Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы 2019 жылдың 4 қазанында "Рухани жаңғыр...
Баһрам Садеқи. Шиеленіскен орам
1677
(әңгіме) Қол сияқты көрінбейтін, бірақ сезіп, түйсінетін бір нәрсе бар. Сол мені арлы-берлі итереді... Иә! Басыңызды сәл жоғары көтеріп, қабағыңызды ашып, күлімсіреңіз. Көзіңіз дүрбіде болсын. Үшке дейін санаймын. Қозғалмауға тырысыңыз. Әйтпесе суретіңіз жаман шығады. Дайын болыңыз! Бір, екі, үш... Екі күннен кейін суретін алайын деп фотоательенің баспалдақтарынан жоғары көтерілді. Фотограф берген түбіртекті қолына қысып тұрып, екі күн бұрынғы өзіне қойған сұрақтарды есіне түсірді: - Атыңыз? Ол атын айтты. - 6х4? Әдеттегідей? Ашық хат сияқты қалай? - Бір данасын үлгі ретінде шығарыңыз. - Бүрсігүні кешке дайын болады. Сағат сегізде. Есікті ашпай тұрып, сағаттың сегізден кеткенін көрді. Ішінен: «Ендігі міндетті түрде әзір болды», – деп күбірледі. Үстел басында отырған фотографтың көмекшісі сәлеміне жауап берген соң орындыққа отырды. Оған танымағандай қарап: - «Өзі жоқ сияқты ғой?» – деді. - Неге? Қазір ғана осында болған. - Міне, түбіртек... Түбіртекті қалтасынан алып, үстелдің үстіне қойды. Фотографтың көмекшісі оны оқыды да, басын құрметпен изеп: «Иә, мырза, бүгін кештікі. Бірақ сәл күте тұрыңыз, өзі келсін», – деді. «Шаруа күтіп тұр» дегісі келген, бірақ тек «шаруа...» деді де орындыққа батып кетті. Көмекші оның жұмысын тастап, суретін алуға келгенін, фотограф жоқ болғандықтан ренжігенін түсінді, бірақ амал не? Көңілін басқа жаққа бұруды жөн көріп, альбомды парақтай бастады. Бірақ тағы да: - Келмей ме? – деді. - Неге келмейді? Қазір, міне... Ол қабырғаға ілінген суреттерді тамашалауға кірісті. Он бес минуттан соң фотограф келді. Жетпей жатып, сөйлей кірді: - Қош келдіңіз, мырза! Көмекшісінен: «Мырзаның келгеніне көп болды ма?» – деп сұрады. Ол орындықтан тұрып, үстелдің алдына келіп, екі қолын шетіне қойды. Фотограф шеберханасынан суреттерді әкелді. - Қане, осы ма екен? Иә, дәл өзі... Ол қолын созып, суреттерді алып, азырақ қарап тұрды да: - Бұлар емес. Қателестіңіз... - Қалай дедіңіз? - Қателестіңіз. Менің мұртым жоқ. Бұл суреттердегі адамның мұрты бар. Сонымен қатар, мен басыма қалпақ кимеймін... Фотограф суреттерді жылдам қолына алып, анықтап қарап, оған бұрылды: - Қызық... Бірақ сізге қатты ұқсайды. - Ұқсастық? Ұқсастығын қайтемін.. Мен бұны қабылдамаймын. Фотограф сәл мүдірді. Көмекшісі әлгінде сыртқа шығып кеткен болатын. Себебі ол не істерін білмей, сыртқа шыққанды жөн көрген еді. Шеберханаға барып, тағы бір бума сурет әкеліп, үстелдің үстіне жайып, іздеген күйде, ернінің ұшымен: - «Мыналар емес», – деді. Қыздың суреті. - Бұл да емес. Бір әйелдің суреті. - Мынау да емес. Баланың суреті. - Мынау? Біресе суретке, біресе оған қарап: - Мынау сізге қатты ұқсайды. Қалпағы да жоқ. Бірақ тағы мұрты бар. Ол басын алға созып: «Қане, қалпағы да жоқ», – деді де сөзін жалғап: «Сізге қатты ұқсайды деген не сөз? Менікі екенін мен қайдан түсінемін? Мен жүзімді көрмеймін ғой. Қандай екені есімде жоқ. Суреттер араласып кетпейтіндей сіздерде тәртіп пен жүйе жоқ па? Нөмірлемеуші ме едіңіздер?» – деп сұрады. - Неге? Нөмірлейміз. Тәртіп пен жүйе де бар. Олақ адамнан сақтасын. Мына көмекшім бәрін шатастырып, араластырып жіберген. Мәселен, сіздің түбіртегіңіздің нөміріндей үш түрлі сурет бар екеніне көңіл аударыңыз. Өмір бойы жұмыс істегенде күніміз бүгін шәкіртке түсті. Тіпті, аспаннан түскендей. Ештеңе түсінбейді. - Сонымен не болды? Қашанға дейін бұл жерде тұруым керек, фотограф мырза? Фотограф мырза суреттерді тағы аударып-төңкерді. - Бұл да емес. Тарихи бір ғимараттың суреті. - Міне, дәл өзі Ол суретті жұлып алып: - «Қайтіп, дәл өзі? Ештеңесі маған ұқсамайды. Менің костюмім қашан осындай болыпты?» – деді. Фотограф отырды. Селқос жауап беріп: «Онысы енді маған қатысты емес. Мүмкін алдыңгүні киіміңіз осындай болған шығар. Бүгін ауыстырып келдіңіз», – деді. - Мүмкін емес. Фотограф тағы орнынан тұрды. Иығын көтеріп: «Бұл жерде енді басқа ешқандай сурет жоқ. Осылардың біреуі» – деді. Ол тісін қышырлатты. Сәл тынышталған соң: «Бұлар менің суретім емес. 6х4 алты суреттің бір ашық хатпен ақшасын алдыңыз, енді беріңіз», – деді. Фотограф үш бума суретті алдына қойды. - Міне, сіздікі. Басыбайлы өзіңіздікі. Ашуланудың қажеті жоқ. Құдай ақы, мен түсінбеймін. Мырзаның үш түрлі бейнесі бар: біреуі мұртты, қалпақпен; екіншісі мұртты, қалпақсыз; үшіншісі мұртсыз, қалпақсыз. Сүйгеніңізді алыңыз. - Сүйгенімді? Сүйгенімді таңдауым керек пе? Құрметті мырза! Фотограф мырза! Я есің ауысқан, я мені мазақтап тұрсың. Сен кәсіпкер емессің бе? Мүштәриің болмады ма? Жұмыс істеп, өмір сүргің келмей ме? Әлемнің қай жерінде бір адам суретін алуға барғанда үш түрлі сурет беріп, алдына тастайды? Тіпті келеке етіп: «Үш сурет те жоғары мәртебелі мырзанікі. Қалағаңынды ал», – дейді? Алдыңгүні суретке түскенде көзің көр болып па? Не мұртым, не қалпағым болған жоқ. Костюмім де мұндай емес. Фотографтың шарасы таусылды. Қолын бір-біріне ысқылап, өзін ұстауға тырысты. Әдеппен, сөзін салмақтап жауап берді: - Мұның бәрі рас. Барлық сөз дұрыс. Мен де келісемін. Құдай ақы, мұның бәрі – араластырып, нөмірлерін шатастырып жіберген менің мына ақымақ шәкіртімнің кінәсі. Еш кідірместен, сізге ұсынар едім. Осыншама сөз бен ұрыс болмас еді. Алайда мен қатты таңғалып тұрмын. Мына үш сурет қалай сізге ұқсайды. Тура сіз сияқты. Тіпті білмеймін, сіздікі ме немесе сізге ұқсайтын басқа адамдікі ме. Сіздің түпнұсқа суретіңіздің қандай болғанын білмеймін. Сонда қалай болғаны? Сіз өз жүзіңізді ажыратпайсыз ба? - Мен ажырататындай, сіз ажырата аласыз ба? - Неге ажыратпаймын? Сіз қазір маған қай кезгі болмасын, бір суретті көрсетіңіз. Менікі ме, мен емесіпін бе, бірден айтамын. Таң қалып отырмын. - Таңырқайсың ба? Дүниедегі адамдардың барлығы өздерінің суреттерін тануға міндетті ме? Сен фотографсың. Сенің жұмысың. Қай тауық өз жұмыртқасын ажыратады. Қарашы, адамдарды қалай алдайды. Үш-төрт күн күттіріп қойып, жұмыстары мен тіршіліктерінен үзіп, кейін осындай жауап береді. Фотограф жылауға шақ қалды. Қалтасынан айна шығарып, оған ұсынып: - «Бұл енді оңай іс. Қара! Түрің суреттегідей ме, жоқ па?» – деп сұрады. Ол айнаны алып, қарады. Айнаны қолына ұстаған күйде орындыққа отырып, мұрнының астынан міңгірледі. Кенет айнаны фоторграфқа қайтарып, екі қолымен басын сығымдап, қысты. Фотограф ақырын сұрады: - Көрдің бе? Ол орнынан тұрып, тағы үстелдің алдына барып, суреттерді алып, қарады да фотографқа қайтарып берді. Фотограф: «Егер отыра тұрсаң, мына суреттердің иелері келеді. Өзіңе ұқсайтындарды танысаң жаман болмас», – деді. Ол есік жаққа барып: «Бәрі жалған. Бұлардың ешқайсы менің суретім емес. Менің шынайы суретім қандай болып шыққаны белгісіз. Мені мүмкін суретке түсірмеген де шығарсың. Былай суретке түсіруіңмен құрып кет!», – деді. Ол кеткен соң фотограф жынды адамша бөлмені айналып жүрді де қойды. - Құдай-ау! Жынданып барамын. Өзін қалай танымады? Мына суреттің барлығы қалай оған ұқсайды? Терезеден өзімді тастап жіберуге аз-ақ қалдым. Шәкірті ішке енді де: «Әлгі кісі суреттерін алды ма? Қарсыдағы фотоательеге еніп бара жатқанын көрдім», – деді. Парсы тілінен аударған: Айнаш ҚАСЫМ АВТОР ТУРАЛЫ: Баһрам Садеқи - Иранның жаңа дәуір әдебиетінің өкілі, жазушы Баһрам Садеқи 1936 жылы Наджафабадта дүниеге келіп, 1984 жылы Теһранда қайтыс болды. Ол Исфаһанда орта мектепті бітірген соң Теһран университетінің медицина факультетінде оқыды. Садеқи «1950 жылдардың екінші жартысындағы Иранның ең мықты прозаигі» деген атқа ие болды. Ол «Малакут» (Аспан патшалығы) романын (1961 ж.) Садеқ Һедаяттың «Соқыр байғыз», Тақи Моддаресидің «Йакулиа ва танһайие вей» (Йакулиа мен оның жалғыздығы) шығармаларынан шабыт алып жазды. «Сангар ва ғомғомеһайе хали» (Жертаса мен бос торсық) (1970 ж.) – Садеқидың қысқа повестер жинағы. Ол повестерінде ащы да сарказмға ие көзқарасымен өздерінің жоғалтқан болмыстары мен бірсарынды, қамықтыратын өмірлерінен қиналып, түңілген қызметкерлер мен зиялылар туралы сөз қозғап, оқырманның санасын күдікпен таныстырды.