Джорж Шеффилд. Көңілсіз оқиға

ӘДЕБИЕТ
1572
 - Ә, дәрігер ме едіңіз, - деді Август Пуквстл, өзі ұйықтап жатқанда келген еңгезердей кісіге төсегінен зорлана күліп, - текке әре болғансыз, маған жәрдеміңіз тимейді. Әйтсе де, осы тұрғаныңызды пайдаланып мына халге қалай жеткенімді сізге қысқаша баяндап берейін. Мен суретшімін. Сызбалалар мен кескіндемелер салу менің кәсібім...


 - Бірақ...
 - Менің өмірім сізді көк тиын да қызықтырмайды демексіз ғой, - деді Август сыздана күліп, - селік етпес, тасбауырдың сіз де бірі ме едіңіз. Соқтауылдай азаматтың қайтып тұрмастай боп төсекте бүк түсіп жатқаны сіздің бақайыңызға да кірмейтін болды ғой. Өлім ұйқысынан оят деп, сырттан доссыған біреудің көрсетуімен келгенсіз де, ал бұл үшін мен сізге сырқатым жайлы айтып берсем керек. Әмсе, қандай өмір сүргенімді естіп алмай, сырқаттың неден жабысқанын қалай білмексіз...
 - Бірақ...
 - Мені алақандарына сап мәпелеп өсірді, обалы кәнекей, ұзамай, бір жерден жарып шығатын бала екенім байқала басталды. Жеті жасқа шыққанда белгісіз бір мақұлықтың суретін салып жүлдеге ие болдым. Турасын айтсам, менің сондағы салмақ болғаным Лондон төбесінен батып бара жатқан күннің суреті болатын. Қуанғаннан естері шыққан ата-анам өмірі көрмеген қағаз-қарындаштың не алуанын алдыма үйіп салды! Тіпті, өсіп, ширай түссін деп атақты шеберлердің алдына да жіберді. Жиырма бір жасымда портретші ретінде жеке кәсібімді бастадым, сондай-ақ, өз бейнемнің он бір дана суретін салдым. Сірә, оларды ешкімнің де алғысы келмеген болар, қазір жұмыс бөлмеме кірсеңіз, өзім қайтып отыруға жазбаған, тұл болған орындығыма мұңлы көздерімен қадала қарап, қабырғада сол күйі ілулі тұр. Ө йткені бұл төсектен қайтып тұру маңдайыма жазылмаған...
 - Бірақ...
 - Суреттерін салдыруға келген кісі болса жоқ, өз суретімді салудан да әбден қажыдым. Құрып кеткір сол он бірінші суретті салып біткенімде, менің шыдым-төзімім де сонымен бірге түгесілген болар деп ойларсыз. Алайда, ең кіршіксіз сұлулықтың өзі де бара-бара адамды мезі етіп жібермей ме...
 - Бірақ...
 - Сіздің де сөзіңізден соның салқынын сезіп тұрғанымды айтайын! Тек аяқтауға мұрша беріңіз, содан соң, «бірағыңызды» қалағаныңызша айта беріңіз. Портрет салуды қойып, табиғат көрінісін салуға көштім. Ауланың артқы терезеден қарағандағы тоғыз суреті мен алдыңғы терезеден қарғандағы жеті суретін салдым. Ал делік, сол артқы терезеден қарағандағы тоғыз сурет пен алдыңғы терезеден қарағандағы жеті суретті сата алдым ба екен? Жоқ, әрине. Қалтамның түбі болса көріне бастады. Өзімді зорға деп жүріп көндіріп, өлген-тірілгеніме қарамай ақшаға сурет салмақ болдым. Сондағым газеттерге әжуә суреттер салу еді. Бірақ, торығу мен аштық меңдеген шарасыз адам өз ісін тергеп-тексергендей қай бір халі болушы еді...
 - Бірақ...
- Сіздің не айтпағыңызды білемін. Шынымен үлкен жүректі суретші болсам, мына қорлықты көргенше жарық дүниеге қолды бір-ақ сіліксем керек еді. Бірақ, бір үзім нан үшін ұлардай шулаған әйелім мен балаларымды қайда қоймақсыз, ал шындап келгенде, сол әйел-балаларым расымен бар болса сөйтпей тұрар ма еді?! Әлде, әйелім мен шиеттей балаларымның болмағаны үшін кінәлімін бе? Қалайда, әжуә суреттен күніне отыз-қырығын салып газеттерге жөнелтіп отырдым. Ұзамай жатып, ақшаға жанды жалдаудың анау айтқандай оңай шаруа емес екенін ұқтым. Мейлің, сен, мейлің сен бе, түскен соқыр жармақ кірісім болмады. Суреттерім айналып келіп өзімді табатын болды.
 - Бірақ...
 - Олар неге қайтып келді деп сұрайтын боларсыз. Соны өзім де білмеймін. Тіпті мысығым да көрсетіп, сынап көрдім. Бірнеше рет оның «күлгенде, мысық бүйірін таянып ап күлетіндей екен!» дегенін ет құлағыммен естідім. Соған көзімді жеткізе түспек боп, суреттерді қаз-қатар тізіп шықтым да, бір басынан мысықты алып жүрдім. Байқұс күлкіден сазарып қалды... соның шалығы болар, қайтып оңала алмады.
- Бірақ...
 - Күйім күн санап кете бастады. Енді жарнама қызметі үшін сурет салуыма тура келді. Киім-кешектің, фортепьянаның, шишалар мен қылымси күлген ұзын бойлы әйелдердің суретін салдым. Оларды ондап, жүздеп жіберіп отырдым. Ал соған алғаным: бірлі-жарлы құмыра мен киіз қиындылары ғана. Бәрінен, қылымси күлген әйелдің бейнесін аламын ғой деп көп үміттеніп ем, амал нешік, поштадан келмеген күйі жоғалып кетті...
Содан әрі тірлік күйбеңінен біржола тоқтап қалдым. Жүрегімді қасірет шеңбектей құладым да, қайтып тұрмастай болдым. Қолдан келер қайран жоқ, дәрігер, еш өнеріңіз жетіп мені құтқара алмайды. Осы төсекте сар тап болып қалу менің пешенеме жазылған...
- Бірақ, менің пешенеме сізді тұрғызу жазылған, - осылай деп, бейтаныс адам Август Пуквистлді көтеріп ап, еппен ғана кілемнің үстіне жатқыза қойды. – Себебі, мен мұнда төсекті алып кету үшін келдім. Жиһаз дүкеніненмін, төсектің ақшасы төленбеген. 

Ағылшын тілінен аударған: Нағыз Қапшықбай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...