Басшыларға «Қазақша сөйлемедің» деп те ренжімейікші - Қанағат Әбілқайыр

ӘДЕБИЕТ
3387

Қанағат ӘбілқайырҚанағат ӘбілқайырТіл!

Әйелім телеарнада істейді. Сіздер оның сөзін түсінесіздер ме, білмеймін, өзім о баста «Осы не айтты?» деп, аң-таң болып жүрдім. Кеше екеуміз жап-жақсы шәй ішіп отырғанбыз. Несиенің зары ойыма түсіп кетіп:

- Осы біздің кредит қашан бітетін еді? – дедім. Сөйтсем:

- Үстіміздегі жылдың аяғында – дейді. «Дұрыс түсінбей қалдым ба?» деп қайта сұрадым.

- Үс-ті-міз-де-гі!

- Сонда ол қай жыл?

- Биыл! Биыл бітеді. Не болған саған?

Күйіп кеттім.

- Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң болмай ма? Сонда өткен жылды не дейсіңдер? Ол да үстімізде ме, әлде астымызда қалды ма?

Жоқ, рас, телевизорды қосып қалсаңыз немесе газет-жорналды ашып қалсаңыз: «Үстіміздегі жылы түсім мол болды, үстіміздегі жылы өйтті-бүйтті» дейді. Сосын, «Болып табылады», «Келуде, баруда», «Дей тұрғанмен», «ой-пікірмен бөлісті», «жұмыс жасайды», «қол жетімді» «жіберіп алмаңыздар», тағы басқа толып жатқан сөздері бар. Сонда бір жерге қонаққа барсаң, «Мынау біздің үйдегі келініңіз болып табылады» дейсіз бе? Әлде, досыңа «Моншаға барасың ба?» десең, ол саған «Бағасы қол жетімді ме?» дей ме? Кино немесе концерт корсетерде «Осыны жіберіп алмаңыз!» дейтіндері бар. «Жіберіп қоймаңыз» деген сияқты естіледі құрғыр... Сонымен... а, кешіріңіздер, әйелім қоңыраулатып жатыр. Қазір...

- Сізді мұқият тыңдап тұрмын...

- Әкесі, сіз кешігу үстіндесіз...

- Ой, мені қойшы, өзің жылжымайтын мүліктесің бе?

- Иә, көтерме және бөлшек сауда орталығына барып, қазір ғана жылжымайтын мүлікке кірдім. Барлық жерде аспан асты елінің заттары...

- Кімнің заттары?

- Ой, бәрі Қытайдың заты деймін! Ал, өзің қайда болып табыласың?

- Мен мына құрып кеткір жылжитын мүлік жылжымай қалып, соны шұқылап жатырмын.

- Қонақтар дер кезінде тиісті орыннан табылып, сен өкінішке орай кешігіп жүрме.

- Олар нешеде келеді деп жоспарланып отыр?

- Кешкі алтыға келеді деп күтілуде!

- Не істеуде?

- Күтілуде!

- Ой, қой, мынауың артықтау емес пе?

- Қай жері артықтау? Телевизордан күнде «күтілуде», «жоспарлануда» деп айтып жүрміз ғой.

- Е, бопты, күтіле берсін. Онда мен де барудамын.

- Айта кету керек, ақыры бәрі келеді ғой деп, бүгінгі күн тәртібіне Бәтіштерді де енгіздім...

- Ойбай, ол бізге кім болып табылады?

- Туу, сен-ақ ұмытасың да қаласың. Ол ана құдаңның туған қарындасы болып табылады ғой.

- А, құдаша деші?.. Дейтұрғанмен ол...

- Иә, иә, құдаша! Ешқандай дейтұрғанмен емес!

- Е, бопты. Мен де жылжу үстіндемін сізге қарай...

- Әй, әкесі, асықпай абайлап жүр. Жолда жол-көлік апаты орын алмасын!

- Дәл осыны айтпашы, бәйбіше.

- Әкесі, ау, әкесі, айтпақшы, жол-жөнекей бір мөшек қара алтын ала салшы...

- Не ала сал?

- Қара алтын, яғни, көмір ала сал деймін. Монша жаққанға...

- А, иә. Құрсын, шатасып біттік қой. Осы журналистер біртүрлі, қара халық біртүрлі сөйлегенді қашан қоямыз а?..

Тырнақшаның ішіндегі әңгіме

Осы, қазақтар, қызық! Ауыл тозып кетті, жол жаман, жергілікті халықтың жағдайы жоқ деп шулайды. Оның несіне шулай бересіздер. Өткенде ғана көздеріңізге шұқып тұрып айтты ғой. Біз мәңгілік елміз. Яғни, басқалар мәңгілік емес. Өледі. Ал, біз Құдай сияқты «мәңгілікпіз». Мұндай бақыт бұған дейін де, бұдан кейін де басқа ешқандай елге бұйырмаған. Өзге қазақтар сияқты бұрын мен де «Үкіметтегілер халықтың жәйін ойламай не істеп отыр?» деп жазғыратынмын. Қазір сол асығыс пікірім үшін кешірім сұраймын. Олар өткен жиырма жылда бізге мәңгілік өмірді алып беріпті. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей. Сондықтан, енді қазақтың мұңын айтуды, дәу қалалар қазақша сөйлемейді дегенді қоялық. Біз мәңгілік елміз. Осы жүз жылдықта болмаса келесі жүз жылдықта тағы бір-екеуміз үй аламыз, тағы бір-екі өзге ұлт қазақша үйренеді. Бәрі ақырын-ақырын болады.

Айтпақшы, ұмытып барады екем, басшыларға «Қазақша сөйлемедің» деп те ренжімейікші. Қазақ тілі әркім сөйлей беретін, өсегін айтатын арзан тіл емес, мемлекеттік тіл! Өзге елдер мемлекеттік тілінде сөйлесе, оларда оны алмастыратын өзге тіл жоқ! Ал, бізде ресми тіл бар емес пе?..

Есеп!

Біздің елде жыл сайын облыс, аудан әкімдері халық алдында есеп береді. Елбасына кезек кіріп, министрлер мен өзге де шенеуніктер сасып-салбырап әлдене айтып жатады. Оған бәріміз үйренгенбіз. Әлеуметтік желілер сәнге айналғалы бері қалың қауым да есеп беретінді шығарды.

Бұрын-соңды кофе ішіп көрмеген біреу арғы аталарынан бір артығын көрсетейін деді ме: «Кофе ішіп отырмын» деп жарты әлемге жар салды.

Өмір бойы аспанда қалықтап жүрген тағы бір қарындас: «Мен жер басып тұрмын» деп, суретін жариялады.

Тұла бойы түгел демократияланып кеткен тағы бір дос: «Мен әжетханада отырмын» деді күшеніп.

Меніңше, бәрі дұрыс сияқты. Кімнің қайда, не істеп жүргенін сұрамай-ақ біліп отырғанға не жетсін. Осындай ойымызды айтқызбай білген тағы біреу: «Бір жасымнан екі жасыма дейін киіп, кейін ініме берген қайыс бәтеңкемді көргілеріңіз келсе, «Ақита» деген сайтқа кіріңіздер» деді ентігіп. Ентіккенін танауы делдиіп, әлеуметтік желіден қазір шығып кетейін деп тұрған суретінен байқадық.

Жаны нәзік тағы бір қыз: «Құрбыларым жылап отырғанымды түсіріп алыпты. Даусымды тыңдағыларыңыз келсе, «Мақита» деген сайтта» деді.

Мұны оқыған Байжұма қарап отыра ма? Үйінен ақтарып жүріп, қырық жылғы шұлығын тауып алды. Бүктеуге келмей, қатып қалған шұлық кез келген жерге сүйей салсаң, пышақ сияқты қадалып тұра береді екен. Құшырлана иіскеп, біраз толқып тұрды да, суретке түсіріп: «Тоғызыншы сыныптан он бірінші сыныпқа дейін тастамай киген шұлығым» деп жазды. Әлі де бірдеңе жетіспейтін сияқты. Ақылды емес пе, көп ойланбай: «Смайлк басуды ұмытпаңыздар» деп қосып қойды.

Миымызды ашытып, уақыт жұмсап, түрлі басылымды, ақын-жазушылардың шығармаларын оқығанша, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» осы өз қотырымыз қызық!..

Резюме

Әй, ол кісі қанша қолқаласаңыздар да сіздерге өз еркімен ағынан жарылып, өмірінің ағы мен қарасын жіпке тізгендей тамылжытып айтып бере қоймас. Білем ғой, ол кісіні мен көптен білем һәм өте жақсы түсінем десем де болады. Егер қарсы болмасаңыздар, Басекеңнің жүріп өткен жолынан азды-көпті мәліметті мен-ақ жария қылайын. Мұны енді өмірбаян дейсіздер ме, резюме деп қабылдайсыздар ма, өздеріңіз біліңіздер.

1953 жылы дүниеге келді.

1960 жылы орта мектепке барды. Ең алғашқы болып пионер, ең алғашқы болып комсомол қатарына кірді. Мектептегі ең белсенді оқушы және отряд кеңесінің төрағасы болды. Ең басты ерекшелігі, он жыл ішінде бірде-бір рет мұғалімге қарсы келіп немесе олардан сөз естіп көрген жоқ.

1970 жылы ең таңдаулы ЖОО-на түсті.

1973 жылы ЖОО-да жүріп “Негізі, дін – апиыннан да улы екен ғой” деген тақырыпта диплом жазды. Ең таңдаулы деген бес газет пен үш жорналға “Құдайды қойшы, кім ол сонша?”, “Құлшылықсыз да аманбыз”, “Діншілдігіңнен тіршілігің мықты болсын”, “Он сегіз мың ғалам комсомолдың табанының астында”, “Жұмақ партия белсендісінің үйінде” атты әр қайсысы атқа жабу болатындай көлемді-көлемді сын мақалалар жазды. Өзі бас болып, көненің көзі ретінде кейбір ауыл, аудандарда сақталып қалған мешіт-медреселерді, тарихи орындарды бұзу шараларын ұйымдастырды. Ел сыйынып, шүберек байлап кететін оқшау тұрған тал-дарақтардың бәрін кескізді.

1974 жылы “Бір кезде әлем сөйлеген латын тілі де өлді. Оның қасында бұған дейін малшы мен жалшының тілі болған қазақ тілі өлексесін сүйретіп әлі жүр. Түбегейлі орыс тіліне көшетін кезіміз жетті. Бір одақта бір ғана тіл салтанат құруы керек” деп бастама көтерді.

1977 жылы коммунистер қатарына кірді.

1978 жылы “Қазақ пен иттің айырықша ұқсастықтары және қоғамда алатын орны мен маңызы” деген тақырыпта кандидаттық қорғады. Онда ол қала көшелерінде қаптап кеткен иесіз қаңғыбас иттер мен үлкен қалаларға ауыл-аймақтардан тіршілік іздеп ағылып келіп жатқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігін салыстырып отырып жазды. Қазақ, мамбет, калбит, баран деген сөздерге қаңғыған ит деген атауды еш ойланбастан қосуға болады деп ол одақтың үлкен мінберінде тұрып 14 тілде емін-еркін сөз сөйледі. “Қазақша бір ауыз бірдеңе айтуға арланам” деп әзіл айтты. «Бір кездері үлкен қаланың орталық бақтарына «Иттер мен қазақтарға кіруге болмайды» деген тақтайша іліп қояды екен, мен сол уақыттың қайта оралғанын қалаймын» деп, қосып қойды.

1980 жылдан бастап еріктілерден құрылған “Ал қане, құртайық” деген топ құрып ауыл-ауылды аралап ел ішіндегі діни сауаты бар адамдардың бәрін қудалады. Екеуара отыра қалғанда сіріңкенің талымен немесе кәдімгі ойын картасымен “сүйеді, сүймейді”, “келеді, келмейді” деп пал аша қалған қарапайым жұрт басымен қайғы болып, қаңғып кетті. Қара суды теріс ағызатын, атан түйені аяқ-қолын жерге тигізбей алты сағат көк аспанда қаңтарып қоятын айтулы әулие-әмбие, бақсы-құшнаштардың қадірі қашты.

1986 жылдан 1988 жылға дейін желтоқсанда алаңға шыққан жастарды қаралаумен, оларды орға жығатын істерге куәлік етумен, олар – арандатушы, олар – ұлтшыл, олар – алқаш, олар – нашақор деген құжаттардың бәріне қол қоюмен айналысты. Сол кездегі деректерді, болмаса, басылымдарды ақтара қалсаңыз оның аты-жөнін оп-оңай тауып ала қоясыз. Есімі басқаша болып тұруы да ғажап емес. Бірақ аты-жөнінің астында “Бәлен газеттің бас редакторы”, немесе, “Халық әртісі”, болмаса, “Бәленше атындағы оқу орнының ректоры” деген аты дардай лауазымы міндетті түрде тұрады. Е, дейсіз.

1991 жылы бұл кісі қаншалықты қалады-қаламады, қоғам ол кісімен қаншалықты ақылдасты, санасты, оны бір өзі ғана біледі, әйтеуір ол уақытта елдің сөздік қорында көп кездесе бермейтін ТӘУЕЛСІЗДІК келіп жетті. (Ол осыдан үш-ақ жыл бұрын өзін қазақ емеспін деп мәлімдеп, ұлтын өзгерткен болатын. Осы арада айта кетейік, оның бала күнінде ел ішіндегі бір бұзақылар ұстап алып, “Араларыңда қазақ болса оңдырмаймыз” деген кезде “Қоя беріңдер, басқаларды білмеймін мен сығанның баласымын” дегені де әлі есімізде.)

1992 жылы бір жыл есеңгіреп және жаңа өмірдің аңысын аңдып жатқан Басекең “Жап-жаңа заман және ұлыдан да ұлы ұлт болашағы” деген қозғалыс құрып, қазақтардың мәселесін көтеріп, батыл-батыл пікірлер айта бастады. “Осы шыдағанымыз да жетер”, “Қайтер екен десе бастан ұратынды шығарыпты”, “70 жыл езгіледің, енді менің кезегім”, “Тіл құрыса менде құримын”, “Қазақсыз – Қазақстан: ойбай ол ақырзаман ғой” деген сериялы мақалалары аяғын жаңа ғана тәй-тәй басқан жас қоғамның көзінің жасын көл қылды. Көңілі босаған қоғам ыстық жастан көзі мұнартып қалталақтап-ақ кеткенде бір кісілер осыны пайдаланып, оған “Бәрібір орыс тілінің орны толмайды” деп сыбырлап үлгерді.

1993 жылдан бастап ол “Маған су да, құрлық та ыстық”, “Қос тіл – қос қанатым” атты екі мақалалар жинағын шығарып үлгерді.

1994 жылы “Құшағыңды аш – ислам әлемі” деген екі томдық шығармалары жарық көрді. Онда ол пайғамбарлар мен сахабалардың ерен ісі мен Құдайдың мәңгілігі туралы, ислам дінінің басқа діндерден ерекшелігі жайлы жеке-жеке тарау қылды. Осы жылдан бастап Құдай деген сөзді тек бас әріппен ғана жазатын болды.

1995 жылы қажылыққа барып келді.

Осы жылдан бастап “Ақтаңдақтарды көкорайға айналдыру” атты қоғамның төрағасы болып бекіді. Қазақтың ұзын тарихында ұлт үшін көз жұмғандардың бәрін жіпке тізіп, солар жайында деректер жинауды бастады.

1995 жылдан-ақ “Желтоқсанға он жыл: қайран да менің боздақтарым-ай” деген акцияны бастап кеп жіберді.

1996 жылдан бастап “Әулие кейіпті халық емшілері” бірлестігін құрып алды. Қай жерде мешіт ашылса немесе аруақтарға арналған ас беріле қалса, қалғып-мүлгіп дегеніміз қаридың намысына тиіп қалар, құран мақамына елтіп, сол жердің төрінде отыратын болды. Қазір оның “Ислам әлемінің көрнекті өкілі”, “Дін және біз” ислам ұйымының құрметті төрағасы деген атақ-абыройы бар.

1991 жылдан күні бүгінге дейін “Тәуелсіздікке секунд сайын тәу етем”, “Нұрлы жүзіңнен күні-түні айналдым”, “Жаса, жаса, жарқын күн”, “Еңсесі биік бәйтерек, бәйтерек болмаса қайтер ек” деген жыр жинақтары жарық көріп үлгерді.

Ең қызығы, 2004 жылға дейін осы қарқынымен құйындай ұшып келген ол сәл ентігін басқан соң күтпеген жерден бір өнер шығарды. Қай албасты басқанын кім білген, таң ертең тұра сала “Елімізде қанша тіл бар болса, соның бәрін білуге міндеттіміз” деп ұран көтерді. Осының алдында ғана “Давай бәріміз төлқұжатымызға “қазақстандық” деп жазып алайық. Ұлттың енді бізге не керегі бар” деп ескі әнін қайта қозғаған болатын. Енді “ақпатсамның билігі мәңгілік болсыншы, а” деп таңдайы тақылдап жүр еді, оны да аз көрді ме, осы екі-үш күндікте “орыс тілі мен ағылшын тілін кез келген қазақ өз тілінен кем көрмеуі керек” деп сайрап отыр. Оған не дерсіз...

Жалпы, 2008 жайлы ештеңе айтпай-ақ осы жылмен қоя тұрсақ қайтеді...

author

Қанағат Әбілқайыр

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...