Осы сауал әркімнің көңіл түкпірінде жүргені анық. Ашық және жабық түрде, әртүрлі форматта, әртүрлі д...
Әлімжан Шөңгербай. Өңім бе,түсім бе?
3691
*** Қараңғы.Өңім бе,түсім бе? Сан ойлар қайда алып барады? Тұмандай көк түтін ішінде Қолымда бір жұлдыз жанады. Бір ойлар жолдарға бастады Бойында шамдары кеш өлер. Жындыдай байланған қос қолы Құрсауда булықты көшелер. Ғажайып бір күйге түстім бе? Мен одан айыққам жоқ әлі. Түп-түзу рельстің үстінде Пойыздың жүрегі соғады. Қала мен тыныштық сырласқан Осылай бұл түн де өледі. Содан соң тартамын бір жаққа Қолымда бір жұлдыз сөнеді. *** Беу,адамзат,дәл бүгін той басталды Атырап,бел көгеріп,жайнап салды. Атам тілген сап-сары қауындай боп Шалқасынан аспанда ай жатқан-ды. Мезгіл маған ерекше бауыр басты Дуылдатты көңілді дауылдатты. Апам жайған жаздыгүн(і) құрттай болып Ағараңдап қазақы ауыл жатты. Ауырлап бір және де дамылдап бір У да ішкенмін,бірақ та салынбаппын. Кеңістікте бақыт құс жүріп өткен Жұлдыз іздер аспанда жанып жатты. Жетімектей іздеген жұртын сұрай, Әкеткендей жел айдап бұлтын жырақ, Жан-жағының барлығы жайнап тұрып Күліп тұрған жоқ еді бұл түн бірақ. Мейлі қанша тағдырым сынай бер сен Мезгіл өңін мен қалай шырайлы етем?! Жүректері жылуға толы адамдар Кешіріңдер...көктем де жылайды екен. *** Ұлы уақыт бұл түнге құрық тастап Көкжиек жалқауланып көз ашқандай. Жұмыртқа таң жарылып шығыс жақтан Саруыз күн төгілді көк аспанға. Бар қарасын аспанның тонағалы Ұнатпаған кейіпте жарықты әлем. Жел әкеткен жеңгемнің орамалы Тау шыңына ілініп қалыпты әне. Қинайды екен осынша жанды неге? Шәмші айтқан «Сығандық серенада». Тағы бір шал кем шықты әңгімеге Төңкерілген қазандай төбеге анау. Үнсіз.Іші бірақ та дауылдатқан Жан-жағына қараса бәрі аярдай. Ақ жаулықты кемпір тұр ауыл жақта Қотыр болған қорымға қарай алмай. Жақсы көріп жаныммен тыңдар көптен Шәмші әнінен түседі көңіл неге? Ұстараның жүзінде бір жалт еткен Кезең екен осынау өмір деген. *** Мылқау түн кеп ойын артып не түрлі Түрткілейді...түрткілейді мазамды ап. Жұлдыз біткен ши бауырсақ секілді Қызып піскен қазанда. Терезеден фильм көріп сан қилы Күліп алам...жылап алам кей кезде. Тағдыр деймін.Тағдыр ғой деп жаңғырды Түсінбедім жайды өзге. Өмір жайлы жазсам ба өлең? О,несі Не білем мен,дүниеге келмегем. Сұрай салшы бұл өмірдің төресі Көшеде жүр пенделер. Тас қаладан кеткендеймін жерініп Қалмады ма қасиеті,қастері. Далам мендей жылайды кеп егіліп Өзендермен жас төгіп. Пешенемде жазулы тұр жыр қандай? Нүктесі оның қуаныш па,қайғым ба? Ай да анау сәл тоңазып тұрғандай Дірілдейді айдында... *** Күндей болып жарқырап шыққан алдан Сұлулыққа сендегі сұқтана алман. Дәл өзіңдей еркелеп қаюрап маған Тауға иегін сүйейді бұлттар анау. Нұрлы жүзің гауҺардай жарқыраған Сенен асып тумайды-ау артық адам. Иығыңнан төгілеген төмен қарай Бұрымыңнан аумайды сарқырама. Сені көріп көкейге келуде өлең Болса болар осындай керім деген. Орамалың секілді желбірейді Қызғалдақтар қырдағы жел үрлеген. Кезеңдей боп көңілде Ай,Күн сөнген, Ауырлап бір кеткенде қайғым жерден, Сені көріп жүрегім шуылдады Аққу-қаздар ұшқандай айдын көлде. Жарылуға жүргенде сәл-ақ қалып Жұлдызымды жаққандай Жаратқаным. Енді асығам тек саған сәттер сайын Көкіректен көгершін қанат қағып.