Бөрібай Кәртен. Ұстаздың бабалар сөзін аманаттауы

ӘДЕБИЕТ
4108

Бір жағдайға байланысты студент кезде әндердің мәтіндері жазылған дәптерді парақтап отырсам соңғы бетіне ғазиз ұстаз Ғарифолла ата Құрманғалиевтың өзіме арнаған екі шумақ өлеңін түзіппін. Отыз алты жылдан асып барады екен бұл оқиғаға да. Елес беріп, жадымда қайта жаңғырды.


Оқуымыздың екінші жылы. Күз айы. Ұстаздың сырқаттанып, эстрада-цирк өнері студиясына келмегеніне де ұзақ уақыт өтті. Дәрісті шәкірті Қалыбек аға Ақтаев жүргізуде. Дауысы драматикалық тенор. Білікті адам. Алайда көңілім сабақты Ғарифолла Құрманғалиевтың өзінен алғанды қалайды. Тез сауығып кетсе екен деп тілеймін. Бірақ созылып барады...

Уақыт сырғып жатыр. Бір күні ұстаздың үйіне келдім. Келіні Рая апай есікті жылы қабақпен ашты. Әнші қарттың қасында біраз отырдым. Әуеліде өзінен, сонан соң кейін үйренген әндерімді салдым. Кемшін тұстарын қайталап, көрсетіп берді. Арасында мақтау да айтып қойды көтермелеп. Соған көңілім өсіп, өзімді әжептәуір әнші сезініп қалдым... 

Күнара соғып тұру әдетіме айналды. Әншінің әулетімен де танысып-білісіп, жақындай түстік. Ұзақты күнге дағарадай үйде жалғыздықтан зерігетін болар, қарт ұстаз келгенімде қуанып, көңілденіп қалатын. Өйткені, келін-балалары жұмыста. Немерелері оқуда... 

Әнші ақсақал Виноградов көшесінде (бұрынғы Мир, қазіргі Желтоқсан көшесінің қиылысы) 62 үйдің 13-пәтерінде тұратын. Бұл 30-жылдары артистердің алғашқы тобына арнайы салынған екен. Үш бөлмелі. Кіреберістен соң оң жақта бір есік, соған жалғас тағы бір бөлме, яғни, төргі үй. Кіреберістің сол жағында ас үй, оған жалғас туалет, ванна. Одан әргі Ғарифолла атамыздың бөлмесі. Мұнда кіргенде сол жақта шифонер тұр. Оған параллель екі керует қойылған. Тұсына кілем ілінген. Әріректе тумбочка. Үстінде Рәбиға шешеміздің үлкейтілген суреті. Тумбочкаға тақау керуеттің бас жағында қорапқа салынған ұстаздың домбырасы сүйеулі тұратын. Керуеттің жанындағы шағын дөңгелек үстел үстінде ылғи да телефон нөмірлері жазылған блокнот, қол сағат, папирос жатады. Бөлменің ішінде аса қымбат дүние болмағанмен, әр зат қарапайым үйлесімділікпен орналасқан. Ал, көбіне біз әңгімелесіп отыратын төргі бөлменің көрінісі мынадай: босағаға таяу диван тұр. Есіктің сол жақ кіреберісінде гарнитур орын алған. Терезе тұсына үстел қойылыпты. Төрге әншінің 45-тер шамасында түскен суреті ілінген. Бөлменің кірер есігіне қарсы екі терезе бар. Оған қатарласып, бұрышта теледидар тұр.

Ән салып, кем-кетігін тексерткізіп отырған бір сәтімде қарт ұстаз сөз бастады: 

– Мұхиттың немере ағайыны Қаратаев Шынтас талай болды осы үйде. Әншілігі керемет еді. Мына жерде отыратын. – Бөлменің терезеге тақау тұсын саусағымен нұсқады. Көзім оның саусағына ілесіп нұсқаған жерге тоқтады. Шынтас атамыздың өзін көргендей абдырап қалдым. Сәл кідіріп, сөзін әрі қарай жалғастырды. – Жарықтық Күләш үйге келсе әдеп сақтап, төрге озбайтын. Ылғи әнеу жерге тізе бүгетін. – Бұл жолы әншінің сұқ саусағы төргі үйге кірер босағадан бір жарым метрдей жылжып барып, гарнитур орналасқан маңға аялдады. – Қарапайым еді: – Аға, сізге бұйымтайым болып келіп ем, – дейтін қамзолының ішкі қалтасынан ұзындығы қарыс сүйем шишаны суырып жатып. – Әнші қарт бас бармағы мен ортан саусағын кере ашып көрсетті. – Сіз білетін бір әнді екі-үш күннен бері келістіре алмай жүргенім, – деп отырушы еді, Күлекең. – Сөзін аяқтап, қарт терең күрсінді.

Өткен өмірінің көз алдында көлбеңдеген үзік елесін сыр қып шерткен Ән-атаның сағынышынан жаныма сәуле төгілді. Ғұмырлары үлгіге айналған адамдардың өздерін көрмесем де олар талай келген, табандары тиген қасиетті шаңырақтың қадірін, құдіретін тереңірек сезінгендеймін.

Ұстаздың қасында өткен сағаттарым – шуақты сәттер еді. Ол көсіліп сөйлемейтін. Әңгімесін қысқа қайыратын. Екі-үш, асса алты-жеті ауыз сөзбен шектелетін. Жадымда сақталып қалған сол айтқандары кейін өнер тарихына қатысты, дарабоз әншінің шығармашылық ғұмырындағы беймәлім жайттардың басын ашуға көп көмегін тигізді.

Үйге кірген соң өзінің жатын бөлмесінен таяғын тықылдатып Ғарифолла атам шығып келе жатады ылғида. 

– Сәлематсыз ба? – деп қолымды ұсынамын оған. Едірейе қарап, түсін өзгерте қояды:

– Какой ваш дело? – деп. Сәл кідіріп барып:

– Мә, ала ғой! – деп қолын созатын маған қарай. Осы көрініске Рая апай басын шайқап, еріксіз жымиятын. 

Кейде ауырып, мазасы болмай отырады, сондайда әзілмен сергітпек болып: 

– Ғареке, бұл не, менің жасыма келгенде қайтесіз? – дейім.

– Білмеймін, сенің жасыңа жетсем алжып кететін шығармын, – деп әзілге әзілмен жауап қайтаратын жарықтық.

Осындай күндердің бірінде, жарасымды қалжың сөздердің сәттерінде әнші қартқа: «Ұстазым арнап еді деп жүрермін, шәкіртіңізге бір өлең шығармайсыз ба?» – дедім. Айтар сөздің парқына соншалықты ойланып бара қоймайтын кезіміз-ді. Албырт едік. Диванда оң жағында отырған маған алая қарады: «Мына саған ба?» «Иә. Көсеміміз Ленинге арнап шығардыңыз, батыр Бауыржан Момышұлына арнап шығардыңыз, енді маған өлең арнап шығарсаңыз қатып кетеді», – дедім. «Сен кім едің сонша?» Ыңғайсызданып қалдым. Іле Құдай аузыма сөз салып жіберді: «Ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкіртімін!», – дедім тақ-тақ етіп. Басын шайқап, күліп жіберді: «Өй, айналайын!». Үні мейірлене шықты. Осыны арқаланып: «Күтіп отырмын, Ғареке!» – дедім тағы, жастарға тән асығыстықпен асыра сілтеп.

Езуін тартып, сәл ойланып отырды да: «Тыңда, онда!» деп тамағын бір кенеп ап, тақпақтап кетті: 

  «Жас балам, өнер үйрен ағаңыздан,

  Қара ішік, қайырмалы жағаңыздан.

  Екпінді, жаңа талап, жас баласың,

  Көп көрген түрлі үлгілер бабаңыздан.

  Әлде де аймағыңмен келе жатсыз,

   Кемімей қазан толып шараңыздан.

  Дәмдес боп, келіп бірге жүргеніңе,

  Екі жыл өтіп отыр арамыздан».

Мәзбін. Қойнымнан қаламсап пен блокнотымды алып, «Ұстазым Ғарекеңнің өзіме арнаған өлеңі» деп тақырыбын қойып, ұстазға қайта айтқызып, түзіп шықтым. «27 октябрь, 1984 жыл, сағ. 13.40. Алматы қаласы» деп таңбалауды да ұмытпадым.

Алайда бұл шумақтағы ойдың салмағын, мағынасын түсінбеппіз сол сәтте. Кейін де. Енді мән берсек, әлі өмірдің ащы-тұщысын тата қоймаған, ауыз толтырып айтарлықтай іс бітірмеген балаң жігітке мадақ арнамапты. Тілегін, үмітін аманаттапты. 

Экспромт жағдайда шығарылған бұл шумақтардың сырт қарағанда көркемдігінің соншалықты асып тұрған ештеңесі жоқ тәрізді. Бірақ сөздің бәсін ұғатын жан ақындық шеберліктің сол қарапайым тіркестер тасасында жатқанын аңдар еді. «Қара ішік, қайырмалы жағаңыздан», «Көп көрген түрлі үлгілер бабаңыздан», «Кемімей қазан толып шараңыздан» деген сөйлемдердің символдық ұғымдармен құрылғанын соңыратын пайымдадық.

Халықтың ән-жыр өнері үлкен қазына депті менің ғазиз ұстазым. Соны меңгер, қадіріне жет депті. Екпіндісің, жігерлісің, әлі жассың. Екі жыл ішінде көкірегіңді ашып, ынтазарлықты, талапты дарытқан көнекөз аталарыңның ұлағатын адамдық бағытыңа ұстын қыл ғұмыр бойы. Жинаған сол аз-кем өнегенің, білімнің қазанын кемітпей, ортайтпай, оны толтыра түс деген тілегін астарлап өрнектепті... 

Мұны ұстаз жанынан ұзағасын, біраз уақыттан соң пайымдадық. Ән мәтіндеріндегі тармақтарға, жекелеген атауларға түсінік берген кейбір сәттері ойымызға жиі оралатын-ды. 

Әлі есімде, әнші қарт Сартай жыршының термесіндегі «Түннің де көркін сұрасаң, Он төртінші ай шығар» деген жолдардың: «Айдың пішіні әр он төрт күн сайын өзгеріп тұрады, біресе орақ тәрізді, біресе дөп-дөңгелек боп. Сол толықсыған сәтінде айналаға сәулесін төгіп, жарқырап тұрған кезін айтады», – деп мағынасын ашып беріп еді. Сондай-ақ, Қанапия Басығараұлының әніндегі «Ныспымыз Қанапия болғаннан соң, Жиылып өңшең қашқын жамшылады» делінетін тармақтарға да «Қанапия айдалада жалғыз келе жатса керек. Өзі батыр кісі болған деседі. Ұры-қарылар, бейсауат біреулер жан-жағынан шыға келгенге ұқсайды көлбеңдеп қоршап. «Жамшыладысы» осыны білдіреді» деп түсіндіріп өткені жадымда. Осындай тұстарына мән берсең, әннің басқа да қасиетін ұғасың деуші еді жарықтық .

Шоң педагогтың өлең мәтініне де бұлайша зор көңіл бөлуі – шығарманың тек әуеніне ғана емес, сонымен қатар сөз орамдарына, оның астарына зейін қойып, толық мәніндегі әнші болсын деген ниетінен екені санамызға шым-шымдап жете бастады. Осыдан соң Ғарифолла атамыздың сол тағылымын бағдар қып, терме-толғауларда, халық әндерінде кездесетін өзімізге түсініксіз немесе үстірт қарап жүрген кейбір жайттардың мән-жәйіне көңіл тоқтатып, хал-қадарымызша саралап, анықтауға ынталандық. 

Шынында да аталардан қалған үлгі сөздердің мәні терең екен. Зейін салсаң мына бес күндік тірліктегі жолыңа жарық беріп, көкірегіңе сәулесін құяды. Тарихыңа қанықтырады. Салт-дәстүріңмен таныстырады. Тіпті сүйініш-күйінішіңе де ортақтасады. Тіліңнің мәдениеті де осында жатыр. Қадір-қасиетін жоғалтпайтын, бәсі биік қазына екенін ұқтық. 

Сол аманаттаған өсиеттеріне бабалар арқау қылған тақырыптың бірі – фәнидің өткіншілігі. Мұны фонотекалық қорға Ғарифолла ақсақал жаздырып кеткен «Дүние-ай» (II түрі) атты халық әнінде бүй деп баян қылыпты: 

  «Қай пенде, мына пенде, анау пенде,

  Білмейді көзі тіріде кей шерменде.

  Дүние ер-тоқымсыз бір жорға ат,

  Соңынан соның қуып жүрер пенде, 

  дүние-ай!

  Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер,

  Шын жүйрік өрге салсаң өршеленер.

  Барында оралыңның ойна да күл,

  Шамшырақ мың күн жанған бір күн сөнер, 

  дүние-ай!» 

Өлең мазмұны зерек тыңдаушыны мынадай ой-қорытындыға әкелері сөзсіз: күндердің күнінде өң тозып, бар тамыр суалады, бастан дәурен озады, бақ таяды. Яғни, дүние ер-тоқымсыз жорға ат тәрізді, соны әне ұстаймын, міне ұстаймын деп маңдай терлетіп, екілене қуып жүргенде уақытың бітіп, қу тірлік баянсыз боп тәмамдалады ақырында. Адам ғұмыры қысқа, оны мәнсіз іспен текке өткізбеу керек. 

Һәм насихат астарынан адамдық болмыс сын сағатта айқындалады, артыңда қалар із – тек кейінгілердің кәдесіне жараған жақсы өнегең, игілікке асар ісің ғана деген емеурін де аңдалады. 

Ғарифолла ата Құрманғалиев қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғаның бірі – баһадүр, ақын Махамбет Өтемісұлының поэзиясын да насихат еткен еді.

Сағымқожа есімді жыршы өткен Қаратөбе өңірінде. Соғыстан кейін дүниеден озған дейді айтушылар. Дауысы зор болған деседі. Ғарифолла Құрманғалиевтың туған өңіріндегі өнеге тұтқан ұстаздарының бірі. Сол атамыз Махамбеттің толғауларын өзінің сазына салып орындаған екен кезінде. Осы себептен болса керек, Махамбеттің «Аспандап ұшқан бозторғай...» атты шығармасын ұстаз «Сағымқожаның термесі» деп үйреткен-ді алдынан өткен шәкірттерінің бәрісіне. Күйтабаққа, теле-радио қорына да осы атаумен жаздырып қалдырды. Мәтіні былай:

   «Аспандап ұшқан бозторғай,

    Бозаңда болар ұясы.

  Бозаңның түбін су алса,

   Қайғыда болар анасы.

  Қара лашын, ақ тұйғын,

  Қайыңда болар ұясы.

  Қайыңның басын жел соқса,

  Қайғыда болар анасы...

  Тоқсан тарау су ақса,

  Дария болар сағасы.

   Сан шерулі қол болса,

  Батырлар болар ағасы.

  Аз сөйлер де, көп тыңдар

  Хас асылдың баласы.

   Қалы кілем, қара нар

  Жарасады қатарға.

  Аруана жисаң жарасар

  Ұлы бір күнгі сапарға.

  Қаумалаған қарындас

  Қазақта бар да, менде жоқ,

  Арызымды айтарға».

Ұясын бозаңның түбіне салса да, биік бәйтерек басына орналастырса да тағдыр жазып тұрса, бәрібір төнетін қауіп-қатердің бары рас дейді. Тыңдаушыға себебін баян қыла отырып, сол жамандық орын алса, одан құтылудың жолы жоқ екенін пайымдатады. Бірақ көкейіндегі дұшпанына қарсы қайта қол бастасам деген үлкен арманынан бас тартқысы жоқ, соны астарлайды. Алайда айтар арызымды тыңдайтын қарындас жоқ дейді. Қамығады... 

Әрине, кейін бұл толғаудың туу себептерін іздегенде бізді 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда отарлық езгіге қарсы Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске, соңында жеңіліс тапқан әскердің басын қайта құрап, күресті жалғастырғысы келген Махамбет ақынның қайғылы тағдырына апарып тіреді. Оқиға тарихын парақтатты. 

Толғау жанрының құрылымы жыраулардың өз сөздерін әркез афоризмдермен кестелеп отыратынына куәлік береді. Әуелі анықтамасына тоқтала кетейік, онда: «Афоризм (грек сөзі) – қысқа сөзбен түйінделген тиянақты, бейнелі ой. Жеке нақыл ретінде де, мәтін ішінде де қолданылады. Афоризм – халық даналығының інжу-маржаны, көрнекті ойшылдар айтқан «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», – деп ашып түсіндіреді. 

Сөзімізді айғақтау мақсатында ескі заман ақыны Базардың өлең-жырларының поэтикасына назар аударсақ, ол хандық дәуір жырауларының сөз саптау үлгісімен афоризмдерді пайдаланады. Мысалы:

  «Жолдас болсаң жақсымен,

  Жетеді қолың мақсатқа.

  Жолдас болсаң нәмәртпен,

  Аунатар бір күн батпаққа».

 Немесе,

  «Аз ғана оттап, көп жусар

  Жүйріктің шықпас шарасы.

   Аз ғана сөйлеп, көп тыңдар,

  Адамның дегдар данасы».

 Тағы біреуін келтіре кетейік.

  «Жақсының сөзі сүйкімді,

  Әбі гәусар бал судан.

  Жаманның сөзі жағдайсыз,

  Ызғары қатты ащы удан» .

Жаманға сеніп жолдас болсаң оның түбі опық жегізіп, өкінішке қалдыратынын ескертеді. Жақсының белгісі салмақтылығында, ойлылығында, сындарлы мінезінде дейді. Айтар ойын аз сөзге сыйдырған. Шағын кеңес, терең мағыналы өсиет.

Базар жыраудың тағы бір ерекшелігі – толғауарында дүние жайлы пайымын мақал-мәтел пішінінде қалыптап, ойын ажарлап отырады. Құр сөз болмасын пікірімізді айғақтайық. «Уайым – ердің шегесі, Тәуекел – көптің кемесі», «Әр кемелге – бір зауал», «Әр заманның өзіне, Лайықты саз болар», «Өлім – күзер, өмір – жол», «Адам – бүркіт, ажал – жаң», «Иттің даусы жетпейді, Ұлығанменен аспанға» т.б. Қысқа әм нұсқа. Бейнелі. Үлгі-өнегелік мағынадағы ғибратты сөздер. Грамматикалық, логикалық жағынан мінсіз.

 Бағзы күндерден жеткен мұралардың қадір-қасиетінің түбіне бірер мысал-дәлелдермен жете алмаспыз сірә, осы тұстан қайырайық.

Ұстаз репертуарындағы өзім үйренген халық әндері мен термелердің, толғаулардың, өзге де ескі ақындардың насихатына осылайша үңіліп, ішкі сырына назар салдым. Тарихын зерделедім. Сөздер тізбегінің құрылымын пайымдадым. Бабаларымның ой-танымымен таныстым. Көкірек көзім өстіп ашылып еді. Білімге өстіп сусындап ем. Мұның бәріне себепкер болған жасымнан құмарланған Ғарифолла атамыздың үні, салған әндері-тұғын. Берген кеңесі, бағыт-бағдары еді.

Халық әні – музыка мен сөз өнерінің ажырамас байланысында қалыпталған синкретті өнер. Айтпағымыз, осы күні қайсыбір әншілер тарапынан мәтіндегі сөз орамдары өзгертіліп, бұрмалаушылықтар орын алып жүр. Бұл – әннің эстетикалық құнын түсіріп, көркін қашырады. Ой мазмұны ашылмай, ұғынықсыз боп қалады. Сондықтан дәстүрлі әндерді оқытуда тек әуенге басым көңіл бөлмей, шәкірттерге мәтін мазмұнын түсіндіруді, сөздердің мағынасын дұрыс ұғындыруды үнемі назарда ұстаған жөн дер ек...   

Ұстаз аманаттаған бабалар мұрасын сабақтастырып, насихат қылдық шама-шарқымызша. Сахнада уағыздап, батыс өлкесінің ән дәстүрінен музыка, өнер мектептерінде сабақ беріп. Шығармашылық ғұмырына байланысты біраз ізденістер жасадық. Тырнақалды «Ғарифолла сал» атты еңбегіміз түзілді. Бұл баспадан шықты. 1998 жылы. Мұнымен шектелмедік. Әрі қарай іздендік һәм басты мақсатымыз – әнші атамыздың ғұмырына, шығармашылығына қатысты нақты ақиқатты түзу еді. Алла өзі жар болды, сәтін салды, ұзақ жылғы еңбегіміздің арқасында зерттеулеріміз толыға түсті. Қайсыбірін мерзімді басылымдарда, ғылыми журналдарда жария қылдық. Ғарифолла атамызды тереңірек тани түссін деген ниетпен.

Табан тіреп, көз майымызды тауысып, саралаған осы зерттеулерімізді онның біреуі қажетіне жаратып жатса сол да жетістік бізге. Еңбектің құрметтелгені, еш кетпегені! 

Ұстаздың бұдан отыз алты жыл бұрынғы «Екпінді, жаңа талап, жас баласың, Көп көрген түрлі үлгілер бабаңыздан» деп үміт артып, айтқан сөзін ақтай алдым ба? Білмеймін.

Ақтөбе қаласы.

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...