Әбу-Асқар Мекешұлы. Батыс-Шығыс мифологиясындағы ортақ наным-сенімдер

ӘДЕБИЕТ
4000

Түгел сөздің түбі бір...

Өткенде интернетті ақтарып отырып, мені таң қалдырған бір мәліметке тап болдым. Қызығы сол, австралиялық аборигендер ағылшындар келіп басып алғанға дейін садақ дегеннің не екенін білмепті! Яғни олар сол ХVII-XVIII ғасырларға дейін сыртқы әлеммен ешбір байланыссыз, ешбір халықпен қарым-қатынассыз, өздерімен өздері тіршілік етіп жата берген деген сөз. Ғалымдардың зерттеуінше, Австралияға адамдар осыдан 40-60 мың жыл бұрын қоныстана бастаған екен. Олар әрине Индонезия арқылы жыпырлаған қалың аралдардың бірінен кейін біріне секіріп, ары қарай жылжи берген деп жобалауға болады. 13 мың жыл бұрын мұхит деңгейі көтеріліп, құрлықтан қазіргі Тасмания, Жаңа Зеландия аралдары «бөлініп шыққан» екен. Жаңа австралиялықтар бертінге дейін садақты білмепті деп айттым ғой, тура сол сияқты олар ойлап тапқан бумеранг қаруын басқа әлем білмеген, тіпті 13 мың жыл бұрын бөлініп қалған тасмандықтар да бумераг қолданбағанға ұқсайды.

Бұл әлемнің қаншалықты кең екенін түсінген сайын, оның тарихы да соғырлым тереңдеп кете береді екен-ау. Садақты дәл кім, қай халық ойлап тапқанын дөп басып айту мүмкін емес, өйткені оны есте жоқ ескі замандардан бері австралиялықтардан басқа халықтардың барлығы қолданып келді. Ескендір Зұлқарнайынмен Әмударияның қарсы бетінде тұрып атысқан сақтар да, осыдан 45-15 мың жыл бұрын Беринг бұғазы арқылы оқтын-оқтын Америка асып кеткен үндістер де, Африканың шетсіз-шексіз сахарасында жүрген қара нәсілділер де садақты қолданған. Яғни оларда өзара қарым-қатынас болған, бірінің артықшылығын бірі алып отырған, одан ары тараған, сөйтіп бүкіл жер жүзіне жайыла берген. Тура сол сияқты бір халықтың салт-санасы да, мифологиялық таным-түсінігі де бірінен-біріне өтіп, сәл өзгеріп, дәуір айналып, қайта оралып отырған. Ислам тарағаннан кейінгі қазақ тіліне енген араб-парсы сөздері бүгінде өміріміздің бір бөлігіне айналып кетті. Тіпті сол сөздер арқылы қазақ тілін елестетудің өзі мүмкін емес. Тура сол сияқты орыс тілінде қаптап жүрген ежелгі түркі сөздері де бүгінде орыс тілінің төл сөздеріндей қабылданатынын қайтерсің!

Алайда ең ежелгі деп саналатын мифтік таным-түсініктердің мидай араласып кеткенін көргенде, бұл айтқандар кеше ғана, осы жаңа ғана болған өзгерістер сияқты сезіледі.

Қазақта «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мәтел бар ғой. Міне, осы сөз, қай жағынан алып қарасақ та, ең Ұлы сөз! Яғни кез келген мифтік таным, әлемнің жаратылысы, жақсылық пен жамандық, аспан мен жер, хаос пен космос, өлі мен тірі, бәрі-бәрі алғашында бір сөз, бір таным болған. Тек содан кейін барып қана әр елге, әр жерге тарап, түрлі сипат алған. Бұл туралы Серікбол Қондыбай жететін жеріне жеткізіп жазып кеткен.

Мәселен, әйгілі мифологтың жазуынша, осы Майқы биге ұқсас бейнелер көптеген халықтардың көне мифтерінде кездеседі. Ежелгі иран мифологиясында «Йима» деген кейіпкер бар екен. Ол - алғашқы адам, бірінші өлімді пенде, бүкіл адамзаттың түп атасы, бірінші патша деп саналатын болған. Йима — жасампаз тұлға, өркениетті жасап, қоғамды әлеуметтік тұрғыдан ұйымдастырушы, аспандағы күннің жердегі көлеңкесі, күнтекті адам деп сипатталатын көрінеді. Сонымен қатар, ригведалық үнді мифологиясындағы бірінші адам, бірінші өлімді пенде, өлген соң өлілер дүниесінің әміршісі болатын кейіпкер «Яма» деп аталады. Ал скандинавтықтарда да осыған ұқсас Имир деген кейіпкер болған. Ол да әлемдегі ең бірінші тірі пенде, осы алып өлген соң дене мүшелері қазіргі әлемге айналған деп суреттеледі.

Міне, осының өзі үнді-парсы-прототүркілердің ғана емес, сонау қиырдағы герман-скандинавтардың да таным-түсініктерінің бір негізден, бір түптен шыққанынан хабардар етіп тұрғандай. Қазбалай түссе, әлем халықтарының мифологиясында дәл осы Майқы би мен Ұмай анаға ұқсас кейіпкерлердің көптеп кездесетіні түсінікті.

Ал біз сәл бері жылжысақ...

Кентавр! Көне грек мифологиясында кіндікке дейін адам сияқты, одан ары қарай жылқы болып келетін саналы мақұлық. Олар грек мифологиясындағы батырларды тәрбиелейді, кейбірі оларға жау боп келеді делінеді. Ал ғалымдардың пайымы ежелгі «өркениетті» елдер өздерінен бұрын ат жалын тартып мінген көшпелі тайпаларды кентавр екен деп білген деген тұжырым жасайды. Көптеген ғылыми дәлелдемелерден кейін адамзат баласының ең алғаш жылқыны қолға үйреткен кезеңі Ботай мәдениеті, мекені қазіргі қазақ даласы, уақыты шамамен 5,5 мың жыл бұрын деген уәжге тоқтады. Осылайша, көшпелі халықтардың тұрмысы ежелгі гректердің аса бай мифологиялық түсінігіне соны серпін беріп, көптеген кентавр кейіпкерлер пайда болды.

Осы жерде тағы бір қызықты дерек еске түсіп отыр. Австралияның аборигендері садақты мүлде білмеуі сияқты, қос Американың үндістері де ең алғашқы конкистадорлар келгенге дейін жылқы дегенді білмеген көрінеді. Темір құрсанып, от қаруын асынып, атына міне қарсы шапқан конкистадорды олар алғашында өздерін жазалауға жерге түскен соғыс құдайы деп қабылдап, жүздеп, мыңдап тым-тырақай қашқан екен. Дегенмен уақыт өте келе, еуропалықтар кәрі құрлықтан апарған мал-сұлымен қоса жылқыны да өсіре бастаған. Сөйтіп үндістер де жылқыны қолға үйретіп, отарлаушылардың өздеріне қарсы талай қырғын соғыс салған екен.

Міне, осының бәрі мәдениеттердің араласуынан қаншалықты үлкен өзгерістер шығатынын көрсетіп тұр. Мұхит асып кеткен халықтар Еуразия құрлығындағы халықтардан мүлде басқа әлемде қалып, өздерінше, өзгеше дамыды. Ал Еуразияны мекендеген қаншама ел-жұрт аралас-құраластықтың арқасында бірінің артықшылығын бірі алып, бірінің дүниетанымын екіншісі өзіне лайықтап, бірі ұмытқан тәмсілді екіншісі есте сақтап, бүгінгі күнге жетіп отыр. Кейде прототүркілік дүниетанымның ежелгі еуропалық, үндіирандық және басқа да көне өркениеттердің таным-түсінігімен мидай араласып кеткені соншалық, қайсысы қайдан алғанын тап басып айту өте қиын.

Мәселен, қазақ ертегілерінде көп кездесетін айдаһар сөзін алайық. Серікбол Қондыбайдың жазуынша, Айдаһар сөзі ежелгі ирандық-авесталық мифтік кейіпкер Дахакадан бастау алады. Біз бүгіндері айтып жүрген ертегілер мен халық ауыз әдебиетіндегі айдаһар образы ортағасырлық араб-парсы ертегілік және эпикалық дәстүрінің толық ықпалына түскен, яғни солардың сипатына сай қалыптасқан. Олар бір басты, үш басты, жеті басты құбыжық бейнесінде суреттеледі, үңгірлерде, құдықтарда өмір сүреді. Ертегілерде ең жиі таралған сюжеті — су көздерін басып алып, елдің адамдарын, көбінесе он сегізге толған жас қыздарын тартып алып, жеп тұрады.

Айдаһар көбінесе мифтік ғаламдық жылан образымен шендестіріледі. Мәселен қытайдың айдаһары көбіне шұбатылған ұзын жыланға көбірек ұқсайды. Қазақ халқында да айдаһар мен абжылан бірінің орнына бірі қолданыла береді. Дегенмен барлық халықтардың сипаттауына байланысты айдаһар үш дүниенің зооморфты сипатын бойына жинақтаған деп айтуға болады. Біріншісі, жоғарыда айтқандай, жылан – төменгі әлемнің, яғни су дүниесінің өкілі; екіншісі, аспанда ұшып жүруге арналған қанаты бар, яғни жоғарғы дүние өкілі; үшіншіден, азу тісі мен сояу тұяқтары жыртқыш аңдікі, ол орта дүниенің өкілі, яғни үш мақұлықтың сипатының бірігуінен құбыжық бейнесі шыққан.

Қазақтың көптеген ертегілерінде кездесетін айдаһар негізінен зұлым кейіпкер болып келеді. Ол жерден ирандық мифологияның ықпалын анық сезінуге болады. Ал жылан сипатына келер болсақ, тағы да сол ертегілерде жыландар патшалығы, Жылан-Бапы хандар Ер Төстікке, басқа да басты кейіпкерлерге көмектеседі. Үйге кіріп кеткен жыланды басына ақ құйып, яғни «сүт беріп» шығарып жіберу де прототүркілердің жылан культінен қалған ырымдар. Ежелгі скиф тайпаларының ала тулары да жыланға ұқсас жасалып, жел соққанда ирелеңдеп, жыланды бейнелеп тұруы кездейсоқ емес.

Бұл жерде тағы да С. Қондыбайға сүйену қажет. Мифолог көне түркілік «ажа» деген түбір сөздің мағынасын жан-жақты аша келіп:

«...Міне, қазақ (түркі) тіліндегі ажа, әже, еже сөздері бір мезгілде «ана», «жылан», «ерте заман» деген үш мағынаға ие болып тұр. Өздерін жылан-анадан, Жылан текті Бастапқы Эжеден бастау — ежелгі дравид-прототүркі өркениетінің негізгі антропогониялық мифі болған» - деген тұжырым жасайды.

Қазіргі «әже» деп жүрген сөзіміз «ажы», «ажа», «еже», «аха», «эхе», «ахи» деген айтылу варианттарымен бірге – тас ғасыры заманынан бар сөз, бұл сөзбен әуелі адамзаттың мифтік анасы, ең алдымен тотемдік анасы – Жылан-ана аталған.

Ажи Дахака

Енді айдаһар деген атқа келер болсақ, ирандық отқа табынушылардың қасиетті кітабы – «Авестада» Ажи Дахака деген мифтік кейіпкердің аты сақталған. Онда оны Ирандағы билікті заңсыз басып алған шетелдік патша ретінде суреттейді. Ал үндіевропа мифологиясында оның Ахи-Будхнья деген үндіарийлік нұсқасы бар. Барлығымыз жақсы білетін ежелгі грек-эллиндік мифологияда Эхидна деген кейіпкер де таныс. Жартылай әйел, жартылай жылан бейнесіндегі Эхидна жер астындағы үңгірлерде өмір сүреді деп айтылған. Ал ведалық мифологиядағы Ахи-Будхнья сөзі «тұңғиық жыланы» деп аударылады.

Ахи-Будхнья

«Осы үш мифтік кейіпкердің сөздік тегі де, мағыналық тегі де ортақ — бір бастаудан шыққан. Бірақ үш халықтың мифологиясында үш түрлі бағытта образдық-сюжеттік өзгерістерге ие болған. Үш сөз де екі түбір сөзден құралған; біреуі – ажи (эхи, ахи), екіншісі – дахака (дхнья, дна). «Ажи» сөзі «жылан, дракон» деген сөз, ал дхнья сөзі «тереңдік, глубина» деп аударылғанда этимологияны түсіндіру тоқтап қалған.

Әлгі «ажи» (ахи, эхи) сөзінің ежелгі мағынасы түркілерде сақталған. Қазақ тіліндегі алдында ғана айтылып өткен «ажа», «әже», «ажындар» - осы сөздің көне мағынасы», - деп түйіндейді мифолог-зерттеуші.

Эхидна

Дәл осындай сөздерді көптеп келтіруге болады. Мәселен, обыр сөзін алып қарайық. Бұл түркі халықтарының тұрмыстық мифологиясының кейіпкері. Обыр кәрі кемпірдің денесін жайлап алады, түнде аузынан шығып әтеш шақырған уақытқа шейін кезбе болып жүреді деген сияқты қорқынышты әңгімелерді көбіміз естіген болуымыз кәдік.

Оның еділ-оралдық татар, башқұрт, чуваш, мари, удмурт, комилер мен орыстарда, басқа да батыс славян халықтарында, сондай-ақ қарашайлар, гагауыз, қырым татарларында убыр, вувер, упыр, вупар, упырь деп аталатын баламалары кездеседі. Осы мифтік образдың кездесуіне қарап, обыр түсінігінің пайда болу ареалын ертедегі түркі (болгар) – угор (мадиар) тайпаларының даладағы аралас ортасы болды деп топшылауға мүмкіндік бар. Содан соң ғана венгр-мадиарлар бұл сөзді 8-ғасырда Еуропаға алып кетіп, кейін бұл сөз «вампир» деген атпен бүкіл европалық, ал қазір әлемдік ұғымға айналып отыр.

Осы сияқты көптеген халықтарға ортақ тағы бір мифологиялық кейіпкер – мекер. Ол қазақ тұрмыстық мифологиясындағы зұлым рухтың аты, бірақ образы сақталмаған, негізінен албастының синонимі ретінде қолданылады. Ел ішінде осы күнге дейін біреуді біреуге шағыстырып, қастық ойлап, зұлымдық жасап жүретін әйелдерді «мекер қатын» деп балағаттау кең тараған. Сонымен қатар орыс халқында да зұлым, көкбет әйелдерді «мегера» деп бір-ақ сөзбен суреттей салады.

Бұл сөздің этимологиясы анықталмаған, бірақ оны грек мифологиясындағы әйел кейпіндегі зұлым образ – эриниялармен (рим мифологиясында – фуриялар) салыстырып көруге болады, әпкелі-сіңлілі үш эринияның біреуінің есімі – Мегера. Олардың шаштарының орнында сансыз көп жыландар болады және олар әйел құдайлар деп есептелген. Эриниялар жер асты патшалығында өмір сүреді де, арасында адамдардан кек алып, зұлым ойларын жүзеге асыру үшін жер бетіне шығады. Тағы бір аңыздарда Мегера Гераклдың жары болған делінеді. Ал мекер ұғымы қазақ түсінігіне қалай келгені белгісіз, бәлкім гректерден басқа халықтарға тарады немесе прототүркілік мекер образы ежелгі гректерге ауысып кетті.

Енді қар адамы туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Бұл да көптеген халықтарда айтылып жүрген мифтік кейіпкер. Криптозоологияның ең таңғаларлық құпияларының бірі деп айтуға болады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша олар адам аяғы көп баспайтын жерлерде өмір сүреді, сырт келбеті адамға ұқсас, алайда үсті-басын толығымен түк басқан және еңгезердей болады-мыс. Гималай маңындағы халықтар, оның ішінде тибеттіктер оны Йети деп атайды, ал Америкада «Бигфут», Канадада «Саскватч» (үлкен аяқ), Австралияда «Йауи», Жапонияда «Хиба-гон» деп атайды. Біз ғана оның атын орыстардың «снежный человек» деген атауын калькаға салып «қар адамы» деп аударып жүргеніміз болмаса, көптеген түркі халықтары, оның ішінде іргедегі қырғыздар, тіпті кавказдықтар да оны «Алмасты» деп атайды. Моңғолдар «Алмас» дейді. Бұрын қазақтар мұндай мақұлықтарды «Кісікиік» деген.

Дегенмен қазіргі ғылыми айналымда көбіне Йети атауы қолданылып жүр. Ол сөздің тура мағынасын ешкім тап басып айтып бере алмайды. Біздің ойымызша, көптеген халықтарда оны Албастымен байланыстыру ұғымы қалып қойғанына байланысты, Йети атауының көне түркілік Елті сөзімен ортақтығы бар ма деген ойға келдік.

Елті дегеніміз көне қазақ тіліндегі әйел-бақсының атауы. С. Қондыбайдың жазуынша, ол туралы нақты аңыздық дерек сақталмаған, тек Шоқанның еңбектеріне түсінік жазған Әлкей Марғұлан «елті — экстаз немесе мастық қалып, ол қазақтың «еліту» — «мас болу» сөзінен шыққан деген» анықтама берген. Ал Л.Потаповтың зерттеулеріне қарағанда, аталмыш сөздің түбірі көне түркілік «йел» сөзі. Зерттеуші Б. Абылқасымов «Телқоңыр» атты еңбегінде оның түпкі мағынасы бақсының киелі күші дегенді білдіреді дейді. Ал М. Қашғари сөздігі бойынша йел – «шайтан», «жын-пері» деген туынды мәнге ие болып кеткен. Бұл жерде мұсылман дінінің ықпалы болуы да мүмкін. Ал оған дейінгі заманда бақсы-шаманның таза мифтік сипатына байланысты ұғым болғандығы айқын.

Осы деректерді қорыта келіп, С. Қондыбай «йел» мен жалпы түркілік «өл» сөздерін біртекті деп қарастырудың реті бар деген тұжырымға келеді. «Шаманның негізгі әрекеті о дүниеге, ата-баба еліне, «өлілер еліне» елту кезінде саяхат жасауы болып табылады. Осы орайда «елтуді» «өл өт», «өлі ету», «өлі болып көріну» деген мағынадан шығуы мүмкін дей аламыз. Бір айта кетер жәйт, үндіевропалық ортақ түбір делінетін ual, uel (валь, ведь) сөзі түркілік «өл» (смерть) сөзімен сырттай да ұқсас, мағынасы да бірдей екендігі. Осы сөз арқылы жасалған кейбір мифтік ұғымдарды келтіруге болады: а) Елисей даласы – грек мифіндегі өліктер елі (ел, өл-исей); ә) Йолс, елйосиха — орыс мифологиясындағы өліктердің әке-шешесі (йол, өл-с); б) Велс, виелона — балтық мифологиясында — о дүниенің және малдың иесі-тәңірі, осындай образ македондықтарда (Самовил Велу), латыштарда (Велю мате) бар (вел, өл); в) Ел, эл, Елда — чечен-ингуштар мифіндегі өліктер дүниесі мен сол дүние иесі; г) Хель — скандинав мифологиясындағы өліктер елі және оның әйел жынысты әміршісі. Осы ұқсастықтарға түсінік берілудің қажеттілігі бар», - дейді мифолог С. Қондыбай.

Біздің ойымызша, осы көне түркілік Елті мен тибеттік Йети сөздерінің арасында да бір байланыстың бар екені анық. Өйткені кавказ халықтары, ежелгі түркілер мен моңғолдар қазіргі «қар адамын» бекерден-бекер албастымен байланыстырмағаны анық. Ал Елті дегеніміз осы албастының синонимі ретінде де қолданылады. Сондықтан Елті ұғымы көшпелі халықтардан тибеттерге Йети болып ауысып барып, сол жақтан бүкіл әлемге тарап кетуі де ғажап емес.

Айта берсек, мұндай ұғымдарды, бір халықтан екіншісіне ауысқан таным-түсініктерді айтып тауысу мүмкін емес. Біздікі өзімізді елең еткізген, бұл қалай болды деген қызығушылық туғызған кейбір наным-сенімдерге шолу жасап шығу ғана. Қалай дегенмен де, баяғыда бір рэпердің «...бала жасын береді құлпытасты шұқыған кей адамзат» деген әніне езу тарта отырып, еріксіз келісетін едік. Адамзат тарихы тасқа қашалғаннан әлдеқайда бұрын осы мифологиялық таным арқылы тым тереңдеп кеткен. Оны сан мыңдаған жылдық қараңғы қапастан аршып алып, ақ-қарасын ажырату үшін Серікбол сынды гений мифологтар қажет-ақ.

Суреттер интернеттен алынған

 adebiportal.kz
 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...