Лоуренс Лоури. Әке мен екі ұл. 1950 жылҚыстың сүреңсіз күндерінің бірінде түске таяу анатомиялық инс...
Дәулетжан Махмұт. Бір көрген түс сияқты мына өмір
4949
Көбелектер
Жел ғашық болған құс
Көбелекке айналған.
Қанатын шаң басып,
Ұшарға дәрменсіз
Орманның арасы
Қапырық ыстыққа тұншығып,
Масалар, шіркейлер, шыбындар
Қанаттарымен ән салад алуан.
Желде жоқ бүгін,
Қанатын қағалмай шаң басқан
Сары, ала көбелектер
Ұялып түрінен
Шіріген ағаштың жапырағына тығылып
Қыбырсыз қатып қалған,
Өкпең қазандай қара жел
Қайда кеткенсің?!
Ұйқыдан оятшы
Көбелекке айналған құстарды
Қанатының шаңын қақ
Түрленіп сілкінсін,
Олар жаз әнін шырқасын
Бұлақтың бойына отырып
Әнге мүлгіп қалғып кетейік бір сәт,
Біздер!!!
Мас болып оянсақ
Ағаштарда ән салып кетер.
Бұрыш
Сен жоғалып кеткен күні
Іздедім өзімді,
Сен жоғалып кеткен күні
Таппадым өзімді.
Бос қабырғалар
Есіме салғандай болды естеліктерді,
Өтен шақ
Қабырғаларға жасырынған
Шексіздік түйіскен бұрышта
Бір нүкте...
Леп белгісіз шындықтың ақыры сияқты.
Сен жоғалып кеткен күні
Қабырғалардың арасын көп кездім,
Сен жоғалып кеткен күні
Шындық нүктесіне тіке қарадым.
Сен жоғалып кеткен күн
Мен жоғалып кеткен күн екен,
Леп белгісіз нүкте
Қараңғылық ішінде, қап-қара болып көрініп,
Бұрышта іліулі тұр.
Тоқтап қалған уақыттан аттап өтіп
Қайда жоғалдың шындық?!
Бұрыштан
Қара нүктені басып қарасам,
Сенің шындығың
Табаныма жасырынып қалмаса
Көрінетін еді ғой,
Сен жоғалып кеткен күні
Қара нүктені көрдім...
Түн
Көше шырақтары
Жаңбыр тамшыларын санап
Сарылып тұр,
Таңды күтіп.
Қотанын күзеткен төбет
Тыныш жатсын ба?!
Таудай боп төбеде жатқан болар,
Ал мен қалада
Көңілім далада,
Төрт қабырғаны күзетіп
Сәл ғана үреймен елігіп
Жатырмын үнсіз.
Құлағыма төбеттің гүрілдеп,
Арсылдап,
Созып
Тауларды қозғап үрген үні
Үзіліп
Сонау алыстан, шалғай
Шалғай...
Қотаннан құлағыма жеткендей...
Алып төбеттер
Ғарып төбеттер
Қотаның
Отаның
Үрейді сейілткін
Жаңғыртып тауларды,
Үре түс
Дүрбелең дүние тыншысын...
Жаңбырдың әуенін
Жүрекке құйылта тыңдап
Нәзік мұңға батып кетсең
Бір ғажап...
Үрей кет арман
Тыныштығымды бұзба
Ұйқыда жатқан тау төбеттер
Ояныңдар...
Таулар теңселіп тұрсын жаңғырып...
Бір уыс бұлт
Аспанның алыс шетінде қос жұлдыз,
Анамның көзіндей маған қарап тұрған,
Бір уыс бұлт қалды кеудемде,
Сыздатып жанымды,
Балалығым-ай,
Анасыз өтіп кеткен...
Алыстап барады уақыт,
Мен саған жақындап барамын анашым,
Сенің ізіңмен келе жатқан шығармын,
Сенің деміңмен тыныстап,
Аспанның жиегіне сапар шеккелі қашан?!
Тоқтаусыз жүріп келемін...
Екі жұлдызға телміріп
Сен маған қарап тұрсың ғой анашым
Осы сеніммен шапар шегемін сен жаққа
Соңғы демім қалғанша анашым.
Балауса шағымда,
Кеудеме ұялаған
Бір уыс сұрғылт бұлт,
Ұлғайып барады.
Сіркіреп жаңбыр боп төгілші
Ұлғайған сұрғылт бұлт,
Алайда дүлей
Найзағай ойнасын
Мейлі...
Шерменде көңілім тарқасын
Шемен боп қатқан.
Қаңсып шөлдеген
Көңілім бір жібісін...
Сіркіре
Көз жасы
Соңғы деміп қалғанша сағынып кетем
Анашым!
Жол
Мен саған сапар шектім,
Күн.
Түн.
Алыс жолдар...
Жанымыз бір болсада,
Жолымыз неге бөлек.
Күн.
Түн.
Сағыныш күннің шапағына боялып,
Қаншалықты жақын жүрсекте,
Жолымыз тым алыс.
Екеуміз екі бағытқа сапар шеккелі қашан,
Күн.
Түн.
Қараңғылық,
Жарық,
Кешкі іңір бөліп тұр.
Біздерді не бөліп
Неге алыстатты?
Жолдар
Алыс жолдар,
Күнге сапар шексең
Түн күтіп алады.
Жолдар...
Сенің жоныңды кешкі іңір боясада,
Былқ етпей
Көсіліп жата бересің,
Қызыл іңірге асыққан мен,
Сенің нұсқаған бағытыңмен жетем бе
Білмеймін?!
Сағыныш,
Жол,
Күн,
Түн,
Жаныңа дауа іздеп сенде,
Жолға шықтың ба сапарлап?!
Бірақ біз басқа бағыттарға кеттік
Неге?!
Қардағы із
Мен ұйықтап кетсем
Оянбасам...
Ақ қарда жалаң аяқ ізім қалса,
Ертегілер еліне ұшып кетсем,
Бір көрген түс сияқты мына өмір
Соқыр жармақ құны жоқ қала берсе.
Қар жауар
Боран соғар
Әлі талай,
Күн шығар болар тағы мамыражай,
Жалаң аяқ ізімді жел ұшырып,
Есігіңнің алдына дізіп қойса,
Сен іздеймісің
Мені...
Жоғалған,
Іздеймісің...
Жаңылма табанымның бедерінен,
Бір ғана сызық қана бөгенайым,
Құс көрсең қанатының қағысын бақ,
Орман бар,
Тау арала,
Өзен бойла
Іздеме шимайы көп бұл қаладан,
Іздегін кір жұқпаған аппақ қардан.
Ұстаса алақаныңда еріп кетер,
Бір түйір қар ұшқыны,
Шашыңа қона қалса,
Ол менмін,
Іздеймісің?!...
Пері көшті
Парағы тозған ескі кітаптай
Сырлы әлем шақырып,
Қап-қара түнге қалықтаған көңіл,
Бір жарық сәулеге ұмсынды.
Қаланың жалтырақ түнгі келбеті
Өкшелі туфлидың даусын жаңғыртып
Тықылдап тас жолдың қытығын келтіріп
Асығып,
Аптығып,
Келеді,
Жусанның иісіндей аңқыған
Иіссуының иісі,
Жел ме, самал ма, білмеймін?!
Көктемде пері көшеді деуші еді
Перінің жолында тұрмын ба білмеймін?
Ооо, тәйір...
Үп еткен бір екпін есеңгіретіп тастады,
Қаланың жылтыр шырақтары қарауытып барады,
Кім бар еууу?!
Адамдары ару деп атайтын қаласы
Тұрғындар,
Құлап кетпейін
Сәл ғана демеші
Демімді алайын
Ауа жетпейді екен ғой
Перінің самалы тиіп кетсе
Ескі қалаға көктем келген екен ғой,
Япырайййй....