Эмили Дикинсон. Басқаша бар бір Жалғыздық

ӘДЕБИЕТ
2531

***
Ошаған келіп етекке оралса,
Айтамын не деп кімге сын?
Ошағанның да жазығы жоқ қой,
Жырамен өзім жүргесін.

Бәтеңкемдегі былғаныш үшін
Батпаққа не деп кінә артам.
Адамның өзі шалшық кешуге
Тиіс те болған шығар сан.

Кінәмшіл болма,
Тоқта да,
Көкжиек жаққа көп қара!

* * * 
Тағдырдан жаныңа 
мол тарту дәметпе. 
Кей-кейде садақа 
жетеді қажетке,
Там-тұмдап, үнемдеп, 
Жұмаққа дейін-ақ жеткізсең, 
бұл - еңбек.

* * * 
Мен ешкім емеспін. Ал сен ше?
Сен де ешкім емессің бе?
Біз онда екеуміз, 
Үндеме,
Айтпайық тек ешкімге.

Әлдебіреу болудың керегі не,
Білсе деп атын Ғалам
жаз бойы шалшық суда
бақадай бақылдаған.

* * * 
Өлім - ол ұзақ бір ғазал,
Жан менен мүрде арасы.
«Шіриді бәрі» дейді Ажал,
«Қорықпаймын» дейді Жан асыл.

Өлім тұр Жерге үңіліп,
Жан болса қатпай асау үн,
Топырақтан берген тігіліп,
Кетеді шешіп шапанын.

* * * 
Аласа аспан. Бұлттар да төне көшіп,
Кіл өзара дауласып, ерегесіп,
ұшқындары ақ қардың жерге түсер,
Бір-бірінің бағытын бөгеп өтіп.

Арыз айтпай жел де енді қоя ма шын,
Толастамас ызыңынан оянасың.
Табиғат та жақын бір адамыңдай,
Көре алатын болмысын боямасыз.

* * * 
Құлады көз алдымда,
Құлады, құлдырады. 
Күлпарша сынып жатып,
үнінен мұң шығады.

Өзімді, өмірді емес, 
жауапты сезінемін.
Себебі биікке оны
қойған да өзім едім.

* * * 
Махаббат Өмірге дейін-ақ бар еді,
Өлімнен кейін де тұрады ол,
Махаббат – Жаратылыс дәнегі,
Аспанның алдында Жердегі куәгер. 

* * * 
Мезетте қысқарар
Жердегі шұбалған шуда Күн,
Тұтылған перденің артынан
жалт бұрылып кетсе егер дидарың.

* * * 
Кітаптан артық таппаспын Кеме,
Сапарға шықса жылдарым. 
Жылқыдан жүйрік шумақтарымның
санаңмен сезін ырғағын. 

Жоқшылық жолға кесір ете алмас, 
Төлейсің маған пұлын деп.
Арбаның дөңгелегіндей болып
алысқа жаның жүгірмек.. 

* * * 
Жеңіс дәмі шекер сынды
тата алмаған жандар үшін.
Қадіріне жетер судың,
шөлдеп шықса жан дауысың.

Сарбаз тігіп сынға басын
жаудың жыққан Туын алғаш,
Ешкім Жеңістің бағасын 
Ол сияқты ұғына алмас, 

Қалса да отта оққа ұсталып,
Жанталасып жанын бермей,
Жеңіс үнін естіп барып,
Өлім құшқан жауынгердей
Жеңіс мәнін ұғына алмас,
Жеңіс дәмін ұғына алмас 
Ешкім де! 

* * * 
От орнында қалған күл,
Түгі қалмай жанса да,
Үнсіздікте өмірін
Өткізеді қаншама.

Жарық болып күн кешсе От,
Жанып біткенше ғана.
Құрамында не қалды,
Химик айтсын баршаға.

* * * 
Екі рет тұл болдым тірлікте,
Жердегі жайым бұл, мұңайдым.
Екі рет қол жайып барып ем
қақпасының алдында Құдайдың.

Екі рет көктегі періште
Орынын толтырды жоғымның.
Ұрлықшым! Жарылқаушым!
Мен тағы қайыршы боп жүрмін!

* * * 
Ешқашан теңізде болғам жоқ,
Көрмесем де Аршаның гүл өңін.
Даланың жайқалған жүзі мен
Теңіздің шуылын білемін. 

Құдайменен тілдесіп көргем жоқ,
Көкке өрлеп, мен оған бармадым.
Ол жаққа бір күні мен үшін
Жолдама болады, 
Аңдадым.

* * * 
Меңзесең күзде келем деп
Қағып тастар ем жазды оңай,
Терезеге кеп елеңдеп
Ызыңдап жүрген арадай.

Жыл күту керек болса да-ақ,
Тез жету үшін шалдықпай,
Айларды орап-орап ап
Сап қояр едім сандыққа.

Берілсе ғасыр сынаққа,
Күтер ем жанға батса да.
Жер ауып дәуір жұмаққа
Бұлттардай көшіп жатса да.

Бұ дүниеде біз жолықпай,
О жаққа тұрсақ бұйырып,
Өмірді дәл бір қабықтай
Тастайтын едім сыдырып.

Белгісіздік кеп тонады,
Күнді де тұман басты, ұқсаң.
Күту де дәл бір сонадай
Ызыңдай берді аштықтан.

* * * 
Жүрегім, оны есімізден қуып,
Тіпті ізін де өшіріп, суытайық.
Сен оның жылуын ұмыт,
Мен оның жарығын ұмытайын.

Ілесейін, «Соңымнан жет» десең,
Ұмытсам ой тұнық бола алады.
Тезірек әрекет етпесең,
Ойыма ол қайтадан оралады.

* * * 
Басқаша бар бір Жалғыздық, 
Аз ғана адам қош тұтқан.
Тумайды ол түрлі жағдайдан,
немесе досы жоқтықтан.

Табиғат кейде ойлайды, 
Адамның сол бір жаны асыл,
Байлығын, сірә, санауға
Жетпес деп санның шамасы.

madeniportal.kz

author

Сағыныш Намазшамова

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...