Замандасқа бес сауал. Батырхан Сәрсенхан & Файзулла Төлтай

ӘДЕБИЕТ
5615




Файзулла Төлтай: Ассалаумағалейкум, Батыр. Ауызынан ана сүтінің табы кетпеген XXI ғасыр адамдары ақ қағаз бетіне қаламның көлеңкесін түсіріп хат жазуға шорқақтау ғой. Тіпті сезім атауына салғырт қарайды. Оларға (бізге) жүректің сыбырлағанынан гөрі ақылдың шыңғырғаны маңыздырақ. Сосын келіп барлығын посмодернизмге арта саламыз. Қазір жаһандану заманы, технологияның дамыған кезеңі деп хат түгіл жақыныңа сыр айтуға ерінетін болдық.              

Өткенде Ресей сайттарының бірінде осы біз жыр қылып жүрген посмодернизмнің дәуірі бітті, ендігі уақытта метамодернизм дәурені орнайтын болады деген мақаланы көзім шалып қалды. Сосын постмодернизмнің барлық критерийлері көз алдымда жүгіріп өтті де бір сұрақ ішімде түйін болып қалды. Шындығында Постмодернизнің ажалы бар ма? Оның да адамдар секілді қабір астында сүйегі шіритін уақыт келеді ме? Әлде барлығы керісінше ме? Сіз не ойласыз?

Батырхан Сәрсенхан: Merhaba Файз. Nasilsin? iyiyimisin? Ozledim seni, бұйра басым. Түрікшең толығып қалған болар. Кафканы оқып жүргеніңе қарағанда. Хатыңды оқып жан дүнием жаңбырмен жуған жемістей жаңарып отыр. Оның үстіне соңғы ізденістерің мен интеллектуалды жырларыңа тәнтімін. Тургеневтен хат алған Толстойдай сезініп отырмын өзімді. Жә, жарайды. Сұрақтарға жауап жазуға көшейін.

Шынымды айтсам «измдердің» ішінде өзіме түрпідей тиетіні осы. Бәлки, Ницшенің «Құдай өлді» ұғымына жақындығынан болар.Маған бұл ұнамайды. Адам баласы сенімсіз ғұмыр кешсе, жынданып үлгерер еді. Мәселен, Ислам дінінің шеңберінен шығып қаралық, қай дінге бет бұрар едік? Қытайда дін жоқ, Будда дегеніміз ізгілікпен ғұмыр кешкен Сиддхартха Гаутама, Христианның негізі Алланың елшісі Иса пайғамбар, сонда қайтеміз? Қазақ дәстүріне, ғұрпына ең жақын, жалпы адамның саналы ғұмыр кешуіне ең ыңғайлылық тудыратын дін Ислам деп білемін. Ал, постмодернизмдік құбылыстың белгілі бір табан тірер сенімі болмағасын қаңбақ ойды қуалаумен шұғылданатыны түк те ұнамайды. Жалпы, бұл қазаққа жат ағым деп ойлаймын. 

Файзулла Төлтай: «Толқынды толқын қуады» дейді Ақын. Бірақ толқынның бәрі бірдей емес қой! Осы турасында мен қатты алаңдаймын. Біз қай толқынды қуып келе жатырмыз? Жаңылыспасам өткен жылы С. Ақсұңқарұлы мен А. Әлімұлының бір-біріне арналған «жүрекжарды» мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Артынан М. Кенжебай ағамыз кеп қосылды. Бәріміз үн-түнсіз оқыдық. Бір-бірімізбен кездесе қалған уақытта осы мақалалар жөнінде пікір алмасып тарқасып жүрдік. Жасыратыны жоқ, соңғы бакалдағы сыраны стөлге тарс қойып осы ағаларға не жетпейді екен деп іштей назданғанымыз да бар. Биыл сол үрдіс тағы қайталанды: «Рух» халықаралық конкурсы жайлы Аманхан ағамыз жеке парақшасында пікір білдірді. Таяқтың бір ұшы Н. Айтұлы ағамызға тиіп кеткен-ау шамасы. Араға бірнеше апта салып Несіпбек ағамыз да дүркіретіп Аманхан Әлімұлы жайлы «ыстық лебізін» білдірген еді. Ол кісілерге қайдам, бірақ бұл артынан ерген жастарға өте ауыр тиді. Бәрі үн-түнсіз жүрегінің түбіне ине сұғып алғандай күй кешті. Енді ағалардың орнына өзімізді қойып көрейікші. Күні ертең бізде бір-бір мемлекеттік сыйлықтың иегері болып алып, «жас кезімізде жақсы араласқан едік. Ал қазір тіпті...» деп мақалалармен замандастарымыздың бетіне қара күйе жағып отырамыз ба? Байқап қарасаңыз бұл синдром бізге де жақындап келе жатқан сияқты. Екі қаламгердің басы қосыла қалса болды «анау ақын, мынау ақын емес» деп лепіре жөнелеміз. Өзіміздің бітірген дымымыз жоқ. Бүгін кабак басындағы кішігірім әңгімелер ертең үлкен парақтардың бетінде жазылмасына кім кепіл?! Біз бұл күндестіктен қалай айналып өтеміз, Батыр?

Батырхан Сәрсенхан: Бір қуанатыным, Тәуелсіздіктен бергі буыннан мұндай алауыздық байқалмайды. Мен былай ойлаймын, Собет одағы кезде гонарар тау боп үйілгесін болғаны ақын болмағаны жазушы, оған ілеспенегі сыншы болды ғой. Орта қыз-қыз қайнап жатты. Біреулер «киллер» жалдады сонда. Ортаның масштабы үлкейген сайын, ішіндегі айналмалы зарядттар көбірек соқтығысады емес пе. Солай үлкендер «қызу төбелестің» ортасынан шыққасын, әлі қан майдандағы прототиптен айыға алмай жүргендей. Ал, қазір ондай орта да, гонарар да жоқ. Әркім өзі үшін ізденеді, жазады. Сиреп те қалды. Ал, мұндай жерде өзі аз әдебиет жастары біріне-бірі «киллер» жалдамайды, біріне-бірі керісінше қамқор боларына сенемін.

Файзулла Төлтай: Жақын арада магистрлық дессертацияңыздың Жұмекен атамның шығармашылығы жөнінде екенін айтқан болатынсыз. Онда қазір атамның еңбектерін жата-жастана оқып жүрген шығарсыз, ә?! 

Егер мен қазақ поэзиясы Абай негізін салған мектеп және Жұмекен қалаған мектеп деп екіге бөліп, барлығы осы екі ақынның шекпенінен шығып жатыр десем қандай уәж айтасыз? Әрине, Жұмекен де Абайдың мектебінен шықты ғой дейтін шығарсыз. Бірақ 

Я вас любил: любовь еще, быть может,                  
 В душе моей угасла не совсем;
 Но пусть она вас больше не тревожит;
 Я не хочу печалить вас ничем.

Я вас любил безмолвно, безнадежно.
 То робостью, то ревностью томим;
 Я вас любил так искренно, так нежно,
 Как дай вам Бог любимой быть другим
 деп жырлаған Пушкиннің мектебінен араға 145 жыл салып Бродский деген майталман: 

Я вас любил. Любовь еще (возможно,
 что просто боль) сверлит мои мозги.
 Все разлетелось к черту на куски.
 Я застрелиться пробовал, но сложно
 с оружием. И далее: виски:
 в который вдарить? Портила не дрожь, но
 задумчивость. Черт! Все не по-людски!
 Я вас любил так сильно, безнадежно,
 как дай вам Бог другими — но не даст!
 Он, будучи на многое горазд,
 не сотворит — по Пармениду — дважды
 сей жар в крови, ширококостный хруст,
 чтоб пломбы в пасти плавились от жажды
 коснуться — «бюст» зачеркиваю — уст!
 деп өзіндік мектеп қалыптастырған жоқ па еді?

Батырхан Сәрсенхан: Ойың ұнайды. Расында, Жұмекен реннесанстық тұлға. «Ғасыр айырғыш» дейміз бе қалай. Жұмекен ақын бір өлеңінде «Қайдан білсін бар екенін талай жыл, сыбыртқысын ұстау үшін Абайдың» деген еді. Ал, бір өлеңінде Мұқағали қара өлеңге шекпен жапса, мен саптама етік кигізем деп пе еді, қалай еді?! Ұмытып тұрмын. Абайдан соң Мағжан ғасыр айырғандай көрінеді. Бірақ сенбіде Мағжанды қайта оқып шықтым. Абай сарыны «Еуропалық әшекейлерінен» басымдау. Жалпы, сенің бұл пікіріңмен келісемін. Абай мен Жұмекен екі классик. Құжатқа қол қоюшы: Б.Сәрсенхан.

Файзулла Төлтай: Сосын Абай сынды ұлы тұлғаларды тілге тиек еткен сәтте, классикалық әдебиеттің еске түседі хақ. Ал Марк Твен деген бір кісі «Классика — то, что каждый считает нужным прочесть и никто не читает» деп еді. Бірақ сонда да айтыңызшы, Гомер неліктен ескірмейді? Олар неге өміршең? Құпиясы неде деп ойлайсыз?

Батырхан Сәрсенхан: «Бұл ақын бүкіл Элладаны тәрбиеледі» деген пікір бар-тын Гомер жайлы. Ғасырлық дүнилердің ең басты ерекшелігі мәселеге ғарыштық санамен қарауында жатса керек. Мәселен, Тыныштықбек ағамыз неге «ұрғашы» деп сөйлейді әйелді? Яғни о кісі тым арыдан, бүкіл жан жануар, тірі жәндік, өсімдік барлығын бір ғана «адамзат» ұғымымен қарап отыр, меніңше. Соңғы кезде Шекспирдің пьесаларын, сонеттерін оқу үстіндемін. Аты шулы Толстой өзіне қарсылас санаған бұл тұлғада не бар дейсің ғой? Бәрі бар! Ең бастысы, Адам деген күрделі жаратылысты тануға жасалған қадамдар бар. «Гамлетті» алайық. Тақ үшін інісі Клавдий ағасы Гамлеттің құлағына у құйып өлтіреді. Мұны білген Гамлеттің ұлы Гамлет оның шын кінәлі екеніне көз жеткізу үшін осындай зұлым өлімді сахналайды да, көрермен ретінде Клавдийді шақырады. Сондағы Клавдий өз ісін сахнадан көреді де, жан дүниесінде аштық орнап залдан шығып кетеді. Оындағы Клавдийдің бойындағы Құдай салған заңдылықтар қылаң береді. Керемет психологиялық күй. Құлағы қызарады, жаны егіледі. Басы тұманданады. Неге? Себебі оған өзінің зұлымдығы ешқашан маза бермек емес. Сенің өлеңің бар еді ғой мен жатқа білетін, сол жырыңды мына екі тармақ үшін жақсы көремін. «Шынжырына байланып Ар сотының, азабына қашанғы шыдайды адам?!» Это же великий! 

Файзулла Төлтай: Сізге жазып отырған хатымныңда аяғына таяп қалған секілдімін. Қараңғы түсіп келеді. Өкініштісі бөлмемде жарық жоқ. Уақытылы ақшасын төлемегенім үшін жарықты қиып тастаған. Ұзынқұлақтан естуім бойынша сіздің бөлмеңізде таңға дейін жарық жанып тұрады екен. Мен сізге қызығамын. Сонда түн қанатын жайған уақытта жарықты жағудағы мақсатыңыз не, өшірудегі ше? Және ол шындығында қанша уақыт бойы жанып тұрады? Әттең, менде де сіздің жарығыңыз сияқты жарығым болса ғой...

         Жарайды, Батыр! Қош. Аман. Сау.

Түркия. Теңізді қаласы. 2018жыл.      




Батырхан Сәрсенхан: Саған жарық әперемін. Немесе қаржысын салып жіберейін? Және дәл менікі секілді аларсың. Суретін жіберермін. Бұл бір ұзақ хикая. Өткен шағым жайлы «мен баяғыда шамқұмар бала едім» деп естелік айтуға әлі ерте секілді көрінеді де тұрады. Жарық жағудағы жалғыз мақсат – оқу. Иә, мен бар болғаны оқығым келеді. Өзімнің өте білімсіз екенімді білемін. Стол үстінде кітабыма сәуле түсіретін шам, бір күндері өз ішіме қонып, өзім сәуле болғым келеді Адамзатқа. Баубек Бұлқышев деген адамды жақсы көремін. Сол жігіт Ай астында, қан майданда сүйгеніне сағыныш хатын жазушы еді. Сол есіме түсіп отыр. Мұны неге айтып отырамын? Білмеймін. Сау бол, жаным. Саған сенемін, мәртебелім. Бұйра басыңның ішінде Аплатонның ақылы бар ғой. Аман жүр. Өзіңді сақта. Қаржыдан қысылсаң айтарсың. Бір яхтамды сатып, қаржы жөнелтемін. 

Үлкен махаббатпен, Батыр.


Редактор: Үш күн, үш түн бойы ойларынының ішінде сенделіп, сергелдең кешкен Батыр, бұйра бас, бурыл үмітті ақын бауырын көп ойлаған көрінеді... Ақыры, көне күмәжінігінің ішіндегі күлгін ақшаға біраз жарық сатып алып, электронды пошта арқылы жолдапты... Артынан бес құр ат жегіп, бес сауалын бұлттар арқылы жолдаған екен... Бұйра бас ақын бауыры бұлттардың шаңын шығарған әлгі бес сауалға бірден жауап беріп, оны жел арқылы жолдапты... Кешіріңіз, желі арқылы. Оны маған уақыт айтты. Сенбесеңіз оқыңыз.


Батырхан Сәрсенхан: Кейде осы нанғысыздау ой ойлаймын. Түнеу күні түсімде сұқ саусағыммен бас бармағымды мыжғылап жатырмын деймін. Өз-өзімді жаныштағандай шошып тұра  берістім. «Құбылуды» оқыдың ғой. Кафканың. Сондағы бір ой есімнен кетпей қойды. Адамның тәні жан сезімін бұрмалайтыны! Толстой айтар еді ғой «тән сұлулығы арқылы өз ақылсыздықтарын жасыратындар» жайлы. Оларды қойшы, егер де деймін, ғайыптан тайып қарсы алдыңа Эдгар По келіп, қойын кітапшасына бір сөйлем жазуды ұсынса, не жазар едің? 

Файзулла Төлтай: Сол Толстой қартайған шағында бір түнде үйден кетіп қалады. Оған не себеп екені қазір маңызды емес. Бастысы әйелімен арасындағы кикілжің оны өлімге алып келеді.  Астапово станциясына келген сәтте станция бастығы ұлы жазушыны танып, үйіне алып барады. Сол үйдегі кішкентай балаға әңгіме арасында «Біз қарапайым адамдардан пайғамбар жасағанға құмармыз» деген сөзі маған қатты ұнайды. Енді осы сөзден кейін әңгіменің төркінін ұға бер. Қанша жерден кемеңгер, ұлы болсын олардың ұлылығы мен кемеңгерлігін ақыл мен жүрегіне қарап бағалаймыз. Ал бұл екеуі Жанның қойнында жасырылған ең бағалы дүниелер. Екеуінің басы бір арнаға бағытталған сәтте ғана Жан көркейеді, жанданады. Асылы кіл адамзаттың Жаны бір. Ешқандай айырмашылық жоқ. Тек ақыл мен жүрегінің қалай өмір сүруінде ғана ерекшелік бар. Ал тән –жанның айнымас досы һәм жолдасы. Тән болмаса адамзат Жан туралы тіпті ойлай да алмайтын еді. Ол аз десең тәнсіз Жанның адамзат үшін құны қалай өлшенер дейсің? Тән сұлу болған сайын Жан сұлулана түседі. Маңыздысы ол қандай сұлулық?! Ал әңгіме әу баста «Құбылудан» емес «Қамалдан» басталу керек еді, әттең...

Батырхан Сәрсенхан: Әуезовтың Жапонияда жазған күнделіктерінде сол елдің әдебиетіне, мәдениетіне, мифтік ескі нанымдарына  ерекше тоқталып, сүйіспеншілік білдіретінін оқып едім. Шынында, әр елдің өз паспорты бар. «Фаустты» оқу үшін неміс тілін меңгергің келеді, Шекспирдің сонеттерін,Уитменді оқу үшін ағылшын тілін, «Шахнаманы» оқу үшін парсы тілін, Бальзак, Мопассан шығармалары үшін француз тілін меңгеруге болады. Әлем халықтары түпнұсқада оқығысы келетін қазақтың озық туындысы бар ма? Немесе сол қашан тууы мүмкін? 

Файзулла Төлтай: Ия, шындығында әр елдің өз паспорты бар. Біздің паспортымыз Абай деп жүр ғой білгіштер. Құдай-ау, қазақ өзі әлі Абайды толық түсініп болған жоқ, қалайша оны әлем тілдеріне аударып біздің паспортымызға айналдырады, түсінбеймін. Бірақ проблема қазақ әдебиетінің сапасында емес. Тілінде. Әдебиетіміз сапалы, Құдайға мың тәубә. Дегенмен әлем тілдерінің алдында қазақ тілінің дәрежесі қандай екенін өзің жақсы білесің. Қазақ – кішкентай халық. Ал сенің айтып отырғандарың бізден үлкендеу халықтар, өкінішке орай. Әйтпесе кешегі Олжас Сүлейменов неге орысша жазды дейсің. Неге сонша ол совет үкіметіне алыс-жақын шет елдерге танымал болды дейсің?! Олжас ағамызды он орап алатын ақын қазақта сол кезде жоқ па еді? Қашан мемлекетіміз әлемнің алдыңғы қатарынан көрінетін ел болады, сол уақытта ғана дүниенің қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түседі. Онсыз қанша жерден шедерв жазсаңда жаһанжай саған пысқырмайды да. Ғайыптан тайып ортамызда бір Аттила пайда болмаса, әрине. Ал кішкентай халық үлкен халыққа айналып, Бальзак пен Уитмен шал «кәні, мақтанатын нең бар» деген сәтте, ұялмай Әбіш атамды көтеріп шығатын едім. Ал қазіргі қасіретіміз, елімізді сақалын салалап Ол елес әлі кезіп жүр...

Батырхан Сәрсенхан: Әлем тарихындағы "Крузо", "Дон Кихот" сынды бінеше классикалық дүниелер өзінің түп негізін (әсіресе формалық) Інжіл, Таураттан алғанын байқаймыз. «Әуелде сөз болған» деген Інжілдегі жазудың түп-төркінінде салалы ой жатса керек. Күллі жазбалардың түп негізі киелі кітаптардан бастау алған деуге бола ма?

Файзулла Төлтай: «Әуелі сөз болған. Ол сөз құдайда еді. Және сөз Құдай болатын» Енді бұл жерде сен айтып отырған Сөз бен бұл Сөздің айырмашылығы жер мен көктей. Ол сөз құдайда болатын болса, ал құдай кіл әлемнің жаратушысы болса, демек сөзді өзгерте алатын да өзі ғой. Сонда құдайда ең бірінші ой болған деген пікір шығады. Ал ой заттанады. Кеңістікке аяқ тіреген ой ешқашан өз дегенін істемей қабірге кірмейді.  Галилеоның Галилео болып тарихта қалуының өзі алты жүз жыл бұрын Әль-Бируни ойының арқасы емес пе?! Демек күллі жазбалар төбемізде қалқып жүрген ойлардан бастау алады. Ал киелі кітаптарға келсек, алдымен оларда кітап. Ізгілік пен Мейірімділікке жетелейтін кітап. Енді мына бір қызыққа қарашы, көне Мысыр әдебиетінде бір кісінің патша алдында өзінің жасаған саяхатын баяндайтын шығарма бар. Аты қазір есімде жоқ. Бірақ кейіннен бұл сюжет Пайғамбарымыздың миғраж сапарында көрініс табады. Одан кейін барып Дантенің «Комедиясын» осы сарынмен жалғасады. Бұл аз десең үндістердің христиан діні келмей тұрып айтылатын аңыздардарында көкке ұшып кеткен құдай жайлы айтылады. Ары қарай бәрі түсінікті деп ойлаймын...

Батырхан Сәрсенхан: Соңғы кезде Жапон поэзиясы қызықтырып жүр.Сағыныш пен сабылысты, сезім мен сергелдеңді, қарт жазушылар бір романға жүк қылар лириканы бес жолға сыйдыру ғажап емес пе? Ұлттық сарын басым. Оларда. Біріне-бірі қолдау көрсетуі адам сүйсінтеді. Қолдау деген үлкен ұғым екен ғой. Қарашы, "Сені Орыс әдебиеті қанша күтті.." деп құшақтап жас ақындарға жалын сыйлаған Горкий қартқа қазақтан кімді ұқсата аласың, мысалы?

Файзулла Төлтай: Бізде осы қатып қалған жалаң әрі қарабайыр қағида бар. Маңдайы жарқырап біреу шыға келсе Әлем әдебиетіндегі жазушы я ақынға ұқсатып, «Ол –қазақтың Джон Китсі, ол қазақтың –Толстойы» дейді. Осының бізге не қажеті бар?! Кезінде Ғабит атамызды қазақтың Горькиі қылды ғой әйтеуір. Жетеді сол. Қазаққа енді жүздеген Рембо пен мыңдаған Есенин қажет емес. Тіпті үшінші Жұмекен мен тоғызыншы Мұқағали да қажет емес. Әркім өз болмысымен қалуы қажетті. Оның үстіне біз әлем әдебиеті бір бөлшегіміз. Бірақ қандай бөлшегіміз? Ал әзірге біздің қолдауымыз Горькийге Ғ. Мүсіреповты, Сені Поль Верленге ұқсатуға ғана жетіп отыр, кешір...

Батырхан Сәрсенхан: «Ұстазым да сөкті мені, Достарым да сөкті мені, Келді олардың өздеріндей, Тәртіпті адам еткілері.» депті Такубоку. Жалпы, мінәйі мінезге бай болсам деймін кейде. Ешкімге кері ақпай, адамша ғұмыр кешу ғажап қой. Ауылға барсам иттерді қуалап тас ататын әдетімді, немесе монша терезесін сындыруға деген құмарлығымды  қас жұлғандай жоғалтқым келеді. Соңғы кезде шылым түтініне үйірсектеп жүрмін. Жалпы, шылым шегу адам ағзасына қаншалықты зиян келтіреді?

Файзулла Төлтай: Сенің терезе сындыруың мен итті ұруыңа қарағанда әлдеқайда пайдалы. Ешкімге зияның тимейді. Ұстаздарым мен достарымның сөздерінен аса алмай қалған адаммын. Сен қандай бақытты жансың. Кейде жақсы мен жаман деген ұғымды жарып өтіп менің де шылым шеккім келеді...


Редактор: Темекі шегіп келейін... Келесі хаттарды күтейік.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...