І республикалық «Жас өрен» байқауын өткізу туралыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20...
Адамның болмысы хақында!
"Бойда қуат, ойда көз, болмағасын, айтпа сөз"- дейді Абай. Қуат дегеніміз не? Абайдың айтып отырғаны қай қуат? Абайдың айтып отырғаны - жан қуаты. Бір сөзбен айтқанда ғарыштық энергетикалық қуат. Жан қуаты - әуелі ғарыштан һәм Жаратқан күштен. Оның сәулесі - махаббаттан. Махаббат - Тәңірінің нұры. Жаныңның шамшырағы. Ол әлсіреген жерде жан қуаты азаймақ. Өлеусірген шырақтай. Ол әлсірген жерде жан қуаты азып, тоза бастамақ. Махаббат - Дүниені сүюдің кілті. Екіншіден, жан қуаты өзіңнің талпыныс, ізденісіңнен құралатын күшті һәм жылы, жайлы энергетика. Ол - саналы, таза ойдан, кіршіксіз жүректен, іңкәр сүйіспешіліктен, адал сезімнен, әділ жолдан, риясыз таңдаудан, бауырмал мейірімнен, қанағатшыл көңілден, жұмсақ мінезден, арқалы аруақтан, аспани арманнан, үкілі үміттен, сатусыз көмектен, қысқасы адамгершіліктен! Одан биік нәрсе жоқ. Жан қуаты күшті адамға күйреу, күйзелу жат. Ол барымен бөлесуге дайын. Өзін ғана емес, өзгені де ойлайды. Ол шуағын шашқан күн іспетті.
Ой - сана мен ақылдың қортпасы. Ой - бәріне жетелеуші. Атомдай қуатты. Ол - шолушы. Одан жүйрік һәм қауіпті нәрсе жоқ. Ой жетпейтін жер жоқ. Ұшқыр. Ой - адами болмыстың өлшемі. Ойсыздық - Тәңірінің қарғысына ұшырағандық. Ой - терең һәм биік. Ол таза, қуатты болғанда ғана пайдалы, жемісті. Ойлы адам дүниауи нәрсенің бәрін тәрік ете алады. Ой көзінің биігі - парасатты ақыл. Ой көзі - қайнар бастау сияқты. Бітеліп қалмасын. Аршып, тазалап отырыңыз. Оны толықтырып, нәрлендіріңіз. Ой көзінің бастауы - зерде. Зердесіз адамда сіз ойлағандай нәрсе болмайды. Зерделе адам - оқығыш, тоқығыш. Соны кәдеге жаратқыш. Ойдың көзі - пайдалы, зарарсыз білімде. Жақсыны білмеке, үйренбекке деген құштарлықта. Білімі толықпағанда топастық билейді. Абай айтқандай, әлгі екеуі кемшін немесе жоқ болған жағдайда айтқан сөзіңіз суға сіңгенмен бірдей. Бос рәсуә. Әуелі ойың таза болсын. Мәселенің мәні сонда. Ойдың көзі бойдың қуатына сарқып құйса, міне сонда ғана адамсыз. Нағыз мағынасында!
Ерболат Баятұлы