Жүсіпбек Аймауытов қай жылы туған?

ӘДЕБИЕТ
7332


Жүсіпбек Аймауытов


Бүгінде аты мәшһүр көрнекті қаламгер, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытұлының өмірбаянының жалпы сұлбасы біршама белгілі. Әуелі оның туған жылы жөнінде бірсыпыра деректер болды/12/.

Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің қорытындысы мен Аймауытұлының туған қызы Музадан алынған, жазушының қайтыс болғаны жөніндегі куәліктің негізінде қаламгер 1889 жылы дүниеге келді/13/ деген тұжырым қалыптасқан болатын.  

Десе де, Қазақстан республикасы Орталық мемлекеттік архивінде(503 қор, 22-3, 176-парақ)сақталған Семей мұғалімдер семинариясы куәлігінің бір нұсқасында жазушы «1892 жылдың 30-ноябрінде туған» деп көрсетілген. Ал 1921 – 1922 жылдары Қазақ республикасы Орталық атқару комитетінде (КирЦИК) қызмет істеген қаламгердің Қазақстан республикасы Орталық мемлекеттік архивінде сақталған жеке іс-парағында туған жылы жазылмайды.

Бірақ Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде қаламгердің өз қолымен толтырылған жеке іс-парақтары сақталған. Сол кездегі Сырдария губерниялық қазпедтехникумының 1926 және 1927 жылдары жазылған бұл құжаттарында Жүсіпбек өзінің туған жылын 1888 деп көрсетеді(147-қор, 33-іс, 17-парақ; 1-іс, 230-парақ),ал кейбіреуінде «1888 жылдың 15-январы»(147-қор, 1-іс, 147 және 190-парақтар)деп күнін де атап береді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіндегі мәлімет сәл басқаша. 1929 жылдың 21-майында ГПУ тергеушісіне берген жауабында жазушы 40 жастамын деп айтыпты(011494-іс, 2-том, 115-парақ).Байқап отырғанымыздай, Аймауытұлының туған жылы әр жерде әр түрлі жазылған. Тіпті өзі де әрқалай көрсетіпті. Дұрысы қайсы?

Менімше, Жүсіпбектің 1928 жылдың январында Смағұл Садуақасұлына арнап өз қолымен жазған өмірбаянындағы мәлімет – нақты, дұрыс мәлімет. Осы хатында Жүсіпбек «мен сиыр жылының аяғында (1890 жылдары) Қызылтаудың баурындағы Қараның адыры деген жерде, Дәндебай ауылында тусам керек» деп жазады.

Санай келсек, сиыр жылы 1889 болып шығады. Бірақ қазақтың жыл санауы бойынша 1890 жылдың 22-мартына дейінгі, яғни Ұлыстың ұлы күні кіргенше алғашқы үш ай да сиыр жылына жатады емес пе. Сиыр жылының аяғы – 1990 жылдың январь, февраль, март айлары болып шығады. Ендеше Аймауытұлының 1928 жылы Смағұлға жазған хатындағы көрсеткен мәліметін дұрыс деп қабылдау керек.

Сонымен, Жүсіпбек Аймауытұлы1890 жылдың 15-январында, сол кездегі әкімшілік-территориялық бөлініспен айтатұғын болсақ, Семей губерниясының Кереку уезіндегі Қызылтау болысының 1-інші ауылында, Қараның адыры деген жерде (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жосалы ауылы) дүниеге келген.

Туған аулы Жүсіпбекті «Оймауыттың Түсіпбегі» деп атаған екен, оны мен Жосалыға барғанда сондағы кісілердің аузынан естідім. Әкесінің шын аты – Оймауыт, Жүсекең құжаттары орысша толтырылғанда Аймауытов болып кеткен.

Жазушының аталары туралы шежіре деректері бар. Оймауыттың әкесі – Дәндебай, оның әкесі – Қуан. Жазушының жеті атадан қосылатын (күлік руынан) туысы, әйгіліМәшһүр-Жүсіп былай деп жазады: «...Танашбайдан Қуан бай жалғыз. Танашбай ел тауға қонып жатқанда өлген екен. Сол күнде Қуанда үш жүз қой бар екен. Бір жүзін сойып әкесіне ас беріпті. Қалған екі жүз қойдың бір жүзі егіз тауып, Қуанның өз көзі тіршілігінде он екі мың қой тұяғы болғанын көріпті делінген сөз бар. Қуан балалары - Дәндебай, Ордабай, Молдабай, Ноғай. Молдабай қотанынан бес мың тұяқ өрген күнін осы қалам ұстап отырған - өз көзімен көзімен көрген кісі»(Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, «Қазақ шежіресі», Алматы, «Ғылым» баспасы, 1993).

Жүсіпбектің атасы Дәндебай Қуанұлы – Қызылтаудағы Ақыл-Бейбіт ауылдарының старшыны болып қызмет еткен, Қызылтау, Баян-Аула төңірегіне белгілі, дәулетті болған кісі екен.

Хош, сонымен, жоғарыда көрсеткеніміздей, 1928 жылы Смағұл Садуақасұлы берген жауабында жазушы өзінің өмірі туралы былай деп жазады /13/: «5 жасынан 15-ке шейін ескі молдадан оқып «Мұқтасарды» дендеп, «Нақу» оқып барып қалдым. ...15 жасқа келгенімде мен мамандық құрып, бала оқыта бастадым» деп жазады. Ескіше оқып қоймай, өзінің бір туысынан орысша хат та таныпты. «Перевод қарастыруға жарадым» деп жазады өзі. Он жеті жасында, 1907 жылы ауылынан алпыс шақырым жердегі Баянауылға барып, орыс мектебінде оқиды. «Оспанның Серебрянников деген тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым» деп жазылған анкеталық жауапта. «Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауылшаруашылық (с-хоз) шкөліне барып, емтихан ұстадым». Бірақ мұнда көп оқи алмайды, екі айдан соң мектеп ережелерінің әділетсіздігіне қарсы шыққан қазақ балаларымен бірге оқудан шығып қалады. 1909 жылы Баянауылдағы орыс мектебінің 3-бөлімін оқып бітіріп, қазыналық оқу табыла қоймаған соң бала оқытуға кіріседі. «1911 жылы ол ауылда оқытқан бір-екі баланы алып, Керекуге тағы бардым. Со жылы Керекуде 2 класты русско-киргизский школ ашылған екен, үшеуміз де соған кірдік, – деп жазады Жүсекең. – Келесі жылы ол шкөлде интернат ашылды. Интернатқа түстім. Осы шкөлде 4 жыл оқып бітірдім» /14/.

Керекуде оқуда жүргенде Ж.Аймауытұлы «Қазақ» газетін алып, оқып тұрған. Жазуға деген құмарлығы сол кезден басталса керек. Оны өзі де растайды: «Ең алғаш басылған сөзім 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алып, бос қайтқанын жазып едім, Бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды»/14/.

Қаламгердің өзі айғақ берген бұл ақпарды «Қазақ» газетінің тігінділерінен табу оңай болмады. Үйткені, оның атынан берілген көсемсөз дүниелерін газет бетінен ұшырастыра алмадық. Дегенмен географиялық ауқымды және, ең бастысы, қаламгердің қалам ұстауына себеп еткен, шағын ақпараттағы оқиға желісіне негіз болған, өзі айтқан кішкене ғана жайтты еске сақтай отырып, 1913 жылы жарияланған материалдарды мұқият қарастырдық.

Соның нәтижесінде 16-октябрьдегі санында «Ішкі хабарлар» айдарымен берілген «Болысқұмарлық» деген ақпарат Жүсіпбектікі деген тұжырымға келдік. Рас, мұның соңына автор «И.А.» деп қол қойған екен. Біз бұл есімді «Иусфбек Аймауытұлы» деген аты-жөннің бастапқы әріптері деп топшылаймыз, үйткені кейін, 1918 жылы «Абай» журналында жарияланған дүниелеріне қаламгер «Иусфбек» деп қол қойып отырған. Бұл – бір. Екінші, жоғарыда айтып кеткеніміздей, географиялық ауқым мен оқиға барысы басты дәлел бола алады. Шағын ғана ақпарды толық келтірейік:

«Өткен жаз сайлауда Павлодар үйезі, Далба болысында болыс боларлық орысша білетін бір кісі болмаған. Мұны естіп, болыс боламын деп Павлодар жатағында мелішпен кәсіп қылып жүретін Х.И. деген жігіт далақтап еліне шауып барған. Болыстың ел аларлық пұлы 25 шамалы тақта шай, білімі қалада жүріп үйренген саудалық, былдырақ, бес-алты ауыз орысша тіл еді. Шар саларда елубасылар болыс қоямыз деп байғұстың ноғайдан вексельмен алған шайын алдап алып, қойындарына салыпты. Шарға түсіп болыс болмақ түгіл, жұртқа күлкі болып, шайынан айырылып, шертиген шенқұмар сорлы салы суға кетіп үйіне қайтты» /15/. Осы шағын хабардың өзінен Жүсіпбектің қолтаңбасы, оның стиліне тән юмор аңғарылады. Сонымен, қаламгердің жарыққа шыққан, баспасөзде жарияланған ең әуелгі, тырнақалды шығармасы табылды деп батыл айтуға болады.

1914 жылы, жиырма төрт жасқа аяқ басқан кезінде, ол Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі. Бұған дейін Биахмет Сәрсенов, Әбікей Сәтбаев тәмамдаған бұл оқу орнында ол М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Қ.Нұрмұхаметұлымен қатар оқиды. 1902 жылы іргесі қаланып, 1903 жылы ашылған мұғалімдер семинариясы «өзіндік дәстүрі, үлгі-өнегесі қалыптасқан, салиқалы білім ошағы болатын»/16/. Ағайынды Белослюдовтар, Н.Коншин, ерлі-зайыпты Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар, Н.Ильинский, В.Морозов, Ә.Сәтбаев, Н.Сулима-Грузинский, В.Попов сияқты білімділер, ғалымдар сабақ берген оқу орнында оқи жүріп Жүсіпбек қоғамдық істерге, мәдени шараларға белсене атсалысқан.

Сол жылы ұлы Абайдың қайтыс болғанының он жылдығына арналған Семейде өткен еске түсіру кешіне қатысады. Алғашқы оқып жүрген оқу жылында – 1915 жылдың 13-ші февралі күні ерлі-зайыпты Құлжановтардың басшылығымен приказчиктер (саудагерлер) клубында қазақ жастарының әдебиет кеші өтеді. Бұл туралы сол жылы «Айқап» журналында «М.М.» деп қол қойған тілшінің (Мұстақым Малдыбаев болуы мүмкін) «Қазақша бастапқы ойын» /17/, «Қазақ» газетінде «М» деп көрсетілген тілшінің «Қазақ әдебиеті кеші» /18/ мақалалары мен хабарлары жарық көреді. Екі хабардың ішіндегі дәлірегі де, көркемдірегі де «тарихи күрделі, көтерген мәселесі қомақты да салмақты әрі жан-жақты, талай ғылым саласына, сондай-ақ, барша жұртымызға рухани мол азық боларлық энциклопедиялық басылым» /19/ – «Қазақ» газетіндегі «Қазақ әдебиеті кеші» хабары болғандықтан, содан үзінділер келтірейік, үйткені, кештің әсерлі өтуіне жас Жүсіпбектің де көп ықпалы тиген.

«Кеш басталарда сағат 8 жарымда Райымжан мырза Мәрсеков шығып, қазақ әдебиеті туралы біраз сөз сөйледі, – деп жазылған «Қазақта». – Біраздан соң перде ашылды... Перде ашылысымен-ақ алаңның оң жағынан басында шоқпардай үкі таққан құндыз бөрік, үстінде жібек шапан, белінде күдері белбеу, қолында үкілі домбыра, қасында 4-5 бозбаласымен әсемденіп, ән салып, Біржан сал шыға келді... Біржан болған семинарияда оқитын шәкірт Жүсіпбек мырза Аймауытов Біржанның өлеңін өзіндей болып-ақ айтты». Қойылымнан кейінгі концерт бағдарламасына, әншілерге тоқтала келіп автордың: «Әсіресе Жүсіпбектің «Ғалия» деген әнге салғанына жұрт қатты сүйсінді» деп жазғаны да бар. «Айтыстың сахналық жүйесін (инсценировка) түсіріп әрі оны сахнаға қойған режиссер Ж.Аймауытовтың 1915 жылы осылай европалық үлгіде спектакль қоюды қолға алып әрі соның режиссері болуы қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған сахналық өнердің тууына ерекше ықпал жасады» деп баға береді театртанушы Б.Құндақбаев /20/.

«Қазақтың» келесі санында Н.Құлжанова осы кештен түскен ақшаның жартысы Петербордағы мұсылмандар ашқан соғыс ауруханасына аударылғанын, жартысы әр жерде оқитын 12 қазақ студентіне берілгенін, оның ішінде 10 сом Ж.Аймауытұлына тигенін жазады/21/.

Архив құжаттары семинарист Аймауытұлының земс-тво стипендиясын алып оқығандығын растайды/22/. «Қыс оқысам, жаз елге шығып, бала оқытып, қаражат жинадым»/14/ деп қаламгердің өзі еске алғанындай, жаздың күндері ел ішінде бала оқытып, мұғалім де болған. «Қазақ» газетіндегі шағын хабарландыру мұны растайды: «Семей семинариясында жүрген Жүсіпбек Аймауыт баласы 15-ші ауғысқа шейін қазақ ауылында қымыз ішіп, орысша балаларын оқытпақшы. Керек қылған кісілер тез мынау адреспен хабарлассын: Семей қаласы, мұғалімдер семинариясы, Аймауытовқа»/23/. Кейінгі жылдары да семинария шәкірті тұрмыс салмағын өзі көтерген. «Біз сияқты қазақтың екі аяқты ағаш арбасын, киіз үйдің сүйегін (уық, шаңырақ) жасайтын, ер шабатын, домбыра жасайтын, етік тігетін. Өзі домбыра тартып ән салатын. Ойынан   өлең   шығаратын,    ол   өлеңді   өзі   шығарған   әнге қосатын» /24/ деп еске алады Зейтін Ақышев.


12. Тәжібаев Ә. Есімдегілер. – Алматы.: Жазушы, 1993, Б.336.

13. Тұрысбек Р. Қанаты күйген қарлығаш // Жас алаш, 1992, 12-қараша.

14. Аймауытов Ж. Өз жайымнан мағлұмат // Қазақ әдебиеті. – 1988. – 23-желтоқсан

15. И.А. Болысқұмарлық // Қазақ. – 1913. – 16-октябрь. – №34

16. Сәрсеке М. Қазақтың Қанышы. – Алматы.: Атамұра, 1999, Б.69.

17. М.М. Қазақша бастапқы ойын // Айқап. – 1915. – №5. – Б.36.

18. М. Қазақ әдебиеті кеші // Қазақ. – 1915. – 25-февраль. – №114.

19. Сақ Қ. «Қазақ» газетінде қоғамдық-саяси мәселелердің жазылуы. – Кандидаттық диссертация қорғау үшін арнап жазылған автореферат. – Алматы, 1998, Б.7.

20. Құндақбаев Б. Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері. –кітапта:Жүсіпбек Аймауытов. Шернияз (пьесалар жинағы) – Алматы, 1990, Б.16.

21. Құлжанова Н. Мұсылмандар үшін // Қазақ. – 1915. - 1-март – № 115.

22. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві (бұдан ары: ҚР ОМА). 503-қор, 1-тізбе, 22-іс, 176-парақ.

23. Ішкі хабарлар // Қазақ. – 1915. – 17-июнь. – №142

24. Ақышев 3. Жүсіпбек және оның «Қартқожасы» // Жұлдыз. – 1990. – №8. Б.186.



Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ

author

Жүсіпбек Аймауытұлы

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...