Жамбыл Әміребеков. «Жастық шағым ұшып кетіп барады»

ӘДЕБИЕТ
2205
Жамбыл ӘміребековЖамбыл Әміребеков***

Киялымды құйып, қауырсынымды сөйлеткен,
Осылай болып келеді кейде кей көктем.
Жүректен түскен сезімнің селдір сәулесі,
Түнімді кезген, түймеленбеген көйлекпен.

Сағымның сынған жерлерін емдеп әлекпін,
Самалдан озған бәсеңсіп қалған сәл екпін.
Ентігіп қалғам жастықтың қуып соңынан,
Сондада соны келеді ылғи тербеткім.

Бүр жарған жүрек, буына жастың булығып,
Үмітімді таққам тағдырыма ту қылып.
Езуді тартып қыздарға күлсем қысылып,
Ойымды сезіп ұялтты гүлдер ду күліп.

Жанымды қара көктемде гүлдей көктеген,
Жерден де гөрі ғашықпын неге көкке мен.
Сүйемін деген сөзімді іштен айтқызған,
Аттамас ардан адалдығымды жеккөрем.

Қызарып атты менен де гөрі сәл күнім,
Сағынышымның көтерер кімдер ән жүгін.
Қос құлақтанған торғай отындай кім білсін,
Жанымды ұғар кезігер мүмкін жан бүгін

***

Сайтаныммен алысып қаншама күн,
Өз өзіммен күресіп, шаршағанмын.
Жаймен соққан өлеңнің тамырында,
Аймен жүзіп барады аңсағаным.

Бұлтты қудым көгімнен нөсерлеткен,
Күннің ізін іздедім кешегі өткен.
Көбік көкке тойынды тулақ көңіл,
Ойнақтатып жіберген неткен көктем.

Кім ұғады жанымды шоқтай жанған,
Мініп кеттім уақытты тоқтай қалған.
Шым еткізіп жүректі шымшып алып,
Тәтті арманым барады соқпай маған.

Түсіммен өңім әлі бөлінбеген,
Көктеп алғам көңілді сөгілгенмен.
Қырда гүлдер мұңайып қалмасын деп,
Жата ғап тауды құштым өмір көрген.

Кетіпті ғой тағы да өтіп күнім,
Теріс қарап көрсетпей кетіктігін.
Жеткізбейтін қиялды қуып барып,
Мамығына қонайын жетіп бүгін!

***
Тұзға күйіп жүрсем дағы сортаңда.
Көкпенен жер шаба берем ортаңда.
Өлең болып сүремін деп өмірді,
Құдайымнан сұрап қоям қол таңба.

Шапса дағы ту сыртымнан көрінбей,
Жүрген жанмын еншім езден бөлінбей.
Неге сонша ғашық болды екенмін,
Тағдыры ауыр өлең қызға өлердей.

Махаббатым кеткен тастап бұрынғы,
Тым қаттырақ сүйгеннен соң жырымды.
Қос қанатты қалбалақтап сезімім,
Мұңға бөккен көз жасыма ұрынды.

Сайқымазақ сайтандармен отырған,
Шарабы мол жынды сосын шақырғам.
Қобызымен тіске бастым тірідей,
Жалғыздықты жанымды жеп отырған.

Қабірінің қышпен қалап іргесін,
Мұңмен соққам жан әкемнің мүрдесін.
Тірісінде сұрағанын бере алмай,
Түсіме енген құша алмадым сүлбесін.

Шығамын деп шық жамылған жотаға,
Жүрегіме жүк артыппын о, тоба.
Арқалы жыр арқама мін, арқама,
Арқалы ұлды әйтпесе өзің, арқала!

***
Адам таппай жүрегімді ұғатын,
Жайдақ міндім асау ойдың құла атын.
Қысқа қанат мұңымды елден жасырып,
Жол іздедім көкке қарай шығатын.

Қаша беріп қалжыратқан түнімен.
Жеті қабат ойдың келдім түбінен.
Жол сұрадым құлағына сыбырлап,
Жаны нәзік қырдың қызыл гүлінен.

Өлі қала қою мыйды шайқаған,
Қиялымды қияға сап қайтадан.
Алатаудың қарын сызған қанаты,
Шабытымды бір адам жоқ байқаған.

Қиялымның елегінен сүзілген,
Тап-таза мұң кірпігімнен үзілген.
Жастық шағым ұшып кетіп барады,
Тыраулаған тырналармен тізілген.

Демі салқын таңның соқса самалы,
Елге кетем шықтан ұрттап шамалы.
Болар емес сұр тұманға сүңгіп ап,
Жүрегімді емдемесем жаралы.

ЕЛЕС

Түн түндігін саусағымен түретін,
Арманым көп жүрегімді бүретін.
Бір елес бар жұбататын жанымды,
Жұрт ішінде жалғызсырап жүретін.

Оқып едім Үміт жазған дұғадан,
Мұрнын тартып мұң секірді жырадан.
Жұмыр жүрек жарылатын тәрізді,
Кезікпесе жанымды ұғар бір адам.

Кезігетін мүрделердің маңында,
Сол елестер жүреді тек жанымда.
Ақ сақалын саусағымен тараған.
Отырады бір қарт мұңлы бағымда.

Ұстай алмай әлек болдым сүлбесін,
Көрсем деп ем жанымда ақыр жүргесін.
Кайтер екен жынның жақсам тіліне.
Кірпіктегі кепкен жастың сірнесін.?

Естігенде әруақтардың қолқасын,
Әзірейіл келді ме деп қорқасың.
Сартап жолға айналдырдым құдай ау,
О, дүние мен бұл дүниенің ортасын.

Ой іздеп ем асау шабыт баспаған,
Мұңды таптым тау бастырып тастаған.
Тірі жүрген әруақтай күй кештім,
Не өлілер не тірілер қоспаған.

***
Бар күнәсін арта салған заманға,
Пендешілік басын бұрды маған да.
Шаң көтерген қалмайын деп тобырдан,
Кір жұққызып алдым ба екен ғаламға.

Ертегідей елестеткен әлемді,
Құдайға емес, құлға берген сәлемді.
Менің таза шағым кеткен алыстап,
Не болады өлеңімнің мәні енді?

Гүлді ұққанмын жамандықты білмейтін,
Мұң жұтқанмын періштеге күлмейтін.
Шыркөбелек жерден жылдам айналып,
Бақ іздеппін қабіріме кірмейтін.

Шарап жұтып қайнатылған шекерден, 
Арман қуып қанша күнә көтергем.
Бақытым деп келген жанды жылатып,
Сырт айналып кетіппін - ау бекер мен.

Сағынатын алыстамай арамыз,
Сол сезімнің не болғанын қараңыз.
Дәл өзімдей кетті мені мұңайтып,
Бағым болған, шашын буған - қара қыз.

Көкжиектен кісінетіп күреңді,
Сорлы екенмін мұң іздеген іреңді.
Бақыт деген бақытты ету екен ғой,
Бақ іздеген бақытсыздау біреуді!

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...