Алмaтының Жaмбыл көшесі, ештеңемен зaуқы жоқ тaл-теректер өзімен-өзі үнсіз мүлгиді. Ағaштaрдың бәрі...
Атамның үнін ішімнен естимін (Эссе)
Атам қайтыс боларынан бірнеше жыл бұрын ауырды аздап. Біраз жерге апарғанымызбен сол бойы біздің дәрігерлер нақты диагнозын қоя алмады. Бірнеше айдан соң, атам дым болмағандай қайтадан өзіне келді. Күнделікті тірлікке білек сыбана кірісіп, ауылдағы шарбақтың қайта түзеп, жүзім бағымызды қалпына келтіріп тастады. Арадан үш жыл өткенде атам ауылдағы тапшанда жамбастап шәй ішіп жатқан күйі ұйықтап жатып қайтыс болды. Кешке алдына шәйін жаңартайын деп келіп, оятқалы жатқан кезде ғана жағдайды біліпті ағам…
Мен үш жастан бастап есімді білдім. Апамның белімді буып, кигізіп қойған шапанымен ары-бері жүгіріп, қораның торына асыла сиыр сауып жатқан шешелеріме қарап тұрушы едім. Қырдағы үйден Виллис көлігін оталдырып кеткен бағытқа қарап, атамды сол жақтан табамын деп артынан іздеп кеткенім, жолдан мені Түртән деген көршіміздің тауып алып үйіне әкелген сәттері еміс-еміс есімде қалыпты. Біз атамыздан қорқатын едік, негізі. Бәрі қорқатын еді. Оған қарамастан атамды қатты жақсы көрдім. төрт жасымнан бастап, өзінің білген Құран сүрелерінің бәрін де үйретіп, ескіше әріп танытып, қырағатымды тәуір шығарып қойған еді. Соның арқасында қаланың медресесіндегі кезең мен үшін өте оңай болды.
Мені кішкентайымда атам шомылдыратын. Құдықтың басындағы көлік рәзіңкесінің үстіне шығарып қойып, үстімнен ожаумен су құйып, арақ (иіс) сабынмен басымды, арқамды ысқылап тұрып, ойнап жүріп жұққан бүкіл кірден азат болмайынша жуындыратын еді. Мен болсам шомылдырып жатқан атама қарап тұруға ұялып, “әбүйірімді” қолдарыммен жауып алып, теріс қарап тұра қалатынмын. Оны байқаған атам “Мақұл-мақұл, қалғанын өзің жуа ғой” деп сабынын менің қолыма ұстататын еді. Атам мені үнемі қасына ертіп жүретін. Сапарға шыққан кезде мен ол кісінің қолынан мүлдем жібермейтін едім. Атамнан қалып кетсем сол бойы таппай қалатындай қорқыныш ұялап, оны ойлаған сайын қолынан екі қолыммен жармасып алып жүретінмін. Ал, қырдағы үйдің айналасында мал қарап жүргенде жай ғана ортанғы екі саусағын ұстап аламын.
Ауыл мектебінде оқығаныммен, әр күні кешке үйімізде атамның мен үшін өз мектебі болатын. Ахмет Байтұрсынұлының жасаған төте әліппенің плакатын тауып әкеліп, біздің бөлмемізге іліп қойып күнде қадағалайтын. Қырық жасқа келген кезінде ауданның бұғалтырлық жұмысынан бас тартып, далаға көшіп кеткен атамның сол кезеңде ілімге ықыласы ауа бастаған болса керек. Әйтеуір, үйде кітаптан көп нәрсе жоқ еді. Бір сандық жиналып тұрған ескі шағатай, өзбек, парсы тілдеріндегі кітаптардан бөлек, арнайы Мәскеуден алдырған ғылыми-танымдық журналдар мен кітаптар, Қытай қазақтарының шығаратын “Шұғыла” атты көк түсті журналының қырық шақты саны біздің үйде жиналып тұратын. Атам жоқта беттеріне сурет салып тастайтынымыз болмаса, ол кісінің кітапты қатты қадірлейтінін бала болсақ та білетін едік. Өмірі футбол, асық деген ойындарға қызығушылық болмады менде. Қазір де қызықтыратыны шамалы. Үйдің қасындағы стадионда күнде кешке футбол ойнап жатқан балалар үнінің фонында біз атам екеуміз кітап оқитын едік. Балалықпен ренжіген кездерім болған шығар. Ішімнен “тезірек қонаққа кетсе екен” деп отыратынмын кейде. Бар ойым үйдің қасындағы жаңғақ ағашына шығып ойнау я болмаса қоржын тамдағы тұрған аккордеонның тістерін қағу ғой сондағысы. Сабақтан үйге асығып келіп, тапшанда жатқан атамның ішіне секіріп, қарнына үрлеп, содан шыққан дауысқа мәз боламыз ғой.
- Өөөөй, дәйіс! - деп атам ашулана күліп қояды.
- Ата, бүгін “Ана тілінен” бес алдым! - деймін қуанып.
- Не оқыдыңдар бүгін? Айта ғой!
Мен судыратып жаттағанымды я түсінігімді айтып беремін атама.
- Атасының баласы...! - деген бірнеше минуттық еркелетуден кейін міндетті түрде тағы оқитын бірдеңе тауып беретін.
Кейіннен 5 сыныпқа өткенде қаланың мектебіне ауыстырды атам мені. Интернатта жатып ай сайын үйден кім келерін тағатсыздана күтіп жүріп, қонақтар келген кезде “Оқи бер балам, мұғалімдерің мақтап жатыр” деген қолдау сөздері үшін тырысамыз. Қазір қарасам, біраз жүлделеріме атамның жылы қабағы үшін бар күшімді салған екенмін…
Мен оныншы сыныпта оқып жүргенде атам ауырды. Оқта-текте есін білмей, сәл нәрсеге көңілі босап қала беретін болды. Кейде өзіне келген кезде жүрегіміз орнына түсіп, мәз-мәйрам болып қалатынбыз.
Бірде ауылдағы ағам хабарласып, атамның қаладағы бізге кеткенін айтты. Әдетте ауылдан үш сағатта келетін атамыз бұл жолы кешігіп жатты. Атаны іздеп келуге бұйырған апамның сөзінен кейін, үйдің астындағы “Огонек” аялдамасына келіп атамды күттім. Ұзақ күттім. Бір кезде бойымды үрей билеп, атамды жолдың арғы жағынан жүгіріп іздей бастадым. Қанша жүргенім есімде жоқ. Төменге түсе бердім, түсе бердім. “Электрон” аялдамасына жақындап келе, сондағы бір жағы жарық орындықта отырған атамның сұлбасы көрінді. Жақындап келе жаттым. Атам қозғалар емес. Әлдебір нүктеге қарап отыра берді. Тағы жақындадым. Атамның тақиясы жерде жатқан, үсті-басы шаң, аяғында кебістері жоқ. Жақындап бардым да, “Ата-ау!” дедім. Атам белгісіз тыныштықтан басын көтерді де, маған ұзақ қарап тұрып, әлденені есіне түсіргендей жүзінде бір сәкіндік пайда болды.
- Садығым-оу, Атаң ауырып қалды ғой... - деп аздап дірілдеген үнмен маған қарады да, қолын созды.
- Ата-ау, ауырмаңызшы бұдан былай! - деп алдына отыра қап атамды құшақтап өксіген үнмен атама жалбарына бастадым.
Атамның үстін қақтым да, басына тақиясын кигізіп, қолынан жетектеп үйге алып келдім. Жолда келе жатып атамның есі біресе өзінен қалар, ал қайта есін жиып алған кезде, мені жоғалтып алмайын дегендей қолымнан жібермей қатты ұстап алып әлсін үйге қарай басып келер еді. Есін қайта жоғалта бастаған сәтінде қолын жіберіп қояды. Ол кезде мен атамның қолынан жібермей ұстап аламын. Үнсіздікте ақыры үйге жеттік. Есікті ашқан апам атамның күйін көріп “Әәәй, не..?” деп сұрайын деп жатқанда апама үндемеуге ишара беремін. Атам үйге кіріп, айналасына қарайды. Иә, өзінің үйі. Аздап қарттықтан төмен түскен қабағында бір тыныштық пайда болады.
- Ата, жүріңіз шомылып алыңыз! - дедім қолынан жетелеп.
Атам үнсіз артымнан ілесті. Жуынатын бөлмеге кіргізіп, атамның киімдерін шешуге көмектесе бастадым. Қолымен суқұйғыштың иегіне сүйеніп, ваннаға кіргісі келгенімен күші жетпеді. Артынан өзім келіп атамды демеп, аяғын аттатып жібердім. Себелгінің құлақтарын бұрап, жылы күйге келтіріп алдым да, жүзімді кері өңгерген күйі атамның үстінен су құйдым. Әлсіреген қолдарымен басын денесін жуар еді. Атамның әлі қалмаған екен. Қолыма арақ сабынды алдым да, атамның денесін сабындай жөнелдім. Сол мезет атам өзін жуындырып жатқан маған қарауға ұялды да, көзін менен мекенсіз бір нүктеге тайдырып, қолдарымен “әбүйірін” жапты да, теріс бұрылып тұрып алды. Арқасын, аяқтарын, белін жуып болғанымнан соң, атам сабынды сұрады:
- …
- Мақұл, қалғанын өзіңіз жуа ғойыңыз… - дедім атамның аздап дірілдеген қолына ұсынып.
Мен дәл сол сәттен 74 жасар атамның бір мезетке қаншама жылдар қойнауында қалған пәк төрт жастағы менің өзіме айналып кеткенін көрдім… Сол күн менің есімде қалып кетіпті.
Атам қайтқалы он жылға жуық уақыт өтті. Тағы екі адымда өзімнің жасым отызға келеді екен. Қазір бала кезімде атамдағы маған ұнайтын яки ұнамайтын мінездердің енді өзімде пайда боп жатқанын байқап қалам кейде. Үйдегілермен сөйлесіп отырғанда даусыммен қатарласа, ішімде марқұм атамның үнінің жаңғырығы естіліп қалады. Бағзы сәттерде санамның бір жағы бөлініп, әсті-әсті атамның өзіне айналып бара жатқандай сезіледі маған...
Садық Шерімбек