Түркі халықтарының мақал-мәтелдері

ӘДЕБИЕТ
16403
Құс қанатымен,
Ер атымен.

* * *

Ым білсе, ер өлмес.

* * *

Батыр соғыста,
Қорқақ жанжалда.

* * *

Еріншекке есік те (табалдырық та) асу болар.

* * *

От дегенге ауыз күймес.

* * *

Заман өтер, кісі тоймас,
Адам баласы мәңгі қалмас.

* * *

Қазан айтар: «Түбім алтын»,
Шөміш айтар: «Мен қайданмын?!»
Бұл мақал өзін танитын адамдардың алдында бөсе беретін мақтаншақ кісілерге
бағыштап айтылады.

* * *

Иірі болса, ер өлмес.
(Иір - іш ауруына пайдаланылатын емдік тамыр).
Бұл мақал әр нәрсенің алдын алу керек деген мағынада қолданылады.

* * *

Түлкі өз ініне үрсе, қотыр болар.
Бұл мақал өз елінен, жерінен, шаһарынан, тұқымынан безген сатқындарға арнап
айтылады.

* * *

Ауыз жесе, көз ұялар.
Бұл мақал біреудің затын сатып алған, яки жеген, бірақ оны қайтара алмай қиналған
адамдарға арнап айтылады.

* * *

Өгіздің аяғы болғанша,
Бұзаудың басы болғаны жақсы (игі).

* * *

Адам аман болса, өмірден көп көрер.

* * *

(Есен болса жаның - көрерің көп).
Бұл мақал адамның жаны аман болса, алдында көрері көп дегенді насихаттайды.

* * *

Аңшы қанша айла білсе,
Аю сонша жол білер.
Бұл мақал әккі, өте тәжірибелі екі адам бір-бірімен айтысып, дауласып, ерегісіп қалғанда айтылады.

* * *

Ауылда лақ туса,
Арықта оты өнер.
(Арық - өріс, от - шөп мағынасында).
Бұл мақал азық пен ырыздық үшін өте көп қайғырудың қажеті жоқ дегенді уағыздайды.

* * *

Сарттың азығы адал болса,
Жол үстінде жер.
(Сарт - саудагер).
Бұл мақал өзін адал, таза санап, кеудесін керетін кісілерге арнап айтылады.

* * *

Үлкеннің ауырлығы кішіге қалар.
Аттың арқасындағы (шоқтығындағы) жауыр әсте тез жазыла қоймайды. Ұзаққа созылады. Сөйтіп, ол бірте-бірте ұлғая беретіні сияқты, кедей, кембағал әкенің төленбеген қарызы да артындағы баласының еншісіне қалады. Міне, бұл мақал осы жағдайды ескертіп айтылады.

* * *

Барын ортаға салса (қойса), жоққа саналмас.

* * *

Күнде жырық (сызат) жоқ,
Бекте қайту жоқ.
Бұл мақал бектердің айтқан сөздері мен ойына алған істерін орындамай қоймайтын мінездерін марапаттап айтылады.

* * *

Еңбекқордың еріні майлы,
Жалқаудың басы қанды.
Бұл мақал жалқаулықты қойып, жалықпайтын еңбекқор болуға үгіттейді.

* * *

Алушы - арыстан,
Беруші-тышқан.
Қарызын талап етуші адам құдды арыстанға, ап төлем төлеуші кембағал қорыққанынан тышқанға ұқсап кетеді. Бұл мақал дәл соларға арнап айтылады.

* * *

Атанның жүгі ас болса (да),
Аш (адамға) аз көрінер.

* * *

Есендікте асығыс жоқ.
Дені сау адам әсте асықпайды. Бұл мақал әрқандай істе асығыстық жасамауға,
сабырлы болуға шақырады.

* * *

Аш не жемес,
Тоқ не демес.
Аш адам алдына келген астын барлығын таңдамай жей береді. Ток адам аузына келгенді көпіріп айта береді. Бұл мақал осы жаман қасиеттен қашық болуға
шақырады.

* * *

Аурудың өсиеті ізгілік болар.
Бұл ауру адамды өсиет айтуға уағыздайтын мақал.

* * *

Айламен арыстан ұстар,
Күшпен құрт та ұстай алмас.
Бұл мақал күші жетпеген іске айла мен тәсілді барынша қолдану керек екендігін
ескертеді.

* * *

Толған айды қолмен ымдамас (көрсетпес).
Толған айды көзі бар адамның барлығы көреді.
Сол сияқты бұл мақал барлық
мәшһүр нәрсеге мысал етіп айтылады.

* * *

Жанжал шықса, ағайын ақылдасар,
Жау келсе, ел тебіренер.
Бұл мақал әрбір іске сергек қарап, қай кезде де ұйымшыл болуға үндейді.

* * *

Адам аласы ішінде,
Жылқы аласы сыртында.
Бұл өзі жағымды көрініп, жан дүниесіндегі жамандық пен арамдықты жасыратын сұрқия жандарға бағышталады.

* * *

Белгі болса, жолдан адаспас,
Білімді болса, сөзден жаңылмас.
Белгі болса, жолаушы жолдан адаспайды. Білімді кісі ешқашан сөзден жаңылмайды. Бұл мақал дәл сондай болуға үндейді.

* * *

Қонақ келсе, құт келер.
Құт-береке қонақпен бірге келеді.
Қонақ - жақсылықтың белгісі, нышаны. Сондықтан осы мақал қонақты ренжітпей, қуана қарсы алуға шақырады.

* * *

Көзің кішкентай болса, саптаяқтың үлкенін қой.
Бұл мақал көпшіліктің алдында кішкентай нәрсені үлкейтіп көрсетуді айтады.

* * *

Серкештің еті ем болар,
Ешкінің еті жел болар.

* * *

Қашық жердің хабарын керуен келтірер.

* * *

Бөтен кісінің малы - мал саналмас.
Өйткені ол өз малын қайтсе де қайтарып алады.

* * *

Ортақ адамнан артық алмас.
Бұл мақал ынсапты болуға шақырады.

* * *

Тауды арқанмен имес,
Теңізді қайықпен бөгемес.
Бұл мақал үлкен істі кішкентай затпен қайтаруға болмайтынын түсіндіреді.

* * *

Қаз ұшса (кетсе), көлді үйрек иемденер.
Бұл мақал халық арасындағы білімдар данышпан адам өмірден кетсе немесе басқа жаққа ауысса, оның орнына ақылсыз, даңғой жанның келгенін тәмсіл етеді.

* * *

Еркек құмар (жезөкше) күйеуге тимес,
Алаңғасар (желөкпе) үйіне жетпес.
Күйеуге тиюге асыққан бұзық әйелдің әрқашан да жолы болмайды. Өйткені ол асығып-аптығып жүріп үйлену шарттарының бірде-біреуін орындамайды. Сол сияқты
алаңғасар, желөкпе жан да далбалақтап жүріп, астындағы атын болдыртып, үйіне жете
алмайды. Бұл мақал әрқашан асықпауға, сабырлы болуға шақырып айтылады.

* * *

Ізгілік болса, ер өлмес (арымас),
Іштік болса, ат жауыр болмас.
Бұл мақал әрбір істің алдын ала жай-жапсарын жан-жақты ойластырып алуға
шақырады.

* * *

Инабатты қонақ үй иесін құрметтер.
Бұл мақал әсілінде қонақты кұрметтеуге арнап айтылады.

* * *

Әдептің басы - тіл.
Бұл мақал әдепті, әсем, сыпайы сөйлеген адам әрқашан да абырой мен құрметке
бөленетінін насихаттайды.

* * *

Еңбек егінде (ескерусіз) қалмас.

* * *

Андыз болса, ат өлмес. (
Андыз - емдік тамыр).
Кептірілген тамырды ұнтақтап, ауру аттың тұмсығына сепсе, жазылып кетеді. Бұл
мақал жолаушыларды жолға шығарда жабдығын түгендеп жүруге үндейді.

* * *

Итке ұят бітсе, өлексе жемес.
Бұл мақал ұятты, ізетті болуға үндеп, адамдарды жаман қасиеттерден қашық
болуға шақырады.

* * *

Бойдақ елу кез кездемеден дамбал тіге алмас.
Өйткені жат адам (тігінші) оны аямайды, өзі күйінбейді. Сондықтан бұл мақал тез
үйленуге шақырады.

* * *

Лақ жіліксіз,
Бала білімсіз.

* * *

Інген ыңыранса, бота боздар.
Бес саусақ бірдей емес.
Бұл мақал адамдар әр алуан болатынын айтады.

* * *

Ұмайға табынса, ұлды болар.
(Ұмай - жас нәрестенің өмірге келердегі жолдасы).
Кімде-кім екі қабат қатынның босануына көмектесіп, қызмет етсе, ол да ұлды
болады. Қатындар оны жақсылыққа жориды.

* * *

Арпасыз ат (қыр) аса алмас,
Арқасыз батыр әскер басқара алмас.
(Арпасыз - жемсіз. Арқасыз - жәрдемсіз).
Бұл мақал ағайын-туғандардың бір-біріне мейірімділігін білдіру үшін айтылады.
Адамдарды әрқандай істе бір-біріне жәрдемдесіп жүруге үндейді.

* * *

Жылан өзінің иірлігін білмес,
Түйенің мойнын иір дер.
Бұл мақал өзінің кемшілігін білмей, басқа кісінің бойындағы мінге күлетін
ғайбаткерді тәмсіл етіп айтылады.

* * *

Жалқауға бұлт (көлеңкесі де) жүк болар.

* * *

Батыр жігітті қорлама,
Сәйгүліктің арқасын жауыр қылма.
Осы мақалмен ақсақалдар бектерге ақыл-кеңес айтады.

* * *

Тұрмысты адам тез қартаймас.

* * *

Азықты адам арымас.

* * *

Бала емізетін қатын ашқарақ болар.
Сондықтан оған қалаған тамағын беру керек дейді мақал.

* * *

Тасты қозғауға болмаса, сүю керек.
Бұл мақал адам ойлаған мақсатына жету үшін кішіпейіл, инабатты болу керек деп насихаттайды.

* * *

Күміс күнге қонса,
Алтын (өз) аяғымен келер.
Бұл мақал негізгі мақсатқа жету үшін мал мен ақшаны жұмсау қажеттігін
насихаттайды.

* * *

Отты жалынмен өшірмес.
Бұл мақал арамзалықты пасықтықпен емес, ақылмен аяқтау керектігіне арналады.

* * *

Ет тырнақтан ажырамас.

* * *

Ит ырылдамас, ат теппес деме.

* * *

Батырлармен ұрыспа,
Бектермен тұрыспа.

* * *

Екі бура үйкенісер,
Ортасында сона жаншылар.
Бұл мақал екі бек ұрысса, арасындағы адам жапа шегеді деген мағынада қолданылады.

* * *

Шөліркеген (жанға) сағымның бәрі су көрінер.
Бұл мақал аса қажетті әр нәрседен өз қажетін үмітпен күте береді деген мағынада
қолданылады.

* * *

Адам - үрленген қап,
Ауызы ашылса - бос қалар.

* * *

Қураған ағаш иілмес,
Қураған шыбық түйілмес.
Бұл мақал көп қолданылып, ескірген зат орнына қайтып келмейді деген мағынада
қолданылады.

* * *

Мақтаншақ дамбалын былғар.
Бұл мақал мақтаншақтықтан аулақ болуға шақырады.

* * *

Тай өссе, ат тынығар,
Ұл өссе, әке тынығар.

* * *

Құлақ естісе, көңіл білер,
Көз көрсе (сүйіктісін), әуес келер.

* * *

Құралын ұмытса, тұтқын болар.
Бұл мақал әрқандай іске дайын болуға үндейді.

* * *

Су ішкізбеске сүт бер.
Бұл мақал жамандық жасаған адамға жақсылық жасауды насихаттайды.

* * *

Жуаспенен ұрыс,
Ұятсызбен ұстаспа.

Жуас ауырыңды көтереді.
Арсыз сені масқара етеді
деп ескертеді бұл мақал.

* * *

Шалбары бүтін (жан) қалаған жеріне отырар.
Бұл мақал жаны таза, ісі адал адамға ешқандай қиыншылық тосқауыл бола алмайды
деген мағынада қолданылады.

* * *

Бүркіт шаңқылдаса, өлер.

* * *

Кеңесті білім оңалар,
Кеңессіз білім бұзылар.

* * *

Сынамаса алданар,
Сақтанбаса ұтқызар.
Бұл мақал әрқандай істі алдын ала сынап көруге, бақылап алуға үндейді.

* * *

Оң істе өзгерер.

* * *

Кешқұрым бұлт қызарса –
Қатыны ұл тапқандай болар.
Таңертең бұлт қызарса –
Үйге жауы кіргендей болар.
Түріктер осы екі жағдайдың соңғысын жақсылыққа жорымайды.

* * *

Жағасындағы жалаймын деп қолындағысын айырылар.
Бұл мақал бір затқа құмартқан адамға қолындағы барын сақтауды есінен шығармауға
шақырып айтылады.

* * *

Қарға қазға еліктесе, бұты (сирағы) сынар.
Бұл мақал әркім өз әліне қарай іс-әрекет жасау керектігін ескертеді.

* * *

Бір тойыңның басы ауырса,
Барлық тойыңның басы ауырмас.
(Тойын - кәпірлердің дінбасы)
Бұл мақал достары бір жұмыс істеп жатса, яки қабылдап, азықтанып жатқан жерде
басқа бір адамның сол істі істемегенін кінәлап айтылады.

* * *

Иегін еркелетіп (сипалап), сақалын ұқсатар.
Бұл мақал арам ниетін айла-тәсілмен іске асырмақшы болып, жылмаңдаған сұрқия
жандарға арнап айтылады.

* * *

Қарыз кешіксе, қадам бітер.
Бұл мақал қарыз кешіксе, иесі табанынан таусылады деп ескертеді. Демек, әрқандай
істе сақ болған жөн.

* * *

Үлкенді сыйласа, құт болар.

* * *

Жауды елемесе, басқа шығар.
Бұл мақал әрқашан да сақ болуға, дұшпаныңды өзіңнен кем санамауға үйретеді.

* * *

Көк сөгетке кұс қонар,
Көрікті кісіге сөз келер (ерер).
Бұл мақал ұқыпты болуға үндеп айтылады.

* * *

Кім қатыгез болса, (сол) тас жүрек болар.

* * *

Құзда қар ерімес,
Қойда май ерімес.

* * *

Момын кісінің сөзі даңқты болмас.
Бұл мақал кісілерді жақсы атанып, ел құрметіне бөлену үшін ұқыпты, мұқият
болуға үндеп айтылады.

* * *

Иесіз затқа ие болмас.
Бұл мақал өз затыңа берік бол деген мағынада қолданылады.

* * *

Құтыдағы - хош жұпар.
Бұл мақал қыз-келіншектердің аузынан шыққан хош иісті жұпарға бағалағанда
ғана айтылады.

* * *

Қыстың қонағы - от (көк шөп).

* * *

Құл - жау,
Ит - бөрі.
Құл өзінің қожайынының малын қолына түсірсе, дереу кұртып жібереді. Мүмкіндік тапса, кашып кетуді ойлайды. Ит те, үй иесіне бөрімен бірдей. Оның жейтін нәрсесін тапса, өзін ұстай алмайды. Сондықтан бұл мақал құлдың қожайынына опа жасамайтынын ескертеді.

* * *

Күл үрлегеннен, шоқ үрлеген жақсы.
Бұл мақал ұсақ-түйек істен гөрі үлкен істі бастаған, істеген жақсы деп дәріптейді.

* * *

Күнге қараса, көз ұялар.

* * *

Қырық жылға дейін баймен жарлы теңелер.
Өлім-жітім мен заманның өзгеруіне орай, қырық жылға дейін бай мен жарлының
теңелетінін ескертеді бұл мақал.

* * *

Татсыз түрік болмас,
Бассыз бөрік болмас.
(Тат - оңбаған, арамза, опасыз деген мағынада).

* * *

Қара бұлтты жел ашар,
Хан есігін пәре ашар.
Бұл мақал ойға алған ісіңді тез бітіру үшін дүние-мүлікті аямай жұмсаған жөн дегенді уағыздайды.

* * *

Сөгетке жұмсақтық (жарасар),
Қайынға қаттылық (жарасар).
Бұл мақал әрқандай заттың өз тегіне тартқаны дұрыс деген мағынада қолданылады.

* * *

Қос қылыш бір қынға сыймас.
Бұл мақал екі адам бір іске таласқанда немесе екі жігіт бір қызға үйленбекші болғанда, соларға арнап айтылады. Хақания бектерін Қылыч хан деп атайды. Бұл әрқандай істе өткірлік жасайтын Өткір хан деген ұғымды білдіреді.

* * *

Бар - бақыр,
Жоқ - алтын.
Бар болса, мыстай қадырсыз; жоқ болса, алтындай қастерлі болады. Бұл мақал туған-туысқандарының арасында беймәлім жүрген жанның сол ортадан алыстап кеткенде қадірінің артуына арнап айтылады.

* * *

Көк темір тек тұрмас.
Темір тиген жерін бүлдіріп, жаралап кетеді. Мұның бір мағынасы бар. Қырқыз, ябақу, қыпшақ, тағы басқа халықтар ант ішіп, қасамдасып, серттескенде қылыштарын қынабынан шығарып, орталарына қояды да:
- Бұлтемір кірсін, қызыл шықсын! - дейді. Бұл серт бұзылса, қылыш қанға боялсын
деген сөз. Сондықтан түріктер темірді әрқашан да ерекше бағалайды.

* * *

Қаш-қаш болса, қасындағысын көрмес.
Ол өткелді су әкетті.
Бұл мақал болар іс болып қойды.
Енді орнына кайтып келмейді. Оған өкінудің қажеті жоқ деген мағынада қолданылады.

* * *

Құдықта су бар, иттің тұмсығы тимес.
Армандаған ісіне қолы жетпейтін, яки біреулердің қолындағы ас пен затқа көзі түсіп,
құмартса да, өзінің қолына түсіре алмайтын адамдарға арнап осы мақал айтылады.

* * *

Балық(тың өзі) суда, көзі сыртта.
Бұл мақал бір істі біліп тұрып, білместікке салынған арамза адамдарға арнап айтылады.

* * *

Жаяудың аты - шарық, күші - азық.
Бұл мақал ұзақ сапарға шыққанда осы екі нәрседен жапа шекпеу үшін алдын ала шындық жасап алудың қажет екенін ескертеді.

* * *

Құрғақ қасық ауызға жарамас (жақпас),
Құр сөз құлаққа жараспас (жақпас).
Бұл мақал, егерде біреуден көмек сұрағың келсе, оған да сый-сияпат дайындауың керек екенін ескертеді.

* * *

Жүгері басының сирегі жақсы.
Себебі сирек болса - дәнді, қалың болса - дәнсіз болады. Бұл мақал күткен мақсатына аз шығынмен жетуге тырысатын еңбекқор адамдарға арнап айтылады.

* * *

Пышақ қанша өткір болғанымен, өз сабын жона алмас.
Бұл мақал өз ісін орындай алмай тұрып, басқалардың ісі жайында үлкен ой айтатын
адамдарға арнап айтылады.

* * *

Тезек қарда жатпас,
Жақсы мен жаман қосылмас.
Себебі тезек (жас жапа) өз ыстығымен қарды ерітіп жіберетіні сияқты, жақсы мен
жаман бір-бірімен ешқашан қосыла алмайды деп насихаттайды бұл мақал.

* * *

Тесік суда білінер,
Бұл мақал кейбір істі атқаруда төсін қағатын мақтаншақ адамға арнап айтылады. Өйткені ол атқарған істің жақсы-жаманы артынан белгілі болады деген мағынада қолданылады.

* * *

Аш - албырт,
Тоқ - бейғам.

* * *

Батыр соғыста,
Дана дауда (тірлігінде).

* * *

Асау өзен өткелсіз болмас.
Бұл мақал бір істің шешімін, түйінін таба алмай, қиналып тұрған адамға «Мұның да түйінін табылып қапар» деп ақыл ретінде айтылады.

* * *

Қылықтана білсе - қызыл киінер,
Жарамсақтана білсе - жасыл киінер,
(Қылықтанғысы келсе - қызыл киінер,
Жарамсақтанғысы келсе - жасыл киінер).
Бұл мақал қатындарды әрқашан күйеуіне жақсы, сүйкімді көрінуге, адал болуға шақырып айтылады.

* * *

От түтінсіз болмас,
Жігіт жазықсыз болмас.

* * *

Жер жыртарда ұқыпты болса,
Қырман уақытында жанжал болмас.
Бұл мақал әрқандай істің ақырында ұрыс-жанжал болмауы үшін алдын ала келісіп
алған жөн деп ақыл айтады.

* * *

«Туғаның» дегенге қарамадық,
«Құда» дегенде жалт қарадық.
Бұл мақал ағайын-туған, жекжат-жұрағаттардың арасында құданы құрметтеп,
арнайы сыйлауға бағышталып айтылады.

* * *

Қарияның сөзі бекер болмас,
Жалғыз шыбық бақша болмас.

* * *

Ханның ісі болса, ханымның ісі қалар.

* * *

Қауыны таланса, иесі қос қолдап тартар.
Бұл мақал иесінің өз дүниесіне күйінішін білдіреді.

* * *

Мүсәпірге мың жаңғақ,
Көппен бірге айрықша таяқ.

* * *

Үйірлі құлан көсемсіз (айғырсыз) болмас.
Бұл мақал біреуді басқа кісіге қосып жіберу үшін арнайы қолданылады.

* * *

Қарғаның кәрісін кім білер,
Адамның аласын кім табар.

* * *

Тауғаш (қытай) ханының торқасы көп,
Өлшемей пішпес.
Бұл мақал әрқандай іске мұқият болып, ысырапшылық жасамауға шақырып айтылады.

* * *

Бақыттың белгісі - білім.

* * *

Тілімен дастарқанға жетер.
(Тілді адам бай дастарқанға жетеді).
Әрбір адамның пейілі өзінің тілінен белгілі болады деп үгіттейді бұл мақал.

* * *

Кезіккен кісі өзің болмас,
Жат пен жақын бірдей болмас.
Кезіккен кісінің барлығы өзіндей болмайды.
Сондықтан шын сырыңды оған айта берме. Сондай-ақ жат пен жақының да бірдей бола бермейді деп ескертеді бұл мақал.

* * *

Өлетін тышқан мысықтың тасатын қасыр.
Өлімі біреуге байланысты адам сол маңнан айналсоқтап кете алмайтынына арнап
айтылады осы мақал.

* * *

Құстың жаманы - сауысқан,
Ағаштың жаманы - азған (итмұрын),
Жердің жаманы - қаз(ыл)ған,
Адамның жаманы - барсыған(дықтар).
(Махмұд Қашқари бұл жерде жауыз деген сөзді жаман деген мағынада қолданған. - Тәрж.)
Құстың жаманы сауысқан болса, ағаш тектес өсімдіктің жаманы - итмұрын. Итмұрын - ақ, сары гүл ашатын маржандай тізілген қызыл миуасы бар өсімдік. Біздің жақта мұны бақшаның айналасына егеді. Ол отынға жарамайды. Жақсаң, ұшқындары шашырап, киім-кешек пен үй мүліктерін күйдіріп жібереді. Жердің жаманы ойлы-шұңқыр қазылған, батпақты жерлер саналады. Өйткені ондай жерлерге шатыр тігуге, егін егуге болмайды. Адамның ең жаманы барсығандықтар. Себебі олардың мінезі жаман, өздері опасыз келеді. * * *
Бөрінің (табысы) ортақ,
Құзғындікі ағаштың басында.

* * *

Үйдегі бұзау өгіз болмас.
Бұл мақал өз еңбегімен ел көзіне түсіп, құрметке бөленіп, бірақ ағайын-туғандардың арасында жас саналып жүрген кісілерге бағыштады.

* * *

Қырдағы қырғауылды аулаймын деп,
Үйдегі тауығыңды ұмытпа.
Бұл мақал жоқ нәрсені іздеп, қолындағы барыңнан айырылып қалма дегенді насихаттайды.

* * *

Көсеуі ұзын болса, қолы күймес.
Бұл мақал қолғабыс жасайтын бала-шағасы көп жан рахат өмір сүреді деген мағынада қолданылады.

* * *

Құтсыз құдыққа кірсе, кұм жауар.

* * *

Қанша ақымақ болса да, жолсерік жақсы,
Қанша бұрыс болса да, даңғыл жол жақсы.

* * *

Жердің бастырығы - тау,
Елдің бастырығы - бек.
Бұл мақал жер тауларменен, ел бектермен тыныш тұрады. Қарапайым халықты бектер басып отырады деп насихаттайды.

* * *

Жартаста шөп болмас,
Айна тазда ар болмас.

* * *

Ақылды сөз алтын табаққа жеткізер.

* * *

Мал сойсаң, құйрығына жеткенде пышағыңды сындырып алма.

* * *

Қызбенен күреспе,
Қысырақпен жарыспа.
Қызбенен күреспе. Өйткені ол күшті, сені жығып кетеді. Қысырақпенен жарыспа, себебі қысырақ байтал аттан әрі күшті, әрі жүйрік болады. Хақания қыздарының бірі некелескен күні түнде сұлтан Масұдты теуіп, ұшырып жібергені үшін осы мақал тарап кеткен.

* * *

Қалың (топ) қаз көсемсіз болмас.
Бұл мақал қандай бір істе болмасын, жөн білетін кісіге жүгіну керектігін ескертіп айтылады.

* * *

Есек айтар:
Аман болса басым, теңізден де су ішермін.
Бұл мақал өз мақсатына жету үшін ұзақ ғұмыр сүруге тырысқан адамдарға арнап айтылады.

* * *

Aт қасқасы ай болмас.
Бұл мақал кішкентай істі үлкейтіп көрсететін адамдарға арнап айтылады.

* * *

Мазарда үй болмас,
Шөлде ау болмас.

* * *

Астық бастыру теңізшінің ісі емес.
Бұл мақал күші жетпейтін үлкен іске талпынған әлжуаз адамдарға арнап айтылған.

* * *

Болатын өгіз бұзауында-ақ белгілі.
Бұл мақал болашағы зор жастарға арнап айтылады.

* * *

Көркіне қарама, абыройын тіле.

* * *

Ағашыңды ұзын кес,
Теміріңді қысқа кес.

* * *

Безілдек (жан) бөктергі ұстар,
Әумесер (адам) лашын ұстар.
Бұл мақал әрқашанда сабырлы болуға шақырып айтылады.

* * *

Әумесер шыбын сүтке түсер.
Бұл мақал әрқашанда сабырлы болуға шақырып айтылады.

* * *

Мысықтың мәулені мияулап туар.
Бұл мақал мінез-құлқы әкесіне аумай тартқан балаларға арнап айтылады.

* * *

Тазының жүйрігін түлкі сүймес.
Бұл мақал білімпаздығымен өзінің ортасындағыларға ұнамайтын белгілі адамдарға арнап айтылады.

* * *

Ұл су төгер, үлкен (нің жамбасы) сынар.
Бұл мақал кішілердің қателігінен үлкен адамдардың зиян, жапа шегетінін ескертеді.

* * *

Тілмен түйгенді тіспен шешпес.
Бұл мақал берген уәдесіне берік болуға үндейді.

* * *

Тікпейінше өнбес,
Талпынбайынша болмас (жетпес).
Бұл мақалды әрқандай істе мақсатқа жету үшін талпыну керек екендігін насихаттап
айтады.

* * *

(Шақпақты) шақса - (от) тұтанар,
(Сөз) ұғындырылса - (ой) білінер.

* * *

Ел қал (са) да, әдет қалмас.
Бұл мақал әдет-ғұрып бойынша істеуге шақырады.

* * *

Бір қарғаменен қыс келмес.
Бұл мақал жора-жолдастары үлгіріп келгенше әркім өзінің ісін ұқыпты жүргізуге
арнап айтылады.

* * *

Таздың келетін жері бөрікші (нің дүкені).
Жарасын жасыру үшін таз адам амалсыз бөрікшінің дүкеніне барады. Бұл мақал
өзіне қажет болған заттан қашқан адамдарға арнайы айтылады.

* * *

Ұстаспай (жағдай) түзелмес, Жел тұрмай (ауа) ашылмас.
Бұл мақал ұрысып қалған екі адамды татуластыруға тырысқан кісіге арнал айтылады.

* * *

Түтінді түрткілеген ыстанар.
Бұл мақал пәле іздеген адамға пәле жабысады деген мағынада қолданылады.

* * *

Жүк көтерген түйе шөмішті де көтерер.

* * *

Атаның ұлы атасына тартып туар.
Көкке (аспанға) түкірсе, жүзіне түсер.
Бұл мақал үлкендерге жамандық жасаса, өзіне де жамандық тиетінін ескертеді.

* * *

Адам баласы мұңая бермес,
Иттің күшігі жата бермес.

* * *

Соғысып ұрысар,
Ортада тон жыртылар.
Бұл мақал кісілерді ұрыс-жанжалдан аулақ болуға үндейді.

* * *

Кішкентай үлкенге қарсы тұра алмас,
Қырғи сұңқарға қарсы шыға алмас.

* * *

Тау таумен қауышпас,
Кісі мен кісі қауышар.

* * *

(Биіктегі) майға жете алмаған мысық айтар: -
(Басқа) кісінікі (маған) жараспас.
Бұл мақал өз ойынан шыға алмай, артынан сол ісіне өкінетін адамды тәмсел етіп айтылады.

* * *

Ізгілікті судың түбіне тастап,
Бетінен ізде.

* * *

Көрпеден артық көсілген аяқ үсір.
Бұл мақал адамдарды өз мүмкіндігінен асып кетпеуге шақырып айтылады.

* * *

Арыстан күркіресе, аттың аяты тұсалар.
Бұл мақал әлсіздердің өзінен әлділердің алдындағы дәрменсіздігін көрсетуге арнап
айтылады.

* * *

Күздің келуі жазда білінер.
Бұл мақал әрбір іс әу басында-ақ белгілі дейді.

* * *

Үй иесі тойдырса, (мейманның) көзі жолда болар.
Бұл мақал құрметтен кейін қайтуға ұрықсат сұрап, асыққан қонақтарға арнайы айтылады.

* * *

Берекесізден құт қашар.

* * *

Түйе сілкінсе, есекке жүк шығар.

* * *

Кішкентай тайында қиналса, үлкейгенде сүйсінер.

* * *

Таттың көзіне (ұр),
Тікеннің түбіне (тамырынан шап).
Тат-тохси мен яғма тайпаларының ұғымында мұсылман болмаған ұйғырлар. Мен мұны олардың өз елінде естідім. Таттауғаш дейді екен. Бұл ұйғыр немесе шындық деген сөз. Жоғарыдағы мақал сол шындық, ұйғырларға арнайы айтылады. Өйткені олар опасыз келеді. Сондықтан тікенді тамырынан шауып тастайтыны сияқты, ұйғырларды да көзінен ұру қажет деп насихаттайды бұл мақал.

* * *

Қылыш даттанса, іс бұзылар,
Ер даттанса, пейіл былғанар.
Бұл мақал азаматты қайтпас ерлікке баулып, әрқандай нәрсенің өз жынысына қарай
өмір сүруінің қажеттігін үндеп айтылады.

* * *

Ер жігіттің сөзі бір(еу),
Ердің көгі үш(еу).
Бұл мақал ер-азаматтарды айтқан сөзі мен уәдесінде тұруға шақырып айтылады.

* * *

Заман қартайтқанға бояу айыпты емес.

* * *

Әкесі ащы алма жесе, ұлының тісі қамалар.
Бұл мақал әкесі жасаған қылмыстың зардабы артындағы ұлына қалатынын насихаттайды.

* * *

Атпа тұзақтан (бір мәрте) қорыққан құс
Қырық жылға дейін аша ағашқа қонбас.

* * *

Аттың басын ноқталап мүжі.
Бұл мақал атты пайдалану үшін ең алдымен ноқталап ал, сонда ғана дегеніңе жетесің деп насихаттайды.

* * *

Жасауы мол келіннің күйеуі жуас болар.

* * *

Іс ыңғайына (қарайды),
Сарт пайдасына (қарайды).
Саудагер пайданы көрсе, ең қымбат затын да сатып жіберетінін ескертеді бұл
мақал.

* * *

Тозған қорамсақтан тұқыл жебе шығар.

* * *

Алдырған анасының қойнын ашар.
Бұл мақал затын жоғалтқан әумесер жанның қандай жерден болса да іздеуге қақылы екенін айтады.

* * *

Көп сөзді ұғуға болмас,
Биік шоқыны июге болмас.
Бұл мақал сөзді ұзартпауға үндеп айтылады.

* * *

Жауырын жарылса, елге қайғы түсер.

* * *

Жақұты бар жанға жасыл түспес.
Мынандай бір тәмсіл сөз бар. Асыл тас әр түрлі болады. Адамдар оны жүзікке көз етіп салады. Сондай жүзікті саусағына салған адамға ешқашан жасыл түспейді. Тіпті оның табиғи қасиеті соншалықты, бөзге орап отқа тастасаң, бөз де, тас та жанбайды. Бұл тәжірибеден өткізілген. Егер әбден шөлдеген адам сол жақұтты таңдайына салса, шөлін басады.

* * *

Жібек жамау жібекке (жарасар),
Без жамау бөзге (жарасар).
Бұл мақал әрқандай зат өзінің тегіне қарай жіктеледі деген ойды насихаттайды.

* * *

Тесік інжу (моншақ) жерде қалмас.
Бұл мақал кәнизектер де (күндер де) жерде қалмайды. Оларға да үйленетін жігіттің табылатынын ескертеді.

* * *

Астың дәмі - тұз,
(Тұзды) уыстап жемес.
Бұл мақал адамдарды ынсаптыққа шақырып айтылады.

* * *

Қаралы күн тумай,
Қаражалға көшпе.
(Қаражал - Түрік елі мен Ферғананың ортасындағы асу).

* * *

(Айлалы) анасы нанын жұқа жабар,
(Ақылды) баласы қос-қостап асар.
Бұл мақал екі ақылды адамның бір-біріне парапар келгеніне бағыштап, арнайы айтылады.

* * *

Қаншалықты көнерсе де, кебенек жаңбырға жарар.
Бұл мақал өзінің қол астындағы кісілердің бірі оны биліктен шеттетпек болған жағдайда, сол адамға арнап айтылады. Бәрібір, оның қаншалықты кемшілігі болса да, бір қажетіне жарайды. Оны іске қойсаң, өзің демаласың дейді.

* * *

Жылан күзеннен қашар,
Қайда барса да, күзенге тап болар.
Бұл мақал өзін жек көретін нәрсеңнен қанша қашсаң да, бәрібір, алдыңнан ол қайталап келе береді деп насихаттайды.

* * *

Жаттың майлы бөкпенінен,
Жақыныңның қанды жұдырығы жақсы.
Бұл мақал жақын адамдардың арасы алшақтағанда, оларды жақындастыру үшін арнайы айтылады.

* * *

Дұшпандікі болса да (мал) керек,
(құрығанда) тезегі қалады.

* * *

Көк шөп күймес,
Елші өлмес.

* * *

Жұпар қалтадан жұпар кетсе де, иісі қалар.
Бұл мақал байлығы кеткенімен, ниеті қаз-қалпында қалады деп кеңпейілді, ақжүрек адамдарға арнайы айтылады. 

* * *

Қызмет тас жарар,
Тас бас жарар.
Бұл мақал қожайынынан жақсылық күтетін әрі оның жеңіске жетуі үшін көмектесетін қызметші адам қақында айтылады.

* * *

Адаспайтын аңшы болмас,
Жаңылмайтын данышпан болмас.

* * *

Түйе мініп, қой арасына жасырынбас.
Бұл мақал әшкере болған істі жасыруға болмайды деген ойды үндеп айтылады.

* * *

Құтты адамға қос-қостап жауар.

* * *

Адам мәңгі жасамас,
Көрге кірсе - кері қайтпас.

* * *

Қанды қанменен жумас.
Бұл мақал жанжалды жанжалмен басуға болмайды. Адамдарды бір-бірімен келістіру, жарастыру қажет дегенді айтады.

* * *

Әкесінің тоны ұлына жарасса, әкесін жақтырмас.

* * *

Түнде жүрген күндіз сүйсінер,
Жасында үйленген қартайғанда сүйсінер.

* * *

Күшті есіктен кірсе,
Төре түңіліктен шығар.

* * *

Зорлық-зомбылық есіктен кірсе, әдеп есіктен шығады.
Зәлімді, Кумәчі, Күштіні
Кучлұқ деп атау осыдан шыкқан.

* * *

Шарап болмай тұрып, сірке суы болма.
Бұл мақал өзін үлкендердің санатына қосатын жастарға ақыл ретінде айтылады.

* * *

Құлан құдыққа түссе, Құрбақа айғыр болар.

* * *

Мұздан су тамар.

* * *

Қорыққан кісіге қойдың басы қосарланып көрінер.
Бұл мақал бір нәрседен қатты қорыққан әрі сол уақиғаны ойлағанда есінен ғана
селкілдеп кететін адамға арнап айтылады.

* * *

Тілі ащы бектен гөрі гүл қатын артық.

* * *

Адам баласы мұңсыз болмас.

* * *

Баланың ісі - іс болмас,
Лақтың мүйізі сап болмас.

* * *

Жауыр ат жүк көтере алмас.

* * *

Тура кеткен киіктің көзінен басқа жарасы жоқ.
Бұл мақал ауыр іске душар болып, басқа жандардың әжуасына ұрынған жандарға
қаратып айтылады.

* * *

Жазда қатты қимылдаса, қыста сүйсінер.

* * *

Бейтаныс адамнан таныс шайтан жақсы.
Бұл мақал таныс адамдардың мерейін көтеріп, оның өзін құрметтеуге арнайы
айтылады.

* * *

Таяқты жан таймас,
Бос сөзбен куә жеңбес.

* * *

Түйенің өзі үлкен болғанымен, құмалағы кішкентай.
Бұл мақал өзін үлкен санайтын атақты адамдардың шәкірттеріне арнап айтылады.
Үлкендік саған емес, сенің ұстазыңа жарасады деген сияқты.

* * *

Әмірлерге өкпелеп, әскерлерге сөйлемедік.
Бұл мақал біреудің жасаған теріс ісіне өкпелеп, басқа адамға теріс қарайтын жандарға арнайы айтылады.

* * *

Бөрі көршісін жемес.
Бұл мақал көршіні кұрметтеуге арнап айтылады.

* * *

Қалың бұлтты боран айдар,
Қараңғы істі пәре ашар.
Бұл мақал пәреге сенген адамға айтылады.

* * *

Жеті басты - жалмауыз.
(Бөке - айдаһар, жалмауыз).
Ябақулар үлкендерін Бөкә Бұдраж деп атайтындары сияқты, кейбір батырларды да осылай атайды. Бөкә Бұдражбен бірге болған кәпірлердің саны жеті жүз мың еді. Қырық мың ғана әскері бар Арыстан Тегін Қазыға қарсы болған соғыста Тәңір оларға масқара жеңіліс тапқызды.
Мен сол соғысқа қатынасқан кісіден кәпірлер соншалықты көп бола тұрып, қалай жеңіліп қалды деп сұрадым. Ол:
- Біз де бұған қайран қалдық. Жеңіліс тапқан кісілерден «Сендер соншалықты көп бола тұрып, не себепті жеңіліп қалдыңдар?» - деп сұрасақ, олар: «Барабан соғылып, керней тартылып, соғыс басталғанда төбемізден төніп келе жатқан ғаламат үлкен тауды көрдік. Ол таудың ашық тұрған сан-санақсыз есігі бар еді. Сол есіктен жаһанамның жалыны шашылып, біздің құт-берекемізді қашырды. Қатты қорқып кеттік. Сөйтіп бізді жеңдіңіздер!» - деді.
Мен мұны пайғамбарымыздың мұсылмандарына жасаған жақсылығы деп түсіндім.

* * *

Құстың балапаны қоркынышты,
Иттің күшігі сүйкімді.
Бұл мақал әрқандай нәрсе өсе келе басқаша болады деп насихаттайды.

* * *

Тамұқтың қақпасын пәре (тауар) ашар.
Бұл мақал ойына алған істі бітіру үшін кез келген адамды пәре беруге үндеп
айтылады.

* * *

Күндестің күліне дейін дұшпан (жау).

* * *

Бидайдың арқасында бидайық су ішер.
Бұл мақал басқа біреудің жақсылық көмегінің арқасында дегеніне жеткен адамға арнап айтылады.

* * *

Құпияның барлығы келінде.
(Келіндікінің барлығы құпия).
Өйткені жас келін жақсысының барлығын күйеуіне сақтайды деп насихаттайды бұл мақал.

* * *

Бір түлкінің терісін екі мәрте соймас.
Бұл мақал жақсылық жасаған адамнан тағы да жақсылық талап етпеу үшін арнайы айтылады.

* * *

Далада бөрі ұлыса,
Үйдегі иттің бауыры солқылдар.
Бұл мақал жақын адамдарды бір-біріне көмектесуге шақырып айтылады.

* * *

Жамылғылы (жан) су болмас,
Ауыздықты (ат) арындамас.
Бұл мақал әрқандай іске алдын ала дайындалу керектігін ескертіп айтылады.

* * *

Адамның қадірі тіршілігінде.

* * *

Кемпір би білмес, -
Жер тар, - дер.
Бұл мақал өтірік мақтанып, нағыз іс кезінде сылтауратқыш адамдарға арнап айтылады.

* * *

Арыстан қартайса, тышқанның інін аңдыр.
Бұл мақал үлкен істерге шамасы келмей, ұсақ-түйек іске риза болған үлкен адамдарға арнап айтылады.

* * *

Тиірменде туған тышқан
Көктің (найзағайдың) күрілінен қорықпас.
Бұл мақал басынан көп қиыншылықтар өткен адамды ұсақ-түйек істермен
қорқытпақшы болғандарға арнап айтылады.

* * *

Іш май сұйық майдай бола алмас.

* * *

Орнын таппаған тиірмен,
Абайсызда жарға құлар
Бұл мақал істі орынсыз істеген адамға арнап айтылады.

* * *

Кең (тігілген) тон тозбас,
Кеңесілген іс бұзылмас.
Бұл мақал бір іс істегенде өзім білермендікке салынбай, үлкендермен ақылдасып,
кеңесіп отыруға шақырады.

* * *

Құс тұзаққа жем үшін ілінер (түсер).
Бұл мақал тамақ іздеп, азып-тозған адамға айтылады.

* * *

Ер жігітті мұң басар,
Тау тұмсығын жел қатар.
Бір-бірлеп мың болар,
Тама-тама көл болар.
Бұл мақал аз болса да әрқандай затты қабылдап алу керек деп насихаттайды.

* * *

Сүзеген сиырға тәңір мүйіз бермес.
Бұл мақал басқа кісіге зиянын тигізетін залал істі істей алмай калған адамға арнап
айтылады.

* * *

Көзден алыстаса, көңілден де алыстар.
(Көзден кетсе, көңілден болар ұмыт.)

* * *

Жақсы адамның сүйегі шірігенімен, аты қалар.
Бұл мақал адамдарды жақсылық жасауға үндеп айтылады.

* * *

Қалың берсе, қыз алар.
Қуанышы көп болса ақырында аһ ұрар.
Бұл мақал шамадан тыс шаттануға болмайды дегенді насихаттайды.

* * *

Тойын (күнде) табынар,
Тәңірдің (онда) шаруасы жоқ.
(Тойын - кәпірлердің дінбасы).
Бұл мақал басқаларға ұнайды деп жасаған ісі оңалмаған адамдарға арнап айтылады.

* * *

Хас батыр өткінші жаңбырдай,
Білімді мірдің оғындай.
Бұл мақал бір істі қайта жасап, сонысы үшін сауға сұрамаған кісіге қаратып айтылады.

* * *

Екі қошқардың басы бір қазанда піспес (қайнамас).
Бұл мақал бір қалада екі бектің бір-бірімен келісіп тұра алмайтындығы, әйтеуір, біреуінің кетіп тынатындығына орай айтылады.

* * *

Әкесі бір бірін-бірі көре алмас,
Анасы бір мейірімсіз бола алмас.
Әкесі бір, анасы басқа бауырлар ешқашан бірін-бірі көре алмайды. Күншілдікпен күн өткізеді. Керісінше, анасы - бір, әкесі басқа бауырлар бір-біріне мейірімді келеді. Олар әрқашан да бірін-бірі өрге тартып, көмектесіп жүреді деп насихаттайды бұл мақал.
* * *
Жалғыз қаздың үні шықпас.
Бұл мақал әрқандай істе басқалардан жәрдем сұраудың қажет екенін ескертеді.

* * *

Кәрі өгіз балтадан қорықпас.
Бұл мақал адамды әдеттеніп алған ісінен тайдыруға қорқытпақшы болғандарға арнап айтылады.

* * *

Суды көрмей, етігіңді шешпе.

* * *

Жалықтырса да май жақсы,
Күйдірсе де күн жақсы.


"Әдеби жәдігерлер" І том

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...