COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама панде...
Ерболат Баятұлы. Қара өлең мақамымен!..
"Дүние ойлап тұрсам шолақ екен".
Жан бөтен, нәсіп бөтен, сана бөтен.
Өмірге жылап келіп, кейіп кету-
Адамға жазған ғұмыр сол- ақ екен.
" Үйректің атқызбайды қасқалдағы".
Адамның аман жүру басты арманы.
Ай мен Күн алмасады сенсіздағы,
Жұлдыздар қолға түспес аспандағы.
"Дүние ойлап тұрсам бекер екен".
Өз басың осы өмірде сетер екен.
Мың күннің есте қалмас сәттері бар,
Бір күнге ойнап- күлген жете ме екен.
"Дүние суда жүзген балықтайсың".
Сонда да соны қуып жалықпайсың.
Құбылған жүзің алдап ұстатпай- ақ,
Қайтейін дидарыңды танытпайсың.
" Дүние ағып жатқан бұлақтайсың".
Тұрлау жоқ енді қайда тұрақтайсың.
Өзіңдікі жөн екен қатал уақыт
Өзгенің еркелігін ұнатпайсың.
" Дүние жанып тұрған шырақтайсың".
Аттамаймын дегенді бір аттайсың.
Бүгін деген немене ол да жалған,
Өткен күн қолың бұлғап жырақтайсың.
"Қарагер аяғында өресі бар".
Аспанның айдан соққан тағасы бар.
Қызыл- жасыл дүние көзді алдаған,
Алдың тұман айналаң алашұбар.
"Қарагер сауырында таңбасы бар"
Аты мықты алаңсыз жолға шығар.
Ит тірлік ырылдасқан заңы солай-
Жағалас, несібеңді жармасып ал.
"Қолында сұм жалғанның шалмасы бар".
Адамның су төгілмес жорғасы бар.
Ойласаң дүниенің бәрі мысал,
Тұйғын деп ұстағаның қарға шығар..
"Дүние шауып өткен құландайсың".
Сағымдай құбыласың жиі алдайсың.
Тағдыр қайық өмірдің өзенінде,
Қалқақтап, бір орында тұра алмайсың.
"Дүние ойлап тұрсам бекер екен".
У қосып ұсынғаны шекер екен.
Жоқты қуып, алданып, арпалысып,
Өмір деген осылай өтеді екен...
19.05.17