Қабыл Әбдірахманұлы. Ұжданның көлемі қанша?

ӘДЕБИЕТ
2961

Франциско де Гойя. 1808 жылдың 3 мамырға қараған түні көтерілісшілердің атылуы

«Мен ішіме сыймаған удың барлығын қағазға бүркемін. Одан дүние өзгермегенмен, жеңілдеп қаламын» 

Лион Фейхтвангер

Құрыс-тырысыңды жазу үшін, қан айналысын жақсарту үшін спортқа не еңбекке жүгінетін адам сергек әрі ұйқысы қанық болады. Жалқаулыққа қоса екі дүниені бір пұл ететін(елітетін) ішімдікке не басқа да заттарға тәуелді болып алған адамдарды осы тұтыну заттарын сатушылардан басқа адамдар қолай көрмейді. Айналаңа жеккөрінішті, бастысы, өзіңе жеккөрінішті көрінбеу үшін әйтеуір пайдалы  бірдемемен айналысу керек. Бұдан шығатын қорытынды – жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні-түні шапқылайтын «тыным таппас атан» деген сөз емес. Тыным таппастарды да елдің суқаны сүйе бермес.

Саламаттығыңды сақтағың келсе, дене еңбегіне бір уақ көңіл бөл дегенге меңзейтін осы ұстанымды әрбіріміз ұстанамыз. 

Еңбек демалысы кезінде көршімнің ұсынысымен кірпіш құю жұмысына жегілдім. Кірпіш құрамы анау айтқандай күрделі емес. Мексерге(миксер) 22 шелек сусылдақ құм, 4 шелек цемент және қандайда бір күреңіткен желім судан 1-1,5 шелек құйылар екен. Мексерден бабына келіп, иленіп піскен соң, қалыпқа күрекпен шақталып салынар екен. Қалып 4 кірпішке лайықталып жасалған. Бұл кірпіштің көлемі – 20х20х40 см куб. Карерь тасына барабар болғанымен, карьердің ұлу тасынан жеңілірек. Жұмысқа жегілушіден:

- Күндік(кесіп алып) істейсің бе не айлық(сағаттық) жұмысқа тұрасың ба?-деп сұралады екен.

- Айлық қанша?-деп сұрадым. Бұғағы мен қарыны салбыраған, жанарына қысым түсіріп тұратын ой болмағасын, жүзіне күлкі үйіріле беретін бұқамойын оператор:

- 100-130 мың-деді.

- Аптасына неше күн жұмыс?-деп сұрадым. Ол: «аптасына 6 күн»-деді.

Айлық жұмысқа тұрмайтынымды, күндік жұмысқа тұратынымды айттым. Менің мақсатым осы жерден шай-суымды ажырату емес, құрыс-тырысымды жазу әрі еңбек бөлінісімен танысу еді. Мені айрықша қызықтыратыны менің мұғалімдік күндік табысымнан қанша пайыз артық-кем төлейтіндігі, қара жұмыс пен ақыл еңбегінің арасындағы арақатынасты анықтау. Қазір елімізде білімге көңіл бөлгендіктен, мұғалімдердің жалақысы көтерілген. Сондай болса да, кезінде мұғалімшілікті тастап кеткен, тасқалаушы:

- Жүре берсем, әулие болғанда мектеп директоры болар едім. Мектеп директорының 30 күндік табысын 5 күнде табамын. Мұғалімдікті тастағаным, «алтын  уақытымды» үй-мектеп-әжетхана деген үшбұрыштың ішіне жұмсамағаным қандай жақсы болған,-деп мақтанған-ды. Ол – бөртірілген сөз еді. Өзі сыраға бөртіп алған тас қалаушы сөзін де бөртіріп қойған екен. Осыдан 24 жыл бұрын, «Қазақстан-2030» бағдарламасы қабылданғанда, ақша қара жұмыс істейтіндерде еді. Соңғы жылдары құрылыс жұмыстары бәсеңсіді. Енді ақша қызмет көрсететін салаларға ауысты. Мысалы, кафелерде 1 стақан шай 100 теңге тұратын болса, оны клиентке апарып беру 10 теңге тұрады. Сондай-ақ 1 саптыаяқ сыра 380 теңге тұрса, оны құйып бергені үшін 40 теңге алар. Бұл 1 саптыаяқ сыраны 10-20 метр жерге апару еңбек ақысымен,10 литрлік шелектен 6-7-сін құмға толтырып, сол межелі жерде тұрған мексерге салған жұмысшыының еңбек ақысымен бірдей еді. Кафе-ресторан ішіндегі көлеңкеде тұрып істейтін жұмыс орны мен шаң, цемент бұрқыраған цехтағы жұмыс орнын, сірә, адам баласы салыстырып болмайды. Мен мұны айтып отырғаным жастардың оқуы керек екенін, оқымай қалса, өмір бойы әркімге жемтік болып өтетінін білдіргім келгендіктен, тоқталып отырмын. Егер осы цехқа мексерші әрі құм тасушы болып айлыққа жұмысқа тұрсам, айналамдағы сынық жүзді шаршаңқы адамдардай ай бойы мақта плантациясындағы негрлердей арқа етім – арша, борбай етім – борша болып жұмыс істеуіме тура келер еді. Бұл жұмысқа организм шыдағанымен, маған лайық жұмыс емес еді. Айналамдағы жүзі сынық, шаршаңқы адамдар шаңға көміліп, қанша барын салғанымен, бір-бірін қажасқан болып қалжыңдасқанымен, жанарларының  тұңғиығына шарасыздық мұң бұлтын үйіре беретін еді. Жалғыз-ақ жайлауды басына көтеріп, өзінен-өзі ақырып-шақырып, мүйізімен бұталардың ойран опырын шығарып, алдыңғы оң аяғымен уыс-уыс топырақты бұрқырата лақтырып жататын бұқа бітімді оператор ғана өзге жұмысшылардың іштей мүжіліп, жүнжіп, күйрей сынып жатқанына айызы қанып, гуманизмге жат мысқылмен күліп жүрер екен. Өзінен интеллектуалы кем әрі ғылым-білім, өнер-әдебиет, философия деген ізгілік атаулы жетістіктердің иісі мұрынына да бармаған, өгіздей жұмыс істейтін, лас жерде тамақтанатын оператордай  дүлей күшпен кім-кімнің болса да әңгімесі жараспас еді. Оператор дегенің ғалым, философ, ақын небір құрылыс жұмысына бас-көз болған нишапурлық Омар Хаям сияқты қарамағындағыларды сөзімен жігерлендіріп жүрмес пе?! «Адамды адам еткен – еңбек»-деп, Ф.Энгельс гуманизм сарынында айтқан. Ортаны ескермеген. Жалпылама айтуға жақсы, тыңдауға жақсы. Етпекке пайдасы жоқ. «Адамды адам ететін де, адамды мал ететін де – орта». Сол ортаны талантына, бейіміне қарай мықтылар қалыптастырып, қайдағы бір кодекстермен шырмап тастайды. Орта әртүрлі болады. Құдай айдап, сол орталардың біріне тап болған, ортаға бейімі жоқ адамдарға заманақыр. Күнінде аспанды алақаныңмен тіреп тұрған адам бол, бәрібір – «конец фильма». Жалпы тұжырым жасауда Ф.Энгельсше құдайдың ісіне араласып керегі жоқ. Ал не болды, енді 200-300 жылдан соң да өлген адамның соңынан сөз айтып отырамыз. Мақтау болса бірсәрі. Ғайбаттан әрі түзетулер. «Құдай адамды топырақтан жараттым деді ғой»,-деді ғой көке... Ал сен келіп адамды еңбек жаратты дейсің... Ал еңбегіңнің түрі мынау...

Жұмыс беруші келе жатқанымызда:

- Қасымдағы көршіме телефоннан «энерджи» сусының орнына қолданып жүретін, ұйқыңды қашырып, жүрегіңді соқтыратын «маймыл» аты жазылған қалбырдағы судан алып кел, ақшасын беремін,-деді. Көршімнің жұмыс берушісінің меселін қайтаруға жігері жетпеді не жарамсақтану амалын жасап:

- Ақсақал, болады. Алып барамын-деді.

Дүкеннің тұсына тоқтап:

- Жаңағыңды ал,-дедім көршіме. Көршім қипақтап қалтасының өңін айналдырып тұрып маған:

- Ақсақал, кешке  беремін. 500 теңге бере тұршы,-деді

- Қалтаңда ит үріп жатса, бардың сөзін сөйлемес болар,-деп, зеки отырып көршіме аяғаннан 400 теңге бергенмін. Көршім ішкен кездері құтырғанымен, жайшылықта үнемі жұрттан мүсіркеу тілеп, жалынышты рең беріп жүрер еді. «Зекуге әбден лайықты» деп ойладым.

         Сол «маймыл» аты жазылған қалбырдағы суды сораптап ішіп отырған жұмыс берушінің өкілі, операторының бітімін суреттегеніммен, әдебиетшілердің нобайы жағымсыз кейіпкер «бай баласына» не Алдаркөседегі «Шығайбайға» теңер еді.Негізі есі кеміс адамға ұқсайтын.Тиынын сұрамадым.

Мен күндік жұмысқа жегілдім.

- Күндік ақы қанша деп сұрадым.

Ол: «8 000 теңге»-деді.

Менің жұмысым – мексерді толтыру. Жоғарыда айтқанымдай, 22 шелек сусыма құм, 4 шелек цемент және күрең қызыл түсті 1-1,5 шелек желім су құю еді. 22 шелекті үнемі тақ толтырып, апара алмауыма байланысты орта бөксе шелектің кеміс-құтығын толтыруым үшін 25-28 шелек тасуыма тура келді. Әйтпегенде бабына келіп, піспеген кірпіш ұнырап кете беретін еді. Мексерден ақтарылған қойыртпақты қалыптау – оператордың жұмысы екен. Сапасына да сол жауапты. Кірпіштер сапасыз емес еді. Қалып 4 кірпішті бірден қалыптайды. Қалыптанған 4 кірпішті қалыбымен қоса рельспен анадай жердегі арнаулы орынға 2 адам төгіп тұрады. 1 адамның шамасы келмейді. Бір қатарға төрттік кірпіштен 16-сы орналасады екен. Шамамша 1 мексер 4 қалыпқа жетеді. Сонда 1 қатарға 16 қалып, яғни, 64 кірпіш жайғасады. 64 кірпіш үшін 4 мексер қойыртпақ дайындауым керек екен. Норма 11 қатар екен. 4 жұмысшы 664 кірпіш құюы керек екен. 664 болса, неге 665 болмайды? Математика – менің 43 жылдан жолдасым. Еңбек бөлінісін ойша есептеу қиын емес еді. Бұл жерде еңбекті қанау барын, яғни, жұмыс көп жасалып, ақысы аз берілетін орын екенін айналамдағы жүздері сынық, шаршаңқы жүзді концлагерьдегі еврейлердей болып жүрген жұмсшылардың ұсқыны әлден-ақ айтып тұрды. Тастап-тастап кетуге болар еді. Мойнындағы кредиті, бала-шаға ақысы, қара тамағы жан-жақтан қаумалап, аш қасқырша қысқанда, қашып шыққан ағашы еді – бұл жұмыс. Жүздері сынық, шаршаңқы кейіптегі адамдарды да құтқарушы біреу келер. Қазірше, 2000 жыл бойы құлды бұйым ретінде қарастырған, құл иеленуші зұлым билеушілерінен құтқаруға Византияны қамал қылуды ойлаған  мұсылман Ұлы Әмір Темірлерді уақыт толғатуда... Мүмкін маған солай болып көрінді. Айлықтағылардың ешқайсысы жұмысқа құлшыныс білдірмейтін еді. Орыс саяхатшыларының куәлік беруінше, Сібір халықтарында балалардың үлкені кішісіне әлімжеттік жасаса, үлкенін де, кішісін де жазалайтын тәртібі болған. Себебі езілгені, таяқ жегені мүсіркеу тілеп тұрады. Бұл – жаман әдет. Үнемі таяқ жеуге бойы үйреніп кетеді. Ез болып өседі деп, сабағанын да, таяқ жегенін де жазалап отырған. Бұл – біздің қоғамға керек ереже. Өл-тіріл ақыңды жіберме. Еңбегіңді жегізбе. Ал біз «күштімен күреспе, тізелімен тіреспе»-дейміз. Көшпелілер өркениетінің жойылуы – адамдық қасиеттің жойылуымен тамырлас. «Сабыр, сабыр» деп жүргенде жемқор қоғамға айналып кеттік. Әдебиет – күштінікі. Заң – күштінікі. Тендер – күштінікі. Мемлекеттік сыйлықтар –күштінікі. Жұмыстың жақсысы – күштінікі. Парламенттегі «халық сөзін сөлейді» дегендерің «күштінің» сөзін сөйлеп жүр. Өз күштің болса бірсәрі-ау, құныкерің орыс пен қытайдың сөзін сөйлеп жүр. Физиканың алтын ережесін жаттап өсеміз. «Есеңді жіберме, еңкейме, намысты бол, ешкімнен қорықпа, өзгеге сенбе, өзіңе сен!»дейтін асыл қасиет дарытатын өмір заңын балаларға бала күннен дарытпаймыз. «Мал тап, есектің көтін жусаң да, ақша тап!» дейміз. Жатқан бір гуманизм... «Кең болсаң, кем болмайсың». «Таспен атқанды аспен ат». Ұят... Сосын қайдағы бір молдалықты қазы қыламыз. «Алла көріп тұр, жазасын Жаратқан береді, о дүниеде қинайды»... « Әй, балам, жығылғаннан бола бер. Көрде тұр, сол бала ертең жаман намыссыз болып өседі. Біреу ұрса, жығыла кетеді. Бетіне жел болып келмейді». «Жасынан еңбекпен қоса жауынгерлік өнерге, ерлікке, төзімділікке баулымыз» деп балаларды көшеге жібермейміз. Орыстар айтпақшы, «тәрбиенің ұлысы – көшеде»-деп. Балалардың ұрысы көшеде жүргенімен, тәрбиенің дұрысы көшеде жүр. Бұл жерде айтылатын сөз көп болғанымен, бәрін айта алмаймыз. Біреуін біреуі терістеуі мүмкін. Әке-шешесінің саясынан алысқа бармаған, жақсы тәрбие алған, артық сөзі жоқ, үлкен-кішіге сыйлы деп жүрген бозымыз тәрбиені терістеп жүргенін көріп отырмыз. Тәрбие мәселесі өте нәзік болғандығы сондай, кейде өзін-өзі ақтай алмай жатады. Міне, көз алдымызда біреуді-бреу іреп, сойып жатыр. Бірін-бірі алдап, еңбегін жеп отыр. Осыған көнбістікті адамдар қайдан алды? «Мұқтаждықтан алды»-дейміз. Мұқтаждықтың ең басында қарақан тамақ, шөлбасар тұр. Сол қарақан тамақ, шөлбасарды алатын ақша біреудің қолында. Сол ақшаны не авторитетті қолына шоғырландырған байшыкешке, жұмыс берушіге жалпаңдауың керек.Тілін табуың керек. Бұның бәрі – бос сөз, бекер әңгіме. Еңбекақымызды талап ете алмаймыз.Таяқ жесек, көзіміздің жасын сүртіп, құрғатып, минут өтпей ыржалаңдап шыға келеміз. Осынымыз дұрыс па?.. Мен неге 10 000 теңге алатын жерімнен 5000 теңге алып жүре беруім керек. Біз – бірімізге-біріміз қасқырмыз. Көзімді ашқалы колхоз-совхоз болсын, төменгі курс-жоғары курс студентері болсын, еңбек бөлінісі болсын, осыны көріп келемін. Профком дейтін бар. Профкомдар да – теспей соратын сүліктің нағыз өзі. Осы жерге политэкономияны оқыған не К.Маркстың атын естіген адам келіп жұмыс істейтін болса, осы мені тұмшалаған ой оны да тұмшалаған болар еді. Жұмыстың қызған шағында тер басайын, өзіммен бірге алып келген фильтрленген судан(ауыз суымыздың сапасы сын көтермейді.Лабароторияда тексерістен өткізсе, судың құрамындағы шлактар 5 батпан. Онда ауру тудыратын не ауруды қоздыратын құбырдың қақтары болар. Біздегі ауыз судың сапасы сын көтермейді. Бұл туралы су фильтрін қондырушыларды тыңдасаңыз, көзіңіз жетеді) ішейін деп көлеңкелеп тұрған машинама келсем, телефоным ойбайлап жатыр екен. 

Мені таңертеңнен бері іздеп жатқан Жаңаөзеннің маңындағы селолардың бірінде тұратын кластас-құрдасымның баласы екен.  Әкесін арақ ішетіндерді жауып тастайтын наркологиялық диспансерге жауып тастапты. Өзі Таразда жүр. Менен өтінері – әкесінен хабар алу және жан баласына тіс жармау. «Бұл мүмкін емес, жаңсақ хабар шығар»-дедім. «Бүгін барамын» деп, оның көңілін орнына түсірдім. Бұны қоя тұрайын. Кірпішіме келейін... Норманы орындау үшін Сталиннің Стахановшыларынша жапырдық келіп. «Құрыш қалай шынықтыдағы» Павел Корчагинше, барын салып көршім жүр.

Оператор буаз қатындардай қанша жуан қарынды болса, сонша жұмысқа жуан екен. Мендей 2-3 жұмысшыны шаршатып барып, болдыратынын шамаладым. Барды бар деу керек. Қара жұмыстын нағыз нары екен енеғар... Норма да орындалды. Біткен істің ләззатына сәл-кем бой алдыра тұрып, бұршақ-бұршақ маңдай терімді сүрттім. Маңдай тер – адал жұмыстың тұщы тері еді.

Көршім екеуімізге 6000 теңгеден берді. Мен операторға: 

- 8000 теңгеге келістік қой. Бұл сома аз. 1000 шелек топырақ тасыдым, әр шелекке 6 теңгеден келіп тұр,-дедім. Оператор түнеріп тұрып:

- Бұл айлықтағылардың нормасы. Күндік жұмысшыларға әр қатарда 16 қалыптан емес, 18 қалыптан келуі керек. Сонда ақшаң 8000-ға толады,-деді.

- Егер 8000 аламын десең және 8-9 мексер илеу керек,-деді. Қажетті материал, оның еңбек ақысын ойша тақтаға жаздым. 250-300 шелек толы құмды тағы мексерге ақтаруым керек екен. Бұл – даяршылардың 40 бокал сыраны клиентіне апарып бергендегі алатын ақшасымен тең. Салыстырып болмайды. Әділет болуы керек қой!

- Ай, осыдан 24 жыл бұрын, 1997 жылы осындай жұмыс істегенмін. Онда 2 адам 500 кірпіш құйса, 5000 теңгеден алатын едік. Сол баға әлі көп өзгермепті ғой. Кірпіштің бағасы сатылымда қанша?-дедім.

- 150 теңге. 50 теңге еңбекақы. 50 теңге материал. 50 теңгенің 25 теңгесі аренда ақысы. Хозяинге 25 теңге қалады,-деді.

- 664 кірпіш 4-ке бөлсең, 166 кірпіштен. Оны 50-ге көбейтсең, 8300 болады. Бала-шағаң бар ма? Құдайдан қорықпайсың ба?-дедім.

- Бала-шағам жоқ. Жақса осы, жақпаса кете бер!-деді.

- Жарайды, менікі күндік. Мына айлықта жүргендерге обал емес пе? Иманды былай қояйық, адамда ұждан болуы керек емес пе? Менен 2300, айлықтағыларыңнан 3300 теңге күніне жеп отырсың ғой,-дедім.

Ол маған:

- Пошел!-деді

- 2300 теңге және «маймыл» аты жазылған суға төлеген 400 теңге саған садаға,-дедім. 

Нарық заманы ұжданды басып-жаншуда еді. Ол маған емес, ұждан атты ізгілікке «пошел» деп тұрғандай түйілді. Осындай итаршылардың кесірінен қоғамымыздан ұждан жүзін бұрған еді..

Әзер тұрған көршім қашуға жинала бастады. Көршімді жазғыра алмас едім. Адал еңбекақысын ала алмай, миллиондар еңіреуде... Оны естір қоғам жоқ. Қожайынына адал, лақтырған сүйек-саяғына бола адамдармен төбелесуден не жарып тастаудан да тайынбайтын қарғылысына сенген жұмыс берушілердің көңілі тоқ болар, сірә. Бір жақты жұмыс берушілерді жамандауым да дұрыс емес шығар? Жұмысшыда не квалификация, не мамандық бар? «Менен кеткенше, иесіне жеткенше» деп, не іс болсын, көбі сапасына қарамайды. Сапасын талап етіп жатқан бір адам жоқ. Жер бауырлап жатқан ірге тастар, желді күні ұшқан шатырлар – жұмысшының кемшілігі. Бұл – адамгершілік нормаға да, шариғатқа да қияс. Бұл қоғам түбі апатқа ұшырамаса игі еді... 

Құрдасымның арақ ішетіндердің қонақ бөлмесіне түскенін жоғарыда айттым ғой. Өзі полициядан пенсияға шыққан. Жасынан тұзы жеңіл еді. Бастықтарға жағынғыш. Осының отбасы құтаймады. 6 мың теңгенің 3 мың теңгесіне жанармай құйып алдым да, 150 километрлік жердегі  наркологиялық диспансерге бардым. Ол жерде іздеген адамым жоқ. Түк түсінбедім. Өздері түсініп алмаса, күзетшінің айтуы: 

- Осы маңда «машинамыз бұзылып қалды, су ішіп алайық» деп әйелі мен қызын ертіп келді. Су  сұрап ішті де, кетіп қалды.

Жынымды келтіргені осындай түсініксіз адамдардың жүріс-тұрысы еді. Ұлына хабарымды айтып, мені мазаламауын өтіндім. Машинамды қыздыра бергенім сол, мен келгенде биылғы Маңғыстаудың түйелеріндей абыржып кеткен ұсқынсыз әйелмен сөйлесіп  тұрған екеу автовокзалға апарып тастауымды өтінді. Ол жолдан бұрулау еді. Жолшыбай қайда баратындарын сұрадым. Қалаға  жолымыз бір болып шықты. Таңертеңнен бері дұрыс адамдарға жолығуым еді. 

- Мен – Балықшымын, Жүйрікпін, Қармыстанмын,-деді бірі. Сөзуар екенін сөз саптасы айтар еді.

- Ер Қармыс жырындағы Қармыс па?-дедім.

- Адайда шейіт кеткен жалғыз батыр Қармыс болса, өз ажалынан өлген – Ер Төлеп. Біз шалдардан естігенімізді айтамыз. Жанымыздан Сәрсенбайшылап ештеңе қоспаймыз. (Сәрсенбайы жырау шығар?) Иә. Жорық жырауы оқиғаны жырмен баяндайды. Негізі жырды шығарушы Қалнияз ғой. Беріректен алып баяндаған. Негізі былай дейді:

- Жиені Ер Төлеп нағашысы Қармыстан жауға мінер атын сұрап, тойға мініп кетеді. Қазіргінің тілімен айтқанда «777 (три семерка) БЕХА». Жауға мінер ат күшке күш қосады дейді. «Лазер» атауымен танымал болған оңтүстіктен шыққан  көкпаршының аты 44 автокөлік мінгізген ғой иесіне. Сол «Лазер» көкпарда қарсыластың атына сауырын беріп, сыртын беріп ығыстырып шығара береді ғой. Көкпаршы сол «Лазер»  аты өлгенде қандай қиналды?.. Оны интернеттен көрдік. 

«Бірді айтып, бірге кетті-ау» деген елес үн күңк еткенше, жолаушы баяғысына келді. Айтушы тыңдарманым түсінбей қалады дей ме? Не дағдысы ма? Бүгінгінің сөзімен оқиғасын шылай береді екен. Онысы үлкендердің бала тілінде сөйлеймін деп әуреленетініндей жеккөрінішті бірдеңе болып шығады. Солай бола тұра әңгімесі тартымды. Маңдайға біткен жалғыз «жауға мінерін» жиені сұрап, мініп кетеді. Сол аты астында болғанда 3000 жаудың 300-ін алып кетеді. Жырда баяндалатындай, қансырап жатқан Ер Қармыстың түстеп айтуына қарағанда, «көк атты» түрікпен жігіті шалға қорынатындай бірдеңе жасаған. Мүмкін, қазіргінің тілімен айтқанда «Блатной шалсың ба?» дегені шығар. Болмаса 10 найзагердің ішінен қадап айтатындай кімнің шікәрасы? Жоғарыда айтқанымдай, тағы көше тілімен кетті. Кетсе кетсін дейміз де...

Төлепке «сол жігіттің басын кесіп алып кел!» дейді. Сол түрікпен жігіттің басын күтіп жатқан ғой. Айдалада қансырап жатқан қайран да менің бабам... Жау да болса өлтірмей кеткен. Адайдың 100 батыры отарға шапқан аш бөрідей, бөріктірген ғой шақша бастарды. Аманатын орындап, жас жігіттің басын кесіп  алып келгенде, Қармыс бабам қанын сырқып екі ұрттапты. Кектің өтемі деп, қанын ұрттап барып жөнелді дейді. Соған дейін күтіп жатқан екен. 

- Менің де басын кесіп алып, қанын ұртағым келіп жүрген адамым бар,-деп, жуан санын жұдырығымен қойып-қойып қалды жолаушы. Көзі қанталап кетіпті. Көз алдымда, сахнаға шыққанда шағын денелі маңғыстаулық ақынның ақырып қалғандай әсермен сөз бастағанда таудай болып кететініндей, бұл да алыптанып кетті.

- Ол кім? –дедім

- Ол – тергеуші. «Ел ақсақалынан қалмаймыз» деп, елді жеп жүрген, еңбекті қанап жүрген ұры-қарының жендеті... Өзімізге тиесіліні сұрап,  бейбіт шеруге(забастовкаға) шықтық 2011 жылы. Қолдан арандатып, 37-сін соттады. Неше 17-сін өлтірді. Одан хабарың бар ма? –деді. Әдейі сұрады. Ағайынға өкпесі бардай түйілді.

- Хабарым бар. Ақтаудан әскерлер техникасымен барды ғой. Ютубта бар,-дедім.

- Телевизор деген – өтірікші. Телевизор емес, өтіріквизор. «Зиялымыз» деп жүрген ақын-жазушыларың бар ғой, «тойдың шырқын бұзды» деп бізді күстаналады.

- Бәрі емес шығар,-дедім

- Ақтың жағында жүреді деген адамдарың қараның артына кіріп кетті. Мен жазбаймын. Сөзге әуестігім бар. Меніңше, ұждан деген мәселеде ертеңгі күні қарабет болмайын деп ойлайтын сөз иелері: «Қоңыз» атты кітап шығарған жоғары жақтың баласы, Светқали, Сабыр, Ұлықбек.Ұлықбекті арнайы айту керек, ол поэма жазды  осы забастовкіге арнап. Басқасын білмеймін.Заман бір орнында тұра ма? Адам – шайтан емес. Бір күні өледі... Мына ұры-қарылар кетеді. Сонда «ой, халықтың сөзін сөйледім, бәлен деген кітап жаздым» дегенге қарата екі сұрақ қойылады. 2011 жылы жер басып жүрдің ғой?

- Ал жүрдім.

1. Назарбаевты жамандадың ба? 

- жоқ

2. 2011 забастовкі туралы жаздың ба?

- жоқ

- Онда сенің жазушымын, ақынмын деп айтуға құқың жоқ. (Бұлай айтуға болмайды ғой. Бұлай айтушыларды, ата-ене, ағайын-тумасын жамандап-жамандап, ақыры күйеуін қарсы қоятын әйелдер сияқты бас-күш берудің маманы деп ойлап қаласың. Қоғам айнасы жазушыларда не кінә бар. Оларда бастықтарымен қырбай болмай жасасын)

- Ол жазушы жазама, жазбай ма, өз еркі емес пе? 

Өз еркімен жазушылықты таңдаған екен, ақ жолдан танбасын. Жазушының жолы – бас шайқап, зікір салатын сопылық жол емес. Ой шайқап, адалдық туралы пікір айта опырылатын опырық жол.

- Жазушыларға өкпең қара қазандай екен. Олар – өмір жолын таңдауда адасушылар шығар мүмкін. Құрысын, осы заманда кім-кімді жарылқайын деп жүр дейсің? Серікжан Біләшша, өзіңше пәтуа айтуға бола ма? Қоғаммен санасу керек. 2011 жылғы забастовкі туралы «Қоңыз» деген кітап шықты дедің ғой. 

- Төте жазумен(мүмкін ағылшынша) басылып шыққан ба, бірдеңе. Оқи алмадым.

- Жаңағы тергеуші туралы айтып қалдың, қанын ішкім келеді дедің бе? Ол неғылған адам?-дедім.

- Ғазиз басым нені көрмеді?.. Қарағандыдан келген бір тергеуші:

- Адаймын де, қ....баспын де деп, құлақтың сырғалығын степлермен тескен. Жауда болса сол «көк атты» түрікпен жігіті, Бабам Ер Қармысқа ондай сөз айтпаған шығар деп езілемін. Ұждан алдында езілемін,-деді.

Екінші жолаушы ол да – «забастовщик» деп танылған мұнайшы. Ол алаңда бір күн де тұрмаған. Арандап қалған мұнайшыларға қосылып кеткен екен.

- Аяғым тыз ете қалған бетте құлағым бітіп, көзім қарауытты. Ішімнен бірдеңе үзіліп кеткендей болды. Аяқтан оқ тиген екен. Есімнен танып қалдым. Бір есімді жисам, жігіттер машинаға жатқызып жатыр екен. Ауруханада есімді жидым,-деді. Адвокат мықты болып «условный жыл» кескен.

- Халыққа оқ атқан ешек Нұрат және бір-екі полиция қазірде лауазымды жұмыс атқарады екен,-деді Балықшы жігіт.

- Негізі үкіметті әскери адам басқаруы керек. Сонда тәртіп болатыны патшалықтар туралы кітапта жазылған дейді. Халық митингімен үкіметті ауыстыра алмайды. МВД-ның генералдары мен әскери генералдар дейді үкіметті ауыстыратын. Жанболат Мамай сияқты соттасып, митингіге шыққанмен өзгеріс болмайды,-дейді. Негізі Генералдарды көндіру керек дейді ғой білетіндер,-деді екінші жолаушы.

Қорқайын дедім...

- Осы сендер қайда бара жатырсыңдар дедім?

- Сары қарын, қара қазанның қамы. 34-ші ықшам ауданда мектеп-гимназия салып жатырмыз. Қара жұмысшымыз,-деді һас батырдың тұяғы.

- Қанша шығады?-дедім қызығып.

- Айына 150-180 болып қалады,-деді. Көздері «кезінде 500-600 мың айлықпен жүргенбіз» деген өкінішті айтып тұрды.

- Жесе жесін, нең бар еді забастовкіде?-дегенді көзіммен ұқтырдым. Олар да түсінді, үндемеді. Ұждан өлген жерде әділет, береке туралы айтып бола ма?

Үйді жеп, құлататын термит дейтін жәндік бар. Күні-түні аналығына жемтік тасиды дейді. Аналығы ірілігі лақтай болып, жер түбінде жатады. «Өз қолымызбен тұрғызған ЕЛДІ құлатуға жұмыстанып жатқан жемқорлар термитше ойлай ма?» деп қаласың... Термитке салсаң, «күнелтістің қамы» дер еді. Ұждан өлген жерде адамша ойлауды доғарып, «термитше» ойласаң ғана жан азабынан құтыла аласың...

Қабыл Әбдірахманұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...