Дидар Амантай: Әуелі, сөз – нүкте болды
«BISCOTTE. BISCUIT. БИСКВИТ»: роман сұлбасы
Бірінші әңгіме
Білемін, адам өмірі сағыныштан тұрады. Dinar үйдің рет санына қарады. Жолайырықтан әдемі “Lamborghini” автомобилі өтіп барады. Мұңды сағыныш – ғұмырдың айнымас серігі. Әуелі, көңілді сағыныш билейді, сосын, аңсап-зарығудың азапты күйін, мехнатын, бейнетін кешесің, кейін, үкілеген үміт, сәулелі ойдан күдер үзген торығудың ақыры шерлі қамырыққа ұласады.
Әлде құмартқан сезім үнемі еске салып отыра ма екен. Бейнесі көмескі тартып, жадына ұялаған аяулы жүзі ұмытылып бара жатады да, қапылыста бұлыңғыр сұлбасы айқындалып көз алдына келе қалады. Ұмыта алмай-ақ қойдым, деді ол, ұзақ қапа созылмалы дертке айналды, жүректен сүйіп ұнатудың соңы, шынымен, уайым-қайғы, мұң-зарға апарып соқты.
Shamsi-Hamar Шевченко жақтан көрінді. Даңғылды құлдай, жайлап басқан ол “Бисквит” жазғы алаңыңа қарай беттеген ақ құба аруға қарсы жүрді. Көшедегі аласапыран толқынды жаяу кешті. Ары-бері толқыған нөпір сеңдей соғылысты, жолдың шетіне ілігіп, тарыдай шашылды, сан тарапқа некен-саяқ бет түзеп, бульварларға, даңғылдарға құйылып, ағылып кетіп жатыр. Қападар жұрт көкірегінде – баянсыз мұрат, екіұдай сәт, жасырын тілек, алайда, біреудің аңсары ауған, бейтаныс арманы басқаға қызықты бола бермесе керек. Dinar сәулетайдың өзіне қарай келе жатқанын түсінді. Жақындаған сайын көңілдегі махаббаты түрленіп сала берді. Әуелі жазғытұрым иіс аңқыды, төңіректі жасыл рең басты, сосын дүние шымқай қызыл түске боялды, ендігі кезек әлем сарғайып кетті, Shamsi-Hamar тақағанда, сағынышы қара жамылды.
– Армысыз, Dinar, – деді ол.
– Қайырлы күн, жан қалқа Шәмшіқамар – деп жүзінен өпті Dinar.
– Өзгеріпсің, дауысың да өзгеріп кетіпті, – деді Shamsi-Hamar.
– Сағыныштан дауыс өзгереді екен.
– Не істейін, жылап жіберейін бе, айыпқа бұйырмашы.
– Ұзақ күттім сені.
– Ыстанбұлда қатты жалғызсырадым.
– Іздедің бе?
– Иә, қатты көргім келді, бірақ қайда екеніңді білмедім. Әсіресе, кей уақ, еңселі ақ үйдің дағарадай кең, жатын бөлмесінде, түн ортасында, тәтті ұйқымнан кенет шошынып оянып кеткенімде – өзегімді қып-қызыл шоқ қарығандай болушы еді. Орнымнан сүлесоқ көтеріліп, төсектің шетіне отырып алып, шамның түбінде екі қолыммен бетімді басқан күйі, ағыл-тегіл жылайтынмын. Неге мені сүйгенімнен айырдың деп, сыртқа шығып, қара түнек аспанға тесіліп ұзақ қараушы едім.
– Күнім, менің қалай қамыққанымды білсең ғой.
– Қайран, Dinar.
– Таң атқанша Алматы бар-кафелерін кезіп жүретінмін, бірінен шыға салып, екіншісіне бас сұғатынмын, бірақ, сол кезде сен үшінші ресторанда билеп жүргендей көрінетінсің.
– Мүмкін, төртінші, әлде бесіншісінен табылатын ба едім.
– Иә, алтыншысына да бардым, бір күні сенің Алматыда жоқ екеніңді түйсіндім, сосын, пәтерімнен аттап шықпай қойдым, есікті іштен бекітіп алып, күні-түні шарап ішетін болдым.
– Сен жалғыздық тақсыретін тартып жүргенде, Ыстамбұлдың бір түкпірінде сені ойлап еңірегеннен етегім жасқа толып отыратын.
– Бізді кім айырды? – деп сұрады Dinar.
– Білмеймін, – деді Shamsi-Hamar.
Екеуі тастан өрілген алаңқайды жүріп өтіп, “Бисквит” кафесіне келді. Жазғы үстелдер есік алдында қатар-қатар тізіліп тұр, әр тұстан қадау-қадау келушілер көрінеді, жөпелдемеде Dinarды бір мұң биледі.
– Үмітімізді айтайық, – деді Dinar.
– Сосын, шуақты күндерімізді еске аламыз.
– Иә.
– Естелік сағынышты оятады, бірақ, сағыныштан қамырық туады, – деді Shamsi-Hamar, – ештеңе айтпайық.
Олар ең шеткі дастарқанға барып отырды.
– “Кофемания”, – деді ол.
– Үміт бисквиті, – деп күлді Shamsi-Hamar, – сосын, естелік бисквиті, сағыныш бисквиті, мұң бисквиті.
– Көктем кітабы – “Кофемания”
– “Французский поцелуй” – Жаз кітабы.
– “Империя фруктов” – Күз кітабы.
– “Тирамиссу” – Қыс кітабы.
– Я, наверное, утопая на дно ваших огромных глаз, буду чувствовать себя счастливым...
Естелік бисквиті “Кофемания” жазғытұрым түсіндей үмітті, сәуір сағынышын оятады, сағынышты қараша күшейтеді, жаздың асы – жасында қапысыз таныған “Французскмй поцелуй” бисквиті, “Империя фруктов” – жеміс-жидектің береке айы, молшылық апталары, ырыс маусымы, бірақ, желтоқсанда “Тирамиссуды” аңсап, қайғы ойлап, мұңға батамыз, бетіне ұсақтап турап шабдалы, жүзім, алмұрт салған, дәмі көркінен асқан, тіл үйірген бисквит атаулы бау-бақшадан алдымызға сырғып жаңа түскендей, жан-жағына жұпар шашады.
Білемін, адам өмірі – шерге толы сағыныш шежіресі. Мұңды сағыныш, десек те, ғұмырдың айнымас серігі. Қапыда сүйген жардан жазатайым көз жазып қалған жолаушы, әдетте, жер мойны қашық, жылдарға созылған ұзақ сапардан еліне қайтқанда, еңселі үйдің босағасында, төрінде жайғасқан, толған кісіні көргенде, тау етегін жайлаған жабайы жеміс ағаштары тәрізді, үстінен алма иісі бұрқырап аңқып, кіреберісте аңырып, сезімінен адасып тұрады.
Алматы, 2007 – 2017 жылдар
“ГӘККУ”: кітаптан үзінді
“ГАККУ”: фрагмент романа”/“GAKKU: the part of the book”
(Ғаламның толық бірыңғай теориясы,
Полная единая теория Вселенной)
Екінші әңгіме
Памяти факультета,
которого больше нет...
Әуелі, сөз – нүкте болды. Уақыт шексіз сығымдалған қара ноқатты қапылыста жарып шықты. The Big Bang, жоқтың бейтаныс жүзіне, шұғыл үлкейіп келе жатқан құйрықты алабөтен дақ салды. Әлем таңғажайып уақиғалар алдында тұрды. Он сегіз мың ғалам күрт үлкейіп, ақыл-ойға сыймайтын, белгісіз, шексіз аласапыран көлемге жетті.
Кейін, сөздің түйіні байланып, шежіре аяқталып, уақиға біткенде, ғарыш қайыра оймақталған нүктеге айналатыны, түзіліп келе жатқан есептің құрамынан көрінді. Бүкіл әлем, шайырдың кітабындағыдай, дән қауызына сыйып кетеді. Тегінде, жалыны сөніп, қызуы қайтып, содан, жылуы таусылған құбылыстың артынан тозаңы бұрқырап күл, әлде қоламта, мүмкін, қозға көмілген шоқ қалады.
Сыңарынан айырылған аққу – сұңқылдап қоштасу әніне салған күйі, зады, екпіндей ұшып шырқау көкке көтеріліп алады да, өзін зау биіктен төмен қарай тастап жібереді. Көк аспанды қақ айырардай төмен құлдилай сорғалап келіп, қара жерге ақ төсімен, бар пәрменімен келіп соғылады, сөйтіп, құсадан ба, әлде баянсыз тіршіліктің қайғы-шері, уайымынан ба – әйтеуір, сойы асыл жәндік қапылыста, арманда түпсіз тұңғиық зеңгір көктен құлап өледі. The Universe тынысы аққудың гәкку жырына – ақырғы жан ышқынысына ұқсайды.
Бірде ол, бір нүктеден шыққан әлем қайта айналып сол нүктеге келеді, деді төсекте, шаңыраққа қарап жатқан ойлы, қападар қалпы. Сонымен қатар, аласапыран ғалам ұлғайып бара жатып, тосын қалт тоқтап, кенет – жарылып сосын, сөніп, лезде өшіп қалуы да мүмкін. Бірақ, жұлдыздар шоғырын жаратқан адасқақ, жалқы қара ноқат алдында не болды, оны ешкім білмейді, адамзат ақыл-ойы уақыт бастауын таба ала ма, тапса, тануға қарым-қабілеті жете ме, жоқ па, тиянақсыз сауал әлемді шарлап, мүмкін, ғарышты аралап, кезіп жүретіні ертеден, ескі заман, ежелгі дәуірден анық еді. Сәруар бес миллиард жылдан соң, Күн де жылуын сарқып, тұрған биігінен құлайды, деді.
– Ертеде, – дедім мен, – рақат еді, қашан өлетініңді білмейсің, қандай рақат.
– Иә, тамаша. Аристотель, Жер – әлемнің кіндігі, деп түсінді, кітабында оны қозғалмайтындай етіп, бейнелеп айтқанда, ағаш мәткеге таңып, бар жаратылыстың ортасына байлап тастады.
– Сөйтіп, Птолемейді адастырды.
– Шәкірті Жер шарын өзін қосқанда сегіз сфера қоршап тұр деген қорытындыға тоқтады, ежелгі грек заманындағы белгілі Меркурий, Венера, Марс, Юпитер, Сатурн және Күн мен Ай төңіректеп айналып жүреді деп ойлады.
– Жоқ, сегізінші жолақ қозғалмайтын жұлдыздар көкжиегі болатын.
– Шіркеудің Птолемей ұстанымын қолдағанын білесің бе?
– Білемін. Ал бүгін ислам Стивен Хокингті қабылдай ала ма?
Сәруар тосылып қалды.
– Мәселе сен өзің Тәңір жараттыға, Құдайға сенесің бе, жоқ, әлде жаратылысты сомдаған Құдіретке иланбайсың ба, сонда. Нүктеге дейін Кімнің құзыры жүрді, Не бізді тылсымнан басқарды, соған қарай сенің де көңіл-күйің өзгереді. Меніңше, бұл – әр адамның жеке танымындағы қасірет, беймаза толғақ, мына дүние мың құбылады, сен де берекесіз шыр айналып, бүкіл ғарышпен қосыла, дөңгелене жүзіп, қандай мұратқа жол тартып, нендей сапарға аттанғаныңды ешқашан ұға алмайсың.
– Бірақ та, Шіркеу Николай Коперниктің жасырын уағыздаған жүйесіне қарсы шықты ғой.
– Иә, тентек ойшыл тең ортаға жарқыратып Күнді әкеліп қойды.
– Есіңде шығар, Сәруар Күнді шексіз жақсы көретін.
– Иоганн Кеплер мен Галилео Галилей, – деді ол, – Аристотель мен Птолемейдің сөзіне нүкте қойды.
– Сосын Ньютон ойды түйіндеп, ашқан жаңалықтарымен заңдылықтарды бекітті.
– Ньютон өтірік айтты, – деді кенет түсі өзгеріп, – тартылыс күштерін абайсызда басына құлаған алма ағашының жемісі ашқан жоқ, оларды алдымен, бәрінен бұрын, зеңбіректерден алғаш байқаған Галилео Галилей болатын.
– Десек те, Ньютонның тартылыс күші туралы заңы бір орында тапжылмай тұрған Әлем түсінігін жоққа шығарады. Алайда, ұлғайып келе жатқан Ғалам туралы ой ешкімнің басына да келген жоқ.
– Иә. Бірақ, Аристотель дүниені Құдай жаратты деген идеяға қарсы болды, адамзат пен қоршаған орта мәңгілік өмір сүрген және сүре бермек деп есептеді.
– Сосын, тасқындар мен апаттар өркениетті дамудың алғашқы баспалдақтарына қайта апарып тастайды, кері шегіндіреді деген тұжырымға келді.
– Ал, пәлсапашы Иммануил Кант 1781 жылғы “Анық ақыл-ой сыны” атты еңбегінде Бүкіл Әлем белгілі бір кезде пайда болды ма, және кеңістіктің шегі бар ма деген сауалдарды шешілмейтін қайшылықтар – антиномиялар қатарына жатқызды. Яғни, белгілі бір уақытта өз бетімен жаралды, не қолдан жасалды, жоқ, Ғалам – мәңгілік, деген сауалдарға ақыл-ой жауап бере алмайтынын қадап айтты.
Ол бірде Алапат Жарылысқа дейін, яғни Сені көрген аласапыран сәтке дейін уақыттың ешқандай мағынасы жоқ болатын, деді. Дегенмен, 1929 жылы Эдвин Хаббл көк жүзіне қай жақтан, қай тұсына қарасаң да, жер мойны қашық барлық галактикалар бізден суыт алыстап, ұзап бара жатқанын ашты. Мен Інжуіме қаншалықты үзіліп, қатты құмартсам да, құшағымнан сытылып, дүрбімен қарағандағы шалғай жұлдыздардай қашықтап, суып бара жатқанын аңғарамын, деп қалды, дүниедегі бар нәрсе, барша құбылыс, тегі, адамдар да, тегіс бір-бірінен, түптің түбінде, бәрібір, түгел ажырайды.
Қандай кесім туралы айтып отыр, тағдырдың сыйы ма, жазасы ма, оны тек Құдай ғана біледі емес пе: кез келген пікір тұрақты заңға айналмас бұрын, дәлелсіз болғандықтан, әуелі болжам күйінде, жорамал қалпында өмір сүреді.
Есімде, әдетте, күн суықта, тастақ көшелер торыққан жандарға телміре қарайды. Түсінбеймін, Інжу, достығымыз жарасқан кезде, көңілді бұзып, көкіректі өртеп Сен қайдан келдің. Кенет, көп автомобильдердің бірі тоқтап, салон есігі ашылады, сосын машина орнынан баяу қозғалады, алғаш көргенде, екеуіміздің де ойымызға үрей түнеді. Серуендеп жүріп жалғыздыққа ұрынған, қамырық құшағында беймезгіл адасқан біз, шалқалап жоғары, көк жүзіне үрейлене көз жіберіп, бір сәт ойға батамыз. Аспанда, тым биікте әуелеп алты аққу тізіліп ұшып бара жатады. Тізіліп ұшқан аққулар соңынан із қалады. Рас, іздеген адам, қашанда, жоғалтып алған өмір ізін беймаза жүрегінен табады. Өзегімді күйініш – өкініш күйігі, ғашықтық дерті жарады.
Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің. Ол уақыт кешіп, түнгі бар-ресторандардан бақытын іздеп жүріп, аяқастынан көзден ғайып болды. Ізденіс оны үлкен ғимаратты тонауға алып келді. Үкідей желкілдеп, гүлдей құлпырып, алтындай жарқырап алдымыздан Сен көрінгенде, мүмкін, асыл жанды беймезгіл уақыт шайтан түртті. Есімде, ол Алматы шаһарын қатты сүйді. Сондықтан, оның басқа қалаға біржола көшіп кеткеніне аса сене қоймаймын, Сәруар Алматыда жүр, алайда, неге екені белгісіз, екеуімізбен хабарласпайды. Меніңше, бекзат ұл, жігіттің сұлтаны арамыздан бақытын таппай кетті. Бірақ, Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің. Үкідей желкілдеп, гүлдей құлпырып, алтындай жарқырап алдымыздан Сен көрінгенде, қай жақтан қылаң бердің, сүмбіл шаш, жазық маңдай, пісте мұрын, оймақ ауыз, алма мойын, лұһлу иек, қаз омырау – жан қалқа. Сәруар бұлыңғыр тартып тұрып кенет айқындалған ауыр қайғыдан ақырындап біздің мөлдір сағынышымызға айналды. Дүниеде тыныштықтың абсолюттік эталон үлгісі жоқ. Сондықтан, екі түрлі уақытта жүрген қос уақиға, тегінде, кеңістіктің бір жерінде өтті ме, жоқ па, оны ешқашан біле алмайсың.
Содан кейін, араға бір-екі жыл тастап, Сәруар ұшты-күйлі жоғалды. Бірақ, Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің. Ол бірде Алапат Жарылысқа дейін, яғни Сені көрген аласапыран сәтке дейін уақыттың ешқандай мағынасы жоқ болатын, деді. Неге Сәруар соншалықты жазмышына өштесті – әлі күнге шейін түсіне алар емеспін.
Бағыт-бағдарынан адасқан Сәруар қол созым жерде, мүмкін, елсіз далада, қадау-қадау орнатылған, желі байланған тоқ бағаналарындай, қападар дауысы әредік сені жоқтап күңіреніп, жалғыздық көкірегін қарс айырады, содан соң, зады, таңның атысы, кештің батысы саяқ жүргенде, кейбір сәт қамырықтан шаршайтын сияқты көрінеді. Күбірлеп есімін атасам, дәл іргемнен әдемі қоңыр үні күңгір-күңгір жаңғырығып сөйлеп шыға келетін тәрізді көрінеді. Ол қараңғы түндерде екеуіміздің тіл қатқан сөзімізді естіп, елегізіп ұйықтай алмай, мазасызданып, торығып, тоқырап жүрген секілді көрінеді.
Қазіргі шақ Ғаламды нақ бейнелеп, сандық өрнекте анық кейіптеген, дербес, кемел, егіз есеп-қисап – қос таным бар екені белгілі: салыстырмалы жалпылама теория мен таңғажайып кванттық механика. Екеуі де, әсілі, биік өре, терең ақыл-ой, асқан зияткерлік көрінісі. Әуелгі теория – әсем теңдеуінде таңбаланған, гравитациялық қарым-қатынас пен әлемнің ірі масштабты құрылымын мейлінше дәл көрсеткен, шексіз кеңістіктер ғұмыр кешуіне қажет шартты анық белгілеп, қарапайым да күрделі теңдігін әдемі құрастырған, піл сауырлы қара Жердің өзіндей алып тұжырымдама.
Бірақ, бұл таным-түсініктің шамасы – ғарыштың адам қарым-қабілеті, сана зердесі бақылап-қадағалай алатын бөлігін ғана түсіндіруге жетеді. Алайда, есебін ықшамдап, санын дөңгелетіп, ортақ мәнге келтіріп, ұғымын жеңілдетіп байқасақ: бірнеше километрден бастап, жиырма нөлдің басын құраған бірлік аралығындағы кеңістікті қамтиды.
Кванттық механика пәні – бүтін сарқытын, жарты қалдығын зерттейтін, тегі, көлемі шағын, десек те, терең өлшемді, жалпы, танымы жүйрік ғылыми-категориялық жүйе. Өкінішке қарай, ғаламат шексіздіктің өзара тіл табыса алмаған қос сыңарын, тараптарын танып, сырын ашуға, жұмбағын шешіп, сандық өрнегін формулада түзуге, қадір-қасиеттерін айшықтап кейіптеуге талпынған ниеттің ешқандай болашағы жоқ, себебі, екеуін қосып, біріктіріп қарастырғанда, бір уақыт өлшемінде, теңдеулер, неге екені белгісіз, қалыптасқан жалпы физикалық заңдылықтардан жаңылысады. Ізденістердің мақсаты – өрнек құрғанда, екі тараптың қарама-қарсылығын, керісінше, тоқайластырып, қайшылығын жойып, табиғатынан ортақ негіз, жарастық, сәйкестік тауып, сөйтіп, гравитацияның квантық теориясын қалыптастыру еді. Егер біз Бүкіл Әлем кездейсоқ емес, белгілі бір заңдылықтан жаралып, қалыптасып, дамып келеді десек, онда өз алдына дербес қос теорияны Бүкіл Әлемдегі бар құбылысты тұтас қамтып, бірдей сипаттай алатын толық бірыңғай теорияға біріктіруімізге мүмкіндік туады. Бірақ, жасампаз, ізгі ойларымыз, өкінішке қарай, бір күрделі һәм ұлы кедергіге тіреліп тұр: егер бірыңғай теория, шынымен, бар болса, сонымен қатар, біздің бақылауларымызға, мүмкін, іс-әрекеттерімізге оң немесе теріс әсер ететін құбылыс болса, онда, кешіріңдер, қалайша біз, тегінде, бірыңғай теорияның аясында, бүтіннің жартысы, толықтың бөлігі бола тұрып, төл зерттеулеріміздің нәтижесін оның нақ өзінен таба аламыз. Қалайша бұл теория, біздің объектіміз, тегінде, субъектіге айналып, өзіміз жайындағы танымдық ізденістеріміздің түйінін шешіп, қорытындысын шығарады.
Иә, қайтіп, алдын ала біздің табысқа жететінімізге оң жағдай туғыза алады. Тап сондай іс-әрекет неліктен бізді жалған пассаж, кешенді қателік, жиынтық теріс санға әкеп соқтырмайды. Тіпті, ешқандай мұратқа жете алмауымыз да мүмкін емес пе. Десек те, ұзақ жүрген табиғи іріктелу, сұрыпталу барысында, піл сауырлы қара Жер бетіне кең тараған мақұлықтар ішінде ақыл-ой иесі, кемел зият, биік өре, дамыған санасы бар сұңғыла жаратылыс тек адам ғана деген жасық алданыш, әлсіз үміт, Құдайға тәубе, көксеген арманымызға жетелейтін бірде нық сенім, бірде екіұдай көңіл тәрізді көрінеді. Алайда, Бүкіл Әлемнің толық бірыңғай теориясын табу жолындағы ізденіс біздің құрып кетпеуімізге ешқандай кепіл бола алмайды. Яғни, іздеп жүрген теориямыздың қорғансыз тіршілік, таңғажайып жарық дүниеге ешқандай қатысы жоқ. Әу бастағы мұрат пенде ризығын тауып, бұйрығын күткен ғұмырындағы күрделі түсінік мәселесі, Бүкіл Әлемді толық сипаттап шығу ғана болатын. Сондықтан, таулы қырат, тасты жота сілемінен көз жазып, жалғыз аяқ сүрлеуінен тосын адасқан ескі дос елін тауып, үйіне қайта айналып соқса да, ошақ қасынан ана, от басынан сүйген жар көрмейді, шаңырағына қайғы қаптайды, себебі, тарқамайтын қуаныш, таусылмайтын қызық жоқ, дүниежарықтың кемдігі айтылған киіз кітаптар уақыт сана түсінігі екенін растайды. Шынымен, арман-тілегіміз орындалып, ойымыз жүзеге аса қалған жағдайда, уақыттың бізге керегі шамалы.
Оның, теңдігіне үміт артқан есебі теріс боп шықты. Бүкіл Әлемнің толық бірыңғай теориясын адамзат ақыл-ойы таба ала ма, Інжу, білмеймін. Меніңше, адам бақыты осы ізденістердің нәтижесіне байланысты сияқты көрінеді, біз, қалай десек те, адамзаттың тағдыр-талайы кімнің, ненің қолында екенін білетін боламыз: бақытты іздеуіміз керек пе, жоқ па, мүмкін, қажет те емес шығар, біздің еңбегіміз еш, тұзымыз сор, күш-қайратымыз рәсуа болып кетпей ме, оны бір Құдайға тапсырдық.
Қазір аяулы жан, абыз тұлғаның жаңа өсиетін бәрі ұмытты. Ел есінде, тіпті, Сәруардың өзі бар ма десеңші, кейде, неге екені белгісіз, көз алдыма оның ғұмыр кешкен жылдары тізіліп келе қалады, бірақ, ол дүние салды, қаза тапты деген суық хабарды естіген емеспіз, аман-есен, тірі жүр деген сөз де құлаққа шалынған жоқ. Біз Сәруарды ешқашан іздеп таппайтын да шығармыз... қара құрдымға түсіп кеткендей із-түссіз. Ізім-қайым жоғалды. Көрінбейтін қара материяның ауыр салмағы жас аспан денелерін өзіне күшпен тартып, жолынан қалдырып, мұратынан адастырғанда, Сәруарды табу мүмкін еместігін анық та нақтылы түсінеміз.
Задында, Ғаламның толық бірыңғай теориясын бейнелейтін есепті аңсап шарқ ұрған адам баласы оны ешқашан таба алмайды, себебі дүниеде мұндай әмбебап формула жоқ.
Алматы, 2007-2017 жылдар