Жазушылық – тағдыр. Бұдан сәл кеңейтіңкіреп айтсақ, ұлт жолымен біте қайнасып кететін тағдыр....
Амангелді Кеңшілікұлы. Тау мінезі
Шығармашылықтың бейнетін татып жүрген қаламгерлердің күнделікті тіршілікте бір-бірінен айырмашылығы жоқ сияқты болып көрінгенімен, олардың жүріс-тұрысынан кіндік қаны тамған өлкесінің табиғатынан аумай қалған мінез үнемі байқалып тұрады екен. Осыдан отыз жыл бұрын Тұрлыбек Мәмесейітті алғаш рет алыстан көргенімде, ірі болып жаратылған пошымына ғана емес, сонымен бірге, көп адамның алдында иіле бермейтін тәкәппарлығына, пендешіліктен бойын да, ойын да аулақ ұстайтын жан әлемінің тазалығына, мінезінің кесектігіне қарап мен оны нағашыларыма ұқсатып, Жаратушы мен киелі өнерден басқаны мойындамайтын таулы аймақта туған азамат шығар деп топшылайтынмын. Денесі таудай болғанымен, жаны жібектей нәзік суреткердің шығармаларымен танысқанымда, ішкі түйсігімнің мені алдамағанына көзім жетті.Арқаға қимай шығарып салған Алматымды аңсағандықтан ба, соңғы кездері мен Тұрлыбек ағамның тау туралы туындыларын қайта-қайта қолыма алып, көңілімді жұбатып, сағынышымды басып жүрмін. Міне, бүгін де сыршыл суреткердің әлі де баспахананың иісі бұрқырап тұрған жаңа кітабын тауысып болып, соңғы парағын жапқанымда, жүрегімді тағы да сағыныштың жалыны күйдіріп жіберді.Студент кезімде жапон қаламгері Ясунари Кавабатаның «Таудың күрсінуі» романымен танысқанымда таудың да адамнан аумайтын өз тағдыры болатынына көзім жеткен еді. Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің «Хан-Тәңірі хикаялары» кітабынан соң, мен таудың да дәл өзімдей кейде қуанып, кейде қайғырып, тіпті, кейде көптің арасындағы жалғыздығынан қашып, жұрттан тығылып жылап алатынын түсіндім. Ақиқатында, көпшілік біле бермейтін тау мен тастың өз өмірі мен тілі бар. Далада өскендердің бәрі оны түсіне қоймайды. Ол үшін балалық пен жастық шағыңды тау бөктерінде өткізіп, мына мен сияқты бір күнде далаға кетіп қалып, қайтадан анаңды іздегендей оны өлердей сағынып, жүрегің оттай лапылдаған сезімнен өртеніп кете жаздауы керек шығар.Дала да керемет қой. Бірақ таудың тілмен айтып жеткізе алмайтын дала табиғатына ұқсамайтын өзіне ғана тән мінезі бар. Таудағы таңның атысы да, күннің шығысы да, батар шағы да, тіпті, іңіріне дейін бөлек.Тау – ұлы. Тау – ірі. Тау – алып. Бір қызығы сол ірілігі мен алыптығына қарамастан, тау өте нәзік - сезімтал құбылыс. Таудың жылағанын немесе қайғы жұтып күңіренгенін сезген адам ғана оның жанын түсіне алады. Сәл оқыс дыбыстан, өктем үннен таудың тұла бойының қалай дірілдеп кеткенін көргеніз бар ма? Шың-құздар мен жартастар жаңғырығып, күмбездердей күңіреніп тұрып алғанда, тұла бойың түршігіп, адам түгіл тастың көзінен жас шығып кетеді.
Тауды түсінбейтіндер, оны тілсіз дүлей деп ойлайтындар қатты қателеседі. Шын мәнісінде, таудың мінезі жібектей жұмсақ, көңілі Алланың мейіріміндей нәзік. Қуанышы қойнына симай шаттанған кезде тау ән салады. Ел басына күн туғанда ең алдымен қара бұлт таудың басына үйіріледі. Таудай тұлғаларынан айырылған күні дүниені қараңғылық басады. ..
Шілде айы болғанына қарамастан елордада жауын құйып тұр. Таңертең анам хабарласып, жаздың жаймашуақ күндерін Алматыда өткізіп, астанаға күзде келетінін айтты. Ал, мен болсам, сыртқа шыға алмай «Хан-Тәңірі хикаяларын» оқып болып, алыста қалған тауларымды ойлап отырмын.
Амангелді Кеңшілікұлы