Думан Рамазан. Сезімнің сәруар сәулесі

ӘДЕБИЕТ
6507

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып.

Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе,

Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып.

Абай


«Махаббат – мәңгілік тақырып». Иә, махаббаттың мәңгілік тақырып екенін атақ-даңқтары әлемге жайылған ұлы суреткерлердің барлығы дерлік айтып келеді. Айтып қана қоймай, махаббат мәселесіне қалам тартпаған жазушы жоқ. Өйткені «Махабатсыз – дүние бос» (Абай), «Махаббатсыз тіршілікте жан жоқ» (Гете), «Махабатсыз өмір – өмір емес» (Горький). Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Шынында да солай!..

Өзінің жазушылық ғұмырында осынау мәңгілік тақырып – махаббатты жырлап келе жатқан Бексұлтан Нұржекеұлының 2002 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Бейтаныс әйелдің құпиясы» атты жинағындағы әңгімелердің негізгі өзегі де әйел мен еркек арасындағы сезім сырлары, яғни махаббат мәселелері. Кітаптың атына таңдап алынған «Бейтаныс әйелдің құпиясы» – оқырманның көз алдына бейтаныс әйелдің құпиясын айқара ашып салатын психологиялық шығарма. Жазушы аты-жөні белгісіз келіншектің күнделігін ойда-жоқта қолына түсіреді де, үйіне алып келіп, бастан-аяқ оқып шығады. Бар әңгіме осы. 

Күнделіктегі жазбалар ғашықтық дертіне ұшырап, не істерін өзі де білмей, екіұдай күй кешкен байтаныс әйелдің бүкіл құпиясын, яғни жан дүниесіндегі толқыма толқыныстарын, құбылмалы құбылыстарын, сезім сергелдеңдерін толық ашып берген:

«Жаным! Әр күнім, әр түнім сізді ғана ойлауға арналатын болды. Қайда жүрсем де, не істесем де сіз миымда, көз алдымда тұрасыз да қоясыз. Тұтқыныңызға мықтап түсірген екенсіз. Торыңызға қалай, қай уақытта шырмалып қалғанымды да білмеймін. Осынша естен айырылуға болады деп кім ойлаған?! Әсіресе менің жағдайымда. Жалғыз ғана үмітім – сіздің маған деген көңіліңіз. Сіз суып кетсеңіз, ол соққыны көтере алмайтын шығармын. Суымаңызшы!» деген әйел күнделігіндегі жазулардан сыр суыртпақтап, автор оған өз ойын тіркеп, көзқарасын білдіріп отырады: «Сөз сыңайынан әйелдің жас, еркектің егде екендігі бірден аңғарылады. Оның үстіне әйелдің күйеуі, еркектің әйелі бар болу керек. «Әсіресе менің жағдайымда» деуі, сірә, сондықтан».

Әңгіме бастан-аяқ осындай тәсілмен жазылған. Алдымен күнделіктен үзінді келтіріледі де, соңынан автордың соған деген ой-топшылаулары қосарланады.

Көркем әдебиетте бір адамның өзінен басқа ешкім білмейтін, білуге тиісті де емес жан сырын қойма қопарғандай ашып көрсететін ең оңтайлы көркемдік тәсілдердің бірі бұл. Осылай басталған бейтаныс әйелдің құпия сезіміне автормен бірге біз де куә боламыз, қызыға түсеміз, құныға оқимыз: «Жаным! Бір тәттінің бірі ащысы бар деген ой жанымды жегідей жейді. Мені ерітіп елжіреткен өзіңіз, енді маған қатал болмаңыз: қайтадан қалпыма келе алмай, морт сынып, мүрдем кетуім мүмкін. Дәл қазір осыны жазып отырғанда, өзіңізді аңсап, сағынып отырмын, жаным! Сізді ойлағанда, тамыр-тамырымның бәріне тәтті, жылы толқын жүгіріп, өне бойым балқып бара жатады. Сіздің құшағыңызды, ерніңізді, еркелеткен, елжіреткен сөздеріңізді сағындым. Қайдан ғана тап болып едіңіз, қалай ғана табындырып алдыңыз, құдіретіңізден айналайыным?!»

Бұл сөздер авторды қандай ойларға жетелейді? Оқып көрелік: «Ағылып, ағытылып, арқалы ақынша сөйлейді. Құдіретті сезімін сөздің құдіретімен жеткізе де біледі. Қара жаяу әйел еместігіне қазірден-ақ көзім жеткендей».

Тұрқы бөлек, тұрпаты өзгеше осынау тосын әңгіменің мазмұны да бірте-бірте шиыршық атып, ширыға түседі: «Үйге де, жұмысқа да телефон соқпаңызшы!» деп өзім жалынсам да, күні бойы телефонға жалтақтап күтем де жүрем. Қандай кереғарлық?!. Сол кереғарлықтың бір ғана өз бойымда өмір сүріп жатқаны тіптен ғажап!»

Осы жерде Нобель сыйлығының лауреаты, неміс романшысы, ақын, сыншы Герман Гессенің мына бір қанатты сөзі ойыма оралып отыр: «Адам болу – жазылмайтын екіжақтылықтан құса шегу деген ұғым, бұл – жақсылық пен жамандықтың ортасында жарылу деген ұғым». Осы қағидадан Б. Нұржекеұлының бейтаныс әйелі де тыс қала алмаған. Тыс қала алмайды да. Өйткені ол да ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде. Пенде періште емес. 

Иә өмірдің өз заңы, өз заңдылығы бар. Бұл адамдар жасайтын мемлекет заңдарынан мүлде бөлек. Ал «Жүректің өз заңдары бар, бірақ олар толық жүйелі кодекс құрастыра қоятындай заңдар емес» (Белинский). 

Жанның жарасымы... Көңілдің жарастығы... Жүректің қалауы... Сезімнің бүр жаруы... Бәрі жақсы-ақ. Бірақ бейтаныс әйелдің күйеуі... ол ғашық боп жүрген егде еркектің әйелі бар сияқты. Ендеше, салмақты жүрекке емес, миға, сезімге емес, ақылға салу керек шығар. Әрине, «Ақылды адам ақылынан адаса ғашық болса да, ақымақтарша ғашық болмайды» (Ф. Ларошфуко). Десек те, Ар мен Иман... Кінә мен Күнә сияқты қасиетті ұғымдарды қайда қоясыз?!. Сезімнің жетегіне еріп, ар мен иманнан аттап (қазақы таным-түсінік бойынша), күнәға батып, кінәлі болсаңыз, ең алдымен өзге емес, өзіңізді өзіңіздің ақылыңыз айыптары анық. Бірақ, солай бола тұра, ең алдымен тағы да өзіңізді өзіңіз ақтап аларыңыз белгілі. Өйткені өмір озады, тән тозады, бұл дүние қайта айналып келмейді дегендей... Әрине, бұл ақталу болғанымен, күнәдан арылу емес... Бұны бейтаныс әйел де мойындайды: «Бір бойымда бір-бірімен алысып, екі адам өмір сүріп жатқандай. Сіздің өкпелейтін де жөніңіз бар екен, жаным! Менің ең негізгі жауым өзім екенмін!»

Иә, «жазылмайтын екіжақтылықтан құса шегу» деген осы шығар. Кінә мен күнәні біле тұра, түсіне тұра неге өзге еркекке сондай құштарлықпен құлаған: «Сіздің мені соншалық жақсы көргеніңізден солай ма, әлде менің сізді қатты сүйгенімнен бе – ол жағын ажыратып жатар шамам жоқ, әйтеуір, қасыңызды сағынам да тұрам. Мен үшін ең рахат, жалғыз жұмақ – сіздің қасыңыз. Мұндай сезіммен қалай өмір сүрем? Қашанғы өмір сүрем?»

«Жалғыз жұмақ – сіздің қасыңыз». Бұл – бейтаныс әйелдің өзіндік философиясы. Аз күндік қызық-қуанышы, алдамшы бақыты. Өйткені, қанша жақсы көргенмен, соншалықты құлай сүйгенмен, ақылдан адаса ғашық болғанмен, екеуінің бірін-бірі шынайы бақытқа бөлей қоюы қиын. Ал бірін-бірі бақытсыздыққа душар етулері бек мүмкін. Ендеше, уақыт өте келе сезім салқын тартып, ақылдың атойлап алға шығары сөзсіз. Бұл – табиғи заңдылық. Өмірде өзгермейтін, ескірмейтін еш нәрсе жоқ-ау! Бәрі өтеді, көшеді, өткінші. Сезім де суып, көңіл де қалады екен. Бейтаныс әйелдің телегей теңіздей толқыған сезім селі аз ғана уақыттың ішінде сарқылған судай тартыла қалады деп кім ойлаған? Бірақ өмір ғой!.. Ал өмірде бәрі болады. Жақсы көру мен жек көрудің аралығы да онша алшақ емес-ау, сірә: «Бұдан былай менімен бос уақыт өткізіп, әуре болғыңыз келмесе, өстіп жоқтан өзгені сылтауратарыңызды күні бұрын білгенмін. Сөйтіп, сезімімді де өлтіріп тастайды-ау деп қорыққанмын. Байқаймын, сол күдігім расталғандай». 

Кеудесінде жаны бар тірі пенде секілді сезімнің де туатын, өмір сүретін, өлетін-өшетін мезгілі болатыны айдай ақиқат. Оны осы әңгімеден де анық аңғаруға болады. Бірақ бейтаныс әйелдің оған өкініш-күйініші жоқ сияқты, қайта өзін бақытты санайды: «Мен бәрібір бақыттымын, өйткені шын сүю дегеннің не екенін аз уақыт болса да бастан кештім: рахатын да таттым, азабын да таттым. Сол үшін сізге ризамын. Қалғанын келешек көрсетер».

Құпия күнделік осындай көңіл күйде аяқталады. Бұл – автордың тәжірибелілігі. Өйткені күнделіктегі жазбаларды бұдан әрі соза берудің еш мән-мағынасы жоқ. Бәрі түсінікті. 

Шығарманың соңына дейін әйелдің кім екенін білмесек те, түр-түсін, кескін-келбетін ажырата алмасақ та (өйткені онда не портрет, не диалог жоқ), жазбалары арқылы оның қандай адам екенін жазбай танимыз. Ішкі ойлары, сезім сырлары, санасындағы сан алуан толқыныс-бұлқыныстары арқылы жанының нәзіктігін, жүрегінің нұрлылығын, табиғи болмысының мөлдірлігін, сезімге адалдығын айтпай-ақ білеміз. Көз алдыңызға өзі де, жаны да сұлу әйелдің бейнесі елестейді. Күнделік, сөз жоқ, бейтаныс әйелдің сырт көзге көрінбейтін ішкі сырын көрсету мен оның образын ашуда маңызды рөл атқара алған. 

«Қандай өнердің болса да ең биік қасиеті – оның шынайылығы» (С. Рахманинов). Бұл әңгіме де шынайы жазылған. Шындыққа суарылған. Жалғандыққа ұрындыратын, жасандылыққа бой алдыратын, сенімсіздік тудырар тұстары жоқ. Өмірдің өзінен ойып алғандай шынайы. Жанын жегідей жеген жан жарасын, ішіне ащы запырандай жиналған құпия сырын күнделігіне жазбағанда кімге ашпақ, кім түсінбек мұның мұңын, ақ қағазға ақтармаса шерін қалай тарқатпақ?!. Ендеше, бейтаныс әйелдің құпиясы күнделігі арқылы ашылуы заңды, сенімді, нанымды. Кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалыстарды, сана-сезіміндегі алақұйын ой ағыстарын беруге бұл әдіс өте ыңғайлы һәм қолайлы. Өйткені жұмыр басты әр пенде күнделігіне жан адамға ашпайтын жан сырын бүкпесіз, қысылып-қымтырылмай, ағынан жарыла ақтара алатын болғандықтан, онда кейіпкердің ішкі әлемі мейлінше тереңірек һәм айқынырақ көрсетіледі. 

Күнделіктегі жазбалардан тек әйелдің ғана емес, онымен көңіл-хошы жарасқан бөгде еркектің де қандай адам екені сыр беріп қалады. Әрине, басында әйелдің жүрегін жаулап, өзіне табындырып қойған еркекке іш тарта қалғанымызбен, әңгіменің соңында оның да бет-бейнесі ашылып, секем алып, селтиіп қалатынымыз да шындық.

Орайы келгенде айта кетелік, осы жерде ұлы грек ойшылы Плутархтың тарихи шығармалар жазғандағы мына бір ұстанымы еріксіз ойға оралады: «Суретші дененің басқа мүшелеріне көп назар аудармай-ақ, адам мінезін ашып тұратын бет пішіні мен көзқарасын дәл бейнелеу арқасында оны айнытпай салып береді. Ұлан-асыр істер мен шайқастар туралы жырлауды өзгелердің үлесіне қалдырып, міне, сол суретші сияқты адамның жан дүниесіне терең бойлай, оның өмірін сипаттап беруді мақсат еттім». Әйгілі Александр Македонскийдің өмірбаянын жаза отырып ол осылай дейді. Бұл - тек тарих жазуға ғана емес, әдебиетке де ұстын болатын дана ұстаным. Ұлы суреткер Л. Толстойдың: «Я говорил и думал прежде, что жизнь есть сознание эта неправда. Жизнь есть то, что открывается через сознание...» – деуінде қорғасыннан да салмақты ой жатыр. 

Иә, ғұламалар айтса айтқандай, әдебиетте де адамның жан дүниесіне терең бойлау арқылы оның өмірін «сипаттап» беру керек!.. Б. Нұржекеұлының бұл әңгімесінің ерекше қызықтырғаны да осы кемеңгерлер өсиетінің үдесінен шыға білгендігі, сол межеден табылғандығы. 

Тақырыбы махаббат мәселесі болғанымен, соны өріп шығудағы өрнегі осындай өзгеше, пішім-пошымы ерек бұл әңгіменің көркемдік шешімі – бейтаныс әйелдің өз сөзімен айтар болсақ: «Шын сүюді сезіну!» Ал «Шын сүйе алатындар – тек әйелдер ғана» (Ги де Мопассан). 

Әйел тақырыбын көп шиырлаған әлемдегі ең ұлы жазушылардың бірі – француз Мопассанның бұл ойын қазақ Нұржекеұлы өз шығармасында тағы бір мәрте дәлелдеп шыққан. Бейтаныс әйелдің жүрегіне қасиетті сезімнің шұғылалы сәулесі түскен де, кеудесіндегі махаббат отын тұтатып, жан әлеміндегі сандуғаш құсын сайратып қойған. Ал бөгде еркектің ой-арманы мүлде өзгеше сияқты. Яғни, әйелде жанның, еркекте тәннің аңсары басым. Әрине, жан – мәңгілік, тән – өледі. Ендеше, әйелдің махаббаты мәңгілік те, еркектікі өткініші, уақытша. 

«Сүйіспеншіліктен сүйіспеншілік туады», – дейді ұлы ойшыл Софокл. Бұл қағиданы әккі еркектің білмеуі мүмкін емес. Түрлі айла-шарғымен әйелді өзіне қаратқан, тіпті Тәңіріндей табындырып қойған. «Мен үшін сіз Құдайдан кейінгі кіші құдіреттей көрінесіз. Құшағыңыздың, алақаныңыздың ыстығы ылғи өзін аңсатады да тұрады» деуі – осының айқын дәлелі. 

Біздің түсінігімізше, әйелдің күйеуі жоқ, қазақша айтсақ, жесір. Болса, суынған, безінген, жерінген. Өйткені әйелдің көңілінде мейірімге шөлдеу, жанында жылылықты аңсау бар. Ал еркекте тәннің құмарлығы басым. Тәні тояттаған соң, құмары басылғаннан кейін айну, яки кері қайтар жолға түсу бар. Әйел сияқты жалындап жанбайды, өліп-өшпейді: «Мен сізге тағы өкпеледім. Сағынып телефон соғып ем, бірден әңгімені «Қашан кездесеміз?» дегенге тіредіңіз де, мені тығырыққа қамап қойдыңыз. Аузыма сөз түспей, не үшін телефон соққанымды да ұмытып қалдым. Шынын айтсам, қорланып та қалған сияқтымын. Сіз үшін тек кездесуге ғана керек адамдай сезіндім өзімді...» деп әйел өзінің өкпе-ренішін ақ қағазға ақтарады.

«Махаббат дегеніміз – қажеттілік пен сезімнің ұласуы», – дейді Онере де Бальзак нық сеніммен. Атақты француз қаламгерінің бұл сөзінде бүкпесіз айтылған өмірдің шыжғырылған шындығы жатыр. Өйткені Нұржекеұлының бейтаныс әйелінде де, бөгде еркегінде де әйтеуір бір қажеттілік бар. Әйелдікі – көңілдің жетімсіреуінен, жанның жалғызсырауынан, еркектікі – нәпсіқұмарлықтан, тәннің тоятын қанағаттандырудан туған. 

Дұрыс-ақ делік. Десек те, бейтаныс әйел бөтен еркекті неліктен соншалықты жақсы көріп қалған? Не үшін өлердей ғашық? Несіне қызығады, неге сонша өліп-өшеді? Бар мәселе еркектің жылтыр сөзі мен жапалақ сияқты жалбаң қағуында ма?!. Жоқ олай ойласақ, қателесеміз. Міне, осы жағы толық ашылмай қалған. Оқырманның көңіліне күдік ұялатып, сенімсіздік тудырады. Мәселен, австриялық әйгілі жазушы Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хатындағы» бейтаныс әйелдің белгілі беллетрист еркекке қалай ғашық болғаны, неліктен жақсы көргені шығарманы оқып отырғанда-ақ анық аңғарылады. Еркектің бейнесі (бүкіл болмыс-бітімімен) толық ашылған, сәтті сомдалған. Көз алдыңызға Сәкен (Сейфуллин) ағамыз сияқты сұлу да сырбаз, мырза жігіттің кескін-келбеті елестейді. Сол себепті де ондағы бойжеткеннің сері жігітке ғашық болуында адам жаратылысындағы табиғи бір зандылық бар. Бәрі де сенімді, нанымды. Сезім сергелдеңіне түсіп, сол жолда бойындағы бар асылын құрбандыққа шалған жас сұлудың бүкіл мұң-зарын қағаз бетіне мөлдіретіп түсірген.

Цвейг пен Нұржекеұлының шығармаларында бір үндестік бар болғанымен, сөз жоқ, екеуі екі бөлек дүние. Бір қарағанда бір-біріне ұқсас жақтары бар болғанымен (формалық һәм мазмұндық), бірін-бірі қайталамайды, тек аттары болмаса. Өйткені «Бейтаныс әйелдің құпиясы» бірден «Бейтаныс әйелдің хатын» еске түсірері сөзсіз. Дейтұрғанымен де, «Бейтаныс әйелдің құпиясы» – қолына қалам ұстап жүрген кейінгі жастарға үлгі боларлық-ақ шығарма. Қазақ әдебиетінде адамның жан дүниесін қойма қопарғандай қопаратын бұндай психологиялық шығармалар сирек.

Дегенмен, осынау жақсы әңгімеге көлеңке түсіріп тұрған, көңіліңізге кірбің кіргізген кейбір жайттарға да аз-кем тоқтала кетпсек бомас. Мәселен, әңгіменің басталуы көңілге қонымды емес, шығармаға кірудің кілті дұрыс табылмаған сияқты... Сонымен бірге ә дегеннен-ақ «Әйел үшін ас үйдің жағдайы айрықша. Ең соңынан соң қарап мен де айрықша шұқшидым. Бір жерінен кемтік шықса, "Балалардікі балалық болсын, саған не жоқ?" деп алдымен әйелім мені алқымнан алатыны да сөз жоқ, сондықтан мейілінше міней қарауға тырыстым...» деген сықылды жадағай, жайдақ сөйлемдер менмұндалап, оқыған сайын көз сүріндіреді. Осындағы «жағдайы», «айрықша», «шұқшидым», «алқымнан», «міней» сөздері өз орнымен қолдалынып тұрған жоқ. Сондай-ақ, «Үй ұстасына қарағанда, әй, қазақ емес-ау деп болжадым: тым тап-тұйнақтай екен, ұлтының атына кір келтірмейін деп әдейі тырысқан секілді» дегенін түсіне алмай дал болдық. Сөйлемнің олпы-солпылығы өз алдына, мағынасының мәнсіздігі қарын аштырады. Бұдан кез келген қазақтың үйі ашылып-шашылып, былығып жатады деген ұғым тумай ма? Шынымен қазақ әйелінің бәрі бірдей салдыр-салақ па, үйлерін күтіп ұстай алмай ма?! «...ұлтының атына кір келтірмейін деп әдейі тырысқан секілді» деуі де оқырманды сендіре қоюы қиын. Үй сататын адам «ұлтының атына кір келтірмейін» деп емес, бар-жоғы үйін тезірек, егер шамасы келсе қымбатырақ өткізу үшін жиыстырып қоятын шығар. Сондықтан көркем шығарманы бұлай саясиландырудың қажеті қанша?! 

«Әйел үшін ас үйдің жағдайы айрықша» болса, қаламгер үшін тілдің орны ерекше. Десек те, жазушының тіліндегі кем-кетікті түгел тізіп шығып, айрықша тоқталудың маңыздылығы шамалы. Өйткені біздің басты мақсатымыз сынап-мінеу емес, бар-жоғы отқа тамызық салғандай, қаламгерге ой тастау ғана.

Әңгіменің соңы да сәтті аяқталған дей алмаймыз. «Күнделік кімдікі – осы үйдегі әйелдікі ме, әлде бөтен әйелдікі ме?» деп сауал тастап, оған өзі жауап іздеп, бұлдыр болжам жасап, құрғақ сәуегейсудің не қажеті бар? Жазушы онымен не айтпақ болды екен?.. Ал «Мұндағы күнделіктен келген үзінділер нанымдық үшін қолданылған емес, ондағы сөздер, шынында да, басқа әйелдікі» деген сықылды түсініктеме беру қандай қажеттіліктен туған? Бұл ақталу оқырманды еш сендірмейді, керісінше, көңіліне күдік ұялатып, күпті ете түсері анық. Өйткені «Сезікті ғана секіреді» ғой. Сондықтан автор әңгіменің басы мен аяғын қайта қарап, өңдеп-жөндеуі керек шығар!

Сонда бұл айшықты шығарманың құны да одан да әрі арта түспек.

Думан Рамазан

author

Думан Рамазан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...