Буырқанған «хылует» жырлары

Фото интернеттен

ӘДЕБИЕТ
807

      «Екі тау қосылмайды, екі ел қосылады» деген екен қазағым. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан 90-жылдарына дейін 30 жыл тас  бекітілген шекараның сұрқай қақпасы ашылып, бергі бетке ел өте бастаған 90 жылдардың іші. Бала кезінен-ақ қазақ еліне құлағы елеңдеп, көңілі соға беретін Дәулетбек Байтұрсынұлы да әупірімдеп жүріп көшіп келді. Келмес бұрын да, осы елдегі басылымдар «Біздің отан» газеті мен «Социалистік Қазақстан» газетіне жырлары басылып шығып, ықылыс-ынтасын онан бетер еселесе, көкейтесті арманына талмас қанат бітірген-ді. Білімділігімен жеткен білдей мұғалімдігін қиып тастап, сәбилерін аузымен тістегендей бері алып өткен ол, орда бұзар отыздағы шағы еді. Отанына табан тірегелі бері егемен елмен бірге жасап, қыруар қиындақтарды да артына тастады. Қазіргі заманның белгілі азулы ақындары мен көреген ғалымдарының ықпалында қауырсынын қатайтып, қанатын қайта қақты. Талантты да жалынды ақын келе сала қатарластарымен бірге Қазақстан жазушылар одағына мұшелікке қабылданды. Түрлі басылымдарда жұмыс істей жүріп майталман журналист, сарабдал аудармашы, «Ильhам» әдеби силығының және қыруар Халықаралық марапаттардың иегері атанды. Іздену мен табан ет маңдай тердің арқасында 8 поэзиялық, 4 прозалық 1 сын мақалалар жинағы мен 10 аударма кітаптың авторы болды. Өзіндік өрелі пайымы мен бағдары бар. Қажырлы да қарапайымдылығы, ізгілігімен көп көзіне түскен, ел алдында жүрген асыл азаматқа айланды. 
      Оның жақында арнайы ұсынған жаңа кітабы – «ХЫЛУЕТ» 384 беттен тұратын мелжемді бір том екен. Парақтап ыждағаттықпен оқыған сайын сиқырлы да сыршыл, ақылды да көкейге қонымды жырлары ыстық құшағына тарта бастады. Сосын, шамалы зерделей бастадым. Бұтарлай талдап, шүңетіне үңіле бердім. Образды ойлары мен алымын, сарынын сараптаған Бақыт Сарбалаұлы мен қарымды қаламгер Нағашыбай Қабылбек қатарлы сыншылардың сыныи талдау жасаған аса сүбелі еңбектерін де мұқият оқып, өз сүзгімнен өткізіп шықтым. Ақын бұған дейін «Күнәсіз мекен», «Латипа лүпілі», «Топыраққа сіңген нұр», «Сенің арқаң», «Мәңгілік мекен», «Ясин – нұр», «Ақыреттің егіні» кітаптарын оқырамандарына ұсынып үлгерген-ді. Солардың ішінен қолымда «Латипа лүпілі» ғана бар екен. Ал, «Хылует» деген атаудың өзі маған қызық сезілді. Мағынасы көмескі, таса, жасырын, қараңғы оңаша, жерасты мешіті сияқты атауларға саятын көрінеді. Солардан жарыққа шығу – хылуеттен шығу делінеді екен. Осы төркінге ой жүгіртсек, ақын өлеңдері бұрын елмен жүздеспей алтын сандық көкірегінде, сана сарайында бұғып жатқан десек болар. Тек биылғы ұлу жылының көктемінде ғана бәйшешектей құлпырып көз жауын алса, иірімдеріне үйіре бастаған сыңайлы. «Хылуетегі» «Берік», «Тірек», «Иман», «Тұғыр» деген төрт тағанды бөлімдердің тұтастығы «Берік тірек – иман тұғыр» деген толық мағыналы ойлы тұжырымды құрайтындығына таңдандым.          
      Қаймағы бұзылмаған кіндікті елдің тумасы құйма құлақтығынан кемеңгер қарттар таңды таңға ұра шертетін қиса-дастандарды, өлең-жырларды, аңыз-ертегілермен сусындағаны аян. Қазақтың мызғымас құнарлы құндылықтары мен ұшан-теңіз бай дәстүрлерін бойына сіңіріп, зердесіне тоқыған. Ислам шариғаттарына беріліп, бала жастан Құран аяттарын жаттап өскен. Сондықтан да Д. Байтұрсынұлы өлеңдері саналы қазақ оқырмандарына туыстарындай жылы ұшырап, бүкпесіз сырласа алады. Ол ғана емес, өзінің физика мұғалімі болу тұрғысынан әлемде салтанат құрған озық ғылым үлгілеріне де тынбай зер сала санасына құйған мол білімі де жыр шалғысын  қылпылдата түскені белгілі.
«Тәуелсіз елі бар қазақтың ұлымын,
Бұл менің бақытым, қайнар тұнығым.
Жасқанған жанарым жайнады шырадай,
Өзгерген өмірлік тағдырым, ұғымым» дейді «Тәуелсіздік ұлымын» деген өлеңінде. Рас-ақ. Отанын аңсаған шеттегі 5 миллионға тарта қандасымыздың елге табан тірегендерінің ортақ көңіл-күйі осы болар. Жасқаншақтап өткен қаншама жандар елге жеткенде жанары шырадай жанды емеспе!.. Ақынның бақыты – қазақтың бақыты. Ол отанның тұтастығы мен қауіпсіздігін «бүліксіз бүтіндік» деп түйді. Азаматтық ойын ары өрбітіп, көрсоқырлар, кереңдер, саяздар, саналары тұмшаланғандар білсе етті деп мазасызданады, қынжылады.
Бүліксіз бүтіндік халыққа керегі,
Бейбіт заманға береке келеді.
Жүрегі кірлеген сезбейді,
Көр-соқыр, исалмас, тыңдамас кереңі.
      Елім деп еңіреп келген ақын маңдайы талай тарғалаң тұстардың кедергісіне ұрылмады дей алмаймыз. Жалын атқан жанартаудай жас жүректің таудан да, тастан да қайтқан шағы жоқ дейсіз бе?! Сосын, алабұртып ширығары, арпалыс қиал толқындарын кешері, өкінері, қамығуы әрине, сөзсіз. Иә, лирикалық кейіпкер «мен» мейірім іздейді. Адамдықты аңсайды, сағынады. Қатыкездіктен безінеді. Екі етегін көл қылып еңіреп алғысы да келеді. Не бір сорақылықтарға таңырқағанымен, өз кешулерінің олардан асып түскеніне» назаланады.
Ең жақыным кім еді, бұл өмірде?
Білмеймін бе, оны мен білемін бе?
Білемін деп айтуға қақым бар ма?
Онда неге аңсау жоқ жүрегімде?

Жүрек неге тас болып беріштенді?
Ылғый дауыл жолыма теріс келді.
Қайнамайды қаңсыған қара шәугім,
Жақсы көрер жан едім тең ішуді.

Ақ кесеге қан көбік зәр қосылып,
Көңіл көк мұз, сірескен жан бұйығып.
Іздегенім мейірім, көргенім кек,
Өле жаздап миыма қан құйылып.

Айта алмаймын, мылқаумын, меңіреумін,
Ебін таппай қор болдым еңіреудің.
Өз тағдырым олардан асып түсті,
Сорақысын көріп ем не біреудің.
      Ақынды қоғам тудырған сүреңсіз кесапаттар тіксіндіреді, ашындырады. Эпикалық екпін жыр шумақтарына, талғам-таразысына шырай бітіріп, сілкініс бағыштайды, көкжиегін кеңейте түседі. Шалқар шабыт пен ақылды ой үндесіп, ылғи да соны, із түспеген тыңға көшуге құлшындырады. Ақынның мазасын қашырып, ойға батыратын рухани әлемімізге түскен жегі құрттар да шашетектен еді ғой. Соларды от жебесімен түйреп, шындықтың көмескі жатқан бетін ашады. Осыдан өлген ақындар мен тірі ақындарға көз жеткіземіз. «Ақын» деген өлеңін оқылық, 
Жаңылдық санай-санай ордень атын,
Сыйлыққа не қалды екен енді алатын?
Шығарды он том өлең алтындаған,
Сабан сөз, тірісінде өлген ақын.

Билік бар, ақшасы бар, басқасы бар,
Өндірер күнде кітап баспасы бар.
Қолдаушы жиып алған қоғамын да,
Мақтаса таң қаласың бас-басы Нар!..
      Осы арадан кейіпкеріне бір шумақ кейісті көзқарасын айтып алады да, соңғы шумағына түйінді ойын шоғырландырады. Мән де, ғаламат теңеу де осында жатса керек?! Көз алдымызға тірісінде өлген ақын елестей береді.
Пендеде болмайды екен тойым деген,
Баттасып барған сайын шойын дене.
Қойылды спектакль жиырма жыл,
Осылай созылар ма ойын деген?!

Ылғида алып жейді төрден асын,
Халқына бір сөзі жоқ ем болатын.
Тірілер қап түбіне түсіріліп,
Барады жұртты бастап өлген ақын.
      Өмірдегі, қоғамдағы, жалпы қазақтық болмысымызға жат, жиіркенішті, келеңсіз қылықтардың белең алғанына аз емес, ғасырдан асқанына көз жұма алмаймыз. Сол сарын бізге әлі де таскенедей жабысып қалар емес. Д. Байтұрсынұлының шыншыл жырларынан бұлардың көбі қағыс қалмаған. «Түсінікті» өлеңінен анық көреміз де жаға ұстаймыз! Лирикалық кейіпкер «меннің» опырыла налуынан өлең мен өнердің бүгінде қадірі қашқанына ішің удай ашиды.
Түсінікті, бұл пәни түсінікті,
Күн көреді күлімдеп күші мықты.
Желбуаздар желпініп ісініпті,
Жалаңаштар аязда үсініпті.

Түсінікті, тіршілік түсінікті,
Сырт күмпиген, тұрлаусыз іш іріткі.
Қарғыс суы харамның ішіліпті,
Кіндігінен ышқырын түсіріпті...

Түсінікті, шошимын түсінікті,
Ашкөз, қорқау шайнайды тісі мықты.
Әкесінің шенімен атқа қонған,
Сарауыздар самолет ұшырыпты.

Түсінікті, бүгінім түсінікті,
Айналада ақ түтек қыс ұлыпты.
Өлең шіркін оқылмай, өнер өтпей,
Өзімнің де жағдайым түсінікті!...
      «Қаршыға қайрат қайран күн» дегендей, жастықтың өр серпіген жалыны өз пәрменін бәсеңдеткен, Пайғамбар жасына тақаған ақынның өмір жайлы толғанысы да өзгеше. Орыс әдебиетінің ұлы сыншысы В. Г. Белинскийдің пайымдауынша Ұлы дәнішпан халық «Ақынның аты – миллион, өйткені, ол өзінің кеудесінде миллионның азабын, қуанышын, үмітін және талабын ала жүрмек» деген екен. Д. Байтұрсынұлы да нағыз миллионшылдың өзі. Әйгілі Асқар Тоқмағамбетов өмір жайлы бір толғанысында:
«Өмір – толқын толқып жатқан басылмай,
Ғасырлардың аптығына бас ұрмай.
Кезегімен келе жатқан жолаушы,
Соның бірі – мен де келем басып жай» десе, Д. Байтұрсынұлы:
Өмір – таусылмас білім,
Өмір – еріккенге ертегі, күлкі.
Өмір – қарыз қайтарар күнің,
Өмір – Алланың алатын мүлкі! - деп тұжырады. Ал, М. Мақатаевтың өмірді бір аялдамаға теңегенін білеміз. Демек, Д. Байтұрсынұлы кемел жасында керімсал кең өрісіне еркін қанат қаққан, терең философияға көшкен парасатты ақын. Мәселен, ақын «Пиғыл» деген дара шумақтарының бірінде:
«Айнала түгел иіс пен шірік,
Тастаған беттің ұятын сылып.
Дүниені төңкерер өшпенділік,
Әлемді көркейтер сүйіспеншілік» дейді.
      Қазақта «туысың бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» деген терең философиялық мақал бар. Ақынымыз осы ахауды тарқатқан жырдың иесі. Туыстың төбең көкке жеткендегі, жерге еңкейгендегі атқарар рөлін әдемі сипаттап өткен. Туысқаның жақсы болса көркейесің, жаман болса жалпаясың, өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Қандай заңдылық-ә?!
«... Туысқан нашар болғанда,
Айланып өтер жуыспай.
Жолатпай қақпа, қорғанға,
Шетке алар бойын жылыстай.

Пайдасы тисе туыстың,
Іздейді қандас едік деп.
Есебі бөлек қу іштің,
Заманға кеткен еліктеп.

Жоқшылық мінсе иыққа,
Өмірден оқшау сорлысың.
Тірелген жерің тұйыққа,
Айтпаймын арғы, соңғысын!...
      Ақын «Хылуетіндегі» 400 ге жуық өлеңнің тереңіне батып, кейде күліп, кейде мұңайып, соңында Алланы тиянақ көресің. Әр уәжді іңкас ететін, ой түйетін өлеңдердің басым бөлігіндегі сол ұлы тиянаққа, орнықты тұғырға  риясыз бой ұрасың. Имандылық аршыл ақын жүрегін нұрландырғаны айдан анық. Аласапыран өмірдің қым-қуыт заңдылықтары мен кереғарлықтарына, бақыты мен байлығына Исламдық философиялық тұжырымдар жасай білген. Сол ізетті ізгілік пен көрегендік, ақиқаттық сана мықтап сеніммен орнағаны аян. Сондықтанда, ақынның әр бір иманды өлеңін оқығанда замзамға мейірің қанғандай боласың. Осынау өскелең адами инабаттылықпен толғанған қадамы ешқашан жасанды, ауызжүзінде ғана емес, өз практикасының қайталанбас шындығы. Осы тұрғыдан ақынның «Түңілу» өлеңі көзқарақты, аңғарлы жандардың жүрек қалауын аңғартып жатқандай. Көрелік:
Ми «мусорға» толды қоқыс ластыққа,
Шайтан сұмнан ұшырадық қастыққа.
Ет өлген соң етене боп кеттік-ау, -
Ең болмаса арсыздықтан қаштық па?

Көрген кино, думан-дырду азғындық,
Пейіл пенде нәпсі қуған аз күндік.
Көше барсаң көз харамның тұтқыны,
Мәнсіз сөзге маңғаздана мәз-күлдік.

Ми мәңгіріп, жүрек кірлеп жүдедік,
Тайраңдады тежеу көрмей жын өріп.
Жаhилия жағамызға жармасты,
Өзіміз де енжар, жалқау жүр едік.

Кемпірбет шал зина жайлы жыр оқып,
Шірік заттар алыстан кеп дүр-осып,
Өлең сөзге төсек салып Құмарбек,
Ақындардан өтіп жатыр мың опық.

Ұрғашылыр ұялмайды жалаңаш,
Боқ ауыз боп еркектер жүр сарамас.
Біздің қоғам болып алды көр-соқыр, -
Ар-иманның қалыбына қарамас.

Тіліп тұрып айтар едім мүшелеп,
Парша-парша етер едім түтелеп,
Тасқын-селге қарсы шапқан көзсіздей,
Шыға алмадым, бетбақтарға тіке кеп!

Күнде көріп көңіл жара, күйредім,
Текті жырлар текпі көрдің, күйлерім.
Ақиқатты қақым бар деп айтуға, -
Өткір сөзбен өңменінен түйредім.
      Ары қарай түрлене түскен мазмұндармен, шыншылдықпен, іңкәрлықпен, сұлулықпен нақышталатын мәрмәр жырлар әлеміне таңдана ене бересің. Дегенмен, ат басын жырға құмарлықтан әзер іріктім. Д. Байтұрсынұлындай жаны таза ақынның жырлары да мөп-мөлдір сезілуде. Алайда, мүлде мінсіздік тек Аллаға ғана мансұқ дер едім. Кемшілігін теріп айтуға шүйілмедім. Біздегі талғам тұтастай буырқанып жатқан «Хылует» жырларын толық қамти алмайды. Әлі де із түспеген нәрлі, жылы өлеңдері мол-ақ! Бұйыртса, сыншылардың назарына ілінер деген ойымыз бар.  
      Ақынның прозалық еңбектері мен көркем аудармаларынан тұратын кітаптары да өзіндік даралықтарын, сан қырларын ашатындығына сенімдімін. Иманды жылы жүрегі, елгезектігі мен адамдығы үлгі, ерінбес еңбекқорлығы айтағалсын азаматтың тағдырлы жырларына бәрекелді айтамыз! 

 

 


Болат Құрманғажыұлы Әкежан, 
ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
                                                       07.05.2024 ж.
 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...