Әлібек Асқаров. Боямасыз баяндар (Алтыншы дәптер)

ӘДЕБИЕТ
2153

Біздің мемлекетіміз Тәуелсіздікті 1991 жылдың соңында, 16 желтоқсанда жариялағаны белгілі. Яғни, бұл мезгіл – айналуға да, ойлануға да уақыт жоқ, жылдың межесіне жетіп, аяқталып қалған кезі еді. Сондықтан Тәуелсіздіктің дәм-тұзын 1991 жылы емес, 1992 жылдан тата бастағанымыз, еркіндіктің тынысын осы жылдан бастап сезіне бастағанымыз шындық. Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитеті аман-есен тарап, ел басқарудың жаңаша жүйесі, жаңа құрылымы жасақтала бастады. Ол уақта Президент пен Үкіметтің аппараты бір мекеме, «Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кеңсесінің аппараты» деп аталатын.

Мінеки, осы аппаратқа Тәуелсіздіктің таңында, 1992 жылдың басында біздің де қызметке келгеніміз бар. Турасын айтқанда, «ЦК-ның» бұрыннан қызметте жүрген инструкторлары емес, Тәуелсіз елдің Президенті аппаратының тұңғыш қызметкерлері болып жұмысқа кірдік. Бізді қызметке қабылдаған – сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары – Мырзатай Жолдасбеков ағамыз.Мырзатай ЖолдасбековБіз деп отырғаным: Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан келген Серік Сейдуманов, Қостанай облысында мәдениет басқармасын басқарған Сейіл Баймағанбетов, ҚазТАГ-тан келген талантты журналист Аяған Сандыбаев, сосын мен – республикалық «Өнер» баспасының бас редакторы едім. Біздің бөлім ол кезде «Мәдениет және ұлтаралық қатынастар» деп аталатын. «Мәдениетінде» Сейіл екеуміз де, бұқаралақ ақпарат құралдарына жауапты – Аяған, ал енді біз оншалықты түсіне бермейтін күрделі сала – «ұлтаралық қатынас» – Серікте. Бүгінгі доктор, профессор Серік ол кезде де мықты маман, ғылым кандидаты. Мәскеуде тоғыз жыл оқып келген, көргені де, тоқығаны да мол білімдар азамат, білікті ұйымдастырушы.

Бөлім бастығы – 28 жастағы Алтынбек Сәрсенбаев, оның орынбасары – менің студенттік жылдардан бергі досым Сауытбек Абдрахманов.
Бұлардың бәрін тізіп отырғаным – қазақтың тұңғыш Құрылтайын өткізудің барша қара шаруасы – екі бастығымыз бар, негізінен қатардағы осы төрт қызметкердің мойнына түскен болатын.


Оқи отырыңыздар:


***
«Дүниежүзінің қазақтары Алматыда бас қоспақшы екен, Құрылтай деген әлдебір дөкей жиын дайындалып жатыр екен» деп еститінбіз. Құрылтайды дайындап жатқан Қазақстан Жазушылар одағы, ұйымдастырып жүрген одақтың басшысы Қалдарбек Найманбаев ағамыз екенін білетінбіз. Бірақ мәселемен нақты айналысқанға дейін ол әңгімеге мән берген жоқ едік, өз шаруамыз да басымыздан асып жататын... Ленин алаңында күнде митинг, транспарант көтеріп жиналған жұрт, әлденені талап етіп шулаған халық. Енді біреулер алаңның шетіне төсектерін салып, ашаршылық жариялап, алшыдан түсіп жатқандары. Солардың бәрімен келіссөз жүргізу, мәмілеге шақыру, реттеу, жөнге салу тағы біздің бөлімнің міндеті еді.

Ұмытпасам, тамыздың жиырмасына қарай бір үлкен әңгіме шықты. Біздің үлкен бастығымыз – Вице-премьер Мырзатай Жолдасбеков бөлім меңгерушісі Алтынбек пен оның орынбасары Сауытбекке шұғыл тапсырмалар беріпті. Ол екеуі келді де, қол астындағы төрт қызметкері бізге шұғыл міндеттер жүктеді.

–Оказывается, Құрылтай срыв болғайы тұр! – деді Алтынбек қапаланып. Ол кезде қазақшадан гөрі орыс тілінде көбірек сөйлеуші еді.
– Хочешь завалить дело – поручай Союзу писателей! – деп түтікті.

Содан ұққанымыз, төрткүл дүниеде бытырап жүрген қазақтың басын қосып, Құрылтай өткізу идеясын о баста Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі көтеріпті. Сөйтіп сол шаруаны Қалдарбек ағамызға тапсырыпты. Елбасы тапсырған соң, Жазушылар одағы бұл шаруаға бел шешіп кірісіп, Құрылтайдың айы мен күнін белгілеп, шеттен адамдарды да шақырып қойысыпты. Бірақ қаншалықты белсенгендерімен, толып жатқан ұйымдастыру шараларына шамалары жетпей, құзыреті жүрмей дағдарып қалыпты. Тіпті, дайындықтың ең негізгі жұмысы – әлі күнге қаражат жағы да қарастырылмаған көрінеді. Ал қаражатсыз қайбір іс алға жылжысын.
Құрылтайдың алғашқы қонақтары тұтас бір ұшақпен 25 қыркүйекте Германияның Ганновер қаласынан келетіні белгілі болды. Яғни, арада бір ай ғана уақыт бар. Ал қаржылық, құқықтық, кедендік, тағы басқа толып жатқан кедергілері бар халықаралық масштабтағы мұндай іс-шара үшін бұл тым аз уақыт еді.
Жазушылар одағынан біздің аппаратпен жақсы араласып жүрген елгезек ағамыз Сұлтанәлі Балғабаевты шақыртып, дереу Үкімет қаулысын дайындауға кірістік. Қаулысыз қаржы да бөлінбейді, қаулысыз басқа министрліктер сенің құрылтайыңа пысқырып та қарамайды.Оңнан солға қарай – Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Әшірбек Сығай, Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов және Президент аппаратының жауапты қызметкері Әлібек Асқаров. Алматы әуежайы, 1992 жылғы 25 қыркүйек.

Қаулыға министрлердің визасын алу деген ол кезде де оңай шаруа емес-ті. Регламент бойынша әр министрлік берген құжатты бес күн қарауы тиіс. Өйтер болсаң – екі ай бойы тек виза жинаумен сандаласың. Шүкіршілік, қаулының мәтіні дайын болған кезде Мырзатай ағамыз барлық министрлер мен ведомство басшыларын бөлмесінде жинады да, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, белден басып бәрінің қолтаңбасын күшпен алып берді. Сөйтіп 1992 жылғы 27 тамызда Премьер-министр Сергей Терещенко қол қойған Үкімет қаулысы жарыққа шықты. Құрылтайды әзірлеп, өткізу жөнінде Мырзатай Жолдасбеков басқарған Үкіметтік ұйымдастыру коммиссиясы құрылды.Нағыз жұмыс енді басталды.

Айта кететін жай, қаулы шығысымен аппаратта құрылымдық өзгерістер болған. Базар Дамитов ағамыз басқаратын Білім бөлімі, Василий Девятко басқаратын Денсаулық сақтау бөлімі, Көпбаев басқаратын Дін істері бөлімі, сосын біздің Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімі қосылып, «Ішкі саясат бөлімі» деген атпен қайта құрылды. Жаңадан құрылған үлкен бөлімнің бастығына Алтынбек Сәрсенбаев, бірінші орынбасары Сауытбек Абдрахманов, орынбасары болып Базар Дамитов тағайындалды.

Ішкі саясат деп аталатын бұл бөлімге қызметке төрт адам қабылдандық. Сол баяғы «мәдениеттегі» төртеу. Қалған бөлімнің қызметкерлерін Алтынбек «әрқайсысымен жеке сөйлесемін, өзім іріктеймін, қысқарту болады» деп тоқтатып қойды. Бәріне «уақытша» қызметін жалғастыруға рұхсат берілді. Осындай себеппен оларды Құрылтай шаруасына тартуға біздің құқымыз болмады.
Серік Сейдуманов Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізу жөніндегі жұмыс штабының бастығы болып бекітілді. Бұл штаб – Құрылтайға әзірлік пен оны өткізудің барша қара жұмысының орталығы еді. Біз соның мүшелері болдық. Әркімге тиесілі тапсырмалар бөлініп, міндеттер жүктелді. Сейіл Баймағанбетов Халық шаруашылығы көрмесінде (қазіргі «Атакент») тігілетін жүздеген киіз үйлерге, ол жерде өтетін барлық іс-шараларға, Аяған Сандыбай қонақүйлерге жауапты болды. Маған меймандарды әуежайда қарсы алу бағдарламасы, сосын «сенің қазақшаң жақсы» деп, қонақтарды автобустармен ары-бері алып жүру шаруасы тапсырылды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Майра Қанафинаны, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нілзия Рақышеваны шақыртып, құрылтай жұмысына жұмылдырдық. Олар қонақүйлердің қонақ күту мәдениетін, сервизін, меймандардың дұрыс демалуын қадағалап, олардың уақтылы тамақтануына жауапты болды. Сауытбек пен Қалдарбек ағамыз «Құрылтай» пойызын жасақтау, Жезқазғанға баратын ұшақ мәселесімен айналысып жатты.
–Бұл Құрылтай біздің бөлімнің жауынгерлік сынағы болайын деп тұр! Орысша айтқанда – «боевое крещение»! – деп Алтынбек қызметкерлеріне алдағы жұмыстың жауапкершілігін мықтап ескертіп өтті.
«Боевое крещение» дегесін жан қала ма, басқа жұмыстың бәрін жинап қойып, бәріміз жұмылып Құрылтайды дайындау шаруасына басымызбен қойып кеттік. Жиі-жиі Үкіметтік ұйымдастыру комитеті жиналады, олардың мәжілісін, қағаз-құжаттарын әзірлейтін де біздерміз.

Алматы, Жезқазған, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне Құрылтай қонақтарын қарсы алып, жоғары деңгейде күту тапсырылды.
Мәдениет министрлігіне Құрылтайдың барлық мәдени бағдарламаларын дайындау ісі жүктелді.
Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне Құрылтайға арнап буклеттер, жарнамалар, шақыру билеттерін, басқа да баспа өнімдерін бастыруды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында Құрылтай жұмысын кеңінен жария ету мәселесі міндеттелді.

Сауда министрлігі мен Қазақстан Тұтынушылар қоғамдары одағына Құрылтай меймандары тұратын қонақ үйлерде, іс-шаралар өткізілетін орындарда дұрыс тамақтану ісін ұйымдастыру тапсырылды.
Материалдық ресурстар министрлігіне, Көлік министрлігіне, «Қазавтокөлік» концерніне Құрылтайды әзірлеуге, сондай-ақ оны өткізуге қажетті барлық материалдық ресурстарды бөлуге, керегінше жеңіл машиналар мен автобустар дайындау жүктелді.

Көлік министрлігіне меймандардың шетелден поезбен, автобуспен келулеріне барлық қажетті жағдайды жасап, Түркістан қаласына барып-қайтуы үшін арнайы «Құрылтай» деп аталатын пойыз дайындауды, ол пойыздағы вагондардың барлығы жаңа болуы тапсырылды.

Қазақ азаматтық авиация басқармасына шетелдерден келетін Құрылтай меймандарына арнайы рейстер жабдықтап, оларды жол билеттерімен қамтамасыз ету, бұған қосымша Жезқазған қаласына (Ұлытауға бару үшін) арнайы ұшақ дайындау жағын шешу тапсырылды. Әрі ішкі-сыртқы көлік тасымалының бәрін сом (рубль) есебімен төлеуге рұхсат берілді.

Бұған қосымша медициналық және тұрмыстық қызмет көрсету, меймандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық телефон, телекс, телефакс байланысын орнату, тағы басқа шаруалар қатаң тапсырылды.
Бірақ осы дайындықтың өзі аз еді. Өйткені шетел азаматының біздің елде жүріп-тұруына кедергі келтіретін, кеңес заманынан қалған заңдылықтар, ереже-тәртіптер бізде әлі жеткілікті болатын. Соның бәрін сараптай келе, Құрылтай басталар алдында Үкімет тағы бір мықты қаулы қабылдады. Бұл қаулы – сол Құрылтайдан кейін де ұзақ жылдар бойы шетелдік қандастарымызға үлкен жағдай жасаған тәуір құжат болды. Қаулы «Шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» деп аталды. Қаулының басты мақсаты – Қазақстанмен танысу үшін сапарда жүрген, еңбек контрактілері бойынша жұмысқа, экономикалық қарым-қатынастарды жолға қою мен қайырымдылық істері бойынша, туған-туысқандарымен дидарласып қайтуға, сондай-ақ оқуға түсу үшін келген шетелдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің республика территориясында жүріп-тұруына қолайлы жағдайлар туғызу еді. Осы қаулы бойынша, шетелдік қазақ ағайынға Қазақстан территориясында болған кезінде ведомстволық бағынысына қарамастан мейманханалардағы жамбаспұл үшін, республикалық әуе жолдары ұшақтары мен республика ішіндегі темір жол көлігіне алынған билет үшін республика азаматтарына белгіленген төлеу тәртібі қолданылатын болды. Сондай-ақ оларға түрлі оқу орындарына, аспирантураға түсулеріне біздің азаматтармен тең құқық берілді, оларды стипендиямен, басқа да қажетті материалдық жағдайлармен мемлекет есебінен қамтамасыз етілуі қарастырылды.Білім министрлігіне бір ай мерзім ішінде диаспора жастарын біліми және кәсіби бейімдеудің, оларды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың бағдарламасын, оқуға түсудің шарттарын әзірлеу тапсырылды. Бұларға қосымша Денсаулық сақтау министрлігіне – диаспора өкілдері елімізде болған кезде олардың емдеу-сауықтыру жәрдемін пайдаланылуының тәртібін белгілеп, Қазақстан азаматтары сияқты ортақ негізде санаторийлік-курорттық емделулерін қамтамасыз ету табысталды. Туризм, дене мәдениеті және спорт министрлігіне шетелдік отандастардың ұлттық-этникалық мүддесін ескере отырып, республика аймақтары бойынша арнайы туристік маршруттар белгілеу, Сыртқы істер министрлігіне диаспора өкілдеріне республикамызға келу визасын беруді жеңілдету, Ішкі істер министрлігіне диаспора өкілдерінің уақтылы тіркелуі мен олардың республика территориясында жүріп-тұруына қажетті құжаттарды әзірлеу шаралары міндеттелді.

Үкімет комиссиясының бір отырысында Мырзатай ағамыздың: «Бәрің де өздеріңді ертең болар Құрылтайдың күтушілерімін деп есептеңдер. Министр екендеріңді, болмаса үлкен бастық екендеріңді ұмытыңдар. Алыстан ата жұртын аңсап келген ағайынның қолына су құйып берсеңдер – соны зор бақыт деп біліңдер» деп, комиссия мүшелеріне шегелеп тапсырған сөзі құлағымда қалыпты.

***
Сөйтіп, Серік Сейдуманов басқарған жұмысшы штабы қауырт жұмысқа кірісіп кетті. Серік бастық, біз оның сенімді сарбаздарымыз. Бірақ әркімнің алдына қойылған нақты өз міндеті бар, оны қалай шешесің, қалай орындап шығасың – ол тек сенің ғана шаруаң. Әйтпесе несіне Президент аппаратының жауапты қызметкері атанып жүрсің! Сондықтан Серіктің де, одан жоғарғы бастықтардың да бастарын ұсақ-түйек проблемалармен қатыруға болмайтын еді.
«Қазақстан» мен «Алматы» қонақүйлерінде де штаб ұйымдастырдық. Министрліктерден көмекке адамдар сұрап алдық. Содан кейінгі күндердің бәрі Құрылтай аяқталғанша құс ұйқы, түлкі құрсақ шапқылаумен өтті.

Маған «Әуежай бағдарламасы» тапсырылғандықтан, алдымен оның идеологиясын ойластырып, концепсиясын жасап, комиссияда бекітіп алу керек болды. Қонақтарды қалай қарсы аламыз? Немен қарсы аламыз? Әрине, әнмен, гүлмен қарсы аламыз. Гүл де, гүл тапсырар қыз да табылады-ау, қандай әнмен қарсы аламыз? «Пәлі, сондай да сұрақ бола ма екен? Әрине, Қазақстанның гимнімен» десті ақылдасқан ағалардың бәрі де.
Соңынан «Әуежай бағдарламасына» маған көмекке тағы екі адам қосып берді. Олар Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсен Беспаева мен біздің аппараттың бұрынғы Білім бөлімінің жауапты қызметкері, кейін Талдықорған мемлекеттік университетінің ректоры боп ауысқан Есенгелді Медеуов еді.Қазақтың тұңғыш Құрылтайының құрметті қонағы Халифа Алтай ақсақал жазушылар ортасында.

Үшеуміз ақылдасып отырып, қандастарымызды «Елім-ай» әнімен қарсы алсақ қалай болады деген ойға келдік. Ел басына күн туған сол бір алмағайып заманда ағайындар осы «Елім-ай» әнімен зар илеп, көкіректері қан жылап кеткен жоқ па еді?.. Ол кезде бодандық дағдыдан, коммунистік санадан әлі арыла қоймағанбыз, комиссияның кейбір мүшелері бұл ұсынысқа оқшырая қарасты. «Бүйректен сирақ шығарғанды қойсаңдаршы» десті бір тобы қызарақтап. «Елім-айы» несі, бәлеге қалып жүрерміз деп үрікті келесі топ. Енді біреулер «күллі әуежайға ондай әнді шырқап берер әншің бар ма, ол әнді қайсысың білесіңдер» дегендей күдік келтірді. Бұл күдіктің астарында шындық та бар еді. Оған дейін қазақтың сан ғасырлық қасіретін бейнелеген бұл асыл мұрамыз бірде-бір ән кітаптарына кірмейтін, бұл ғажайып ән бірде-бір әншінің репертуарында жоқ болатын.

Шүкіршілік, осы арада өзінің ұлтжанды мінезімен арашаға Мырзатай ағамыздың өзі түскен: «Оркестрді әуежайда орнатып көріңдер, «Елім-айды» білетін, оны айта алатын әнші тауып, айтқызып тыңдаңдар, бұл ән қалай шығады екен, біліңдер, дұрыс болса қабылдаймыз» деп кесіп айтып, коммунистік санадан әлі арыла алмай жүрген шенеуніктердің аузын жапты.

Ертесіне артынып-тартынып әуежайға бардық. Әсен Сүлейменқызы апамыз қаланың білдей бір бастығы емес пе, бәрі қолында тұр, не сұрасаң да лезде тауып бере қояды. Өзі де іскер азамат екенін бұрын да жақсы білетінбіз. Оркестрді асай-мүсейлерімен шұбыртып алып келді, оларды ыңғайлы тұсқа, оңтайлы бір бұрышқа жайғастырдық. Әр жерге дыбыс күшейткіш мықты аппараттарды орнаттық. Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Әшірбек Сығаевтан «Елім-ай» үшін Қазақстанның халық артисі Гүлжан Қазақбаеваны сұрағамыз. Гүлжан апамыз тегі сырқаттанып қалған ба, Әшағаң бізге сәлем айтып, басқа бір әншіні жіберіпті. Өнерінен айналайын, сол әнші келіншектің бүгінде есімін де ұмытып қалыппыз... Оркестрмен қосылып «Елім-айды» сорғалатып шырқаған кезде – бүкіл әуежай күңіреніп кеткен. Өзі де бір сай-сүйегіңді шымырлатқан құдіретті әуен ғой, естіп тұрған біз де кеудеміз қысылып, көкірегімізге өксік тіреліп, жүрегіміз көмейімізге тығылды. Құлағымыздың құрышы қанғанша неше қайтара айтқыздық. Ғажап-п! Қысқасы, гимн емес, осы «Елім-ай» әні жөн екеніне көзіміз әбден жетті.

Соңынан Сауытбек бастығымыз Үкіметтік комиссия төрағасы Мырзекеңе кіріп, «Елім-айды» дәлелдеп, келісімін алып берді.
Содан кейін қарсы алудың жай-жапсарын, ұсақ-түйегін айқындауға кірістік. Мен де жұлдызды сәтім туғандай сезініп, «боевое крещениеден» абыроймен өту үшін әуежай бағдарламасының барша жауапкершілігін өз мойныма алдым. Әуежай бастығымен ұшақ бұрылып келіп тұратын жерді нақтыладық. Сол араға жап-жаңа башқыш сатыны әкеп қойдық. Ұшақтан түсер сол сатыға дейін ұзынынан созып, «кремлевка» дейтін қызыл кілемнен жарқыратып жол салып тастадық. Былайғы тұстан митингі жасайтындай орын әзірлеп, қатарымен үш микрофон дайындадық. Ол жерді де қып-қызыл кілемдермен жарқырата жауып тастадық. Басқыштың етегінде, жолақ кілемнің екі жағында біркелкі ұлттық киімдегі он-оннан жиырма қыз гүл ұстап тұратын болды.

1992 жылдың 25 қыркүйегі. Соңғы репетиция. Бүгін Құрылтайдың алғашқы делегациясы арнайы ұшақпен Ганновер қаласынан келеді. Ол жақтан бірер сағат бұрын хабар алғанбыз, бәрі де ойдағыдай, делегация аман-есен ұшып шығыпты. Енді бірлі-жарым сағатта Алматыға да жетулері тиіс. Мен құрақ ұшып жүгіріп, қарсы алушыларға, бұқаралық ақпарат өкілдеріне, телеоператорларға қалай болатынын, кім қайда тұратынын көрсетіп жүрмін.
–Сендер мына жайды ескермеген сияқтысыңдар! – деді Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов ағамыз. – Алыстан атажұртын сағынып жеткен ағайын қызыңа да, гүліңе де қарамауы мүмкін. Ұшақтан түскен бетте олар ата-баба жеріне тағзым етіп, еңкейіп жерді сүйем десе қайтесіңдер? Қыздардың етегіне жығыла ма сонда? Сондықтан қыздарды басқыштан берірек жылжытқандарың дұрыс деп ойлаймын.
Осы ұсынысты жөн көріп, біз қыздарды басқыштан тура он метр бері жылжыттық.
Соңынан Қуаныш ағамыздың айтқаны айдай келіп, бәрі тура солай болды...

Ұшақ жайлап бұрылып келіп белгіленген жерге тоқтады. Бүкіл әуежайды аңыратып, төбе-құйқаны шымырлатып «Елім-ай» кетті әуелей шырқалып.

Басқыштан түрік тақиялы ақсақалдар, ақ жаулықты аналар бірі еңіреп, бірі қол орамалдарымен көздерінің суағарын іліп сүртіп түсіп келеді. Жерге жеткен бойда еңкейіп асфальтті сипайды, сүйеді (әуежайда қара жер қайдан болсын). Бір ақсақал тіпті жерге етбетінен жатып қалды. Мауқы басылған соң екі қолынан демдеп, сабыр сұрап тұрғызып алып кеттік.

Осы ағайындармен кейінірек мен біраз күн бойы араласып, бірге болып, бірге жүргендіктен көбісімен етене жақын әңгімелескеніміз бар. Бәрінің айтатыны – ұшақ тоқтаған бетте күңіреніп «Елім-ай» шырқалғаны қатты әсер етіпті. Үлкен адамдар қайта-қайта күрсінісіп, әйелдер жағы терезеден қарап сұңқылдап жылап отырыпты. Мюнхендік Шәріп Найман ақсақал «мен алты жасымда туған елімнен жер ауып кеткенде осы ән құлағымда қалыпты» дейді. Енді бір қария босқын болып талай белден асып, талай елді басып, ит қорлығын көрген заманда өзіміз де осы әнді жүрегіміз жылап тұрып айтушы едік деді.

Қысқасы, ата жұртын аңсап келе жатқан ағайынды гимнмен емес, «Елім-айлап» қарсы алғанымыз дұрыс болғанын осы кісілердің жүрекжарды тілектері де дәлелдегендей болған.
Әлі есімізде, Құрылтайға ертерек келген меймандарды ұшақпен Жезқазғанға жіберіп, ол топ Ұлытау өңірін бір айналып қайтты. Алматыдағы думан-тойдан соң қонақтар түгелдей арнайы пойызға отырып, Түркістанға барып зиярат етісті. Соңынан бәрі Алматы іргесіндегі «Дегересте» өткен аламан ат жарысын қызықтасып, сайын дала төсіне тігілген киіз үй қалашығында мейман болысты.

Соның ішінде әсіресе Түркістан сапарының әсерге толы болғанын білемін. Барарда пойыз бірде-бір стансаға тоқтаған жоқ, Түркістанға қалай жеткенімізді өзіміз де аңғармай қалғанбыз. Қайтар жолда Арыс қаласы әкімінің қиыла өтінгенін ескеріп, пойыздың осы қалада жиырма минут аялдағаны бар. «Сыртқа шығып, бақылау жасаңдар, қонақтарың жоғалып кетіп жүрмесін» деп Мырзатай ағамыздан тапсырма алғасын, барлау жасап перронға шыққанбыз.
Алаң толы қара құрым халық екен. Қаланың тайлы-таяғына шейін жиналған шығар дерсің. Тіпті аспалы көпірдің үстіне дейін иін тіресіп самсап тұр. Көпір мынандай көп елді қайтіп көтеріп тұрғанына таң қалғандайсың. Жиналған халықты перронға оншалықты жақындатпай, араға қызылала жіптер керіп тастапты. Керме жіптің бойы қатар-қатар милиционерлер, бізді ары қарай, арғы жұртты бері өткізер түрлері жоқ. Пойыздан түсіп жатқан ағайынға бата-тілек айтылып, шашу шашылып жатыр, байқаймын перронның үсті құрт-ірімшікке толып кетіпті. Әр жерде әуелеген ән, төгілген күй. Күн жарықтық та өзгеше шуақты, нұрын аямай төгіп, көкте күлімдейді.

Е дегенше жиырма минутымыз да зыр ете түсті. «Отырыңдар, пойыз жүреді» деген ескерту де саңқ ете қалды. Мен керме жіпке таяу тұр едім. Жіптің арғы беті қош-қош айтып шулаған көп халық. Алдыңғы қатарда омыраудағы баласын көтеріп, бір мөлдіреген жас келіншек тұрған. Жастау кезіміз, өзімше қалжыңдап, әлгі келіншек жаққа қарата: «Атажұрттағы асыл ағайын, аман болыңдар, енді қашан келеміз, қашан кездесеміз – бір құдайға аян, қош болыңдар» деп бұрыла бердім. Бұрыла бергенім сол еді, әлгі келіншек қолындағы баласын қасындағы біреуге ұстата салып, көз ілеспес шапшаңдықпен керме жіптің астынан өте шықты да, ұшып келіп мені бас салғаны. Керме жіпті күзетіп тұрған қырағы милиционерлердің өзі ауыздарын ашып үлгерген жоқ. Мен шошып қалдым. Қарасам – келіншектің жанары жасқа толы, шөп-шөп еткізіп менің екі бетімнен алма-кезек сүйді де, тез бұрылып жүріп кетті.
Өзімнен өзім жерге кірердей болып ұялып, тұқырайып вагонға беттедім.

Жас келіншектің жанарында мөлтілдеген тамшы жас – вокзалда жиналған мынау қалың елдің алыста жүрген ағайын-бауырға деген сағынышы, ақ көңілі, адал ниеті екенін ұқтым.

***
Жалпы Тәуелсіздік жылдарында нелер бір думанды тойлар өтті ғой. Солардың ішінде Абай мен Жамбылдың, Мұхтар Әуезовтің, Құрманғазының мерейтойлары сияқты дүйім дүниені дүркіреткен ұлы тойлар да болды. Кейін қазақтың тағы бірнеше құрылтайы өтті. Бәрібір, тұңғыш Құрылтайдың мазмұны мен рухы мүлдем өзгеше еді. Адамдардың бет-жүзі бал-бұл жанып, қуанса да, күлсе де, тіпті әзіл мен қалжың айтса да іс-әрекеттерінен әлдебір табиғи шынайылық сезілетін. Қайда барсаң құшағын жайып арсалаңдаған қазақтар. Тұңғыш Құрылтай өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де ешбір тойға ұқсамады. Әсіресе қазіргі «Атамекен» бауының ішінде жағалай, жарыса тігілген киіз үйлердің өзі бір қала-тын. (Кейіннен Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз бас болып, ұлттық үлгідегі жақсы киіз үйлерге жарыс өткізіп, үлкен бәйгелер тіккен болатын). Сол кездегі 19 облыстың бәрі де өз өңірінің ерекшелігін айшықтайтындай, қадір-қасиетін паш ететіндей дайындықпен, ұлттық салт-дәстүрлерімен, Құрылтай қонақтарына деген алуан түрлі сый-сияпатымен келді. Қысқасы, Құрылтай дегенде облыстар барын шашты. Дәл осы жолы қазақ қазақтан аянып қалған жоқ. Оның үстіне Алматының түрлі мекемелері, сырттағы қазақ диаспоралары да ойып-ойып жер алып, алаулатып-жалаулатып транспаранттар іліп, киіз үйлерін тігіп, олар да көл-көсір жайылып жатты. Әр жерде шырқалған әсем ән, төгілген күй, ойын-сауық, спорттық жарыстар. Концерт қойып өнер көрсетіп жүрген эстрада жұлдыздары қаншама! Ал енді осы «Атамекенде» қонақтарға арнап сойылған жылқы мен қойдың есебінде қисап болмады. Бұл не деген ас та төк береке, есепсіз байлық, шадыман қуаныш деп таң қаламын қазір. Қазақтың мың жылдық рухы осы күндері тіріліп, Алматының төбесінде қалықтап тұрып алғандай еді.

Кейін пайымдадық – бұл той қазаққа бақ боп қонған, Тәңір тарту еткен Тәуелсіздіктің тұңғыш қуанышы екен. Төрткүл дүниеге бытырап, тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен, діні мен тілінен айрыла бастаған сорлы қазақтың есін жинап бас қосқан күні екен. Сандаған ұрпақ арман еткен атажұрттың бостандыққа жеткеніне жүректері жарылардай болып, ағайынның бір-біріне қошемет көрсеткендері екен.
Бұл Құрылтай қазақ айтқан нағыз «ақ түйенің қарны жарылған» күн болды!

Тойдың болғанынан болары қызық деуші еді. Тұңғыш Құрылтайдың болары да, болғаны да есте қаларлықтай әуелеген әсермен өтті.
Оның жоғары деңгейде өтуіне Премьер-министрдің орынбасары, біздің университеттегі ғана емес, жалпы мемлекеттік қызметтегі де ұстазымыз, үлкен аппаратта азамат ретінде қалыптасуымызға жол ашқан ақылман ағамыз Мырзатай Жолдасбековтың жеке басының рөлі зор болды.

Жасырып қайтейік, күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ, пәленше күн алашапқын тірлік бәрімізді титықтақаны да, шаршатқаны да рас-ты. «Осы улап-шулаған қалың қазақтан қашан құтылар екенбіз» деп іштей көксеп жүретінбіз.
Соны сезген Мырзатай ағамыз той тарқағаннан кейінгі қорытынды жиында:

– Айналайындар, бәрің қажыдың, білемін. Бірақ кейін қазақтың тұңғыш Құрылтайын ұйымдастырып, соның бел ортасында жүргендеріңді мақтан ететін боласыңдар! – деген еді.
Ағамыз осы сөзін әлдебір көрегендікпен, абыздықпен айтқан екен... Тұңғыш Құрылтайды есімізге алсақ, қазір де біздің көкірегімізді мақтаныш кернеп, жүрегімізге жылы шуақ жайылғандай сезінетініміз рас!

author

Халифа Алтай

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...