Желтоқсан ызғары рухын сындырмаған жігіт

ӘДЕБИЕТ
1825

Қайрат Рахатұлы Рахметов 1964 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Ленинск ауылында туған. Алматы сәулет-құрылыс институтында оқып жүргенде Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін 5 жылға сотталып, оның 3 жыл 9 айын өтеген.


Рахметов КайратБір жатақханада тұрған едік


Мен 1982 жылдан Алматы тұрғын үй құрылысы тресінде жұмыс істеп, «Нұрлан» деген жатақханасында тұрдым. Менімен бір жатақханада тұрған Қайрат Рахметов, Кенжебай Отарбаев, Құттыбек Аймаханов, Сәбит Исабеков сияқты жігіттер Желтоқсан көтерілісіне қатысты сотталған еді. Біраз жастар жұмыстан, комсомол қатарынан шығарылды. Менімен бірге Анатолий Селивановтың бригадасында істеген Тимур, Бақтияр, т.б. қазақ жастарының бәрі де 17-ші желтоқсанда алаңда жүргенін көрдім. Ал Қайрат пен Бақтияр сл жылы Алматы сәулет-құрылыс институтына түскен болатын. Оған дейін «Нұрлан» жатақханасы кеңесінің төрағасы болған Қайраттың басына іс түскенде, комендант Сәуле апай бастаған жатақхана ұжымы да ат салысып, жақсы мінездеме берді. Қайратқа берілген түрме мерзімін қысқартуға бұл құжаттың да септігі тиген сияқты.

Қ. Рахметовты көтерілістен соң бір апта өтпей, жатақхана вахтасындағы кезекшілікте отырған жерінен алып кетіп, абақтыға жабады. Тергеу кезінде ұрып-соғудан гөрі, алдап-сулап қақпанға түсіретін жағдайлар да болған сияқты. Қайраттың жұбайы, Желтоқсан ардагері Гүлжанат Нұриева:

– Ол кезде Қайрат екеуміз кездесіп жүретінбіз. Ол өз курсындағы топ старостасы еді. 18-і күні топпен бірге алаңға барып, сол жерде олар бір-бірінен ажырап қалады. Кешкісін Қайрат менің жатақханама келді. Алаңдағы болып жатқан оқиғалар туралы естіп, жүрегіме қорқыныш ұялады. Содан екеуміз оның жатақханасына келсек, бөлмесіндегі Кәрімжан деген жігітің үсті-басы қан-жоса... Қайратқа тергеуде Савицкийдің өлімін жабады, мойындамағасын тісін сындырады. Ақыры оған «Маметниязов деген милиционерді ұрып, басына жарақат жасадың» деген жалған айып тағады, – деп жазады өз естелігінде. Тергеуші Кожевников Гүлжанатты да жауапқа алып, Қайратты тергеу ісі 4 айға созылады. 1987 жылдың 14 наурызында болған сот үкімі оны 5 жыл бас бостандығынан айырып, оның 3 жыл 9 айын өтейді. Бұл өзге сотталғандармен салыстырмалы түрде едәуір ұзақ мерзім. Оның прокуроры Алтаев, соты Жүнісов дегендер болады. Әуелі Жамбыл түрмесіндегі жазаның қатаң түріне жіберіліп, жиһаз фабрикасының балаларға арнап жиһаз шығаратын жерінде жұмыс істейді. Сосын Орынбор түрмесіне ауыстырылып, онда 1990 жылға дейін отырады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында еліміздің астанасы болған және 1924 жылы Ресей құрамына сұраусыз қосылып кеткен Орынбор түрмесіндегі Ұлтымызға деген ықыласты ол былай түсіндіреді:

– Орынбор түрмесінде менен басқа Ерікжан Жұмажанов деген тағы бір қазақ жігіті болды. Қиындық та аз болған жоқ. Онда орыстар бізге «қара нәсілдер, Шыңғысханның ұрпақтары» деп тиісетін. Бірақ, біз де оларға бой бермедік,– дейді, өктем ұлттың озбырлығын еске алып. Ұлт үшін жан қиып, қазақ тарихының шоқтығына айналған арыстарымыздың басым бөлігі сол Орынборда қызмет жасаған еді. Әлі де тарихтағы рухани астанамыз ретінде естен шығармайтын мұндай атажұртымыздың Желтоқсан оқиғасына дейінгі 62 жыл ішінде адам танымастай өзгеріп кетуі империялық саясаттың шегіне жеткендігін көрсетеді. Қайрат 1990 жылы 1 сәуірде Орынбордан Алматы түрмесіне қайта ауыстырылып, сәл де болса тынысы кеңейгендей өз бойын еркін сезінеді. Түрме мерзімі қазақтың бұрынғы астанасынан кейінгі астанасына қайта ауыстырылса да, жат жұрттың қыспағында қалып, ұрпақты жатырқап, кеудесінен итерген көне қаламыздың қасіретті тарихы да жүрегінде түгі бардың намысын оятады. Ол Алматыдағы сол кездегі Аэродромный, Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы түрмеде сол жылдың 14 қыркүйегіне дейін болады. «Самал» ықшам ауданындағы құрылыс объектілерінде, сол кездегі Калинин-Сейфуллин көшелері қиылысындағы бір зауытта және тағы басқа мекемелерде жұмыс істейді. Қамаудың соңғы жарты жылы шартты түрге ұқсас, күнделікті түгендеп, тіркеу әдісімен ғана жүргізіледі. Сергелдең мұнымен бітпейді. Түрмеден шыққасын 6 жыл арызданып, 1996 жылы М.Шаханов комиссиясы нәтижесінде шыққан Жарлық бойынша ақталады.

Желтоқсан көтерілісіне Қайратты жалындаған өр рухпен алып шыққан ұлттық намыс ата тегінен дарыған қасиет болса керек. 1890 жылы туған атасы Рахмет ауқатты адам болған. Бағып-қаққан малын мемлекетке өз еркімен өткізбегені үшін коллективтендіру кезінде Сталин зобалаңына ілініп, әуелі Атыраудағы Балықшыға жер аударылады да, сол кеткеннен қайтып оралмайды. Ол кісі мұз айдынына аты берілген белгілі Медеу ақсақалмен өзара дәм-тұзы жарасқан сыйлас адамдар болған екен. Менің өзім де бір жылдары, рас болса, Медеу ақсақалдың бұрын тұрған үйінде пәтер жалдап тұрған едім. Қайраттың атасы бертінде ақталады. Әкесі – Рахат өмір бойы мал баққан адам болса, шешесі Райкүл – 11 бала көтерген батыр ана екен. Бүгін де аурухананың бас дәрігері болып жұмыс істейтін жұбайы Гүлжанат түрме зардабынан сыр бере бастаған оның денсаулығына демеу болып, екеуі Гүлсаида, Қарлығаш деген қыздарын оқытып жатқан жайлары бар. Гүлжанат оқуын бітірген кезде де Жамбылда түрмеде отыған Қайратқа бір табан жақындап, сол жерде жұмыс істеп, өзара кездесіп тұрған. Сосын бұл кездесуді Орынборда да жалғастырған. Сөйтіп, олардың махаббаты алдамшы сезім жетегімен ғана емес, ортақ халықтық мүдде жолындағы қияметке толы тағдырлары арқылы да сабақтасады.


  Аманғазы Кәріпжанәулеті

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...