Әль Маари немесе жазу – өлімнің мерейін көтеру

ӘДЕБИЕТ
4628

Бүгінге дейін «Мәдениет порталы» ақын Адонистің 1998-2014 жылдар аралығында жазған "İhtifâen bi’l-Eşyâ’ el-Vâdiha el-Gâmide" (Белгілі белгісіз нәрселердің рухына) атты кітабынан араб ойшылы әрі ақыны Әль-Маариге арналған өлеңін ұсынған болатын. Есімі әлемге әйгілі Адонистің өлеңі кімге арналған? Әль-Маари кім? Әрине, қазақ қоғамы араб ақынын танымауы мүмкін және бұл заңды құбылыс деп санаймыз. Алайда Беатриченің ғашығы, «Құдіретті Комедияның» авторы Дантені таныған оқырман, Әль-Маариді де тануы тиіс деп ойлаймыз. Себебі Дантенің есіміне мәңгіліктің шекпенін кигізген «Құдіретті комедия» болса, сол шығармаға арқау болған да дәл осы Әль Мааридің «Рисалетуль-Гуфран» еңбегі. 

Әль Маари , (толық есімі Әбу Әлә Ахмедибн Абдуллах ибн Сүлеймен Әль Маари) 973 жылы 25 желтоқсанда Халеп (Алеппо) пен Хумус арасында орналасқан Маарретунну‘манда дүниеге келген арабтың ойшылы һәм ақыны. Әкесі Тенуһ тайпасының көсемі. Тіпті атасы да, көкесі де осы өңірде билер болған деседі. Ал анасының туыс-тамырлығы Халептік Бени Сабикеліктер. Төрт жасында шешекпен ауырып,ттолықтай көру қабілетінен айрылған Әль Мааридің балалық шағы, жалпы өмірі, білімі мен мұғалімдері туралы көп мәлімет жоқ. Әйтеуір сауат ашар білімді әкесінен алғандығы белгілі. Одан кейін біраз уақыт Халепке барып Ибн Халевейдің шәкірті Мұхаммед ибн Абдуллах ибн Саудтан лингвистика және әдебиет дәрістерін алса, Яхия ибн Мис’ар ет-Тенухиден хадистер үйренгені жайлы ақпараттар бар. Ия, классикалық үлгіде биографиялық мақалаларда жазылатыны секілді Әль Маари де жастайынан білімге құштар, Абай тілімен айтқанда көрсем, білсем деп келген адамдар қатарынан болды. Оның бүгінгі күнге дейін жеткен еңбектерінен лұғат, әдебиет, грамматика, фиқһ және тарихты зерттегенін көре аламыз. Бірақ дәл осы ғылымдарды толықтай, кәсіби түрде қашан, қалай, қайда және кімнен оқығаны белгісіз. 

Білім жолында аянбай іздеген Әль Маари 1007 жылдың аяғында Бағдадқа барып тіл, әдебиет, фиқһ және калам ғылымдарының танымал ғалымдарымен кездеседі. Жоғарыда алапат ғылым негіздерін осы өлкедегі ғалымдар мен олардың философиялық шығармаларынан үйренді еп топшылаймыз. Себебі Бағдатқа өткізген бір жарым жылдан кейін науқас анасын қарау үшін еліне қайтады. Тас түскен жеріне ауыр демекші еліне келгеннен кейін, анасы қайтыс болады. Міне, осы оқиғадан кейін Әль Маари елден жырақ жалғыздықта кіл ғұмырын өткізеді. Соқырлықтан басқа, жалғызілікті өмір сүруіне байланысты елдер оны «рехинюль-махбисейн» (екі тұрғыданда тұтқын) деп те атаған. Кей деректерде тән, соқырлық және жалғыздық атты үш түрмеде күн кешті деп те айтылады. 

Әль Маари өзінің бойының төмендігімен, әлсіздігімен және ұсқынсыздығымен өмір бойы өзін төмен сезінуден арыла алмады. Ия, бәлкім сыртқы комплекстердің әсерінен модерниздегі ең маңызды сезімдердің бірі болып есептелетін жатсыну сезімі Әль- Маариде он ғасыр бұрын болған һәм ең маңыздысы осы жатсыну сезімін кіл шығармасына қолданған бірден бір ақын деп айтсақ артық айтқанымыз емес. Оның басқаларға деген сенімсіздігі, өмірге деген пессимизмі және барлық шығармаларында байқалатын шектен тыс кішіпейілділігі осы психологияның көрінісі. Соқыр екенін білсе де, басқалардың оны көргенін қаламады. Кейде әль Мааридің өмірін оқып отырып, А. Камюдің философиясының негізіне айналған Сизиф жайлы аңыз еске түседі. Бірақ Әль Мааридің Сизиф секілді еш жазығы жоқ. Тек екеуінің де шығарған қорытындылары бір болатын. Ол – бәрін қабылдай білу. 

Әль Маари қаншама қаржылық қиындықтарға тап болса да ешқандай лауазымды қымет жасамады. Жоқ, жасауға әрине мүмкіндіктер болды. Бірақ жоғарыда айтылған комплекстер мен төменде айтылатын ұстанымдары оны белгілі бір адамдарға, патшаларға, дөкейлерге бағынышты «лауазымды» қызметті өзіне ар санады. Тіпті қанша қысылып жүрседе ешбір жазбасын сатпады, ешқандай патшаға, әкім мен даңғойларға арнамады. Кей деректерге сүйенсек, сол кезеңдегі кемтарлар қорынан келетін 30 динарға жыл бойы өмір сүрді. Бірақ Әль-Мааридің мақсаты динар жиып, баю емес, жазу болатын. Ия, Адонист Әль Маариге арнаған өлеңінде ақынның өмірінде жазудың қаншалықты маңызды орын алатынын жазады. Адонис былай дейді:

Әлеммен жасалған жалғыз ғана жазу деп аталатын келісімің бар. 
Жазумен таптың өлімге апарар жолды. 
Сен үшін жазу – өлімді аңсау. 
Жазу ол – бейне бір тамырлардан аққан қан секілді сөздермен аққан сарқырама;
Жазу – тыныс алу, сол алған тыныста өлім бар дейтінге ұқсайсың бізге.
Жазу – осы бір ауаны мың сан рет жұту. 
Жазып отырып өлім жайлы айтудан еш жалыққан емессің және:
тыныс алғаннан жалығар ма адам?
Өлім –үнсіздік.
Үнсіздікке дайындық –жазу. Жазу – өлімнің мерейін көтеру. 
Жазу – үнсіздік өнерін үйрену; өлімді күтуді үйрену; қалай өлуді үйрену – жазу.
Жазу – тәні болмаған дүниенің тәні. Бірақ оның ешқайда апармайтыны анық;
күмән мен күдікке жол бастайтыны болмаса.
Үнемі сұрақтың қойнында күн кешу –жазу, өлімнің басқа бір бейнесі хаққында сұрау. 
Осы үшін бе екен көп жаздың сөзді:
бейне бір теңіздің толқыны секілді шексіз,
шөлдің жаңаратын денесі секілді құпия -
бір мезгілде сенің сен болуың, сен бола тұра сен болмауың осы үшін бе екен? (Аударма авторға тиесілі, ред.)

Міне осылай жазу арқылы Әль Маари өлуді үйренді. Әль Маари жазу арқылы өле білді. Тіпті Маарретунну‘манда көз жұмған уақытында қабірінің басында жетпістен астам ақын жоқтау оқыды деген риваяттар да бар.

Өмірі секілді оның философиясы да күңкірт еді. Еркін ойлы, ешқандай философиялық бағытты қабылдамайтын философтар қатарынан еді. Білімнің қайнар көзі мен құндылығы туралы мықты рационалист болған Әль Маари сезімдер туралы білімді күдік пен күмәндан басқа ешнәрсе әкелмейді деп тұжырымдады. Сонымен қатар ғалымдар, тарихшылар мен теологтар сияқты діни билік ұсынған нәрселерге назар аудармады. Қалыпты стеоретиптерге бағынған, белігіі бір шеңбердің ішіндегі дүниелерге бас қатырмады. Діни өмірден гөрі моральдық өмірге үлкен мән беретін Әль Маари жасанды және формальды діндарлыққа үзілді-кесілді қарсы болды.Адонис өз арнауында Әль Мааридің философиялық бағытын былай деп ашады: «Ақиқат деген дүниені ойламайсың тіпті;бар ойың жоқтықта. Күмән мен күдікті сәттердің мәнін ашқың келеді, болмыстың күйін жарыққа шығарып тұрып.» 

Бір айта кетерлігі Әль Маариді ойшыл емес, философ ретінде қатастыратын болсақ ол өзінің философиялық көзқарастарын өлеңдерімен жазды. Яғни өлеңдері дегенімізде сол өлеңдердегі көбінесе символдар мен метафоралар арқылы білдірді. Өкініштісі кейбір жаңа зерттеушілер Әль Мааридің философиялық туындыларын өлеңмен жазғаны үшін оны философ деп санауға болмайды деген пікір айтады. Алайда, шығарманы философиялық деп санау үшін оның прозада болуы міндетті емес. Мысалға, Парменид өзінің философиясын поэзияда түсіндіргеніндей, грек философиялық мәдениеті Анаксимандрос пайда болғанға дейін әрдайым өлеңде болған. Эмпедокл өзінің философиясын кейінгі кезеңде поэзиямен өрнектегені белгілі. Гераклиттің өзі де «түсініксіз қараңғы философ» деп аталатындай дәрежеде философиясын өлеңдерінде метафоралар арқылы түсіндірді яки жазды.

Әль Маари өзінің «Рисалят-аль-Гуфран» (Рахым патшалығына жазылған хат) атты еңбегінде нағыз философ ретінде көрінді десек артық айқанымыз емес. Бұл еңбегінде Әль Маари өмірге деген сенімсіздікті, ақиқи рухтың денеден тыс өмір сүргендегі еркіндікті және сол заманғы һәм қазіргі билік пен қанаушылыққа, өтірікке, әділетсіздікке, екіжүзділікке және ақымақтыққа төзбеушілікті жазды. 

Ақын билеушілерді халыққа зорлық, зомбылық көрсетіп жатқаны үшін кінәлады, ал діни қызметкерлерді діни көзқарастарды соқыр деп ашықтан ашық айтты. Осы себепті екі тарап та Әль Маариді қоғамнан алыстатып, оның идеяларына тыйым салды. Тіпті оны атеист деп де айыптағандар болды. Ал Әль Маари үшін ақылдан басқа көсем жоқ еді. Әрине, қай қоғамда болмасын ақылға арқа сүйеген адамдардың алқымын қысатын алаяқтар болғаны белгілі. Сол сынды Әль Марридің билікке деген протестік көзқарасы үшін оған қарсыластар көбейіп, жала жауып, оның шығармаларындағы бұрмалаушылық күшейе түсті. Әль Маари кейбір адамдардың әл-Лүзиймиятта оның кейбір өлеңдерін бұрмалап жібергенін көргенде, оларды жоққа шығару үшін «Зекрү'н-набих» және «Некрюз-Зекр» атты екі кітап жазды. Және ақиқатында жала жабылғанын қос кітабы арқылы дәлелдеп шықты. Тағы бір дерек сол кездегі Халеп әмірі Муиззуддвеле Сумал ибн Салихке жіберген Рисәлетү'ḍ-ʿабʿайнда өзін күпірлік пен дінсіз деп айыптаған екі адамға шағымданғаны рас.

Сонымен қатар көбіне Әль Маари түсініксіз және жердегі барлық нәрсені басқаратын тағдыр мен уақыт туралы айтады. Осындай фатализмге қарамастан, Әль Маари адамның еркін таңдау құқығы бар екенін, демек әр таңдаудың артында белгілі бір дәрежеде жауапкершіліктің бар екенін мойындайды. Бұл біздің ойымызда экзистенциализмді салады. Оның ілімінің адамгершілік мазмұны ислам заңдарын қатаң сақтау арқылы емес, «жамандықтан аулақ болу» арқылы мәнге ие болды. Ол монотеист болып қала бергенімен де, барлық діндерді мойындамады және ақыретке сенбеді. Ол дінді «ежелгі адамдар ойлап тапқан ертегілер» деп атаудан қорықпады, олар қарапайым бұқараны қанағаттандыратындарға ғана пайдалы деп есептеді. 

«Рисалетуль-Гуфран» رسالة الغفران (Рахым патшалығына жазылған хат) 

Ақынның атақты шығармасы «Рисалят-аль-Гуфран» екі бөліктен тұрады. Бірінші тарауда жұмаққа және тозаққа саяхат және осы саяхат барысында болған оқиғалар туралы баяндалады. Мұнда, Әль Маарри қонақ деп сипаттайтын Ибн әл-Карихты мақтағаннан кейін, оны жәннат пен тозаққа саяхат еттіреді. Ибн әл-Карих Құранда айтылған аспан мен хурудың нығметтерін көреді. Содан кейін ол тозақтың зорлығы мен азабына куә болады. Осы бір саяхатта көптеген ақындармен кездеседі. Ол олармен әдебиет, тіл, нахив және философия туралы пікірталас жүргізеді. Тіпті ондағы ақындар өздерінің әйгілі өлеңдерін оқиды. Бұл арада Әль Маари өзінің әдеби ойларын және басқа әдебиет қайраткерлерінен артықшылығын ашуға тырысады. Ең қызығы, Ибн әл-Карих осы өмірде діннен неқұрлым алыс болған ақындар мен зиялыларды жұмақта көреді.  Олардың кейбіреулері Зухейр ибн Әбу Сульма және Абид ибн Эбрас эл-Эседи сияқты Джахилия кезеңінің ақындары. Жәннатқа кірудің себептері туралы сұрағанда, олар діни мазмұндағы өлеңдері немесе әлемде жасаған кейбір жақсылықтары үшін кешірілдік деп жауап береді. Осыдан ол Құдайдың мейірімі шексіз деген қорытынды шығарады. Ия, шығарманың атауы да «Рисәлетюль-гуфран» деп аталуының берден бір себебі де осы еді. Әль Мааридің осы бір шығармадағы мақсаты - Алланың мейірімін шектейтін дәуірдің калам ғалымдарын сынау арқылы илаһи мейірімнің мәңгілік екенін дәлелдеу. Аталмыш шығарманың екінші бөлімінде болса Ибн әл-Карихқа жауап сипатында, екіжүзділер, озбырларды һәм қанаушыларды, олардың көрген азаптары жайлы айтылады.

Итальяндық жазушы Данте (1321 ж.ж.) өзінің атақты «Құдіретті Комедия» шығармасында жазу барысында «Рисәлетюль-гуфранның» бірінші тарауы қатты ақпал еткенін белгілі. Тіпті жұмақ сапарындағы Ибн Әл-Карих сөзбе –сөз, көзбе-көз Дантенің шығармасында қайта пайда болады. Мұнымен бірге тағы бір ескеретін дүние, сол заманда Италиян және Испан тіліне аударылған Мұхаммед (с.а.ғ) пайғамбарымыздың миғраж сапары Дантеге де, Әль Маариге де ықпал еткенін және «Хурафе» сынды араб аңыздары мен хикаяттар да кеңінен қолданылған ескергеніміз жөн.

Файзулла Төлтай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...