Салтанат ЕСЕНҚҰЛОВА. Қара шаңырақ (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
6791

 

Салтанат Есенқұлова

Раушан қаладан ауылға қоныс аударғалы он бес жылдың жүзіне жуықтады. Ондағы бар ойы марқұм күйеуінің көзі болған қара шаңырақты қаңыратып бос қалдырмау еді. Одан бөлек үлкен келінінің мінезі жайсыздау болды. Күні бойы түйіліп жүретін қабағы, шарт-пұрт түйеден түскендей сөздері кеудеге шаншудай қадалды. Көргенсізге кісілік бір тиын дегендей енесін де біраз жерге апарып тастайтын. Келіннің бір шаңырақта тұрғысы келмегенін байқаған қарт ана шаңырақтың шайқалуына себепкер болмауға бекініп, ауылдағы қарашаңыраққа осылай оралған-ды. 

Ананың дерті аздай, онсызда екінші ұлының екі рет үйленіп, ажырасқаны жанына батады. Ортаншы ұлы – Асқардың екі әйелінен ортада екі ұл, үш қызы бар. Ажырасқан соң арада жеті жыл өтсе де, қайта бір басы екеу болмады. Ал, Алматыдағы кенже ұлы отыздан асса да үйленбеген сүр бойдақ. Сол баяғы оқу, тәйірі, қос-қос диплом әйел болып жарыта ма?! «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды», - дегеннің кебін кешіп, бүгінде анасы мен баласы бұл тақырыпты қозғаудан шаршаған.

 

***

 

Үйдегі ұзақ орнаған тыныштықты телефонның ащы үні бұзды. Даусы мидан өтіп кетердей ұзақ шырылдады.

- Қазір, қазір, бақа құсап бақылдап не болды түге?! Осы үйде жүрсең телефон түгілі таста қыбыр етпейді, бір сәт далаға шығып кетсең осы ғой.

- Әлоу?!

- Алло, амансыз ба, апа?! Мен ғой Ержан!

- Ержанбысың?!

- Иә-иә апа, қалыңыз қалай?!

- Шүкір, аман-есен бәрі. Өздерің қалайсыңдар? Немерелерім, келін қалай? Жұмыстарың жүріп жатыр ма?

- Барлығы жақсы апа, тек ауа-райының салқындығы болмаса...

- Қарақтарым-ау, амандықтарыңды хабардар етіп тұрсаңдаршы, екі көзім төрт көз болды ғой.

- Апа, бізге несін ренжисіз, сол баяғы жұмыстар, күйбелең тіршілік қой.

- Дүниенің тірлігі бітеді дейсің бе, тұқымың жайылғыр! Балам, Асқар, Нұржанмен хабарласып тұрсыңдар ма? Бір ананың, бір әкенің балаларысыңдар, көзімнің тірісінде бір-біріңді іздемесеңдер...

- Туу, апа, сол баяғы әңгіме, қара аспанды төндіре бермеңсеңізші! Айтыңызшы, кім-кімнен безініп жатыр?! Барлығымыздың төрт көзіміз түгел.

- Балам-ау, жанымның тыныштығына сендердің амандықтарың керек қой. Ауылға қашан келмексіңдер? Немеремелерімді де сағындым, бір иіскеп мауқымды басайын да.

- Бұйыртса, келініңіз де, мен де еңбек демалысына шыққан кезде ұзақ мерзімге барып қайтармыз. Жақсы, апа! Бастығымыз келді, жұмысқа кірісуім керек.

- Мейлі, қайда жүрсеңдер де Тәңір қорғасын, ботам!- деп әлдеқашан үзілген тұтқаны қоя алмай ұзақ отырды.

Бұрын Раушанның жаны мұншалықты жалғызсырамайтын, ауылдың тіршілігі, одан қалса азаннан кешке дейінгі кітапханадағы жұмысы, осының барлығы қарбаластыққа себеп. Зейнеткерлікке шыққан соң, керісінше уақыт бір орнында тоқтап қалғандай. Қолы бос адамның ой-санасы сан-саққа жүгіріп, жаны тыным көрмейтін әдет тапты. Қимылдап қалған жанға үйде отыру ауыр соқты. Қимылдаған қыр асады десе де, қарттықта ісің өнбейтіні рас екен. Ала таңнан бастаған ісің бітімін тауып жатса бір сәрі, көзге көрінбейтін, ұшы-қиырсыз бірдеме, сол баяғы бала-шағаның қамы үшін тырбаңдай бересің.
Осы сәтте ауладағы иттердің үрген дауысы күшейе шықты. Біреу келді ғой деймін, бұл уақытта Сағира көршіден басқа кім болсын, бұл күнде ауылдың адамдары да барлығы өз-өздерімен, шаруасы болмаса, бір-бірінің үйіне бас сұғуы сирек болып кетті ғой.

- Әй, Сағира, сенбісің?! Кет-ей, жатыңдар, шәуілдемей иттің күшіктері.

- Иә-иә мен ғой - деді де, ентігін баса алмай, сыртқы дарбазаның табалдырығында тұрып қалды.

- Кірсеңші Сағира, жаман ырым бастамай неге тұрып қалдың?!

- Раушан, сыртқы киіміңді ки де, тез далаға шық. Көрші үйдегі Лесбек пен Қатираның кенже ұлы әскерден келіпті, құтты болсын айтып шығайық!

- Үй, не дид, кеше ғана әскерге кеткен сияқты еді, зымыраған уақыт-ай... Қазір-қазір дереу киініп келейін. Осы Сағираш сен болмасаң ауылдың соңғы жаңалықтарымен бізді кім хабардар етуші еді – деп қалжыңмен Сағираның көңілін бір көтеріп қойды.
Көрші Қатираның үйінде бөтен ешкім жоқ, тек үлкенді-кішілі бала-шағаның у-шуы, өздері ғана кешкілік шәй ішіп отыр екен.

- Амансыңдар ма, көрші?! «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық» - деген, қуанышты да, қайғыны да ең әуелі еститін де, бөлісетін де көрші ғой. Кенже ұлың Мақсаттың әскерден оралғаны құтты болсын! Шашу, шашу деп, - бір уыс кәмпиттерін шаша түсті. Немерелері болса шашудан түскен тәттілерге жан-жақтан жапа-тармағай таласып жерден жинап үлгерді.

- Жөн, жөн көрші! Шәй үстіне сәтті түскен құтты қонақ болдыңдар! Төрлетіңдер! О, дүниеге барғанда да ең бірінші көршіңмен сәлемің қандай болды? –деп сұралады екен. Әй, келін, самаурынға қайта шәй қойып жібер, кіші келінге айт қазан көтеріп, ет ассын!

- Қәзір, апа...

- Ал, шәйден алып отырыңдар. Мақсат әскерден келуіне әлі алты ай шамасында уақыт бар, тек осында құжаттарын реттеу үшін 2-3 күнге жіберіпті.

- Ааа, солай ма?! Көрінген таудың алыстығы жоқ, ол күнде жақын қалыпты ғой. Біздің Сағирашта кейде жаңалықтарды мерзімінен бұрын таратып жібереді, - деп күліп жіберді.

- Дұрыс-ақ келгендерің жөн болды. Арқа жарқа әңгіме-дүкен құрмағалы да біраз болды. Үй-іші, бала-шаға қалай? Немерелерің өсіп жатыр ма? Раушан балдарың ауылға қоныс аударайын демейді ме?

- Несін сұрайсың, Қатираш-ау?! Көріп отырғандай ұлдарымның барлығы қалада, жүріп жатқан жұмыстары да сонда. Бүгінде айтып-айтып қойғанмын, менің ақылымнан гөрі олар әйелдерінің ақылын көбірек тыңдайды. Әйтеуір бұ дүнияда анамыз бар деп ауызбен айтып қойғандары болмаса, одан қалса анда-санда қоңырау шалып халімді сұрап, көңілімді алдаусыратқаны болмаса, - мөлт-мөлт келген көзіндегі жасты аспанға қарап жасырды да, дереу бойын жинап алды.

- Өмірден бала-шағаның қамы деп өтеді екенсің ғой –Сағира да, қызу әңгімеден ызадан булығардай жұлынып сөйледі. Барлығын қартайғанда көретін болдық қой. Шымкенттегі кіші ұлым мен келініме жаным ашып, сендер жұмыстан-ақ босамайсыңдар, одан қалса пәтерден-пәтерге көшіп сандалып жүргенде, күннің суығында балдарды ауыртып аларсыңдар, оданда ауылға әкеп тастаңдар дегенімде, ұлым мен келінім: «әлі ерте ғой апа, буыны қатайсын, есін білгенде апарып тастаймыз» деп мыңқ-мыңқ еткен болатын. Ойбай-ау, қай бетімді шымшиын, бұл жаман немелерге уақыты өткен соң, қартайған әке-шеше керек болмай қалады екен» - деп күйінді.

- Әй, сендерге не болған, Раушан, Сағира бала болып кеттіңдер ме?

- Осы сәтте, «Апа мақтаның терімі бітті, енді соның ақшасын есептесуге келіпті» - деді келіні.

- Иә, ол да бар екен ғой. Кірсін деп айт үйге. Сырттан кім келсе де үйден бір жұтым су мен бір түйір дәм ауыз тигізбей шығарып салушы болма, қарағым! Әр адам өз несібесімен келеді, кірсін де. Мемлекеттен бұрын жер алғанбыз, қазір соны кәсіпке айналдырып отырмыз. «Еңбегі көптің өнбегі көп» демекші, алдыңғы жылы қауын мен қарбыз еккенбіз, ауылы бар ма, ауданы бар ма түгел, одан қалса бала-шаға немерелер де әбден бір қарық болып қалғаны бар. Биыл болса мақтамен алмастырдық, бір жыл жер тынықсын деп үзіліс жасаймыз да, содан кейін әр жылда түрлі диханшылықпен айналысамыз.

- Иә, қазіргі қоғамда мемлекет нендей қарекет жасай аласың, барлығына мүмкіндік берді ғой. Екі қолға бір күрек сол қаладан да, ауылдан да табылып жатады. Тек сол қара жерге, әулетке, қара шаңыраққа ие болар ұл болса болғаны да – деген Раушанның даусы қызғаныштан ба, әйтеуір зілді шықты.

- Ал, көрші, біз тұралық, қараңғыда түсіп қалды. Тек жақсылық болғай, аман-саулықта көріскенше, - деп тарқасты.
Раушан, үйге жете салысымен жата қойған жоқ. Күндегі әдетінше терезе алдына кеп жайғасты. Өзін жападан-жалғыз сезінді. Көз алдына балаларының бала кездегі «мамалап» жүретіні, жұмыстан бір сәт кешігіп қалса сарыла күтетіні, дастархан басында аналарынсыз ас батпайтыны, үйдің іші у-шуға толы кездері барлығы көз алдынан кинодай өтіп жатты.
- Қанша өміріміз қалды дейсің? Бел ортадан асқан соң... Өлген адам ешбір дүниені арақалап кетпейді. Бұл шаңырақтың әрбір қаланған кірпіші мен қабырғасы көзімнің қарашығындай тым ыстық, шалымыз екеуміздің кірбіңдеп бейнетпен соққан үйіміз ғой, тек қараусыз жетімсіреп қалмаса екен. Жо-жоқ, ешқашан кеш емес, кенже ұлым үйленіп, әлі-ақ осы шаңырақта үбірлі-шүбірлі болар, - деп іштей өз-өзімен күбірлеп ұйқыға кеткендей болды. Әдеттегі уақытында емес, бүгін неге сонша төсегіне асықты?! Ертең оянбасын сезді ме мүмкін, сол жатқаннан қайта оянбады. Раушан ана мәңгілік ұйқыға кетті.
                                                             
- Сәске уақытында, Сағираның Раушан-ай, Раушааан! Замандастан қапыда қалық-ау, - деген жоқтауы бүкіл ауылды елең еткізді. Суық хабарды естіген ауыл тұрғындары лек-легімен Раушанның үйіне қарай бағыттады.
- Жаназада жиналған қауым жарықтық, Алланың ісіне амал бар ма, жақсы кісі еді, - деп еңкілдеп жылап жатты.
- Іштей құса болып, уайымнан кеткен болар, өзінің жүрегі бала кезден әлсіз еді. Уайым – адамды аздырып та, тоздырып та жібереді ғой, - деді енді бірі. Бұл қайғылы күнді өткеріп, көрші-қолаң өз үйлеріне тарқасты. Ұлдары анасының жаназасына үлгермеді.

 

***

 

Раушанның үйін ұзақ уақыт бойы қара құлып күзетті. Артында қалған ұлдары үшін енді ауылға апаратын бір ғана жол бар. Ол - Мазарат ішіндегі әкесі мен анасының төмпешікте орналасқан бейттері...

author

Салтанат Есенқұлова

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...