Сөз мырза менімен қалжыңдасқысы келді ме, ананы-мынаны айтып, маңызсыз бірнеңелерді қайта-қайта қопс...
Алуа АСҚАР: Желкені жоқ, бағыты жоқ кемедей...
Жас ақын Алуаға ақ тілек!
Жеті ғасырлық жасы бар Әулиағаш – күллі естіген, көрген адамдарды таңқалдырып келе жатқан табиғат ғажайыбы, Жаркент өңірінің мақтанышы һәм төлқұжаты іспетті. Осы қасиетті мекенде дүниеге келген Алуа Асқар – талабы таудай, дарынды ақын қыз.
Ақынды оқытып, немесе үйретіп қалыптастыруға келмейді. Ақын анасынан ақын болып туылады. Өлең іштен қайнап шығып қағазға түседі. Тапсырыспен шынайы өлең тумайды. Жыр жазу – ақын болып дүниеге келген адамға ғана бұйыратын асыл қасиет. Ал, өмір тану, өмірлік тәжірибе жинақтау ақынды жетілдіре түседі. Өмір нұсқайды, ұстаздар бағыт-бағдар береді. Тіл тазалығы, тіл құнары деген – ең асыл, ең керекті құндылық.
Кездейсоқ ештеңе жоқ. Бәрі де Алланың қалауы. Ойланып отырып тәубе деймін. Құдайғы шүкір бүгінгі азат елдің еркін ойлы жастары жалындап тұр. Туған жерін, тілін, дінін сүйетіндері сөздерінен де, істерінен де айқын байқалады. Қуанып отырамын, артымыздан ерген іні-қарындастарымыз санасы сау, ойы тұнық болып толысып келе жатыр.
Балауса ақынға шын жүректен сәт сапар тілеп, батамызды береміз.
Исламғали Үркімбайұлы
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, Республикалық «Жігер-83»
жыр фестивалінің лауреаты.
Балалығым – бал шағым
Ойнап-күлген ертелі-кеш уайымсыз,
Балдырған шақ – күндер қайда қайғысыз?
Жаңа өмірге беттеп бара жатырмыз,
Өзен-көлді кешіп өтіп қайықсыз.
Балалық шақ кетті зулап тоқтамай,
Біз тал едік, алда бір топ қарағай.
Тәттісінен айрылған бір баладай –
Жабырқадым, кетті маған қарамай...
Біз алаңсыз жүрдік бәрін елемей,
Желкені жоқ, бағыты жоқ кемедей.
Толқын болып тулап соққан жағаға,
Жүрегіміз бейне теңіз-телегей!
Балалық шақ балдай, бақыт сезілген,
Бал-бұл жанып жүрген ойнап кезім бе?
Сол күндерім ұмытылмас суреттей,
Қалар мәңгі жүрегімде, есімде.
Ауылым – алтын бесігім
I
Ауылым Әулиеағаш аталады,
Іздеп келіп барша жұрт бата алады.
Сиындырған қасиет бір өзіне,
Тегін емес әулие атанғаны.
Әулиеағаш, мақтаныш етем сені,
Дәл мендей сүйе алар ма бөтен сені?
Жеті ғасыр жайқалып тұрсың міне,
Өлеңіммен өбектеп өтем сені!
II
Жеті өзенім тасып аққан толғанып,
Тарихымнан шежіресі болды анық.
Туған жердің ,туған елдің, достарым,
Сан ғасырлық тарихын біл, ойға алып...
Қасиетті туған жерім, мекенім,
Гүл көмкеріп, желек басқан етегін.
Кие қонған – Әулиеағашым қастерлі,
Қастерлеймін, мәңгі жырлап өтемін!
Жеті жүз жыл тарихың бар асылым,
Қайта оралған менің алтын ғасырым.
Әулиеағашым – нұр киелі мекенім,
Киесі бар суының да, тасының.
Сенде туған мына менің бағым бар...
Маған қайдан жұмақ мекен табылар?
Аман болса ақындарың ай маңдай –
Өзің жайлы талай жырлар жазылар.
Далам, шіркін!
I
Менің далам – әдемі ғой, әдемі,
Көз тоймайтын сұлулықтың әлемі.
Құстар сайрап, орман, тауда армансыз,
Бұлақ, шіркін емін-еркін күледі.
Жасыл желек, бұл далада бәрі бар,
Түрлі түсті гүлдері бар, сәні бар.
Бұлбұл келіп қонақтаса ағашқа,
Бұл даланың ең әдемі әні бар.
II
Көпті көрген әз-Ана, далам менің,
Құшағыңа мені де алар ма едің?..
Сырға толы тұңғиық, құпиялы
Кең жазира, байтағым, далам менің.
Дархандығың , байлығың , еркіндігің –
Мақтанышы , теңдігі елдің бүгін.
Бұл далада ержүрек батырларым,
Қоныс тепкен байырғы ер Түрігім
Бұл далада тарихтың жыры жатыр,
Ашылмаған құпия сыры жатыр.
Ұлы дала – аңызым, жұмбағы мол,
Мың ақиқат, қуаныш, мұңы жатыр.
III
Сайын далам құшағыңа мен келдім,
Сағындым ғой әрбір тасын ел, жердің.
Аңсаттырған қара ағашың, терегің,
Туған далам, сенсің ғажап кемелім.
Мауқым басам, анау қырға бір аунап?..
Ойнасам ба балалармен ұрандап?..
Бәрін қойшы, мына байтақ даламнан,
Терсем бе екен анама арнап қызғалдақ?
Салқын ауа не деген бұл керемет?
Аймалайды жаныма нұр себелеп.
Бауыр басқан жастайымнан мекенге,
Сағынышым келді мені жетелеп.
Саған деген басылмайды-ау құмарым,
Өзіңсің ғой – жүректегі тұмарым.
Жүрегімде, жанымдасың мәңгілік –
Сенен жырақ кете алмайтын шығармын!
Табиғат
Таза ауа , мөлдір бұлақ , көк аспан,
Қандай әсем, табиғатқа жарасқан.
Биік шыңдар, құз, қиялар, бәрі де,
Көз жетпейтін көк аспанмен таласқан.
Сылдырлаған бұлағым да еркелеп,
Жыр айтады әсем күймен елге кеп.
Мың бұралған сылдыр сулар сыңғырлап,
Кетеді ғой қиялымды жетелеп.
Салқын самал жел еседі далада,
Ойнар бірге желдей есіп бала да.
Табиғатым, қандай әсем, әдемі,
Серуендеп келейікші, жан ана!
***
Ойлар...
Ойлар...
Терең ойлар....
Жаза бер –
Тыншымайтын көңіліме маза бер!
Жүрегімнен жыр маржаны төгілер,
Қыз бұрымы – Өлеңдерім өрілер.
Шаршамаймын жыр жазудан әр күні,
Өмірімнің жайқалсыншы әр гүлі.
О, Жаратқан, қаламыма шабыт бер!
Өрнекті Өлең - тұмар етіп тағып бер!
***
Ақша бұлтты ашық менің аспаным,
Көк тіреген заңғар биік асқарым.
Ұзақ жолдар аяқталмас соқпақтар –
Үлкен жолға мына мені бастадың...
Адаспаса сол жолдарда сан арман,
Адаспасам...
Атса арай таң алдан.
Шертсін көңіл қуанышты, наз күйді
Адал өмір – адам үшін саналған.
Алуа Асқар – 2003 жылы 9 шілдеде Алматы облысы, Панфилов ауданы, Әулиеағаш ауылында дүниеге келген.
Әулиеағаш орта мектебінің 9-сынып оқушысы Алуаның 2017 жылы «Жауқазын жырым – жан сырым» атты тұңғыш жыр жинағы шыққан. Оқуда озат, дарынды жас ақын Алуа Асқар «Мәңгілік ел – ұлт мұраты», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда», «Нұрлы жастар – болашаққа жол бастар», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты республикалық, облыстық байқаулардың, жыр мүшәйралардың жүлдегері.