Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында зорлық-зомбылық құрбандарынан келген...
«Ауылдан шыққан миллионер»: Балаларға арналған жаңа кітап жарық көрді
ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның жасөспірімдерге арналған «Ауылдан шыққан миллионер» кітабы таныстырылды.
Кітап «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қолдауымен жарық көрген.
«Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қазақ қаламгерлерінің балаларға арналған үздік шығармаларын көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алу керек екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы осы мәселеге дер кезінде назар аударып отыр. Қазақтың көркем сөз өнерінде балалар әдебиетінің діңгегі мықты дәстүрі бар еді. Тіпті әдебиетіміздің әліппесі саналатын ауыз әдебиетімізде балалардың таным-түсінігі мен қиялына әсер ететін қаншама жауһар дүниелер бар. Кезінде Бердібек Соқпақбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қадыр Мырзалиев, Қалқаман Әбдіқадыров, Әнуарбек Дүйсенбиев сияқты ақын-жазушыларымыз балалар әдебиетінің шедеврлерін дүниеге әкелді емес пе? Қазір бұл дәстүр неге үзіліп қалды деген заңды сұрақ туындайды (...) «Ауыл» партиясы осы игі бастамаға алғашқылардың бірі болып үн қосып, Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын басып шығарып, туындының тұсаукесерін ұйымдастырды», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев кітаптың тұсаукесерінде.
Оның айтуынша, хикаят кейіпкері Жомарт секілді жас миллионерлер әр ауылдан шықты. Бірақ олардың қиындық пен қызыққа толы хикаялары көркем шығарма болып жазылмаған.
«Сәуле Мағазбекқызы осындай ауылдан шыққан миллионер азаматтардың жиынтық кейпін жасап отыр. Кітапта ерте жастан еңбекке бейімделу, заманның ауанын дөп басып, тіршілікке араласу, сол арқылы діттеген мақсатына жету сияқты қазіргі жастарға ауадай қажет мотивациялық сюжеттер шебер өрілген. Баланың есейе келе анасына қарайласуы да ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтардың көркем туындыдағы әдемі көрінісі екені анық», - дейді партия басшысы.
Сонымен бірге, тұсаукесерге келген белгілі публицист, қаламгер, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйіне тоқталып, қазіргі жас оқырмандардың ішкі сұранысына жауап беретін «Ауылдан шыққан миллионер» сияқты шығармалардың аса қажет екенін атап өтті.
«Бұл менің оншақты жыл көкейімде жүрген тақырып болды. «Алтын қалам» байқауына қатысқанда бұл шығарма 41 мың дауыс жинады. Жеңіске жетпесе де, халықтың ықыласына бөленді. Сонда Әли мырза сайттан байқап қалып, өзі хабарласып, кітап етіп шығаруды ұсынды. Ол үшін әрине зор алғыс айтамын. Хикаядағы Жомарт – өзіме ең жақын кейіпкер. Өйткені, менің арманым – қазақтың балаларының Жомарт сияқты болуы. Ауылдағы балалардың әрқайсысы өз деңгейінде қиындық көріп жүр, әлеуметтік жағдай қиын. Бірақ, сол балалардың үміті болуы керек, кеуделеріне сәуле жағатын адам болуы керек (...) Ұлттық кітапхана да биыл балалар әдебиетіне көңіл бөліп жатыр, балаларға арнайы бұрыш ұйымдастырды. Сол үішн биыл тек балаларға арналған шығармалар жазып жүрмін. Қазір Жақсылық Үшкемпіров туралы «Біртуар» романын жазып жатырмын», - дейді кітап авторы Сәуле Досжан.
«Ауылдан шыққан миллионер» мың тиражбен жарық көрген және сатылымға шығарылмайды. Кітаптың 100 данасы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына берілді және қалғаны ауыл кітапханаларына тегін таратылады.