Жазушы, ҚР мәдениет қайраткері Қуандық Шамахайұлы туралы естелік-эссе - Аға, сіз жай жүріп келе...
Әлібек Байболдың микро-әңгімелері
Жазушы-драматург, әдебиеттанушы Әлібек Байболдың «Үн... Түн...» атты микро-әңгімелер циклынан үзінді
Осы үзіндімді қазақтың
ұлы әншісі
Ерік ҚҰРМАНҒАЛИЕВҚА арнаймын.
МАХАББАТ
Шал:
– Мен сені сағындым, кемпір.
Кемпір:
– Ой, қақпас-ай! Сағынышыңды күшала қосылған қымызбен басқын!
БАНК
Күні кеше банкқа бардым. Банк миллион теңге үлестірген екен, бәріне. Өжеттігіміз үшін...
МОНА ЛИЗА
Леонардо да Винчидың қолын алып, алғыс айтайыншы дем едім. Сөйтсем, есте жоқ ескі мезгілде-ақ дүниеден көшіп кеткен екен, ол. Бопты дедік. Франция. Париж. Лувр. «Мона Лизаға» ұзақ қарадым. «Тартылыс күші» бар екенін сезіндім. Айырмасы, «Тартылыс күші» жерге тартса, мұнда мені картинаға қарата тартқаны. Портреттегі қатын біресе қабағын қарс жабады, біресе жаздай жадырап шыға келеді, біресе жылайды, біресе жай әншейін жымияды, оған қарап мен де жылаймын, оған қарап мен де күлемін. Сөйткенімше, едәуір уақыт өтіпті. Ендігі ғажапты қараңыз, Франческо дель Джокондоның қасынан жоғарғы жағы сылынып, басы сол маңнан ұзамай ұша бастады. Не істерімді білмей, таң-тамаша қалпы орнымнан қозғала алмай қалдым, түкке түсінбей. Қазақша айтқанда, аузымды ашып, көзімді жұмдым. Ой-санам ондайға дайын болмағандықтан, миым мұндай тылсым құбылысты лезде қорытып үлгермегендіктен шығар. «Келесі...» – деген музей қызметкерінің даусынан селк ете түскенімді-ай...
МЕЙІРІМДІ ЖЕЗТЫРНАҚ
– Тіршілікте мейірімді Жезтырнақты көрген кім бар? – деп өзіме-өзім сұрақ қойып ем, қай жерден атып шыққанын бір Құдай білсін, Ақ Қоян:
– Мен көрдім! – деді.
– А-а-а, солай ма екен?
– Иә, солай! Ол – менің жандосым! Әңгіме былай болған...
?
– Кешке не жоспар?
«Жоспар жоқ» десе де, оған не ұсына алмақпын» деген ой тарақан ұқсап ми қыртыстары арасымен жүріп өтті.
СУРЕТШІ
Бұл кісі үшін атыңнан айналайын Өмір бояулардан тұрады. Сөз – бояу, қимыл – бояу, тіршілік – бояу, адам – бояу, болмыс – бояу, өзі де – бояу.
НӘЗІКТІК
Аристотель отыздағы маған: «Нәзіктік дегеніміз не?» – деп сауал қойды. «Мен қайдан білейін?» – дедім, саспастан. Дұрыс қой, енді. Мен қайдан білейін? «Ойланып көр!..» – деді ғұлама, тықақ қағып. Сөйтіп, ойланып отырғанымда жүзге толыппын.
380 ВОЛЬТ
Діндар:
– ... Иманды бол, бауырым!
Құлағының мүкісі бар адам:
– Мен тірімін ғой, әлі.
SUPERMAN
– Мен Биліктен қорықпаймын! – деді...
– Онда омырауыңды оққа тос! – деді окопта жатқан бір пысық басын қылтитып.
ТАЗАЛЫҚ
Еркін біреуге қатты қапаланғанда ән айтушы еді, жарықтық.
СОҢҒЫ ПАС
Дәп осы сәтте орталық қорғаушы ретіндегі мен шабуылшыға пас берсем бе екен, пас бермесем бе екен деп Мәңгілік ойландым. Пайғамбарлар, Сахабалар, Ібіліс, Періштелер, Перілер, Жындар, пенделер мен шенеуніктер, қаржыгерлер, коммерсанттар, бухгалтерлер, бәрі-бәрі жанымнан зуылдап өтіп жатты, өтіп жатты. Сөйтсем, миллион, миллиард (биллион), триллион, квадриллион, квинтиллион, секстиллион, сеплиллион, октиллион, нониллион, дециллион, жалпы, сансыз гол соғып тастаппын, Аллаға шүкір. Сөйтіп, *Кака секілді қолдарымды Көкке көтеріп, Жаратушыға рақмет айттым.
*Кака – толық аты-жөні Рикарду Изексон дус Сантус Лейти. Бразилиялық футболшы, «Алтын доптың» иегері.
UFC
– Ұрмашы, мені, ұрмашы! Үйде бала-шағам күтіп отыр...
– Кешір, бұл – Жоғарыдан берілген тапсырма.
ҚОБЫЗШЫ
Ол қылқобыз шалғанда бәрі жылайтын-ды. Сондай шақта үйдегілер ол кісінің мазасын көп ала бермеуші еді.
ШЕКСПИР-АЙ, ШЕКСПИР!
Кек кернеген әртіс әріптесінің арқасына ұп-ұзын пышақ сұғып алады. Сөйтсек, әлгінің әйелімен ойнас жасапты да... Мұныңыз Уильям Шекспир «Тит Андроник» трагедиясының премьерасы тұсында орын алған уақиға-ау, шамасы. Бастабында көрермен еш әсерленген жоқ. Туынды желісі сондай екен деп түйді, ішінен. Тып-тыныш. «Құтқарыңдар, құтқарыңдар! Өліп барамын, өліп барамын!» – деп қансыраған әртіс шымылдыққа жармасты. Артында тұрған артист екінші пышақты қадады, жауырынына. «Аһ-һ-һ-һ-һ!» – деген дауыс естілді де, ол ауыр қозғалып, тізерлей барып сол жағына қарата құлады. Гүрс. Талғамы биік әрі аса білімдар көрермен: «Неткен шынайы шығарма! Неткен шынайы ойын! Браво, брависсимо!» – деп қолшапалақтады, армансыз. Артынша қарқылдап күлді, бір-бірімен сыбырласты, сып-сып етті, бәрі – риза, әйтеу...
ТЕЛЕПАТИЯ ЕМЕС
Күйші Алматыдағы «Esentai Mall» алдында «Балбырауын» күйін тартып тұрды. Дәл осы сәтте қолында бір жапырақ наны бар, жұпыны киінген маскүнем әуежайды аралап жүрді.
ЗҰЛЫМ ПАТШАНЫҢ ЖАНАЗАСЫ
Имам:
– Қандай кісі еді?
– ...
«ӘДЕБИЕТ – АРДЫҢ ІСІ»
Баспагер:
– Романыңызда ешбір мағына жоқ. Және, оны ешкім оқымайды да. Алмайды. Өтпейді.
Жазушы:
– Неге?
Баспагер:
– Бұ сұрақты сізге қоюым керек.
Жазушы:
– Онда өртей салыңыз! Ең құрығанда, бірде-бір кітабы сақталмаған, бірде-бір кітабы сатылмаған қаламгер ретінде тарихта қалайын.
АҚЫРҒЫ АМАЛ
Достары нашақорлыққа салынған Сабырға жақсылық жасаймыз, жаман ғадеттен арылтамыз, сауапты іс істейміз деген мұратпен ұрып-соғып, ұрып-соғып, ұрып-соғып, аяғында өлтіріп қояды да, түрмеден бір-ақ шығады.
ТӨҢКЕРІЛГЕН ПИРАМИДА
Көкмылжың-тұғын. Жол шаршатқан-ау, сірә. Бүгін бұл – біртүрлі бұйығы, томағатұйық. Бұрқ-бұрқ еткен топырақпен жаяу келе жатқан екі еркек біршама тынығып алды. Қойдай жуас жігіттің аузынан:
– Көлік сатып алайықшы! – деген сөз байқаусыздан ыршып шыққаны бар емес пе... Өзі де түсінбей қалды.
GAME OVER
Әйел:
– Туфлиыңның табаны тықылдап келеді.
Еркек:
– Иә!
Әйел:
– Сен мені сүймейсің.
Еркек:
– Иә!
Әйел:
– Алғаш рет танысқанда да туфлиың тықылдаған. Бірақ, оны жасыру үшін аяғыңның ұшымен жүргенсің.
Еркек:
– Иә! – деді тілімен тіс арасына тұрып қалған етті ары-бері ырғап.
КІММІН?
Ақжауыннан кейінгі шұңқыр-шұқанаққа толып қалған суға қарап өз сұлбамды көрдім. Асандасып алдым, әуелі. Шыны керек, өзді-өзімді танымай қалдым. Бұрын қандай едім, қазір қандаймын...
НҰР
Айнала – ніл қара көк... Бір шал сүйреп барады, мені. Шамаласам, табанымның бүрі жоқ ұқсайды.
БАТА
Қауып-қатерді ішім сезіп, бәрінен тегіс кезек-кезек бата сұрай бастадым. Үлкені бар, кішісі бар дегендей. Берді, шүкір. Келесі күні-ақ сұп-сұр бұлт артынан Күн шықты.
ЕСІҢДЕ МЕ?
Төмен қарай секіргендегі сезім есіңде ме? Таудан, көпірден, көпқабатты үйден... Иә? Онда, өзгермепсің, әлі.
ТЫРТЫҚ
Әр тыртықтың өз тарихы бар. Сол тыртыққа қарап белгілі бір уақиға есіңе түседі. Бұрнағы сезімді қайта бастан өткеретінің бар. Алтын сапты пышақ кескеннен қалған қолдағы тыртық, жығылып, үшкір тас жырып кеткеннен қалған алақандағы тыртық, қабаған ит тістеп алғаннан қалған балтырдағы тыртық және жандағы тыртық...
ҰМЫТЫЛҒАН ҰРПАҚ
Бала:
– Шөлдедім, әке.
Әке:
– Қандай су ішесің. Пиво ма?
ҒАРЫШТАҒЫ ЕКЕУ
– Сүйесің бе, сен мені?
– Білмеймін.
– Сүйесің бе, сен мені?
– Мүмкін.
99+1
Тышқан Пілге ғашық боп қалады. Күнде келіп, өлең оқиды. Ән айтады. Би билеп береді. Гүл сыйлайды. Бір күні Піл Тышқанға сезімін білдіріп, еркелейін деп үстіне отырады да, тұншықтырып тастайды.
ЖҮРЕК ІЛІМІ
Бар да таусылады. 100 0-ге теңеседі.
ДЕВАЛЬВАЦИЯ
– Брат! Темекің бар ма?
– Жоқ.
– Брат! Темекің бар ма?
– Бар!
– Брат! Сіріңкең бар ма?
– ...
КРО-МАНЬОН
– Мен жазушымын!
– Енді қатейін?
– Қайтсең сөйт, басыңды үйіт.
СЫР СӨЗ
– Бұл кім?
– Біреу ғой.
– Аты жоқ па, не?
– Білмеймін, атын.
АЛИК-МАРИК-ШАРИК
– Сізде ақша жоқ қой, иә?
– Жоқ, бар ақша, менде!
– Бар ма, жоқ па, жоқ па, бар ма?
– Жоқ. Ой, бар.
– Жоқ десеңізші.
– Жоқ. Бар! Бар! Бар!
1/1
Берік қараңғыдан қорқады, бірақ жарықты жақтырмайды.
ШЫБЫН БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ
Шыбынға ҚАТТЫ қызығамын. Сондай бір арамтамақ!!!
ҮТІР МЕН НҮКТЕ
Бірде қоңсы қонған Үтір мен Нүкте ренжісіп қалады. Сол баяғы жер мәселесі ғой. Үтір фундамент құйғанда Нүктенің үй жағына 1 мм өтіп кетіпті, әпенде. Араға қыздай сызылған Сызықша түседі. Шеше алмайды, түйінді. Аса әдепті Леп белгісі мен манаураңқы Сұрақ белгісі кеп, олар да... Көркем мәтіннен мән-мағына кетеді. Сонда да татуласпайды. Сөйтіп, жазушы екеуіне де ашуланып, оларды қолданудан түбегейлі бас тартады. Содан не керек, жер мәселесінің арты сиырқұйымшақтанады. Ең қызығы мынау ғой... Оқырман шығарма қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын түсінбей дал болады. Сөз-сөйлем жазыла берді, жазыла берді. Заманақырға шейін...
ШЕКАРА
– Кім ОЛ? Қазақ па, орыс па?
– Орыстілді қазақ.
САЙҚЫМАЗАҚ
– Күлдірші, мені!
– Шынымды айтайын ба?
– Айт!
– Мен адам емеспін!
– Ха-ха-ха...