Берденде айнала санағанда үш-ақ тұяқ бар: жауыр қара ат, мұқыл сиыр, қызыл бұзау. Ашаршылық, жұттан...
«Әлем әдебиеті» әдеби журналы биылғы жылды - Ұлықбек Есдәулет жылы деп атады
Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі, өлең-сөздің хас шебері, ақиық ақын, Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері Ұлықбек Есдәулет ағамыз биыл 29 сәуірде алпыс бес жасқа толмақ. Бұл қазіргі қазақ әдебиетіндегі елеулі оқиға, жыр сүйер қауымның айтулы мерекесі болмақ.
Ұлықбек Есдәулет есімі қазақ ақыл-ойының аспанында қырандай қалықтағалы да, сұңқардай шарықтағалы да жарты ғасырға жуықтапты... Жалынды жырымен қалың оқырманын сусындатып келе жатқан жыр сүлейінің толайым шығармашылығы туралы небір аузы дуалы адамдар тамсана жазған, жоғары баға берген, жақсы пікірлер айтқан. Айтса айтқандай, осы уақыт аралығында бағындырмаған биігі, аспаған асуы, шықпаған тауы жоқ, атақ-абыройы бір басына жетіп артылады...
Құдай берген табиғи талантымен қоса, білім-білігі, тектілігі, халық пен қаламға адалдығы және принципшілдігімен қалың қауымның жүрегіне жол тауып, елінің ыстық ықыласына бөленіп жүрген және жақында ғана Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған өзі Ұлық, өзі Бек ағамызды келе жатқан асқаралы мерейтойымен құттықтай отырып, шаңырағына шаттық, еңбегіне жеміс және шығармашылық табыс тілейміз!
Менің алдын ала құттықтап отырғандағы себебім де жоқ емес, ол – «Әлем әдебиеті» әдеби журналының атынан осы биылғы жылды қазақ әдебиетіне өлшеусіз олжа салған Ұлықбек Есдәулет жылы деп атадық! Құрметті қауым, ендеше, той басталды, тойбастар айтыңыздар!
Думан Рамазан