Еркін Жантас: «Сен оны дұрыс түсін»

ӘДЕБИЕТ
5189

Еркін ЖантасЕркін Жантас

Еркін Жантас – жас ақын. 1999 жылы, 20-сәуірде дүниеге келген. Алғашқы жыр жинағы «Сыбырлап оқы...» 2016-жылы жарық көрді. Абай атындағы РММИ және Алматы полиграфия колледж түлегі. Бірнеше Республикалық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері «Қауырсын», «Шыңдау» жыр-жинақтарына енген.


Сыр 

Досым!
Бүгін жасар жұмысыңның бәрін ретте.
Сосын,
Тыңда мені...
Мен түкірдім лағынетке.
Қызыл қанмен жазылар жырларымның,
Көк сия боп қалуы әділет пе?

Досым,
Бақ пен сордың лайын тең ішкенмен,
Қуанышпен мұңайып көріскенмен.
Шегіністен тұратын еңістерден,
Жеңілістен тұратын жеңістерден,
Өтуге саған уәде.

Досым,
Аңсағанмен көктемді қауыз жарған.
Мен қорқамын аңыз болған абыздардан,
Қабарғамда тықылдаған «жауыздардан»,
Темекіге құшырланған ауыздардан.

Досым,
Сыр аша алман күнде саған,
Күнді қойшы, келеді кімге шамам?!
Жарықтары сөнбеген сығырайып,
Таңы атпас түнде қалам.

Досым,
Ырсияды ырғалып, шыбық-талдар,
Қызық жандар,
Оларға қызықпаңдар.
Өлеңімді оқып тұрып өзім жайлы-
Өзің жайлы ойлауды ұмытпаңдар!

Сенсіздік

Икем келмей, күй төңкеріп домбырам,
Қара өлеңнен қайыр сұрап, зорлығам.
"Сүйем"дейді күйіп қалған еріннен,
Еркелетші,
Ерін емес, тоңды жан...

Көп қаңғыру-ермек сынды көрінген,
Шал айтады; "Көрім жақын төрімнен".
Мен қайтемін, шала басты мүжгілеп,
Қара бастың барлығынан жерінгем.

Мүшірік те мылқау болып қалған ба,
Мүмкін емес, мүмкін болмау жалғанда.
Ғажап мынау сордың суын сору да,
Азаптылау тағы болу тарланға.

Ай да ұмытты, бұлттан көрген қорлықты,
Ит табақтан көже ішкен ем,
(Сол жұқты).
Қайта келмес қара шалдың қара ұлы,
Қара өлеңнен қайыр сұрап зорлықты...


2019 жыл, 19-шілде, сәскеде


***
Өмірдің миуалы бағына қонақтап,
Үзілген бағытқа адымды мол аттап.
Шығыста туылып, жұмыстан келемін,
Артымда- көк түнек,
Алдымда- жол аппақ.

Қарқылдап қарға күз, қарғайсың несіне?
Түлкіде кетті ғой сендегі несібе,
Мендегі бір жүрек,
Және де бір өлең,
Алмаймын көсіле, алмаймын шешіле.

Тысқары тебетін, қысқалау еңсені,
Алматы қалайша ұнатқам мен сені?
Қасаңдау қабақтан жасаңдық байқаса,
Анашым күлімдеп: «жасыма» деуші еді.

Жерінген айнала, қасынан досынан,
Қайыршы көшелер күйіне қосып ән.
Тұрады өгейсіп, өзінше бөлектеп,
Айтшы енді асылым, қалайша жасыман.

Өлшеніп қойғанда өмірдің өлшемі,
Алматы қалайша сүйгенмін мен сені?
Мұнар күн ашылса, тағы да анашым:
«Өмірдің өзіндей өтпелі» деуші еді.

Бозөкпе көңілде тұтанса білте мұң,
Әп-сәтте бұлданар жүректен үркемін.
Артымнан таяған сілтеген тағдырдың,
Алдына шықтым да қолымды сілтедім.

П.с. ...мен жұмыстан шығып қалдым...

Ақындық кредо... 

Мидағы жүрекке қадалған ойларды,
Шылымның шоғына күйдірдім.
Сырдымда қайғыдан қорыққан мұңымды,
Ішіме сыйдырдым.

Түсінікті әлемге,
Түсініксіз өлеңмен тіл қаттым.
Өзгеге белгісіз, өзіме беймәлім,
Жұмбақпын,
Қымбатпын.

Ұйқасын іздеуден жалықтым тағдырдың,
Тамшысын жаңбырдың-
Көзіме құйып ап, соқыр боп, мәңгірдім.
Жалғызбын,
Жанында сол, қыздың.

Сол қыздың есімі шықпайды есімнен,
Оралып бұрымы қаламға.
Сан ойды есірген,
Сан айлар кешірген,
Сағымға айналып барам ба?

О, мені ұмытсын көктем де құлпырған,
Күздер де қайғырған.
Құланым дүбірлеп ой-қырдан,
Құстардан айрылғам,
(Үміт жоқ бай ғылған)

Тыңдарсың, аузымнан желпінсе жыр шаттық,
Қол соғып, мұрсат ғып.
Ақынмын жүрекке салатын уым бар,
Уым да бір сәттік,
Ғұмырдай бір сәттік.

"Тарихты" ақтау

(пародокс)

Жаратылыстың құндағы басқа,
жұрнағы басқа фәнидің.
Түнтүрткілегіш жырдағы Қасқа,
Ұйқысын күзет сәбидің.

Бағзы замандардан баянсыз өткен,
шаң басқан кітап жетіпті.
Жұлдызын жұлған бояусыз көктен,
"Тарихты" ұрлап кетіпті.

Сол "Тарих" бүгін соқыр түндерде адасқақ,
Айкезбе десек жараспақ.
Буаз інгендей бозшағылдарды бошалап,
Тұмарланыпты толғаулары да толастап.

Шарасы қайсы,
жалған сырғытса иі ағаш ұстар шелегін,
Дау-дамай қылмай дерегін;
-Ей, Олимптің тәкаппар қарты сен бүгін,
Алжып-ақ қалдың" дер едім.

оятпа мені өмір сыйлаған ұйқымнан,
сенің зарыңнан қобызда мұңлы күй туған.
Сенетін едім "ғажайып" дейтін сиқырға,
Айырса сені делқұла мынау сиқыңнан.

Өлеңннен жалыныш сұрай бергеннен опа жоқ,
Өзгере қоймас түр-түсі;
(Біледі оны бір кісі).
Соқырдан ақсақ сауға сұраса сүмеңдеп,
Құдайдың келер күлкісі.

биіктік айтса сендегі селқос зор әнді,
Ғаламдық шуақ қараңғы.
Махшарда көрер мехнатыңа дақ болар,
Үрлеп тұрармын тозаңды.

* * *
Алыстап арамыздан айлар тағы,
Қапалы көңіліме қайғы артады.
Түнгі аспанның бүгінгі жұлдыздары-
Біртүрлі ойлантады...

Түнгі аспандай тамырсық, тыныш сезім,
Үнсіздікке үйренген құрыш төзім.
Қашып кеткім келеді кейде осыдан,
Сен оны дұрыс түсін,
Дұрыс сезін.

Самалдан сәл бұйырмай шаттық маған,
Түндерім жоқ, аласұрмай, аптықпаған.
Жұлдыздар да, аспан да мүсіркердей-
Жоғалғаны-ау шамасы сәттік бағам.

Күз емес, көктем келіп қолды үзбек,
Шаршап жүріп, жоғалтыппыз жолды біз көп.
Қас қарая талдырып қанаттарын,
Қайта оралды сені таппай соңғы тізбек.

Тағдырда әлсіз болу- ұят маған,
(онсыз да опығымды жиі ақтарам).
Қимайтын сәттерімді көре тұра,
Қинай түскен ұнайтын сияқты оған.

Алыстап арамыздан күндер тағы,
Жылыстап жылғаларға сіңген таңы.
Жұлдыздардың арасынан жылап іздеп,
Өз бақытын таппай жүр кімдер кәні,?!
Бақыт емес, ол-сағыныш ғой….

Эмпатия 

Адамдар-ай, азып кеткен тоқтықтан,
Ақындар-ай, жазып кеткен жоқтықтан.
Мешел қадам жасай алмай жүргенде,
Көсеу заман күл мұңыма шоқ тыққан.

Бұл ақын да бір ертегі жазар мыс;
Уағыз тыңдап, күнәсінан тазарғыш.
Ащытқы ойға, тұшымды сөз таппасаң.
Айып жу да,
Армансыз-ақ ажал құш.

Өзің айтқан өмір мынау ерегес,
Өнердегі «өлім» жайлы елемес.
Мың әруаққа мола таппай жүргенде,
Бір бейбаққа бір топырақ көп емес.

Маған ауыр тиер еді ажалың.
Сәл аялда, көп сияқты жазарың.
Әй, ақыным сен жұмаққа барасың,
Жіберсе егер тозағың!

Сағыныш

Ана!
Дәл өзіңдей барлығы қымбат маған,
Жер мен ауа,
Көк аспан,
Жұмбақ ғалам.
Жұлынымды сипалап алақаның,
Тұлымымды қызартып, күн қақтаған.

Шығарам деп жүргенде жақсы атыңды,
Жол ортада жоғалттым мақсатымды.
Мұңға қарап ұлыған мінезімді,
Мыңқ еткізбей, мына өмір аш қатырды.
Тағдырды ойлап, ұлың бекер бас қатырды...

Қиялымды жалғаған қол ұшына,
Аспан жақын,
Ана менен соны сұра.
Ауыл жаққа көп болды бармай кеттім,
Болмай кетті жүректің соғысы да.

Ақындарға әлем тар, көлдей мекен,
Аядай суатына шөлдейді екен.
Алматыда қайрылған қанаттарын,
Анасының құшағында емдейді екен,
(Анасы бар ақындар өлмейді екен).

Ана!
Өзің барда барлығы жақын маған,
Жер мен аспан арасы қосылмаған.
Күн мен айды куә етем бұл сезімге,
Жұлдыздармаен серт етем шошынбаған.

Жүре берші жарқырап қасымда аман!


****
Мен өзіңдей қаламаппын біреуді,
Сүйе алмаппын...-
(бұл өтірік шын енді).
Әдет ғыппын қабаңда қалғуды,
кірпігіңде түнеуді.

Мен өзіңдей ұнатпаппын өзгені,
Сыр ұқтырар,
жылып тұрар көздері.
сөздерімді түсінбесең түсінбе,
жүрегіңмен сез мені.
...ЖАЙ ҚАЙҒЫРҒАН КЕЗДЕРІ..

Мен өзіңдей сағынбаппын басқаны,
қия мұңның,
қиялымның аспаны.
Ең әдемі сырларымның жалғасы,
Ең әдемі жырларымның бастау
ы.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...