Аудармашы болудан бас тарттымОсыдан отыз жыл бұрын «Қалалық газет қазақ тілінде шығатын б...
Ақұштап Бақтыгереева: «Боз даланың жусан иісін сақтасақ...».
Интеллектуальды сұхбат
Айгүл Кемелбаева: – Ақұштап апай, армысыз! Қазақ өлеңінде бір төбесіз. Ақұштап Бақтыгереева десе, оның дербес ақын екенін білетін жұрт елеңдейді. Ата тегіңізде жүректен өшпес Алтын Орда тарихының жаңғырығы тұрған жоқ па! Ормандай орысқа «Киреев» деген есіммен сіңген түркі қаны Қырым мен Донның қатпар-қатпар шежіресінен сыр тартары айқын.
Композитор, өнер зерттеушісі Илья Жақановқа арнау өлеңде: «Иілгеніңмен сынбадың, аға, / Біздің ән-жырды тыңдады дала. / Әбубәкір деген айтқыштың тегі, / Қош келіп айтып тұрғанын қара», – көгіңізді қошаметтейсіз.
Бергі атаңыз Әбубәкір Кердері зар заман ақындарының алтын шоғырынан көрінді. Елдік пен ерлікті, ар-иман, адамшылықты жырлады. «Жігітке бақыт та оңай, дәулет те оңай, / Болса егер қабырғалы халқы оның...», «Еділ-Жайық екі су, / Ел қонарға тар болды». Нұрмағамбет Қосжановпен айтысында Ашубай Жарымбетұлы (1879-1943) «Өлеңші ұялмаған болса-дағы, / Дариға, Әбубәкір болу қайда?» – деп мойындайды.
Ақұштап Бақтыгереева: – Бар бол, Айгүл сіңлім! Сұрағың қиялымды алысқа жетелеп әкетті. Иә, Алтын Орда тарихы. Бізге жұмбақ нәрселер, ата-баба тағдыры мен тарихы ойлап кетсек, жүректі сыздата бермек. Сол «Киреев» хан менің Бақыт деген әкеме Бақтыгерей болып тіркелуі де ұлтымыздың ұлы арманының бір шеті болмасына кім кепіл? Бүгін саналы ұрпақты мазалайтын сауал ата-бабаларға да аз салмақ салмаған шығар. Келер ұрпаққа өткенін еске салар көпір бола алсақ, бізде не арман бар?!
Илья Жақановтың бабалары Еділ-Жайық бойынан үш ғасыр бұрын кеткен көрінеді. Әжесі нөсер жауыннан кейін «Шіркін, Еділ-Жайық сияқты айнала суға толды-ау» деп қуанады екен. Сол ағамыздың Еділ-Жайыққа ән арнауы да тегін емес. Илья ағай Жайыққа оралып келгенде алдынан шығып, өлең арнағанмын. Ал менің тегімде сөз өнері қонған Әбубәкір Кердерінің қаны болса ше? Ол кісі қара сөзбен сөйлей алмайтын болған. 44 жасында жәрмеңкеде таңданған екі татардың көзі тиіп, өлген деседі. Әр шумағында үлкен философия жататын төкпе шешен, жырауды керітартпа деп оқытпай келген кезең ұрпақтың обалына қалғаны рас. Әйтпесе, Әбубәкір Кердері айтқан ойлы өлең бүгінгі еркіндік таңының ерлеріне де ауадай қажет дер едім. «Жасық туған жаманың,/Атқа мініп зор болмас. / Асыл туған бекзатқа, / Қой бақтырсаң, қор болмас. / Тегі таза жібекті, / Шұлғау етсең, бөз болмас. /Отыз ұлың жиналып, / Жол көрсетіп жүрсе де, / Тәңір өзі сыйлаған / Маңдайдағы көз болмас», – деп сөйлеген шешеннің айтқандары кезінде «Бисмиллямен» басталғандықтан, оқылмай қалды. «Еділ-Жайық – екі су» – сол заманда да, бұл заманда да есі барларға ой салатын ұлттық тағдырымыз.
Айгүл К.: – Қазақ лирикасы туралы арқалы ақын Жарасқан Әбдірәшев пен жас сыншы Тұрсынжан Шапаевтың әңгіме-сұхбатында («Жұлдыз», №6.1988) «Ақұштап Бақтыгереева секілді нәркес нәзіктігін қоспасыз асылзат қимастықпен сақтап қалғандары сирек», – бағалайды, ер мінезіне еліктеген, табиғатынан асып, еркек шора жырлар жазуға көшкен әйел ақындар сарынын жақтыртпай. Қызын ұлша өсіру дүниежүзінде тек қазаққа тән бір ерекше мінез сияқтанады маған. Қолтаңбаңыздан сондай бұла мінезді көремін. Бұл қазақ халқы ғасырлар бойы жоңғар шапқыншылығына ұшырағанының бір зардабы, бір шеті қазақтық, қазақ шыға бару, асыл еркіндіктің бұла сипаты. Қызын жаттай сыйлайтын, жаны елжіреп тұратын халықпыз, соның әсері. Әдемі, нәзік болғаныңызбен, Сіздің жырда жауынгерлік рух, қаһармандық күй бар.
Намыс пен кек түнеріп қабағында,
Мұң аралас жас тұнып жанарында,
Ел алдында арқадан жүгі түсіп,
Ақын тұрды тазарып ар алдында.
Жұбан ақын портреті. Өрлік пен елдікті жақтайсыз. Әке мен жылқыға жақындығыңызды ұл орнына ұлындай көріп өсірген ерке қыз, сүйікті перзент екеніңізден ұқтым. Бұл ноғайлы, жыраулар көгінен жалғасқан тектік нышан. Өлеңдеріңізде өсиет, шешендік, мақал-мәтелге лайық тобықтай түйін тұруы мұны растайды. Көптеген өлең жолдары эпиграфқа, афоризмге сұранып тұрады. «Білетінім: Отанын, Халқын сүю / Болу қажет қашан да басты мода!», «Жаным деген жігітті жат көрмеңдер, / Өзі сүю қыздардың соры ғана». Түйіп, кесіп айтасыз. Бұл үлкен суреткерлік.
Ақұштап Б.: – Нәзіктік о бастағы ұраным еді. Ал өмір арпалысына үйретті. Анама жаздым: «Әуреге түспе, оңаша баға алмассың, / Мұқалмай қалмас жүзі ақ алмастың. / Сен мені тағдырымның үлесінен, / Бәрібір оқшау сақтап қала алмассың» деп.
Оның үстіне 70 жыл еркекпен теңсің деп, әйелді құрылысқа салды, трактор айдатты. Нәзік болу оңайға соқпай қалды бізге. Бәрібір әйел ұядағы өмірге сән беріп, мейірім шашады. Тайраңдаған ерсі қызда сән болмайды.
Ақ Жайықты жырлауым әсіре жершілдігім емес. Ұққан адам өз кіндік қаны тамған жерін өліп-өшіп сүйсе, тұтас Қазақстанды, Ұлы Отанды сүю содан басталады ғой. Бұл күнде мүмкіндігі барлар шетелден үй алып, аз күндік жан тыныштығына бәрін ауыстырып жүргенде мен жұмақтай Алматыдан облысқа көштім. Есейген ортам, мәдени ошақтар мен түсінетін көзқарасы сәйкес адамдарды қиып кету оңай болмады. Сөйтіп оралған Оралда мені ғажап ұққан кім бар дейсің?! Бірақ ата-баба мекеніне балалық борышымды өтемесең, сенің тірлігіңнің құны түкке тұрмайды деп ұқтым. Біреулерге бұл жай сандырақ, күлкілі болуы мүмкін. Егер мен келіп айтпасам, жас қыздардың құлағында ұлт тәрбиесі жайлы әңгіме қалмай бара жатыр ғой деп ойладым. Ал жас ұрпақ түгелдей мәңгүрт емес. Өз басым қазақ ұлтының есею сатысын, тағы да таяқ жеп тағдырына үңілетін ғасыры алда деп сенем. Менің табиғат берген талантымды күндейтін, кейде домалақ-арыз жазатын сорлыларымен қоса, желкілдеп өсіп келе жатқан, қолына қалам ұстап, қоғам итеріп тастаса да, туған даланың мұңын жазатын жастарын сүйем. Шеттен келген идеологияның сырын ұғып, күреске шығатындар көбейеді деп үміттенемін. Халық деген – ұлы күш қой, бейбіт өмір болса, сол халық есейе түседі. Өз бастауына да оралуға да тиіс, әйтпесе құрып кететінімізді әр саналы азамат ұғарға керек. Әттең, біреулер тек бір күнмен өмір сүреді. Солар ғой қауіпті. Сатқындар мен жағымпаздар ғой талай тірлігімізді бұзып тұрған. Табиғат экологиясы ұрпақ ғұмырына қауіп төндіретінін әр адам ұғынатын кез келді. Адамзат экологиясы бұзылса, тіршілікке қауіп төнетінін түсінетін сана мен сауат-дарын иесінің жібі босап тұрғаны рас. Шынында да, біздің медицина әлжуаз ауру баланы өмірге әкелмеу жағын ертерек ойласа, жақсы болар еді-ау. Ғылым дамыған кезде мүгедекті дүниеге келтіру қиянат. Бірақ біздің ұлттың айтуынша, ол жеті атадан келе жатқан қарғыс, өмір бойына шектірген азап. Қазақ тәрбиесі өмір бойына қан тазалығын сақтауды насихаттаған еді. Олар алыс руларды үйлендірген. Негізі, біздің халық – дана халық.
Айгүл К.: – Ақұштап апай, тілге шешенсіз, ауызекі әңгімеде төгіле сөйлейсіз. Жыр әлеміңізде эпикалық суреттеу қанық. Біздің қазақ әдебиетінде эпостық рухы білініп тұрмаса, ұлттық әдебиетке жатпайды. «Кейде мынау тағдырға ризамын / Сезімталдау жаратқан ақын етіп», – дейсіз. Жазмышына риза болмау мүсәпірлік. Күллі келбетінде ақынға тән кескін, кейіп болмаса, оның несі ақын.
Ақ Жайық, отан, ел-жер, ұлт, адам мен табиғат, отбасылық құндылықтар, ана, қыз бала жаратылысы, мейірімділік, қоғам, ақындық, махаббат тақырыбын жырға қостыңыз. Өз сарын, өз үнімен шалқу ақынды ерек қылады. Әр өлеңде жан сырыңыз бар. Бөлсе егер ана тілден, анаңнан Адам үшін қажет болмас жұмағың. Қазіргі дәстүрлі қазақ қоғамын жалған дін жамылып кеп, ыдыратуға көшкен, бөгде идеологияны сырттан әкелгендерге айтылған сөз. Өлең патшалығыңызда жасандылық, жігерсіздік, еліктеу жоқ. «Азамат! Жігіттің екінші есімі. / Жұртшылық сынының қорытынды шешімі», «Азамат емессің, сендегі жақсылық жүрсе егер өз қара басыңнан ауыспай» – Ақұштап апай, осы өлеңді мектеп оқуына енгізу керек, әрбір ұл бала жаттап өсуі тиіс. Өркениет дамыған сайын еркектік нышан азып барады. Еркектік намыс өлсе, өмірде еш мән жоқ. Әйел сиықтану, еркек болғысы келмеу, қызтеке қылық жарты әлемді ойсырата жаулап алғыдай. Ібіліс көкейінде ақырзаманды шыр айналдыру бар. Олар насихат, жарнамадан алға шықты. Нәзік әйелдің көзі, ананың жұмсақтығы азаматты танытатын жыр- ұранда ысырылып тұр, бұл бағзы батырлық мұратты осы заманға бейімдеп айту, жыраулық дәстүр. Ертеде спартандық шыңдалу, әлжуаз ұлды өлтіру дәстүрі грек-рим мерейін үстем қылды. Ұл бала тумысынан дертті, қораш болса өлімге үкім ету қазір санада жоқ, қатігездік жоғалғаны имандылық, бірақ көпе-көрнеу ерге тән кесек мінезді қасақана құрту кесірдің зоры. Ерді жорта құлдилатудың небір қитұрқы тәсілін санаға жалғыз көз тажалдай төнген теледидар мен небір арсыздықтың қоқыс-қордасына айналған интернет арқылы таратуда. Европа азуды үдетті. Бір жынысты некені заңдастыруы сорақы. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», «Құлақ естігенді көз көреді», – деген қазаққа мұның шеті келді. Тәңірі қаһары келетін оқиғалар үдеп барады. Анасы баласын сатуды бастаған есуас қоғам қайда барады? Экологиялық апаттар мен адамзаттың іріп-шіру процесі қосарланғаны айдан анық. «Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым», «Шырылдар қарлығашың – Ақұштабың» – жағасына өрімтал өскен ақ Жайықтың арнасы тартылған суын жоқтап, мұңын шағып жүрсіз? Экологиялық күйзелістердің ұшы көрінер ме? Боз жусан дала, қазақтың кеңістігі Бальзактың романындағы сиқырлы құлан жарғақтай тарылып бара жатқан жоқ па?
Ақұштап Б.: – Адам өз табиғатын аттап кете алмаса керек. «Жинамай асық қалтаға, /Ерекше сенің өсті «ұлың». /Бір күні менің арқама, /Төгіліп кетті қос бұрым» дедім, ұл күткен әкеме. Тәңір жаратқан, маңдайға жазған тағдырды мойындау керек қой. Ал ерлік рух, өзің айтқан, қанда бар қайсарлық шығар. Кіндік қаным тамған топырақ Махамбеттің жортқан жері болса, бесігімді Құрманғазы күйі тербетсе, сызылып отыра беруге де болмай қалатын сәттер аз ба өмірде? Ал Жұбан ақын өз көзін көрген өр тұлғалы азаматтар ішінде ерекше еді. Ұсақ сөзге жоқ, мәрт адам болатын. Боз жусан даланың исін сақтап қала алсақ, жарар еді-ау!.. Жайықтың тартылуы – ұлт ырысының кемуі екенін әлі біраз адам ұғынбай отыр. Менің ғұмырымның өзінде бекіресі құрып бара жатыр ғой. Ендеше, неге оның сақталу шарасына аз көңіл бөленеді?
Айгүл К.: – Өткенде жазушы Табыл Құлыяс торғайлық ақын Ырысты Шотбаеваны еске алып, ол «Сиыр сауып отырғанда мені өлең түрткілейді, – деп айтып еді. 10 баласы болды. Ырысты 90 поэма жазған ақын. Орысша оқыған қазақ баласы ел болмайды екен. Анасының ақындық мұрасын іздеген біреуі жоқ», – деп қынжылды. «Болса да нәзік гүл өңім, / Өсірдің еркек баладай. / Қыз деуді, әке, білемін,/ Көңілің жүрді қаламай. / Қалмадым елі қасыңнан, / Мен болдым қызың, ұлың да./ Үйір ғып қойдың жасымнан / Қамшыға асау құлынға» – «Әкеме» атты өлеңнің лейтмотиві «Әке, қыз болсам да үмітіңді ақтармын, атыңды шығарармын» деген сертке ұқсайды.
Әке аруағы риза шығар. «Біздің халық ұл тілеген: / Шаңырағын ұстайды деп атаның» деп ағытылатын өлеңде қазаққа бұл үшін өкпе айтасыз: «Ұл тілеген болса-дағы не түрлі, / Құр қайтарып жүрсін мейлі кекілді. / Байқап тұрсам біздің халық ешқашан / Ақын қызды тілемеген секілді», «Тағдыры қыздың мүлде өзге», «Кейде мынау тағдырға өкпеледім, / Сезімталдау жаратқан ақын етіп». «Кіммін мен», әйел ақын толғанысы: «Жыр жазар жылдар өтіпті жөргек жуумен, / Қаламдас достан шет қалғандаймын бүгін мен», «Жыр мен баланың арасы/ Екі оттың ортасы секілді. / Анамын бөбегін сағынған, / Ақынмын жыр болып ағылған, / Көңілмін екіге бөлінген / Жүрекпін екіге жарылған». Бесік тербеу, ана болу бақытын жиі жырладыңыз. Ана сүтімен сіңген қасиет. «Өлең деген – құдірет қой, шынында». Еркекке не болсын жарасар, ал әйел заты шығармашылыққа жұмбақ құштарлығының сыры неде деп ойлайсыз?
Ақұштап Б.: – Ұлттық дүниетаным қызық, дүниеге сәби келсе, «Ұл тапты» деп қуанады. Бата берсе, «ұл тап» дейді. Қыз баласы көп болса, бір ұл сұрап зар илейді. Соңғы жылдары сауаттанған жастар жоспарлап ұл баланың санын арттырғанын мектептерден байқауға болады. Бірақ, жақсы оқитын, қоғамдық жұмысқа араласатын қыздар басым. Қазір журналистиканың өзін қыз балалар «жаулап алды». Ұстаздық пен медицинаны қойып, әскери қызметке қыздар араласып кетті. Кәрі қыз көбейіп, бала саны кеміп кетсе – ұлт экологиясының бұзылуы осы емес пе? Негізі, қай ғасырда да, ер-азамат өз келбетін жоғалтпағаны ғанибет қой. Сол арманнан «Азамат атану – бір рет серт беру, өмірде пасықтық, күңкілді жек көру» - деп қиялдаймын. Қазір бизнесі бар естияр әйелдің қолына кіріп, күн көрген жас жігітті көрсем, жиіркенем. Ал баласын тастап, не сатып жүрген қазақ қызының денесіне таңба басып жіберсе деп те ойлаймын. Құс та балапан өсіріп, ит те күшігін емізіп жүрген табиғи заңды бұзған қазақ қызын жауапқа тартқан дұрыс шығар. Намысты қыздарға қалам ұстататын ұлы сөз, ол – Намыс. Табиғат берген талантты ақшаға сатып алып, кітап шығарам деп әуре болып жүргендер – ақымақтар. Бәрінің бағасын беретін – Уақыт және Халық.
Айгүл К.: – Қасым Аманжолов «Оралым, сенің қойныңда, / Ойнақтап өткен жылдарым. / Жарқылдап Жайық бойында, / Достармен сайран құрғамын», – деп жырлаған ақ Жайықтың қызысыз. «Қазақ әдебиеті» газетіне алғаш өлеңіңіз шыққанда Сәбең, Сәбит Мұқанов елден ерек атыңызға ерекше мән беріп, «Жібек жолында сауда керуені таситын бедерлі жылтыр жібек матаны ақұштап дейді», – деп этимологиялық түсіндіріп беруі тартымды. Фариза апай есімінің этимологиясында «бирюза» деген көгілдір асыл тас атауы бар. Иосиф Бродскийдің фольклорлық үлгідегі «Песенка» атты өлеңін оқып, оның неліктен ұлы ақын атанғанын сезіндім: «А у меня – слеза, жидкая бирюза, / просыхает под утро», – бұл неткен көркем көру, ұйқыдағы арудың көз жасы ма дейсің. Асқан лирик ақын Төлеген Айбергеновтың «Оралдан ұшқан көк қаршыға» атты лирикалық өлеңі Сізге арналған. Оған жауап жыр арнадыңыз, әнші Гауһар Қаспақова ерен драматизммен орындайтын әнге ұласқан: «Мен сені ойлайтынмын / Таусылмас жыр-ән ғой деп, / Төменге қонбайтұғын / Тәкаппар қыран ғой деп ». «Қарлығаштай кезіп жүріп жер-көкті, / Ертелі-кеш жудың талай жөргекті. / Әйелдігің аз болғандай, / Бір кездер / Оянады болмай қалған еркектік!», – Қадыр Мырза Әлидің Ақұштап қарындасына арнауы. Сағынғали Сейітов Ақұштап бейнесін өлеңнің аққуына теңеді. «Ақұштап, неге есіме түсе береді, / Он сегіз бен жиырманың арасындағы» деп жазған қай ақын? Ұлықбек Есдәулет «Ақжайық аруы» атты өлеңінде: «Көз қандай, келбет қандай, шырай қандай, / Көркінен күннің көзі нәр алғандай. / Аш белі ақ қайың боп бұралғандай, / Өлеңге өзі келіп сұралғандай», – десе, ол Сізге арналмаған, бір әдемі сіңліңізге арналған екен. Жеңгеңіз Халима бала кезден «Көркем қыз» деп атаған Ақұштап апай, құдай берген әдемілікке ризашылық жүрегіңізде неден білінеді?
Ақұштап Б.: – Әжем баласы болдым. Шешем Ақзила жеңгем сияқты еді. Әжем Қатира «Жалғызымды жаудан қайтарған жалғыз қыз бұл», – дейді мені. Анам 28-де. Әжем айтты дейді: «Мен түс көрдім, енді тумайды». Келіннің көңіліне келгенмен, әжемнің айтқаны келді. Қырқымнан шыққанда әжем менің қарын шашымды алғызбаған. Құйқасына ұстара тигізбеймін, өте жұқа. Осы қарын шаштан өсіріп бұрым өремін. Алмаңдар қарын шашын депті. Бүкіл ел бала қырқынан шыққанда қарын шашын алады. «Е, немене, әулие болады дейсің бе, елден ерек. Қатира немере қызының қарын шашын алғызбады. Барып, әйтеуір, шайын ішіп келдік», – деп көрші әйелдер күліпті. Өлерінде әжем айтты: «Ешкімді қарғама. Қарын шашыңды алғызбап едім, айтқаның қата кетпейді». Сабырхан Асанов «Сен қайтесің өлең жазып, өлең жазған қыздарға күн бермейді. Бәрі қызығады», – дегені бар. Еркектердің үстемдігіне отбасы берекесі үшін әйел көну керек. Төлеген Айбергенов. 1967 жыл, мен 22 жастамын. Каскелең, күз, филологиядан практика өтіп жатқан кез. Көп студент. Бәріміз мектепте араласып тұрамыз. Сабақ бітті, үш қыз жалдаған пәтерге кетіп барамыз. Бір ағаштың түбінде қойтасқа шығып алған бір жігіт, жіп-жіңішке, бұйра қара шашы таралмаған, өзі қап-қара, тасқа шығып өлең оқып тұр. КазПИ-дің студент жігіттері: «Қыздар, келіңдер мұнда, қарақалпақтан келген ақын жігітпен танысасыңдар!», – деп айқайлады. Ондай тәрбие жоқ бізде. Мойнымызды бұрдық та, кетіп қалдық. «Анау сары қыз, өлең жазады, Оралдың қызы», – дейді біреуі. Содан Төлеген намыстанып, «Оралдан ұшқан көк қаршыға» өлеңін жазды: «Сен маған душар болдың, / Батқанда бақтар сырға. / Мен саған сусар болдым, / Қатқанда қақтар шыңға. / Деміме мынау алқынған, / Сен енді тоқтарсың ба, / Оралып ұшқан алдымнан, / Оралдан ұшқан көк қаршыға!»
Айгүл К.: – Оралда Белла Ахмадуллинамен бірге жыр кешін өткіздіңіз. Екеуіңізден бір ұқсастық көремін. Мариям Хакімжановаға өлеңмен ризашылық білдірдіңіз. Кеше ғана арамызда жүрген ақын Марфуға Бектемірова: «Жүзі таныс, жанға қымбат кім десем, / Періштенің қызы екенсің, Мариям», – деп ол-дағы өлеңге қосатын ақын апамызды көш басы санайсыз. Авар ақыны Фазу Алиева, тәжік ақыны Гүлрухсор Сафиева, ұяң болғанмен жыры көркем, қуатты ақын Қанипа Бұғыбаева рухына жыр арнадыңыз. Евразия кіндігінен тараған халықтардың қандай ақын қыздарына іш тартыңыз? Қазіргі жастардан кім жақын? «Ақынды ақын оятпаса болмайды», бұл Мұқағали өлеңі, өсиет. Махачкалада Россия ғылым академиясының Дағыстан ғылыми орталығы Гамзат Цадасы атындағы Тіл, әдебиет және өнер институты бар. Дағыстанның ұлы ақыны Расул Гамзатовтың әкесі Гамзат Цадасы Кавказ асқан халық ақыны болған. Былтыр Расул Гамзатовтың 90 жылдығына арналған халықаралық конференцияға орыс тілінде екі эссе жазып жібердім. Институт жариялайтын ғылыми жинаққа Расул Гамзатов шығармашылығы туралы екі зерттеу эссем енетін болды. Институттың Расул Гамзатов мұрасын зерттеу орталығының меңгерушісі Фатыма Хамзеевна Мұхамедовамен электронды почтамен хат алысып жүргенде, белгілі қазақ ақыны Ақұштап Бақтыгереева Фазу Әлиевамен кездескенін мәлімдедім. Тау қызына жыр арнағаныңыз үшін алтын тапқандай қуандым. Фатыма ханым менен дереу өлеңді салып жіберуді сұрады. Өлеңнің тұпнұсқасы мен аудармасын почтаға салып жібердім. Мәдениет өзара ықпалдастық пен бауырмалдықты сүйеді. Әдебиетте еш шекара жоқ. «Бабаларымыз күмістен белдеу тақ деген жоқ па? Ұлға да, қызға да кіндігіңді күміспен жап» – дейсіз. Бұл ойыңызды құптаймын. Қазақша оқыған бала бәрібір көгіне тартады. Өз басым, балаларымды ана тілінен қағажу көргізбей өсіргенім ұлы стратегиялық қимыл, ел болуға тамшыдай үлес деп танимын. Мұның мемлекеттік саясаттан еш кемдігі жоқ екенін көп надан қазақ ұқпай жүр. Үш қызды қазақы тәрбиемен өсіргеніңіздің несібесі қандай екен? «Өсірген күй атасын қайран шеше, /Өзіңнен емес пе екен даналығың?!» – Құрманғазының анасы, алып анадан туады дейді қазақ. «Ең алыс құмды өңірде Ғарифолла Құрманғалиев туған «Ақкөл» деген ауыл бар. Бұл аймақта ұлы Құрманғазыға домбыра үйреткен Ұзақ күйшінің моласы бар деседі қариялар», – деп ақпар бересіз, ұлы тұлғалар туралы қылдай дерек қымбат. Ұрпаққа ұдайы өсиет сарынды ұстанасыз. Қазақ жерін қастерлеу парыз: «Шындықпен жаны өштер де, / Алдаумен өмір кешкен де, / Мекендеп сені жүреді / Өгейлік көрмей еш пенде. / Боз жусан дала, боз белдер, / Құландар еркін кезген жер. / Маңқиған дала – мінездің/ Қадірін аздау сезгендер». Қазақ халқының бұрынғы даладай дархан мінезінің сипаты шығады. Қазір ғой осы қазақы кең мінезді ақау, ақымақтық, бишаралық деп ұғатыны. «Болмаса дүниеде сұлу қыздар / Кейінге айтылатын қалмайды аңыз». Ананы сыйламаған қоғамнан не күтуге болады, біздер ұлттық байлықпыз ғой. Біздің қоғам қазақ әйелінің қасиетін сыйламай ойламай тұр дедіңіз бір сөзіңізде.
Ақұштап Б.: – Белла Ахмадулинамен Оралда 2002 жылы поэзия кешін өткіздік. Ол өлең оқығанда барлық дүниені ұмытып кететін, мен де өз өлеңімді жатқа оқимын ғой. Әдемі поэзия кеші болды. Қолтаңба жазып, кітабын сыйлады. Белла – ұлы ақын ғой. Тағы да «Киреев» хан еске түседі. Ресейдің ұлы ақыны – татар қызы Белла Ахмадулина бізбен қандас екеніне кім дау айта алмақ? Оның әр шумағы терең ойға толы ғой, шіркін! «Күтіммен өскен гүлге араны тербету бақыты бұйырмаған», – деген жолдарда қаншама ұғым жатыр?! Цветы росли в оранжерии, Им дали света и земли. Не потому, что их желели, Или на долго берегли. Их дарят празднично, на память, Но мне страшно их судьбы Ведь никогда им так не пахнуть Как это делают сады. Им на губах не оставаться, Им не раскачивать шмеля. Им никогда не догадаться Что значит мокрая земля. Авар ақыны Фазу Алиева мен тәжік ақыны Гүлрухсор Сафиеваға өлең арнадым. Фазумен Фариза екеуміз 1973 жылы Москвада әдебиетшілер үйінде (ЦДЛ) жолықтық. «Сен тау гүлі, мен – елік даладағы, / Бірақ ортақ жүректің қалағаны» деген жолдар сонда туды. Гүлрухсор мені Душанбеге шақырды, бардым. Неғмат деген жары бар, ол үйде тамақты ер адам даярлайды екен. Неткен рақат деп ойладым. Гүлрухсор менің қасыма сүрме жағып, әуре болды. Оларға қона кететін қара сүрме маған жұқпай-ақ қойды. Қанипа Бұғыбаеваның өмір жолының өзі ерлік. Римма Казаковамен Пушкин мерекесі тұсында 1979 жылдары дәмдес болдым. Алматыға келгенде көріп тұрдым. Ер мінезді ақын еді. Өзбекте Гүлчехра хабарласып тұрған, кейін байланыс үзіліп кетті. Зүлфияның өлеңін аударған да кезім болған.
Қазір өкшелес сіңлілерім хабарласып тұрады. Атырауда Бақтыгүл Бабаш деген жақсы ақын қызымды көріп қайтамын. Айтыскер Жансая Мусина Оралда, қасымда жүр.
Айгүл К.: – Жұбан Молдағалиевқа арналған өткір, күшті өлеңді 2014 жылдың 3 сәуірі күні Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университетте қалың қауымның алдында оқығанда студенттер санасына елдік рухтың асқақ сәулесін түсірдіңіз деп білемін.Сахнадан өлеңді қызулана оқығанда жастар гу ете түскені көкейімде. Ақырып теңдік сұраған, қасқая шындық айтқан ақынның ар алдындағы рухы биіктігін жырға қосу, билікке именбей қарсы сөйлеу жыраулардан мұраға қалған ата дәстүр. Жұбан ақынның бұл тірлігі, режимге жеке батыр болып тік айтқаны қанда бар адалдық. «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің!» – дегенде Үмбетей 17 жаста. Хан үкіміне қарсы айту бағзы қазақта бар мінез болса, кейінгі тоталитарлық дәуірде тұтас бір жүйеге лағынет айтудың салмағы бір басқа. Ендігі қазақ тым үйкүшік болды. Урбандалу процесі тоқтамайды, қалаға шоғырлану көп дүниені шығынға шығарды. Бірақ дамуда басқа жол жоқ. Даламыз қаңырап бос қалса, бөтен халықтар бас салуға даяр. Ұлттық қауіптен құтылу үшін жылқы институтын, мал өсіруді жаңа заманға лайық үлгіде дамыту керек. Осы дилемманы ұлттық идеология қалай бітістірер екен?
Ақұштап Б.: – Тарихи құжаттардан құлаққа жеткен бір сөз тұр санамда: «Кең қыпшақ даласын мекендеген қазақ атқа қонса, көзі көрмей қуаттанып кетеді екен. Алдымен бұларды арғымақтан ажырату керек», – деген саясат болған деседі. Қазір далада мал бағатын, арғымақ баптайтын азамат аз қалды. Ендеше, сол саясат дегеніне жеткен. Ата-баба Қобыландының Тайбурылын, Ер Төстіктің Шалқұйрығын өсиет еткен ұлттың ендігі ұрпағы атқа мінуден безіп кетті. Қымыз ішпеген жігітте қайрат-қауқар азайып, қыз кейпіне көшулері заңды құбылыстай көрінді ғой...
Айгүл К.: – Әдебиет ерлер үшін оңайға соқпайды. Әдебиетке өмірін бағыштаған әйел затына үш есе қиын тиеді. Қадыр ағаның иығына ауыр жүк артқан қыз-келіншектерді аяймын дегені бар. Біз екеуміз бақыттымыз, Ақұштап апай, құдайдың бермегенін тартып алудан аулақпыз. Қалам бергенге шүкір дейміз. Рас қой?! «Белгісіз неге ғашық екені де / Әйтеуір, ақын деген жұмбақ адам». «Қысқы түн» атты өлеңде махаббат лирикасы өте нәзік. Қыздың алғашқы сүйіспеншілік сезімінің пәктігі керемет. Түнгі қар образы – әсемдік тұспалы, қыз бен жігіттің тазалық, іңкәрлік сыры табиғат күйімен параллель берілгені әсем. Қыз пальтосының қарын жігіті қаққан сәт қыз кешкен сезім әлемдік лирикаға бек лайық. «Үлгермей мені не деуге, / Сен қарды еппен қаққаның. / Сау ете қалды еденге / Иығыма қонған ақ қарым. / Бір жалын шарпып өткендей / Селк етіп шоршып түстім мен, / Қапыда сусып кеткендей / Ақ торғын көйлек үстімнен...». Құс қанатындай асқақ періште дүр етіп көкке ұшқандай әсері бар. Өлеңде махаббаттың күнәлі жағы емес, періштелік сипаты ерен жарқырайды, қазақ қызына әсіре тән ұяңдықты, иба мен нәзіктікті, ұлттық менталитетті айдай жарқырата ашады. Эротикалық өлең емес, лиро-романтикалық өлең. Күйеуі текті, келісті, адал жар болса, ақын әйелге одан артық бақ жоқ. «Қазақтың қыздарының ұяңдығы / Тастаған Мұхиттың да тілін байлап», – осы мінезі қыз баланың ең күшті қаруы емес пе.
Ақұштап Б.: – «Қымызды кім ішпейді, Қызды кім айттырмайды?» деген халық даналығы. Көрген көз қызықпайтын қыз болмайды. Кейде қыз бала да біреуге қызығып қалады. Ондайда Жиреншенің Қарашашы еске түседі. Әйел даналығы, ана жауапкершілігі мол жерде сабыр сақталады. Мұндайда жар сүйе білетін азаматтың ықпалы бәрін де орнына қоя алады. «Жарын сүйе білмейтін жасық еркек, / Елін сүйетініне күмәндімін» дейтінім сондықтан. Менің мінезім әкемнің еркекше өсіргені ғой. Менің формам әйел, ішімде бір еркектік мінез бар. Қатарластарым мені Ақас, Ақаң дейді. Біреуі маған қыз деп қылмаңдап көрген жоқ. Біреумен біреу көңілі жақын болса, ол тылсым сәті ғой. Мұқағали, Қадыр, Әнуар Дүйсенбиев маған інім деп қарады. Мұқағали маған аузын толтырып: «Бауырым!» дейтін. Софы айтты: «Бұрымын көріп келейік ана қыздың деуші едік». Үлкендер сары бала, сары қыз деп атайтын. Қаламгер, ақындар асау жүрек, қоршау, шектеуге сыймаймыз. Үйдегі жарымның мейірімі, жақсылығы мені ұстап келген.
Айгүл К.: – Қазіргі қоғамның қорқаулығын әшкерелейтін «Жүрек ауыстыру» атты өлеңіңіз бар: «Ал мен, достар, шынымды бүкпей айтсам, / Ауыстырған жүрекке күдіктімін. / Иемдену жүрегін басқа адамның.../ Болмас па екен өзгеше тапса амалын?! / Нашарлаған жүрегі мына науқас / Алмақшы ма жүрегін жас баланың?..». Иман мен адамшылықтың зор сауалы үкімдей естіледі. Әлеуметтік теңсіздікті, қайырсыз бай, қайыршы көбейгенінін, пейіл тарылғанын жырға қостыңыз. «Молаларды сәндедік о заманғы, / Жас жігітке пәтер жоқ паналаған». «Адамдар көргенсіздеу неге пасық?», – өмірдегі топастықты айыптайсыз. Әлдінің әлсізді талауы қайғыға батырады. «Қос қанат құтыла алмастай / Бұл ажал не деген күшті еді», – қарлығашты сұр мысық жеп қойды. Өлеңдегі тіршілікке тән ақиқат ұғыммен жүректі дір еткізер суреткерлігіңізге тәнтімін. Әсіреқызыл, бейсаналы сөздерге әсте баспайсыз. Тілі жұғымды, ұғымға жеңіл, оқылғанда жан қинамайтын жатық ақын болуды А.С.Пушкин асыра бағалаған соң орыс поэзиясының күні атанды. Арнасынан лықси төгіліп, аққан судай мөлдір жыр шумақтары Сізде мол ұшырасады. Әйтпесе ажалды тырнаққа қапыда іліккен құс баласын бейнелеу сөз өнерінде аз емес. «Ақ сөйлеп адал күлетіндермен, / Шындықты жақтап жүретіндермен, / Жаманға жағынбайтындармен / Жоқтыққа тарылмайтындармен, / Арманмен арылмайтындармен /Табысқым келеді менің». Өмірдегі қарапайым шындықтарды көркем бере аласыз. «Ана үнсіз. Налиды ұл. Күйреп келін», «О махаббат, сен де бір бейнет пе едің?!», – «Ана сыры» атты өлеңге ене мен келін арасындағы қақтығыс, оның психологиялық астары арқау. Ене мен келін арасындағы түсінбестік, жатырқау көп өлеңде бар. «Ана жүрегі», «Ана махаббаты», «Енші алу». «Қыз үлесі қашан да – болу ана», «Ана сүтін, сәбидің иісін қадірле». Адам мен жаратылыстың үйлесімін жырлап, даласын сүйген жүрек толғайды. Ақұштап ақын ешкімге ұқсамайды, басқаны қайталамайды, бөгде сарынға қосылып кетпейді. Табиғи дауысын жоғалтпаған. «Мен әйтеуір халқымның бір қызымын, / Мына өмірді сүйетін осы күйде. / Ірі сөзбен сөйлейтін кей пенденің / Ұсақ өмір кешетін кезін білем». Қазақтықтан нәр кетуі табиғи құбылыс па?
Ақұштап Б.: – Жүрек ауыстырып жатыр, ғылымға қажет шығар, кей адамға қажет шығар, бірақ жас баланы ұрлап сатып, жүрегін алып, күнәһар болғанға өзім қарсымын. Қиянатпен сүрген өмірдің не керегі бар? Ене-келін – мәңгі тақырып. Қай ұлтта да бар жайттар, қазақтық нәр кету – сана тәрбиесінің әлі жұтаңдығы негізгі ұлттық үрдісті жоғалтқаннан болып отыр. Мәдениет пен сана тәрбиесі, білім бәрін қайтарады деп сенемін. Иә, не де болса, маңдайға жазғанды, тағдыр сыйын қабылдауға міндеттіміз ғой. Әйел заты бола тұра, қалам ұстап, ұлт намысын қорғауға ат салысу аз бақыт пе екен? Елің ардақтаса, оқырманың қадірлесе, есіміңді қыздарына қойып, жолыңды тосып, бата алып, жастар жазғаныңа иланса, аз бақыт па екен? Одан өткен байлық бар ма? Басынан талайды өткеріп, өр қалпын сақтайтын ұлтымыз аман болғай деп тілеймін өз басым. Ел тыныш болғай!
Айгүл К.: – Қадыр Мырза Әлидің бейнесін өлеңде дәл бересіз. 75-ін елінде тойлап жатқан, 4 ай ғұмыры қалған қайран ақынға сахнада көк дөнен сыйлаған сәтте драма бар. Қадыр аға рухына арнаған естелік жырда («Көк дөненнің кісінеуі») жерлес ақынның шешесінің басына қойған құлпытастағы жазуды эпиграф қылып пайдаландыңыз. «Ана қабіріндегі жазу. Баладан қайыр көрмеген, / Байдан да қайыр көрмеген,/ Қайдан да қайыр көрмеген / Бұл жерде жатыр кейуана. Тас қойған баласы Қадыр».
Япырмау, Омар Хайямның өлмес төрттағанындай биік философия, ащы ақиқат, сағыныш, сүйініш, өкініш, жетімдік, жесірлік, қу тірлік, өлі аруақ мен тірінің зират басында қауышуы, мейір, кешірім, көз жасы, азанама, рухқа тағзым, бәрі-бәрі – уақыт озғанда күнәһар жер бетінен рух аластаған сайын аспандағы жұлдыздай көкке өрлеп, бір ұлы нышанға айналып, құс жолына шығандап кеткендей таңғажайып әсер қалдырды жаныма. Ел-жұртына қайран ақынның жан құсасын аманат қылып жеткізгеніңізге рахмет! Ана рухынан аңыздағы адасқан ұлдай жаны құлази кешірім сұрап тұрған жоқ па, Қадыр аға?! Рухы неткен биік! Жанды, тірі сөз. Тұтас бір дәуірдің құса- наласын, трагедиясын ашады.
Жұрт Қадағаңды «Иірім», «Жазмышты» жазды, ақын-жазушылардың бет-бейнесін боямасыз көрсетті, құпия сырын ашты деп кінәлайды. Шындықты айтуда өз жанын да жаралап айта білген Ақыннан өткен кім әулие?
Ақұштап Б.: – Қадыр ағадан сұрадым, ауыр сөз екен дедім. «Қарағым, не де болса, шындық қалсын», – деді. Қадыр Мырза Әли менің ұғымымда да Әулие!
Айгүл К.: – Әнші, композитор Мұхит Мералыұлына арнаған цикл бар. Мұхиттың образын беруде эпикалық суретке басымдылық берілуі заңды. ««Айдай» – деп әнге салдың ала қырда». «Даланың тарады үнің сан қырына, / Ұрпаққа мәңгіліке қалды мұра. / Жаттаған ән-жырыңды мынау халық / Таланттың мән бермейді тағдырына», «Даланың дархандығы қанша болса / көре алмас күншілдігі сонша болған». Сырым Датұлына арнауда осы түйткіл, қас жақсыға қиянат, кінәратты ойдың ұшығы тағы шығады: «Білмеймін, сол қазақта жоқ па қайғы, / Ұлысын тірісінде мақтамайды. / Шындық пен ұлылықты өлтірмейтін / Өлшем бар халық және уақыт деген». Ақұштап апай, мақтамаса мақтамасын, риясыз мадақ тек бір Аллатағалаға лайық, бірақ жабыла талайтын күншілдер, жамандар барда өмір-күрес әсте солғын тартпайтын тәрізді. Мен сол бықсықтарға қазір мән беруді қойдым. «Ішің күйсе тұз жала!» – бұл құбылысты, түк жамандық қылмасаң да қарадай өштескен қиянатты негатив емес, позитив деп тану керек, сонда бәрі реттелмек! «Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын, /Болсам да малға кедей, әнге баймын », – деп шалқитын Шашубай, «Мұхитта мал дегенде жалғыз сиыр » – деп өнері өлмесін жүрегі сезіп, кедейлігін шыбын шаққан ғұрлы көрмей мойындайтын Мұхит, «Боз торғай, шырылдайсың жерге түспей, / Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей», – деп жайнаған жастық шақтағы мойнына түскен қамыттай зарын шырқап салатын Әзірбайдың Кенені кедейшілік қамытын, ішқұсасын құстай қанат қақтырып, әнге ұшырған. Ақұштап апай, сол мыңды айдаған байлардан не белгі қалды?! Шашубай мен Мұхит, Ақан сері мен Біржан сал, Сүйінбай, Сара қыз есімі өшпейді. Таланттар қара өлеңнен ән жырға айналып кеткені Тәңірі бұйрығы. Соған қарағанда, мұның бір құпия сыры бар. Өлшеулі фәниде дүние байлық бермеген құдай дарын атаулыны өлшеусіз бақида жарылқап, рухани байлықты еншілетері, асыл мұра көптің қазынасына айналары тасқа таңба басқандай айқын. Қандай керемет үйлесімді қисын: әркім өзі жиған-тергенін еншіліп қалмақ. Не ексең соны орарсың. Боқ дүние десе дегендей атам қазақ. Ақұштап апай, біздің бастағы бақ та осыған келетіндей. Белла Ахмадулинаның бір томдығы жеке кітапханамда болғанмен, оның өлеңін Сізден естіген әдемі бір әңгімеңізден соң оқуға көштім. Мен проза жанрына құстай төніп, көбірек жүгіремін, ақындарды сәл ысырып қоятыным бар. Проза өз стихиям болған соң. Орыс классикалық өлеңінде тегі түркі Ахматова мен Ахмадуллина зор үлес қосқанын мақтаныш тұтамын. Күләш Ахметова мықты аудармашы тапса, бұл құбылысқа орыс сыны мән берер ме еді. Белла ханымның «Заклинание» атты мынау өлеңіне зер салыңызшы, біздің тірлік қой: Не плачьте обо мне – я проживу счастливой нищей, доброй каторжанкой, озябшею на севере южанкой, чахоточной да злой петербуржанкой на малярном юге проживу. ...да под звездой моею и пресветлой уж как нибудь, а все ж я проживу. Әдебиет пен өнерді қастерлейтін ендігі қауым, туған елінің рухани қазынасын ардақтайтын, құнарлы үлес қосуға пейілді шығармашылық иелері кедейшілік торға өз еркімен түсетін бейқам құстарға ұқсайды, Ақұштап апа! Сол үрдіс өзгермек емес. Өйткені араны күшті жыртқыш құстардай болуды оларға Тәңірі жазбаған. Қазіргі жетілген заманда ұлы еңбегі қаламақысы төленбей рухы қорланып, ақын-жазушы, суретшісін қайыршы қылмаса да, кейде жарылқасын мейлі, сырт форманы қуып кеткен қоғамнан ақ адал үміт күтуден жазған құлда шаршау жоқ. Күміс үнді әнші Сәуле Жанпейісова Мұхит әндерін бабымен орындайтын дискіні ден қоя тыңдадым. «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Көк айдай», «Зәуреш», т.б. кең даланың баяғы эпикалық ұлы салтанатын өшірмейтін классикалық әндер. Осындай көркем дүниелер қазақтықтың қасиетін ерен ұлықтайды. Тыңдасам кино түсіргім келеді. Жайлауым қайда, қыстауым қайда?
Ақұштап Б.: – Баланы қазақша оқыту өте дұрыс, ұлтын сүйеді, тілін қастерлейді, қайырымды болады. Үш қызымыз қазақша оқыды, төрт немере қазақша мектепте, орыс пен ағылшын тілдерін толық меңгерген. Ана тілде оқыған баланың дүниетанымы дұрыс болатын сияқты. Орысша оқығандар қазақша айтқаныңды жартылай ұғады-ау. Ұлттық тіл мен тәрбиенің жөні бөлек қой түсінген адамға. Сонау жылдары Шона Смаханұлы ағамызға еріп, ұлт мектебін ашуға біраз жүгіргенім бар. «Ер Төстік» балабақшасын ашу жыры – бөлек әңгіме... Сонда Шона ағамыздың қолында нақты есеп жүретін. Түзету колониясына орыс мектебінде қазақ балалары көп түседі екен. Таза қазақ мектебі балаларының тәртібі дұрысырақ болатынын дәлелдеп бағатын марқұм. Қартайғандар үйіне де ата-анасын қазақ мектебінде оқыған ұл-қыз аз тапсырушы еді бұрын, қазір қайдам... Әйелді сыйлау 8 наурыз күні ғой, қалған уақытта қоғам өгізше жегіп отыр емес пе? Қыз сыйлаған ұлтпыз, бірақ әлі кейбір қазақ жігіттері әйелге жеке меншік құралы сияқты қарайтыны рас. Әйелді ұлт анасы деп қастерлеу соларға байланысты.
Айгүл К.: – Тұмағаңнан Маралтайға дейін Сізге жыр арнайды. «Атадан туып, анадан адал сүт еміп, / Алаштың адал қызы атандың, Ақұштап апам», – деп жазған Маралтай. Бүгінгі шыққан биігіңізге ризасыз ба?
Ақұштап Б.: – Маған арналған өлеңдер, шүкір, жетерлік. Қадыр, Тұманбай ағаларым мені туған қарындас деп санады. Бізді туыс еткен – Өлең. Төлеген Айбергенов – лап ете қалатын ақын, бір көргеннен жыр арнады. Мен ауызша жауап қайтардым. Кейін ол жолдар қыз қиялындағы бейнеге арнау өлеңге айналып кетті. Қыз біткеннің барлығы ұнатқан жігітін қырандай биік болсын армандайды емес пе?! Жеңгем Қалима «көркем қыз» дейтін. Ол кезде ең жақын қайын сіңлісіне ат қоятын қазақтың салты еді ғой. Адамның әдемі көрінуі ішкі жан-дүниесіне байланысты. Біреуді қызғанып, күндеп, тырысып-ұрысып жүрсем, менің де келбетім тартымсыз болуы ғажап емес-ау. Мейірімді жүрек сыйлаған ата-анама мың алғыс айтып жүрем. Одан соң мені сүйе білген жар жолықтырған тағдырға, еркелеткен ағалар мен еліме, сыйлап өскен қыздарыма, жақсы жандарға алғысым зор. «Мен, әйтеуір, халқымның бір қызымын, / Мына өмірді сүйетін осы күйде» дегенім деген. Туған жер, өз замандастарым алдында да адал жүріп, ақ сөйлеп өмір кештім. Менің бағамды ертеңгі ұрпақ пен халқым бере жатар. Аналық борышымды да, ақындық борышымды да атқарған сияқтымын. Жағымпазбен дос болмадым, жалған сөзге әуес болмадым, күштіге жағынып күн көрмедім, шындықты жақтадым, әділін айттым. Иә, ешкімнің көлеңкесі емес, өз орным, өз биігім, өз ойым барына ризамын.
Сұхбаттасқан: жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбаева.
19.07.-20.07.2014.