Ардақ НұрғазыАрдақ Нұрғазы – ақын, сыншы, драматург. 1972 жылы Қытайда дүниеге келген. 1995 жы...
Сафина Ақтай. Күміс көбелек
Ол бүгін тағы картоп жейтініне шын қуанатын еді. Әсіресе кешке. Күні бойы жас баладай мазасыз күй кешкен сол қала ақшам әлетінде манаурап, бейқам бір күйге түсетін. Егер тоғыз қабатты үйдің төртінші қабатынан қарар болсаңыз, көше шамдарының самаладай жарығы жұлдыздардай самсап тұратынын білетін боларсыз, десе де көз ұшында мұнартып көрінген көпірге, оның үстінде алыста қалған әлденеге асыққандай зуыл қаққан көліктерге де қарауды ұмытпаңыз. Әрине, біз айтып отырған жан да олай етуді ешқашан ұмытқан емес, бірақ ол терезеге көзілдірік киіп қарайтын. Ал айнаға олай қараған емес. Әр кеш сайын құстың ұясындай жып-жылы үйіне асығатын. Келе сала газ бетіне табасын қойып, бес-алты тал картопты аршып, оны жіңішке етіп, домалақтап турайтын. Бірақ картопты турау үшін тақтайды қолданған емес. Қолына ыңғайлы етіп қысып, пышақпен жіп-жіңішке етіп жона бастайтын. Себебі әжесі дәл солай турайтын еді. Бір мүлт кетсе, тыжырынып қалатын. Есіне өткен бір заманда ұстаздар күні құрметіне өткен мерекелік кеште картоп турау жарысына қатысқан тарих пәнінің мұғалімі түсетін. Байқаудың талабы бойынша картоптың қабығын үзіп алмай, тізбектей отырып, аршып шығу керек. Бұл талапты еңсерген тарих пәнінің мұғалімі ғана еді. Ол бұл мұғалімді әлдебір себептермен аса жақтыра қоймаса да, қазір картоптың қабығын аршыған сайын оны жиі еске алып тұратын болды...
Сөйтті де аппақ картоптарды табаға сала бастады. Бетіне тұз сеуіп, аз ғана су құйып, піскенше терезеге ұзақ телмірді. Картоп пісіп, қуырылған исі бүкіл пәтерді алып кеткенде ерекше бір сезім жалт еткендей. Тәрелкеге ықтияттап салып, дәмін татқан кезде әжесі қыста пеш үстінде пісірген сол картоптың дәміндей болар ма деп үміт етіп жейтін. «Сәл-сәл келеді, бірақ дәл өзі емес» дейтін ол, сосын қалған картопты бар үміт пен сенімнен ада болып, ақиқатқа қауышып, жаны тыншыған адамдай жеп алатын. Кейде көңілін елеусіз жаттық билейтін еді. Бірақ жаттану оны ешқашан алыс сапарларға шақырған емес. Оған керегі тек картоп еді.
Әрине, әңгіме етіп отырған жан тек картоп қана жемейтін. Түскі асқа шыққан кезде көппен бірге көшеде кезектесіп тұрған сантүрлі мейрамханалардың біріне кіретін. Сосын қалағанын алатын: қуырылған сиыр бауыры мен оның дәмді тұздығына әбден балқып тұрған пюре, бетін қоңырқай етіп қуырған сибас балығы мен қытырлақ фри, күлге көміп пісірген жұп-жұмыр картоп пен сүйегі жесең де тамағыңды оспайтын тұздалған сельд. Кейде қуырылған картоптың майы көп болып кетті деп мейрамханадағы даяршыға ескерту жасаудыда ұмытпайтын.
Бұл қалада не болып, не кетпейді. Күні кеше сонау астанадан келіп, бүгін де қаланың әр кофеханасын жатқа білетін әріптесімен де, ереуіл кезінде көппен бірге көшеге шығып, есесіне өзін полиция әлі күнге дейін шақыртпағанын айтып мақтана беретін көршісімен де, өзі өмірі көрмеген әйелдің қымбат болса да алабажақ көйлегін ұнатып қалғанын айтудан шаршамайтын құрбысымен де ұзақ шүйіркелеспейтін. Әрі олардың бірімен де ешқашан картоп туралы әңгіме айтпапты.
Бір күні сол бір енжар кештердің бірінде ол тағы табасына картоп қуырып, оны тәрелкесіне ықтияттап салып жей бастады. Тағы да кеудесінде картопты жер алдында пайда болатын талапшыл үміт тайғанап барып, көз ұшында бұлтқа айналып жатқанда, күміс көбелектің суреті бар көйлек киген қыздың жеп-жеңіл етегіндей желп еткен ойға құлап кетіп еді. Кенет зінің картоп жеп отырып, әжесі туралы ешқашан ойламағаны есіне түсті. Ол бұл ойдан кейін жіпше тарқатылып кете берген естеліктер сағымына аттанған заматта бұл қалада не болмады дейсіз? Бірақ көпір де, самаладай жарқыраған шамдар да орнынан тапжылмады. Күртелері мен пальтоларын іле сала, ұясына батар күнге еш назар салмастан, кешкі асқа асыққан адамдар түтін ішінде түтінге айналады. Атышулы редактор тұратын пішімі трапецияға ұқсас еңселі үйдің қасынан отшашу да атылды. Оның тарс-тарс еткен дауысы бар қалаға естілді, ал көз ұшында көкке асқақ көтеріліп, жарқ етіп сөнген отшашулар бірінен соң бірі ақшам құшағында ажал құшты. Бірақ арт-артынан заулап жатқан көліктің бірі де отшашуды елемей өте берді. Күн суытты.