«БІЗДЕ ҚАРА ТОБЫР БАР, ХАЛЫҚ ЖОҚ...»

ӘДЕБИЕТ
6158

Ескі альбом

Электронды поштамды ашсам, белгілі жазушы, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбай ағамнан хат келіпті. «Қымбатты Құлтөлеу інім, бұл материал 1995 жылы мамыр айында аудандық «Төле би» газетінде жарияланған екен. Кешелері қағаздарымның арасынан тауып алдым. Сен оқып, таныссын деген оймен өзіңе жолдап отырмын. Ағалық тілеулес көңілден – Мамытбек» – дейді Мәкең.

Құнды дүниені көпшілік назарына ұсынуға асықтым.

Неге екені белгісіз, Баукең мені көңілсіз қарсы алды. Жанары солғын, қабағы жауатын бұлттай түнеріңкі. Әдеттегідей хал-жай сұрау жоқ, бірден:
– Соңғы кезде ұйқым шала. Сен неге ұйқың шала деп сұрақ қой, – деді.
– Неге ұйқыңыз шала?
– Біреуді жамандасақ, жерге кіргізіп жамандаймыз, біреуді мақтасақ, айдан асырып мақтаймыз. Таза ақымақпыз! – Бұл сөздерді Баукең даусын көтеріп, қаһарлана айтты. – Мұндай күйге қалай түстік деп ойландық па? Әлі шындап ойланған жоқпыз.

Біз жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрмыз. Тілімізден, дінімізден, салт-дәтүрімізден айырылсақ, қазақ деген атымыз біржола ұмыт болары сөзсіз. Құдай оның бетін ары қылсын.
Өзімізді аман сақтап қалуымыз үшін не істеуіміз керек? Ең әуелі жоғымызды, барымызды түгендеп, кешегіміз бен бүгінімізге, ертеңімізге мән бергеніміз жөн. Бізді шыңыраудан алып шығып күреске бастайтын да, күрессіз жеңіс жоқ екенін түсіндіретін де – ар-намысымыз, ойлана білетініміз.

Баукең ұзақ үнсіз қалып, қайта сөйледі.
– Ойсыздық – бейшаралардың сыбағасы. Шыныңды айт, біз бейшарамыз ба?
– Жоқ.
– Ойсыздық – азап пен мазақтың ми батпағы. Алыс елдерді айтпай-ақ қояйын, көрші өзбек еліне зер салшы. Онда қара тобыр жоқ, халық бар. Оларда отарды шөбі шүйгін өріске бастайтын серкедей ақылды басшы бар. Ал бізде қалай?
Сен неге әркімнің сөзіне сене бересің? Қазір мен де: «Сені – тыңшы. Ол туыс ағасының аяғынан шалып, қызметінен қудырып жіберіпті», – десем, сенесің бе?
– Мен сізге тек естігенімді ғана айттым ғой.
– Көшедегі кездейсоқ адамдар не айтпайды. Сенсең, нақты фактіге негізделген сөзге ғана сен. Әйтпесе өз абыройыңды өзің жоғалтасың. Анау айтты, мынау айтты деуге бола ма? Баяғыда Асқар Тоқмағамбетовтің «Дейді екендер дейді екен» деген сықақ өлеңін оқып, күлгенбіз. Есіңде ме?
– Есімде.
– Асқар айтпақшы, қазір «дейді екендер» көп. «Заңсыздық қанат жая берсе, халық төзімі таусылады. Ол билікке қауіпті» деп жүргендерді кездестірдім дейсің. Олар оттапты. Бізде халық жоқ, қара тобыр бар. Қара тобырдың азын аулақ көңілін ауласаң, әке-шешесін де сатып жіберуге дайын. Аштар тамақ берген адамның сөзін сөйлейді. Қара тобыр да дәл солай қарны тойғанға мәз. Оның миы, ар-намысы таяз. Бұл билікке өте таптырмайтын құрал.

«Халықтың төзімі таусылса» деген сөзді батыс елдерінде айтуға болады. Қазақстанда айтуға болмайды.
Әкем: «Беті қалың, жылтыр адамнан қауіптен. Олар тайғанақ, ұятсыз келеді. Арзымайтын нәрсеге бола сені сатып кете береді. Ертең абыройың өссе, қайтадан жаныңа жақындайды. Ондайлардан абай бол, балам», – дейтін. Бұл мінездеме қара тобырға да тән мінездеме.

Қайталап айтам, өкінішке қарай, бізде халық жоқ, басы бірікпеген қара тобыр бар. Онымен жеңіске жету мүмкін емес. Сен:
– Неге бұлай дейсіз? – деп менімен таласпайсың ба?
– Таласа алмаймын.
– Неге?
– Адамдар бірін-бірі тыңдамайды.
– Сенің дәлелің нақты емес. Саған «екі» деген баға қою керек. Құлағы жөнді естімейтін, көзі жақсы көрмейтін, газет оқымайтын, радио тыңдамайтын, телевизор қарамайтын мендей үйкүшік шалға бұдан былай сен айтар ойыңды «әп, бәрекелде» дейтіндей етіп, фактіге негіздеп айт. Фактіге негіздеп айтқан сөзің ақылды адамдардың ұйықтап жатқан ойын оятады. Олар жаттанды, жасанды сөзді сенсіз де біледі.

Мойындауымыз керек, біз әлі ұлт болып қалыптасқан жоқпыз. Ұлт болып қалыптасуымыз үшін қара тобырдан халыққа айналуымыз керек. Біреулер менімен айқайласып: «Мына мылжың шал бізді масқаралап, халық емессің, қара тобырсың деді», – деп сотқа берсе, мен бұрынғы тарихымыздан, бүгінгі өмірімізден мысалдар келтіріп, дәл қазір Қазақстанда халық жоғын дәлелдер едім.

Ашығын айтайын, қазақ – надан. Бұл сөз сенің абырой-намысыңа тие ме, тимей ме? Неге маған қарсы шығып, менімен күреспейсің?
– Күресе алмаймын.
– Неге?
– Сіздің айтқаныңыз дұрыс, қалай күресем?
– Менің бірінші дәлелім, қазақ бірін-бірі күндеп, бір-бірінің аяғына тұсау салуға құштар. Екінші дәлелім, кімнің кім екенін сезіп, лайықты адамды таңдап тауып, қолдамайды. Сол себепті, ұлттық дәрежеге жете алмай жүр. Ұлттық дәрежеге жетпейінше қазақ білімді халық атана алмайды. Ол өзінің тұлпарын өзгенің есегіне, өзінің бұлбұлын өзгенің қарғасына, өзінің сұңқарын өзгенің сауысқанына, өзінің аққуын өзгенің шүрегей үйрегіне, өзінің данышпандарын өзгенің мылжың ақымақтарына айырбастаса, ол қандай халық, қандай сауатты ұлт? Сондықтан халыққа айналып, ұлттық дәрежеге жетпейінше қазақтың надандығы ешуақытта жоғалмайды. Мұның бәрі басымыз бірікпей үш жүзге бөлінгеніміздің кесір-кесапаты. Бұл дертімізді нағыз тарихшылар анықтап, шипа-емімізді табуы керек.

Егер қара тобыр халыққа айналса, қоғамда теңдік орнап, еркін ой ойлайтын ақылды, парасатты, көреген жандар көбейеді. Олар өзінің ғана емес, үрімбұтағының, немере-шөбересінің келешегі үшін ештеңеден тайынбай күрес жолына түседі. Жеңіске тек күрес жолында шыныққандар ғана жететінін пайымдайды. Ананың ақшасы, мынаның тамыр-танысы көп демейді, ақылдылар құрметтеліп, ақымақтар еленбейді. Осыны сен журналист емес, адам ретінде түйсін. Ең бастысы – таланттылар тасада қалмайды.

Халық бар жерде тіліміз де, дініміз де, салт-дәстүріміз де төрт көзі түгел сақталады. Әркім өзі қалаған ісімен айналысып, қабілет-қасиетіне сәйкес бағаланады. Алаяқ арамзалардың алдап-арбауына, жатып атар жалқаулардың, іші тар күншілдердің, таққұмарлардың өсек-аяңына тиым салынады. Көрші елдер менсінбей, шекесінен қарауды қойып, бізбен санасатын болады. Мен сол күнге жетсек деп күні-түні армандаймын.Түсіндің бе?
– Түсіндім.

Мамытбек Қалдыбай

author

Бауыржан Момышұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...