Әңгіме, әдебиетте - оқиғаны қара сөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры.Әңгіменің жанрлық ерек...
Өтен Ахмет. Соңғы тілдесу (Күнделіктен)
Ол екеуміз үшінші курсты тәмамдағанша өте тату дос едік. Бір себепке байланысты арамызға өкпе түсті де, кейін бір-бірімізге сырттай тілекші болсақ та, жақын араласа қоймадық. «Қазақ» газетінде студенттік шағымыз туралы жарияланған естелігі жүрегімді қозғап жібергені.
х х х
Түс әлетінде академик Рымғали Нұрғалиға телефон шалып, оператордан байланыстан тыс жерде деген жауап алдым. Байланысқа өзі шыға қояр деп ойламаған едім, шықты.
-Бұл кім екен? –деді, баяғы студент кезден өзгермеген таныс дауыс.
-Өтен деген боламын.
-Ахметов пе?
-Иә, соның өзі. Ауырып қалыпсың ғой, қорқып кеттің бе? Курстастарың туралы естелік жаза қойыпсың, бәрімізді бір дүрліктіріп.
-Иә, полигон жабылуының 20 жылдығына Семейге барып, сонда жүріп құлап түстім. Реанимациядан бір-ақ шығыппын.
-Қазір қалайсың?
-Тәуірсымақпын. Жетпіске келдік, шал болдық.
-Қой, қоя тұр оныңды. Естелігіңді «Егемен» қысқартып берген дей ме?
-Солай болды. Толығын Қоғабай (Қ.Сәрсекеев жазушы, баспагер, курстасымыз,- Ө.А.) өзінің «Қазақ» газетінде сериялап жариялапты.
-Қожайын ғой.
-Иә, бірге оқығандар ішінен жалғыз байыған сол боп тұр. Естелігімді суретті шағын кітапша етіп шығармақ ойы бар көрінеді.
-Онысы азаматтық екен. Сен өзің Нұреддин (Н.Мұфтах белгілі журналист, курстасымыз, -Ө.А.) туралы жазып ірілік көрсеттің.
-Ол курстасымыз қызық еді ғой. Фариза Оңғарсынова екеуі бөле екен. Фаризаны да «Қара қатын» деп жазып, сыйға алған машинасын атап, тағысын тағы айтып, қыжылға толы сын мақаласын шығарған ғой.
-Иә, ол ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын. Түймедейден түйе жасайтын.
-Фариза айтады, кешірер кешірмесімді білмеймін дейді.
-Өзі білсін. Дегенмен, Нұреддиннің ортамыздағы орны ортайып қалды ғой...
-Адаев Мұқан деген жігіт болып еді, хабарын білесің бе?
-Ол, сірә, Лепсіден болар. Осы Алматы –Талдықорған жағы ғой. Оқу бітіргесін екеуміз де Қарсақпайдан бір-ақ шыққанбыз. Бір жылдан соң жергілікті жердің рушылдық қысымына шыдай алмай кетіп қалған. Содан бері мен оның қайда жүрген хабарын естіген емеспін... Сенің мақалаң туралы осында маған курстасымыз Мәкен айтты.
-Мәкен Өсербаева ғой. Аудандық газет редакторы.
-Иә. Сосын осында, Қараталда, марқұм Айдарбек Жапсарбаев тұрған.
-Оны білем ғой. Қазақ ССР-ның бокстан екі дүркін чемпионы болған. Айтпақшы, сенің ағаң Жарас қайда?
-Оған да көп жыл өтті, Маңғыстау жағында жүріп қайтыс болған. Артында қалған әдеби мұрасын жинастырып Есенбайға (Е.Дүйсенбай белгілі ақын, баспагер, курстасымыз – Ө.А.) тапсырдым.
-Есенбай мүмкіндігі болса шығарады ғой.
-Өзі де ертерек неге тапсырмадың деп ренжіді.
-Енді сәтіне қарай көреді де. Үйіңдегі біздің жақтың қызы қалай?
-Жақында үлкен үйге біржола кетіп қала жаздап қатты қорқытты. Он күн ауруханада жатып шығып, қазір үйде емделіп жүр.
-Бекежан (Б.Тілегенов классик жазушы, жұбайым Райханның туған ағасы, - Ө.А.) өмірден ертерек кетіп қалды-ау...
-Жазмыш қой.
-Ол жаққа, Талдықорғанға деймін, қалай бара қалдың?
-Балалардың артынан ереміз деп... Олар біраз уақыт Алматыда тұрған. Қазір туған жақтарына қайта көшіп кетті.
-Мен сені Жезқазған –Қарағандылық шығарсың дейтінмін.
-Сүйтіп Талдықорғандамын. Театрда әдебиет бөлімін меңгерушімін.
-Онда бір жалпақ бет әртіс бар еді, өзін аса мықты санайтын.
-Алмахан Кенжебекова болар. Жаңа жылда жасы алпысқа толады. Мен өзім де жетпіске толып кетіп жатырмын. Бірақ той жасамадым. Рушылдығы тым зор жер екен.
-Қазақтың барлық жері солай болып кетті ғой. Ең сорақысы – баяғыша екі тап пайда болды. Байлар және кедейлер. Байлар руы, кедейлер руы десе де болады. Балаларымыз, немерелеріміз мәңгілік құлдықта қалама деп қорқамын.
-Ол рас... Ол солай... «Студенттер» деген жаңа пьесам сахналанды. Көрермен жақсы қабылдап жатыр.
-Құтты болсын. Сен өзі қай жерден едің?
-Қызылорданың Қармақшысы.
-Елің?
-Әлім болар.
-Жетпіс жылдығыңды қолдамады ма?
-Елден тым жас бозбала кезімде кеткем ғой. Ол жақта мені білетін де, сөзімді сөйлейтін де жақын ешкімім жоқ.
-Айттым ғой, қазақта қазір екі-ақ ру: бай мен кедей ғана.
-Рымғали, босада тіл табысып қалған екенбіз. Сен «Қазақтың 100 романы» сериясының жетекшісі көрінесің. Алғашқылары басылып жатыр дейді.
-Ой, ол өзі қызық әңгіме. Кезінде мен студенттерге көмекші құрал болсын деп жүз романға анықтама жазғам. Авторының өмірдерегін, романның қысқаша мазмұнын. Соны министр Құл-Мұхаммед көріп, неге мына романдарды шығармайсыңдар деп баспагерлерге айтса керек. Сөйтіп менің сыртымнан бекітіп жіберіпті.
-Мен, ендеше, Теміртау металлургтері туралы өзің білетін «Заңғар» деген романымды, бұрынғы цензурадан өтпей қалған жерлерін қосып, тағы да толықтырып өңдеп, қайта дайындап қойған ем.
-Оныңды білмеймін. Мен мақтаған романың бар еді ғой, «Жұлдызда» жарияланған.
-А-а, «Конвертор» деген ғой. «Жалын» баспасынан кітап болып шыққанда «Заңғар» деген атпен басылды.
-«Конвертор» аты тәуір. Уникальный.
-«Заңғар» деп тұрғаным, ендеше, осы «Конвертор» ғой.
-Өтен, егер «100 роман» министрлікте бекітіліп, хатталып кетсе, арасына кіру қиын болар. Өйтпеген жағдайда байқап көрейін. Есенбай, Есенғалимен (белгілі ақын, «Жазушы» баспасының директоры, - Ө.А.) сөйлесейін. Министрмен сөйлесе алатыныма күмәнім бар. Дегенмен, оны да көрейін. Лекцияға барып – келіп қана жүрген адаммын. Бұрынғы асаулық жоқ.
-Не болды сонша тым ерте қартайып. Академиктердің орташа жасы – тоқсан. Жүнжіме, бәрі жақсы болады. Ал қайыр...
-Сау болайық...
22.11.2009 ж. Талдықорған.
P.S. Содан бері арада бақандай он жыл өтіпті. Қазір күнделігімде аты аталған курстастарым Есенбай, Қоғабай, Рымғали о дүнелік; ұлтымыздың рухани қазынасын байытуға жандарын салып аянбай еңбек еткен текті ұлдар еді, орындары пейіштің төрінде болар.
Өзіме келсем, жоғарғы жақтан бірдеңе сұрау, өтіну дегенді білмейтін қисық мінезіммен, Алланың берген жасын жасап, шүкір деп жүріп жатырмын. Тіпті қолы ұзарған курстастарыма да уақытында жағдайымды айтып қолқа салмаппын. Тек егде тартқан шағымда, онда да әдейі емес, кездейсоқ тоқайласып, Есенбай, Қоғабай, Рымғалилардан көмек болатындай сәт туғандай еді, мезгілсіз үзіліп кетті. «Жазмыштан озмыш жоқ». Дегенмен, Рымғали өткізді ме, ол жағын анық білмеймін, әйтеуір өз көзіммен көргенім, аталған романымның «Қазақтың 100 роман» тізімінде 77 боп тұрғаны еді. Әттең, «Жазушы» баспасының шаруасын қайдағы бір аты бар да заты жоқ баспаға жүктеді. Сол баяғы бармақ басты, көз қысты тамыр-таныстық қой... Сөйтіп рухани үлкен жобаның басы біреулердің май жаққан нанына айналып, аяғы быт-шыт боп құрдымға кетті. Менің де «Заңғар» («Конвертор») деген дайын романым «Жазушы» баспасы тартпасының бір жерінде шаң басып жатқан болар. Егер курстасым, академик Рымғали Нұрғалиев тірі тұрғанда мұндай былыққа жол бергізбеспе еді-ау деп, кейде өзімше ойлап та қоямын...
Өтен Ахмет