еді ғой,— деп күрсінетін әкем,— сондықтан да болу керек, айналадағы аласапыранға бей-жай қарай алмады. 
Әкемнің айтуынша өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Ақтөбеден уәкілдер келіп, «бірігіңдер, малдарыңды ортаға салыңдар, сонда бәрі жақсы болады» деп үгіттепті. Басында ерікті дегенмен, соңынан колхозға кірмегендердің соңынан май шам алып түсіпті белсенділер. Жұрттың соңғы сауып отырған сиырын, қорадағы тауығын да қалдырмапты. Қолында түгі жоқ кедейлерге салық салып, аузындағы аз-кем тамағын жырып алған. 

Сол тұстарда Әкімәлі ақын Ақтөбе қаласында тұрыпты. «Кедей» газетіне өлеңдері жарияланып тұрған. 
«Талай өлеңдерін газет бетінен көріп, қуанышқа бөленгенбіз, біз бұл ақынмен жерлеспіз, туыспыз деп масаттанғанбыз»,— әкем әңгіме арасында осы жайға да көңіл бөліп қоятын. 
Ақын жүрегіне ел жағдайы ауыр жүк болып соғады. Сондықтан да болса керек, ол арбасына отырып, ел аралауға шығады. Өзінің туған өңірі — қазіргі Хромтау жеріне де келіп, адамдармен кездесіп, басу айтқанымен, көңілдегі қынжылысын жасыра алмайды. 

Ол сөзі жүреді-ау деген белсенділер мен шабармандарға «байқасаңдаршы» деп айтқанымен, одан ештеңе шықпайды, елді тонау жалғаса береді. Бұған қатты қапаланған ол сол сапардан өте ауыр жағдайда қайтады. Сол тұста ыза мен кекке суарылған ащы өлеңдер туады. 

Көп ұзамай, дәлірек айтсақ, 1931 жылдың маусым айы шамасында оның «халық жауы» деп ұсталғандығы туралы хабар елге жетеді. Ақынын сыйлайтын, жақсы көретін елдің бірсыпыра белгілі азаматтары «қиын сәтте көмегіміз тие ме?» шапқылап Ақтөбеге келгенімен, одан ештеңе шықпайды. 

Сол тұста Әкімәлі айтты деген мына өлең жолдары ел құлағына жетеді:
Нелер күндер өткен жоқ, 
Қара істі ақ деген.
Есалаң ерге тап болдық,
Қолдағы жоқты тап деген.
Өткенің бе дүние-ай,
«Әттеген-ай, қаппенен».
Кәрі құдай, қайдасың,
Үкімет салды найзасын.
Тонап алып халықты,
Әркім көрді пайдасын...

Мұндай ащы айтылған, ашына айтылған сөздерді билік кешірмейтін еді. Сондықтан да олар ақынның тіліне тұсау сала алмағанымен, оның қолын кісенмен бекітуге құдіреттері жетті. 
Арада бір жылдай уақыт өткенде Әкімәлі түрмеде қаза болады. Кең далада еркін өскен бұлбұл құс секілді, көмейін кенен өлеңге кенелдірген ақын тар қапасқа төзе алмаған болуы да мүмкін. 


Баянғали ҚАНАПИЯҰЛЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...