Жазушы Тәкен Әлімқұлов шығармаларында көптеген өнегелі, жүрекке жылы тиетін, болмаса міндетін...
«Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім…»
Саттар Ерубаев шығармаларынан оның өз өмірін, өз арманы мен өз мұңын, көңіл-күйін көреміз. Оның мынау бір ой-толғамдарын бүгінгі күнде тебіренбей оқып шығу мүмкін емес.
«Менің бір жолдасым болды. Ол қарап келе жатып айқайлағым келеді, көрінген жұртты құшақтап сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін…», «Адам баласын бақытты ететін сөзді таңдап жатып адамның өлгенін сезбей қалуы мүмкін бе? Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі менмін».
жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім.
Бір жабыққан көңілімді аша алмастан
жүр едім.
Бір адамның бір өмірі маған аз ғой деуші едім,
Туып, өліп кетуді маған аз ғой деуші едім.
Өмір деген өксігімді бас алмастан жүр едім…
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан
жүр едім.
Бұл романның увертюрасы «Мәңгілік өмір туралы жыр» деп аталады. Рас, Саттар Ерубаев өмірді құр жалаң «сүйемін» деп жырламайды. Өмірді кім сүймейді. Бірақ өмірді не үшін, қалай сүюді Саттарша айтап кету екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Сен өмірге не бердің, өмір саған не берді? Бұл өмірде не тындырып, не бітіріп келе жатырсың? Қазіргі бірқатар жастарымыз «жұмыс жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп, жалқаулықты алдына салып, заржақтанады. Ұрда-жық «коллективтендіру» дәуірі мен қазіргі демократиялық заманды салыстыруға келе ме? Сондықтан өмірдің мәні мен сәнін Саттар Ерубаевша ойлана, толғана, білсек, өзімізден-өзіміз ұялып, жер шұқырымыз анық.
Сондай-ақ, Саттар Ерубаев туа біткен дарынды ақын ғой. Ол қара сөзді құйысқанда, өз уысында ұстай білсе, өлең сөзді өрге сүйреп өрнектеп, шыңға шығара білді. Жоғарыдағы «Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім» деп басталатын өлеңі қазақ поэзиясына тыңнан соқпақ салды. Мұндай түрде ол кезде ешкім жаза қоймаған. Мұндай ылғи жаңа сөз тіркестері бірден-ақ оқырманын үйіріп әкетеді. «Ауылыма бақытты алып келе жатыр едім» деген жолдар қандай әсерлі. Оның поэзиядағы жаңашылдығы, тың образды сөздері соншама соны етіледі. Қазірде де өзектілігін жойған жоқ. Әр ақынның өз стилі, өз мәнері, міне, осы болар. Саттардың «Комбайн туралы жыр» поэмасының да әдебиетіміздегі орны ерекше. «Өмір туралы паспорт», «Мәңгілік өмір туралы жыр», «Меруерт алқа», «Күзгі фрагмент», «Үш шахтер туралы баллада» – ақынның ең бір этикалық туындылары.
Саттар Ерубаевтың асқақтаған ұшқыр қиялды новеллалары: «Бақыт», «Мәңгілік өмір», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ал оның «Төрт қыз», «Өмір келбеті» атты сырлы сезімге толы очерктері де көркем шығарма дәрежесіне көтерілген еді. Ол уытты сатиралық шығармаларымен қатар, әдебиетімізде алғаш рет, пародия мен эпиграмма, баллада жанрын қалыптастырып кетті.
Қысқасы, С.Ерубаев өзі өмір сүрген дәуірінің қаламгері, шын суреткері болды. Бүгінгі күні оның шығармаларын оқып отырып, қайсыбіреулер «советтік дәуірді жырлаған, социалистік құрылыстың жаршысы болған екен» деп айта салуы мүмкін. Әрине, бұлай ойлау үстірттік. Бұл ретте ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Пәлі, өз дәуірінің жыршысы болмаған, оны сананың айнасына, тарих жүзіне түсірмеген жазушы жазушы ма екен!» деген жоқ па еді. Ал Саттар Ерубаев болса, өзінің «мені» арқылы замандастарының, өз құрбыластарының өлмес бейнелерін сомдады.
Иә, айта берсек Саттар Ерубаев туралы сыр сандығы ашыла түспек. Оның қаламынан туған туындылар сан алуан, сан қырлы. Қатыгез де, қатал өмірді өзінің шығармаларымен жеңген ол саналы, қысқа ғұмырында оқырманға таңдай қақтырып, тамсандыратын, ой салып, қуанышқа бөлеген, жастық жалынға, өршіл романтикаға толы өшпес, ұмытылмас мәңгілік әдеби мұра қалдырды.
Саттар Ерубаев туралы оны көз көргендер мен кейінгі атақты ақын-жазушыларымыз қалам тербеумен келеді. Бұл тұста М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ғ.Қайырбеков, З.Шашкин, Д.Исабеков, А.Лекеров және басқалары тебірене жазды. Оның өнер жолы мен шығармашылығы туралы толымды сыр шертті. Ақындар да жыр-толғауларын арнамай қалған жоқ. Қазақтың белгілі ақыны Нұрсұлтан Әлімқұлов өзінің «Саржайлау» деген өлеңдер жинағында «Саттар Ерубаевқа» деген арнау жырын жариялаған екен. Сонда былай деп толғанады:
«Сен өмірді сонша сүйіп, сол өмірден,
Дәм тата алмай өттің бе?
Бұрқап тасқан өр кеудеңнен,
Ұрпақтарға дән шаша алмай кеттің бе?
Өмір деген өксігіңді 23 жылда,
Бір баса алмай кеттің бе?
Болашақтың базарында біздерменен,
Сырласа алмай кеттің бе?
Меруертті сонша сүйіп…
Оны адамша аңсай алмай кеттің бе?
Махаббаттың сырын түйіп,
Оған арнап ән сала алмай кеттің бе?
Бақытыңды іздеп барып,
Ғашығыңа жыр жаза алмай кеттің бе?
Сүйіп, құшып, мауқың басып,
Өз үніңмен жырлай алмай кеттің бе?
Болашаққа бастап бізді қайрат бір,
Сенің қырлы өлеңдерің әлі күнге,
Кеудемізде сайрап тұр.
Жүрегінен ұшқын атқан ақындарды.
Келешектен іздеп ең,
Саттар аға, бармыз, міне,
Әлі күнге тірі жүрсің бізбенен….!»
Осы сөз бүгінгі ұрпақтардың да, келер күнгі ұрпақтардың да сөзі болып қала бермек!..
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі
Маңғыстау облысы
Маңғыстау ауданы
Ана тілі газеті