Мұхамбетжан Сералиннің «Топжарған» поэмасындағы хан Кенесарыны атының жүйріктігімен таң...
Ерболат Баятұлы. Ғалия (әңгіме)
Пар ат жеккен пәуескедегі жолаушылардың Семейден шыққанына бүгін екінші күн. Пәуескеде үш адам. Бір еркек, бір әйел және бес-алты жас шамасындағы ұл бала. Қара елтірі тымақты бала әйелге тығылып, ұйықтап отыр. Басына ақ бөртпе шәлі ораған, қара көк камзол киген бидай өңді, тығыршықтай жас әйел баланы бауырына тартып, сол қолымен қаусырып алған. Үнсіз жүзіне қарап, бетінен жайлап сипап қояды. Ақырын, жеңіл күрсінген. Осымды сезіп қалмады ма деген секеммен қасындағы еркекке көз қиығымен қараған. Қала салтымен көне тоздау пальто киген еркек екі көзін тарс жұмып, мүлгіп келеді екен. Жақтарына пышақ жанығандай. Арық. Тарамыс. Қар сұр өңінде қан жоқ. Мелшиіп отыр. Күздің желемік күнінде ауа райы да тез құбылып арты жаңбырға ұласатын түрі бар. Меңіреу далада айнала тегіс құлаққа ұрған танадай. Төңіректе көз тоқтатар не бел-белегір, не тау-шоқы көрінбейді. Кең көсіліп жатқан сары даланың ұшы-қиыры жоқтай. Жасыл бүрінен айырылған өсімдіктер де көңілге қонымсыз, көзге қораш. Әредік көтерілген жынды құйынмен бірге билеген буалдыр сары сағым да көзді талықтырады. Пәуескенің алдынан аңқылдап суық жел тұрғаны сол еді, доңғалақтардың асынан көтерілген борпылдақ шаң да айналаны тұтып алды. Мұрынды кеулеп, өкпені қабады. Әйел әуелі баланың, сонан соң өзінің бет-ауызын қымтады. Пальтосының жағасын көтеріп алған еркек сол қалпы тас мүсіндей қатып қалған. Аңызғақ құрғақ желден, әлде мына бір қалыпты жүрістен мезі болды ма кім білсін көшір жігіт,- Төпелеп бір жауын құйыса ғой шіркін! – деп еді, оған ешкім жауап қатқан жоқ. Әйел де жауса екен деген тілекпен отырған. Құдай бұлардың тілегін бергендей болып, батыс жақта топтасқан қара қошқыл бұлт нөсерлетіп келе жатқан болатын. Жауын шақырған желдің де екпіні үдеп, күшейе түскен. Көшір де аттарға қамшыны басып-басып қалған. Сары желіспен келе жатқан қос ат та ала жөнелген. Көп ұзамай-ақ, жел басылып, салқын жаңбыр нөсерлей бастаған. Жаңбырдың тамшылар ірі екен. Төпелеп құйып берген. Түгел аспанды тұмшалап алған жауын бұлты жер бауырлай төмендеп, айналаны қымтай түскен. Пәуескенің арқалығынан асыра орнатқан брезент қалқаншаны місе тұтпады. Әп-сәтте үстері малмандай су болған. Сонда ған тілсіз еркек күңк етіп, - Мықтыбай, жол-жөнекей ауыл кездессе тоқтарсың, жан шақырып алайық! – деген.
Бетіне тиген суық жаңбырдан оянған бала ыңырсып, әйелге шөлдедім деген сыңай танытқан. Нөсермен бірге ширығып алған қара сұр еркек те, - Тәйт әрі! Жетісіп келе жатқан ешкім жоқ, - деп ажырая қарған. Суық көзқарас пен қатты зеки сөйлеген дауыстан ығып қалған бала қайтіп үн қатпады.
– Балам, сәл шыда, көп кешікпей ауылға да жетерміз – деген әйелдің жұмсақ үнін еркек естімегендей теріс қарап отырды.
Қатты жаңбыр төпелеп өтіп, ауыр бұлттармен шығысқа қарай ауып барады. Алдарынан аспан шайдай ашылған. Ауада таза жұпар иіс қалыпты. Жауынның иісі. Кеңсірігіңді жарып, сарайыңды ашады. Ұйқысы шайдай ашылып, айналасына таңырқай қарап отырған бала бір мезетте, - Апа, Апа! Ананы қараңызшы, дәу кемпірқосақ! Қандай әдемі! –деп шаттана айқай салған. Расында солтүстікте доғадай иілген алып кемпірқосақ қызылды-жасылды лентадай болып, көздің жауын алып тұр екен. Сұрғылт перденің бетіне әдемілеп, әдіптеп салған ғажайып бояулы сурет. Көкжиекті көмкерген осы бір табиғаттың таңғажайып суретіне кім елтімес?! Әйел де, қөшір жігіт те ат тізгінін тарта тұрып қызыға қараған. – Өй, бар болғырлар, кемпірқосақ көрмеп пе едіңдер?! – деп еркек тағы да күңк еткен. – Ағасы-ау, шын айтамын, дәл осындай кемпірқосақты көрмегелі қанша жыл?! - Көшір Мықтыбай саңқылдай жауап беріп жатыр. Көшір жігіттің мына сөзі әйелдің де көңіліне қона кетті. Рас-ау, мұның да дәл мұндай үлкен кемпірқосақ көрмегеніне қанша жыл?! Иә, анау жылы Балуанмен бірге сейіл құрып, Аршалы жаққа барғанда дәл осындай кемпірқосты көргені бар. Ойхой, дәурен-ай деген! Ол кезде бұл уыздай жап-жас еді-ау. Шырын уақыттың шырқы бұзылмай тұрған кезі болатын. Апталап келіп, ыстық махаббатына күйдіріп-жандырып кететін кезі еді. Қос атпен екеулеп шыққан бұлар дәл осылай жазғы жаңбырдың астында қалған. Дәл осылай аспан шайдай ашылып сала берген. Дәл осылай ауаны жұмсақ, жұпар иіс кеулеген. Аттың үстінен жас балаша екі қолтығынан оп-оңай көтеріп алған Балуан мұны балаша еркелетіп, ойын қылған. Бұл мәз болып шаттанып, балаша сықылықтап кұлген. – Бұл кемпірқосақ менікі ғой, маған бересіз бе? – деп мойылдай көздерін төңкере еркелеген. – Айнам-ау, ал, бәрін ал! Мен саған Айды да, Күнді де сыйладым! – Балуан да риясыз күліп тұрып осылай деген. Қайран сол шақтар! - Ақ бөртпе шәлісін сәл кейін ысырып, өңірін ашып, таза, жұпарлы ауадан құмыға жұтқан әйелдің көзіндегі жарқ еткен өмірдің қайта жанған сәулесі мен ынтықтықтың қайта қоздай қалған отын көрген еркек ішінен, - Ий, шайтан! – деген. Бұл қара сұр еркек – ақ бөртпе шәлілі әйелдің күйеуі Бержан болатын.
Көп кешікпей алыстан ауылдың қарасы көрінген. Бұлар келген ауылда кішігірім той-томалақ болып жатыр екен. Алыстан ат суыта келген құдайы қонақтарды жатырқаған ешкім жоқ. Төрден орын сайлаған. Жайғасып отырып болған соң, мына дүрмектің мәнісін білген. Сөйтсе, осы үйдің кенже келіні босанып, соның шілдеханасы болып жатыр екен. – Ойбу, жол алыс.. Семей қайда, біз қайда.. ыстық шай ішіп, тамақ жеңдер! – деп, төрде отырған бір қария сақалын саумалай отырып үзіп-үзіп тіл қатқан. Жөн сұрасып болған соң, - Ее, Қараөткелденбіз деңдер?- деп бір қойған. Бағанадан бері домбырасын алдына өңгеріп, қос ішегін безілдетіп отырған әнші жігітке әр жақтан ән айт деген қолқа салушылар көбейген. Қымызға қызара бөртіп, ақ жейдесінің түймесін ағытып, қара барқыт бешпетінің өңірін бос салған әнші жігіт те домбырасының құлақ күйін тез келтіріп алып әуелете ән бастаған. Домбыраның бетін қағып-қағып жіберіп, ортаңғы пернелерден іліп алған қуатты дауыс ә деген де шарықтап көкке шығандап бірақ шыққан. Жұрт сілтідей тына қалған.
Айым да сен, Ғалия, Күнім де сен,
Оң қабағың тартады күлімдесең...
Әр сөзі анық, нығарлы, есті естілген әйгілі әннің қайырмасына келгенде құйқылжыта, құлпырта келістіріп, ырғақ иірімін дөп баса үзілдіре айтты. Өзінің де көңіл құсы құйқылжып, екі жағына ырғала шайқалып отырып айтты. Асық жанның, ғашық жардың кіршіксіз іңкәр ілтипаты мен мөлдіреген сезім кәусары көмекейден ән болып төгіліп, ағыл- тегіл сағыныштың нөсері болып құйылды. Ән біткенде барып, бір тыныстап алған әнші жігіт, - Балуан Шолақтың әні ғой бұл! – деп насаттана саңқ еткен.
-Пай-пай, ән деп осыны айт!
- Қайран Балуаным-ай!
-Осындай ән арнаған сол Ғалияңызда арман бар ма екен шіркін! - Әннің әсерімен дүрліккен жұрт осылайша қолпашпен гуілдеп кеткен еді..
Әннің ақырына дейін әзер отырған бейтаныс жолаушы Бержанның шықшыт сүйегі бүлкілдеп, кертеш мұрыны сәңірейіп кеткен болатын. Қара сұр өңі қошқылданып, тұла - бойын билеген өрттен құтылудың жалғыз жолы осы үйден тез аттанып кету деп шешкен. Кеш қараңғылығына қарамай, үй иесінің қолқасына да құлақ аспай аттанып бара жатқан жолаушылардың ішіндегі бөртпе шәлілі әйел шаршы топтың алдында, «Сол Ғалия -мен едім!» айта алмағанына іштей қорынып бара жатты. Әлгі әйел осы ғұмырында бала көтеру бақыты бұйырмай, күйеуі Бержаннан жеген ащы таяғы мен азапты өмірін жеңілдету үшін Семейге барып, қайын жұртынан бір жетімекті бауырына салып әкеле жатқан Ғалия екенін, атақты Балуан Шолақтың Ғалиясы екенін расында олар білген жоқ еді. Ауыр мұң мен аянышты тағдырды арқалаған қара пәуеске қара түннің қойынына сіңіп бара жатты.
Ерболат Баятұлы