Жамбыл облысының Талас ауданында туып, қазақ халқының ауыз және жазба әдебиетінің тарихында қалған е...
Мұхтар Мағауин. Сұраған Рахметұлы – қазіргі қазақ поэзиясындағы ең елеулі тұлғалардың бірі
Қазақтың белгілі қаламгері, адуынды ақын, тарихшы Сұраған Рахметұлы жуырда асқаралы 60 жасқа толды. «...Тұяғының ұшқыны ұланғайыр жалын боп, Қаламымның ұшында жалы өртенген Жылқылар!» деп өзінің ерекше үнін, ұлт жадынан жаралған ойлы өлеңімен оқырман қауымды тәнті еткен Сұраған Рахметұлының шығармашылық кеші 27 қараша күні, сағат 18.00-де Астана қаласындағы Жастар театрында өтпек. Осы мерейтойға орай ақынның поэзиясымен етене таныс елеулі тұлға, классик жазушы Мұхтар Мағауиннің ізгі лебізін ұсынамыз.
Менің жақсы көретін, бағасын таныған, сыйлас інім Сұраған Рахметұлы алпысқа келіпті. Асқарлы жас, өте ұзақ ғұмыр. Жиырма деп айтпайын, отыздан өтіп, қырыққа ілінген кейінгілер тұрғысынан қарағанда. Бір заманда бізде солай ойлап едік. Ал қазір... Сексенге тақаған қарлы биіктен көз салсам, алпыс – баланың жасы екен! Сонымен қатар, ақылгөй ағаның кемел кезеңі.
Шынында да, Сұраған – қазіргі заманғы қазақ поэзиясының алдыңғы қатарында тұрған танымал ақын екені күмән туғызбаса керек. Табиғи дарын ғана емес, ұтымды ізденіс, тынымсыз еңбек нәтижесі. Байыптап қарасам, жаңа бастаған жас талапкер Сұрағанның үлкен бір артықшылығы және кеміске айналуға мүмкін шетін жағыдайы болыпты.
Артықшылығы – Ежелгі Түрік мекені, бүгінгі Монғол ұлысында, баяғы Абай заманындағы, тұрмысы табиғи, тілі таза, мінез-құлқы нағыз ұлттық сипатты, уызы шайқалмаған қазақ ортасында туып, өсті және бір жола қалыптасты. Ықтимал кемшіндік – осы өзгеше ортадағы шалғай жағдаяттар натижесінде тоқырауға ұшырау, яғни, рухани өмірде, тыным, білім тарабында кешеуілдеп қалу қатері болатын. Алайда, Сұраған өзінің тәңір сыйлаған талабының арқасында, үлкен қазақ жұртындағы тұрғыластарынан кем түспей, тіпті, кей реттерде оза шауып, зор білікке жетті. Бұған бүгінгі Сұраған ақынның мазмұнды, ойлы ғана емес, тақырып тұрғысынан жан-жақты, құрылымы мен түр жағынан жаңалықты өлең-жырлар нақты куәлік береді. Қайталап айтайық Сұраған Рахметұлы – қазіргі қазақ поэзиясындағы ең елеулі тұлғалардың бірі. Сонымен қатар, алымды әдебиетші және білікті тарихшы ретінде де жоғары бағаға лайық.
Тек Сұраған ғана емес, бүгінгі Монғол ұлысында, Қытай мемлекетінде жасап жатқан ана тілді қаламгер атаулы – қазіргі қазақ әдебиетінің кең өрісін, шын мәнісіндегі ұлттық, үлкен әдебиет екенін айғақтай түссе керек. Сонымен қатар қадым заманында Түрік қағанаты құрамында болған, орта ғасырларда Шыңғыс ханның әлемдік империясын негіздеген бабалар әулетінің өшпес рухы мен кейінгіде Қазақ ордасы аталып, дербес ту көтерген ақыр түбінде әуелгі атынан айрылса да, барлық зобалаңнан аман өтіп, тәуелсіз күнге жеткен қазақ халқының бір тұтас бірлігінің көрсеткіші. Сұраған Рахметұлының алпыс жылдық мерейтойының ілгерінді-кейінді басқа да шаралардан өзгеше болмысын осы тұрғыдан танимын.
Ал Сұраған бауырым, әйгілі Хэмингуэй айтқан бір сөзі бар ғой: Қас қаламгер үлкен дарын, тынымсыз еңбек, риясыз адалдылықпен қатар, өте ұзақ жасау керек деген. Алайда, өзінің іждағаты кем болып, соңғы шарт орындалмай қалыпты. Ал сенің мына алпыстан кейін тың тыныс тауып, өрлей шабуыңа және ұзақ жасауыңа Аруақ пен Тәңірі дем береді деп ойлаймын. Әуелі менің бүгінгі жасым жетпіс сегізге мүдірмей жет. Одан кейін осы күндерде сексен бесін тойлап жатқан Әкім ағаңның өкшесін бас. Одан соң, өзің көзін көрген, мына біздер тым жақсы білген Ғалекең, Әлжекең, Дықаң – Ғалым Ахметов, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілев әкелерің сияқты, тоқсанды ортала. Одан әрі әлбетте Жамбыл атаң. Тоқсан тоғыз! Бірақ бұл да бір ғұмырдың шегі емес... Ең бастысы – тағдыр қанша жыл берсе де, қаламың мүдірмесін! Ойың тоқырамасын! Артыңдағы мұраң Мәңгілік еліңмен бірге жасағай! Өткен ғұмырың дарқан болды. Әйтсе де... бір өкініш. Раушан келін бүгінгі күнге жете алмапты. Жазмыш екен, амал жоқ. Ендігі ұрпағың, әулетің өсіп-өне берсін! Ел-жұртың аман болсын!...
Мұхтар МАҒАУИН,
Силвер Сприң, яғни Күміс Бұлақ кенті,
Мэриленд, Америка Құрама Штаттары,
28 сентябрь, 2018 жыл.
Adebiportal.kz