Біздің білуімізше, Тыныштықбек Әбдікәкімов қазақ поэзиясында өз әлемін, өзінің бөлек дүниесін жасаға...
Алаштың ғалымы Ақжан туралы не білеміз?
«О, Машан, Машан, Машандай ұл туғанша қашан?!» - депті кезінде Қарқаралы дуанының аға сұлтаны, Бөкейхан төренің немересі Тұрсын (Жамантай) төре. Мұны ол Машанның ақыл-ойының кемелдігіне сүйсінгенінен айтса керек.
Осы Жамантай төре 1822 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының шақыртуымен қазақ даласының хандары мен ауыл төрелерінің Омбы қаласындағы басқосуынан келе жатып «Кент тауындағы "Додым атам" келіп-кетсін» деп кісі жіберіпті. Додым – алғашында Бөкей төренің үйінде қолбала болып, өсе келе ақыл-ойының жетіктігінен төренің тоғыз ұлының үлкеніне тән жол беріліп, Бөкейдің бәйбішесі Жал ханымның сіңілісіне үйлендіріп, еншісі беріліп, жеке отау тіктірген Тоты еді. Жал бәйбіше еркелетіп "Тотым" деп, Додым аты содан қалған. Манағы Тұрсын төре өзінің үш биінің бірі – Тотының немересі "Қалмақ" Машанға ерекше сенім артып, оны "Жарас биім" деп отырады екен. І.Есенберлиннің атақты «Қаһар» романында бір әріпі ғана өзгертіліп, ерекеше құрметпен аталатын «Масан» би осы кісі. Міне, осы Машан бидің кенже ұлы Жақсыбектің шаңырағында 1906 жылдың 2 қарашасында дүниеге келген алтын айдарлы ұлдың бірегейі – әйгілі ғалым, әл-Фарабиді ата жұрты – Алашымен қауыштырған Ақжан әл-Машани еді.
Ақжан әл-Машанидің туған жері – Машан би әулетінің қыстауы. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының қазіргі Нұркен Әбдіров селолық округі орталығының шығысына қарай 10-12 шақырым қашықтықтағы «Кіші Қарақуыс» немесе «Жамантайдың Қарақуысы» аталатын жер. Өткен екі ғасырдың арғы жағында бұл маңды Бөкейханның ұрпақтары қоныстанса керек.
Ақжан Жақсыбекұлының алғаш сауатын ашқан – әкесі. 1924 жылы қазақтың тұңғыш профессор математигі Әлімхан Ермеков ұйымдастырған Қарқаралы педагогикалық техникумына оқуға түседі. Техникумда жүріп-ақ Ақжан “Саужой” (сауатсыздықты жою) қозғалысының шақыруымен жиі-жиі ауылдарға шығып, балалармен қоса ересектердің де сауатын ашуға ат салысады. Оқу бітірісімен ауылдық мұғалім қызметін, мектеп меңгерушісі бола жүріп атқарады.
Бұл ретте, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұловтың мынадай пікірін ескере кеткен жөн. Автор «1922 жылы ашылған Қарқаралы педтехникумында оқыған оғыландардың азаматтық тұлғалары, ғалымдық келбеттерінің қалыптасуында Алаш ардақтыларыны алар орыны ерен. Есімдері елге мәшһүр академиктер Шапық Шөкин, Әбілқас Сағынов, министр Хамит Сембаев, мемлекет қайраткері Даниал Керімбаев, ғалым Ақжан Машани, жазушы Жүсіп Алтайбаевтар осы оқу орнының түлектері екенін айтар болсақ, Алаш мектептерінің қаншалықты жемісті болғанын бағамдаймыз. Имам Әлімбекұлы (1883-1938), Мәннан Тұрғанбайұлы (1886-1937), Әлімхан Ермекұлы (1891-1970), Бірмұхамед Айбасұлынан (1895-1938) ұстаздық тәлім алғанын» айтады Әлімхан Ермеков жайлы мақаласында.
А.Машани әуелі ауыл мектептерінде мұғалім болған. 1930 жылы Қарағанды облыстық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, 1931 жылы аудандық ағарту бөлімінің нұсқаушысы һәм мектепте ұстаздық еткен. Дегенмен, болашақ ғалымның қалыптасуына ерекше ықпал еткен – Маннан деген ұстазы. Алаш арысы, қазақтың тұңғыш математигі, профессор Әлімхан Ермековті алғаш сол кісі арқылы таниды. Тіпті, Ақжан ата Қаныш Сәтбаевтың академик М.Усовпен таныстығының дәнекері Әлімхан Ермеков екенін осы Маннан ұстазынан естіген.
«Қазір Қаныш Ұлытау-Жезқазған аймағынан көптеген кен орындарын ашты. Оның «Үлкен Жезқазған» деген мақаласын оқыдым. Іскер инженер болыпты. Қарсақбайдағы ағылшын зауытын дұрыстап, түсті металлургия бойынша Кеңестің алғашқы мысын берген. Иә, өзі бір көрсе көз тоятындай келісті жігіт. Мұның бәрін саған неге айтып отырмын? Ақжан, саған оқу керек, техникум білімімен де өмір сүруге болады. Бірақ, заманың мынадай болып тұр. Түбі өзгерер, сонда саған білім керек болады. Инженер бол, оған сенің қабілетін жетеді. Инженер болғанда, ұстазың Әлімхан Ермеков таңдаған мамандыққа бар. Қаныш та кен инженері геолог болып шықты ғой. Жеріміз кенге бай, табиғаты даламен бітеқайнасып ғұмыр кешкен өз ұлтыңның болмысын шыңдаған орта. Келер жылы мемлекетіміздің тұңғыш техникалық жоғарғы оқу орны ашылады. Мен қазір геологиялық техникумда сол институттың болашақ студенттеріне арналған даярлық курста сабақ беремін. Күні ертеңнен бастап өтінішіңді әкел. Бастығы Камал Есенбаев, түсінетін жігіт. Мен де айтармын. Бірақ бұл жұмысыңнан қол үзбе. Қауым үшін қолыңнан келгеніңді аяма, аянба...» деп бағыт-бағдар берген Маннан ұстазы екенін жеткізеді білетіндер.
Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани 1933 жылы Семейдің геология барлау техникумында ашылған Қазақтың тұңғыш техникалық жоғарғы оқу орны – Қазақ кен-металлургия (қазіргі ҚазҰТУ) институтының даярлық курсына түсіп, 1934 жылы оған қабылданған отызға тарта студенттің бірі болады. 1939 жылы осы институттың тұңғыш түлегі қатарында алғашқы қызыл дипломды инженер-геолог ретінде алады. Сонда оқып жүріп ол Қарағанды кен техникумында сабақ та берген.
Жас маман өзі бітірген институттың тұңғыш аспирантурасына қалдырылды. КСРО ҒА-ның Қазақстандағы Қ.Сәтбаев басқаратын филиалында кіші, кейін аға ғылыми қызмет атқарады. Академиядағы “Тау механикасы” секторын басқару кезі осынау қызметі негізінде атқарылған-ды.
Ақжан әл-Машани жер ғылымының жаңа саласы геомеханиканың негізін салушы және 30-ға тарта ғалымдар тәрбиелеген оның Қазақстандағы мектебін қалыптастырушысы. Оның қаламынан туған ғылыми-көпшілік және фантастикалық туындылар қазақ әдебиетінде сол жанрдың негізін салушылардың бірі ретінде танытады.
1944 жылы жас ғалым "Торғай сүрме кенінің құрылымы" тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Кандидаттық еңбегін әзірлеу барысында инженер А.Машани басқарған ғылыми экспедиция Ақбастау-Құсмұрын алтын кен орнын ашады. Алайда соғыстың кесірінен аталмыш кен орнын кеңінен зерттеуге тек 1959 жылы ғана оралып еді. Жаңа зерттеуге ғалым А.Машани жермеханикалық әдісті кеңінен қолданып, теориялық тұжырымдардың дұрыстығын іс жүзінде дәлелдеп шыққан. 1940-1948 жылдары Лениногор, Зырян, Беказы, Торғай, Жезқазған, Қаратау, Текелі кен орындарын геометриязациялауда ғалым А.Рыжовпен тізе қоса отырып, жермеханика әдісін алғаш қолданған. Жаңа ғылым саласын дамытуда соғыс жылдарында экономикалық күйзеліс, жаңалыққа келгенде аттан салып қарсы шығатын кертартпа ғалымдар тобы тарапынан туындаған кедергілерге қарамастан бұл сала сол тұстан бастау алып, өрісі кеңейе берді. Жаңа саланы қолдаушылардың арасында жас таланттар қатары көбейе берді. Бүгінгі таңда республикамыздағы жоғары оқу орындарының Кен факультеттерінде "Жер механикасы" жеке пән ретінде оқытылады. Өйткені тау-кен ғылымында кен жұмыстарын жүргізген кезде де тау қысымын басқару жолдары, жер қойнауындағы ығысу үдерістері, кен тіректерінің тұрақтылығын және басқа да өндірістік мәселелердің дұрыс шешімін жермеханика әдісінсіз табу мүмкін емес.
Геология саласындағы оқулықтарды қазақ тіліне аударған ғалым астрономия, тау-кен, маркшейдерлік іс, металлургия және басқа салалар бойынша қазақ тіліндегі оқу-әдебиеттер шығаруға белсене атсалысты. Ақжан Әл-Машанидің "Жер сілкіну", "Таулар қалай пайда болды", "Жанар тау", "Жер бетіндегі тіршілік қалай пайда болған", тағы басқа еңбектері – қазақ ғылымына қосқан зор үлесі.
Ақжан әл-Машани атамыздың қазаққа сіңірген бұдан да бөлек еңбегі қыруар. Соның бірегейі – әлем таныған әл-Фарабиді ата жұрты Алаш елімен қауыштыруы. 1975 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің мәжілісінде ЮНЕСКО көлемінде әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын өткізу мәселесі қозғалғанда, дүниежүзі ғалымдарын таңдандырған жалғыз оқиға болды. Жаһан жұртшылығы араб ғалымы деп білетін әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби арабтың да, түріктің де емес, қазақтың бабасы екенін бұлтартпастай дәлелдеген осы – Ақжан әл-Машани бабамыз. Бұдан кейін дүниежүзі зерттеушілері әлемде қазақ деген ұлттың барын, тіпті, бүкіл адамзат өркениетінің бір бастауы көне қазақ жерінен таралғанын мойындап, таң қалысқан. Сонда әл-Фарабиды зерттеуші Ақжан Машанидың бар атағы геолог ғалым ғана екенін естіген әлем атақтылары жағасын ұстаған.
Философияны айтпағанда, геометрия, музыка, астрономия салаларында ірі жаңалықтар ашқан әл-Фараби мұраларын зерттеуге 1943 жылдан бастап бас қойған Ақжан ата Лиссабон, Лондон, Париж, Рим, Берлин, Каир қалаларының ең ірі кітапханаларына сый-сыяпат жіберіп, хат жолдайды. Сұранып жүріп әл-Фараби бабаның жатқан жері Баб ас-Сағир (Сирия) зиратына елден бір уыс топырақ апарып салып, ол жақтан бір уыс топырақ алып, туған жеріне жеткізеді. Сонда ерекше тебіренген Ақжан атаның кеудесінен мына жолдар ақтарыла берсе керек.
«Зират айлап басында
Елден іздеп келген ем.
Тәбәрік етіп бір уыс
Топырақ алдым мен сенен».
Сөйтіп, 1975 жылы ұлы данышпанның 1100 жылдығына арналған Халықаралық конференцияның Алматыда өтуіне мұрындық болған А.Машани Әл-Фараби әлеміне терең бойлауына Абай даналығын танып-білу арқылы қол жеткізгенін айтады. Ғұламаның тек фарабитануға арналған 11 томдық шығармалар жинағының өзі – тұтас бір дәуірнамаға пара-пар өлшеусіз еңбек. «Әл-Фараби» (1970), «Ғажайып ошақ басында» (1978), «Табу» (1982), «Әл-Фараби және Абай» (1994) сияқты шығармаларының бәрінде ұлы бабаның қандай да бір ғылыми ойын Алла атымен бастап, «Құран-Кәрімде» көрініс беретін ғылыми қағидалармен тұжырымдайды.
Кезінде Қазақ КСРО ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаевқа жолдаған хатында былай дейді. «Отырар-Фараб қаласындағы руы – Қыпшақ, Түркі отбасында дүниеге келген ұлы ғалым әл-Фарабидің қазақ тумасы екендігі өзіңізге мәлім. Орта ғасырдың басында-ақ әл-Фараби Платон, Аристотель және басқа да антикалық ғалымдарға (бірінші ұстаздарға) түсінік берген энциклопедиялық ғұлама. Сол себепті де оны «екінші ұстаз», әл-мұғалім, әл-сани деп атаған. Әл-Беруни, Авиценна және басқа ғұламалар оны өзіне ұстаз тұтқан-ды. Әл-Фарабидің математика, астрономия, химия, география, геология, философия, медицина, музыка тәрізді ғылым мен өнер салаларына арналған еңбектері 100-ден асады. Бірақ, өкінішімізге орай КСРО-дан оның бірде-бір еңбегін таба алмадық. Тек Лейденнен (Голландия) үш кітап алдық. Оның ішіндегі екеуі – араб тіліндегі әл-Фарабидің өз еңбегі. Осы кітаптар (1890-1895 жж.) профессор Джетерептің неміс тіліндегі алғы сөздерімен шыққан. Ал, үшіншісі профессор Брунелдің неміс тіліндегі (200 беттік) «Әл-Фараби бойынша мемлекет басқару» (1904 ж.) кітабы.
Осы үш кітаптың да ғылыми мәні өте жоғары. Сондықтан да оларды фотосуретке және микрофильмдерге түсірдік және оларды қазақ, орыс тілдеріне аудару қажет. Осы жұмыстарды қаржыландыруға нұсқау беруіңізді өтінеміз».
Қазақ КСРҒА корр.мүшесі А.Ж.Машанов.
Қазақ КСРҒА ОҒК директоры Н.Б.Ахмедова».
Қаныш аға сол күні 15.11.1960 жылы «Келісемін», «Іске асырылсын» деп өз қолымен хатқа бұрыштама қойыпты».
Енді бір хатында: «Кенжеғали інім (К.Сағадиев), ҰҒА академияға келгелі енгізіп жатқан жаңалықтарыңды қолдаймын. Бірақ, жылдар бойы тамыр жайып алған надандық қалыпты өзгерту, Ұлы Абай айтқандай: «Ермен шықты-ау ит қылып, бидай шашқан егінге» дегені келмесе екен деймін. Бүгінгі академия басшысына, ел басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына айтарым: «Шындыққа бет бұрмай, осы беті бара берсе, академиядан пайда жоқ, кесапаты көп болмақ. Осыған Тәңір алдында бүгінгі ғалым қауымы, біздер жауаптымыз. Сол себептен, мен Сіздердің алдарыңызда шындықтың бетін ашып отырмын. Ол – менің міндетім. Арғы жағы Сізден болмақ, Нұрсұлтан шырақ! Сіз Хазірет Мұхаммед мүрдесін көрдіңіз. Енді істің дұрыс жолға түсуі – Сізге байланысты. Осы жолда іс көрсет, қызмет ет, ниет етіңіз. Тәңір Сізді екі дүниеде зор бақытқа жеткізсін. Аумин!» 08.12.1995 жыл» дейтіні тағы бар.
Ақжан әл-Машанидай ғұламалары бар Алашты Алла алқасын!
Жәнібек ӘЛИМАН