Ван Гог. Сары кітаптарҚазақтың маңдайына біткен жақұты,алты Алаштың мақтаны, сүйікті жазушым &n...
Абай Мауқараұлы. Бураханның шай беруі
(естелік-эссе)
Қызық тақырып шығар?!
Бұрын дәл осылай ешкім жаза қоймаған болар, бәлкім... Ал, мен де жазайын демеген едім, дастарханда тілек-сөз берілгенде шұғыл ойланып айтқан сөздерімді қайта еске алсам, онда уақыт алмау үшін шолу ғана жасаппын. Ал, ондағы айтуға тиісті ойларым көкейімде сыймай тұр екен, соны обал болмасын деп, көкейде өліп қалмасын деп, қысқаша жазып шыққанды жөн көрдім.
Дастархан боп жайылған ұзын үстелдің ең басына көз салып екі жағына жағалай қарадым. Түгел етене таныс, көзге ыстық, көңілге жақын адамдар отыр. Бәрі де керейлік әдеппен жас мөлшеріне сай қатарласқан.
«...Ең алдымен айтарым, өте қуанып тұрмын. Өйткені, көңіл төрінде үнемі еске алып, сағынып жүретін ағаларым мен апайларым, жеңешелерім және замандастарым отыр екен.
Бір таңғалғаным, шайға шақырылғандар түгел, дәл айтқан сағатта түскі бір, нөл-нөлде жиналыпты. (Біз кешігіп келгендер, бұлғындық Сәулехат екеуіміз бен үй-ішіміз)
Екінші таңғалғаным, жиналып отырғандардың бәрі Моңғолияда өңшең лидр болған адамдар өзі ешкімге бағынышты болмаған, қайта адамдарды басқарғандар. Өмірлерінің жартысы сол жақта өтіп, халыққа қызмет етіп, еліне пайда әкеліп, ағайын-туыстарына қамқор болған тұлғалар. Егер, қаламгер ретінде әрбірінің өмірі, іс-қызметі туралы арнайы жазсам, бәлки бір-бір кітап жазуға тұрар еді...
Моңғолиядағы әрбірінің қызметін қысқаша атасақ, төр басында отыраған Аятхан ағамыз, сол елдің валюталық металл ақшалары, қымбат асыл тас бұйымдары өндірісін басқарған кісі. Шетелден жаңа таусып келген кезде, өндіріс басшысы Дангааның «электриктен бастап бәрін біл, түгел үйрен сонда осы өндірісті де түбінде сен басқаратын боласың» деген, дана сөзі рас болып шыққан. Аяштың өзі маған айтқан, өткен шақ туралы көп әңгімесінің бірінде, бүй деген-ді: Мекеменің қақпасында отыратын кезекші қария, жаңа келген кезімде өзіне шақырып алып «Хүү минь, хүн хэлэхээс цаашгүй...» (Ай, балам, жас адамға ақыл айтып отырмаса болмайды...) деп, қамқор болушы еді. Аяштың мемлекет аралық еңбек шартын жасап, қазақтарды алғаш көшіріп, көш бастағаны ол жеке әңгіме.
Одан, Алматыға көшіп келген соң Аяш ағамен Бутаковкада саяжай көрші әрі біздің немере ағамыз Байдолданың қызын келін болдырғандықтан құда болдық. Үнемі шахмат ойнап, талай саяси, тарихи кеңестің басын қайырдық. Назарбаев жүйесін екі жақтап жиырма жыл сынап, соңында оны да қойдық. Тек, бір жеңісіміз сол жүйенің бір алпауыты Храпуновты сөзге көндірдік. Қайтіп десеңіздер, Аяш өзі отырған дачасын атына түсіру үшін қаншама құжат жинап, қанша жерге барып бітпей жүрген-ді. Этно-ауыл бағдарламасы да бар еді.
Сондай жиған жарты қарыс қалың құжатты маған әкеп берді, мен соны талдап, ең ұрымтал тұстарын сәтті пайдаланып, «Алматы ақшамы» деген гәзетке мақала жаздым. Әрине, оны сол кездегі Алматы қаласының әкімі Храпуновқа өз баспасөз хатшысы таныстырған болу керек, ақыры іс сәтімен аяқталып саяжай аумағының құжаты біткен еді.
Енді, дастарханның оң жақ қатарының басында отырған Қабылаш ағамды айтсам, бүкіл моңғол халқының алақанында болған ән-еркесі ғой. Соның өзім куә болған бір дәлелін айта кетейін. Екі мың оныншы жылдары Уланбатырға салт барып, үш-төрт жыл уақытымды жұмсап түрікше «Сөзлер» деп аталатын Құранның ғылыми тәпсірін моңғолшаға аударған едім. (Ислам дінін қабылдаған моңғолдар мен моңғол тілді қазақтар көмектесті).
Бірде, таңертең ерте сүт сатып алуға шықтым, (Ерте кезде шийдэн хороо деп аталған, қазір «Бөхийн өргөө» деген ықшам ауданда) көбі зейнеткер бір топ адам уақыт өткізіп, әр тақырыпта сөйлесіп тұрды. Маған жақындау тұрған екі-үшеу, жақын күндері Опера-балет театрына барғандарын кеңесіп тұрған сыңайлы, бір уақта құлағыма «О, тийм үү, Хаблааш гуай Казахстан нүүгээд явсан юм, уу?! Яагаа бол...» (А, Қабаң әншіміз Қазақстанға көшіп кеткен бе, неге кетті екен, ә!?) Сөз ләмдерін аңдасам, олар тіпті, Қабаңды қазақ деп, білмейтін секілді, кеткеніне өкініп тұрғандай.
Иә, мұнда келген соң да Қабаң қазақтың құрметіне бөленді. ДЖҚҚ-тың бас маманы Бөтагөз сонау жылдары Қабылаштың құрметті атақ алуына моңғолиялық зиялы қауым өкілдерін жұмылдырғаны да есімде.
Одан кейінгі, Мәшір ағамды айтар болсам, Еркеғали Рахмадиевтің тікелей шәкірті. Баян-Өлгейдің музыка тарихында филармония саласының алғашқы жетекшісі. Алматыға алғаш келген жылдары үнемі аралас-құралас болып, сол кездегі көші-қонның талай әлеуметтік мәселелерін бірге ақылдасып, етене-аға іні болған едік. Жәңе дастарханда сөйлегенде де, сол сахна басқарған өнерін дәл көрсетті. Бураханға берген бағасы дөп келгені сондай, Бурай қуанғанынан еңіреп жылап жібере жаздап көзі жасқа толды. (аздап әзіл бар)
Одан кейін отырған Төлеубай ағам, Моңғолияның кәсіби-құрылыс саласының белгілі өкілі. «Монголын их барилгын удирдагч» (Моңғолияның Құрылыс саласының көшбасшысы) деген естелік кітап жазылған «Тлейхан сайд» деп тарихта қалған марқұм О.Тілейхан ағамыздан кейін, «Зуха сайд» деген сол салада ерекше аталатын марқұм Зуха ағаларымыздың ісін жалғастырған, баян-өлгейлік азаматтарды сол салада баулыған танымал тұлға. (Соның бірі біздің замандасымыз Мұхит Жақсылықұлы). Алматыға келгеннен кейін де кәсіпкерліктің көптеген машақат жолдарынан өте жүріп, өзінің кәсіби мамандығына сай құрылыс материалдарын дайындайтын үлкен өндіріс ашып, көптеген жерлестерімізді жұмысты етті. Төкең ағамызды, өз басым Тасмағамбетовқа ұқсатып, сөзді емес тікелей істі алға қоя білетін адам деп білем.
Батай ағам, осы дастарханның сөз беруші тамадасы міндетін атқарыпты. Себеп, дауысы жұмсақ әрі әзілкештігі үшін Бурахан солай сайлаған болу керек.
Ал, өз басым, Батекеңді Баян-Өлгейдің сатирик жазушысы деп, білуші едім. Өзіне сөйлескенде, сол елдің «Оспанхан Әубәкірісіз ғой» деп, қоятынмын. Сөйтсем, Батай Баян-Өлгейдің бас архитекторы әрі сол қаланың сантехникалық ең күрделі құрылыстарына өмірін арнаған адам екенін, әңгімелескенде бірақ, білдім.
Одан да, қызығы тоқсаныншы жыл шыға Моңғолияда дінге еркіндік берілгенде Араб әмірлігінен Баян-Өлгейге мешіт салуға қаржылай көмек әкелгендер алғаш Батекеңе жолығып тәхид шахадат айтқызып, намазға жыққанын айтса, күлкіден жығыласыз. (әрине, юмор ретінде).
Одан да қызығы, тәуелсіздіктен кейін шекара ашылып, Қазақстан мен Баян-Өлгей арасында барыс-келіс көбейгенде, Өлгейге келген қазақтың атақты ақын-жазушыларын күтіп алу, құрметтеп қонақ болдырып, сейілдету деген іс-қызыметтің көбі Батайдың мойында болған.
Содан да, Қадыр Мырза Әли сынды ағаны өте жақын тартып кеткен ғой. Сөйтіп, біраз жылда Батай өзі де Алматыға көшіп келген, Қадыр ағасына қоңырау шалып, көшіп келгенін айтқан, ол кісі де қатты қуанған.
Ал, Батекең болса, ағамыз қонаққа шақырып қалатын шығар деп елеңдеумен жүрген, сөйтіп тағы біраз жыл өтіп кеткен. Бір сәтті күні Батай, Республика сарайындағы кәнсертке барыпты. Антрактіде әжет өтеу жерінде ұзын кезекте сонау артта тұрған Қадыр ағасын көзі шалып қалады да, жүгіріп барып «Аға, менің кезегім келді, Алматыда менің қолымнан келгені осы ғана болды!» деп, өз орнын ұсынған екен.
Тоқтаусыз күндер зулап, Қадыр ағамыз да бақиға аттанып кетеді. Бір күні Батекең түс көреді, түсінде марқұм Қадыр ағамыз Батайды өз жұбайы Салтанат тәтемізге таныстырып тұр екен, дейді. Содан түсін, жорышы деп, құрдасы Төлеубайға айтады ғой, сонда Төкең: «Әй, Батай байқа, Қадекең сені ана жаққа шақырып кеткелі жүрмесін!» депті. Батекеңнің осындай әдемі әңгімесі көп, бірақ жазбай кетті, анда-санда телефон соқсам, осындай қызықтарын заряд біткенше айтатыны бар...
Дастарханның сол жақ төрінде, талай жылдан бері көрмеген Шәрипа жеңешем отыр екен. Марқұм Қапшан ағамның жұбайы, Баян-Өлгейдің денсаулық сақтау саласына өмірін арнаған жоғарғы білікті дәргер. Кенже ұлы Нұрбек екеуміз осыдан он қанша жыл бұрын Ақсай шағын аудандағы біздің үйде Қапшан ағамыз туралы естелік кітап дайындауға келіскен едік қой.
Өйткені, ол кісі Баян-Өлгейдің «Бірінші он жылдық» деп, аталатын Өлгей қаласындағы қазақ орта мектебін өзі директрі болып тұрған жылдары бүкіл жағынан жетілдірген ерен еңбегі бар, жасөспірімдерге жанқияр болған ұстаз еді. Одан кейін, аймақтың ең құлдыраған саласы Сауда ұйымын тәртіпке келтіріп аяғынан тұрғызған, содан кейін де бүкіл елдің үй-тұрмысы мен үсті-басын бүтіндейтін ең өнімді еңбек еткен Тұрмыстық қажет өтеу өндірісін нарықтық жүйеге бейімдеп, ел ішін түгел жұмысты болдырған еді. Социалистік бюрократия сірескен сол кезеңде талмай күресіп, елге жанкештілікпен өмірін арнаған ерекше тұлға болатын.
Өз басым, Қапшан ағамыздың өзін «Құжыры-бұлғындықпын» дейтінін білдім, отыз-қырқыншы жылдары Бұлғын халқы аяусыз репрессияға ұшырап, біз секілді аталары атылып кеткен бауырларын танып-біліп, етене жақын тартып қамқор болып жүретін жайсаң мінезді жан еді. (Отыз сегізде «эсэргу ұстау», қырықтан кейін «шыңжанға қашқан» деген оқиғаларға қатысты)
Шәрипа жеңешем, өзінен кейін отырған Сиез ағамыздың жұбайының туған әпекесі екенін білдім, бұл кісілер де ол жақта елге үлгі болған, халыққа қалтықсыз қызмет етіп, қалған өмірін Қазақ еліне, ұлтына, ұрпағына арнаған адамдар.
«Өмірзақ суретші» десе, біздің бозбала кезіміздің «серілік идеалы» ретінде елеңдеп қалатынбыз. Баян-Өлгей аймағының «Урчуудын салбар» (Көркемөнер бөлімшесі) ұйымдығын басқарған, көркем суретші, ұлттық қол өнер зертеушісі Өмекеңді алғаш көруім, ұмытылмайтын бозбала кездің естелігіндей.
Бұлғында, жетпіс екінші жылы, күн шуақ басталған көктем айында, біз мектеп сыртында күні бойы тақта теннисін ойнаушы едік. Етігіміз аппақ шаң, бет-ауызымыз ақ жағал, ерін кеберсіген, жалақпыз. Сонда, екі жағына шайқалып төгілген жып-жылтыр ұзын қара шашты, тап-таза киінген, бәтеңкесі жылтырап майланған, күлміңдеп қарайтын жас жігіт келді.
Өлгей қаласынан келді, десті. Таңданып қарап қалдық, бізбен теннис ойнай бастады, ракетканы кіндік тұсына тақап ұстап, екі жағына көз ілеспес жылдамдықпен кезек қиқаңдап доп қайтарып тұрады да, бір кезде оң қолын ылп кеткізіп көтере беріп, жарық еткізіп ұрып өтеді, ондай допты тосу қайда! Бастан асып анандай кетеді. Шақ келтірмеді, ешкім жеңе алмады.
Бір күні білсек кетіп қалған екен, біз сол алыс қалған жылды «Бұлғынға Өмірзақ теннисші келген жыл» деп, еске аламыз. Осыны, айтып тұрғанымда «Е, е, е, шын айттың!» деп, Сәулехат замандасым да елпеңдеп кетті, қайтсін қайран бала шақ көз алдына келген шығар...
Сол Өмекең, Алматыға келіп Жүргенов атындағы Көркемөнер академиясында оқытушылықпен ұзақ жыл шәкірт дайындады, сондағы жылтыр қара шашы аппақ күміске айналыпты. Менің сөзіме сол құлағын төсеп «Абай мені айтып жатыр ма?» деп, жымиды, құлағы аздап кете бастаған, бәлкім...
Моңғолда болса, үкімет тойының бура сан балуандарына салып жіберсе, әттең дейіндей қатар отырғандардан төбесі озып көрінген Досан Баймолда әрі ғалым әрі халықаралық деңгейдегі белгілі журналист. «Азаттық радиосының» эфирінен Смағұл Елубай ағамызбен қатар сөйлеген қоңыр дауысы тыңдармандардың есінде қалған диктор. Жәңе ғана, өзіне сөз берілгенде айтып тұрғанындай тоқсан жылдығы аталып жатқан Хасан Оралтай сынды өзі де кейін дәл солай еске алынуға лайықты тұлға, деп білем.
Алдағы күнде Қазақ Ұлттық Академиясындағы Тарих және этнология институтында тарихшы ғалым марқұм Зардыхан Қинаятұлына арналған ғылыми мәслихат болатынын еске салды. Бураханның ағасы, әлемдік деңгейдегі әйгілі өнертанушы марқұм Жанатхан аға туралы да естелік айтты. Ал, өз басым Досанның оқумен емес тек тума қабілетпен ғана болатын, сирек маман ядрофизик ғалымдығын жақсы көремін, өйткені элементар бөлшек, ең нәзік эфир әлемін қатты қызықтайтыным бар. Ядрофизика мәселесімен айналысатын Дубна қаласындағы Халықаралық ғылыми орталықта өмір бойы қызмет еткен марқұм Дінейхан, Қазақстанға көшіп келген Сережаттан кейінгі моңғолдан шыққан ядрофизик үш ғалымның бірі.
Содан кейінгі отырған Сағат апай, өзі Бұлғындық, өмірлік жары марқұм Дөрбетхан Моңғол елінің стандарт-экономика басқару тарихында қалған ерекше дарынды тұлға. Сөйлей алмайтындай ауыр сырқат жағдайда, Мәскеуде ғылым докторлығын қорғап, шетелден қатысқан көптеген атақты ғалымдарды тәнтті еткені туралы «Мәңгілік ғұмыр және қас-қағым сәт» атты ғажап эссенің кейіпкері.
«Сағат апай» десе, Қазақ еліне көшпен оралған адамдардың көз алдына көші-қон жылнамалары келмей қоймайды. Өйткені, соның ыстық-суғына бір кісідей күйіп, осы тарихи оқиғаны алғаш рет, күртік қарды омбылап тыңнан жол салып бастаған бірден бір әйел заты. Ол кісі осынша қазақшыл болмаса, бәлки лауазымын бәрінен артық көретін көптің бірі болса, онда Моңғолияның премьр-министрімен тікелей сөйлесетін үкіметтің Статистика комитетіндегі жоғарғы қызметінде қала берер еді ғой...
«Еркін» деген жаңа атымен көпке танымал болған шын есімі Елшін деген замандасым менің қасымда отыр еді. Кезікпегелі біраз жыл болған-ды, ішке толып қалған қыруар әңгімелерін оң құлағымның тұсынан бұрқыратып төгіп отыр. Елшіннің айтқанын түгел жазуға уақыт жетпейді, тақырыбын ғана атай кетейін: Еуразияны билеген түркі тектілерді ыдырату үшін Моңғол деген ұлтты қолдан жасаған, дейді. Баян-Өлгейді басқарған мафия керейлердің аты-жөні, өзара құпия байланыстары туралы да көп біледі екен. Айта бер, кітабыма керек деп, қоямын.
Бірақ, Еркіннің сөзінен маған ең қызығы мынау болды. Отыздан астам адам отырған ұзын үстелді шола қарап отырды да: «Бураханнан билік кеткен екен, қарашы, отырғандардың сексен пайызы Ұланқұс та жиырма пайызы ғана бұлғындық, қатыны Ардақтың саясаты жүріп тұр» деді.
Маған тиетін сөз болса да дауласпадым, өйткені Елшінді құда деп, құрметтеймін ғой, әпекелерімінің көбі Наймандарға кеткен-ді. Өзіме сөз келудің орайын тостым. Елшін Моңғолиядағы елдің бюжетін толтырушы бірден-бір ең бай өндіріс «Эрдэнэт мыс байыту кенінің» атақты инженері. Ал, Қазақстанға көшіп келгелі бері компаниялардың үйлестіруші-менеджері қызметінде жүр.
Ал, менен кейін сөз алған тағы бір замандасым Қуанышбек болса, Моңғолиядағы шетелден жоғарғы мамандық бітіргендерден танымал технолог-инженерлердің бірі. Алматыға келе сала, нарықтың қысылтаяң кезінде жеке өндіріс орынын салып, көптеген адамдарды жұмыспен қамтыған кәсіпкерге айналды. Әне, шөп те шыққан жеріне ғана шығады деген сол, дейміз.
Иә, Батай ағам өз көршісі Сәулехаттан кейін маған да сөз берді. Сәулехат әрі құдам әрі кластасым. Бураханның әкесі марқұм Сағдидан ақсақал өлеңмен жазып кеткен «Қашқын қазақ» деген кітабын оқып қатты жыладым, деді, тіпті, уанбай. Оқыңыздар, сіздер де жылайсыздар, деді. Мен таңғалып отырмын, бәлкім, өмірінде оқыған жалғыз әдеби кітабы ма, деп... Бірақ, өзі Қыр шаруашылығы институтын бітірген сирек маман. Алматыға келгелі Бесмойнақ деген жерде көп сиыр өсіріп, шаруашылығын дөңгеленткен кәнігі фермер.
Жоғарыда айттым ғой, деймін Бурахан мұндай мұрсасы өте аз, үнемі іскер қалде жүретін адамдарды дәл сағатында қалай жинап алды, деп. Уақытты бұрын алтын деуші едік қой, қазіргілер оны бирлиянт болды, деп жүрген шақта, әсіресе!
Содан, оның жауабын да таптым. Бағана, маған Еркін айтқан, гәпте екен бәрі. Бурахан негізі, Назарбаев тәсілімен жұмыс істейтін адам. Әне, анау ауқымды залының оң жағында ол кісінің қабырға бойы өте үлкен суреті ілулі тұрғаны, соның да бір дәлелі.
Былайша, айтқанда жұбайы яки ханымы Ардақты «Сен Президентсің» деп, бүкіл жүкті мойынына артып қойған ғой. Мына ұланасыр шай шақырудың да қыруар қызметін Ардақ атқарған, ал өзі мұрты қисаймай, еш шаршамай үстелдердің арасында анекдот айтып, рекламдып шауып жүр!
Әрине, мұндайда Ардақ қолындағы билікті сәтті пайдаланып, өз жерлестерін басым шақырып жіберуге қол жеткізген әрі сол құрмет бойынша бүкіл Ұланқұстықтар да дәл сағатында түгел келген.(аздап әзіл бар)
Бураханды өз басым, Бұлғын сұмында туған сәтінен бері білем ғой. (Ол өзі айтады, сен мен туралы тумай тұрғанда да білесің деп. Және, Ардақты маған Абайка алып берген деп, адам жиналған жер сайын бәлки мың бірінші рет айтуда). Енді, соның нақ шындығын жеткізудің осы жолы әбден кезі келді.
Уланбатыр қаласындағы Ұлттық Медициналық Университеттің алтыншы курсын бітіретін жылы, мен Орталық ауруханада қосымша қаржы табу үшін, медбикелердің орнына түнгі кезекшілікке шығатынмын.
Бір күні әбден түнде маған Бурахан келді, көзі алайып кеткен. «Бірінші курстағы Ардақ деген қыздан болып ұйықтай алмай қалдым, дейді үһілеп. Тағы да былай дейді, Багшин дээдте бір немемен жекпе-жекке шығам, сол Ардаққа қырындап жүр екен» деп. «А.а.а. онда, алдымен ұйқыңды қандыр!» деп, құйрығына екі есе дозамен ұйықтататын дәрі егіп қоя бердім.
Жағдайды Жанатхан ағама айттым, Бурахан дуэлге шығуы мүмкін, деп. Ол кісі, еш дыбыс шығармай бүкіл тісін көрсетіп рахаттана күліп алды да, әдемі көкшіл көлеңке шығарып тұратын оң көзін бір жалт еткізіп «келін түсіру» қамына жедел кірісіп кетті. Елде жоқ, қызыл москвиш деген жеңіл мәшинесімен ары-бері шапқылады-ай кеп. Сонымен, бірінші семестрдің демалысында Ардақ, сол кездің қыздарына арман болған түлкі жағалы сужаңа жасыл пәлтемен Түңкілдегі үлкен үйдің кенже келіні боп түскен еді...
Бурхан тағы да Жанатхан ағамыздың жанкешті кірісумен Уланбатыр қаласындағы «Гэмтэл-согогын эмнэлэг»-те (Мертігу мен туабітті кем-кеттікті емдеу орталығы) дәргерлік қызметте қалды. Моңғолардың ішінде «Бурхан эмч» деп, атаққа шығатын кезі осы. (Моңғолдар Құдайды «Бурхан» дейді, осы атының өзі оларға қатты әсер еткен.)
Әулеттеріне тұқымынан дарыған қолшеберлігі де, Бураханның сәтті оталар жасауына әсері көп болғаны анық. Туа бітті шыққан ұршықты орынына қою, қисық мойынды түзеу, жалпақ майтабанды қалпына келтіру және басқа кемшіліктерді жөндеу оталарын көптеп жасады.
Уланбатырдың бұл орталық ауруханасында Бураханның «Бурхан эмч» деген дәргерлік атағынан кейін өте танымал болатын бір себебі – оның тумысынан аратрлығы. Бір бастаса тоқтамай, шаршамай, бөгелмей, өзгеге сөз бермей сөйлейтіндігі.
Бураханның осы қабілетін моңғолдар нақты бағалаған. Өзімен бірге істейтін дәргер досы Чадраабал әңгімесін тыңдау үшін демалыс күндері үйіне әдейілеп келіп қонады екен. Сонда, шабыттанған Бурхан досы, қонаға сөйлегеннен таң саз бергенше тоқтамайтынына тәнті болған Чадраабал «Завжны булчин хэт хөгжөсөн хасаг Бурхан» (Жақ еті ерекше дамыған заржақ Бурхан) деген атақ беріп, ол атағы ел ішіне жайылып кеткен, дейді.
Чадрабал досы Бурахан Алматыға көшіп кеткен соң, сарғая сағынып көп хат жазған екен, сондай бір хаты менде сақтаулы жүр. Сөз арасында айта кетсек, ауылымыздағы бастауыш мектепте бірге оқып жүргенде класс мұғаліміміз Шондай сабақ жүргізбей, Бураханға ертегі айтқызатын-ды. Мұғалім сонда Бурайдың сөйлеу қабілетін нақты білген екен, енді ойлап отырсам.
Содан, төртінші класқа баратын жылы Бураханның үйі Уланбатырға көшіп кеткен еді. Жеті жылдан кейін менімен Медициналық университеттің дәлізінде кезікті. Маған моңғолша су-су етіп сөйлей жөнелгенде, мен: «Әй, шатымай қазақша айт!» дегенімде, тарқылдап күліп жіберіп: «Сенен басқа баян-өлгий қазағы маған былай десе, менен таяқ жейді!» дегені есімде.
Айтпақшы, Бурахан дәргерлік мамандықтың оныншы жылында өзіне ұстаз болған кеңесші-ғалым дәргер Дэмэдтің «Енді, менің орнымды сен басасың, ешқайда қозғалма!» деген өсиет-өтінішін құлағына ілмей, Денсаулық сақтау министрінің «саған жеке бөлімше ашып берейік» деген ұсынысын да керек етпей, Қазақстанға көшіп кеткенін, сол баяғы қазақшыл рух деп, қоямыз ғой.
Иә, тоқсаныншы жылдың ортасында Бурахан екеуміз Алматыда қайта кезіктік. Ол Сарханда аудандық ауруханада дәргерлік істеп жүрген кезі. Маған жаңалығын айтты: «Ақсай республикалық балалар ауруханасына, балалар ортопедіне жұмысқа алыңызшы, деп бас дәргер орыс әйелге кіріп едім, саған сол аудан да жетіп жатыр деп, көзге ілмей қойды» деді.
(Бурахан Уланбатырда жүргенде Мәсеудегі Травмотология орталығында алты айлық білім жетілдіру курсінде жүргендіктен бізден қарағанда біраз шатпыраған орысшасы бар еді) Мен: «А, онда басқа амал жасаймыз!» дедім. Ол кезде өз басым, ұлттық апталық гәзет «Ана Тілінде» журналист едім. Қалтамада, ерекше қиғаш қызыл белгілі салынған «Баспасөз қызметі» деген куәлігім бар.
Ол уақытта БАҚ-тың бағы жанып тұрған шақ. Кез келген мекемеге қандай үлкен бастық болса да кезексіз кіріп ақпарат алуға, сұхбат жасауға құқымыз бар.
Қ.Р. Денсаулық сақтау минстрлігі ол кезде Абылайхан және Әйтеке би маңында еді. Бураханды қасыма ертіп алып, орынбасар-министрге кірдік, жасы қырықтың үстінде, жылы жүзді байсалды азамат, бізді тыңдай сала: «О, бауырларым сендерге құшағымыз ашық қой! Кәне, өтініш жазып жіберіңдер!» деп, қолма-қол мәселені шеше салды. Өтінішке дәргерлік қызметке алу туралы, бұрыштама жазып, қолын қойып берді. Бұл абзал жүректі азамат Әйкен Ақанов деген кісі еді.
Ертеңінде Бурайым қуаныштан жүзі жайнап кеткен, ыржыйғанда бүкіл тісі көрініп маған келді. Бурахан әлгі бас дәргер орыс келіншекке кіріпті, хатты бергенде өңі аппақ қудай боп кетті, дейді. Сасқалақтағанда маған қолын да беріп жіберді, дейді.
Осыны айтқанда, Бурай дауысын бәсеңдетіп құлағыма сыбырлап: «Әй, Абайка, қолы бар ғой, қол емес, мақта! Ұстап едім былп ете түсті, шіркін-ай!» деп, тамсанды. Мен мырс етіп: «Әй, мына сөзіңді Ардақ пен Бисара естімесін, осымен іс бітті» дедім.
Содан, Құдай берейін десе қосқабаттап береді деген осы ғой. Ақсай балалар ауруханасынның батыс жағында бір-екі аялдамаға жетпейтін жерде үш бөлмелі там үйді біреу «Волга» мәшинеге ауысамын, депті. Ал, Бураханның астында Уланбатырдан көшпей қалған ағасы Жанатхан: «Әкем мен шешемді жаяу жүргізбе, өзің де шаршамай жүр» деп, алып берген ақ волга бар.
Уланбатырдағы Жанай ағайға дереу телефон соқтық (ол кезде сотка жоқ кез) ол кісі: «Жеңіл мәшинеге үй ауысады деген қызық екен, алданып қалмаңдар!» деп, ескертті. Бірақ, бәрі де сәтімен болып кетті, Бурай Ақсай балалар ауруханасында ортопед-дәргер, баспана-үйі дәл жанында!
Бірақ, сол баспананы Бурахан өз атына түсірем деп он жерге барып он айналып, әлгі бұрынғы жіберген жерге қайта келгенін маған жыр ғып айтты, әбден титықтапты. Содан, мен «Датқа» яки «Солдатқа» бұл жөнінде мақала жаздым «Шайтан шеңбердің шырмауында» деген, ақпаратта шу болды, әйтеу соның арқасында құжат та бітті.
О.о.о, онан кейінгі болған талай хикаяларды жазбай-ақ қояйын. Өзі тұратын «Навережная» көшесіндегі сол үйінің маңында Бурай сан түрлі экспримент жасады, төбеге, етекке, қуысқа, жарға жасырын бөлмелер салды. Жардың астына қоян өсірді, ол қоян пәлелер үйінің қабырғасын тесіп көп көжек туып, одан әрең құтылды. Тауықтың неше түріне қаншама үйшік салды, ол тауықты ұрлап жеу үшін үй маңына бұралқы иттер қаптап одан да әзер құтылды. Бау-бақша жасаймын деп, өзі де жақсы танымайтын көкөніс түрін өсіріп, саңырауқұлақ егемін деп, оны жеп улап та қала жаздады. Үйінің жанындағы ағып жатқан Ақсай өзеніне денемді шынықтыратын кісімін деп, таңертең ерте мұздай суға секіріп түсіп, екі өкпесі зертең боп өлім аузынан да әрең қалғаны тағы бар...
Дегенмен, соншама көп жанкешті тәжірибелер жемісін де берді. Бурай өз маңайындағы жертелімдерін мысықтабандап сатып ала-ала қазір ол жерде «Буракан городок» деген пайда болған, қонақүй бар, меншік дәргерхана, сауна...тағы сондайлар.
Әрине, бұл жазылғандарды шайда айтуға мұрса болмады, дедім ғой. Тек, қана сонау Алтайдың күн бетіндегі Қобда қойнауынан өз қазағын аңсап келген осы жиылып отырған бір шоғыр ағайынның алғашқы он жылдықта өте жиі аралас-құралас болғанын, екінші он жылдықта анда-санда барыс-келіспен өткенін, ал үшінші он жылдықта той-томалақ пен өлім-жітімде ғана көрісетін халге жеткенін, айттым.
Мына, төртінші он жылдық басталғанда Бурахан мен Ардақтың бәріміздің басымызды қосуға себепкер болғаны үшін Алла Тағаланың ризалығы болсын, дедім.
Айтпақшы, мына жазбамда шайға қатысқан азаматтар туралы ғана айтып, әйелдер қауымынан сөз етпедім, өйткені конкуренция болмасын дедім.
Бурахан да, маған бір маңызды нәрсесін айтпай жасырыпты, өзінің үйінің тұсындағы дөңдегі зират алқабынан өзіне арнап қабыр қаздырғанын. Сұрап едім, ол шын, Батай ағам көрген, сол жолы, Ботагөз де көрген. Көрімді нағашыларым Монайдың Болаты мен Жәрдембектің Сейілі қазған, ақшамен, деді.
Егер, жуық арада өліп жатсам, (ал, өлмей қойсам мен кінәлі емеспін ғой) онда көп адам топырламасын, аз-аздан келіп, үйдің алдына қойған темір жәшікке ақшаларын салып, үстелдегі қағазға аттарын жазып кете берсін. Сол келгендерді абыр-сабыр басылған соң жетісі, қырықы, жылдық-пылдығы демей түгел жиып, әлгі өздері қалдырған ақшасынмен мейрамханада жақсылап тамақтандырсын, менің өз ақшама сусын, қымыз, шұбат берсін, бірақ, сөз беру болмасын!
Кемпірім, келінім, бала-шаға, немерелеріме де қазірден бастап айтып жатырмын, қайта-қайта жылап басты қатырмаңдар, деп.
Ал, қабыр басына көп адам барып, топырақ салам деп күрекке таласпау үшін бес-алты адам ғана барып, мүрдемді дайын көрге қоя салатын етіп қойдым, дейді.
Көрдің үстін өте қарапайым түрде, ілезде жаба салатындай механизмді өзім қазір ойластырып жатырмын яғни жылжымалы жаба салатындай, етіп. Егер, қайткен күнде топырақ салам дейтіндер болса, қасына жүздің бөшігіне таза топырақ салып қоямын, содан ожаумен алып, бісімілла деп, үстіме екі-үш ожау салып кете берсін, дейді.
Мен болсам, бұл қабір туралы Нұрканың (ұлы Нұрдәулет) басқа бағдарламасы бар шығар, деп үндемей ойлап отырдым, оны осы жолы айтпаймын, өйткені ол өте қызық нәрсе.
Шайдан қайтар кезде, «Бурайка, мына қу дүниеге алданба!» дедім, маған баяғыдағы бозбала көзі емес, бозала боп кеткен көзімен жылы ұшырай қарап басын изеді де: «Келініме батаңды беріп кетші, Абайка!» деді. Қолымды жайып мынандай бата бердім:
Бурайға келін болған Майра балам!
Қабыл болғай өзіңе берген батам!
Ең әуелі Алладан сұрайтыным,
Ұрпақ болсын әрқашан текке тартқан!
Бәйзікірдің пайызы молдау болсын!
Өндекеңнің пайызы аздау болсын!
Шекең құда жағынан көп болса да,
Ардақ жақтан тағы да болса берсін!
Нұрка балам, екеуің жас жасаңдар!
Ақбасты ата, ақсамай әже десін!
Бәрінен де, ең қымбат дүниеде,
Жүректерің имани нұрға толсын!
Бүгінгі дастарханның құрметіне,
Бата берген, Маухара Абай атаң!
Түсініктеме: Бәйзікір, Бураханның атасы, Семей өңірінде болған Емберген деген кісінің алты ұлынан Моңғолияға бозбала кезінде қашып барып, жалғыз аман қалған әулет иесі. Өндекең – Өндірбай, Бураханның нағышы ағасы, Шекең құда – Шерияздан Бураханның құдасы келінінің әкесі)
09-05-2023
Мәдениет порталы