Поэзия – уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отыратын өміршең де жанды, тірі құбылыс. Қазақ поэзи...
АНТОН ЧЕХОВ. ЧИНОВНИКТІҢ АЖАЛЫ
Аударған Ә.Кекілбаев
Кереметтей көңілді кеште білдей мекеменің шаруашылық жағын күйттейтін кереметтей бір қызметкері Иван Дмитриевич Червяков екінші қатардағы креслолардың бірінде "Корневиль қоңырауларын"1дүрбімен қарап отыр еді. Көргенінің көңілінен шыққаны сонша, төбесі көкке сәл жетпей тұрғандай болған. Бірақ кенет... Әңгіме біткеннің осы бір "бірақ кенеттен" аяқ алып жүргізбейтін әдеті ғой. Әйтсе де, өмірдің өзі кездейсоқтыққа толы болса, автор байғұстардың жазығы қанша. Кенет Червяковтың беті бүрісіп -тырысып, көзінен жас шығып, демі бітіп, дүрбіден көзін жұлып алып, еңкейе беріп "әтпішу" деп қалғаны. Онысы енді түшкіргені ғой. Кім - кімнің де қайда болмасын түшкіруге қақысы бар шығар. Мұжықтар да, полицмейстерлер де, оқта-текте тіпті құпия кеңесшілердің өздері де түшкіріп қап жатпай ма! Түшкіргенде не тұр, жұрттың бәрі түшкіреді. Червяков те қысылған жоқ, орамалын алып сүртініп, көргенді кісілеріне түшкірем деп емес, біреу-міреудің мазасын алған жоқ па екем деп жан-жағына көз тастап еді, зәресі зәр түбіне кеткені. Сөйтсе, тап алдындағы бірінші қатарда отырған кәрі кісі әлдене деп міңгірлеп биялайымен мойынын, маңдайының қасқасын сүртіп жатыр екен. Ол кісінің қатынас жолдары мекемесінде істейтін статс генерал Бризжалов екенін Червяков бірден таныды.
"Шамасы, түкірігім шашырап кетті-ау,- деп ойлады Червяков. Менің бастығым емес, бірақ бәрібір ыңғайсыз болды ғой. Кешірім сұраған жөн шығар".
Червяков жөткірініп, денесін ілгері ұмсынып, генералдың құлағына:
─ Мәртебелі тақсыр, байқаусызда түкірігім шашырап кетті білем, кешірерсіз, - деп сыбырлады.
─ Оқасы жоқ, ештеңе етпес...
─ Құдай үшін, кешіре көріңіз. Менде ешқандай жаман пиғыл болған жоқ.
─ Жә, абыржымай тыныш отырыңыз. Тыңдауға кедергі келтірмеңізші.
Червяков қысылып қалды, нақұрыс кісіше ыржалаңдай күліп, сахнаға көз тастады. Көзін салғанмен жаңағы бір жанға жайлы рақат ұшты-күйлі жоғалыпты. Өз-өзінен абыржып азапқа түсе бастады. Үзіліс кезінде мәймеңдеп Бризжаловтың қасына жақындап, айналсоқтап біраз жүрді, әрең дегенде дәті барып:
─ Мәртебелім... Үстіңізді бүлдірдім білем... Кешіріңіз, мен сізге өйтіп...
─ Жә, қойсаңызшы... Мен әлдеқашан ұмытып кеттім, сіз баяғы бір әңгімені әлі айтып келесіз! - деп генералдың астыңғы ерні жыбырлап қоя берді.
"Көзінде кекесін бар-жоғын да байқамаппын, - деп ойлады Червяков генерал жаққа күдіктене қарап қойып.
Тіпті сөйлескісі де келмейді. Ешқандай арам пиғылым болмағанын әбден түсіндіруім керек еді... табиғаттың заңы осындай болғасын қайтесіз енді... үстіме түкіріп қорлағысы келді деуі де мүмкін-ау. Қазір ойламағанмен, кейін ойлайды ғой...
Червяков үйіне келгесін әйеліне өзінің әлгі бір топастығын әңгімелеп берді. Сөйтсе әйелі бұл оқиғаға тап онша мән бере қоймаған сияқты. Әуелі үрейленіп қалып еді, артынан Бризжаловтың басқа мекемеде істейтінін білген соң сабасына түсті.
─ Дегенмен барып кешірім сұрасаңшы, - деді ол,- Қауымда өзін қалай ұстауды білмейді екен деп ойлап қап жүрмесін.
─ Міне, менің де көңілімдегі ой сол еді. Кешірім сұрап едім, ол кекірейіп құлақ аспады. Дұрыстап жауап та берген жоқ. Тіпті, сөйлесіп тұруға жер тар еді.
Ертеңіне Червяков жаңа вицмундирін2киіп, мұнтаздай боп қырынып, жай-жапсарды түгел түсіндіріп қайтуға Бризжаловқа тартты... Генералдың қабылдау бөлмесіне кіріп барса, арыз айтуға келгендер ығы-жығы екен. Арасында жұрттың әкелген арызын қабылдап, генералдың өзі де жүр екен. Шағым айта келген бір-екі кісімен сөйлескесін генерал Червяковке көз тастады.
─ Кеше "Аркадияда"3, жадыңызда шығар, мәртебелім,- деп баяндай жөнелді шаруашылық қызметкері, - мен абайсыз түшкіріп қап... үстіңізді бүлдірдім... Ғафу...
─ Құдайым-ай, сондай да сөз болады екен! Сізге не керек еді? - деп генерал келесі кісіге бұрылды.
"Сөйлескісі де келмеді - ау! - деп ойлады Червяков, өңі боп-боз болып. - Демек, өлердей ашуланған ғой... Жоқ, бұны бүйтіп аяқасты қалдыруға болмайды... Мен оған дұрыстап түсіндірейін..."
Генерал шағым айтып келгендермен, бірде-бір адам тастамай, түгел сөйлесіп болып, төр жақтағы бөлмелерге беттей беріп еді, Червяков міңгірлеп соңынан ілесті.
─ Мәртебелім! Егер қайта-қайта мазаңызды алсам, онда тек сізге өзімнің өкінішімді білдіргім келгенін ұқсаңыз екен!.. Өзіңіз де білесіз ғой, мен онда қасақана істегем жоқ! Генерал жыларман болғандай иегін кемсеңдетіп, қолын бір сілтеді.
─ Сізге, шамасы, қылжақ керек қой деймін, жігітім! - деді ол есіктің тасасына сүңги беріп.
"Қайдағы қылжақты айтады? - деп ойлады Червяков. - Қылжақтағаннан құдай сақтасын! Генерал басымен қайтіп түсінбейді! Ендеше бұл кеудесіне нан піскен кердең немеден бұдан былай кешірім сұрамай-ақ қояйын! Өз обалы өзіне! Енді келмеспін, хат жазсам жазармын! Рас айтам, келмеймін!"
Червяков үйіне қайтып келе жатып осылай ойлады. Ол генералға хат жазған жоқ. Әрі ойлап, бері ойлап, не деп хат жазудың ретін таба алмады. Ертеңіне тағы да түсінісіп қайтуға жолға шығуға тура келді.
─ Мен кеше сізге келгенде, мәртебелім, - деп міңгірлей жөнелді аңыра қараған генералға, - сіз ойлағандай, қылжақ етуге келген жоқ едім. Мен тек анадағы түшкіріп қойып, үстіңізді былғағаныма кешірім сұрай келіп едім. Күлкі қылу ойымда да болған емес. Сізді күлкі етуге қайдан батылым барсын! Егер сіздерді біз қылжақ қыла бастасақ, онда... сыйлы адамдардан қадір қала ма?..
─ Жоғал! - деп гүж ете қалды генерал, бет-аузы көкпеңбек боп қалш-қалш етіп.
─ Не дедіңіз! - деп қылғына сұрады Червяков, қорыққаннан тілі күрмеліп.
─ Жоғал дегесін жоғал енді! - деді генерал жерді теуіп қалып.
Червяковтің ішінде әлдене үзіліп кеткендей болды. Ештеңені көрместен, ештеңені естіместен есікке қарай шегіне берді, көшеге шығып, ілбіп басып жүріп кетті... Үйіне кірген бойда вицмундирін шешпестен диванға құлай кетті де... дүние ауып жүре берді...
1883