Дүкенбай Досжан. Кавабатаның көз жасы

ӘДЕБИЕТ
3671

Көне кітапта мынадай сөз бар. Дүниеде тіршілік көзі таусылып заманақыр болғанда жердің үсті мен астындағы тірі аруақ, өлінің рухы таразы басына жиналады. Жаратқан ие алдарынан шығып, жанында мүңкір-нәңкір, жаналғыш, жауаптағыш періштелері бар, сіресіп отырып тергейді дейді. Біреу тіршілік сапарында ешкімге қиянат жасағаным жоқ деп құран ұстап қарғанып жатса, келесі пенде күнәға білмей, ойланбай белшеден батыппын деп маңдайын тоқпақтайды. Ұрылар, қанішерлер, жезөкшелер, зымияндар қылмысын жасырады. Сол кезде жаратқан ие куәлікке байғызды шақырады-мыс. Байғыз жерде не болып, не қойғанын көзін ашып-жұмып, есепке алып отыратын жаратқанның көзі деседі. Таразы басында қалшылдап-дірілдеп «анау өйтті», «мынау бүйтті» деп сайрап айтып бермекші.

Сол көне кітаптағы байғыз секілденіп өнер адамдары туралы оқыған, естіген, білгенімді жіпке тізіп сыр ғып айтуға бел будым. Тілге тиек болатыны үшеу. Ошақтың үш бұты секілді. Үш ортада, үш ғасырда, бір-біріне еш байланыссыз ғұмыр кешкен адамдар. Әйтсе де сөз қасиетіне сыйынған ерекше мінездерін осы әңгімеге әдейі арқау еттім.

Өнер адамы оттағы қазан іспетті. Ән айтсаң – жаныңды жеп айтасың дегендей, отына, қайнауына орай тасып-төгілуі, өшуі болады. Баз бірде сол өнер ақылдың көзін байлап, иесін адастырып жіберуі мүмкін. Әйтсе де Абай айтқандай: жүрек ешқашан адаспайды.



Өнер адамының тірісінде қадірі көп біліне бермейді. Көптен оншалық бөлініп, ерекшеленбейді; керісінше, шулыған ортада өзін қораш, қорғансыз сезінеді. Бұл сөздерді айтқан әйгілі сазгер Евгений Брусиловский. Санкт-Петербург консерваториясын үздік тамамдадым, «боламын», «жазамын», «шулатамын» деп екі иығын жұлып жеп жүргенде қалтасы жұқарып, жазғаны қабылданбай, жолдастары кекетіп-мұқатып шетке шыққан жаңқауықтай етеді. Евгений бейне Пушкиннің «Мыс салтатты» дастанындағы Евгенийге ұқсап нашарлайды, жүдейді. Қазақтың шеті-шегі жоқ қиыр сахарасынан маман іздеп жеткен Ахмет Жұбановқа ұшырасады. Ахаң айтады: біздерге жүр, жоғары білімді сазгер мамандарға зәруміз! Евгений айтады: қанша төлейсіздер? Ахаң айтады: опера және балет театрында үш орын бос, драмаға бас сазгер ауадай қажет, консерваторияда ұлт аспаптар оркестріне жетекші таппадық, тоқетері – профессионал бес-алты сазгер жетіспейді. Евгений айтады: опера жазсам – қоясыздар ма? Қоямыз, қоямыз. Консерваторияға дәріс оқысам профессор етесіздер ме? Сөз бар ма оған. Мұнша көл-көсір сыбағадан соқыр, саңырау кісі болмаса – кім қашады. Мақұл деп келісім-шартқа қол қояды. Баяғы өзін кекетіп-мұқатып жолын кескестей беретін көк көз бақталас жігіт ауруханада емделіп жатқан, соның жас келіншегін оңашалап сөзге тартып, мына шетпұшпақ ит өмірді таста, менімен Алматыға жүр дейді. Қазақтың әні де, сәні де екеумізге жетеді дейді. Келіншек көнеді. Аз айт, көп айт, нота салған тақтай шабаданды теңселдіріп, жас келіншекті қолтықтап, 1933 жылдың көктемінде Евгений-екең Алматының темір жол вокзалынан түседі. Тақтай шабаданды пәуескеге салып түкпірдегі Ахаңның пәтеріне түнделетіп жетеді. Ертесіне ақы-пұлы өкіметтен, иесі өздері, астанадағы жалғыз мейманхана «Жетісудың» жайлы бөлмесіне көшеді. «Жетісу» мейманханасы ол заманда Гоголь көшесінің бойында «Егемен Қазақстан» газеті орналасқан биік үйдің орнында болатын. Қасында Панфилов паркі тиіп тұр. Таяқ тастам жерде көк базар. Еуропалық мәдениеттен нәр алып өскен, төлқұжатына «еврей» деген өз ұлтын жасырмай жаздырған, ал еврей келіншегі төлқұжатқа өтініп жүріп «орыс» етіп жаздырып алған; қиыр терістікте ақ түтін астында есейген зиялы жұбайлар үшін сол кездегі астанада осыдан жайлы орын табу қиын еді. Мұның бәрін Евгений-екең «Дүйім дүлділдер» деп аталатын толық нұсқасы журналда жақында жарық көрген естелігінде егжей-тегжейлі назар құлатады. Сол естелікте өнер адамдары туралы аса құнды дерек бар. Жоғарыда айтқан үш өнерпаздың бірі – Әміре Қашаубаев. Әміре әнші туралы сазгер соншама жылы, іштарта сөйлейді.

«Жетісу» мейманханасында менімен көршілес қарсы беттегі 39 бөлмеде қазақ журналисі «Қадыр Тайшықов тұратын» деп жазады Евгений-екең естелігінде. Ол өзі ашуланшақ, мінезі қызық адам еді. Сабалап домбыра тартатын дейді. Ән айтуды жақсы көретін, тіптен сол кезде Алматыда құрылған қазақтың атты әскер полкінің маршына сөз де жазған кісі. Бұл әнді мен кейіннен «Жалбырда» пайдаландым. Тайшықовқа Әміре қонаққа келуді жақсы көретін. Алғашында олар сазбен гүрілдетіп әндетіп ап, кейіннен сылқия ішетін. Сонан кейін Әміре міндетті түрде маған келетін. Үлкен, кең тігілген пиджагі өзі де аласа пәстеу көрінетін тұлғасын одан сайын сөлбірейтіп көрсететін. Келген сайын ол өзінің фамилиясы мен атын атайды, осының өзі де ол үшін жеткілікті еді. Мол пішімді пиджагінің ішкі қалтасынан көпестер ұстайтын үлкен әмиянын суырады. Әмиянының ішінде ақша болмайтын. Онда газет қиындылары мен суреттер сықап тұратын. Әміре Майндағы Франк-Фурт қаласында, Әміре Страсбургте, Әміре Парижде. «Міне, мен осы қалаларда болғанмын, міне, мен сол қалаларда ән салғанмын. Мына жерде де ән салғанмын». Суреттерден шапан киіп тұрған Әмірені, қолына домбыра ұстаған Әмірені көресің. Басында қазақы бөрік. Бұл қашан болған, 1925 жылы ма, әлде одан бұрын ба. Шығыс даласының өкілі өз отаны жайлы ән шырқап жүр. Оның жойқын күшті, мөлдір үнді даусы бар. Осынау романс әндердің әуені қандай жанға жайлы, әсерлі, олардың сазы да алабөтен әлем емес пе. Бұл күнде жиі ұстағаннан түтеленіп кеткен газет қиындылары мен қолдың майы жұғып күреңіте түскен суреттерден осыны ұғамыз. Осынау бір Еуропаны шарлаған саяхат әлдеқайда ертеде сонау ХІХ ғасырда болғандай көрініп кетеді көзіме. Ал шынында бұл осы жуырда ғана болған ғой. «Мынау, міне, жақында болған, анау әне ертеде болған деп ән сөзінде айтылатындай-ақ».

«Ал сол тенор дауысты атақты әнші қайда? Соның өзі осы екені рас па» деп жазады естелікте Евгений-екең. Париж бен Страсбургтің сахналарында жарық жұлдыздай жар етіп көрінген Әміре Қашаубаев сенің алдыңда тұрған. Көзі қанталап мөлиген, денесіне тер сіңген, даусы қарлыққан, еңсесі пәс адам сол Әміре Қашаубаев па,– деп Евгений Брусиловский мұңға толы естелігін әрі жалғайды.

Өркениетке жанаса кеткен Әміре арақ ішуге бой алдырыпты.

Бірақ ол белгісі жоқ, менің бөлмеме келіп тұр, бүкіл тұла бойынан арақ иісі аңқиды. Әлі де болса маған бірдеңені дәлелдемек болады. Рояльға сүйеніп алып, сол баяғыша «Ардақты» шырқамақшы. Бірақ алғашқы әу дегеннен-ақ даусы жетпей, сүрінеді. Оған қарамастан «Ардақ» деп ышқынады. Ентіккен демін алмастырып әрі қарай созбақ болады, «сен ақ қоян» деп даусы барлыға күбірлеп кетеді де, көзіне жас іркіледі. Көпе-көрнеу жылап тұр. Бірақ бұл мастықтың әсерінен төгілген көз жасы емес еді. Жоғалған, алданған өмірдің ащы солығы еді. Есектің күші адал, еті арам. Қазір даусынан айрылған шағында оның кездесіп, бас қосатын адамы да шамалы, оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ, өзінің жалғызсырап қалғанына қатты қамығады ол. Әміре өзінің барлық құжаттарын қайтадан жинап, қағаз қалтасына салып алады да, әлдебір түсініксіз күңкіл сөздер айта күбірлеп, қайтадан Тайшықовқа кетеді деп жазады естелігінде Евгений Брусиловский. Ащы да болса шындығымен құнды естелікті жайбарақат жауып қоя салу қиын.

Қолымызда Әміренің көзі тірісінде түскен жалғыз суреті бар. Суретке әйгілі әнші 1926 жылы Қызылорда қаласында түскен. Өзі түрегеліп тұр, сол жағына қойылған орындықта сүйкімді зайыбы Оразке отыр. Әйел орамалын иығынан асырып бос төгілдіре салған. Мойылдай қара шашын маңдайынан жарып артына қарай жатқыза тарап, бұрым ғып өрген. Әміре еуропаша костюм киіп, ақ жағалы көйлегіне галустук таққан. Шашын суретке түсердің алдында ғана ұстарамен қырғызған секілді. Маяковскийдің Америка сапарында түскен суреті секілді әрі ерекше, әрі сұсты, салқын.

Естелік иесінің суреттеп отырған кезеңі 33 жылдың аяғы мен 34 жылдың басы. Зор қуатты, мөлдір бұлақтай, табиғаты бөлекше дауыс бұл кезде көзі бітеліп сап-сап тынып жұтыла бастаған. Өмір – соққан жел. Сол желдің азынаған өтінде қалған, ұлы дүбірдің еміс-еміс сарынына айналған үлкен дарын, мінекей, отызыншы жылдардың ортасында өксікті солығын баса алмай, шындап ұйып тыңдар құлақ таппай, қонақ бөлмелелерін аралап, ащы шерін ішкілікпен басамын ба, біразырақ ұмытамын ба деп жүргендегі тағдыры әлгі. Даусынан айрылған әнші – қанаты қырқылған құс. Ешкімге қажетсіз сұлба суретке айналған.

Әміренің ақыры қандай болды деген сауал көптен көкейімде жүрген. Сол сауалға жауап табылды. Естелік айтушы. Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жылдар Аякөз қалалық кеңесінің төрағасы болған, осы күнде зейнет иесі Ахмадиұлы Өміртай есімді кісі. «Әміре аса дарынды еді ғой, көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, ақыры тым аянышты»,– деп бастады сөзін Өмекең 1994 жылғы сәуірде. «Несіне жасырайын, бұл естелікті уағында Әміренің жан досы болған, ірі экономист, қаржыгер, республикаға белгілі Әлин Ешмұхамед аға айтып берген. Әлин 52 жылы бір топ қазақ зиялыларымен бірге қуғынға ұшырады, жер аударылды. Ақталғаннан кейін біраз жыл Семей облыстық банк кеңсесінің бөлім меңгерушісі, кейіннен төрағасы болып қызмет атқарды.

Өмекең көрген-білгенін тәпіштей баяндап ұзақ отырды: Ешмұхаммед ағамыз – дейді Өмекең, – Алматыға көшіп келіп зейнетте жүріп қайтыс болды. Ол кісі әңгіме айтқанда жанары шоқтай жанып, қалшылдап, әлдекіммен қатты ұрысып отырғандай кейіпке түсуші еді. «Әміремен қазан-аяғымыз араласып, жиі қатысып тұрдық,– деді ағамыз.– Әншінің зайыбы Оразке сопақша жүзді, қыр мұрынды әдемі келіншек еді, күтімсіздіктен бе, әлде науқастан ба, кейінгі кезде жүндей түтіліп, иығы түсіп тез қартайып кетті. Жұбайының ішіп жүргеніне жаны күйзелетін, мұңын шағып көз жасын жиі-жиі сығып алатын, әйтсе де қазақы момын мінезді келіншек айрықша қатты мінез көрсетіп, кесекөлденең тұрып күйеуінің ішкенін қойғыза алмады. Әміре досым өз отына өзі күйгендей қалыпта жүріп тіршілігін көңілсіз аяқтады дейді Ешмұхамед ағамыз.

34 жылдың қысы аса қатты аязды болып Алматы халқын бүрістіріп әкетті. Отынды қанша үйіп жақсақ та үй сәл жылиды да артынша азынап кетеді. Бір күні түн ішінде үйге Әміре келді дейді Ешмұхамед ағамыз. Аздап ішіп алған, масаң, жоғары лауазымда отырған адамдар ескермеді, елемеді, басыма қарайтып баспана бермеді, қызметке кіргізбеді... өстіп бұралқы иттей қаңғып жүріп қашанғы шыдаймын деп біраз бұрқылдады. Шай үстінде аздап ішті. Түн ортасы ауып қалған. «Орыс маржасының пәтерін жалдап тұрамын, үйге қайтамын»,– деп біраздасын тәлтіректеп көтерілді. Әйелім: «Бір жерде құлап қалар, шығарып салайық»,– деді. Бізде сол арада киініп, тіркесіп-ұшқасып сыртқа шықтық, аяқ асты шыны басқандай аяздан шытырлап кетіпті. Әмірені тұратын пәтеріне дейін әкеліп салып, қорасына енгізіп жібердік те кері бұрылдық.

Бізде бөтен ой жоқ.

Асты қыш, үсті ағаштан қиып салынған екі қабатты еңселі үйдің үстіңгі қабатында тұратынбыз. Келе сап жатып қалғанбыз. Ертесіне... шулаған дауыс... жоғарылы-төмен жүгірген аяқ дыбысынан оянып сыртқа шықтық. Көршілер үдеріп жүр, бірер қызыл жағалылар жиналып келіпті. Не болды деп сұрасақ: әлдекім екінші қабатқа көтеретін ағаш басқыштың астына құлап, аяздан сіресіп, ағаш боп қатып қалыпты. Жүгіріп барып бетін ашып жіберіп Әмірені таныдым, ет жүрегім тілініп кеткендей сезілді.

Қызыл жағалылар басқыш жанын, қарға түскен ізді, өлікті үңіле қарап жүріп төмендегіше қорытындыға келді: Әміре үйіне енбей, неге екені беймәлім, ізбе-із бұрылып кері қайтқан. Ешмұхамедтің соңынан ілбіп ілесіп отырған, дауыстауға шамасы болмаған. Тұра алмаған. Қар үстінде ұйықтап қалған. Түнгі аяз бойын қармап, жүрегін мұздатып, мәңгіге көз жұмыпты».

Өміртай ағамыздың күнделікке түскен естелігі осы.

Ашық қоңыр үнді тенор дауыстың бұлбұлы, торсық шеке, нәркес жанар, жан баласын ренжітіп көрмеген, жүрек айнасы таза тума дарын Әміренің өмірінің ақыры өзі сан қайталап айтатын шерлі әнге соншама ұқсас.

Ойды ой қозғайды. Неге ішті, қалай баспанасыз жүрді, өзін-өзі қалайша бағалай білмеді деген сауалдарға жауап іздеудің қажеті шамалы. Өнбес дауды өнімсіз жан қозғайды дегендей болады да шығады. Ең төтесі – Әміре мен Евгений Брусиловский тағдырын ойша салыстыра кетелік. Екеуі де сазгер, жасы шамалас, замандас. Табиғи дарыны да бір деңгейлес болуы ғажап емес. Әміре отызыншы жылдардың басында баспанасыз, ақшасыз, жұмыссыз тозып жүреді, іш сарайына тірек іздеп қонақ үйлерді аралайды. Евгений-екең отбасына үй тимесе де, жайлы, жылы қонақ үйінің люкс бөлмесін иемденіп тұрған, кірін, еденін жуатын, асын пісіретін қызметшілері бар, отыр да жаз, күйіңді келтір, бойыңды күт, одан басқа қойылар талап әзірге жоқ... Бар гәп,бар айырмашылық: Евгений-екең өркениет игілігін бірер ғасыр бұрын көрген ұлттың өкілі, Әміре өркениет алдында сәмбі талдай иілгіш, әрі иланғыш. Евгений-екең өркениеттің ащы уына бой алдырмай, әуелгі кезекте алқызыл алмаға, уылжып піскен өрікке қол созады; Әміре болса өркениеттің удай ащы арағына алданады, елп еткіш, иланғыш көңіл күйімен тіршілік кешеді. Бар гәп осында.



Жапондарда Иасунари Кавабата есімді жазушы болған. Сол кісі таза жапондық ойлау жүйесімен ғажайып шығармалар жазған, әйтсе де алпысқа жеткенше аралдан басқа жерге аты шықпапты, зиялы жапондар аты-жөнін білмепті. Сол Иасунари алпыстан асқанда: «Қаншама ғажайып шығармалар жазсам да атым аралдан әрі аспады, аз ұлттың кемеңгері болғанша көп ұлттың етікшісі болған әлдеқайда бақытты екен, ә» – деп өксіп-өксіп жылаған екен. Сөйтіп бұрышта еңіреп отырғанда тәржімашы шағын әңгімесін ағылшыншаға аударып Америка журналына басқызыпты. Сол әңгімеден әлгі кісінің аты дүркіреп шығып, шығармалары өркениетті елдер тіліне аударылып, екі-үш жылдан кейін Нобель сыйлығын алыпты. Аз халықтың бағалауы баянсыз, жоқтауы әлсіз. Қаншама жыласа да қасиетті сөзі өркениетті елдердің құлағына жетпей ұмытылады.

Тым әріге бармай-ақ Иван Бунин қара сөз кестесін, Иосиф Бродский өлеңдерін алайық, бұл дарындардың шығармалары ең әуелі халқының көптігінен еленді: Бунин қызыл төңкеріске қасарысып ғайбат сөздер айтса да ұлы өркениеттен нәр алған орыс оқырманы сиқыр тілді қаламгерін көп кешіктірмей ақтап алды, жылымыққа жеткізбей-ақ том-том кітаптарын шығарды. Бродский таңғажайып еркін ойлы өлеңдерін Манхэттен-Чейз ғимаратының төбесіндегі бес бөлмелі мекен-жайында хұрма сөлін ішіп, шалқып жатып жазса-дағы – ағылшын тілінде емес, орыс тілінде ұйқас іздеп әлек. Өйткені оның жоқтаушысы – миллиондаған оқырманы мол орыс тілді халық. Содан ол ерке, содан ол еркін. Ал сол Бродскийге, Бунинге парапар дарындар Мағжан ақын мен Жүсіпбек жазушының шығармаларын Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірінің көп оқырманы білмейді, орыс тілді қауымы олар туралы тас керең мылқау. Сонда алпыстан асқанда аты шықпаған Иасунари шал жыламағанда кім жылайды. Мағжан тірі болғанда «оқырманым таусылып барады» деп жыламасына кім кепіл. Аздың азабы көп, көптің кеудесі биік. Енді бізге өркениеттің сөлін ішіп шолжаңдап жату қайда, ащы уын жұтудан аулақ болсақ қанекей!



Өркениет дегеннен шығады. Жоғарыда айтқан ошақтың бірінші бұты – Әміре туралы әңгіме тамам. Енді екінші бұты – Пушкин туралы бірер мысал сөз айталық. Пушкинді орыс оқырманы пайғамбарға теңейді, балаларының тілін ақын өлеңімен ашады, қабірлерінің басына ақын сөзінен үзік алып жазады, тәуратша табынады. Пушкин заманында қуғын-сүргін көрді, махаббаттан жолы болмады, қаһарлы патша ағзам, «ә, сені ме» деп қырына алды десек те: тағы сол өркениетке тәнті болар ғажайып оқиға төмендегіше. Ақын «декабристермен мұңдас, сырлас болып» сенімсіздікке ұшырап, жер аумаса да жер ауғандай болып, абақтыға жабылмаса да жабылғандай хал кешіп жүдеп жүргенде патша ағзам Николай І Пушкинді арнайы шақырып қабылдайды. Қысқы сарайдың алтын залында өткен әңгіменің ұзын-ырға мазмұны төмендегіше.

– Алақұйын мінезіңді ұнатпасам да тамаша дарыныңа тәнтімін.

– Мінез де, дарын да бір жаратқан иеден,– дейді Пушкин.

– Сенаттың ғажайып архив қорын пайдалануға рұқсат етемін, отбасыңа мол жететін зейнетақы тағайындаймын, үй беремін, Санкт-Петербургке көшіп кел,– дейді патша ағзам.

– Мұның бәрі қай ісімнің қарызына саналмақ?

– Кемеліңе келдің, ел аузында есімің, Ұлы Петр туралы тарихи көркем кітап жаз.

– Баяғының бәрі кешіріле ме сонда?

– Кешіріледі.

– Ғажайып архив қоры, мол зейнетақы, астанадағы баспана, бәрі-бәрі сол жазатын кітаптың жолына тігіледі ме, патша ағзам.

– Иә, сол ұлы Петр туралы кітабыңның бодауына берілетін сыйақымыз сол.

Мына сөз Пушкинге көктегі арманы жерге түсіп, алдына келіп, мойнына оратылған ғажайып орамалдай сыйпатқа енеді, қанаттанып кетеді, келісімін береді. Шабытына шабыт қосылып арқаланып шыға келеді. Бұл туралы австрия елшісі граф Фикельмон өз ағзамы Меттернихке қызыға әрі қызғана жазады. «Құдай-ау, не деген кең пейілділік! Патша ағзам ақынға астанаға көшіп кел, ұлы Петр туралы кітап жаз, алдыңа император архивін ашып қоямын деді», – деп тәптіштей жазады. «Бізге осындай жағдай жасаса ғой, бір кітап емес, он кітап жазып берер едік». Неаполитанның Ресейдегі елшісі князь Бутер 1837 жылдың басында өз ағзамына хатпен төгілдіреді. «Осыдан үш жыл бұрын ұлы Петр туралы кітап жаз деп ақынға мемлекет есебінен жылына 6 мың сом жалақы белгіленді, ал ақын болса аз уақыттың ішінде аса құнды құжаттар жинап үлгерді»,– дейді. Швед-норвег елшісі Густав Нордин ақын жекпе-жектен оқыс опат болған кезде; «Әттең енді бірер жылда «Петр тарихын» бітіріп қолға ұстататын еді»,– деп өкініштен өзегі өртене жазады. Пушкин аса еңбекқор, төзімді болатын. Бастаған ісін қашан аяқтағанша өзін де, маңайындағы өзгені де өртеп күл ғып жіберердей жан жалынымен жазатын. Патша ағзам ақынның дүлей мінезіне сенген еді. Дарынын сыйлағаны болар бәлкім.

Пушкин бұрын-соңды ешкімнің қолына тимеген мұрағат құжаттарына бойлап енген сайын дүниені ұмытып жазуға белшеден батады. Ой үстіне ой дестеленіп түседі.Жазып үлгермеген әдемі жолдар бірінің үстіне бірі мінгеседі. Шимай үстіне түзетілген сөйлем тізбектеледі. Әуел баста тарихи шығарма шежірешілдік нобайында басталса-дағы уақыт өте, толыға келе – келісті көркем шығарманың реңкіне көшеді. Сол дәуірдің ойы мен қиялының көркем кестесіне айналуға бет алады. Жыл өте 31 дәптер қолжазба әзір болады. Не деген ғаламат еңбекқорлық, шабыт көзінің ашылуы десеңші.

Пушкин 37 жылдың басында жекпе-жек атыстан оққа ұшты деген хабарды естігенде патша ағзам ұшып тұрып:

– Әттеген-ай! Жазып жүрген қолжазбасына сақ болыңдаршы, жоғалып кетпесінші! – депті.

Ақынды жерлеу, жаназасын шығару аяқтала салып патша ағзам белгілі цензор Сербиновичті алдына келтіреді.

– Қолжазбаны мұқият оқып шығыңыз, бір беті де жоғалмасын, артық айтқан, кем түскен тұстарын қолма-қол өзге дәптерге көшіріп шығыңыз. Келешегі кітап етіп басып шығаруға әзірлеңіз!

Өркениеттің белгісі деп осыны айт. Бізде болса: не ғажайып дарын иесін кеңсайға апарып мәйіттің бетін жабысымен сен көр, мен көр ұмытар едік, қолжазба түгілі басын қарайтуға құлқымыз болмас еді. Артыңда қадір түсінер ағзамың жоқ деген сол.

Сербинович патша ағзамның пәрменін орындап, ақын үйінен 31 дәптерді түгел алғызып, үңіліп отырып аса мұқият оқып шығады. 31 дәптерді түгел сүзіп, солардың 49 тұсына сұрау белгісін қойып: я осы тұстар мүлде алынып тасталсын, я шамалап өзгеріске түссін деп тұжырымды пікір жазады. Пікірін патша ағзамға оқып береді. Патшаның қолжазбадан басқа мемлекеттік шаруасы шаш етектен; түрікпен соғыс итырғылжың аяқталып бітпейді, қазақ сахарасында Кенесары Қасымов бастаған бүлік бүйірді бүлк-бүлк түртеді, кавказ халқы да «орысқа бодан болмаймыз» деп бөріктері шошайып үдере шуласады; бір жағын жөндесең екінші жағы жарға құлардай қисайған бұл неғылған ит тіршілік деседі ағзам. 31 дәптер патша ағзамның кеңсесі мен цензор Сербинович алдына әлденеше мәрте көшеді. Түпнұсқа тозып, шеттері жыртылып, сарғая бастайды. Көгілдір дәптер уақыт өткен сайын ұсқынсыз күйге енеді. Патша ағзам өледі, артынша Сербинович дүниеден өтеді. Зиялы қауымның санасы сергек сауатты адамдары аз болған ба. Бірінің орнын бірі басып дегендей, «Петр тарихын» сәл өңдеумен баспаға әзірлейді. Уақытша кітап шығынын көтеретін баспагер табылмай қолжазба төрт жыл өте ақынның жесіріне қайтарылған ғой. «Кітап қып шығаратын баспагер табылғанша тұра тұрсын»,– дейді. Ақын жесірі Наталья Николаевна кітап басу шығынын көтеретін кісі іздеп бірер баспагердің алдынан өтеді.

Атты әскер полкінің мұртты командирі Ланскойға тұрмысқа шығады. Қолжазба тағдырын естен шығарып, жаңа отбасының күйіп-жанған шаруасымен, көші-қонмен жүріп алтын уақытты өткізіп алғаны өкінішті-ақ.

Арада он жыл өте Наталья Николаевна әлгі 31 дәптерді ақынның академиялық толық шығармалар жинағын шығаруға әзірлікті бастаған П.В. Анненковке апарып береді. Анненков бұл жолы айрықша біліктілік таныта алмайды. Шығарманың ішінен Петербургтің салына бастаған тұсы мен Петр біріншінің өлімі суреттелетін тарауды үзіп алып, өңгесі «үлкен шығарманың әзірлік үстіндегі мазмұндамасы, қара жұмысы, оқырманға қызық емес» деп академиялық басылымға қоспай қояды. Әйтсе де елеуге тұрарлық азаматтық шаруа тындырады. Баяғы цензор сызып тастаған тұстарды арнайы көшірмеші жалдап, бірнеше күн отырғызып жеке дәптерге көшіртеді. Оны бөлек сақтайды. Қолжазбаны ақынның жесіріне қайырып береді. Жесір әйелдің екінші күйеуі Ланской атты әскер полкін үйретіп ат үстінде селкілдеген біреу. Полк қайда көшсе – соның соңынан салпақтап ілесетін ауруы тағы бар Мәскеу маңында казармадан казармаға ырғалып жүріпті. Полк орналасқан мекен-жайдың подвалына түскен әлгі дәптерлер мүлде ұмытылады. Оны ескеріп, іздеу салған тірі жан болмайды. Ақын жесірі де дүниеден өтеді. Қолжазбаның ізіне ешкім түспеді. Иесі өлгеніне сексен жылдай зымырап өтіпті. «Табылар-ау» деп жақын жұрағаттары еш үміттенбейді. Пушкиннің үрім бұтағы қолжазбаны мәңгіге жоғалдыға санап, күдер үзіп, былайғы басылымдарға Анненковтың екі үзіндісін ғана тықпалап әуре. Осыған да шүкіршілік десіп зерттеушілер шаршаулы.

Мәскеу губернесі... ақынның үлкен ұлының туысқанының иелігі саналатын Лопасни қыстауы... 1917 жылдың жазы... Лопасниде тұрып жатқан Наталья Николаевнаның жиені – Наталья Ивановна Гончарова қыстауды ерігіп аралып жүреді. Сарайға жапсарлас ауыз үйдегі торғайлардың торын көреді. Әлгі тор ішіне төселген шимайы ерекше парақтарға көзі түседі. «Бұл парақтар қайдан шыққан»,– деп, алып, үңіледі. Құс саңғырығын сілкіп төгеді. Жазулары баяғы ақын бабасының көзге ыстық шатпағына ұқсайды. Аяғын санап басып подвалға, қаракөлеңке қоймаға түседі. Қойманың шаң басқан бұрышында сынған жәшік үюлі жататын.Сол жәшікте шетн тышқан жеген, сарғайған, жыртылған дәптерлер шығады. Таң қалады. Жалма-жан әлгі қағаздарды жинастыра бастайды. «Петр тарихымен» қоса ақынның өз қолымен жазған отбасылық, әрі шаруашылық есеп қағаздары табылады. Дәптердің біраз бетін Лопасн иелігін қарайтын сауатсыз кемпір уағында шетінен жыртып нан, май орауға пайдаланып жүріпті. Кітапхана, мұрағат шаңының арасында ақынның көз майын сарқып, нешеме күндер жанын жеп жазған ғаламат ғажайып қолжазбасы торғайларға төсеніш, тышқандарға жем болып жойылуға бет алған. Ласталған, жазулары өше бастаған.

Пушкиннің 1937-49 жылдар аралығында шығармаларының 16 томдық академиялық толық жинағы жарық көргені мәлім. «Петр тарихының» төрттен үш бөлігі, бұрынғы патша ағзам цензорларының үстінен сызып тастаған тұстары қайта қалпына түсіп, ақын қолымен жазылған 31 дәптердің 22 дәптері «тірілгендей болып» 1938 жылы жарық көрген оныншы томға енгізілді. Арада жүз жыл өте зағип қолжазба оқырманның қолына тиді.

Орыс ойшылы Бердяев айтқан сөз бар: жаратқан ие өз дегенін аса дарынды ақындардың аузымен, соқпа-соқпа айтқан сөзмен сездіреді. Жан-жаратқан иенің аманаты. Сол аманатты түп иесіне қайта тапсырар кезді ойшылдар көп зерттеген. Қайта тапсырар мезгілді Абай өз өлеңінде «ант мезгіл» деп атайды. Сол ант мезгілді ұстаз төмендегіше сипаттап келтіреді. «Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек... мен де бенде, амалсыз көнсем керек. Қызығы зор қайран дос, қайран тату, сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек!..» Ұстаздың дәл осындай біраз асыл өлеңдері көшірушінің салақтығынан жоғалып кеткен, я сол заманда «оқып, жаттайыншы» деген кісілердің қалтасында құрт, ірімшікпен қосыла жүріп іріп, тозып, кейінгі ұрпаққа жетпеген. Әсіресе ақын өмірінің соңғы кезінде жазған өлеңдерінің көбі сақталмағанын ұлы Мұхаң «аһ» ұрып өкіне жазады. Жасыратын не бар дейді зерттеуші, ақын өлеңдерінің бас көшірмешісі Мүрсейіттің қаламына түспеген өлеңдер я өзге кісінің шығарғаны болып, я мүлде жоғалып ізі табылмай жүр. Кейінгі жылдары «Мәди қолжазбасы», «Сүлеймен қолжазбасы», «Оразке қолжазбасы» деген дерекпен бізге жеткен өлеңдер әлі ақын жинағынан тиесілі орын ала алмай жүргені батады. «Бітпес іске туыппыз, жаспен көзді жуыппыз» деген жолдарды жазған ақын базбір өлеңінің кейінгі тағдырын сәуегейше болжап білгендей ме. «Ердің еш боп еңбегі, шығар жанның жоқтығы» өзіне қаратып айтылған ащы шер, шынайы эллегия. Осылайша еш болып кеткен, бітпейтін істей ұшы-қиыры жоқ мардымсыз халді айта-айта... артына қарай-қарай... енді қашан келер ұрпақтың көңілінен шығарын, көзіне түсерін білмей «ант мезгілге» аттанған Абай сол.

Орыс өлеңінің майталман шебері Пушкиннің іздеушісі мықты, жоқтаушысы ұлағатты. «Онегинді» бітіріп мұңға батқан ақын: «Миг вожделенный настал, окончен мой труд многолетний... Что ж непонятная грусть тайно тревожит меня?.. Или жаль мне труда молчаливого спутника ночи...» деп көп жылғы серігінен, сырласынан айрылғандай болып, қалың ойға шомып, артына қадала көз сап үңіле ойланып отырып қалады. Мұңымды сезінер, іздер адам бар ма дейтіндей ғой. «Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер... арттағыға бір белгі қойса нетер» деп қарайлаған Абай кімді, нені қимай соңына соншама жалтақтап әуре. «И славен буду я, доколь в подлунном мире, жив будет хоть один пиит» деген Пушкин көңілінің тоқтығы, арттағыға сеніммен қарауы тағы да іздеушісіне. Жоқтаушысына сенгендігінен, жүрек айнасының раушан ашық райынан... «Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім, жібермей, көп тоқтатар оның көзін, жолаушы жол үстінде тамаша еткен, сықылды өткен жанның бір күмбезін». Жол үстіндегі жетім күмбездей сезінеді кейінгі күнін Абай. Әйтеуір жоқтан, бұдырсыз өткеннен тәуір, жолаушының көзін тоқтатар, соңына қарайлатар бәлкім деп үміттенеді. 1976 жылы Абайдың екі томдық толық жинағы баспаға әзірленіп жатқанкезде ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, домаланған толық кісі, сөзінің дәмін алып, кәмпит талмаған адамша тамсанып тұрып тілдесетін Ысқақ Дүйсенбаевпен әңгімелескем. «Абаймен басымның ауырғаны сонша – басымда қылтанақ қалмады, әсіресе аудармаларын аударма дейміз бе, әлде вариация дейміз бе, осы жағынан бір тоқтамға келгенше, әй, өкситін болар... Жиналыс іздеп, кітапхана жағалап өздерің не ғып ерігіп жүрсіңдер!»– деп түсін суытты. Қалжыңы қатты ұрысқа бергісіз. Баяғының жау іздеген батыры секілді бір сөзді, бірмойын кісі еді. Академияның өмірі түгесіліп бітпейтін дау-жанжалына теңізге түскендй малтып жүріпр әуелі даусын жұтты. Сосын жүрегін әлсіретті. Ұлы ұстазы туралы көп сырды көріне қоса әкетті жарықтық.

Енді ошақтың үшінші бұты – үшінші өнер адамын тілге тиек етелік. Өркениеттің игі әсері – соққан желдей жартылай жетіп, жартылай жетпей, өмірден оқыс өткен қаламгер аға туралы азғана естелік болсын. Есенберлиннің қол астында баспада үш жарым жылдай қызмет істедім. Тарихи тақырыпқа қатар қалам тербегесін бе, айлас қатын мұңдас деп, әлде жазуға деген ақ көз ұмтылысым ұнады ма, өзімді бауырына тарта жүрді. Ұшырасқан сайын жылы сөз айтатын. «Байқамай» өте шыққан кезі кем-ақ. Есенберлин туралы ғұмырнамалық қолжазбада бұл туралы егжей-тегжейлі жазылған. Осынау әңгімеде қаламгер ағаның көз жұмар алдындағы бір үзік сыры мен мұңы ғана баян болмақ.

83 жыл, қазан айының басы болар. Министрлер Кабинетінің билігіне қарайтын ауруханада, бауыр, асқазан аурулары бөлімінде жатқанмын. Ертеңді-кеш ем аламын. «Жүрегі қысып Есенберлин ауруханаға түсіпті, реномацияда екен» деген сөзді құлағым шалды. Әдетте реномация бөліміне бөтен кісіні, көңіл сұраушыны жібермейді. Кешқұрым ебін тауып мысық табандап қаламгер жатқан бірінші қабаттағы палатаға бас сұққан едім.

Екі кісілік бөлмеде жалғыз өзі, селдір ақ шашы самайынан төгіліп, жағы суалып, жанарын тарса жұмып, бұ дүниеден күдер үзгендей болып жатыр екен. Дыбыс болсын деп жөткіріндім. «Ілеке»,– дедім. Көзін ашып алды. Томашадай орта бойлы кісі мүлдем кішірейіп, азайып кеткендей. Сәл-пәл аңырып жатты да тілге келді, еріні жыбыр етті. «Бауыр ауруының есебінде тұрушы едім, бұл жолғы қатер жүректен жетті»,– деді күбір арарлас үнмен. «жаның қиналғанда дүние көз алдыңа дөңгеленіп бір уыс боп кетеді екен. Алдағы жылы жетпіс жылдық тойым ғой»,– деп бас жағындағы жарықты шырт еткізіп жақты. Ымдаған өтінішін орындап жастығын биіктетіп, демеп, басын көтердім, қатарына тізе бүктім.

Біраздасын барып тілге келді: «Алтын орданың» орысшасы, «Мұхиттан өткен қайықтың» қазақшасы басылып шықсын деп аттамаған табалдырығым қалмады, өзің істейтін Баспа комитетіне күнара бас сұғам... өлдің Қонай, қор болдың дегендей... менің титығыма жеткен көрейік... шешейік... талқылайық... деген сүйретпе сөз болды. Кеше ғана баспа директоры, одақтың екінші хатшысы болып істегенімде сөзімді сөйлеп, етегіме оралып, маңайымнан шықпайтын жораларымның бірі жоқ. Жолдас, дос деген қызметтің кірі екен. Өзімнің де құдай сүйер қылығым жоқ, қасарысқан пәлемін, дүниеде екі досым бар еді, бірінен өлідей, екіншісінен тірідей айрылып тындым...» Ілияс ағаның «өлідей» деп тұрғаны – Қапан Сатыбалдин, «тірідей» деп тұрғаны – Ісләм Жарылғапов еді; алдында ғана, одақтың партия жиналысында аудармашы Ісләм ағамыз аяқ астынан ерін бауырына алып мөңкіп тулап, «сен-ондайсың, бұндайсың» деп жұрт көзінше Ілияс ағаға біраз ғайбат сөз айтқан. Ашу үсті досының жүрегін тілмен тырнады. Небір мықты дарынды күнкөріс қамы құлдыратқаннан құлдыратып пенделік басқышқа түсіреді, пенделік басқыш кісіні еріксіз төмендетеді... Ісләм ағамыз баспадан он шақты жыл бұрын шартқа отырып алған аудармасын аяқтай алмай... қаламақысын жеп қойып... енді баспа қарызын қалай өтерін білмей жүреді. «Мені баспаға осынша кіріптар қылғанша – қолыңнан келіп, қонышыңнан басып тұрғанда әлгі қарыз қаламақыны списайт етпедің бе!» – деп Есенберлинге өкпе айтады-мыс. Сол өкпе, наз ұлғая келе қара қазандай болып тарс жарылған тұсы әлгі жиналыс үстіндегі сөз екенін кейінше білдік.

Аурухананың ақ төсегінде шалқасынан жатып, жүрегі шаршап, мүлде бәсеңдеп нашарлаған Ілияс аға самайы тершігендей сезіліп сөйледі. «Баяғыда жан-жануардың тілін білетін Сүлеймен пайғамбар байғыздан адамдар ұстап алса неге көзіңді жұмасың деп сұрапты ғой. Сонда байғыз: кісіге жасаған қиянаттың қиямет күні сұрауы болады, қиянат иесін иман таразы алдында қинап жауап алады, сонда өзімді қинаған адамды танып, оған куә болып, «өстіп жәбірлеп еді» деп жатпас үшін көзімді жұма қоямын депті ғой. Сол айтпақшы, құданың құдіреті, көзімді жұмсам болды – кешегі өзімді сынап мақала жазған... мысқылдаған... мазақ еткен... қолжазбамды баспай жоғалтып жіберген... үстімнен арыз жазған қарсыластарым, қаламдастарым қаумалап шыға келеді. Осы мен о дүниенің байғызы болмасам нетті...» Осыны айтып шаршаған кісідей талығып кетті.

«Неғып мөлиіп отырсыз мұнда» деп үні соншама суық шипагер жетті. Жылыстап шығып жөнелдім. Естуімше Ілияс аға осыдан тәулік бұрын, түнде, Отырар маңындағы бұрынғы құдасымен сөйлесіпті, арада әлде реніш, әлде ауыр сөз айтылыпты, біразға дейін тынши алмапты... Жүрегі ұстапты. Шағын инфарк алып ауруханаға түсіпті. Өмір – күрес, әсіресе еңбекқор адамның тіршілігі, құдай басқа салмасын дейтіндей – естіген кісі шошитындай алыс, жұлыс, айтыспен өтеді. Сәл табысың қызғаншақ жауларды көбейтеді, пәске қателесіп шалыс басқаның сөз іздеген жұртты шулыған жасайды. Биікке шыққан кісінің ылдитөмен түсуі қиын. Жыл сайын бір роман жазып, онысы басылып шыққан заматында ел-елден хаттар алып, әрі тасып қуанған, әрі «осыншаның бәрін қалай жаза береді», «әйелі де, баласы да қосыла жаза ма, қалай» деп өртше қаулаған өсекке жем болған адамды шаршатар мың бір түрлі себеп бар. Архивтерді ақтарып, шаңын жұтып отырып, түнді күнге, күнді түнге ұластырып жазып, сол жазғандары қазағының кәдесіне аса ма, жоқ па – ойлай-ойлай миы қабынып шаршап, тырапай асып жазушы ағаның жатысы мынау. Біраздасын есін жиды ма, білейінші деп, қайта бас сұққам. «Бұл дүниенің ұйықтамайтын байғызы өзім болармын, сірә»,– деп ақырын ғана күбір етті. Еңкейе түсіп ерніне құлағымды төседім.

– «Алтын Орда» романының үш кітабы орысша аударылып ол тұр, «Мұхиттан өткен қайықтың» қашан жарық көрері белгісіз... аздап жүрек алқынғандай ма... келер жылы мерейтойым... елбасы қабылдасыншы деп екі айдың жүзі болды, қыр басындағы ақ үйге алаңдаймын... телефон соғам... жеделхат жіберем... маңайына жолатпады...

– Сылтауы не?

– Үлкен кісі мемлекеттік шаруадан қолы тимейді. Жазушы, әртіс, суретші, сазгер дегендер идеология хатшысына жолықсын деп телефонды лақтырды көмекшісі.

– Идеология хатшысы ше?

– Сектор меңгерушісіне жолықсын, қол тимейді, шетелдік делегаттарды қабылдаймын депті.

– Сектор меңгерушісіне кіре алдыңыз ба?

– Ол елбасынан өткен маңғаз болып шықты, жазушы, сызушы дегендер жұмыс істетпейді, өртеніп бара жатқан шаруасын нұсқаушыға айтсын депті. Нұсқаушы сөзімді жүре тыңдап, «кітапты жазсаңыз – өзіңіз үшін, қаламақы табу үшін жазасыз» деп кеудемнен қатты нұқығандай болып баспа комитетінің төрағасына сырғытты. Бармай-ақ біліп тұрмын: ол төраға сөзімді тыңдар-тыыңдамастан майлы қасықтай жылпылдап еш ұстатпайтын орынбасарына, я болмаса жарты сағатта сырбазсып ыңыранып жалғыз ауыз сөзді әзер айтатын өзіңежібереді».

Ол кездебаспа комитетінде істейтінмін, мені «мұқатып» жатқаны ағаның.

Мына сөзді есітіп отырып жерге кірердей болып ұяламын. Шіркін-ай деймін іштей күңіреніп. Жиырмасыншы ғасырдың аяғында көркем сөздің қадірі осыншалық түсер деп кім ойлаған. Өткен ғасырдың басында ғой Николай 1 патша ағзам өзіне «ә, сені ме» деп тісін қайрап жүрген тентек ақынды алдына келтіріп, айына 6 мың сом зейнетақы төлеп тұрамын, патшалық архивті еркіңше ақтар, жын-шайтаныңды шақыр, кітап жаз, деп тапсырыс берсе; бұл заманда, 20 ғасырдың аяғында ел басында отырған Үлкен кісі «көк тиынға пайдасы жоқ, қаптап кеткен неғылған жазушы!.. оларды қабылдап алтын уақытты текке өлтіргенше өлермен кәсіпкер, саудагер, пайдагер, жалгер секілді қалталы серкелерді қабылдағаным көп пайдалы деп ойласа... қайтеміз!..Ойдың ортайғаны, сөздіңқұнсызданғаны-дағы. Адамды хайуаннан бөлген сөз, адамнан пайғамбар туғызған тағы сол сөз, сөздің қасиеті астамшылықтыкөтермейді.

Талығып жатқан Ілияс ағаны шаршатпайын деп бөлмесінен шығып кеттім. Ертесіне, таң бозы біліне қайсар кісінің шаршаған жүрегі мәңгіге тыншыпты. Елбасының, нұсқаушының алды түкке қажетсіз енді. Таңғы сағат сегізде төрт тағанды арбаға салып, бетін ақ сейсеппен жауып, алды-артынан дәрігер бикелер итермелеп мәшинеге енгізіп, мұзханаға жөнелтіп жатқан мәйітті жоғарыдан, терезеден көріп тұрдым. Жүрегім жаншыла соқты. Кеше ғана байғыз жайлы, Елбасыға кіре алмағаны туралы айтқаны, бәлкім, ағаның ақырғы сөзі, ақырғы тілдесуі. Әр адамның өмірі бір-бір кітап.

Өзім білетін, өлеңдерін сүйіп оқыған, радиодан әнін тыңдаған үш өнер адамын тілге тиек еттім. Үшеуінің тағдыры үш басқа. Үшеуінің қайсысы қиямет күні байғызға айналып таразы басында отырары белгісіз. Кімнің қазаны қашан оттан түсерітағы неғайбіл. Пушкинді оққа байлаған – оттай ыстық қызбалығы, Әмірені ақпанның мұздай үскірік аязына сеспей қатырған өркениет алдындағы қорғансыз сенгіштігі, өзін-өзі қорғай алмауы, Есенберлинді жетпіске жеткізбей жүрек қабын жарған баяғы қазекемнің шенге, шекпенге қарап сөйлеп, пайдасыз кісіні маңына жолатпайтын құбылмалы мінезі. Жер үстіндегі байғыздардың кісі көрсе көзін жұматыны тегін болмас. Баяғы жапон жазушысы Кавабатаның «аздың үні шықпас» деп жылап отырғаны көз алдымнан кетпейді ғой, еш кетпейді.



author

Дүкенбай Досжан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...