(естелік-эссе)Қызық тақырып шығар?! Бұрын дәл осылай ешкім жаза қоймаған болар, бәлкім... Ал, м...
Есбол Үсенұлы. Ақын менен махаббат – Жарық пенен қараңғы.
Жарық пен қараңғы
Ақын
Бағы зор боп тумаған,
Ақын – дәруіш, ақымақ.
Өлеңдері – қураған,
Жел ұшырған жапырақ.
Дүние ләззаты ұмытылған,
Түсіне енбес жаннаты.
Өлеңдері – қырқылған,
Аққу құстың қанаты.
Арыла алмас сан ойдан,
Пана болмас кең өлке.
Өлеңдері – қарайған
Іңірдегі көлеңке.
Өз-өзіне жүр симай,
Маңайына бармаңыз.
Өлеңдері – мың шимай,
Жаңа жауған қардағы із…
Албастымен белдескен.
Мір оғындай зәр тілі.
Өлеңдері – лезде өшкен,
Найзағайдың жарқылы.
Көңілі ойран – сең көшкен,
Қайғылы жүзі – кешкі ымырт.
Өлеңдері – ел көшкен,
Құлазыған ескі жұрт.
Шабыты қалған тоқырап,
Дәурені өткен түрленер.
Өлеңдері – топырақ,
Беті ашылған мүрделер…
Өлер ажал жеткенде,
Ақын да жәй бір кісі.
Өлеңдері – көктемде
Қайта оралған жыл құсы.
Ақын және махаббат
Ораныпты ғашығы,
Үлдеменен бүлдеге.
Бірақ, ақын пақырдың,
Жыры – күйік, мұң неге?!
Толқынында өмірдің,
Билей алмай бір басын,
Ұқсатады қайыққа –
Сүйгенінің сырғасын.
Жауар бұлттай түнеріп –
Көңіл көгі ашылмай,
Ғашығының жанары –
Жарқылдайды жасындай.
Кебенек киіп өмірде,
Су ішеді бақырдан.
Сүйгенінің кірпігі –
Улы жебе атылған.
Құстар қайтты түстікке,
Мұздан күмбез қаланды…
Ақын менен махаббат –
Жарық пенен қараңғы.
Көлдегі күбір
Көрінеді ертегі әлем –
Жанарынан түнгі көлдің.
Бір кездерде ерке бала ем,
Неге бүгін мұңды болдым?!
Көктегі бір шоқ жұлдызды,
Махаббатқа айғақ еткем.
Тағдыр ма кім сертті бұзды,
Қимас қалқам қайда кеткен?!
Тағдыр ма кім кесті араны,
Жанға дауа табам қалай?!
Құс жолында көш барады,
Артына ұзақ қарай-қарай...
Сәулем – сұлу хордың қызы,
Кейіпкері ертегінің.
Талай жылдың болды жүзі,
Көңілім-түнек, серпеді кім?!
Көңіл, шіркін, тыншымайды,
Кенелсе де көз елеске.
Көл жөнімді мың сұрайды,
Бізді қосқан өзі емес пе?!
Оның әсем дидарында,
Көргем алғаш көл бетінен.
Сеніп бақыт силарына,
Айырылмасқа мен бекіп ем.
Білемін, көл жасырады,
Жан іңкәрім алыста емес.
Толқын ойнап, басылады,
Ым қаққандай-таныс лепес.
Көлде аян түнгі дәурен,
Жүзгендей кеп Ай да көктен.
Көрінші тез ерке сәулем,
Жанды желпіп майда леппен.
Өмір – ертегі
Қай жоғымды жоқтайын,
Өкініш көп қой бұл күнде.
Бала күн мінген көк тайым –
Түсімдегі сол дүлдүл ме?!
Тұлпардай жарап сал мінген,
Келеді жақын нұр пырақ.
Қауыштырмақ па бал күнмен,
Пейішке апарып гүл тұрақ.
Алыста қалды-ау бал дәурен,
Махаббат – бүгін тәтті елес.
Жүргендей ол да аңсаумен,
Кезеді түнде бақты елес.
Тағдырдың сыны үшін бе,
Көрінбей күндіз бұғынып.
Кіреді ылғи түсіме,
Хор қызы сынды құбылып.
Келеді ұшып аспаннан,
Аққу перизат – нағыз ол.
Тілі мен жағы тас жарған,
Тазшамын ал мен бағы зор.
Білдірмей жасырам киімін,
Шомылғанда кеп айдынға.
Хор қызын мендей сүйді кім,
Жарлылық, ұмыт, қайғым да.
Шартына үнсіз қосылам,
Күндіз – аққу, ол, түнде-ару.
Келісім бұзсам тосыннан,
Соғады деді бір дауыл.
Неліктен кеттім асығып,
Түсті ме еске таз күнім?!
...Әуеге ұшты шошынып,
Жетпейді енді наз-мұңым.
Айдынды келем торумен,
Қонар ма қайта қашқан бақ?!
Түсімді жұрмін жорумен,
Тағы да сүркей аспан жақ...
Аян боп түсте өткенім –
Өмірімнің де ертеңі.
Мұратқа әлі жетпедім,
Аяқталмады ертегі.
Тірлік
Таң ағарды, ескі күн
Көтерілді шығыстан.
Оянғандай тіршілік,
Азан-қазан дыбыстан.
Қойын бала өргізді,
Соқпақпенен баяғы.
Ұстағаны қолына,
Атасының таяғы.
Ерте кетіп, кеш қайтар,
Тірлігі осы күндегі.
Көкейінде «Ағаш ат»,
Әжесі айтқан түндегі.
Бірі шықса, бірі ағып,
(Көмек берер қай таныс?!)
Қойы өтті әзер өткелден,
Күнде осындай арпалыс.
Қойлары тарап жайылды,
Жетті өріске-бейітке.
Жел кемірген, қираған,
Енген алуан кейіпке.
Көктен келіп қонғандай,
Өлінің құлыптасына Ай?
Арасында қараңдап,
Ойнады бала жасымай.
Көк күмбез ғой аспан да,
Ақша бұлттар-түндігі.
Ойыннан да жалығып,
Жастанып қолын мүлгіді.
Тақымында нұр пырақ,
Қалды төмен жол-сағым.
Ұсынуға үлгірмей,
Көрші қыз да моншағын.
Жеткізбеді зеңгір көк,
Бұлттан биік ұшқанмен.
Мойын бұрып артына,
Қарай берді құштармен.
Батыс жиек қызыл қан,
Күн батыпты ұяға.
Қойлары әлі тоймапты,
Көзі отты қия ма?!
Қойын кері айдады,
Жел де шықты теріс тым.
Өмірі өтті үйі мен
Арасында өрістің...
madeniportal.kz