Хафиз Хорезми (шын есімі – Абдулрахим) XIV ғасырдың екінші жартысында Хорезмде дүниеге келген....
Бір қайыры бар дүние
2136
Бір қайыры бар
Баяғыда Африкадағы ұшы-қиырсыз сахараға билік жүргізген бiр әмiршi алмас кездiкпен алма аршып жеймiн деп, саусағын байқамай кесiп алыпты. Сөйтiп, сарай қызметшілері бәйек болып, қолына киiз күйдiрiп басып, әбiгерге түсiп жатқанда бас уәзiрi әрі жақын досы: «Қапа болмаңыз, патшам, бұдан да бiр қайыр бар шығар» деген екен.
Мұны естiген әмiршiнiң көзi шақшиып, алмас кездiкке бiр, жерде жатқан саусаққа бiр қарап, қып-қызыл боп ашуланып кетедi де: «Ой, ақымақ, бұдан не қайыр болушы едi?! Сен менi мазақ етейiн деген екенсiң! Әй, жендеттер, әкетiңдер мынаны. Зынданға апарып тастаңдар!» деп кәріне мініпті.
Әмiршiнiң бұйрығын жендеттері екі етпей, әп-сәтте орындайды. Бiрақ сәлден соң саусағының қаны тиылып, ашуы басылған әмiршi: «Әй, әлгi пақыр зынданға түсiп бара жатқанда не дедi? Тәубасына келiп, кешiрiм сұрады ма?» дейдi. Сонда жендеттер: «Жоқ, тақсыр. Бiз оны зынданға алып барғанда: «Бұдан да бiр қайыр бар шығар» деп, бiр ауыз сөз айтты да, өз еркiмен түсiп кете бердi» дептi. Сонда әмiршi басын шайқап: «Әй, ол расында да, ақылынан алжасқан екен. Бәлкiм, қараңғыда жатып, есiн жияр. Қайыр дегенді қайдан тапқан өзі?» деп ойлайды.
Күндердiң бір күнiнде ол қасына бiр топ нөкерлерiн ертiп, аң аулауға шығады. Қанжығаларын майлап, қызық қуып, сайран салып жүргенде, әлгi қалың орманды мекендейтiн адам жегіш жабайы тайпа тұтқиылдан бас салып, аяқ-қолдарын байлап, тұтқынға алады.
Сөйтiп, бiр-бiрден сойып, етiн қазанға салып аса бастайды. Кезек әмiршiге жеткенде жабайы тайпаның жендеттерi оның бiр саусағы жоқ екенiн көредi де бастарын шайқап, «бұл жарамайды» дегендей белгi жасайды. Сiрә, бiр мүшесi кем адамды олар жемейтiн болса керек. Содан соң патшаның қол-аяғын шешедi де, тұтқыннан босатып жiбереді.
Арып-ашып елiне келген әмiршi есiн жиып, саусағына қарап ойланып отырып: «Әлгi досымды, бас уәзiрдi алып келiңдер!» деп бұйырады. «Қап, әттең! Қателік менен кеткен екен» деп өкінеді. Ол келген соң басын иiп, құрмет көрсетiп, болған жайды түп-түгел баяндап бередi де: «Сен айтқандай, бұдан да бiр қайыр бар екен» деп кесiлген саусақтың орнын көрсетедi.
Содан соң, әміршіге тағы да бiр ой түсiп: «Бiрақ сен өзiңдi зынданға салғанда да осы сөздi қайталаған көрiнесiң. Айтшы, одан не қайыр көрдiң?» деп сұрайды. Сонда бас уәзiрi иiлiп, төмен қарап: «Тақсыр, сiз менi зынданға салмағаныңызда, өзiңiзбен бiрге аң аулауға алып шығатын едiңiз. Әлгi пақырлармен бiрге мен де сол жабайыларға жем болар едiм» деген екен.
Қалың кітап
Түріктің белгілі қаламгері Хекимоғлы Ысмайыл өзінің ойтолғауында:
«Үйімде үлкен кітапхана бар. Мінеки, өзіме қарама-қарсы қалыңдығы кереқарыс заң саласына арналған кітап тұр. Бұл кітапта заң да бар, ереже де бар, түрлі түсініктеме де, ақыл-кеңес те бар…
Неге бұл кітап соншалықты қалың? Заң саласына қалыңдығы кереқарыс кітап керек пе? Елдегі жағдай бәрімізге белгілі…
Сөйтсем, елдің руханияты неғұрлым әлсіресе, көркем мінезінен ажырап мәдениетсіздікке бет бұрса, соғұрлым заң көбейе береді екен ғой» деп жазады.
Кітаптың қалыңдығынан қайыр іздейтін заман-ай!
Патшадан асқан кім бар?
Орта ғасырларда Англияда мынадай бір қызық дәстүр болған екен.
Ел ішінде біреу қайтыс болса, шіркеу қоңырауы бір мәрте соғылады. Сонда ел-жұрт бір кісінің о дүниеге кеткенін бірден біле қояды да, қаралы үйге барып көңіл айтып, қолындағы барын беріп көмектеседі. Ал елге сыйлы зиялы адам қайтқанда, қоңырау екі мәрте соғылғанын естіп, қалың елдің қабырғасы қайысады.
Егерде патшаның жақын туған-туыс, дос-жарандарының бірінің дәм-тұзы таусылса үш мәрте, патшаның өзі көз жұмса төрт мәрте соғылып, азан-қазан болады екен.
Бір күні әділдіктің ақ үйі атанған сот жазықсыз бір адамды айыптап, үкім шығарып жазалайды. Сонда әлгі шіркеудің қоңырауы бір емес, төрт емес, бес рет соғылады. Ел-жұрт аң-таң.
– Ойбай-ау! Бес мәрте соғылғаны қалай? Патшадан асқан кім бар? Кімнен айырылдық? – деп, шіркеу алдына жиналған жұрт поптан сұрайды. Сонда поп жирен сақалын сипап тұрып:
– Иә, патшадан асқандар бар… Артының қайырын берсін! – дейді шыдамы таусылған елге қарап.
– Әділдіктен айырылдық!
Қозғалыстағы көр
Бұл өмір биік ағаштың көлеңкесіне жайғасып алып, айналаға көз тастап, таңғажайып дүниені тамашалау үшін берілген сыңайлы көрінеді, кейде. Бірақ көлеңкенің ғұмыры күн батқанша ғана жалғасады емес пе?!
Біреу алу үшін ғана тізе бүгеді, біреу беру үшін.
Біреу жасау үшін ғана жайғасады, біреу жасату үшін.
Біреу өзі үшін ғана өмір сүреді, біреу өзге үшін.
Кейде кімнің қалай ғұмыр кешкенін ақтық сапарға шығарып салғанда ғана білесің. Ақ ниетімен талай дүниені сомдаған, кіршіксіз көңілімен талайға қанат бітірген, ұлттың ұйытқысы бола білген жайсандарды қара жерге қимайсың. «Әттең, қазір елге сіздей адам керек еді-ау!» деп егілесің…
Зұлымдықтың қайтқаны – ғибрат.
Зұлымдықтың құрбаны – трагедия.
Зұлымдықтың басы – рухсыздық. Яғни, рухтың өлгені. Түрік ойшылы Жәмил Меричтің сөзімен айтқанда, «қозғалыстағы көрге» айналу.
Мұндай «көрлер» көбейді. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі». Әлемнің қай құрлығына қарасаң да қуарып, сарғайып жатқан сар даланы, мүжілген тауларды, бұлқынған теңізді, өз ұрпағының игілігін желге шашып жатқан адамдарды көресің. Зұлымға қошамет көрсеткен, құм ішінде адасып жүрген наданға жолығасың. Мәдениетсіздіктің шегіне жеткен, адамгершіліктен ада болған арсыздың көрі қашан қазылар екен…
Селжуктердің сөз зергері Махмұди Ақсарай: «Жараға дәрі жақсаң жазылады. Ал жаның ауырып, күңіренгенде не жағар екенсің?» дейді.
Құдайдан қайыр тілегеннен басқа шара жоқ.
Өзгеге жасағаны, өзінің алдынан шығады
«Мың бір түннің» әйгілі кейпкері, әділетті әмірші Харун Рашит сарай бағында құлпырып өскен қызыл раушанды қатты ұнатқан екен. Гүлдің түсі де, жапырағы да сондай көз тартатын. Бір күні ол:
– Мына гүлді көргенде, бір демалып қаламын. Сен осы гүлге мұқият қара, суарып жүр, жапырақтары солмасын. Басыңмен жауап бересің! – деп бағбанға бұйырады.
Бағбан әміршінің айтқанын бұлжытпай орындап жүреді.
Бірақ күндердің бір күнінде гүлге келіп қонған бұлбұл құсты көргенде бағбанның жүрегі суылдап, көңілінен маза қашады. Ерке құс ұшып-қонып, гүлдің жапырағын түсіріп кетеді.
– О, патшам! Анау бұлбұл, – деп солығын әрең басады бағбан. – Гүлдің жапырағынан түк қалдырмады. Не істейміз енді, не істейміз?!
Көпті көрген Харун Рашит сабырлық сақтап:
– Абыржыма, бұлбұлдың істегені алдынан шығады! – дейді.
Көңілі жайланған бағбан баққа қайтып оралады. Арам шөптерді жұлып отырғанда, әлгі бұлбұлды бір жыланның ұстап алып, ирелеңдеп бара жатқанын көреді. Дереу әміршісіне өз көзімен көргенін айтып келеді:
– О, патшам! Гүлдің жапырағын жұлған құсты бір жылан ұстап алды.
– Қапа болма, жыланның істегені де алдынан шығады! – дейді халифа.
Бағбан қайтадан баққа барады. Жерге еңкейе бергенде, әлгі құс ұстаған жыланды көріп, шошып кетеді де, қолындағы күрегімен бір ұрып өлтіреді. Сөйтіп, әміршісіне қайта келіп:
– О, патшам! – дейді бағбан. – Құсты ұстаған жыланды күрекпен ұрып өлтірдім.
– Айтарға сөз жоқ, сенің де істегенің алдыңнан шығады, – дейді халифа.
Халифаның дегені болады. Бір күні бағбанның бақталасы келіп, екеуі шайқасып қалады. Бағбан оның басын жарып қойып, сотқа тартылады.
– Зынданға лақтырыңдар! – дейді халифа.
Әбден қалжырап біткен бағбан бұрылып әміршісіне қарап:
– О, патшам! Бұлбұл құстың істегені алдынан шығады деп едіңіз, ақыры оны жылан жұтты. Жыланның да мұнысы алдынан шығады дедіңіз, оны мен өлтірдім. Маған да жаза кесілді. Ал сіз ше? Сіздің алдыңыздан ештеңе шықпай ма? Егер айтқаныңыз рас болса, шығады ғой, – дейді.
– Сонда не дегің келеді? – деп сұрайды әмірші.
– Мені кешірсеңіз, сізді де басқалар кешіретін болады.
– Бағбанды босатыңдар! – деп бұйырады халифа. – Баудағы жұмысын жалғастыра берсін!
Сол бір сәтте уәзірлер:
– Жазасын бермесеңіз, айыбы сол күйінде қала береді, – деседі.
– Жо-жоқ, – дейді Харун Рашит. – Әр адамның істегені алдынан шығады! Бұ дүниеде көрмесе де, о дүниеде еселеп тартады. Ал ұйқылы-ояу жүрген ғапылдар оны түсіне бермейді. Алланың әділдігі солай!
Кісінің жасаған қайыры да босқа кетпейді…
Ақ сәлде
Ыстамбұлдағы байырғы заманның Топқапы сарай-мұражайында Жүсіп нәбидің ақ сәлдесі кіршіксіз таза күйінде сақталған.
Музейге барған сайын, пайғамбар киген сәлдені көрген сайын кеудеде ұялаған сенім қайта жанданады, қайта оянады…
Арды арқау еткен пайғамбар ақ сәлдесіне еш уақытта кір жуытпаған: «Уа Раббым! – деді (Жүсіп), мына зындан мені шақырған әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақсы.»
Неліктен?
Өйткені өз арын сақтамаған, намысын қорғамаған адам елдің ар-абыройын қалай қорғайды?
Ақ сәлдеге қонған қара шыбын еріксіз көзге түседі. Сәлде дегеніңіз – ғалымның ғазиздігі, адалдың адамгершілігі, тақуаның тазалығы емес пе?
Әсілі, сәлдеге кір жұқтыратын бастың өзі.
Шынтуайтында, сәлденің ақ түсті болуында да бір қайыр бар.
Мәлік ОТАРБАЕВ